Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  170


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Әміренің арманы

Әміре — Алтайда туып, кейінірек Еренқабырғаға көшіп келіп мекендеген. Күйші, қолөнершілікпен жан бағып, етікші, ағашшы, темірші болған. Жас ортасында әйелі қайтыс болып, жалғыз ұлынан басқасын ауру жалмап кетеді. Бұл соққы оған қатты батады. уайым-қайғы бұлты басынан айналып шықпайды. Жалғыз ұлы азамат болып қалса да, аяғын қол қысқалықтан шырмай алмайды. Өстіп жүргенде сол жалғызы да өліп, қу басы ғана қалады. Жалғызының қызығын көре алмай, одан айырылып қалғанына қатты назаланып, есінен тана жаздайды. Халық жиылып, қабір басынан қайта оралғаннан кейін, ел ішіндегі тілді, жақты адамдар Әміренің көңілін аулап жақсы сөздерін айтып оны жұбатады.


Осы кезде домбырашы Әміре, ашада ілулі домбырасын қолына алып, бір мұңлы күйді:


Ой, жалған, жалған ай!
Жалғаннан көңіл қалған ай!
Жалбарынып өткен Алламның,
Жалғызымды да алғаны-ай!
Көкірегіме шер боп байланды,
Таусылмайтын мына арман-ай!

деп күңірентіп шерте жөнелген екен. Содан бастап қалған өмірінің әр күні намазын Өтегеннен кейін қолына домбырасын алып, баласының өліміне арнаған осы «Арман» күйін шертіп өткізген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу