Өлеңдер ✍️
Самарқан Түркістанұлын әйелі Үриланың жоқтауы
Мінгенде атың көкжарқын,
Айтайын, жұртым, сөз нарқын.
Суға да малтып жүргенде,
Болмаған екен бір жақын.
Мінгендей атың бозойнақ,
Боз ойнақ тұрар өзі ойнап.
Алты қырға шыққанда
Суға да ақты-ақ көзі ойнап.
Өзенді ағаш ырғалған,
Өңімнен кім бар құр қалған?
Салулы төсек, салқын үй,
Мінеки, жұртым, тұл қалған.
Биссимилла деген сөз басы,
Ойлайды әркім өз басын.
Өз басымды ойласам,
Тиылмайды-ау көз жасым.
Ал қояйын, жамағат!
Жан денеге аманат.
Жылады деп сөкпеңдер,
Басымда қайғы қабағат!
Жылқы ішінде боз ғана
Жанға ерген бозбала.
Боз баланың ішінде
Ғұмырың болды-ау аз ғана.
Буыршын бойын қыстаған,
Тарғынмен тымақ тастаған.
Жыламай қайтып тұрайын,
Буыршын суы ұстаған.
Келеді таудан күн шығып,
Жыл артынан жыл шығып.
Жаны қайтып шықты екен,
Аққанда суға тұншығып.
Буыршын суы қонды екен,
Қонды су қоймай алды екен.
Жағаласып жүргенде,
Есінен қайтып танды екен?!
Өлім мен өмір шайқаста
Ойына нені алды екен?!
Алдынан Алла жарылқап,
Жаннатта жаны болса екен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter