Өлеңдер ✍️
Зұқа қажыны келіндері Бәтиқа мен Бәтиманың жоқтауы
Мейірбан, ғазиз атам-ай,
Не болар зарлап ботаң-ай.
Мамыққа жатпас әтиім,
Қара жер қайтып жатады-ай.
Өзгеден гөрі бір төбе,
Әтиім маған батады-ай.
Әтиім менің арманда,
Бір атыспай қалғанға.
Армансыз адам бар ма екен?
Пәниден бақи барғанда.
Арманда емей, немене?
Бесатар, жапан тұрғанда.
Бір үйде тұрған қырық қылыш,
Жайнап бір тұрған сары қылыш.
Қапия басып қалың жау,
Бір түнде қылды-ау, тып-тыныш.
Құдіреті күшті Құдайым,
..................................
Ішке бір салды-ау күйініш.
Әтиім сапар шеккен соң,
Қорадан кетті-ау жиылыс.
Жүйрік кер аты астында,
Аралап Алтай даласын
Жүруші еді әтиім,
Шалқадан тастап жағасын.
Алды ғой патша керек қып,
Он екі керей данасын.
Бір залыммен дос болдың,
Оған неге бос болдың?
Не болса да көрем деп,
Белқұдыққа шет қондың.
Сапарлай өткен, әтиім,
Халықтың қамын жеп қондың.
Бесінде залым келіпті,
Екі тең шайды беріпті.
Әкелген шайды көргенде,
Қызыл қан болып көріпті.
Қасындағы.................
Әтиім бір ат беріпті.
Ұрланып шыққан шын залым,
Сол күні түнде келіпті.
Қапияда басып қалың жау,
Әтиім шейіт болыпты.
Әтиім сапар шекті ғой,
Керейден тыныш кетті ғой.
Әтиімнің халыққа
Қадірі, зары өтті ғой.
Баяны жоқ сұм жалған
Түбімізге өстіп жетті ғой!
Құдіреті күшті жасаған,
Қызығың берген шекті ғой!
Қой десең жұртым, қояйын,
Үй тігіп, қойым сояйын.
Иманды болғыр, әтиім!
Құрбаның болып қалайын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter