Әңгімелер ✍️
ТЕПЕҢ-ТЕПЕҢ
Менің масақшылық мамандығым тамамдалды. «Кішкентайсың, көлікке салмақ аз түседі» деп, тұлықтастың атына мінгізіп қойды.
Қазіргі балалар тұлықтасты біле қоймайды. Бұл ұзындығы бір метрдей жұмыр сүйретпе тас. Постремка арқылы аттың артына жегіледі де, астық сонымен бастырылады. Қырманда үш тұлық жұмыс істейді. Әр тұлықтың атының үстінде тепеңдеген бір-бір бала.
Қырманның қақ ортасына мая етіп шоқитып үйген бау. Тұлықтас жегілген аттар сол маяны айналып желеді де отырады. Ересек бір адам баудан тұлық жолына оқтын-оқтын лақтырып шашып тұрады.
Дүниеде қарғыс атқан екі жұмыс болса, оның бірі — тұлықтастың атына міну.
Жұмыс таңқасқадан басталады. Тәтті ұйқыдан «тұр, тұр» деп зорлықпен тұрғызып алады. Шала ұйқы боп атқа қонғаннан түнге дейін тыным таппайсың. Бір басқан ізіңе қайта айналып келіп, жортақтайсың да отырасың. Бейне бір Құдай қарғап мәңгіртіп, тоқтаусыз зырылдатып қойған нәрсе тәріздісің. Біріңнің соңыңнан бірің тынымсыз айнала бересің, айнала бересің. Әрі-беріден соң қажып, мезі боласың. Басың айналып, көзің бұлдырап, төңірек бірге көшіп айнала бастайды. Сонда да тоқтамайсың.
Астыңдағы атың жарау, жүрдек ат болса, ғанибет қой. Арық, жауыр ат. Тепең-тепең тебінудің күшімен әрең жүреді. Екі саның салдырап талып кетеді. Мінгенің қиқы-шиқы жаман ер. Тартпа, үзеңгі бауың үзік-үзік жіп-шу бірдеңе. Отыруға жайлы емес. Тақымға батып, қажап, иттей қылады. Соның біріне де қарауға шамаң болмайды.
Арық кежір аттың тоңқ-тоңқ еткен желісі келі түйгенмен бірдей, ішек-қарныңды үзіп жібере жаздайды. Қатқыл ердің үстінде отыра беруге құйрық шыдамай кетеді. Жамбастап отырасың. Бір жамбасың талғанда, екінші жамбасқа аунап, күйзеліп бітесің.
Тепең-тепең тебіну, қамшылану — арық ат осының күшімен ғана жүреді. Титықтап әбден болдырғанда баспай қалады. Ұрмақ түгіл, етінен ет кесіп ал. Өлтір. Екі құлағы салбырап, теңселіп, құларман болады.
Мал — ол адам емес, қулық-сұмдықты білмейді. Болдырғаны — әл-қуатының біткені.
Жылқыбай безбүйрек, қатал адам. Аттың болдырғанымен шаруасы болмайды.
— Жүргіз! — деп ақырады.
Қырманшы жүрмеген атты басқа ұрасың. Басқа ұрғаннан ат жасқаншақ болады. Кейін жай қамшыланасың да басын ала қашып тұрады.
Көзіне қамшы тиіп, соқыр болып қалған аттар бар.
Сол тұлықтастың атына мінген кезімді ойлап отырсам, қазір де жүрегім солқ ете қалады. Ой, шаршаушы едік-ау! Атпен бірге сен де қажып болдырасың. Бел омыртқаң сырқырап, аяқ-қолың салдырап, ерде отыра алмай кетесің. Жерге түсіп, бір сағат, жарым сағат бой жазып жата кету қол жетпес арманыңа айналады.
Адам — ол мал емес, қулыққа басасың. Ат тізгінін босатыңқырап жіберем де, екі қолымды ішіме басып, бұралып, қинала бастаймын. Ортада бау шашып тұрған қарасұр сұсты Жылқыбай:
— Әй, не болды? Жүргіз! Немене, шешең есіңе түсіп кетті ме? — дейді.
— Ішім-ай, ойбай, ішім...
— Е, ішіңе не болды?
— Бұрап ауырып барады.
Қулық екенін Жылқыбай бірден біледі:
— Оттамай, жүргіз! — дейді зекіп.
Жылқыбай шын ауру болсаң да тыңдамайды. Жеті атаңнан тартып боқтап, керек десе, ұрып та жібереді. Қаршадай сенде әкесінің құны бардай-ақ, қағып қаныңды, соғып сөліңді алады. Мен Жылқыбайды тажалдай жек көруші едім.
Кешке жұмыс соңынан екі аяғымыз талтаңдап, жүре алмай қаламыз. Көзге ұйқы тығылып отырып, кешке тамақты ішуге шамамыз әрең келеді.
Тамағымыз — талқан. Кәдімгі қара талқан. Кішкене пияламен таңертең бір пияла, түсте бір пияла, кешкі бір пияла арпаның талқанын береді.
О, қасиетіңнен айналайын қара талқан! Сен де мені тұлықтастан артық болмаса, кем зығыр еткен жоқсың-ау. Туғаннан көзімді сенімен аштым. Аузым алғаш асқа талпынғанда, апам бөкпен етіп талқан берген. Міне, содан бері қарай сен, қара талқан, менімен ылғи да серіктесіп, бірге жасап келесің. Қайда барсам, айрылмас досымсың. «Мен міне!» деп, жарқырап алдымнан шығасың.
Қыста да талқан, жазда да талқан. Ерте де талқан, кеште де талқан. Ана үйге барсаң да талқан, мына үйге барсаң да талқан. Талқан... талқан... талқан...
Ақ суды талқанмен ішеміз. Көжені талқаннан жасаймыз. Майға да қосылатын осы талқан, шайға да қосылатын осы талқан.
Талкекеңді тамақ етудің тәсілі көп-ақ. Мәселен, сарымайға немесе қаймаққа шылап жеу. Оған шекер сепсе, тіптен абзал.
Майға шыланған талқан шайнау тілемейді, өңештен өзі сырғанап өтеді. Сүтке, айранға шылап жесе де ауыздан түсіп қалмайды.
Талқанды тамақ етудің бұл айтылған бапты тәсілдері уақыты тапшы еңбек адамдары үшін жарамсыз. Біз «әуресі аз» болсын дейміз де, талқанды тамаққа былай жаратамыз: ортада үлкен тай қазанда беті жыбыр-жыбыр етіп шымырлап қайнаған бір қазан қара су тұрады. Содан ыдыспен керегімізше көсіп алып, тиесілі талқанымызды үстіне саламыз. Дәмін кіргізіп түз себеміз. Бұдан кейін қасықпен немесе ағаш қалақпен, ол да болмаса, ортасынан екі бүктеп сындырған шимен былғап-былғап жібер де, аузыңды күйгізіп алмай, кәдімгі балқаймақ жеген секілді ұрттап, көмейіңнен өткізе бер.
Бұдан соң келесі пияла талқанға қалай да өлмей жетуіңе мен кепіл.
Қырман мен ауыл арасы бірқауым жер, қонуға үйге жібермейді. Таңертең бригадир айқай салған кезде ұшып-ұшып түрегелу үшін, қырманның басына түнейміз.
Ұйықтайтын төсегіміз қырман шетіндегі үймек сабанның іші. Соны төбесінен төмен қарай үңгіп, інге кірген суырша кіреміз де кетеміз. Мойнымызға топан түсіп, жыбырлатпас үшін, жағамызды көтеріп, қымтап аламыз. Сабан төсеніш, сабан жастық, сабан жамылғы. Үңгірдің аузын ауа кіретіндей етіп себездеп, бүркемелеп жауып қоямыз.
Таңқасқадан бригадир:
— Тұр! Тұрыңдар! — деп сұңқылдай бастағанда оянып кетеміз. Ұйқының ең тәтті кезі. Тұрғымыз келмейді.
Дүниені өрт басып бара жатса да, жата тұрғымыз келеді. Алда күні бойы атқа мініп тепеңдеу, жан қинау бар екенін ойлағанда, жүректі қайғының уы көміп кеткендей болады.
Бригадирмен қабаттасып айқайлаған қырманшы Жылқыбайдың зәрлі дауысы естіледі:
— Әй, жүгірмектер! Тұрасыңдар ма, жоқ па? Әне, ат келді. Тұрып, аттарыңды ұстаңдар!
Жылқыбайдың дауысы ұйқыны шайдай ашып жібереді. Енді жату қауіп. Ұшып-ұшып тұрмасақ, бураша зіркілдеген Жылқыбай маяның үстіне шығады. Бізді аяғымен теуіп жүріп тұрғызады. Қайда тығылғаныңды таппаса, сабанға айыр сұққылайды. Айырдың ұшы біреуінің бір жеріне кіріп кетер деп сескенуді білмейді ол.
Күн сайын осы. Күн сайын ұйқы қанбай, мәңгірт боп түрегелеміз. Аштық уайым емес, ұйқы уайым. Ұйқысы қанып бір ұйықтаған адамда арман бар ма екен дейміз.
Құдайдан жауын тілейміз. Жауын жауса, жұмыс тоқтайды. Демалып, жетісіп қаламыз. Қашан жауын басылғанша пырылдап ұйықтағанды білеміз.
Бірақ жауын оңайлықпен жаумайды. Күн бұлттанып келеді де, желдетіп, әлгінде жауар деп үміт еткен бұлттың бәрі басқа жаққа ауып кетеді. Сөйтіп, бізді келеке еткендей болады. Аспанның жарқырап келе жатқанын көргенде, көңілді тағы да қайғы бұлты басады.
Жауын бермеген Құдайдан мен енді ауру тілейтін едім. Шын ауырсам, үйге қайтам. Төсек тартып жатқанды білем. Ұйқым мейлінше қанған болар еді.
Ауру бірақ жоламайды.
Тағы да тепең-тепең аттың үсті. Зырылдауықша шыр көбелек айналу...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter