23.08.2021
  326


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ақмоншақ ат (IV нұсқа)

Сырымның қарт атасы — Шолан батыр. Шоланды төрелер қылыштап өлтіреді. Шоланнан Дат іште қалып, дүниеге келгесін қара қазақ жиналып, төрелерменен арадағы зіл ұмытылмас үшін жас баланың атын Дат қояды. Дат атасының кегін ала алмайтын төмен, өзі тентек болып өседі.


«Ей, Дат сенің атың заманында қойған еді-ау, өсіміңе келісің лайықты емес, тек бір қоя салған ат еді-ай!» — деп, қазақтың қарттары Датты бетіне соғып жүреді.


Дат өсіп бір тәуір әйелге үйленеді, одан Сырым туады. Сырым өсіп ат арқасына мініп, ағайын аралап жүріп Байбақтының Сасай дейтін атасының аулына келеді. Келсе, ағайындары қаумалап ортаға алып, жылап қоя береді.


— Мына атаңа нәлет Нұралының баласы Есім сұлтан біздің бір ағайының Ақмоншақ деген жүйрік атын лауға мінемін деп ұстатып алып еді, енді бәйгеге қосып Есімнің Ақмоншағы атанып, атағын шығарып тасып жүр. Міне, биыл екі жыл болады, талай рет кісі жіберіп сұрадық, берер емес. Бүгінде құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ ал дейтінді шығарды, — дейді.


Ақмоншақты бір жесірге балайтын едік, бүтін Байбақтының атағын шығарған ат еді. Шырағым, сол атқа сен бар, саған берер, — дейді ағайындары.


— Ей, ағайын, сіздер мені Нұралыға жұмсамаңдар, ол ит маған да бермес. Берсе құп жақсы, егер бермесе, мен онан тегін қайтпаспын, бір жанжал туып кетер, — дейді Сырым.


Ағайындары қаумалап болмайды, ақырында Сырым баратын болады, барып Нұралы ханның өз үйіне түседі.


— Сырым, жай жүрмісің, жұмысың не? — дейді Нұралы.


— Сіздің Есім сұлтаныңыз менің бір ағайынымның атын ұстап лауға мінген екен, оған екі жыл толыпты. Мауқы басылса, сол аттың сүйегі болса да алып кетейін деп келіп едім, — дейді Сырым.


— Жарайды, олай болса Есімді шақыртып айтайын, — дейді хан.


— Есім, шырағым, мына Сырым Аққұсты сұрай келіпті, бірталай міндің ғой, енді берсейші, — дейді Нұралы баласына.


— Ағайыннан бір ат міне алмасам, мен несіне сұлтан болып жүрмін? Мен атты беремін деп алғаным жоқ, Сырымға ат керек болса, құлаққа-құлақ, тұяққа тұяқ алсын да кетсін, — дейді


Есім.


— Менің де есітейін дегенім осы сөз еді, — деп, Сырым табалдырықтан сыр еткізіп, үйден шыға жөнеледі.


Нұралы хан Сырым кеткен соң, Есімді қайта шақыртып алып:


— Шырағым, Есім, сен түсін, мына Сырым бір тайдың құнына келіп жүрген жоқ, бұл соғысқалы келіп жүр. Сен білмейсің, бұның атасы Шолан біздің бабаларымыздың қолынан жазымдалған, бұл арам соны әлі ұмытпай жүр екен, атын беру жөн болар, — дейді.


Есім Сырымның артынан кісі шаптырып: «Келіп қонақ болып, атын алып кетсін», — дейді.


— Атаңа нәлет Есімнің есігіне бір тай үшін екі барып еңкейсем-ау! Ханыңа сәлем айт, келіп қонақ болатын күнімді өзім айтармын, — деп Сырым қайырылмай кете барады. Ағайындарына келіп атты әкеліп берсе аларсыңдар, өздері әкеліп бермесе, енді сұрамаңдар деп жүріп кетеді.


Сырым аулына келіп атын тастап, Есімнің ызасынан Желмаяға мініп ханды шабуға Сарыарқаның қазағынан көмек сұрай елге сауын айтады. Сөйтіп жүргенде, елдің ақсақалдары кеңесіп, Сырымды Бақай сыншының алдынан өткізбекші болады. Сонда, екеуі кездескенде, Бақайдың Сырымның қолын ұстап тұрып айтқаны:


— Иә, Сырым бала,
Жоқтан бар болды,
Айырдан нар болды.
Көнеден дәурен озды,
Көндей қамқа тозды.
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды,
Боздан бурыл озды.
осыған тоқталмай
Жауап берші, шырағым, —


дейді. Сонда Сырым батыр:


— Иә, Бақай ата! Жоқтан бар болса,
Құдайдың құдіреті болар.
Айырдан нар болса, атасы үлек болар.
Көнеден дәурен озса, күтімі кем болар,
Көндей қамқа тозса, киюі салақ болар.
Атадан ұл озса, еркіндігі болар,
Анадан қыз озса, шіркіндігі болар.
Боздан бурыл озса, жүйріктігі болар, —


депті.


— Ей, Сырым, әкең Дат төмен, тентек, шылғауын асына малып ішетін еді. Шешең Қараторы қайратты, күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандыратын еді. Сен шешеңе тартып туған екенсің-ау, балам! — дейді Бақай сыншы.


— Иә, Бақай ата, әкем Дат тентек болса болған болар, шешем күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қонақ етіп аттандырса, «қырықтың бірі қыдыр» деген онда мен қыдырдан жаралған болармын.


Өзін өзі езген ит,
Өзен бойын кезген ит,
Өзі болған жігіттің
Түп атасын қазған ит, — деп еді, —


депті Сырым. Сонда Бақай сыншы сөзден жеңіліп, батырды үйіне қонақ қып, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, батасын беріп аттандырыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу