Әңгімелер ✍️
Ахметханның айтқандары
Ахметханға бірде жылтыр жүзді жылмақай жігіт кездесе кетеді.
— Оу, сізді мен баяғыдан білемін ғой. Сіздің сөз саптасыңыз басқалардан бөлек қой. Сіз, иә, «Есім серіні» жаздыңыз ғой. Ой, сондағы тіл-ай! Иә, сіз сосын «Сұлушашты» бір көсілттіңіз-ау, ай, сондағы уақиға-ай! Басқаларды қойшы, сіздің жөніңіз басқа ғой. Келешек ұрпақ сізге талай оралады әлі.
Ахметхан үндемеді. Әлгі әумесер жігіт арағын ішіп, тамағын жеп, қарқылдай күліп жөніне кетті.
— Баяғыдан бері нағыз өтірікшіні таба алмай жүр едім. Құдай қайдан айдап осы үйде кездесе кеткенін көрмейсің бе? Әлгінің қылтиып тұрған мұрты да жалған, бұлтиып тұрған ұрты да жалған. Қау шөптей қаба сақалы да жалған. Алабажақ киімі де жалған. Жүргені де жалған, күлгені де жалған. Сөзі қырық құрақ бояма. Нұрханның, Сәбиттің жазғандарын маған жапсырып жатыр. Жаратылыс жалған адам осындай болады, —
дейді Ахметхан.
— Ондайды шіңгірлеген шипақ құйрық ешкі деп те, тұрағы жоқ әсіреқызыл қызтеке деп те атайды, — дейді тағы да.
***
Ахметхан бір топта отырып, қасындағы құрдасының дауысын салып, соның сөздерін айтып, жүріс-тұрысын, қолымен ойнатып, тыңдаушылардың көз алдына келтіреді. Сонда құрдасы күлкісін тия алмай, езуін жия алмай:
— Япыр-ай, бұл дүниеде мұндай мылжың, мұндай ұшқалақ адам да болады екен-ау, — депті.
***
Сексеннен асқан Ахметханға кейінгі кезде ұмытшақтық пайда болыпты. Бір күні ол чемоданның кілтін таба алмай, ескі әбдірені азаннан кешке дейін айналдырса, кілті төс қалтасынан шығыпты.
Бірде Ахметхан оңтүстік жаққа курортқа барса, күн тым жылы екен. «Ауыр болды» деп жылы киімдерін қайтадан үйіне салып жібереді. Енді қайтатын болып, поезға мінейін десе билеті жоқ болып шығады, қайтадан сатып алуға мәжбүр болады. Аулына келіп костюмінің қалтасын қараса, қайтатын билеті соның ішінен шығыпты. Мұны естігендер:
— Бұл тек Ахметқанның қолынан келетін шаруа ғой, — деп күлісіпті.
***
Бір дүкеншіге Ахметхан бір зат сұрап барса, «жоқ» деп жауап береді. Ахметхан кеше ғана ол заттың түсіріліп жатқанын өз көзімен көрген екен.
— Қоймаңның түкпірін тінттірмейін десең, өзіңнің абыройыңды аштырмайын десең, қатын-балаңды аш қылмайын десең, есеп кітабыңнан шығып, бір тәулікке бұл арадан табан жалтыратпайын десең, сол затты бересің, — депті.
Сонда сатушы:
— Айналайын, Аха, айтқаныңа көнейін, айдауыңа жүрейін, сұрағаныңды берейін, өзі жалғыз зат еді, Ахаң алды демейін, — депті.
Ахаң:
— Жоқ, ол зат маған керек емес, әншейін сені сынайын деп едім, — депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter