Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  245


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Төлебайды жоқтау

Он екі жасар қыз баласының жоқтауы

Әуелі адам пайғамбар,
Екінші сөзім Мұхамбет
Дүниеге шықсаң-бар өлім,
Мұхамбетке болса үмбет.
Азырақ дастан айтайын,
Дұғада болған әлеумет.
Жыламайын десем де,
Ішімде жалын, сыртым дерт.
Ұядағы сұңқарға,
Дүбірлі туған тұлпарға
Тағдыр еткен құдірет.
Елу алты жасында
Дүниеден қайтты арыстан:
Аруақты туған атақтым,
Тоят тілеп алыстан
Бабасынан сөйлесем,
Белгілі бекзат данышпан.
Еділден өтіп ер Шақшақ,
Дұшпандармен тоғысқан.
Шілтеңдер жырақ болмапты,
Аманжол деген дабыстан.
Онан бергі ер Қосай,
Қалмапты қатар жарыстан.
Сол бабамның алты ұлы
Бос қалмапты намыстан.
Үмбетей атам, Жәнібек,
Бабалардың рухы
Болар ма келіп қауышқан?!
Қатар шыққан екі ердің
Қариялары жоқ еді
Билік айтып тауысқан.
Бергі атамыз Аралбай,
Шыға бір шапқан қамалға-ай.
Қыдыр дарып ер болып,
Нәсілі қалды заманға-ай.
Өз атасын сұрасаң,
Мырза Көбек, Танабай,
Келмеген ешкім жолына-ай.
Байлық, бектік, жомарттық—
Бәрі де келді қолына-ай.
Тулап өткен істерін
Келтіреді тәңірім орнына-ай.
Кешегі менің Әкекем,
Жиырманың ішінде
Атанып едің Төлебай.
Құлағың сал, дос-жарлар,
Бір азғана зарым-ай.
Заманына лайық
Қараның болды-ау ханындай.
Дұшпандарын ықтатты,
Беткейден соққан дауылдай.
Алашқа жеңсік көрінді
Шамсанның сары қауындай.
Бабалардың рухы
Қолдаған екен жаңылмай.
Батырлығын сұрасаң,
Бабасының қалыбы-ай.
Мырзалығын сұрасаң,
Көңілде нұрдың жарығы-ай!
Дұшпандардан саспаған,
Құданың берген сабыры-ай!
Баласына үш жүздің
Кетіп еді дабылы-ай!
Айтылса, қайғы босайды,
Болған соң істің анығы-ай!
Үш уездің қазағы
Басықара датқаның
Басын қосқан асында.
Болғандардан естимін,
Болмасам да қасында.
Сұқ қылышты қанша жұрт
Әкекем сынды асылға.
Қыпшақтың өңкей манабы
Кез болыпты ашуға.
Балқожаұлы Ыбырай,
Артын жиып жөнелді,
Басын қорғап қашуға.
Мұны көріп Әкекем,
Аманжолдап ат қойды,
Тасыған көңілін басуға.
Қуып жетіп соңынан
Ағалығын білдірген,
Көрмегенін көргізген.
Бозбалаға айдатып,
Қайтарып топқа кіргізген.
Бегмұхамбет болысын,
Еніспектір орысын,
Жұмылған көзін аштыртып,
Өкшесінен бастыртып,
«Жансауға, батыр!»—дегізген.
Талай жерде, әкеке-ай,
Бітіп еді арманың,
Бәрін де міндің қатарлап
Жұрттағы сұлу жорғаның
Көңіліңе жақпаған
Дұшпанның бұздың қорғанын.
Жомарттық еттің артықша.
Дүниенің біліп жалғанын.
Орыс, қазақ әкімге
Ықпалыңды жүргізіп,
Жауатын күндей торладың.
Менменсіп келген талайды.
Қолыңмен илеп толғадың.
Жолды жолсыз болса да,
Бетіңе алған ісіңнен
Абыройсыз болмадың.
Бәсеке өткен туғанда,
Асылмен белің буғанда,
Күншілік кіріп көңіліне,
Жауыздық жолын қуғанда,
Аямасаң жылаттың.
Ізгілік етсең ұнаттың
Жаяуына ат болып,
Жалаңашқа тон болып,
Сылап-сипап жұбаттың.
Жұртыңды жауға бермедің,
Алысқа қолың сермедің,
Өрге жүзген жайындай,
Ашынған сайын өрледің.
Қалық иесі қандармен
Халықты қатар тергедің.
Заманыңдағы ерлердің
Тағында қатар көлбедің.
Сол сықылды әкемнен,
Қабыл болып, күн туып,
Құрбан да болып өлмедім.
Осындай менің әке-кем,
Ордалы бектің нұры еді.
Тамам алаш бас қосса,
Айтулы тудың бірі еді.
Рүстем мен Дастандай
Заманындағы сері еді.
Жау кеңесі құрылса,
Жасқанбаған ер еді.
Сасқандар ақыл сұраса,
«Жабықпа, қалқам!»-дер еді.
Қырғыздың Алатауындай,
Дұшпандар аспас бел еді.
Іздегенің табылған,
Белгілі шалқар көл еді.
Азғана күн дүниесін
Қолымен сермеп жөнеді.
Екіталай жерлерде
Дүние жолдас демеді.
Сол секілді Әкемнен,
Айналайын аталар,
Айналсам, қалай айып етеді?!
Заманында Әкекем
Хандардың жиған құралын.
Шымшыр қатар дүниеге
Келтіріп еді оралын.
Атадан жалғыз туса да,
Мал үстіне, мал беріп,
Қанат, құйрық-жал беріп,
Жеткізген Алла мұрадын.
Бес отауын түсіріп,
Көркейтіп еді жанабын.
Қатар қосқан дұшпанның
Тарылтушы еді танабын.
Азамат жинап ат байлап,
Істеді билік талабын.
Еркінше жүріп ішінде,
Аралады, Әкекем
Тобыл, Торғай алабын.
Келмейтін еді белсеніп,
Естіген қазақ хабарын.
Дұшпаныңа тірелген,
Айналайын Әкеке-ай,
Аумайтын еді табаның.
Бір күндерде Әкекем
Арғымақ бедеу байлаған.
Болатын шарға қайраған,
Наурызым, Сыпсың-екі ну,
Жағалай көшін жайлаған.
Ауылдың сыртын шаңдатып,
Торлантып бие байлаған.
Орданың ішін қоршатып,
Тең азамат жинаған.
Күнде жиын, күнде той,
Дастарқанын жимаған
Мәжіліске мәз болып,
Тарқатуға қимаған.
Осындай қайран Әкекем!
Азғана күн дүниеде
Маңдайыма сыймаған.
Қалай десе жарасар,
Әкекемдей сындарға.
Нашар туған үш бала,
Қайғыңды аштым тыңдарға.
Көлеңкелі дарағым,
Құламаса, мін бар ма?
Темір қанат балапан
Ұша алмай қалса, сын бар ма?
Аяғым салып қойнына,
Асылатын мойнына,
Әкекем келер күн бар ма?!
Жолы қиын біздерге
Ата менен ананың,
Қандай болып өтеді
Атасыз күні баланың.
Қазынасын күтелік
Жаратушы Алланың.
Ташмұқамбет Ахмет,
Тілегін қатты тілейік,
Қадірлі екі ағаның.
Рухы қолдап, жар болғай,
Бұрынғы өткен бабаның!
Ерназар, Бекет, Ғабдолла,
Бірің-өңір, бірің-бой,
Алтын да сауыт жағаның.
Береке, бірлік деген бар,
Айналайын ағалар!
Болғайды мұнан хабарың.
Ортаңда қалған үш анаң,
Қайтара көрме назарын.
Ақыл салып Әжеме,
Айналайын Әкекем,
Сақтаушы еді ажарын.
Басып кеткен ізіңді
Енді қайдан табамын?!
Бір кеткен соң хабар жоқ,
Зарлай, зарлай барамын.
Жаннаттан болып орының,
Жұмақтың ашқай шарабын.
Қысқартайын, қош енді,
Мұқтасар айлап тамамын,
Азырақ сабыр етіңіз,
Үлкен-кіші, ағалар!
Көңіліміз ойран, көзде жас,
Қайғылы қасірет сана бар.
Мұндай жолдың хабарын,
Ақылды бектер шамалар.
Алладан тағдыр-ажалды оқ,
Біздерде мұндай жара бар.
Жақсылар көңіл жұбатса,
Қайғыны дәру жағалар.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жұрт иесі ағалар!
Арыстан туған Әкекем,
Салтанатын асырып,
Достарын қашан аралар.
Елестейді көзіме
Қалың топқа кіргендей.
Сағынамын достарын
Мәжілісінде жүргендей.
Өрбігеді көңілім,
Сіздермен еріп келгендей.
Қатарланған жорғадан
Сүйгенін таңдап мінгендей.
Алтын қынап ақ алмас
Беліне байлап ілгендей.
Арқауы таза ақ жібек,
Жағадан ұстап кигендей.
Біздерге туар күн қайда,
Арыстан туған Әкекем
Маңдайымнан сүйгендей?!
Мезгілің болды-ау, Әкеке,
Қайрылып хабар білгендей!
Күн болар ма біздерге
Көздің жасын игендей?!
Келмес те болсаң, Әкеке,
Өзегім отқа күйгендей.
Дауасы болмай кезеулі оқ
Қос өкпемнен тигендей.
Кешегі менің әкекем
Айнасы еді елінің.
Ит жүгіртіп, құс салса,
Көркі еді екі көлінің.
Тояты қанған сұңқардай
Базары еді бегінің.
Бәрі қасірет біздерге
Жүріп, тұрған жеріңнің.
Қайғыңды тастап артыңа,
Қайрылмастай көріндің.
Опасы жоқ дүние-ай!
Бекер екен сенімің.
Қарашаның ханы Әкем!
Бұқараның бегі әкем!
Көлеңкесі күндік жер
Асқар тауға тең Әкем!
Қол аяғын жимаған,
Етек-жеңі мол Әкем!
Мұнарланған сеңгірдей
Дұшпандарға бел, Әкем!
Құрағы көктеп, гүлденген
Айдын да шалқар көл, Әкем!
Қиядан дұшпан табылса,
Жасқанбайтын ер Әкем!
Достарға ауыр жүк түссе,
Қатарланған нар Әкем!
Көрген түстей біз болдық,
Осы ма екен-ұяда
Былтырғы жылы бар, Әкем!
Келмесіне көз жетті.
Жаннаттан болғай талабың!
Ашық та болғай жауабың!
Нұрға толғай қабірің!
Жоғары ұшқай сауабың!
Үмбетім деп Мұхамбет,
Шапағат еткей назарын!
Әулиелер жар болып,
Ұжмақтың ашқай шарабын!
Он екі имам, шадияр
Артылдырғай қадамын.
Дұғасын қабыл алғайсың!
Артында ізгі баланың.
Айта берсем, сөз көпті,
Дүниеден қайтпай кім кетті?!
Дұғадан жоқтап жақсылар,
Бағышта аят кәламын!

Төлебайды келінінің жоқтауы
Рұқсат болса азырақ,
Отырған достар, ағадан.
Өлімге мирас жыламақ,
Бұрынғы өткен бабадан.
Ажал ортақ әмбаға,
Атамыз Адам, Хауадан.
Бағасы қымбат атекем,
Мысалында шәйіттің
Рақылат етті дүниеден.
Қайрылып хабар алмады
Ағайын, туған баладан.
Белгілі бекзат бел асты,
Табылмас достар шамадан.
Ертеңді-кеш зарлатып,
Қайғысы асты қападан.
Ордалы құлда сын бар ма,
Басшысымен адасқан.
Атекем келер күн бар ма,
Талай тауға таласқан!
Алтын да қылыш, айбалта
Асынса ерге жарасқан.
Халық иесі хандардан
Қаюлы сағат жол ашқан.
Жан қуанған біз түгіл,
Жақсылар іздеп жанасқан.
Ай басқандай іс болып,
Бізге түсті қара аспан.
Айырылса, кімдер қайғырмас,
Жұрт иесі манаптан!
Тасқа салса, қайтпаған
Адасты жұртым болаттан.
Қиядан ілген қыран құс
Қайырылды ұшар қанаттан.
Атекемдей ер қайда
Аузына жұртты қаратқан?!
Сақилығын жүргізіп,
Алдынан кеңес таратқан.
Белгілі жұрттың бектері
Кездесті әрбір тараптан.
Қатарынан құдайым
Тұлғасын артық жаратқан.
Көрген түстей айырылдық
Көлеңкелі дарақтан.
Тойған марал секілді
Таудан аққан бұлақтан.
Ағасы елдің-атекем,
Бұл сапарды ұнатқан.
Ағайын, туған әулетін
Қайғыға қамап, жылатқан.
Сайранға жаққан панардай,
Айырылды халқы шырақтан.

Төлебайды жамағатының жоқтауы

Кешегі менің бегімнің
Бір азғана дастаны.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жиылып келген достары.
Алтын да кеудем жер болды,
Үстімді тұман басқалы.
Ертеңді-кеш зарлаймын
Көңілімді ашқалы.
Күнде қызық, күнде той
Мәжіліс еді басқаны.
Құлақ естіп, көз көрген
Жүргізді бір нұсқаны.
Тоғыз орда тіктіртіп,
Толтырып асыл жинаған.
Тоқсан қонақ келсе де,
Асып-саспай сыйлаған.
Сапырулы қымыз, салқын үй
Мәжілісін тыймаған.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Қияға бедеу қинаған.
Құмай тазы, қыран құс
Көзінен таса қылмаған.
Күнінде тоят алдырмай,
Сағат көңілі тынбаған.
Осынша дәуір үстінде
Күн шығарып тұрмаған.
Бес уақыт намаздан
Тоқталып мойын бұрмаған,
Шалғынсыз жерге қонбаған.
Төрт түлік малын өргізіп,
Күншілік жерді шарлаған.
Тоғыз қатар орданы
Тоқсан нарға қомдаған.
Айыр өркеш атанға
Аяғымды салмаған.
Үш пәуеске тройке
Тоғыз атқа парлаған.
Балапан ерткен қаздай ғып,
Көзінен таса қылмаған.
Миуасы піскен дарақтай
Құдайым артын аңдаған.
Толықсып тұрған күнінде
Шын сапарға жолдаған.
Ұл мен қызың артыңда
Әкекем деп зарлаған.
Қадам басқан ізіңді
Басқа жанға қимаған.
Азғана күн дәуірім,
Маңдайыма сыймаған.
Арыстанымнан айырылып,
Тарқады базар басымнан.
Алланың артқан ауыр жүк,
Орнады мұндай жасымнан.
Алтын да тұғыр ақ сұңқар,
Ұшырдым, жұртым, қасымнан.
Орын алған сұлтаным
Әр таптағы асылдан.
Жанған да отқа күйемін,
Құрдасын көріп бегімнің
Қиядан іздеп қосылған.
Сіздермен бірге келер деп,
Күтуші ем хабар досыңнан.
Балалы арқар баурайды
Мезгілсіз оққа тосылған.
Артыңда қалып қайғырдым,
Жөнеліп керуен асудан.
Көрген түстей дәуірім,
Жаңа түсіп басылған.
Бастан жақты айырған
Әмірі күшті Алланың.
Қайғысына жанғаным,
Арыстанымның тұсында
Бітіп еді арманым.
Бұл дүниенің құрметін
Көрсетіп еді көкжалым.
Күннен күнге күн өтіп,
Қызығына қанбадым.
Қолымнан топты тарқатып,
Адасып мұндай зарладым.
Жаралы қудай ыңыранып,
Артында жылай қалғаным.
Адастырған опасыз,
Дүние, сенің жалғаның.
Заманында бегімнің
Дәуірлеп тасып толғаным.
Кеңесін қолдан өткіздім
Қатарланған орданың.
Жылама деп айтады
Өсиеті молданың.
Бұрын соңды ажалдан
Қалары жоқ бәнденің.
Қосқанынша құдайым,
Қош аман бол, алғаным!
Ризалықпен күтелік
Құдайдың басқа салғанын.
Нұрға толып қабірің,
Жолдас болсын иманың!
Қызыр болсын мейманың!
Қадірің өтіп күн сайын,
Көзімнің жасын тыймадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу