Әңгімелер ✍️
Бүркіт қағушы
Бір бай бүркітші Қоштайды қағушылыққа ертіп шығады. «дәндеп алып, мұнан кейін де жұмысынан қалдырар» деп ойлаған Қоштай бай торғыға шығып болғанша дабыл салып бірнеше рет түлкіні албаты үркітіп жібереді. Мұны көрген бай тағы бір түлкіні іздеп қуып келіп, «жатағы осы болар» деген мөлшерге келгенде:
— Жә, сен енді мына бүркітті ал да анау торғыға барып тұр, мен жібер деп айғайлағанда ғана жібер, — депті Қоштайға.
Қоштай торғыға шығып алған соң, бай түлкіні қағып шығарыпты да:
— Жібер, жібер, — деп айғайлапты.
Қоштай дауысты есіткен заман бүркітті томағасын алмастан лақтырып кеп жіберіпті. Қоштай қарға барып жығылған бүркітті қайта қолына қондырып алып, атына мінгенде бай ыза болып:
— Сал деймін, сал, томағасын тарт, — депті айғайлап. Қоштай бүркітті тағы да лақтырып жіберіп, жығылып жатқан жерінде қамшымен салып-салып кеткен екен. Әбден ыза болған бай шауып келіп:
— Ой, есуас, мынаның томағасын неге алмайсың, — депті оған кіжініп.
— Ойбүй, тақсыр-ау, томағасын алғанда мұныңның басы тоңбаушы ма еді? Оның үстіне өзін түгел шегелеп тастапсыз, — депті томағасының құймаларын көрсетіп.
Бай үндемей атына мініп жүре беріпті. Ауылға таяған бір кезде Қоштай байдың жанына қатарласа келіп:
— Байеке, ауылға барғаннан кейін мені жігіттеріңізге сабататын болсаңыз, онда қазір айтып қойыңыз, — депті.
— О, оны қайтпекші едің? — депті бай.
— Онда, — депті Қоштай, — әйтеу саған әлім жетеді. Осындай оңашада жеті атаңды жездей қақтап отырып, алдын ала сұғып алайын деп келемін.
Сонда бай еріксіз мырс ете түскен екен, Қоштайды мұнан кейін қағушылыққа ертпейтін болыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter