Өлеңдер ✍️

  22.08.2021
  793


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Үш жүздің шежіресі

Қолға алып домбырамды аттанайын,
Көңілде не бар екен ақтарайын.
Жібекке меруертті қолмен тізіп,
Нақыштап сөз өрнегін тақталайын.
Халықтың қарауына берілейін,
Асқақтап артық айтып аттамайын.
Ел тыңдап, еңбегімді бағаласын,
Несіне күні бұрын мақтанайын.
Қағазға қалдырайын білгенімді,
Өнерлі ер жігіттен ауытқымайын.
Бір кезде біреу оқыр, біреу тоқыр,
Қалтама босқа бүктеп сақтамайын.
Ой өрбіп, ұшқыр қиял кетті шалқып,
Ми тербеп, құлақ тыңдап, бой да балқып.
Көз қуанып, қолға алды қағаз, қалам,
Білгенін аяр емес тіл де тартып.
Айдынды мекендеген ала үйректей,
Көңілім кейде шомып, кейде артып.
Жазуға мойындамай жүруші едім,
Көрейін көкіректің көзін аршып.
Басымнан көп өмірлер кетті өтіп,
Аз өнер білген өлең қолда барсың,
Қартаймайтын өмірді көргенім жоқ,
Атыңнан түс дер бір күн жыға шаншып.
Тұра ма ер жігітке кәрілік келмей,
Қалмайды жаратылысқа ешкім көнбей.
Ілгері адам бәрі де арман қылды,
Уа, шіркін, қайда барар бізге келмей.
Елуге келгеніңше еліресің,
Өзім де баламын деп көңіл бөлмей.
Алпысқа әркім келіп арандады,
Адамзат кеткен емес мұны көрмей.
Жетпіс, сексен, алдыңда тоқсан да тұр,
Мазаңды алар мең-зең қып, тербей-тербей.
Жүзге шейін көрерсің талай қызық,
Жарығың алдыңдағы тұрса сөнбей.
Балалық он бес жасар қызық-тағы,
Жігіттің екі талай ұмытпағы.
Қызыл жел жиырма бес соғып өттің,
Гауһардай жалтыраған тұнықтағы.
Отыз бес оң мен солға қол создырдың,
Батырдай дулығалы жорықтағы.
Сақталған қынабында ақ алмастай,
Тең басқан үзеңгіні қырықтағы.
Ер толар елуінде кемеліне
Халыққа әділ, үкім ұлық тағы.
Арысқа алпыс жаста түскенменен,
Бүркеген күннің көзін бұлт тағы.
Жетпісте жер таянып орныңнан
Көзіңе қос көрінер жуықтағы.
Сексенде сегіз мүше жігі босап,
Торғайдай үрпиесің суықтағы.
Тоқсанда барлық денең тобықтай боп,
Құлындай шұрқырайсың құдықтағы.
Жеткенше сонау жүзге кім бар, кім жоқ,
Діңкеңді өстіп дүние құрытпағы.
Жігітке қисық қылық мінменен тең,
Жараспас жас бойына сынменен тең.
Күлдіргіш ойын құс та тәуір жігіт
Көңілдің бақшасында гүлменен тең.
Қолы сараң надан бар, көңілі қарау,
Қараңғы ақ жүрегі түнменен тең.
Сасқан жерде ойланып тапқан ақыл,
Заты жалған болса да, шынменен тең.
Әзіліңе жарасқан жақсы жолдас
Тараған кіндігіңнен ұлменен тең.
Жақсы атадан жарымес бала туса,
Қайғылы, қасіретті сұмменен тең.
Қалжың, ойын, сықақты көтерген ер
Терісі жуан елі пілменен тең.
Біреуден пайдаланған ақыл-ғылым,
Жаңбырмен араласқан нұрменен тең.
Бозбала, құлағың сал, біздің сөзге,
Тыңдасаң, аз мәселе айтам сізге.
Тіршілік ғұмырыңызға душар болдым,
Майдан ғып базар құрған кезіңізге.
Әрқайсың, сөзім тисе, шамданарсыз,
Мінезін тау[ып] айтса, таң қаларсыз.
Он бес пен он алтыға келген шақта,
Баршаңыз жігіттікке сайланарсыз.
Біреуің біреуіңнен үлкен болсаң,
Мен де сондай болсам деп ойланарсыз.
Көңіліңде таудай талап болса-дағы
Ақыл, білім болмаса не қыларсыз.
Жігіттің дәл жиырма жасы дейміз,
Ақылға, ойға зерек басы дейміз.
Мінез, білім, сабырлық, ұят, әдеп,
Табылса бір жігіттен осы дейміз.
Ғақылың бойыңменен өссін бірдей,
Ажарың жылы, жұмсақ тисін гүлдей.
Жауабын тістеп, шығып тартқаныңда,
Жақыннан біреу білсін, басқа білмей.
Жүзіңді төмен үйрет жоғары аспа,
Ер жігіт, жамандықтың жолын баспа.
Мінезің күнде көрсе көрмегендей,
Табылсын әмма құмар құрбыласқа.
Есіктен кіріп келсең, әдеппен тұр,
Өз орның табылғанша төрге аспа.
Бойыңа мін тағылар, абзал құрбым,
Жаманмен құрбы ғой деп ақылдаспа.
Киім ки, сипаттанып бойға шақтап,
Білім ұқ, ақылменен ойға шаптап.
Көзіңе көрінгенмен еріп кетсең,
Ойлаусыз жоғаларсыз қалбалақтап.
Елірме елпелектеп, есіңмен бол,
Басыңды бұлдандырса, біреу мақтап.
Өзімді мынау асып жеңді деме,
Бір ақымақ көп ішінде тұрса боқтап.
Халыққа басың бұлды, сыйлы болсаң,
Кегіңді жұрт әперер ісіңді ақтап.
Ағайын, аймағыңмен әрбір іске,
Отырсын тез көрмесе орның жоқтап.
Арымақ семіз—сұқтан, ұры—ардан,
Жаманның ләззатсыз сөзі дардан.
Ежелден ел аузында аталы сөз:
«Болғанда іні—тастан, аға—бордан».
Тең басып үзеңгісін, ту ұстаса,
Саналы сабаз осы елге қорған.
Ел бола емешегі елбіреген,
Ел безер тәкапарлы көңлі зордан.
Халық үшін қасқайса атқан оққа,
Жау алар ел батыры садақ жонған.
Сырты берік, іші кең—адал досың
Дұшпанға шалдырмайды сырттан шолған.
Ақылдасқан азбайды ауыз бірлік,
Құт орнаған кең есік болса ордан.
Ел—қазына, кеңпейіл кетпес дәулет
Сабасын сапыртады балға толған.
Деуші еді: «ел өсірген ер дарахат»
Сайрауға саясына бұлбұл қонған.
Айтпай біліп, ауыртпай тілсе, досың
Онымен өткен өмір емес арман.
Жаманның көңілі аспанда, басы жерде,
Өзінен басқа жан жоқ барлық елде.
Асқақ көңіл сыйымсыз, артық мінез,
Осындай болады екен қайбір пенде.
Сөдегей сопа басы, өнер, ой жоқ,
Саңлаусыз өрекпиді кейбір кеуде.
Өмірдің өрісіне ілесе алмас,
Сыйласқан бір адам жоқ құрбы-теңде.
Ойда тұрып созады кеңірдегін,
Бір құрбысы қуанып тұрса белде.
Сөреде тұлпар озып тұлданғанда,
Шобыр шауып, қиналар биік өрге.
Үйрек ұшып, қаз қонса сахараға
Шырылдап шақырады бақа көлде.
Көк шалған көкірегі жамандарға,
Айтқан ақыл кетеді ұшып желге.
Білгенге ақыл, білмеске кетті зая,
Ішінде бар шығармыз сіз де, мен де.
Болғанда ауру—албырт, жоқ—далбаса,
Ауру қор қылады ем қонбаса.
Ер жігіт ешнәрсеге мұқтаж болмас,
Сегіз мүше біреуі кем болмаса.
Түзі—бай, үйі—кедей кей жігіттің
Сүйіп алған қосағы тең болмаса.
Тұғырда қыран түлеп тоят алмас,
Сақтаулы саясында жем болмаса.
Белсеніп белге семсер байлағанмен,
Ерге сауыт жараспас жең болмаса.
Жалғыз жігіт халыққа қазы болмас,
Ердің аты шыға ма ел болмаса.
Алатау бойын көкке безегенмен,
Баурайы жараса ма бел болмаса.
Арнадан түзу аққан мән шыға ма,
Толқыған айналасы көл болмаса.
Халыққа ақ орданың қайыры не,
Кірер есік, тоқтайтын төр болмаса.
Ту желбіреп, тұлдаған тұлпар мініп,
Ішінде ел қорғайтын ер болмаса.
Туған ел тұлғасына көңілім шат,
Берейін біраз сөйлеп ең болмаса.
Ал енді құлағың сал, ел-жұртым,
Зор байлық, құт орнаған іші-сыртың.
Халықты шағалалы көлдей қылып,
Ешкімнің сұрамаймын ру, ұлтын.
Ерікті қатардағы елім, міне,
Өмірі шат, ұстаған бақыт кілтін.
Колхоз, совхоз, қаламда айырма жоқ,
Сайрандап аралаймын біртін-біртін.
Балды бармақ бәйбіше, қарт, қария,
Жарасқан қыз-бозбала қызыл қыршын.
Достасып, құшақтасып, қол ұстасып,
Түрлі елдің баласымен бірге жүрсін.
Қайырлы халқың үшін еңбек істе,
Абырой, атағыңды әлем білсін.
Қолға алып домбырасын Жамбыл, Абай,
Жыр жырлап, қандырыпты құлақ құрышын.
Үш жүздің тірлікпенен дәмін таттым,
Аралап қызығына әбден баттым.
Ел дәулеті еріксіз еркелетті,
Алдында ел бастаған азаматтың.
Жыр жырлап, әнге салып ел ішінде
Алғысын алып едім жақын-жаттың.
Үш жүздің салаларын бір шолайын
Жазылған шежіресін іздеп таптым.
Жазылған ақ қағаздың парасынан
Көрінер қате болса арасынан.
Орта Азия елімнің мекені бар,
Тауы көп Жетісудің даласынан.
Тауы—жеміс, ойы—егіс, қыры—киік,
Бал аққан жеті арнаның сабасынан.
Халқымның туын тіккен астанасы—
Орнаған Алатаудың сағасынан.
Еліне сай ері бар, қонысы бар,
Үш жүздің ал, сөйлейін баласынан.

Ұлы жүздің саласы
Ұлы жүз деп айтады Ақарысты,
үлкен үйдің иесі Ақарыс-ты.
Ақарыстан Түменбай, онан Кейкі,
Тілеген әуелден-ақ адал істі.
Кейкі бидің баласы Төбей екен,
Білгенің шежірені қараңызшы.
Майқы, Қоғам, Мекірейіл, Құйылдыр дер
Төбейдің төрт баласы тараңызшы.
Айтайын Майқы бидің көлемдерін,
Кім болып дүниеге келгендерін.
Бақтиярдың баласы—үйсін, ойсыл,
Тараған екеуінен көп елдерін.
Үйсіннен Ақса[қа]л мен Жансақал дер,
Мекендеп Жетіарнаның өзендерін.
Таңбамен Абақ, Тарақ атаныпты,
Арнаған талай ақын өлеңдерін.
Ақсақалдан Қараша, Шақшам екен,
Қарашадан Бәйдібек, Кемелдерің.
Бәйдібектің болыпты үш қатыны,
Айта алмаймын күндестік өнерлерін.
Жарғышақтың басына сүйек жамап,
Отаршының қарашы шеберлерін.
Халқым қалап қызықты тыңдағанда,
Орындаймын халқымның дегендерін.
Домалақ Жарғышақтың өзін тапқан,
Албан, Суан, мынау Дулат—Жарғышақтан.
Зеріптен Шапырашты, ошақты, ысты,
Қосылып төрт Дулатпен шалқып жатқан.
Сары бәйбіше болады Қалша, Жақып,
Домалақ анасының қарғысы атқан.
Көк өгізге өкпелеп Суан көшіп,
Шеттен қоныс алыпты шығыс жақтан.
Албаннан Шыбыл, Сары екі бала,
Дулат, міне, сондағы нұрға батқан.
Үш таңбалы төрт Дулат ұраны бір,
Қарасай енші алыпты алтын тақтан.
Кеңпейіл кетпес дәулет қыдыр шалған,
Өрісте мал ордасы басқа толған.
Қарасай Абылайға тарту беріп,
Орданың босағасын қалап алған.
Қарасай содан кейін ұран болып,
Абақтың ортасында от боп жанған.
Қоныс іздеп қырық күн шеңгел шауып,
Өтеген батыр Байсынға неге барған?
Төле би белсеніпті үш жүзге де,
Еліне ереже айтып бопты қорған.
Сыпатай Сұраншымен қатар шығып,
Дулаттың дұшпанына қолын созған.
Қыдыр, Намаз қарсы боп Сыпатайға,
Сонда да Сыпатайдан емес озған.
Алтай, Мәмбет, Бөлтірік, Дәуітәлі,
Бір кезде ел иесі бұлар болған.
Байзақ, Құдайберлі, Батырбек, Шойбек,
Сайраған саясына бұлбұл қонған.
Бұғыбай естуімше жершіл екен,
Қараңғы қан жауса да қалың орман.
Сары менен Қасабек, ер Кебекбай,
Жиында шешендікпен топты жарған.
Саурық Андас болғанда Құртқа әулие,
Сарыбай Екей үшін еткен арман.
Құлыншақ Сүйінбаймен, Сарыбас, Майкөт,
Жырын тыңдап, құлақтың құрышы қанған.
Байсейіт ақ патшаның солдатына
Іледен бір аттатпай садақ жонған.
Ноғайбай, Құдайберген, Мәнке мен Сәт,
Тұлғалы тұрғысында болған бағлан.
Алпысбай, Қосай, Жайнап, Дүйсебай да,
Белсеніп бет бұрмаған түзу жолдан.
Байболат, Таңабай мен Жандарбектер,
Құтқарған талайларды түскен тордан.
Ыдырыс, Қыйсыбай мен Әбдіғали,
Сақтанған саналы ерлер қазған ордан.
Араб жетен болғанда Абақ Жайнақ,
Тезектен алым алып, жөнге салған.
Райымбек, Жәмеңке, Дәркембайлар
Ұзақ іздеп азаттық көзі талған.
Ыстамшал, Мұқа менен Қожбанбет би,
Қарауында сөзіне халқы нанған.
Мақсұт пен Саймасай кісі өлтіріп,
Арт жағы екеуінің емес оңған.
Жамбылға кеп орнады өшпес бақыт,
Тіліне қыдыр дарып, балға малған.
Абақтың айналасын шолып өттім,
Бар шығар аты аталмай менен қалған.
Жігіттер, қатарыңмен сыйласып өт,
Солардан да өтіпті мынау жалған.
Ал енді, Жансақалды дейді Тарақ,
Мұнан да табылады қырғи қабақ.
Қабылан бел баласы шежіреде
Саялы, саналы ерге болған дарақ.
Жансақалға ас беріп ұлы жиын,
Жанама ат қойыпты келген қонақ.
Асау аттың шоқтығын қақ айырып,
Жалайыр атаныпты осы жол-ақ.
Болыпты Қабыланнан екі бала,
Сырманақ пен тағы да дер Шуманақ.
Он екі ата Жалайыр атанады,
Осылардан шығады батыр орақ.
Сырманақтан Ахметқожа туған,
Қарадым шежіреден емес думан.
Ахметқожадан Сиыршы, Қарашапан,
Бойына Қараталдың қалай сыйған.
Енді екеуі Бәйшегір, Арықтының
Сарыесік қоныстары сонау Құйған.
Ахметқожадан төртеуін таратады,
Мен емес шежіреге жазып жиған.
Шуманақтан Қанқожа қарап тұрсам,
Қарақожа, Маңғытай жолын қусам.
Бұларды да айтайын шамам келсе,
Ұрпағы алғыс айтар қызмет қылсам.
Қанқожадан Қайшылы, Балғалы бар,
Сыпатай Ақбұйымға мойын бұрсам.
Қанқожаның баласы, міне, осылар,
Аралап ел ортасын сайран құрсам.
Қарақожадан тағы да дейді Торлақ,
Мені де отырған жоқ ешкім зорлап.
Торлақтан Алшағырды туғызады,
Орақты батыр бопты бақыт орнап.
Ақкөбік, Қаракөбік деген тажал,
Айырған осы жаудан елді қорғап.
Барақтан Көлшік туып Күшік бопты,
Күшіктен кім екенін қара аңлап.
Маңғытайдан тарайды алты Андас боп,
Бет бұрдым осыларға күшімді арнап.
Мырзаға орта жүзде таласады,
Туысы біздікі деп әлі зарлап.
Қаңлы мен Қарақалпақ бұлар қайдан
Жаңылмайды оны да қара болжап.
Төрені Төлеңгітпен қалдырмайын,
Мәулім бой жазған екен елді таңлап.
Тоқтасаң шежіренің тарауына,
Іздесең, табылады елден саңлақ.
Сиыршы, Ескелді би, Балпық, Андас,
Әулиелік, кісілік берген мал, бас.
Маңғытайдан алты Андас тарап жатыр,
Күшікті, Таз, Сүйіндік айтпай болмас.
Сиыршы Бесбет болып өскен қалай,
Тыңлаушы, құлағыңның құрышы қанбас.
Аман, Қангел, Сиыршы, Күшік, Тарақ,
Жұдырық пен Андаста дейді Сарыбас.
Мырзадан, Бейсен, Асым шықпады ма,
Қабандай өз тұсында бұлбұл қонбас.
Бақай батыр, Бәйшегір, Арықтыным,
Жалмендімен атамыз бопты жолдас.
Қалқа мен Толымбектей бақыт қонса,
Андас қатын көп алған неге сонша?
Дүйсенбі тұт бесікке бөленіпті,
Кейінгі ұрпақтары бұған нанса.
Толымбек ақ, қара боп бөлінеді,
Құттық пен Деріп салып бұлар қанша.
Қалқадан Көтенбөрте, Түрке, ордағұл,
Саурық Таймөңкеге көзін салса.
Байшығаш, Құлшығаш пен Танаш, Тілес,
Тоғызы бір қалқадан көңілге алса.
Ғалымбекті ұстаған Тілес, омар,
Мешітте кім бар екен іздеп барса.
Не көрді дүниеге келген адам,
Өтіпті солардан да мына заман.
Он екі ата Жалайыр, он үш болыс,
Жәрдем бер тіл-жағыма, ақын Қабан.
Мәулімбай осылай деп сиыныпты,
Ескелді, Балпық, Қарынбай ата-бабам.
Мәулімбайдың кей сөзін толықтырып,
Алла деп алға қарай бастым қадам.
Жалайыр кәрі шалға қылды жиын,
Қатарлап көк салаға тікті үйін.
Үш жүздің баласынан келген қонақ,
Әркімнің өзіне сай көрді сыйын.
Төрт аты Наймандардың бірдей озып,
Жалайырдың наміне болды қиын.
Қара нар, қалы кілем, бітеу құндыз,
Тайтұяқ жамбы, бәйге асыл бұйым.
Жалайыр Найман десе келмес жуық,
Балуаны белсеніп белді буып.
Үйсіннің балуанын қолына алмай,
Балуаны тағы да кетті жығып.
Аты озып, балуаны жығылған соң,
Найманнан Жалайырдың көңлі суып.
Намысын Жалайырдың жібермеді,
Артынан Бапекеңнің Бейбіт туып.
Күшікте болыс болды Тұрап, Шалбай,
Бөлекке кеткен емес ақыл салмай.
Бейбіттің билеп тұрған болыс күні
Бәйгесі Тіленшінің болды қандай.
Жиынға шақырылды екі-үш арыс,
Өңшең саңлақ егесіп қылды жарыс.
Шұбар ат алдыменен жалғыз келіп,
Бұл жолы жібермеді сыртқа намыс.
Мал мен бас қабат біткен Құттымбетке,
Тартады жақсы-жаман ата текке.
Қолымен дүниені ұстағандай,
Аты шығып, атағы кетті көпке.
Оспанның Бекмұқамбет шыққан даңқы,
Сыйлайды өз тұсында көрген халқы.
Тазабек, Тәймөңкеде Есімұрат бар,
Ешкімнен кейін емес мұның салты.
Шопабай, Толымбек те өткен назар,
Әр істі пендесіне Тәңірім жазар.
Бақ қонған Бақтыбайдай ақын қайда,
Жігітке тірлігінде болған базар.
Орнықты аталықта жігіт бопты,
Қалмақтан алып келсе олжа табар.
Албанның атын елге білдірмеген,
Ешнәрсе Кенжекеңде жоқ қой хабар.
Байқоржын, Толымбекте Досан, орман,
Досын жауға бермеді келсе қолдан.
Құдайменде, Түркеде Әбіләкім,
Би болып ыбырайым оң мен солдан.
Атақты бәйбішенің Доскесі,
Дәулеттің біліне ме ерте-кеші.
Сердалы, Саяқ шықты Саурықтан
Тарақ пен Байқоржынның қайтпай десі.
Нұралы, Құлым болыс көп ісімен,
Ерасыл, Шелбай тұрсын сонысымен.
Қамбарды айдап шықты келесінен,
Баласы Нарытбайдың болысымен.
Үмбетәлі Қамбардың Найманханы,
Ерасыл баса шығып қайтты бағы.
Есімге де болыстық болды дұрыс,
Мырзадан Найзабек те шықты тағы.
Дөненнің бел баласы—бұл кәрі шал,
Жанғұлыға есепсіз бітіпті мал.
Жалайыр жақсысынан кем болған жоқ,
Алдында шыныменен Жаманбай бар.
Елірді Мақажан да бір жыл жарым,
Мал шашып, белге түйіп беттің арын.
Әлді би болыстығын тартып алды,
Мансапқа қиса дағы жалғыз жанын.
Байшегір, Бақай батыр жарықтығым,
Жалменді туысы бір арықтының.
Мекке барып Жалменді дүние сапты,
Пенде білер өлімнің анықтығын.
Ас беріп, ат шаптырды Балтабайға,
Кешегі Жалмендідей болу қайда?
Көп малды көзі қимай, тон сүйретіп,
Өтіпті естуімше ойшыбай да.
Болыстық Әшімбекке лайық па,
Жалменді өткен екен жақсы жайда.
Алғашқы Жалмендіге бақ қонғанда,
Балпық би түсіне еніп, берген найза.
Жігіттер, мынау жалған жанған шырақ,
Қызығы қалай қымбат бізге бірақ.
Сәрсембі Бөлекпенен қатар шығып,
Кетіпті Балғалының басын құрап.
Бабайды да бір ұлық шақыртыпты,
Қазақтың әдет-ғұрпы жөнін сұрап.
Орынды жауап тауып айтқан екен,
Ояз да үндемепті көңілі ұнап.
Бөлектің аты елге болды машық,
Бәйтерек жете алмады малын шашып.
Шамасы Жапарқұлдың келмей қалды,
Бірер жыл Қожақанмен қарсыласып.
Бақ айналып басына Қожақанның,
Барады қатарынан өнері асып.
Қол созып жас болғанмен Жалмендіге,
Дұшпанын ерегескен жүрді басып.
Жиренше шешен екен қара тілге,
Сыпатай, Тоқтамыс та өсті бірге.
Он екі ата Жалайыр жақсыларын
Өлеңменен көрсеттім неше түрге.
Ер өсер елдің шаттық аманында,
Біле білсе адалын, арамын да.
Күшік сүттей ұйыды тату болып,
Адамның кешегі өткен заманында.
Маматай болыс болған, бұрын Қараш,
Сасыққа Шәлімбекпен болдық талас.
Адамға арқа сүйеп қалың Күшік,
Қапалға енді қалай қағаз салмас.
Есмұрат, исабек пен Арықбай-ды,
Жақсы адам істің түбін парықтайды.
Әжіге екі барып келсе дағы,
Есімбек дау даулаудан жалықпайды.
Асылбек қағаздасқан елді жеңіп,
Шармаққа қырғыз неге тұрды көніп.
Адамның артын ала Құсайынға,
Халық тұрды қызғыш құстай төніп.
Тілеужанның Жақыбы сөйлегенде,
Ешмұқамбет не десе де тұрды сеніп.
Тіршілікті тербеткен көп жақсылар,
Осының бәрі дағы кетіпті өліп.
Рас па, өтірік пе бұл оқиға,
Мәулімбай жазған екен көзбен көріп.
Ас берді Сүндетбайға қалғандары,
Бас қосты Абақ, Тарақ бағландары.
Артық ел аса жұрттың баласынан,
Келіпті Қапалдың да Наймандары.
Санабай Құраманың баласымен,
Жыр жырлап, қарсы алыпты абзалдары.
Қадалған қара сүлік қалқа болып,
Ел мақтап, өтірік пе алғандары.
Үш жүздің баласының басын қосқан,
Солардың да бар ма екен армандары!?

Орта жүздің саласы
Жанарыс орта жүздің аймақтары,
Ел билеп, ереже айтқан саңлақтары.
Қыпшақ, Қоңырат болғанда, Керей, уақ,
Арғын, Найман—осы алтау тармақтары.
Ақын, әнші, балуан, батыр, шешен,
Үлгі алған көрші қонған жан-жақтары.
Ту ұстап, тұлға болған сан ғасырға
Қор құйған сом алтындай салмақтары.
Ақ тулы Қабанбай мен ер Бөгенбай,
Үріккен Құбажонның қалмақтары.
Алшынбай, Сәдірменен билік айтып,
Қалыпты Құбажонда ойнақтары.
Жамантай, Құсбек, Сарытай, Көкжал Барақ,
Тимеген еш дұшпанның саңлақтары.
Ақтайлақ би, Құнанбай, Тәнеке, Маман,
Көп елге азық болған әруақтары.
Дулат, Сабыр, Тәттімбет, ақын Түбек,
Балқыған күй айналып бармақтары.
Орынбай мен Кеншімбай, Кемпірбай, Шөже,
Өтіпті елдің ерке ардақтары.
Әріп, Абай, сал Біржан, ақын Сара,
Елімнің айна болған қаймақтары.
Қуандық, ырысжан мен Әсет анау,
Асыл сөз, сұлу әннің ырғақтары.
Жанарыстан Ақтамқожа тыңла бір-ақ,
Баласы—Ақжол сопы қойсаң құлақ.
Ақжол сопының болыпты төрт баласы,
Тарақты, Арғын менен Керей, уақ.
Арғыннан ақын Қадан шежіреде
Баласы—Дайырқожа бұған сұрақ.
Дайырқожадан Сүйіндік, Қарақожа,
Жүргіздім бұл туралы талай сынақ.
Қарақожадан Мейрам сопы, Бәсентиін,
Қара сопы, Кенже сопы дәлел шын-ақ.
Сүйіндіктен Шәржетім, Шақшақ дейді,
Бәсентиіннен Әйтімбет, Бәйімбет емес жырақ.
Мейрам сопының тағы бір бес баласы,
Сарыарқа, Көкшетауды еткен тұрақ.
Қуандық, Сүйіндік пен Болатқожа,
Ерлері салдықпенен мінген тұрақ.
Бегендік, Шегендіктер енді екеуін,
Ағызған Есіл, Нұра балдан бұлақ.
Атығай, Қарауыл мен Қанжығалы,
Айтуға Тобықтыны қиынырақ.
Болатқожаның баласы Ақшатүйте,
«Қаракесек» атанған неғып, шұнақ?
Майқы, Бошан, Бесқозы, үшәйбике,
Қаз дауысты Қазыбек жанған шырақ.
Тағы да Жанарыстан Момынқожа,
Өнерге талаптандым қолды соза.
Момынқожадан Ақсопы саспа, тілім,
Шын айтпасаң, саған да үлкен жаза.
Ақсопыдан туыпты өкіреш, Найман,
Атағанға әруақ та болмас наза.
Сармырза жалғыз екен Найман шалдан,
Дәмі бітіп, ертерек болды қаза.
Жезетек жесір қалып желек асты,
Найман шал балалардан болды жаза.
Арғын өсіп, алты ауыл атаныпты,
Найманнан көппіз дейді, содан оза.
Сексеннің сегізіне Найман келді,
Аңлып жүрді атасы сиген жерді.
«Әлде болса, бір бала береді» деп,
Малын матап, бір қызды алып берді.
Найман шал қалған күшін қызға жұмсап,
Даусы шығып, сондықтан өкіреш дер-ді.
Содан соң сол анамыз жүкті болып,
Жезетек атасынан бір ұл көрді.
Есмырза ол балаға ат қойғызып,
Ержеткен соң «ерім» деп берді төрді.
Сүгірші, Шуақ туып Жезетектен,
Есмырзаның екеуі соңына ерді.
Сүгіршіден Құрманай, Қытай ғана,
Ерге шықты Есмырзаны тапқан ана.
Қытайдың бел баласы Төлегетай,
Шындығын көрсетейін жаппай жала.
Қызананы әперді Есмырзаға,
Келбұғы, Кетбұғымен туды жана.
Жезетек Қызананы әперген соң,
Қартайдым деп үлкендік етті пана.
Алатау асқан биік, бұл бір жота-ай,
Ар жағы Қалмақ, Қызай, қалың Қытай.
Сарыжомарт, Ергенекті, Көкжарлы мен,
Мекені Жайсаң, Сауыр, Тарбағатай.
Төлегетайдың болыпты төрт баласы—
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай.
Найманның он екі ата саласы бар,
Қарадым шежіреден, емес қата-ай.
Төртуыл ең үлкені—Қаракерей,
Тараған ол кісіден ер мен егей.
Қаракерейден Ерторы, Байторы екен,
Сабыр қып, тыңдап отыр, пәлен демей.
Ерторыдан туады Мұрын, Сыбан,
Неше руға бөлінер содан бері-ей.
Байторының баласы Байыс, Байсиық,
Байжігіт пен Жанжігіт елдің көбі-ей.
Барлығы қырық төрт болыс ел болыпты,
Басқасына барады шама келмей.
Ер Қабанбай, Арқалық, Жәнібектер,
Халық үшін құрбан болған алтын кен-ей.
Нарымбай Сыбандағы болған бұрын,
Сұрдай жылтыр айырмай өтті жұбын.
Жанұзақ, Түбек пенен Ақтайлақ би,
Айтамын көп әруақтың қайсыбірін.
Яһуда қатарынан озған екен,
Мұрынға құйған екен Құдай нұрын.
Аяғы Сабырай мен ақын Әріп,
Абайға Көкбайменен келген қырын.
Садырдан үш руға бөлінеді,
Шаржетім, Тоң мен Шүйке көрінеді.
Шүйке менен Шаржетім тұра тұрсын,
Көңілім Тоңды айтуға желігеді.
Тоңнан туған Түгелбай шежіреде,
Сөйлеуге ақын неге ерінеді.
Жанатай—Түгелбайдың бел баласы,
Жанатайға Бәйгеліс еріп еді.
Бәйгелістен Алдияр, Құдияр дер,
Бұлардан Бұлан өсіп-өніп еді.
Баласы Қанқожаға мұра қалды,
Атасы ажал жетіп, өліп еді.
Бек келді дүниеге Қанқожадан,
Айнымас айтқанына берік еді.
Бектің ұлы Бөлдекке жаңа келдім,
Қай Садырдан мал басы кеміп еді.
Жақанбай сол Бөлдектің баласы екен,
Бар Садыр айтқанына көніп еді.
Қалған Садыр ас беріп Жақамбайға,
Үш жүздің азаматы келіп еді.
Шал мен Бармақ тағы да иманды екен,
Айтқанына айнымай сеніп еді.
Араб пенен Сыйқымбай көл орнатып,
Талайлар ордасына еніп еді.
Кім асты өз тұсында Базарбайдан,
Тай сойып танымасқа беріп еді.
Қашаған Құл ақынмен айтысқанда,
Құлды не деп Қашаған жеңіп ед
Матай деп аталады төрттің бірі,
Батыр, шешен бәрі бар ірі-ірі.
Аталық ер Қаптағай және Кенже,
Ашылсын жабық жатқан елдің сыры.
Үш Матай деп айтады осы үшеуін,
Жөн сілтейін көрінсін елдің түрі.
Аталықтан туады үш болат боп,
Айтуға атын атап келді қыры.
Кенжеден үмбет, Мәмбет—екеу екен,
Көрерсің ел саласын жүрсең тірі.
Қаптағайдың баласы—Жолдас, Қияс,
Қаптағай ұран болған тудың нұры.
Аталықтан Құттыболат, Сүттіболат,
Торқалы сауыт киген тоғыз қабат.
Құттыболаттың баласы—Көлбай, Тымбай
Орнатқан аталыққа сән-салтанат.
Қасаболат, Мұңайтпас, Ершиірбай,
Ермеген тірлігінде еш жаманат.
Бақ қонған шыр айналып Қанабекке,
Бұларға паналаған көп азамат.
Біреуі—үш Матайдың Кенже болар,
Баласы үмбет, Мәмбет қайда барар.
Ақсудай арналы өзен, мекені бар,
Айдынға қаз қаңқылдап, үйрек қонар.
Үмбеттен ындыш пенен Тыбыш екен,
Ішінде Жалауқарт бар іске жарар.
Мәмбеттен Шөпшіме мен Жәнебақы,
Үшінші—Темірболат, алсаң хабар.
Темірболаттан Кеңқара, Тұрсын, Сақай,
Байтілеу батыр өткен жанған панар.
Басына Жиренқасқа ат шаптырып,
Дұшпанынан досына олжа салар.
Ақ патшаның солдатын қойдай қырып,
Мүсәпір салған екен бір қансонар.
Кешегі Қашаған мен үпі қайда,
Бүгінде жан бар ма екен аузына алар.
Ыбырайым, Қапланбек, шықты Шәріп,
Арнайы көзге түсті топты жарып.
Асында Мырзақұлдың алдына алды,
Тұлпардай Сарқызылды алып барып.
Тұрбай батыр атанған бір ағасы,
Көрмеген құрбысының көңлі қалып.
Жарады үш Матайдың ортасына,
Жаралған жігіт еді қызыр шалып.
Қаптағайдың баласы—Жолдас, Қияс,
Тоқжайлау, Қарауыл, Жасық туғаны рас.
Жолдастан Есенгелді, Теке—екеу,
Текеден Көлдей, Жұмай атам, рас.
Жұмайдан Нартайлақ пен Назар екен,
Сенбесең, білгендерден барып сұрашы.
Көлдейден Құлжаман мен Есіркемес,
Құттымбет пен Қытайға создым құлаш.
Жолдастың бір баласы Есенгелді,
Өзіңнен таратайын біраз елді.
Есенгелдіден—Жалаң мен Жарылқамыс,
Таппадым, іздестіріп сізге теңді.
Жарылқамыстан—өрікбай, Сүйінбөлек,
Жәдігер сізге ақын көңіл бөлді.
Мұның бәрі Төртқара атанады,
Ақтолыс анамыздың сүтін емді.
Жалаңға да қарайын көзді салып,
Жалаңнан—Алакүшік, Асан, енді.
Батыр, шешен, саңлақтың бәрі осында,
Сауыт киіп, иығына таққан шенді.
Алакүшіктен Ақшора және Шаппа,
Сұрай келе бөлінер әрбір тапқа.
Асаннан алтау болып алшаңдаған,
Белсеніп, сөз сөйлеген талай топқа.
Үш Жақсылық—Төртсары, Ақтілес, Тасыбай,
Сарыдан Бөрібай шыққан атқан оққа.
Бөрібайдан—Қыдырәлі, Құлшан, Елшен,
Мініпті Қыдырәлі алтын таққа.
Үш қатын алған екен Қыдырәлі,
Осылардан табылар елдің нәні.
Таңсықтан Дөсет, Қосет, Ерқожа екен,
Бұларды айтпай тағы да болмас мәні.
Дөсеттен Қалқабай мен және Бартай,
Тәнеке Маманменен елдің сәні.
Үш Матайдың өркеші осы екеуі,
Қараны қақ жаратын бопты ханы.
Келейін Қалқабайдың алты ұлына,
Ту тіккен Баянжүрек алқымына.
Төріне үш Матайдың түрлі-түр боп,
Күреңбел жұпар шашқан салқынына.
Маманның құт орнаған сабасының,
Рулы ел қанбап па еді сарқынына.
Тәнеке он бес жаста билік айтып,
Қарашы, бақытының артуына.
Есімбек пен Тұрысбек балалары,
Дұшпанның жол бермеді тамтығына.
Жаяуға ат, жалаңашқа киім болып,
Қыдырдың қолы жеткен алтынына.
Онан соң болған екен батыр Сыртан,
Сауыт киіп, қолына найза тұтқан.
Алысып он бір болыс Матайменен
Түсіріп орнынан мысын құртқан.
Сексенбай, Дүбек, Артық, Шымыр, Дулат—
Бәрі де батыр бопты жүрек жұтқан.
Байкісі, Аязбай мен итжеместер
Дұшпанын, ерегессе, жерге тыққан.
Қапсалаң, Жаманбала, Саршуаш би,
Өз тұсында тістескен жауын жыққан.
Нұрламбітім, Әлімбай, Қозайыр, Былшық,
Ішінде үш Матайдың ереже ұққан.
Қаптағай батыр, Шоңай бабам, Бөрібай—
Осылардың атасы, даңқы шыққан.

Кіші жүздің саласы
Үш жүзде кімдер өтті өнегелі,
Өнер мен өрнектеген дөдегені.
Еншіні үш жүз болып үлескенде,
Ұлы жүз алған шаңырақ-керегені.
Кіші жүз батырлыққа ие болып,
Ақ алмас, өткір найза—егегені.
Ағаны—жал, ініні—құйрық қылып,
Орта жүз айтқан екен ережені.
Шақшақ Жәнібек, Тоқсан би—сөз иесі,
Қызыл тіл, қаусырма жақ—жебегені.
Қаз дауысты Қазыбек өткен екен,
Төле би бір ауыз сөз—демегені.
Кіші жүзде Әйтекеге кім таласар,
Түсінбеген айтты деп неменені.
Әбілмансұр қазаққа хан болғанда,
Үш жүзді бақ-дәулетке бөлегені.
Батыр десең Қабанбай, өтеген, Бекет,
Сілтеген жауға қарсы селебені.
Саңқайбай, ер Құнанбай Мекке барып,
Орнатқан мешіт салып терезені.
Ақын десең Абай мен Жамбыл, міні,
Болжаған болашақтың көрегені.
Құнанбайдың баласы Абай, міні,
Білімнен бұлақ ағып шенегені.
Ақындар айтылмаған толып жатыр,
Қозының қойға ереді емегені.
Тұрпаты тұлпар қандай білген жанға,
Жабының жақындатпас тебегені.
Абай, Жамбыл қазаққа азық болып,
Алтынға таусылмайтын бөлегені.
Қол артқан партияға бақытты өмір,
Өлімді тіріменен теңегені.
Бекарыс деп айтады Кіші жүзді,
Ер тағы айтпай болмас және сізді.
Арғымақтан Алау батыр, одан Алшын,
Бір барып, татқан едім нан мен тұзды.
Алшынның үш баласы—бәрі қожа,
Ақын деп халық баға берді бізді.
Қыдырқожа болады үштің бірі,
Ерімбет жазған екен, салып ізді.
Қыдырқожаның үш Сиық балалары,
Ой атайын, тербетіп ұл мен қызды.
Үшеуінің үлкені—Сұлтансиық,
Таймай басқан тұлпардай жалтыр мұзды.
Серкеш, Масқар әкесі Сұлтансиық,
Кім екенін айтуға келді қиық.
Алаша, Қызылқұрт пен Байбақты бар,
Бұлардың біреуінен бірі биік.
Бұл бесеуі болады ағайынды,
Ел қорғап, ер атанған сауыт киіп.
Қыдырсиықтан ысық пен Мысық екеу,
Үшсиық беті ашылмай қалмас тұйық.
Бақтысиық болады Алтын, Жаппас,
Тоғызы тарап жатыр судан тұнық.
Адай қыздан Таз, Беріш дейді, күңнен,
Байұлы он екі ата, соған жуық.
Айтуы шежіренің дәл осылай,
Әртүрлі болады екен мінез-құлық.
Қадірқожадан туады Қаракесек,
Бұл кісіге ұнайды, қалай десек?
Қаракесектің баласы—Әлім, Шөмен,
Бар екен Байсарыда аздап өсек.
Шөменнен Аспан, Бозғұл, Тоқа, Көнек,
Жазылмас ақ қағазға жалған жетек.
Аққожа Байсарыдан жалғыз екен,
Өсекке ұшыраған ашық етек.
Әлімнен Жаманақ пен Қарамашақ,
Ақманақ, Тоғалаққа жетпейді есеп.
Айнық пенен Ақкете—бәрі алтау,
Алты Әлім көрінеді кесек-кесек.
Сәдірқожа Тама мен дейді Табын,
Кердері, Телеу, Керейт айтсам бәрін.
Жағалбайлы, тағы да рамадан,
Сөйлейін Жетірудың барлық жағын.
Тамадан Есенгелді, Шотқара—екеу,
Өмірдің кім байқайды өткен шағын.
Табыннан—Ағым, Тоғым, Шаңқан, Бозым,
Осылардан табасың елдің бағын.
Кердеріден—Жабағы, Жамбас, Құлтай,
Басқасының таппадым ешбір бабын.
Тәуке хан «Жетіру» деп ат қойыпты,
Ол кезде жаугершілік көп боп, шабын.
Серкештен—Байбөрі мен Жаубөрілер,
Айтайын Жолберліні, ұлықсат бер.
Жаубөрі Жолберлінің әкесі екен,
Жолберліден Қалыбек, көзіңмен көр.
Қалыбектен—Тоғантай, Құрман, Сейіт,
Кішісі батыр екен Жансейіт ер.
Тоғантайдан өтеулі, Жәдігер бар,
Қойке менен Тыныман егізбен тел.
Құрмансейіттен Бәйсейіт, Жаманақ,
Қойкелді мен Байтайлақ—бірталай ел.
Кенжесі Наурызбай—бәрі бесеу,
Дулатқа батыр өткен, көңіліңді бөл.
Ер Бөрібайдан Жансейіт бата алыпты,
Берсе де қарамапты, алтын мен зер.
Қырық жігітпен Жансейіт кеткен ауып,
Батырға мақсат емес, туылған жер.
Келейін Кіші жүздің хандарына,
Ел тоқтаған ереже шалдарына.
Батыр, ақын—халықтың найза-айнасы,
Дұшпанын келтірмесе маңдарына.
Әбілқайыр орысқа құшақ жайып,
Ел бөлінді осының салдарына.
Батыр Бекет таңылып көк арбаға,
Патшалық құлақ салмай зарларына.
Босанып көк арбадан Бекет батыр
Табағын тартпап па еді алдарына.
Нияздың ту сыртынан өтін жарып,
Кек алып жетпеп пе еді арманына.
Ал енді Жәңгір менен Тәуке хан
Қараған бұларға да бірталай жан.
Он екі ата Байұлы, Әлім—алтау,
Табын мен Танаға беріпті мән.
Қаратай да хан бопты өз тұсында,
Басқасынан бұл кісі Адайға тән.
Аяғы осылардың Баймұхамбет,
Өш болған исатайға атырмай таң.
Сол елде Сырым, Бекет, Ерназарға,
Батырлар ие болған намыс, арға.
Көтібар, Есет пенен Атағазы
Орнатқан заманақыр пейлі тарға.
Жанқожа сарт, патшаға қазық қақты,
Қанағат етпеген соң қолда барға.
Махамбет пен тағы да ер исатай
Көнбеген, талқан қылып темір торға.
Шөмекей Шоқай менен Нұрбөбекке,
Халық—дария, қалқыған—бұлар кеме.
Есбол, Сапақ, Досыке ел келесі,
Ақылды көпті көрген бопты көне.
Маман мен Тілеуқабақ шабын көріп,
Тап-тақыр ел жайлаған бопты төбе.
Иесі жоқ байлықтың керегі не,
Олжа ғып үлесіпті батыр, төре.
Күндік жерден Бұқарбай көреді екен,
Қырағылық, батырлық—өткір жебе.
Байұлы, Әлім, Табын, Шоқтықтары,
Ойламаңдар, жазды деп мұны неге.
Шернияз, Әубәкір мен Балқы Базар,
Тыңлағын жырларына салған назар.
Қарасақал Ерімбет, әнші Мұхит,
Молдалық, әншілікпен қолын созар.
Шораяқтың омары, Тұрмағамбет,
Ақындары болды ма бұдан озар.
Балқы Базар бәрінен өктем екен
Әубәкір де нұсқалы көп сөз жазар.
Көп жасасаң, жасайсың бір-ақ ғасыр,
Көгеріп көркейерсің, өмір тозар.
Шамамның келгенінше шолып өттім,
Көлемі Кіші жүздің осы болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу