Аңыздар ✍️
Бегім бер (І нұсқа)
Ел аузында «Жанкент жеті рет күйреп, жеті рет көтерілген» деген сөз бар. Соның бірі Шаншар ханның ханымы Бегім-анаға қатысты айтылады.
Шаншар хан Жанкенттің әміршісі болып тұрған күндердің бірінде нөкерлерін ертіп, сейіл-серуен құрып, аң аулауға шығыпты дейді. Шаһардан ұзаңқырап шыққанда ханның есіне садақ ұштайтын егеудің сарайда қалып қойғаны түседі. Оған өкініп жататын хан ба, көзіне көрінген нөкерінің бірін «бар, жылдам алып кел» деп жұмсап жібереді.
Хан сарайына тіке шауып келген нөкердің суыт жүрісінен сарайдағылардың бірі тіксініп, бірі секем алғандай болады. Сыртқа Бегім-ана да шығады. Сонда ханымның ерекше жаралған көрік-келбетіне қайран қалған нөкер есінен танып, аттан ауып түссе керек. Содан бас көтеріп, есін жиғанша біраз уақыт өтеді. Одан кейін мән-жайды айтып, егеуді алып, ханға кешігіп жетеді.
Шаншар хан нөкерден неге кешіккенін сұраған екен, ол болған жайды бүкпесіз айтып беріпті. Сол жерде хан тарс ашуланып, аттың басын кері бұрады. Нөкерді жеті қабат зынданға тастады. Бегім-анаға сенімсіздік білдіріп, оның оң қолы мен бұрымын шорт кестіріп тастайды.
Сол кезде Бегім-ананың аузы дуалы әулие әкесі тірі еді дейді. Бұл оқиға сол кісіге жетеді де, дереу Жанкентке келеді. Әулие қарт Шаншар ханға: «Уа, Шаншар хан, шындық екеуміздің бірімізге зауал келтірсін. Мен сол шындықты білгелі келдім. Егер қызымда күнә болса, сенікі жөн. Ал, күнәсіз болса, ертеңге дейін қолы мен шашы орнына келсін де, өзің зауалын тарт!» депті де сырт айналып кетіп қалыпты.
Әулиенің қатал шарты бүкіл шаһар халқын үрейлендіреді. Ертеңінде үрейлі жұрт Бегім-ананың сарайына келсе, ақ білегі жарқырап, қолаң шашы салбырап орнында тұр дейді. Ал жазықсыз нөкер өзінен-өзі жеті қабат зынданның сыртына шығып қалған екен.
Сол жылы сары ала күз түсе Жанкент шаһарына адам ойламаған зауал келіп, улы жыландар қаптап, жұртшылық дүрліге қашуға мәжбүр болып еді дейді. Осы оқиғаны бір өнерпаз күй тіліне көшіріп, ұрпаққа аманат етіп қалдырса керек. Бегім-ана — тарихта болған адам. Сырдарияның төменгі сағасына жақын маңдағы Арал теңізінің түбегінде Бегім-ана мұнарасы /бейіті/ күні бүгінге дейін күңгірлеп тұр. Зерттеушілердің анықтауында мұнара IX-XI ғасырда салынған. Бұл кезең түрік-оғыз тайпалары шаңырағын көтерген Салжұқ мемлекетінің заманына жатады. Түрік-оғызының қынық тайпасын билеген Тұқақтың баласы Салжұқ мемлекет басына келген соң, ислам дініне мойын ұсынған. Мұның өзі Сыр бойында моншақтай тізілген қалаларын қыстап, жазға қарай желпіне көшіп жүретін тәңірілік наным-сенімдегі тайпалардың елеулі қарсылығын тудырған. Салжұқтардың 985 жылы Жент қаласын тастап, Нұрата тауына қоныс аударуы Бегім-ана аңызының астарындағы тарихи шындық сорабын аңғартады. Салжұқтың өзі осы Жент қаласында өлген. Салжұқтың ұрпағы Санжар сұлтанның /1118-1157/ тұсында қыпшақ-қимақ одағының қайы деп аталатын тайпасы Жентті қиратып, Сыр бойына тәңірілік рухтағы қалпын қайта орнықтырған.
Енді аңыз бен ақиқаттың үндестігіне қараңыз, аңыздағы Шаншар хан — өмірдегі Санжар сұлтан екені ден қойғызады. Ал аңыздағы Жанкентке қаптайтын ордалы жылан — қайы тайпасы. Өйткені монғол тілінде «қайы» деген сөз «жылан» деген мағына береді. Сондай-ақ Кіші жүздің Жетіру тайпалық бірлестігінің құрамындағы Табын руының бір бұтағы Бегім деп аталатыны да осындайда еске түседі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter