Өлеңдер ✍️
Атқа көрісу
Тайынан мініп қара атты,
Бәйге етіп баптап жаратты.
Тоғыз жыл тынбай жүгіртіп,
Минутын елге санатты.
Іле, Нылқы, Күнестің
Дүлдүлі болды қанатты.
Найзағайдай топ жарып,
Жұртты өзіне қаратты.
Иемдендің тұлпар деп,
Тай күнінде жасында,
Пырағың болсын бақида,
Сойып берем асыңа.
Тұлданған атқа қарата айтылған жоқтау
Қамшың бір қалды ілініп,
Киімің бір қалды жиылып.
Тұлпарыңды тұлдадық,
Бір Құдайға сыйынып.
Тұлпарың болсын қанатың,
Бұрынғы салған санатым.
Құдайдан күтіп сұрайын,
Бақидан көру сағатын.
Тұлданған мынау тұлпарды,
Ешбір пенде мінбесін.
Көрген халық тілек қып,
Жануар аман жүр десін.
Тұлданған ат сойылардағы жоқтау
Қош, есен бол, тұлпарым,
Жылқы ішінде сұңқарым.
Бұл дүниенің сездің бе
Арыстанды жұтқанын?!
Құлағың сал сөзіме,
Жас тия бір келді көзіме.
Қиямет-қайым болғанда,
Қанат бітсін өзіңе.
Сабазымды ал да ұш
Қысылтаяң кезінде.
Ат жарысы болғанда,
Майданда озып айналдың.
«Сол бір бақыт қайда?» деп,
Қабағат қатты ойландым.
Жанындай сені көретін,
Киесі бар деп әр малдың.
Жан досыма тұлпарым,
Менен сәлем айта бар.
Көкірек толы қайғы, шер,
Жанымыз қашан жай табар?!
Асына сояр бұл тұлпар—
Мақшарда мінер пырағы.
Ел қамын жейтін есіл ер
Қара жер болды-ау тұрағы.
Қол жайыңдар, көпшілік,
Оқылсын енді құраны.
Қадірлі қайран жан досым,
Өмірдің қанық сырына.
Оқылып құран атына,
Сойылсын арнап жылына.
Разы болсын аруағы
Туыс-туған, ұл-қазына.
Ел ағасы есіл ер,
Асыңа ел-жұрт жиылсын.
Атыңды сойып ас бердік,
Сауабы сізге бұйырсын!
Өлмеген болса сабазым,
Жер астында жата ма?
Қол жаяйық көпшілік,
Келіңіздер батаға!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter