23.08.2021
  290


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бай болып көргенім жоқ

Көкшетау уезіне аты шыққан Бөкейдің бес көкжалының бірі — Ескей бай Есіл бойына ұзатқан Бибі деген қызының үйіне келеді. Қыс ортасы екен. Алыстап аңсап келген әкесіне дәулетті жерге берген қызы семіз соғымның етінен асыпты дейді.



Сол ауылда Дүйсенбі дейтін тауып сөйлейтін шешен, әрі ақылды, бірақ «қара қасқа кедей» жігіт бар екен. Ескей байдың көңілін көтеріп отырсын деп, үй иесі Дүйсенбіні алдырады. Ол кезде әзілдің, әңгіменің өзегі жесір дауына, болыс сайлауына, бір рудың екінші руды кемсітіп, кекесін айтуына соқпай кетпейтін кезі екен. Гуілдесіп ерсілі-қарсылы сөзбен қағысып отырғанда, «от ауызды, орақ тілді» Ескейді Дүйсенбі әзілден ұтып, жеңіп кете беріпті. «Осал жерің осы ғой» дегендей Ескей бір айтып, екі айтып, Дүйсенбінің кедейлігін бетіне басып, дес бермесе керек.


Сөйтіп отырғанда ет те пісіп, қонақтар қолын жуған соң, қазы-қарта, жал-жая, жылы-жұмсақ толы керсенді екі жігіт әзер көтеріп әкеп, дастарханды айнала отырған қонақтардың алдына қояды.


Керсен толы семіз етті айналасы төрт-бес адам лезде қалай тауыссын? Ет түгел туралып, қонақтар да, үй иесі де қарбытып, біраз жегеннен кейін, керсенде әлі де едәуір ет қалған соң, «сен же, сен же» деп отырысыпты. Ал Дүйсенбі табаққа қолын тартына салып отырса керек. Сол мезетте манадан бері сөзден ақысы кетіп, қайтсем бір мытып қаламын деген ойда отырған Ескей көкесін араластыра сөйлеп, Дүйсенбіге:


— Қалған етті сен жей ғой, — дейді.

Дүйсенбі:


— Бұл етті менің жегенімде, жемегенімде не тұр? Неге десеңіз: жеп қойсам: «өмірі бүйірі шығып тойып көрмеген, көні кепкен кедей болған соң жалап-жұқтап, тып-типыл қылды» демексіз, ал сыпайыгершілік істеп, жемей қойсам: «таңдайына өмірі дәмді ас тимеген соң, мұндай қазы мен қартаға тісі қайдан барсын» демексің. Мен егер бай баласы болып, етті тік көтере жеп, тұздығына дейін ұрттап қойсам: «міне, жеген ауыз жесін деген осы да. Бұ да өскен бай баласы ғой, жеп қойғанын көрдің бе?» деп сүйсінер едіңіз. Ал тіпті жемей қойсам да: «паһ, паһ, қанша дегенмен, жасынан сыпа өскен бай баласы ғой, ерніне тигізсе болды, тоя қояды!» деп дәріптер едіңіз. Қызғанған пейіліңіз...» дей бергенде, Дүйсенбінің үдей түсуінен шошынған Ескей бай, мұның сөзін бөліп:


— Енді мені еріксіз жеңдің, — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу