Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  295


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Тұрсынғалиды қызы Күләйдің жоқтауы

Асқарым, әке, сен едің,
Балдырғаның мен едім.
Қайғымды сөзге тізбектеп,
Көз жасымды төгемін.
Есіктің алды тал шынар,
Бастарын сипап күн шығар.
Әкелеп мен жүгірсем,
Алдымнан күліп кім шығар?!
Бетімнен менің кім сүйер,
Еңсесін маған кім иер?
Жығылып кетсем сүрініп,
Қолтығымнан кім сүйер?
Әкемнің өртеп күйігі,
Мен болдым қазір бұйығы.
Әке арманын атаймын,
Асылдың болып сынығы.
Көтердің көкке басыңа,
Деуші едің ылғи: «Жасыма!»
Тәрбиелеп, мәпелеп,
Кім келер енді қасыма?
Деуші едің мені «Өсе гөр,
Мұратыңа жете гөр!»
Қадіріңді білмесем,
Кеше гөр, әке, кеше гөр.
Қызығымды, әке, көрмедің,
Ұзақ бір ғұмыр сүрмедің.
Басыма қайғы түспесе,
Мен мұндай зарды дер ме едім.
Әкем менің ақ сұңқар,
Әке рухы бізде бар.
Әкеден қалдық төрт жетім,
«Әке көрген оқ жонар».
Әкемді зарлап жоқтайын,
Шерімді төгіп тастайын.
Қапыда кеттің әкешім,
Аузымнан қайтып тастайын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу