Әңгімелер ✍️
Шешендік тәсіл
Совхоздан он үш кісі — жігіт-желең, жасөспірімдер ағаш дайындауға жіберілді. Бұлар онда норманы әбден орындап болғанша үш-төрт аптаға барады. Басқарушы болып Александр Щиблетов тағайындалды. Совхоз директоры бұларға жол болсын айта келіп:
— Демек, Щиблетов, сен енді Айсаның өзісің, ал мыналар сенің қоластыңдағы әулиелерің, — деп әзілдеді.
"Әулиелер" ду күлді. "Айса" ұшқырлық жасамай, байсалды түрде езу тартты. Ол өзін контордағылардың басқарушы етіп тектен-тек тағайындамағанын сол арада-ақ көрсетті.
— Ертең сағат жетіде мектептің жанына жиналамыз, — деді ол салмақпен. — Кешігу деген болмасын. Ешкімді де аялдап күтер жайымыз жоқ.
Директор оған біршама таңырқап қалған еді, "әулиелер де" бір-біріне қарай қалысты... Щиблетов директорға "қош-сау болыңыз", деді де, өзіне қолайсыз міндет жүктелгенін, бірақ оны орындау керек екенін түсінген адамша контордан шықты.
— Естідіңдер ғой, э-э... жұмыс бастан-аяқ тап-тұйнақтай болсын, — деді директор. — Бір аптадан соң сіздерге өзім де келіп қайтамын.
"Әулиелер" контордан шығып, үйді-үйіне тарар алдында тоқтай қалысып дәлізде шылым шекті. Тиіп-қашты әңгіме басталды.
— Щиблетовті айтамын... көрдің ғой? Әлден-ақ құйрығын қайқайтып шыға келді.
— Иә-ә... Мансапқа жаны құмар екен.
— Қылдан тайып кеттің-ақ қырына алады, — деді Славка Баратусь, — құныс қатынның байы, талпақ танау, тапал жігіт.
— Онда сен бар да Эльбрустың басына шық, — деді Борис Куликов, Славкаға тұнжырай қарап, бұл өзі жайбасар, денелі жігіт болатын, екі рет сотқа жүгінуіне себеп болған көзсіз батырлығымен аты шыққан болатын.
— Сен алдымен бар да басыңды жаз, — деп Славка қағытты оны.
— Бұл өте абзал сөз және өзі дер кезінде айтылды. Борис бір гүж ете қалды да Дүкенге қарай аяңдады.
Басқалары да бет-бетіне тарап кетті.
Сағат жетіде мектеп маңына Щиблетовтан басқа ешкім келмеді. Аяғында киіз етігі бар, үстінде жылы астарланған жан қалталы шолақ шұға пальто ("москвичка"), қоржын шалбар, басында былғары тысты құлақшын. Күн қақаған аяз. Щиблетов тоңғанын білдірмеуге тырысып, жабық машинаны төңіректеп әрлі-берлі жүрді де қойды. Алдын ала кабинадан өзіне орын сайлаған еді, алып шыққан буыншағын да сонда қойды.
Щиблетов Александр Захарович қырық жаста, тың игерушілердің алғашқы тобында келіп, осында біржолата қалып қойған. Бірден мемлекеттен қарыз алып, өзіне өзен жағасынан үй салды. Жаз айларында оған әйелі келіп-кетіп жүреді... тек ол әйелі ме, басқа ма осы жағы түсініксіздеу болатын. Паспорт бойынша әйелі, іс жүзінде ерімен жылына бір жарым ай ғана бірге тұрады. Әйелі болғаны сол ма? Ауыл адамдары түсіне алмай жүрді, бірақ сұрау салып ушықтырған ешкім болған жоқ. Кейде біреу-міреу мастықпен:
— Сендер бүйтіп қалайша тұрасыңдар? — деп сұрай қалғанда:
— Осылайша, — дей салады Щиблетов.Әйелім жақсы қызметте, сонысын қиып тастап кете алмай жүр.
Жігіт шынын айтпайды, сондағы жасыратыны не екенін бір құдайдың өзі біледі. Жұрт оны осындай томаға-тұйықтығы үшін жек көретін. Щиблетов өз ісіне жетік автомашина слесарі, арақ ішпейді, жиылыстарда тауып сөйлейді, сөйлегенді жақсы көреді, оған алдын-ала дайындалады. Сөйлегенде цифрлар, дәлелдер келтіре сөйлейді. Сөзінде фамилияларды, шынында, сақтана сараң атайды да, көбіне "бұған өзіміз кінәлі" дегенге баса түседі. Бастықтардың алдында байсалды, сыпайы. Жарамсақтанбайды, атамаңыз, ал Құрмет тақтасында тұрғаннан да гөрі одан үлкендеу бірдеңе дәметкендей боп жүреді.
Өзінің басқарушылыққа іліккені де осы ғана.
— Достар асығар емес, — деді Щиблетов.
— Келеді ғой, — деді шопыр, сөйтті де буындарын сытырлатып рақаттана керілді. Осыдан соң моторға от берді. — Ол арада тықыршып тұра бергенше мұнда келіп жылын.
— Келетінін білемін, келер-ақ. — Щиблетов кабинаға кірді,бірақ жетіде деп айтылды ғой.
— Қазір келеді. Сен Бригадир екенсің ғой.
— Иә.
— Қазір келеді. Әнеки, келе жатыр!.. "Әулиелердің" алды келе бастады. Щиблетов кабинадан шықты.
— Достар!..Ол сағатының әйнегін сұқ саусағының тырнағымен тықылдата тұрып басын шайқады.
— Үлгереміз ғой, — десті басқалары оның көңілін аулап.
Куликов ең соңынан келді. Тәрізі, жүрер алдында жақсылап бас жазса керек, саңлағы көтеріңкі көрінді.
— Сәлеметсіңдер ме, қырандар! — Ол бәріне сәлем берді. Ал Щиблетовке арнайы түрде. — Шүйіле ұшатын емес... шоқып жейтін қырандар. — деді.
— Отырыңдар машинаға! ,деді деп бұйырды Щиблетов.
— Отырмай, қайда кететін едік, — деп Куликов гүж ете қалды. Щиблетовтің тыжырынғанына да қарамастан,Отыралық... ғазиз жан үшін.
— Бәріңе де айтарым! — деді Щиблетов қатқыл дауыспен, машина үстіндегілерге қарап. — Мұндай бассыздық бұдан былай қайталанбасын!
"Әулиелер" түсіне алмай қалды — нені қайталама дейді?
— Мен кеше сағат жетіде аттанамыз деп ескерттім... Қазір он бес минуты кем сегіз. Мен әрбір кешіккенді бұдан былай тізімдеп жазып отырамын. Түсінікті ме?
"Әулиелер" таң-тамаша болып не дерін білмеді... Бәрі де Щиблетовке қарап қалған. Щиблетов бұлардың чалдондық бастарымен ойланып боп, берер жауабын күтпестен жалт бұрылып, алақанын аузына төсеп, бір жөткірді де кабин аға кірді.
— Кеттік. Кеттік.
— Осы Куликовтың ішпей жүретін күні бар ма екен? — деді Щиблетов.
— Сен оны өзінен сұра, — шопыр тұрпайы жауап берді. — Жауабын өзі айтады. Бұлайша сырттан анықтама жүргізу деген қайдан шыққан. Ол тірі адам, нақ жаныңда келеді, сұра өзінен.
Щиблетов үндемеді. Алға, жол бойына көз жіберді, байсалды, ойлы пішінде келеді.
Селодан шыға бере-ақ шайхананың тұсына келгенде машина үстіндегілер кабинаны қақты.
— Бұларға не керек? — Щиблетов елең ете қалды.
— Жылынғылары келеді де. — Шопыр шайханаға қарай ойыса бастады, — бұл ара жылы болғанымен машина үстіндегілер тоңады емес пе, жол ұзақ.
— Тоқтама мұнда! — деп бұйырды Щиблетов. Шопыр оның бетіне қарап күлді, ешнәрсе деместен кабинадан шығып, есікті сарт еткізіп жапты. Машина үстіндегілер секіріп-секіріп түсе қалып, көтеріңкі көңілмен жамырай сөйлеп, шайхананың есігіне қарай беттеді.
Щиблетов те жалма-жан кабинадан шыға келе адымдай басып, "әулиелерді" басып озған бойы шайханаға кірді. Шайхана жаңа ғана ашылған екен, іші мұздай суық, бір тәуірі бұрышта пеш маздап жанып тұр, түтін, шала жанған қарағай иісі аңқиды, пеш аузында жатқан келдектерден бұрқыраған бу сыздықтай созылып пеш көмейіне кетіп жатыр.
Буфет қызметшісі күлімдеген қара көзді сүйкімді жас келіншек өзіне бұрыннан таныс жігіттерді терезеден көре сала:
— Қалың тобыр келе жатыр. — —деді.
Щиблетов сокі алдына жетіп келіп:
—Арақ сатылмасын. Тіпті, болмаған күнде — бір стақаннан шарап босатылсын, — деп бұйырғанда келіншек қатты қайран қалды.
Тобыр лап бере шайханаға келіп кірді. Қым-қуыт, дырду. Әлдекім үлкен тақтаға жазылған: "Мас боп ішіп ағашты ол қиратты, мүлде ұмытып жұрт алдында ұятты" деген сөзді дауыстап оқып тұр. Жазудан жоғарырақ жіп-жіңішке қайыңды сындырып алып жылап отырған ұсқынсыз бір маскүнемнің суреті тұрды.
— Қайғырып отыр! Аянышты-ақ.
— Мұнда мойның үзілсе де аяйтын ешкім жоқ, — дейді Борька Куликов, бір стақан араққа деп бір сом мен бірнеше тиынды жаялықтай алақанына салып санап жатып.
Бәрі де Галямен жайраңдай амандасып, қалталарына қол салуда.
— Жігіттер, сендерге арақ сатуға рұқсат етпейді. — Галя қу қасақана бәріне бірдей естірте дауыстады.
— Кім? — Бірнеше дауыс бірден шықты.
— Мына бір жолдас... Сендердің үстіңнен кім қарайтынын мен қайдан білейін, саттырмайды.
— Достар. — деді Щиблетов "әулиелерге",бір стақаннан шарап ішуге рұқсат! Жолға шығар алдындағы дәстүрді бұзбай-ақ қоялық. Ол үшін қызыл да жарап жатыр.
Борька Куликов алақанындағы тиындарын санаған бойы басын көтерместен, Щиблетовке тесіле қарады. Оның бұл сөзін ақылға сыйғыза алмай тұр.
— Немене, не дедің?
— Арақ ішуге рұқсат бермеймін.
Борька ақшасын қалтасына қайта салып, Щиблетовке тұра ұмтылды. Шамалап айтқанда, ол сот кесігін осындай мінезбен арқалайтын. Оның бер жағында қарсы алдында қанша адам тұрғанын біреу ме, екеу ме, қаперге де алмайды. "Әулиелердің" арасындағы жасы үлкені Иван Чернов Щиблетовті қолтықтап шайханадан алып шығып кетті. Баспалдақтан түсе бере Щиблетов осы мен де еркек емеспін бе дегендей, намыстанып қолын бұлқына жұлып алды.
— Мұны қалай деп түсінсе болады? Жарымес пе өзі, немене?
— Жүр. — деді Иван оны машинаға қарай жетелеп Оның жыны ұстаса, жарым да емес, толық есалаң боп кетеді. Кабинаға бар да отыр. Бастықсымай-ақ қой, бәрі де жүз елуден ішсін, мен де ішемін.
— Немене, үйлеріңде ішуге болмады ма?
— Үйде іше алмадық. Сенің нең кетіп барады. Жападан-жалғыз тұрасың... Отыр араласпай... Содан дұрысы жоқ.
Щиблетов бүкіл жол бойы үндеместен алдынан көз алмай отыра берді. Машина үстінде Борька Куликов айғайға басып келеді:
Біздің айлақ ғажап сұлу аймақта,
Кемелер кеп кірді біздің айлаққа.
Атаманның саулығына тағы ішіп,
Жігіттер жүр стақанын қағысып.
— Сібірдің жыртық байпағы, — ызалы Щиблетов кекей күбірледі. — Сайрандап дейді!.. Оның не екеніне түсінсе екен-ау сонда.
Машина үстінде айғай үдей түсті:
Екі пышақ жалт-жұлт көзге елестеп,
Шықты дауыс: — Біздің адам емес, — деп.
— Уа, Гари, көрсетеміз біз саған,
Айбат шекті өзі мастау атаман. —
— Берерсің жазасын, берерсің, — деп күбірледі Щиблетов. Барар жерге келіп жетіп Жұрт ондай-мұндайларын үйге кіргізісімен пеш жағылды. Щиблетов:
— Қазір қысқаша өндірістік жиналыс өткіземіз! — деді. Келгендердің бәрі де Щиблетовті тыңдамақ болып сәкі үстіне жайғасты. Жиналыстың аты жиналыс, басқа емес. Щиблетов дәптері мен қаламын (алдын ала сайлап қойған болатын) үстел үстіне қойып, қолын аузына төсеп бір жөткірініп алды.
— Шопыр әзір қайтпай тоқтай тұрсын, хаттаманы ала кетеді... Оны өзім жасағаным жөн шығар. Қарсылық жоқ па?
— Төпей бер.
Щиблетов тағы да бір жөткірініп қойды.
— Жиылысымыздың күн тәртібінде екі мәселе. Рет-ретімен айтайын. Бірінші мәселе: алдымыздағы ағаш дайындау жұмысына байланысты біздің міндетіміз. Өздеріңіз де білесіздер, жолдастар, біз ағашты кесіп құлатып, бұтауға тиіспіз. Былайша айтқанда, көктемде ағызуға әзірлеуіміз керек. Бізге берілген мерзім төрт апта, яғни бір ай. Осымен байланысты мен социалистік міндеттеме қабылдап, керекті ағашты торт емес, екі жарым аптада құлатып болуды ұсынамын...
— Ой-хой дерсің!
— Құлата салатын қатын емес қой ол
— Қанша құлатсақ, сонша құлатамыз да. Күні бұрын бөсудің қажеті не?
Щиблетов қолын көтеріп жігіттерге тоқтау айтты.
— Сабыр, сабыр етіңдер. Түсіндірейін: біз негізгі базадан жырақ кеткен кішкентай ұжым болғанымызбен, ол өзінің тәртібі, шағын болса да өзінің жоспарлы жүйесі бар ұжым болып қала бермек. Біздің бұл жүйені бұзуымызға ешкім де жол бермейді. Дауысқа қоямын.
Дауысқа салынды. Қабылданды.
— Екінші мәселеге көшейік, — жиналыстың аяқ алысына көңілі толған Щиблетов сөзін одан әрі жалғастырды. — Ол Куликов туралы.
Үй іші тым-тырыс бола қалды.
Пеш жанына жайғасқан Куликов бойы жылып, қалғи бастаған еді, селк ете қалып, Щиблетовке қадала қарады.
— Ашып айтқанда: алғаш қадам басқаннан-ақ Куликов біздің ұжымда өзін дұрыс алып жүре алмады. Мен өзім де аппақ әулие емеспін, бірақ әрбір басбұзарлықтың өзінің шегі бар. Куликов мұны ұмытты. Біз осыны ескертеміз оған. Совет адамдарына тән мінез-құлық қалпы бар, оны бұзуымызға ешкім де рұқсат бермейді, — Щиблетов шырқай түсті: сөздері емін-еркін үйдек-түйдек шығады. Ол келе-келе түймелерін ағытып, үстіндегі пальтосын да шешіп тастады. — Мәселенки, мынадай бір жағдайды алайық: біз сең үстінде ағып келе жатыр екенбіз. Ортамызда басбұзар бір жексұрын пайда болды. Көпшілік дұрыс бағыт ұстауға жан салып келе жатса, әлгі жексұрын көрер көзге бөгет жасайды. Басқаларға қаскүнемдік ойлайды. Мәселені адалынан, ашық қоямын: сол жексұрынға не істеу керек?
— Суға тоғыту керек. — деді Славка Братусь.
— Тоғыту керек. — Щиблетов қостай кетті. — Басқалар өз басын аман сақтап, дұрыс бағыт ұстау үшін керексіз адамды аямай, суға лақтыру керек.
Жігіттер кейінде осы жиналысты еске алып: біз "қас қағып" "есімізді жия алмай" қалдық десіп жүрді... Өтірік айтады сайтандар. Яғни, өтірік айтайын деп айтпаған Борька Куликовтың Щиблетовке соншалық шапшаң жетіп келіп: "Суға тоғытпағың мен бе?" деп оны жақтан үш рет қондырғанын мадақтаймыз деп жұртты шатастырып қойған. Сонда Щиблетовтің: "Ақымақ неме, бұл шешендік тәсілмен айтылған сөз емес пе" деп дауыстауға мұршасы әрең келген-ді. Алайда, Борьканың жұдырығына тойтарыс бере алмаған. Жігіттер жабылып Борьканы әзер тоқтатты.
Щиблетов шопыр екеуі селоға қайтып кетті де, содан қайтып оралған жоқ. Совхоз директоры келіп "әулиелерді" әрлі-берлі қуырып, ал Куликовқа "жол азығыңды әзірлей бер" — деді. Мұнысы сотталасың дегені еді. Бірақ сенбі күні ағаш кесушілерге тамақ әкелгенде Щиблетовтің істі сотқа бермегені, өзінің таяқ жеуіне себепші болған сөздері дәлме-дәл жазылған хаттаманы... директорға бергені хабарланды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter