Әңгімелер ✍️
Бас көзіңді, Молдеке!
Жасымда әкем молдаға оқуға берді. Молда бадырақ көз, екі құлағы қалқиған, шоқша сақалды, түсі суық, қара қайрақтай кісі еді. Осындай зәрлі түсіне мінезі сай тым қатал адам болатын. Балалар қыбыр етсе, бұлан-талан ашуланып, ызаға булығып қалтырап кететін. Бұл кезде қолына түскен шәкіртке аяусыз дүре соғатын.
Сабақты үйде жақсы жаттап, дайындап келемін. Басқа балалардан сұраған кезде де біліп тұрамын. Бірақ ол көзін алартып, тарпа бассалардай еңкейе басып, маған жақындаған сайын зәрем ұшып, қалтырай берем. Ал қасыма келіп атымды атағанда селк ете түсемін де, біліп тұрғанымның бәрі есімнен шығып кетеді. Бір күні осылай қорқып қалтырап тұрғанымда молда маған төне:
— Кәрім, сабақты айт! — деді.
— Әліп, би, ти... — деп ежіктеп әріптерді айта бердім. Осылардан кейін бір әріп бар еді, ол есіме түссінші, кәні. Ары ойландым, бері ойландым, аузыма түспеді. Молданың көзі ежірейіп, мені жеп барады. Ашуы келіп, сақалы дірілдей бастады.
Кешіксем шапалақ бетіме сарт ете түскелі тұр. Сөйтіп жанталаса ойланып тұрғанымда қарсымда отырған бала мені құтқарғысы келгендей көзін қолымен басып қалды. Сол-ақ екен:
— Бас көзіңді, Молдеке! — деп шаңқ ете түстім.
— Не дедің, жүзі қара?! — деп молда шапалақпен жағымнан тартып жіберді де, — тұр дүреге! — деді.
...Естен тандыра соққан шыбықтан кейін орныма тәлтіректеп келіп отырғанымда, әлгі әріптің аты «жұм» екені есіме сонда барып түскені ғой.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter