Аңыздар ✍️
Аққу (III нұсқа)
Ажалдан қашқан Қорқыт дүниенің төрт бұрышын шарлағанда жанынан сауғаны өзінің кіндік жұрты Сырдың суынан тапқан ғой. Желмаясының жабуын су үстіне төсеп, оған жайғаса отырып алып, қара қобызын бебеулеткенде аңдыған ажал маңайына жолай алмаған.
Қорқыт қобызды тынымсыз тартқан. Ол қобыз тартқанда су ағысын тоқтатып, жел тынып, жан-жануар анталап келіп ұйып тыңдайды екен.
Бірде Қорқыт әдеттегідей күй сазын сарнатып отырса, көкте ұшып бара жатқан бір топ аққу естіп, айнала ұшып, ақыры қанат бүгіпті дейді. Аққулар мұңлы күйдің дауысына елтіп, қара қобызға үн қоса бірге сұңқылдасып, Қорқытпен бірге мұңайған екен.
Көңіліндегісін күй етіп шалатын Қорқыт құстың төресі аққудың мейірімді қасиетін қобызына салады.
Ұрпақ есінде «Аққу» күйі болып сақталған күй сол еді дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter