Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  257


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ғаяр қатын

Ертегi ертедегi кәрi күйге,
Жiбiне сабақталып отыр ине.
Бетiңнiң бедерiне жұқпалы екен,
Опалап жаға берсең, шiркiн дүние!
Ертектiң ертегiсiн құрайын да,
Шықпаса елден құрақ сұрайын да.
Дастанбай деген кiсi бай боп өткен,
Туысы Түркiстанның кiрайында.
Дейдi екен қошаметпен әркiм «Дастан»,
Түркiстан қаласынан байлығы асқан.
Қайыры қарындасқа мол кiсi екен,
Әркiмге қарайласып қажет ашқан.
Байлықпен сегiз күмет үй салдырған,
Төбесi көк қаңылтыр, көз талдырған.
Алтыннан босағасын әшекейлеп,
Iшiне асыл тартып от жандырған.
Иiсi дүние гүлдiң жұпар аңқып,
Гүл қойып неше жерден ырғалдырған.
Әр жерден жақұт ойған, күмiс шауып,
Ұжмақтың сарайындай сырландырған.
Ол үйге шығып кеттi дүние пұлы,
Қалсын деп мұра болып салған мұны.
Қалғанда егде тартып зорға көрген,
Базарқан Дастанбайдың жалғыз ұлы.
Боған соң бай баласы өзi малсақ,
Қаңбақтай Базарқанға бiттi саңлақ.
Солқылдақ жаңа жiгiт болған кезi,
Аяғын тәлтек басар шалдуарлап.
Ер жетiп есер өскен байдың ұлы
Болыпты елден таңлап қатын алмақ.
Дастанбай баласына айтады екен:
— Алсаң ал, сұлу [қатын] елден таңлап.
Сұлудан сұлу талғап қашпай малдан,
Сұлудан қызық өтпес дүние жалған.
Жалғызым елден өткен сұлу алса,
Мiнезi басылар деп шалдуардан.
Бойынша әкесiнiң лұқсаты,
Баласы айдай сұлу қатын алған.
«Иншалла, қарағымның қарызынан,
Дастанбай: құтылдым» деп айтып салған.
— Айтайын ақылымды, — дептi, — саған,
Базарқан, берi келшi, жалғыз балам!
Ие боп мұрасына тұра алмасаң,
Қорлығы замананың болар жаман.
Атаңның дәулетiнен айрылған соң,
Бола алмас бес тиындық елге бағаң.
Мүлкiңдi шашпа төгiп, күтiп ұста,
Алланың ақ өлiмi келсе маған.
Таңдайын осылай деп бiр-ақ қақты,
Аузынан көзi алаңдап көбiк ақты.
Бiр ауыз содан басқа тiлге келмей,
Ұсынып аяқ-қолын қаза тапты.
Кенеттен Базарқанның әкесi өлдi,
Әр үйге шапқылатып хабар желдi.
Жиылып елi-жұрты жаназаға,
Арулап Дастанбайды көрге көмдi.
Кезiнде қара құрттай толып тұрған,
Себебi қазасының болып тұрған.
Әкесi өлгеннен соң байдың ұлын
Қырсықтың қызығына жолықтырған.
Салынып құмарпаздық дәрткемеге,
Дәулетiн байдың шайқап урот қыған.
Дейтұғын «шашпа-төкпе» қайран әке,
Қызғыштай қор мал екен құрып тұрған.
Бiтелеп төрт асықты алады да,
Соғады дәрткеменi барады да.
Қисапсыз байдың малы түгесiлiп,
Әуейi, ақымақ боп қалады да.
«Ой, менiң ақылды екен атам!» — дедi,
Бiр ат пен бiр сиырға тақалды ендi.
«Қарайтын ел бетiне бет қалмады,
Бүркенiп үйде тыныш жатам», — дедi.
Ұтқызды ата малын дүркiн-дүркiн,
Таусылды ысырап болып дүние шiркiн!
Баяғы таңдап алған сұлу қатын
Кетпекке ұйғарады сонда бiр күн.
— Базарқан, ысырап еттiң ата малын,
Бүлдiрдiң дүниесiнiң барлық сәнiн.
Қара жер өлмегенiң болсын дағы,
Тақалдың жалғыз атқа ендi, жаным.
Болған соң байдың ұлы сүйiп едiм,
Көркiңе келгенiм жоқ, Базарқаным!
Қолында аз қажетi болмаған соң,
Басында малды едi деп не қыламын!
Алғаны болмаған соң бiр өнерлi,
Қатыны «кетемiн» деп жүре бердi.
Қатынның мiнезiне қапаланбай,
Базарқан өз алдына күледi ендi.
— Ей, соққан, сонша мәз боп ненi бiлдiң,
Қуанып қу далаға не бiтiрдiң?!
Мен бе едiм саған қырсық болып жүрген,
Санасыз, кеткенiме неге күлдiң?!
— Ей, қатын, Құдiретке таң қаламын,
Сен кетсең есiм кетiп сандаламын.
«Баласы ақыры байдың аштан өлдi»,
Дегендей болғаныма арланамын.
Төрт түлiк бiткен малдың сай күнiнде,
Емес пе ем сүп-сүйкiмдi бай күнiмде.
«Иесi шығасыға басшы» деген,
Есiме келсең едi жай күнiмде.
Мәселен «ит болдырса үрер» деген,
«Адамзат ұялғанда күлер» деген.
Күйсем күйiп, жансам да бiрге жанып,
Жалынға жаның бiрге күйер деп ем.
Кезiмде кедей боған кетем дейсiң,
Iшiм ғой, iш өткендi бiлер деп ем.
Асылық айтқаныңа күлгенiм сол,
Басымды өлген жерде сүйер деп ем.
Қатыны бейшараның ұғынады,
Дәлелiн дәл тапқан соң жығылады.
Сенiмен өлген жерде бiрге өлем деп,
Ол бетiн сол қайыра бұрылады.
— Базарқан, болмақ болсаң менiң байым,
Маған бер саған келген сөз ыңғайын.
Өзiңнен деме кетсе не қыласың,
Қу малды сен таппаған мен табайын!
Бетiме бет пердемдi салайын ба,
Шаhардың базарына барайын ба?
Мынау деп хордың қызы бiр теңге бер,
Көрiмдiк көргенiң деп алайын да.
Бередi менi көрiп әркiм теңге,
Теңгенi телегей қып табайын да.
Жан сақтау қиын болып бара жатыр,
Айтпалық сырымызды ағайынға.
— Табылған табылғанда мынау ақыл,
Бәрiнен жан сақтасақ бәрi мақұл.
Әуелi жан сақтамақ парыз деген,
Болады сен кетпесең, — дедi, — мақұл!
Сұлудың сымбаты да биiк едi,
Бұралса тал шыбық боп иiледi.
Теңiнен таза-таза асыл киiм
Аңқытып әтiр майлап киiнедi.
Лайық осы қатын қандай ерге,
Саудырлап теңге моншақ, маржан перде.
Ерiнiң ездiгiне шыдай алмай,
Барады өзi түсiп тәуекелге.
Сонда қатын секiлдi
Қоғалы көлдiң құрағы.
Бой нұсқасын қарасаң,
Бектердiң мiнген пырағы.
Екi көзiн қарасаң,
Нұрдың жанған шырағы.
Алтын шолпы, сырғасын
Көтере алмас құлағы.
Сабағындай алманың
Үзiле жаздап бұғағы.
Дәл жиырма екiге
Жетеқабыл жасы бар.
Оймақтай болған ауызы,
Қаламдай ғана қасы бар.
Жазық маңдай, бота көз,
Түймедей болған басы бар.
Сере құлаш мойылдай,
Қап-қара болған шашы бар.
Жiбектей болған тұлымы,
Пiстедей болған мұрыны.
Отыз тiсi меруерт,
Бет бiткеннiң сұлуы.
Айдай болған бетi бар,
Қардай болған етi бар.
Сондай қатын, бозбала,
Талабың болса етiп ал!
Орта бойлы дембелше,
Жорға қаздай жүрiсi,
Сылаңдай басқан сұлудың
Әтiр май сасып иiсi.
Хор қызындай жымиып,
Езу тартқан күлiсi.
Аузынан шыққан лебiздiң
Тәттiлiгi қанттай!
Екi емшектiң арасы
Құрқылтай салған мамықтай.
Базардағы халыққа
Өзiн-өзi танытпай,
Аралап өтiп барады,
Суға жүзген балықтай.
«Бұл нағылған сұлу?» деп,
Базар халқы қарады.
Қарағанда қадалып,
Екi көзi талады.
Қарсы алдынан Базарқан
Қарсыласып қалады.
Хордың қызы екен деп,
Бiр теңгенi алады.
Көрiмдiгi мынау деп,
Қолына қатын салады.
Бiр көтерiп пердесiн,
Бетiн ашып-жабады.
Базар толған халықтың
Құмарланды талабы.
Көргенiне көрiмдiк,
Бiр теңгеден санады.
Көрмеген адам қалмады,
Бермеген пенде тамамы.
Теңге салған дорбасы
Толайынан толады.
Сол базардың әммасы
Солайынан соғады.
Үйге келiп санаса,
Бар ақшаның қоғамы,
Екi жүз елу теңгенiң
Есебiнде болады.
Бередi санап-санап Базарқанға:
— Сырыңды бiлгiзбе, — деп, — ешбiр жанға!
Жалғыз ат сатылуға шақ қалды ғой,
Жоқшылық қарар емес ұят-арға.
Көркiмдi көптен берi пайдалансаң,
Себебiм тимес пе едi талай малға.
Құпия байыменен қулық жасап,
Тағы да шығып кеттi ол базарға.
Кеткенi мәлiмсiз бе қандай сырға,
Табады қандай ақыл, қандай шырға.
Аңшының тазы итiндей сылаң қағып
Бет алып келе жатыр наубайшыға.
Бөленiп үлде-бүлде жөнеледi,
Қылаптың қылуасы бөлек едi.
Дейтұғын Әмiрақын үлкен қасап,
Төрт болып екi көзi төнедi ендi.
...
*
сарт пен ноғай аралады,
Басқаның дүкенiне қарамады.
Қадалып Әмiрақын қалғаннан соң,
Соның кеп дүкенiне паналады.
— Шырайлым, көркем, сұлу қандай едiң,
Келiпсiз дүкенiме, — дедi, — менiң.
Көңiлiңнiң көксегенiн айта бергiн,
Болайын тiлегiңе, — дедi, — сенiң.
Үшүке, бар ма сенiң ерiң, — дедi,
Қонаққа келдiңiз бе, келiң? — дедi.
Қуырдақ, манты, палау, иә, самса
Жей бергiн жегенiңше тегiн, — дедi.
— Саудаға кетiп едi менiң ерiм,
Қатының бар ма, қалай, — дедi, — сенiң?
Сегiз жыл шамасында болып қалды,
Бiлмеймiн тiрi жүр ме, өлi екенiн.
Үй салып сегiз күмет кетiп едi,
Болмады берекетi берекемнiң.
Кеткелi төрт жүз теңге қарыз бопты,
Ұстаған зейнетiне мерекемнiң.
Төрiк боп ертең үйiм сатылмақшы,
Елу ғой ел құлағы елекемнiң.
Үй-мүлкiм кем баға кетедi-ау, — деп,
Күрсiндi: қорлығы-ай деп келекенiң.
— Дүние бұлбұл ұшқан көзiмiзге,
Сенбейдi сенерi жоқ сөзiмiзге.
Бiреуге не де болса тисем деймiн,
Ұқсаған түс-тұрпаты өзiңiзге.
Керiлiп кер маралдай керiледi,
Баптанып бiр сөйлеуге ерiнедi.
Көзiне әлгi сарттың әлдене боп,
Барабар хордың қызы көрiнедi.
— Қаласаң, қалқам, сенi алам, — дедi,
Қамданып керегiңдi табам, — дедi.
Әзiрлеп төрт жүз теңге кеш болғанша,
Қонаға сiздiкiне барам, — дедi.
— Бүгiндiк қаражатым болмай отыр,
Қасапқа: мұның жолы қалай, — дедi.
Қарбаңдап қалтасынан Әмiрақын,
Ақшаны жүз елу сом санайды ендi.
Шай-қант, өрiк, мейiз қоржынға сап,
Қатынға құртып жатыр талайды ендi.
Бар болса не керегi даяр қылды,
Бұл қасап не қылғанмен жарайды ендi.
Қипақтап қатын сонда болды қайтпақ,
Қасапқа болып отыр «қош-қош» айтпақ.
Болмады бас тартатын Әмiрақын,
Қу қатын аңқауланып алса байқап.
Қасаптың қолын ұстап көзiн қысты,
— Қайтпаспын айтқанымнан, — дедi, — тайсап.
Iзiнше келген күйше қайта бердi,
Базардан түс қайтқанда қудай жайқап.
Қатынды кешке қасап алмақ болды,
Басыла ел аяғы бармақ болды.
Бейшара кешке дейiн ақтабан боп,
Әркiмнен ақша iздедi қасап сорлы.
Теңгенiң бар жерiнен сұрастырып,
Ақшаны түгендейдi құрастырып.
Жуырда бұл қасапқа күн батпайды,
Үстiне киiм кидi ұнастырып.
Айнаға дүкендегi бетiн қарап,
Бипаздап сақал-мұртын сұлу тарап.
Түгендеп төрт жүз теңге дәсмиясын
Жөнiн де қалың малдың алды санап.
Бетiнiң бүркенiш боп ұятына,
Қызарып күн де кiрдi ұясына.
Қатынның қақпасынан кiрiп бармай,
Минутке қасап жазған шыдасын ба?!
Келген соң сүйген жары құмарланып,
Кiргiздi қақпасынан қатын танып.
Астынан қолтығының сүйемелдеп,
Қасапты отырғызды төрге апарып.
Жанына төрт жүз теңге жып еткiздi,
Қу қатын сандығына қойды салып.
Сұлудың сыбдыр басқан жүрiсiне
Отырды қасап жазған аң-таң қалып.
Қайнатып iшкiзедi қызыл шайды,
Ет асып жегiзедi аппақ майды.
Жегiзiп ас-тамағын әбден сыйлап,
Жатуға екi кiсi төсек жайды.
Дей көрме өте момын бұл қасапты,
«Ертерек тез жатқыз» деп мазаны апты.
Қасапты әзiл сөзге айналдырып,
«Ол-бұл» деп қу қатын да қисақтатты.
Екеуi әзiлдесiп отырғанда,
Есiктi бiреу келiп тақылдатты.
Аңысын аз кiдiрiп абайласа,
Қақпаны онан бетер қатты қақты.
«Жолаушы кеткен байың кеп тұрмын», — деп,
Сыртынан қақпаның жауап қатты.
— Құдай-ай, сорлы қылған, ендi қайттiм,
Қасапқа дедi: — Байым келiп қапты!
Кептiрдi мысымызды бүгiн, — дедi,
Күтiңiз игiлiктiң түбiн, — дедi.
Жанымыз бүгiнгiден аман қалса,
Түңiлiп кетiп жүрме, күнiм! — дедi.
— Байыңыз қышқырды ғой, үке жаным,
Дауысы ашуланған шығады анық.
Есiмнен өле-өлгенше ұмытпайын,
Осыны сездiрместей айла табың!
Ыңғайлы өзi пана жерiң болса,
Тезiрек жасырудың ойла қамын.
Кiруге қара жердiң тесiгi жоқ,
Бетiмнiң бетi құрсын, — дедi, — жабың.
Болмады қасап кiрер жер тесiгi,
Iшiнен iлгек салған сыртқы есiгi.
Құдайдан үмiткер боп сақтап жүрген,
Қатынның абажадай бар бесiгi.
Қасаптың қасақана көңiлiн жебеп,
Бесiкке жас баладай жатыр бөлеп.
Тербетiп қол тартпасын босаң тартып,
«Қақсамай ұйықташы, — дедi, — ертерек».
Бесiктiң қашап салған түбегi бар,
Түйенiң жiлiгiнен шүмегi бар.
Мәшiгiн шүмегiне дәл түсiрдi,
Азамат демейсiң жүрегi бар.
Бесiктiң бет көрпесiн жабады да,
Далаға қатын шығып барады да.
Кiргiзiп қақпасынан Базарқанды,
Кiсi боп амандасқан қалады да.
Екеуi ерлi-байлы келе жатыр,
Үйiне жолаушы боп кiрдi батыр.
Бесiкке кiрген жерден көзiн салса,
Сирағы сала құлаш шығып жатыр.
— Болды ғой мен кеткелi, — дедi, — талай,
Не сұмдық, тапқанбысың зина бала-ай!
Ойнастан бала туып алғанбысың,
Бесiкте жатқаныңның мәнi қалай?!
— Болды ғой сен кеткелi сегiз жылдай,
Ойлама жаман сұмдық, — дедi, — мұндай!
Өзiңнен екiқабат қалмап па едiм,
Есiңнен алған екен тегi Құдай!
Сондағы iште қалған осы бала,
Бекiндiм содан берi бала тумай.
Даладан кiрiсiмiз болмаған соң,
Тауыстық үйдегiнi болып жұрдай.
Тауыстық хан қызына бiткен малды,
Болған соң жетiм-жесiр малға жарлы.
Бейшара артымыздан осы балам
Мешел боп екi аяғы жүрмей қалды.
Ашылған абыройға болған қымтау,
Осы үйде не жоқ болса осы сылтау.
Өзiмнен көп iшпесе, аз iшпейдi,
Бейшара туды бiлем iштен мылқау.
Қалжаға қара қойды сойып едiм,
Етiне неше қабат тойып едiм.
Жолаушы өзiң түзде жүргеннен соң,
«Аманжол» мұның атын қойып едiм.
Ойлашы, сен кеткелi заман болды,
Бiздерге кедейшiлiк жаман болды.
Жолыңды сенiң күтiп ерге тимей,
Отырмын ермек қылып Аманжолды.
Әкесi тiрi келiп ақжолтай боп,
Мешелiң пешенелi адам болды.
Сапардан аман-есен келдiң, — дедi,
Келгенде шiлдехана көрдiң, — дедi.
Өлгенде зорға көрген нәрестең ғой,
Сандалмай көрiмдiгiн бергiн, — дедi.
Баламды байы айтады көрейiн деп,
«Көрген соң көрiмдiгiн берейiн», — деп.
Бесiктiң бетiн ашса көзiн жұмып,
Қападан қасап жатыр өлейiн деп.
— Бұл балаң алпауыттың атанындай,
Тұрмасын бiзге бәле тақалып-ай.
Бесiктен белi шықпай неткен сұмдық,
Күйектей болып жатқан сақалын-ай!
Сүйегi сом-сомынан бiткен бөлек,
Өзi де, Құдай бiлер, өте зерек.
Осы ғой нысаналы туған бала,
Сақалы туа шыққан болса керек.
Өзiнде жүз кiсiлiк бар ғой қуат,
Болды ғой, Құдай қосса, бiзге мият.
Сақалы қауғадай боп жалғыз ұлдың,
Болмасын көрген елден тiптен ұят.
Шығарып ұстарасын жалаңдатты,
«Қылам, — деп, — жас баладай мұны зият».
«Бiр жерiн кесiп алмай абайлап нет,
Жарығым осы ғой», — дер қатын қылап.
Алады ұстарасын бiлеп-бiлеп,
Ұстара қылпылдайды сақал тiлеп.
Қасаптың сақалынан мекем тұтып,
Базарқан ту құйрықша отыр күзеп.
Бақшиып екi көзi бұл қасаптың,
Жылмақтай жiгiт болды бетiн түзеп.
Ер бала Құдай қойса есен, — дедi,
Мұрындық елге болар көсем, — дедi.
Сүндетке отырғызбай әлi күнге,
Есiнен кетсе керек шешең, — дедi.
Басынан мұсылманша пiшпе болып,
Баланың жақсы болмақ төселгенi.
Есерсоқ ер жеткен соң бола берер,
Сәурiкше етiн сылып кесем, — дедi.
Қатынға сол қалай деп ақылдасты,
Бесiктi «кессең кес» деп қатын басты.
Жаман ғой жанды жерден жабысқан соң,
Орнынан сонда қасап тұра қашты.
Арқалап ағаш бесiк арқасына,
Қақпаның өзiн таппай қатты састы.
Бесiктi арқасынан лақтыра сап,
Қораның қақпасынан қарғып асты.
Салдырлап қараңғыда қалды бесiк,
Адымды кере қашты алға көсiп.
Шұп-шұнақ сақал-мұрттан дәнеме жоқ,
Ентiгiп өз үйiне келдi жетiп.
«Ұрындың не пәлеге, үке?» — дейдi,
Қасаптың өз қатыны тани кетiп.
«Қатыным, бiр қатерден құтылдым», — деп,
Жылайды сонда қасап без-без етiп.
— Сырттағы сауда малға барып едiм,
Кешiгiп сауда-саттық қалып едiм.
Ұрындым орта жолда басмашыға,
Ұқсата пайданы да тауып едiм.
Алдымнан екi ұры кез кеп қалды,
Iлбемдi үстiмдегi тонап алды.
Жанымнан төрт жүз теңге пұлым кеттi,
Тып-типыл сақал-мұртты күзеп салды.
Турайтын қару қылсам болғаннан соң,
Еркiне көне бердiм пәтшағардың.
«Жаныңның қалғанына шүкiр қыл», — деп,
Қатыны бiр тоқтысын айтып шалды.
Қасаптың қалмады ғой адам сиқы,
Қылмас па ертең мазақ жұрты күлкi.
«Пендеге көрiнбесем екен», — дейдi,
Ұялып жоқ болған соң сақал-мұрты.
Бұл қасап өзi бiлiп өз ұятын,
Ойлады өштi ғой деп қасап атым.
«Астыңғы жер үйге жасыр, — дедi,
Сақалым жеткенiнше менi, қатын!»
Кiргiзiп астыңғы үйге құлып салды,
Қасаптың өз қатыны таңға жақын.
Қасаптың пайда-шерiк болып жүрген
Дейтұғын бақалы бар Қасымақын.
Дүкенi екеуiнiң бiрге қатар,
Дейтұғын Қасымақын қауға сақал.
Дүкенде мәлiш бұйым сатушы едi,
Ертеңмен жетiп келдi осы бақал.
— Жан досым, қасапеке, — дедi, — қайда?!
Саудамыз қасат болды сарт,ноғайға.
Бүгiнгi сауда жөнiн сөйлеселiк,
Кешегi не болды екен түскен пайда?!
Қақпадан қорасына енгiзбедi,
Қатыны бажалаңдап: — Кетiң, әйда!
Үйде жоқ қасапекең, кетiң, — дептi, —
Қылғалы кеше кеткен сыртқа сауда.
Бақалды қақпасынан енгiзбедi,
Қасаптың мәнi-жайын бiлгiзбедi.
— Өзiңше пайда-бақыр қыла бер, — деп,
Iзiнше қайтыңыз, — деп жүргiздi ендi.
«Қасаптың қатыны, — деп, — бiр албасты»,
Аяғын Қасымақын жылдам басты.
«Ертерек сауда-саттық қылайын», — деп,
Дүкеннiң құлып салған кiлтiн ашты.
Қолына кiлтi менен құлпын алып,
Дүкеншi дүкенiне кiрдi барып.
Мәлiшiн қағып-сiлкiп жайып жатса,
Көзiне елес еткен түстi жарық.
Жалт етiп жарқ еткенге қарай қалса,
Барады сұлу қатын сыпсың қағып.
Қасаптың ләпкесiнен ағып өтiп,
Келедi дүкеншiге қайта оралып.
Сұлудың сылаңдаған сымбатына
Аузынан сiлекейi кеттi тамып.
Тоқтатып сөйлесуге құмарланды,
Жасаурап екi көзi бал-бұл жанып.
— Үшүке, келiң мұнда, — дедi, — қарақ,
Менде бар сiзге лайық айна-тарақ.
Әтiр май, жұпар сабын, иiстi май бар,
Алсаңыз шеттiк, ноқа бетке қадап.
Шеттейiн пұлыңыздың керегi жоқ,
Алыңыз алғаныңша, — дедi, — қалап.
Аяғын сыздай басып зорға келдi,
Шақырған дүкеншiге мен мұңдалап.
Күрсiндi басын шайқап: — Шiркiн өмiр,
Сiз қандай адамсыз, — деп, — кiшiпейiл!
Жесiрмiн сегiз жылдан бермен қарай,
Түңiлiп қалған екен ерден көңiл.
Есепке менiң байым жетiк едi,
Басында саудаменен кетiп едi.
Сол жақтан қатын алып келмедi ме,
Хат-хабар болмады-ау, — деп өкiнедi.
— Бiреудi алса дағы менен бөлек,
Бiр хабар сонан берi болса керек.
Өзiм де үмiтiмдi үзiп жүрмiн,
Сол жақта қаза жетiп өлсе керек.
Сарғайып жолаушының жолын күтпей,
Бiреуге тисем деп ем ендi ертерек.
Ескерiп есiңiзге ала жүргiн,
Көзi ашық жiгiт болса көңiлi зерек.
Өлдi ғой менiң байым сорым жеңiп,
Үй салып кетiп едi сегiз күмет.
Кеткелi төрт жүз теңге қарыз бопты,
Сатылмақ ертең үйiм болып төрiк.
Қолда жоқ болғаннан соң дүние тапшы,
Үй-мүлкiм ертең тура сатылмақшы.
Өтейтiн жiгiт болса қарызымды,
Дәл соған тиiп алсам не қылмақшы!
Дүкеншi: — Тиемiсiң, — дедi, — менге,
Көңiлiм кетiп қалды, жаным, сенге.
Бiр көрген көркiңiздiң садағасы,
Табамын табан аумай төрт жүз теңге.
— Сiзге мен сiз ұнатсаңыз тием, — дедi,
Сiз сүйсең, сiзден бетер сүйем, — дедi.
Келiскен келбетiңе сымбатыңыз,
Бола ма сiзден өткен күйеу, — дедi.
Қарбаңдап қалтасынан табан аумай,
Жанынан төрт жүз теңге түгендедi.
Ақшаны түгел санап түгел берiп,
«Сiзбенен өмiр дәурен сүрем», — дедi.
Көзбе-көз дүкеншiден санап алды,
Жымыңдап қалтасына қатын салды.
Өзi биiк қырық алтыншы нөмiр үйге,
Көрсеттi келiңiз деп жорамалды.
Кезiнде апақ-сапақ келерсiз деп,
Жөнелдi сылдыр қағып сұлу жары.
Киiнiп таза киiм дүкенiнен,
Бек жүдә Қасымақын сұлуланды.
Жүрегi аттай тулап лүпiл қағып,
Ентiгiп елегiздi одан ары.
Ас батпай жүрегiне кеш батқанша,
Күн бата салаң етiп жетiп барды.
Нөмiрiн дәл айтқан соң таппасын ба,
Тұр екен қатын тосып қақпасында.
Кiргiзiп қақпасынан iшкерiге,
Жүрегi бақалшының қақпасын ба?!
Алдына төр үйiнiң отырғызып,
Мәнiмен шайын демдеп баптасын да.
Пiсiрiп әр алуан дәмдi тағам,
Бақалды сыйламақ боп жатпасын ба.
Кешегi белгiлi ғой қылған кәсiп,
Базарқан сыртқы есiктi қақпасын ба?!
Бақалдың екi көзi адырайып,
«Пәлеңнен, — дедi, — Құдай сақтасын да!»
— Кiм, — дедi, — есiк қаққан? — тыңдай қалып,
Қақпаны сықырлатқан ашуланып.
— Жолаушы кеткен байың келiп тұрмын, — деп,
Қораның сыртынан тұр айғай салып.
— Кеп қалды менiң байым, бақал, — дедi,
Бiр пәле екеумiзге тақалды ендi!
Осыдан көрiспейтiн заман болса,
Өлiмнен қатаң болар қапаң, — дедi.
Өлелiк құшақтасып қайда өлсек те,
Осыған кел, қылалық қасам, — дедi.
Шыдасаң осы сертке жiгiт болып,
Құшақтап көз алдыңда жатам, — дедi.
Қатыны Базарқанның кешiгедi,
— Ит қатын, жылдам шық! — деп екiлендi.
Өкiнiп басын шайқап бақал жүрсе,
Қу қатын бетiн сүйiп мекiрендi.
— Көрсетпе, бетi құрсын бетпағыңның,
Бiр жерге тасала, — деп өтiнедi.
Бiр арқан босағада отын жатқан,
Бұқалап соған қарай бекiнедi.
— Келдi ғой алабөртiп мұның, — дедi,
Отынға, үке, менi тығың, — дедi.
Пәледен басымды аман құтқарсаңыз,
Құрысын төрт жүз теңге шығын, — дедi.
Бақалдың зар-иманы қалмаған соң,
— Белiңдi тәуекелге буын, — дедi.
Отынды жамылғы қып жата бергiн,
Табармын бiр айланың ығын, — дедi.
Жалма-жан етпетiнен бақал жатты,
Үстiне бар отынды қатын жапты.
— Тiл шықпай бiздiң үйден қалған ба? — деп,
Базарқан ашуланып айғай сапты.
Қу қатын өшiредi шамын үрлеп,
Далаға қарғып шығып «бұ не, кiм» деп.
Қақпаның аузын ашып Базарқанға,
Айтпайды «қораға кiр, үйге жүр» деп.
Базарқан ашуланды зiлдi, суық,
— Есiңнен болған екем сенiң ұмыт.

Жақтырмай келгенiмдi тұрсың ба? — деп,
Қатынын келе жатыр үйге қуып.
Байынан сасқалақтап қашқан болып,
Үрпиiп қатын кеттi төрге шығып.
— Үйiне жарық қылып от жақ, — дедi,
Дәл менен өлмей тұрып, — дедi, — бұзық.
— Таусылған көптен берi шамның майы,
Жағуға жоқ болып тұр отын жайы.
Бiреудi сенен ұрлап тұр дейсiң бе,
Құрысын деп көрiнедi осындайы.
— Тұр едi мен келгенде шамың жанып,
Жеткенде таусылды ма? — дедi байы.
Базарқан сiрiңкенi дiр еткiзiп,
— Қайда, — деп, — қатын, шамың? — жалаңдайды.
Жалма-жан сiрiңкенi шағады кеп,
Жап-жарық шамын жағып қарады кеп.
— Айтасың «отын жоқ» деп, анау не? — деп,
Қатынның етегiне сабады кеп.
Қамшымен тарсылдатып сабаған боп,
Отынды босағадан табады кеп.
— Қызғанған отыныңды өртейiн, — деп,
Отынды ашуланып жағады кеп.
От қойып жан-жағынан өртеген соң,
Қоңырсып киiмдерi жанады кеп.
Отынды ашуланып жағып жатыр,
Қоңырсып киiмдерi жанып жатыр.
Быжылдап сақал-мұрттан түк қалмады,
Күйбеңдеп бақал байқұс нағып жатыр?!
Жанынан жалын өтiп бара атқан соң,
Орнынан қарғып тұра қашты батыр.
Қорадан тапыр-тұпыр қуып шықты,
Адымдап сасқанынан басты батыр.
Көшемен тарсылдатып келе жатса,
Алдынан «сен кiм?» дептi қасап бақыр.
— Жүгiрген алаң-жұлаң сен кiм? — дедi,
Келе жатқан бақал айтты: — Менмiн, — дедi.
— Осынша қорыққандай, бақалеке,
Не қорлық сенiң өзiң көрдiң? — дедi.
— Мен бүгiн, қасапеке, қатын алдым,
Қатынды алмақ болып түнде бардым.
Жаңадан жатайын деп жатқанымда,
Жолаушы кеткен байы келiп қалды.
Қатынның байы келе ашуланды,
Қоярға жер таппадым шыбын жанды.
Жатуға төсегiне таш қалып ем,
Сондықтан сақалымды өртеп салды.
Қасап айтты: — Менi әм кеше құртты,
Сақал мен күзеп алған мына мұртты.
Менi ұрған Құдай сенi қоса ұрыпты,
Көруге бет қалмады осы жұртты.
Күзедi кеше менi, бүгiн сенi,
Не болды, бақалеке, мұның жөнi!
Қазыға бiлдiрейiк оқиғаны,
Қалмады мұнан басқа мұның емi.
Қасапты өз қатыны тыққан екен,
Ұялып сақалынан бұққан екен.
Күн бойы астыңғы үйде қапада боп,
Iңiрде түзге отыра шыққан екен.
Түнiмен қасап, бақал ақылдасты,
Екеуi ақылдасып мақұлдасты.
Қазыға барлық жайды бiлдiрмек боп,
Бергеннен таң қылия қадам басты.
Қазыға қасап, бақал жетiп келдi,
Есiктен қол қусырып сәлем бердi.
Халықтың әдiл қорған қазысы екен,
— Сұраңыз әдiлдiкпен бiздi, — дедi.
Қазеке, сөзiмiздi ұқшы, — дедi,
Бiр қатын ғаяр болып шықты, — дедi.
Мың сомдай екеумiздiң пұлымызды ап,
Күзедi сақал менен мұртты, — дедi.
Мынаның бар киiмiн жiбердi өртеп,
Солай қып сақалымды құртты, — дедi.
Алғызып абақтыңа салғызбасаң,
О қатын бұзады екен жұртты, — дедi.
Кездестi пәле қатын бiзге түнде,
Бұзады тыймасаңыз жұртты мүлде!
Есiмнен ұмытпасам дәл көшесi,
Өзi биiк, қырық алтыншы нөмiр үйде.
Анығын ашып айтпай жасырады,
Алдына қазекеңнiң бас ұрады.
«Алдыма залым қатын тез келсiн», — деп,
Жасауыл, шабарманын шақырады.
Өзi биiк, қырық алтыншы нөмiр үйдiң
Қатынын қуып кел деп ақырады.
Халқымда мұндай бұзық болмасын», — деп,
Аузынан ащы көбiк шашырады.
Жасауыл тұра шапқан шабармандар,
Шамдағай елiң-желiң өткiр жандар.
Нөмiрiн санап жүрiп тауып алды,
«Осы үйде болыпты, — деп, — түнде жанжал».
Қақпадан сұлу қатын шыға кептi,
Кiсiдей түк қылмаған болып аңғал.
— Үстiңнен қазы алдына арыз түстi,
Шақыртып жатыр сiздi, — дедi, — хандар.
— Өзiм де бармақ едiм қазы алдына,
Түнiмен сол кеткiзген мазамды да.
Осыдан хан алдында тентек болсам,
Өтiнiп сұрамайын жазамды да.
Шабарман осы сөзбен қатынды ертiп,
Қу қатын орамалмен бетiн желпiп.
Сылаңдап, сылдыр қағып, кербез басып,
Алдына қазекемнiң келдi-ау жетiп.
— Сұрқия, берi таман келшi, — дедi,
Кәнеки, жауабыңды бершi, — дедi.
Бақал менен қасаптың мүлкi қайда,
Бұлардың түр-әлпетiн көршi, — дедi.
— Япырым-ай, — қатын сонда, — қазы-ау, — дедi,
Қазеке, ақылыңыз аз-ау, — дедi.
Арыз қып ұялмай-ақ кеп отыр ма,
Екеуi қасап, бақал анау, — дедi.
Қазекем, қарыныңыз тоқ-ау, — дедi,
Үйiмде менiң байым жоқ-ау, — дедi.
Екеуi елден шыққан анық бұзық,
Отырған қасап, бақал сонау, — дедi.
Келмей тұр сегiз жылдай менiң байым,
Айтайын қасап, бақал ендi жайын.
«Қойныңа аласың ба, қайтесiң», — деп,
Қиқандап келушi едi түн сайын.
Байымның үйде жоғын бiлушi едi,
Қиқандап осы екеуi жүрушi едi.
Кей күнi әзiлдесiп қалушы едi,
Кей күнi мәз-мейрам боп күлушi едi.
Жатқалы өткен түнi отыр едiм,
Сып етiп қасап, бақал жетiп келдi.
«Өзiңе көптен ғашық, ынтықпыз», — деп,
Екеуi ұялмастан «бергiн» дедi.
Жүзiқара, бетi құрғыр шiмiрiкпей,
«Зорламай өз бетiңмен көнгiн», — дедi.
«Ұят жоқ ұлы сөзде» осы жөндi,
Үстiме екеуi де келiп төндi.
Хайуанның қатарында екi доңыз,
Шынымен зорламақшы болды менi.
Айтып ем қорыққаннан соң «алайын» деп,
— Төсектi әдемiлеп салайын, — деп.
Бiреуiң жат, бiреуiң үйiңе қайт,
Ығыңды өзiм бiлiп табайын, — деп.
Төсекке қасап айтты: — Мен жатам, — деп,
Бақал: — Алдыменен мен басам, — деп.
Даурығып түн iшiнде бақал, қасап,
Төсекке екеуi де таласты кеп.
Төсекке бақал келiп жатып алды,
Сақалын мына қасап жiбердi өртеп.
Қасапты ана бақал жығып алды,
Бас салып сақал-мұртын күзеп салды.
Жүр едi таң атқанша жағаласып,
Жоқ болып таңға жақын кетiп қалды.
Бiлмеймiн бұдан басқа ештеменi,
Екеуiн сайтан түртiп жаным қалды.
Түксиiп Нүсiп қазы ашуланды,
Шақырып жендеттерiн жиып алды.
Байғұсты қасап, бақал жалаңаштап,
Көтiне қырық шыбық дүре салды.
Алдында қазекемнiң құстай сайрап,
Түрлендi сонда қатын гүлдей жайнап.
«Әтказ, — деп, — сенiң iсiң, қасап, бақал»,
Қазекем дүре соғып жiбердi айдап.
Жүрегi қазекемнiң алып-ұшып,
Сұлуға қырындады көзiн қысып.
— Қатыным жақында өлiп қалып едi,
Сонда да кетiңiз, — деп, — шай-пай iшiп.
Сұлуды үй жағына ертiп барды,
Әр түрлi қиял ойлап қазы Нүсiп.
— Үй-мүлкiм азып-тозып кетпес едi,
Бiр қатын жiбi түзу болса пысық.
Сұлуды ертiп барып өз үйiне,
— Үй-мүлкiм аңырап тұр бұл дүние.
Шырағым, жiбiң түзу көрiнедi,
Болыңыз, менi сүйсең, бұған ие.
— Қазеке, үй-тұрмысың жарайды екен,
Өзiңе күллi жұрт та қарайды екен.
Аузыңнан әдiлеттi сөздi естiп,
Алдыңнан топ-топ болып тарайды екен.
Тиермiн байға тисем ендi сiзге,
Ешкiмнiң керегi жоқ сiзден бөтен!
Қазеке, сiздiң үйден он есе артық,
Үйiмдi кешке барып көрсең екен!
Бағасыз байсыз қатын болған заман,
Бiреуден бiр мың теңге қарыз алғам.
Төлейтiн мезгiлiнен өтiп кеттi,
Өтiрiк ұшығынан шықты тамам.
Мың теңге бүгiн тауып төлемесем,
Сатылмақ төрiк сауда болып оған.
Ұрғашы үйдiң мүлкiн қимас екен,
Жасынан көзi құрғыр үйiр болған.
Сұлуға дедi қазы: — Қынжылмағын,
Мың теңге керек болса, мiне, алғын!
Сiздiң үй, өмiр берсе, бiздiң мүлiк,
Екеумiз бiр тiлекте болдық, жаным!
Қарызың қанша болса алғын, қарақ,
Ұмтылды сандығына кiлтiн ала-ақ!
«Қарағым, қарызыңнан тез құтыл», — деп,
Мың теңге бұлжытпастан бердi санап.
Жөнелдi «күн батқан соң келерсiз», — деп,
Ақшаны санап алған әлгi жәлеп.
Сылаңдап сылаң қаққан жүрiсiне,
Қазекем екi көзiн қалды қадап.
Артынан алағызып күн де батты,
Қазекем түзетедi бой-сипатты.
Қарыс ұрып қатыны өлген кәрi бойдақ,
Мейлiнше сұлуланып қаздаң қақты.
Қазының анық жасы алпыс бесте,
Көредi сондай тәуiр махаббатты.
Түзетiп бой-сипатты күн батқанша,
Ентелеп бейуақытта келе жатты.
Келе жатыр қазекең
Аса таяқ қолында,
Айландырып Әзәзiл
Сендiрмектiң жолында.
Ақ шапаны желбегей,
Ақ сәлдесi басында,
Кәрi бойдақ қазекем
Алпыс бестiң жасында.
Көзiнiң алды көлкiлдеп,
Буындары селкiлдеп,
Бейуақытта беймезгiл
Ентелей басып еңкiлдеп,
Аппақ қудай сақалы
Желменен бiрге желпiлдеп,
Келе жатыр қазекең
Елбiреңдеп, елпiлдеп.
Iңiр түнде қазының
Екi өкшесi тырсылдап,
Қақпасына қатынның
Жете бере тың тыңдап,
Көкiрегi кiрiлдеп,
Ентiгедi ыңқылдап.
Қатын шықты қақпадан,
Еркелей басып былқылдап.
Сыр алғызбай сұлуға,
Қуанды қазы қутыңдап.
Жүрiп бердi екеуi
Үйге қарай сыртылдап.
Сұлу қатын секiлдi
Сынаптай сөзге жылтылдап,
Сылаң қақты қазыға
Неше түрлi қылтылдап.
Мырс-мырс күлер қазекең,
Мұртынан күлiп ырсыңдап.
Қазыны үйге кiргiзiп,
Отырғызды төрiне.
— Қызықтым, — деп, — қазының
Әдiл басқан мөрiне.
Сенер болсаң сөзiме,
Шөп салмаспын көзiңе!
Қалай салсаң, қазеке,
Көне берем тезiңе!
Шал болсаң да жұлдызың
Ыстық болды өзiме.
Сiзге берер ас-тағам
Дайындадым кезiне.
Өрiк, мейiз, бауырсақ
Дастарқанға салады.
Майын салып, қантын
Жаны қалмай шағады.
Қайнап жатыр қазаны,
Қазекемнiң тамағы.
Қазы-қарта, жал-жая
Қазыға тартқан табағы.
«Ал, қазеке» дегенде,
Қақпаны байы қағады.
Суқаны кетiп қазының
Үрейленiп қалады.
Есiгiнен сығалап,
Еңкейе қатын қарады.
«Жолаушы кеткен байың», — деп,
Айғай-сүрең салады.
Сонда қатын өкiнiп,
Қабағын қарс жабады.
«Байыңыз ба сiздiң?» — деп,
Қазекем алды мазаны.
Келдi ғой деп ойлады
Сақалымның тажалы.
— Кел, тәуекел, қазеке,
Арқаламай жаланы
Бiр-ақ көрiп алалық,
Осыдан келген жазаны.
Сонда қазы сөйлейдi:
— Жаладан болды-ау қаза, — деп,
Атасы едiм бұл жұрттың,
Ата-бабам Манакөк,
Қазысы едiм халықтың,
Мүлде болдым қара бет.
Бұл пәледен құтқарсаң,
Ұмытпаспын және, — деп,
Қайта-қайта жалынды:
— Жылдамырақ тыққын, — деп,
Өлiм болды бұл маған,
Қазысы едiм жұрттың, — деп.
Табағыңды жасырып,
Тамағыңды құртқын, — деп.
Ерiңiзге көрсетпе
Маған асқан етiңдi.
Ендi менi тасала,
Таса жерге бетiмдi.
Мүдiуәр боп қатынға
Қазекем солай өтiндi.
Шыны-аяғын, табағын,
Дастарқанын жинады.
Қазекемдi ноқталап,
Мал құсатып сайлады.
Ешбiр қайда тығуға
Қазының бойы сыймады.
Қазық қағып бұрышқа,
Тапты солай айланы.
Бұйдасынан қазыққа
Қазекемдi байлады.
Топан төктi алдына,
Малжаң-малжаң шайнады.
Өлген бұзау терiсi
Үстiне жауып жайлады.
Екi көзi бақшиып,
Қазының соры қайнады.
Қазыны байлап қазыққа,
Сыртқы есiкке барады,
Базарқанды кiргiзiп
Қақпасынан алады.
Қудай жорға қу қатын,
Көтiне байлап шаланы
Байыменен мәз болып,
Арсалаңдап қалады.
Жамылып жатқан жабағы,
Қазекеме манағы
«Не нәрсе?» деп Базарқан,
Тесiле кеп қарады.
«Бұрышта жатқан нәрсеңiз
Немене?» — деп көредi.
«Мынауың не, қатын?» — деп
Байының көзi төнедi.
«Мәнiсiн айтам малдың», — деп,
Қатыны сөйлеп жөнедi:
— Өзiң түзге кеткенде,
Жалғыз сиыр бар едi.
Ата малы жануар,
Түсi-түгi қара едi.
Жылда-жылда бұзаулап,
Мал болғанда мал едi!
Сен кеткелi мал етiп,
Жалғыз сиыр бағушы ем,
Жылда туған бұзауын
Жылда сойып алушы ем,
Ел қатарлы ақ iшiп,
Жаздың күнi қалушы ем.
Ақ боранға көктемде
Ұшып өлдi ол ендi.
Ата малы жануар,
Жан сақтаған сол едi,
Бiр сауғанда бiр шелек,
Сүтi де оның мол едi.
Өлгеннен соң енесi,
Жетiм бұзау көдегi,
Топан төгiп алдына,
Асырауға көнедi.
Енесiне ұқсаған,
Өсiп-өнiп келедi.
Тiрi болса бұзауым,
Сиырымды төлейдi.
— Ата малы жануар,
Ұрғашы ма, еркек пе?
Үлкен малдың түрiндей
Жетiм бұзау көнтек пе?
Жүнi жаман сабалақ,
Қотыр бұзау көнтек пе.
Ата малы өсiмтал,
Бұ да боса тұқым, — деп,
Ескi малдың көзiнен
Қалған екен құтым, — деп,
«Еркек пе?» деп бұзаудың
Ұстай алды бұтын кеп.
«Еркек бұзау екен» деп,
Қысып ұстап тұрады.
Қазы жұлып қазықты
Кеудесiне ұрады.
Тұра қашып қақпадан
Қазы сасып шығады.
Аттан салып артынан
Ерлi-байлы қуады.
Iшiнен оқып қазекем
Есiм ағзам дұғаны,
Ноқтасы бар басында,
Топаны бар аузында,
Көшеменен тарсылдап,
Келе жатқан сияқты.
— Не болды? — деп алдынан
Қасап, бақал екеуi
Қарсы шығып сұрады.
Сақалын жұлып қазекем,
Қара бет боп жылады.
— Кешегi күн iсiңдi
Әтказ қылып сендердiң,
Қара басқан қазыны
Құдайдың шығар ұрғаны.
Менi мұндай қылды-ау, — деп,
Жәлеп қатын кешегi
Қазық пенен ноқтаны
Сонда қазы шешедi.
— Қазысы едiм халықтың,
Болдым-ау, — деп, — есегi.
Қазыменен сырласып
Қасап, бақал екеуi
«Өлтiрелiк қатынды»
Ақылдасып деседi.
«Жер астымен бармасақ,
Алдырмайды есебiн.
Дайындайды қазылар
Балта, күрек, кiсенiн.
Кетпен, күрек, балтасын
Өткiр қайрап алады.
Қорасының артынан
Үйiн түсiп қазады.
Жердiң астын кеуектеп,
Қазып кетiп барады.
Үш күн қазып үшеуi,
Ошағының басынан
Теспек болып қалады.
Дүрсiлiнен оянып,
Қатын шамын жағады.
«Қасап, бақал, қазылар,
Осылар» деп табады.
Ерлi-байлы екеуi
Балта, пышақ алады.
Ұйықтамай күзетiп,
Үйдiң iшiн бағады.
Ошағының басынан
Аяқтай жерi тесiлiп,
Тыңдағалы құлағын
Бақал келiп салады.
Аңдып тұрған қу қатын,
Жерден құлақ шыққан соң,
Пышақпен отап алады.
Сонда бақал ыңырсып,
Құлағын баса қалады.
— Не болды? — деп бақалға
Қасап, қазы барады.
— Ояу екен, бұлар, — деп,
Нәлдi етiктi бiреу кеп,
Басып кеттi құлақты,
Мыжып кеттi табаны.
«Нағып жатыр екен», — деп,
«Иiскеп мұны бiлем», — деп,
Қасап мұрнын тығады.
Жер астынан бiр бастың
Мұрны бүтiн шығады.
Пышағымен қу қатын
Сипай қағып жiбердi.
Жұлынып мұрны қалады.
Сыр бiлгiзбей тiстенiп,
Шыдамды қасап жылады.
— Не болды? — деп қасаптан
Қазекем келiп сұрады.
— Ояу екен сүйек қас,
Залым қатын өштi, — деп,
Кектi Құдай қайтарса,
Ажалы мұның жеттi, — деп,
Май тұшытып жатқандай
Бауырсағы пырсылдап,
Мұрныма тиiп кеттi, — деп,
Қасап та сырын айтпады,
Қазекем болар ептi, — деп.
Сонда қазы ойлайды:
— Қазанына шаптырып,
Сiдiгiмдi сиейiн.
Бар тамағын арамдап,
Сонан үйге кiрейiн.
Ерлi-байлы екеуiн
Тiрсегiнен тiлейiн.
Етiктi шаншы iстiкке,
Кебеп қылып iлейiн.
Осылай деп қазекем,
Дәсмиясын шығарды.
Аңлып тұрған бұл қатын
Мұны көрiп қуанды.
Бүрiк жерi қазының
Қожантыға ұнамды.
Кесiп алып қазыны,
Сүндеттедi бұларды.
Қазының даусы баж еттi:
— Қасап, бақал келсеңшi,
Бағанадан, ит бақал,
Кесiп алды десеңшi!
Жалбыратып менiкiн,
Кесiп алды оңдырмай!
Есiм ауып барады,
Екеуiң менi көтершi!
Қасаптың жоқ мұрыны,
Бақалдың жоқ құлағы.
«Менен, сенен болды» деп,
Бiрiн-бiрi ұрады.
Төбелесiп екеуi,
Сабаласып үшеуi,
Бiрiн-бiрi қуады.
Қызыл ала қан болып,
Әлемдерге таң болып,
Сәске мезгiл болғанда
Көшеге кеп шығады.
Үшеуiнiң сипатын
Шаhар халқы көредi.
Сол шаhардың әкiмi
Дәлел ханның жанжалға
Уәзiрлерi келедi.
— Не жетпейдi сендерге,
Не болды? — деп олардың
Жөнiн сұрай бередi.
Сонда үшеуi кетедi
Әңгiменiң шынына.
«Қорлығы, — деп, — қатынның»
Өздi-өзiнiң мұңына.
— Ханға бiздi апарсаң,
Қатынды сал сынына.
Бiзбен бiрге ала жүр,
Қалдырма, — деп, — мұны да!
Уәзiрлерi Дәлелдiң
Байы менен қатынды
Үйiнен қуып алады.
Дәлел ханның алдына
Қасап, бақал, қазыны
Айдап кетiп барады.
«Асқынған iс екен», — деп,
Бесеуiн де ап келiп,
Хан алдына салады.
Қасап, бақал, қазекем
Хан алдында танбады.
Айтқаны[мен] манағы
Қатын мен Базарқан
Олда-бiлда танады.
Қасап, бақал, қазыға
Пәле-жала жабады.
Бесеуiн де Дәлел хан
Зынданға салып қамады.
Неше күндей Дәлел хан
Жеке-жеке басынан
Жеке жауап алады.
Ақырында ақиқат —
Анық шынын табады.
Бес арқан отын жиғызып,
Әдiлдiгiн бiлгiзiп,
Бесеуiн де жағады.
«Бұзылған өңкей бұзықтың
Өспесiн, — деп, — өркенi»,
Бесеуiн де Дәлел хан
Отқа жағып өртедi.
Кiмi тентек, кiм мақұл?
Осылай бiтер ертегi.
Сол уақытта Дәлел хан
Халқына бұйрық қылады:
— Жоғалтыңдар көшеден,
Өлiмi жаман мынаны!
Тозаңы мұның ұшпасын,
Бәлесi жұртқа жұғады.
Тозаңы тисе бiреуге,
Жұрт бұзылар мұнан, — деп,
Мұндай бұзық құмардан
Осындай бәле туар, — деп,
Бұлардың күлiн шаhардан
Аулақ жерге шығар! — деп,
Арамға тауып артыңдар,
Адалға бәле жұғар, — деп,
Айуанда арам мал,
Артатын мұны мынау, — деп,
Есегi кiмнiң бар болса,
Алып келiңдер ылау, — деп.
Есегi кiмнiң бар болса,
Ылаң болды елiне.
Шомын таңып егесi,
Алып келдi белiне.
— Өртенген өлiк күлдерiн
Таста, — дедi, — апарып
Ит iшпестiң көлiне!
Тозаңы шығып ұшпасын,
Таста, — дедi, — апарып
Адамның баспас жерiне!
Өртенген өлiк күлдерiн
Қырық есекпен тартады.
Орынын қырып, сыпырып,
Бiр қашырға артады.
Ит iшпестiң көлiне
Өлiгiн төгiп қайтады.
Соны тартқан адамдар:
— Бiр қатынның кесiрi
Бiр қашырға, қырық есек
Жүк болды, — деп айтады.
Базарқан, қатын, қазы, қасап, бақал
Жазаға ұшырасты үлкен қатал.
«Кесiрi бiр қатынның қырық есекке,
Жүк болды бiр қашырға» деген мақал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу