Әңгімелер ✍️
Ақ тоқым, қос таңбалы...
Әрі ақын, әрі балуан Ахмади деген жігіт жалғыз атын жоғалтып, Бақбақтыда жиын өткізіп жатқан Қожахан болыстың ауылына келеді. Болысты баса көктеп кірген кедей ақынды жақтырмай, шаруасын сұрап білген соң:
— Атыңның белгісін өлеңмен айт, әйтпесе, үйіңе қайт! — дейді. Сонда Ахмади:
— Ақ тоқым, қос таңбалы, өзі — жирен,
Қиянкес ұры алмаса, шықпайды үйден.
Жануар жылқы болмай, адам болса,
Нәсілі бір кем емес болыс, биден.
Ақ тоқым, қос таңбалы жирен еді,
Шапаны қар жауғаннан сүрер еді.
Болдырып көп жұмыстан еті арыса,
Дорбаға қи сап берсем, күйленеді.
Жануар жылқы болмай, адам болса,
Болыс боп бір тайпа елді билер еді, —
дегенде Қожахан болыс одан арғысын айтқызбай:
— Аты жүйрік қайырады, тілі жүйрік айырады, — деген, мынаның тілі улы екен, жоғын тауып беріп қайтарыңдар, — депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter