Аңыздар ✍️
Әйелдің күрек тісі — көркі
Жантай деген бір бай малшымен төбелесіп, сол төбелесте бір күрек тісі сынады.
Жалшы:
— Сенен шығамын, — деп ақысын сұрайды.
Бай:
— Тісімді сыңдырдың, соның төлеуі үшін алдым, — деп ақысын бермейді. Екеуі Қазыбек келеді.
Жантай тұрып:
— Мынау менің жалшым еді. Өзіммен төбелесіп бір күрек тісімді сындырды. Бұның құнын сұрасам, бермейді. Жалға жүрген ақымды бер деп жүр, — дейді.
Сонда жалшы тұрып:
— Мен жалға жүрдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Бұл асына жарытпады,
Мен күшіме жарытпадым,
Содан барып төбелес туды,
Жазым болып күрек тісі сынды.
Байдың аты бай емес пе?
Ақымды бермейді, үйінен қуады. Би ата, әділдігіңізге жүгінгелі келдім, — деп сөзін аяқтапты. Бұл дауға Қазыбек мынадай билік айтыпты:
— «Ас — адамның арқауы» еді. Жантай асқа жарытпаған соң, жалшыға күш қайдан дарысын. «Аш кісі — ұрысқақ» деген, төбелестің шығуына өзің себепті болғансың. Сондықтан мынаның ақысын бер. Күрек тісің — құнсыз, еркектің ет жейтін азуы аман болса, бір күрек тістен келер кемшілік жоқ. Ал әйелдің күрек тісі — әрі көркі, әрі жіп қиятын қаруы, — депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter