Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  172


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Делдал күйі

Өткен ғасырда арғы бет керейдегі төрт тайжының бірі — Жайырдың асы болып, асқа сауыр Сайқан, Қаба, Алтайдан, бұл жағы Еренқабырға, Боғдадан адам шақырылады. Аты жер жарған асқа игі жақсылар, өз елінің небір өнер иесі болған әнші-күйшілерін, атан жілік арыс азаматтарын алып келеді.


Біріне-бірі жалғанып айтылып жатқан ән, жығысып жатқан палуан, шертіліп жатқан күй ішінде жалпақ жұрттың жүрек пернесін басқан «Делдал» күйі болады.


Он саусағынан өнер тамған қарт ыбырай қолына домбырасын алысымен өзінің күй орындау өнерінің ерекшелігін танытып, бірінің артынан бірін шерте отырып, әлден уақытта белгісіз бір күйді мың түрлендіре жөнелгенде, көзінің жасы салалы сақалынан сорғалайды. Бұған отырған елдің де сай сүйегі сырқырайды. Қарт бұл күйін өзінің үлкен келіні қаза болғанда «Делдал» атты күйі екенін айтады. Әңгіме былай екен:


Ұлы Наумел жайлауға көшерде қалыңдығының сырқат қалғанын көріп, ел жайлауға барған соң көңілі орнықпай делсал жүреді. Жайын біліп келейін десе, қырық көш төр жайлаудан ойға түсу оңай болмай, күндері өте береді. Ұлының бұл халін ұғып, түсінген ыбырай, ақыры ұлын барып хабарласуға жөнелтеді.


Наумел күн жүріп, түн жүріп қайын жұртына таяғанда тобыр адамның зиратқа беттеп бара жатқанын көріп, жүрегі аласатып, ат басын тарта қалады. Жігіт ең соңында кетіп бара жатқан жалғыз адамнан жай ұғысса, жерлегелі әкетіп бара жатқан өз қалыңдығы болып шығады. Сонда Наумел төбесінен жасыл түскендей аттан құлап қалады. Ел де күйеу баланы таниды, ес жидырып топырақ салуын айтады. Көз жасын көл еткен Наумел күзде алғалы отырған қалыңдығын жерге көміп, сүлдерсіз жайлаудағы үйіне оралады. Неше күн нәр татпай, әкесінің ақылымен әрең есін жияды. Ақыры әкесі: «Ал, балам, өтер адам өтті ғой, сонда осы өлімде саған қатты батқаны қандай іс болды, айтшы?!» — дегенде, Наумел: «Маған бәрінен батқаны — зиратқа беттеп бара жатқан адамдарды көргенде, алуан түрлі оймен, делдал күйге түскенім» дейді. Әкесі Ыбырай осы бір аянышты халден тудырып, «Делдал» күйін жаратқан екен.


Күйді тыңдаған тамам жұрт: «Ойпырым-ай, нағыз өнер ғой, осындай өнерлі қолдар да кәртейіп, бір күні топырақ астында саудырап қалады-ау», — деп қимастық аңғартқан екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу