19.08.2021
  424


Автор: Бердібек Соқпақбаев

ЖЫЛҚЬІБАЙДЫҢ СҰМДЫҒЫ

Жылқыбайдың арғы аталары дәулетті адамдар болған. Жылқыбай үш ағайынды. Ең кішісі Жылқыбай. Ата-баба дәулетінің бұларға сүзіле келіп, жұғын-жұрнағы ғана бұйырған. Ана екі ағасы Жылқыбайдан гөрі малдырақ болып, кәмпеске кезінде малын айдап Қытайға қашқан. Жылқыбай колхозға дейін орта шаруа. Ағаларына ілеспей, ата мекенді сағалап қалып қойған.


Жылқыбай колхозға бірден кіре қоймайды. Алғашында жекеше боп, оқшау жүріп көреді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауым» деп, аз ғана дөңгелек шаруасын қанатының астына тығып ұстайды.


Бірақ жекешеге төнген құрық көбейді, жекешенің тынысы күннен күнге тарыла берді. Жер, су бәрі колхоз меншігі саналып, Жылқыбайға аяқ басар жер қалмай бара жатты.


Колхозға Жылқыбай тістеніп, амалсыз кіреді. Бұрынғы кеудесіне нан піскен бай тұқымы енді кетпен-күрек арқалаған қара құрық көптің біріне айналады. Бұрын «Жықа» деп тұратындар енді «Жылқыбай, ей, Жылқыбай» дейтін болады.


Жылқыбайдың түсінігінде, «заман азды, ел тозды». Жаңа құрылысқа көзін алартып, тісін басып қарайды. «Күресерге дәрмен жоқ, іш қазандай қайнайдының» нақ өзі.


Міне, осы себептерден де қырманшы Жылқыбай әрқашан ұрысқақ, тырысқақ. Өз-өзінен шатынап, ұрынарға қара таппай жүреді. Бізді қаталдығымен безек қақтырғанда, колхоз жұмысының қамы үшін емес, әрине. Ішіндегі зәрін ретін тауып төгіп қалу үшін. Шықыр-шықыр етіп қышыған тістерімен кімді де болса жалбыратып қабу үшін.


Ара-тұра Жылқыбайдың да көңілденер кездері болушы еді. Ондай кезде ол «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» бұрынғы рақат заманды аңсайды. Бұрынғының бәрін мақтап, армандап отырады. Қазіргінің бәрі де оған құбыжық. «Ақырзаман тақалғаны осы да. Елдігімізден не қалды? Балаң кәпірше оқиды, түгел кәпір болып шығады», — деп түңіліп, маңындағы жұртты да түңілдіріп, шошытып отырғаны.


Жылқыбай осы кезде де көп жұрттан ауқатты. Жеке меншігінде екі жылқы, екі сиыр, бірқауым қой-ешкісі бар. Жұрт оның әр-әр жерде тамыр-таныстарына тығып ұстайтын малдары және жоқ емес деген әңгіме айтады.


Жылқыбайдың асаудан жаңа үйретілген әдемі кер биесі барды. Өзі ғана мініп, қырманның маңайында арқандап ұстайды. Үш уақ қырманнан жем береді. Мезгілімен суарып, үстін тарап, балаша күтіп мәпелейді. Кер биенің үстіне өзінен басқа адам мінгізбек түгіл, шыбын жорғалатпайды.


Басы кішілеу, қамыс құлақ, аяқтары сидам кер биенің тұлғасы, шіркін, сурет еді. Күлтеленіп қалың біткен құйрығы жерге төгіліп, сауырсыны тақтайдай боп, аққу мойнын жан-жағына біртүрлі кербез бұрып, сәнмен қарайды.


Жұмыс соңынан Жылқыбай кер биені ерттеп мінеді де, түнделетіп ауылға барып келеді. Аяңы желдей ескен, жүрісі қандай шіркіннің. Қамшы салдырмайды, лыпып отырады. Қасына ілескен басқа да атты кісілер болса, одан бетер желігіп, шабыттатып кетеді. Өзге аттан мойны озық жүріп отырмаса, көңілі көншімей, ауыздықты қарш-қарш шайнап, тізгінді жұлқа тартып, иесінің қолын қарыстырып бітеді.


Бүкіл Қостөбеде кер биемен жарысуға жарайтын ат бар ма!


Бір күні менің астымдағы тұлықтасқа жегіп жүрген ат болдырып, жүрмей қалды. Атты отқа қойып, тұлықты доғарып, мен қырман шетінде демалып сұлап жатырмын. Осы кезде қырманға өкіл Сарманов келе қалар ма.


— Бір тұлық неғып жүрмей қалған!?


Жылқыбай аттың болдырғанын айтты.


— Тұлықты тоқтатуға бола ма екен? Ауыстырып, басқа ат жегу керек!


— Басқа ат жоқ, — деді Жылқыбай.


Сарманов ат үстінен жан-жағына қодилана қарап, анадайда арықтың жағасында көкпеңбек көк жоңышқаны бырт-бырт орып, арқандаулы тұрған кер биені көрді.


— Ана ат кімдікі?


— Ол ат емес, бие, Асау бие...


— Кімдікі? Иесі кім?


— Иесі мен, — деді Жылқыбай.


— Мініліп жүрген бие ғой?


— Мінілгенмен, мінезі жаман. Өзім әрең деп мініп жүрмін.


Сарманов бұйыра сөйледі:


— Болдырған аттың орнына соны жегіңіз! Тұлықты бір минут та тоқтатуға болмайды! Мініліп жүрген бие ғой, ештеңе етпейді, көндігіп кетеді.


Жылқыбай одан бетер безілдеп:


— Ойбай-ау, қамыт салынып көрмеген асау бие. Тұлыққа жүруші ме еді? Әуелі жеккізбейді де, — деді.


Сарманов қазір осы елдің құдайы. Айттым — болды, кестім — үзілді дейді. Аудан оны өкіл етіп жібергенде, бар билікті қолына ұстатып жіберген.


Ол саудаласып жатпайды. Бұйырады:


— Ничего! Ничего! Осы аттың қай-қайсысы да асаудан үйретілген. Жегіңіз, көрейік. Бір тұлықты тоқтатып қоюға болмайды ғой.


Жылқыбай тұйыққа мықтап тірелді. Қарақоңыр жүзі одан бетер қарайып, түтігіп кетті. Сармановты тыңдамасқа лажы жоқ. Бермеймін деп көрсін, күшпен алады. Колхозға кер биені басы бүтін алам десе, алады. Табады жолын. Жылқыбай бұның бәрін жақсы біледі.


Кер биені қырманға жетелеп келе жатып, Жылқыбай бырқылдап сөйлеп келеді:


— Мейлі, мен айтарымды айттым. Бие асау, мінезі жаман десем, тыңдамайсыңдар. Не үстіндегі баланы, не басқа біреуді жазым етсе, мен жауапты емеспін.


Сарманов пен Жылқыбайдың арасында нендей әңгіме болғанын, қырманға не үшін жетелеп келе жатқанын кер бие, әрине, білмейді. Көздері жалт-жалт етіп, әдемі жұмыр тұяқтарымен тақыр қырманды тық-тық басқанға үріккендей боп, пысқырынып қояды.


Кер биенің тізгінін маған ұстатып қойды да, Жылқыбай ерттей бастады. Енді мойнына қамыт кигізгелі жатыр. «Бұ несі, мыналардың не ойлағаны бар» дегендей, кер бие қамытқа үркектеп қарайды. Тер сіңген қамыттан жат иіс сезініп, сескенгендей қорс етіп, басын аулақ алып қашады. Сарманов ат үстінен бақылап қарап тұр. Қамыт та кигізілді. Мойнындағы ап-ауыр затты қолапайсыз сезінгендей кер бие бүкіл денесімен дір-дір етіп қояды. Постремканың ұштары тұлыққа жалғанып жатқан кезде кер бие бір тықырдың тақалғанын сонда анық аңғарған тәрізді. Көздерінде үрейлі ұшқын ойнап, екі құлағын бірдей жымқырып алды.


— Кел, мін.


— Мінбеймін, қорқам, — дедім мен. Кер биенің асаудан үйретілген мал екенін, бұрын тұлыққа жегілмегенін жақсы білем. Және Жылқыбайдың әлгінде: «Үстіндегі баланы жазым етсе, мен жауапты емеспін», — деп сұмдықты тақап айтқан сөзі есімде.


Жылқыбай бекер сөйлемейді, бір нәрсені болжап, біліп сөйлейді.


Ызадан онсыз да жарылғалы тұрған Жылқыбай:


— Сен мінбегенде, мен мінем бе, иттің баласы! — деп, мені жерден көтеріп алып, үркектеп әзер тұрған биенің үстіне бір-ақ атты.


Ерге жабыса қалғанды ғана білдім. Енді бітті, болар іс болды. Енді ойбайлап, тыпырласам, кер биені одан бетер үркітем. Тақымымды қысып, тізгінді қымқырып ұстап алдым.


— Жүргіз!


Кер бие жүріп кетті. Артындағы тоңқылдаған ауыр тұлыққа оңды-солды қорсылдап қарап қояды. Бірден мөңкіп, алып жөнелмеген соң, менің көңілім аздап та болса орнығайын деді. Арбаға, тұлыққа алғаш жегілгенде аттың қай-қайсысы да азды-көпті тосырқап елеңдейді. Дегенмен, кер бие өте сақ мал, құлағын бір жымқырып, бір қайшылап, жағдайды мүлт жібермей барлап келеді. Сәл бір оғаш жағдай бола қалса, ытырылып алып жөнелуі даусыз. Астымдағы мал емес, тағы аң секілді маған.


Кер бие тулап, алып жөнелсе, не істеймін деп, оны да ойлап келем. Ондайда тоқтатам, еркіме бағындырам деп әуре болу бекершілік. Тек өлмесімді, өз басымның аман қалуын ойлауым керек.


Кер бие тұлық жолын бір айналды, екі айналды. Үш айналды. Енді ештеңе бола қоймайтынына менің де, басқалардың да көздері анық жетті.


— Қане жүрмегені? Жүрді ғой. Тұлыққа жүрмейтін ат бола ма? Шетіңнен қырсығып, колхоз жұмысына кеселдік келтіргенді ғана білесіңдер! — деп Сарманов Жылқыбайға және бір шүйілді де, орта қазан тұрған үйге қарай кете барды.


Жылқыбай үнсіз. Ортадағы мая азайып, таусылайын деген. Баудың қалған-құтқанын ол тұлық жолына айырмен шаша тастап, әкесі бүгін өлгендей қабағын қарс түйіп алған.


Өйтпей қайтсін. Кер бие оның ең бір аяулысы еді. Үстіне өзінен басқа адам мінгізбеуші еді. Мініп, пайдалануынан да мәпелеп күтуі көп болатын. Сол аяулысы колхоздың ең бір ауыр да, оңай бітпес жұмысына жегілді. Енді кер бие кер бие болудан қалады. Колхоздың көн тулақ қыршаңқы аттарының біреуіне айналады. Дәніккен колхоз енді оны иесіне оңайлықпен қайтармайды. Жылқыбайдың еңсесін жаншып алған, міне, осы ойлар. Қара тастай тұңғиық ауыр ойлар.


Мен екі тұлықтың соңында келе жатырмын, Жылқыбай ортада. Тұлық жолына төселген астықты деміл-деміл айырмен қопсытып, аударыстырып тұр. Біз жақындап келгенде, қопсытпай тұра тұрудың орнына, неге екенін, екіленіп кетеді. Жерден басын көтермеген қалпы сабанды әуелетіп шашады. Айырдың жарқ-жарқ еткен болат ұшы аттың бауырына тие жаздап қалады.


Жылқыбайдың қолындағы айырға мен секемдене қараймын. Оның ойында сұмдық бірдеңе барын жүрегім сезе бастағандай. Айыр түгіл, оқыс қопсытылған сабанның бір талы шабына тиіп кетсе, кер бие, сөз жоқ, алып жөнеледі.


Осылайша мен Жылқыбайды, Жылқыбай мені аңдыған минуттар өтіп жатты.


Қасына және бір келіп қалғанымда, Жылқыбай ойға алған сұмдық ісін істеп те үлгерді. Сабанды көтере сілкіп, қопсытқан болып, айырдың өткір ұшымен кер биені тақыр шаптан түртіп жіберді. Аңдып келе жатқан мен анық байқап, көріп қалдым. Кер бие оқ тиген тағыша қорс етіп, алып жөнелді.


Қырманнан шығып, артындағы тұлықты сарт-сарт тепкілеп, лағып барады. Бұл ара егіні орып әкетілген аңыз еді. Әйтеуір жер жұмсақ.


Қырман жақтағы жұрт соңымнан улап-шулап жатыр.


Осындай бір сұмдықтың болып қалуын әуел бастан күткендіктен, мен онша саса қоймадым. Ақыл тоқтатып, енді қалайда мерт болмаудың жолын қарастырдым. Осындай ат алып қашқан кезде өлетіндердің көбі аяғы үзеңгіге ілініп қалып, сүйретіліп, содан өледі. Бұны мен талай естігем. Екі аяғымды бірдей үзеңгіден шығарып алдым. Енді секіруге дайынмын.


Артымдағы ауыз тұлық анда бір тиіп, мұнда бір тиіп, дөңкілдеп келеді. Мен енді секірген кезде сол тұлықтың астына түсіп қалмауды ойладым. Зілдей тұлық зірк етіп, салмақпен жаншып өтсе, күлше қылады.


Құдай оңдап, дәл сол кезде тұлықтың бірдеңесі бырт етіп сынып кетті. Ауыр тас өз бетімен дөңгелеп барады. Кер бие одан құтылды. Тек шұбалған постремкалар ғана аяғына сарт-сарт оралып, есі кеткен биені одан бетер шошытады. Ердің алдыңғы қасын екі қолыммен тірей ұстап көтерілдім де, тәуекел деп секірдім. Лақтырған тымақтай боп жұмсақ аңызға топ ете қалдым.


Кер бие, сенен де құтылдым ба дегендей, артына бір қарап алып, постремкаларды артқы аяқтарымен шошына тепкілеп, безіп барады. Қайда барса, онда барсын, енді менің онда шаруам жоқ.


Шіркін, адам қиялындай ұшқыр не бар екен! Аттан секірер шақта, бас-аяғы бірнеше секундтың ішінде, мен талай нәрсені ойлап үлгердім. Құлаған кезде аяғым не қолым шығып, онша кеп қирап қалмай, шамалы зақымдансам. Сонда үйге барып, біраз күн демалыс алып, тынығар едім деймін. Қанбай жүрген ұйқым мейлінше қанар еді.


Қырсық Құдай менің бұл тілегімді де бермейді. Құлап түскен бетте өзімді өзім сынамаққа орнымнан ұшып түрегелдім. Сөйтсем, төрт мүшем бірдей сау. Зақымданбақ түгіл, мұрным да қанамаған. Тек бетімнің, қолымның әр-әр жерін егіннің тікірейген баясы болар-болмас қанатып, тырнап кеткен. Бұған бола мені үйге ешкім де жібермейді. Еңбегім еш кеткендей болып, біраз ренжіп қалдым.


Пәлені өз істеп алып, Жылқыбай енді айтқаны келген адам болып, масайрап жүр:


— Әне, мінезі жаман ол иттің деп айтпадым ба? Мен мал аяғандай көріп қалдыңдар. Бәрінен де, біреудің қаршадай баласын жазым қыла жаздады ғой. Әңгіменің үлкені, міне, сонда болатын еді. Қайта, байғұстың ажалы жоқ екен.


Жылқыбай менің таңдайымды көтеріп, жерден топырақ алып тастап, ырым қылып жүр.


Жылқыбайдың сұмдық ісі өзінің пайдасына шешілді. Кер биені ол тұлықтан құтқарып алды. Шошып, әдет алып қалған мал енді қамытқа өзі де жоламайды.


Бұның неге бұлай болғанын анық-қанық білетін куә мен ғанамын. Сармановқа осылай да осылай деп, сарнап айтып берсем, Жылқыбайдың аяғы көктеп келер еді. Бірақ мен біле тұра айта алмаймын. Қорқамын Жылқыбайдан.


Сұмдығы көп, қаныпезер Жылқыбайдан мен ғана емес, жұрттың көбі қорқады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу