19.08.2021
  515


Автор: Ақселеу Сейдімбек

АЛПАМЫСТЫҢ ЕКІНШІ САПАРЫ

Алпамыс артынып-тартынып ел шетіне тақалғанда, әкесі Байбөрі алдынан шыққан. Байбөріні бұлайша желпілдеткен жалғыз ұлдың жар сүйген қуанышы емес, жанын жегідей жеген қасірет күйігі еді. Осыдан бір апта бұрын еліне жау шапты. Қалмақтың Тайшық деген ханы қалың қолымен шегірткедей қаптап келіп, Байбөрінің малын ойсырата бөліп, айдап кетті. Қашанда көшпелі елдің көңілі малына қарап көтерілген. Ен далада аңдай өрген байлығын Тайшық хан сыпырып кеткен соң, Байбөрі бір-ақ күнде мүсәпір боп қалды. «Мал ашуы мен жан ашуы бір», сонан соң да Байбөрі ызадан булығып, іші күйіп жүрген. Тіптен баласы мен келінінің ырғалып-жырғалған жағасы жайлау күйін көргенде, одан сайын күйіп-пісіп, көкірегін кернеген қыжылын ақтара салып еді. Әкесін көріп, атынан түсіп, ізет көрсеткен Алпамысқа ақыра тіл қатты.


— Тұр былай жолымнан!—деді Байбөрі.— Малыма құрық, басыма сырық тиіп, дұшпанға таба болар сәтімді күткендей осынша неге жетістің! Көрінбесең етті көзіме. Бүйтіп соңымнан ерген тұяғым емес, бетімді қызартар ұятым болғанша, тумай кетсең қайтеді... Шымылдық желбіретіп, жетісер жайым жоқ. Бұр атыңның басын. Тайшық хан алған жылқымның ізін суытпа. Қотыр тайын қалдырмай айдап қайт. Отының басына ойран салып, кегімді қайыр. Осы айтқанымды орындамасаң, сол жақта пенде болып қала бер. Оған еш өкінбеймін. Әкесінің қатты сөзі Алпамыстың қабырғасын қайыстырды. Қабырғасы қайыса тұрып, ашуға булықты. Ақ тілеумен аулына оралғанда, Тайшық ханның салған бүлігі жас жүрегіне кекті жара болып жабысты. Енді дұшпанның өз қылығын өзіне көрсетпесе, сол кекті жара жазылмайтындай.


— Ата!—деп саңқ етті Алпамыс, үнінде тәуекел еткен уыт бар.— Ақ батаңды бер! Жер басып жүрсем, дұшпанға таба етпеспін. Тайшықты тайдай шыңғыртып, қойдай көгендеп, кегіңді қайтарамын. Тілекті Тәңірім бермесе, пенде боп сонда қалармын. Бірақ артымда қалған өздеріңе де алаң болып тұрған жайым бар. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, осы Ұлтан құлдың пиғылынан шошимын. Сапарым созылғандай болса, түбі содан көрерсіңдер қорлықты.


Мұнан әрі Алпамыс алыс та ауыр сапарға аттануға қамданды. Жау жарағын сақадай сайлап, мұздай темір құрсанып, жортқанда жолым болсын деген ниетпен Байшұбардың мойнына тұмар тақты. Содан, бейсенбі күні бесінде үзеңгіге аяқ салып, алты айлық жолдың шетінде жатқан Тайшық хан еліне атының маңдайын қаратты.


Осы кезде артында қалып бара жатқан ел-жұрты қойдай шұбырып, Алпамыстың жолына шығып, ашумен аттанғалы тұрған батырға бір тілек білдіріп еді.


— Ей, шырағым Алпамыс!—десті. көпті көрген ақсақалдар.— Алыс жолға жалғыз аттанып барасың. Осыңның жайы қалай болар екен? Жалғыздық құдайға ғана жарасқан, тіл алсаң, жалғыз өзің барма. Еліңді жинап, көппен бірге бар.


— Уа, жұртым!—деп еді сонда Алпамыс.— Жалғыздың жары бір құдайболсын деген де сөз бар. Құдай жар болсын! Егер шынымен мағанжандарың ашыса, бір тілегіме құлақ салыңдар. Артымда ата-анам қалыпбарады, маған көрсеткен көмектерің болсын, сол кісілердің қас-қабағынақарарсыздар. Сонан соңғы айтарым, әйелім Гүлбаршынның ішінде жеті айлық бала қалып барады. Егер ұл туса, атын Жәдігер қойыңыздар, жетімдіктен жаны жүдеп жүрйесін. Басқа айтарым жоқ. Тағдыр қуанышпен қауышуға жазсын!


Осылай деп Алпамыс жүріп кетті. Ұзын жолға түскен соң, Байшұбардыңеті қызып, ауыздығын сүзе тартып, ұстарадай лыпылдады. Ойындыеті бұлтылдап, қолтығынан тер шығып, алыса-алыса Алпамыстың қарын талдырды. Жүрген сайын ұзын жолдың апшысын қуырып, шапқан сайын ширай түсіп, алысты жақын ете берді.


Алпамыс алты айлық жолдың жартысынан өтіп, толқыны тайдай тулаған айдын көлге тап. болды. Жолсоқты болып келе жатқан соң, суының тұнығына қанып, шалғынын кешіп, тыныс алуды ойлаған. Сол ниетпен ат басын бұрып, тақалып келгенде, ақ жаулығы басында, ақ таяғы қолында бір кемпір ұшырасты. Алпамыс жақын келіп жөн сұраса, кемпірдің көзінде жас, көңілінде мұң. Жас батырды көргенде, аруанадай азынап, бір топ шеңгелді құшақтап зар еңіреп қоя берді.


— Ау, жан шеше!—деп, жөн сұрады Алпамыс.— Мұнша неге жылайсың? Кімнен зәбір көрдің? Айтшы сырыңды, қандай дұшпан болса да қайтарайын кегіңді!


Сонда кемпір көзінің жасын сүрте тұрып тіл қатты:


— Жаратқанның құлағына зарым жеткен шығар, күткенім өзің едің, шырағым Алпамыс. Айтайын сырымды, шағайын мұңымды. Өз жұртың болса да, Байсынның байтақ даласын жайлаған қай Қоңыратты білесің. Әкең Байбөрінің малын бағып, тілеулес болған шешеңнің бірімін. Тайшық ханның тепкісі еліңді есеңгіретіп кетті ғой. Менің азамат болған, атан жілік қырық ұлым бар еді. Несін айтайын, қырқы да бірдей нар еді. Қарынан құрығы түспей, қар жастанып, мұз төсеніп, әкеңнің қалың жылқысына қорған боп жүретін. Сол қырық ұлымды бірдей Тайшық ханның тобыры қырып кетті. Соңдарында сор маңдай болып қырық келінім қалды. Көзімнен қанды жасым ағып, қуарған мыстан болып мен қалдым... Енді, міне, жолыңа тілеу тілеп, алыс сапар үстінде бір тыныс алып өтсінші деп, алдыңнан шыққан жайым бар. Мына қырдың астында, қырық отауды күңірентіп, жеңгелерің отыр. Атыңның басын бұрып, ауыздығын алып, бірер күн жеңгелеріңмен ойнап-күліп, дем алып аттан.


Батыр да болса, көргенінен көрмегені көп, албырт Алпамыс кемпірдің сөзіне дұғадай ұйып еді. Көңіліне еш күдік алмай, жас жаны жабығып, қарт ананың қаяулы көңілін жұбатуға бел буған. «Шығасыға иесі басшы болады» дегендей, Алпамыстың көрер бейнеті, тартар азабы осы бір сәттен басталып еді. Айдалада кездескен жалғыз кемпір — сол бейнет пен азаптың тұзағын құрушы мыстан болатын. Ал бұл мыстанды айдап салып, жол торытып қойған Тайшық хан еді.


Алпамыс: «Иә, сәт!»—деп, атқа қонып, елден шыққан күні Тайшық хан түс көрген. Түсінен жаны түршігіп, жамандықтың хабаршысындай қабылдап, аяқ астында ел-жұртын апыр-топыр жинап алған. Жинап алып, көрген түсін айтқан. Мұнысы түсін жорытқаны емес, сол түсіне шығар күндей сеніп, тақалған қатерден құтылар айла іздегендей әрекет еді.


— Уа, жарандар!—деген Тайшық хан.— Сөзіме құлақ салыңдар. Бүгін бір жаман түс көрдім. Мына жарық дүние тарылып, тарының қауызына сиярдай күн туған екен деймін. Жамандықтың нышанын жасап, құрсаулы қара нарым өзіме қарсы қарап шабынады. Есімді жиғанша болмады, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты бір жас батыр жалаңдап келіп, ел-жұртыма бүйідей тиді. Қаламды шаңға көміп, қақпамды қ^нға малды. Басымнан тәжімді, бауырымнан жарымды тартып алды. Айдарлымды құл қылды, тұлымдымды тұл қылды. Ел-жұртымның тоз-тозы шыққан соң, қабырғам сөгіліп, қасірет шегіп, еңіреп жүр екенмін деймін...


Бұл айтқаным түс болып қана қойса, мұнша түңіліп-түршігер ме едім. Кешегі Жиделібайсын даласын жайлаған қалың Қоңыраттан түре қуып келген жылқыға жоқтаушы шыққан секілді. Сол елде шұбар аттылы Алпамыс деген жас берен бар деп еді. Қартайғанда қу жүрегім жаңылмаса, сол жас батыр атқа мінген секілді. Құлағыма шұбар аттың дүбірі келгендей...


Ау, жұртым, қайтпек керек?! Алдынан шығып, қол қусырып, жылқысын қайырсақ, айыбым деп, қызымды берсем, шыбын жанға сауға болар ма!


Көзге көрінген қатер болмаған соң, жиналған жұрт Тайшықтың түсін жақсылыққа жорып: «Е, тақсыр, түс түлкінің боғы болады, қорықпаңыз, еш нәрсе етпейді!»—десіп қауқылдасқан еді. Бірақ Тайшық райдан қайтпаған. Жүзі қуарып, қабағы түйіліп, айтқанына дауа болар айла күткендей отырып қалған. Осы кезде сол елге жаманшылығымен мәлім болған, жасы үш жүзге жеткен, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар бір мыстан кемпір Жиналға н жұртты елең еткізіп тіл қатқан.


— Хан ием,— деп еді мыстан,— сіз өзіңіз хан басыңызбен дұшпанға жалғыз қызыңыз Қаракөзді беремін деуіңіз қалай? Онан да дұшпанның еріне қыз беріп қор болғанша, өз еліңнің құлына беріп зор бол. Менің басы таз, балтыры қотыр ұлым бар, Қаракөз аруды сол балама қос. Ал мен дұшпаныңды байлап-матап, табаныңның астына салып берейін.


Тайшық хан бұл сөзді жөн көріп әрі мыстанның айласына сеніп, дұшпаны табан астына түсер болса, қызын беретін болып уәде жасаған. Мыстан кемпір болса, сол күні дереу жолға қамданған. Ол үшін ханның қызы Қаракөз аруды бас қылып, қырық қыз таңдап, қырқын да келіншекше киіндіріп, басына жаулық салып, әрқайсысына бір-бір отау көтерткен. Бұған қоса қырық шөлмек арақ алып, Алпамыстың жолын торуға асығыс жүріп кеткен. Жаңағы айдын көлдің жағасында Алпамыс батырға мұңын шағып, зар еңіреген бейбақ, міне, осы мыстан кемпір болатын. Әрине, мұны білген Алпамыс жоқ. Жас жүрегі елжіреп, қорғансыз қарияға қамқор ниетпен құрақ ұшып, Байшұбарын көлденең тартып еді. Осы кезде адамнан есті жалғыз серігі — Байшұбар мыстанның әрекетінен бір белгі бергең. Үстіне мінбекші болып оңтайланған кемпірді қос аяқтап теуіп жіберсін. Кемпір есінен танып құлап түсті. Бірақ көн боп қйтып алған сірі жан пәле кешікпей-ақ есін жиып, ербиіп басын көтеріп, Байшұбарды жамандай жөнелген.


— Шырағым, Алпамыс-ау!—деп мыстан кемпір аярлана тіл қатты.— Мына мініп шыққаның сырты түкті, іші боқты жабы екен ғой! Ойбай-ау, сендей жалғыз жабыны жауға міне ме екен! Ара күндік жол жүрсе , аяғынан ақсайтын, алдыаспанды суырсаң, жау жеріне тастайтын — нағыз жауың осы болмақ. Қарағым, Алпамыс, елге қорған болсаң да, еркелігің қалмапты ғой. Тілімді алсаң, бұл шұбардың басын кесіп таста. Ертеден салсаң, кешке озар, етектен салсаң, төске озар қазанат тауып берейін, Шұбар аттың қылығын шәлкестігі деп ұққан Алпамыстың ойына мыстанның сөзі шоқ салып үрлегендей әсер етіп еді. Демде лып етіп, ашушақырған жас батыр жарқ еткізіп қылышын суырып алды да, астындағы қыл құйрықтың қаз мойнын нысана етіп шауып жіберді. Жалғыздың жары — құдай, осы тұста бір ғажайып іс болды. Алпамыстың қылышы жел үрген жапырақтай жалт етіп, қара жерді қапты. Мыстан кемпір бұл тұста да айла тауып, Алпамысты алдарқата шақырып, асықтыра жөнеліп еді. Алдыға түсіп, бүкеңдеп жүгіріп бара жатты.


Мыстан кемпір алдыда, Алпамыс артта. Мыстан бүкеңдей жүгірген күйі шақ-шақ етіп сөйлеп келеді.


— Уай, өңшең шұнақ қар! Қырқың бірдей қайда құрып кеттің?! "


Алпамыс келеді, Алпамыс! Табалаған дұшпанды табандарыңа салып береді. Алыс жолға аунап-қунап аттансын, жайылып жастық, иіліп төсек болыңдар. Шығыңдар сыртқа тезірек!


Бір елдің ішінен Қаракөз айымды бас етіп сүзіп алған өңшең ақмаңдай ару қырық отаудан жүгіре шыққанда, Алпамыстың алдына сұлу қыздарды шашу етіп шашқандай болып еді. Өңшең перизат шапыр-шұпыр болып, шуылдаса жүріп, Алпамысты ақ кілемге түсіріп алды. Бірінен-бірі асқан қырық қыз қылымси күліп, қымсына жүріп, жас батырға кезек-кезек қызмет көрсетуде. Алпамыс болса, албырт көңілі судай тасып, күлім көз арулардың ықылас-пейілін тамашалап тояр емес. Мыстан кемпірдің әбден шегелеп, үйретіп тастаған ақылын қаза етпестен қызмет көрсеткен кырық қыз да еш сыр берер емес.


Тек қана Қаракөз ару Алпамысты бір көргенде-ақ жас жүрегі өрекпи соғып, бөлек бір сезімге шырмалғандай болған. Осыдан кейін өз қылығының оң-терісіне мән берместен Алпамыс түскен отауға үш рет кіріп шықты. Дәл қазір Қаракөз сұлу дүниенің бәрін ұмытып, осынау ойда жоқта ұшырасқан жас батырдың тілеуін тілеп кеткендей күйде еді. Алпамыс та Қаракөздің таң алдында дара туған Шолпан жұлдызындай ерекше жаратылысына таңырқай көз салған. Сонымен, Алпамыстың көңілінде тарыдай күмән жоқ, алдына келген асты алып, аузына тосқан арақты ішіп, жата берді. Бір-екі рет мыстан кемпірдің өзі келіп, аяр күлкімен алдарқатып, арақты баса құйып кеткен.


Уылжыған жас батырдың тәнін улау қиын ба, кешікпей-ақ ірге түріліп, Алпамысты желпінте кеу-кеулеп қыздырып-ақ тастады. Осы кезде ханның қызы Қаракөз шыдай алмай, Алпамысқажанасқан болып, шымшып кетіп еді. Қу мыстан мұны да жаза жіберген жоқ.


— Әй, шайтан, түсіндім ниетіңді, жолама бұған! Енді бүйтсең, барған соң әкеңе айтып, сорыңды қайнатармын!—деп, жыландай ысқырыпқуып тастаған.


Бұл кезде алдарқатып баса ішкізген арақ Алпамыстың буынына түсіп, әбден масақ тартып, ұйықтап кеткен еді. Мыстанның күткені де осы болатын. Дереу қырық қызды шоқтай үйіріп, қырық отауды жықтырып, Алпамыстың үстіне үйді де, от қойып жіберді. Ханның ен, тегін мүлкін аясын ба, өңшен асылға малңнған қырық отау дүрілдей жөнелді. Басы мыстан болып, кырық қыз шуылдаса қуанды. Сандарын шапақтап, от айнала ербеңдеп, албырт батырды келеке етті. Тек патшаның қызы Қаракөз ғана қыршын жасқа қабырғасы қайыса мұңайып, ақ жүзі күн жеген шүберектей қуарып, көзінің жасын ішке жұтқандай күйде еді. Көз алдыңда Алпамыстың ер тұлғасы елестеп, көңілі құлазып тұрды. Төбе болып үйілген қырық отаудың будақтай көтерілген түтіні түстік жердегі Тасты қаласына бірден көрінген. Мыстаннан айла артылған ба, бұл қалада жасырынып жатқан қалың әскер түтінді көргенде, атқа қонбақшы болып уәде берген.


Сол уәде бойынша лап қойған нөпір қол өртенген отау шоқтанып үлгермей-ақ сау етіп жетіп келді. Келген беттерінде аттарын қаңтара салысып, Алпамыстың күл болған денесін көруге асығып еді. Шоқайнаның сөнгеніне де шыдамастан, қалың қоламтаны аршып көрсе, о, ғаламат!


Алпамыс балбырап ұйықтап жатыр. Мұны көрген қалмақ жігіттерінің таңданысында шек болмады. Кейбіреуі шыдай алмай, күрекпен шоқты көсіп алып, Алпамысты қайта көмбекші болып еді, жайнап жатқан қоламта батырдың денесіне тақала берсе, күл боп кетеді. Бұл жағдай қалмақтардың жүрегіне үрей ұялатып, жас батыр оянбай тұрғанда, дереу байлап тастауға асықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу