Әңгімелер ✍️
Тисе терекке, тимесе бұтаққа
Қақпа алдындағы орындықта шал отыр. Кешкіре бастаған осынау шағырмақ күн сияқты, бұл да бой алдырған, күрең қабақ. Ал мұның да жаймашуақ күндері болған ертеде, жер бетімен бұл да арындай адымдап, алыс-жақынын талғамаған. Енді, міне, село үстін түтіндетіп, тып-тыныш кеш те келді. Жүзін әжім басқан, ұзын бойлы, қағылез жігіт шалдың жанына келіп отырды. Мұндай жігіттер көрер көзге әлжуаз сияқты болғанымен, іске берік, өгіздей көнтерімді келеді. Моншаға да бабымен түседі. Жігіт ауыр күрсініп қойып шылым шекті.
— Серуендеп жүрсің бе? — деп сұрады шал.
— Мұның аты серуен емес, ата, — деді Иван бөгеле түсіп.
— Ит көзі түтін танымас деген осы. Бір жарым сом ақшаң жоқ па?
— Ол маған қайдан келмек?
— Шекем кеміріп әкетіп барады.
— Жұмыс жағың қалай?
— Қалай дері жоқ. Қолыңа айыр ал да мал қораға бар дейді.
— Оны кім айтады, директор ма?
— Иә. Ал үш бірдей мамандық менің қалтамда тұр, тоғыз сыныпқа жуық білімім бар. Аса бір саналы жігіт екенсің, ол қамытты өзің-ақ ки дедім оған.
— Правоңды қанша уақытқа деп алған еді?
— Бір жылға. Ал сондағы ішкенім бір саптыаяқ сыра! Бір стақан қызыл ғана. Сыныққа сылтау керек емес пе... Былтырдан бері мені аңдулы еді, ол иттің ғана баласы. Бірде мен оны сабап та салғанмын, содан бері тісін қайраулы...
— Сен өзің, жігітім, жұртпен сыйыса алмайтын болсаң керек... Жұмыста ыждаһатты болған дұрыс қой. Енді не істей қоймақсың? Олар бастық...
— Бастық болса қайтейін?
— Қайтпесең отыр енді шоңқиып. Үш бірдей мамандығың бола тұра отырасың енді. Кейде ауызға ие болған жөн.
Бақшаларда қу жапырақтар жағылды, кешікпей жер жырту керек: жыл сайын осылай, адам деген сонда да бір жалықпайды, түтіннің, борсыған жердің осынау ащы да қоқсық иісімен тыныстаудан жазбайды.
— Кейде ауызға ие болған жөн, жігітім, — деді шал тағы да бақшадағы оттарға көз жібере отырып. — Бізге сол керек.
— Мен оларды онша балағаттап та жатқан жоқпын, — деген болды Иван. — Ал егер өзіме келіп тиіседі екен, онда... Ең бастысы мен ереже бұзғаным жоқ! — деп тағы кейіді ол. — Бір стақан шарап, бір саптыаяқ сыра үшін бір жыл құқыңнан айырар ма... Арамтамақ неме десеңші!
— Менің кемпірім бақша ішінде жүр ме екен, шарбақтан қарашы?
— Оны қайтпексің?
— Пештің қуысында бір бөтелке самогон бар еді. Соны алып келіп, сенің басыңды жазсам ба деп едім.
Иван ұшып тұрып, бақша жаққа қарады.
— Сонда жүр екен, — деді ол, — арғы шетте жүр. Бұл жаққа қарай да қояр емес.
Шал үйге барып бір бөтелке самогон мен азын-аулақ нан, стақан алып келді.
— Манадан бері неге айтпадың мұны? — Иван сұғына кірісті. — Отырсың үн шығармастан!..Ол стақанға толтыра құйды да, демін алмастан бір-ақ жұтты. — Мен тұнығынан гөрі осындайын ұнатамын. Мұның иісі бар, бензин сияқты. Көп ойланып та жатпайсың. Кха!.. Іш. Бір-ақ тарт.
Шал жаймен ішіп салып, нан жеді.
— Бензин сияқты емес пе?
— Кәдімгі самогон. Қайдағы бензин?
— Уһ, жаным-ай! — деп Иван өзін алақанымен көкірекке түйіп қалды. — Енді өлмейміз. Рақмет, қария. Менікінен шегесің бе? — "Памир" сигаретін ұсынды.
Шал икемсіз саусақтарымен шылымды әрең ұстап, оны жұмсартып уқалап-уқалап отырды да тұтатты.
— Петька хат жазып тұра ма?
— Жазады. Мен кешікпей өлемін, Иван.
Иван шалға шошына қарады.
— Қойыңызшы, қайдағыны айтпай!..
— Қайдағы де, жайдағы де мейлің, жазмыш солай, — деді шал жаймен.
— Бір жерің ауыратын ба еді?
— Жоқ, сеземін. Менің жасыма келгенде сен де сезетін боласың.
Самогоннан кейін жадырап, пейілі кеңіген Иванның өлім жайын сөз еткісі келмеді.
— Қой, өйдеме! — деді ол. — Әлі де жүре тұр. Гармонь әкелсем бе екен?
— Әкел
Иван жолды кесіп өтіп үйіне барды. Кешікті. Сонан соң гармонын алып шықты, бірақ тағы да көңілсіз.
— Бәрінен де бұрын шешемді аяймын, — деді ол.
— Сонда да жүріп кетпексің ғой?
— Иә, енді не істеймін? — Иван әлгіде ғана шешесіне жүремін десе керек. — Мен мұндағы жұмысқа бара алмаймын... Керек емес, түбі түссін түгелімен! Мен Солтүстік теңіз жолынан өтіп келгенмін... Моторшымын, бесінші дәрежелі, слесарь-ұстамын... Жарайды, бір жылға дейін машина жүргізбей-ақ қойдым, сонда не үшін... жарайды, атасына нәлет. Иван әлде бірдеңені тартпақ болып гармонын қолына алды да, қайтадан қоя салды. Ол тағы да мұңайды. — Жолым болмай-ақ қойды, ата. Сұрамаңыз! Қиыр Шығыста үйлендім, әйелім қыз тапты. Бірақ желігіп алды да, Ленинградтағы шешесіне кетті. Ұқтың ба. — Ол өзінің қалай үйленгенін әдетте жиі әңгімелейтін-ді.
— Ленинградта не тындырмақ?
— Қиыр Шығыста техникум бітірген. Маған десе ол одан әрі кетсін, қызымды аяймын.
Түсімнен шықпайды.
— Сонда бармақ екенсің ғой?
— Әйеліме ме? Ол күйеуге шыққалы екі жыл болды... Жас әрі сұлу албасты емес пе...
— Енді қайда бармақсың?
— Бір туысқанды іздеп бармақпын. Сондағы шахтаға түсіп жұмыс істеймін. Онда біржолата қалып та қоймаспын. Бәлки, бір жылдай істейтін болармын...
— Бір жыл дегеніңнің реті келе қоймас. Үйден безіп кетуді ойыншық етіп алғансыңдар, түге.
— Сонда мен мұнда не істемекпін? — Иван тағы да ертоқымын бауырына алды. — Қора сыпыруға барайын ба. Қоя гөр өзімен кетсін. — Ол гармонын құлаштай тартып, қасақана көңілдене, уыттана әнге басты:
Бір әйелмен тұрамын
Ум-па-ра-ра-ра!
Кетіп барад сол әйел,
Кетті қайда?
Шошындың ба, ойының
Осылды ма?!
Шал баяғысынша жаймен отырып тыңдай берді.
— Өлеңді мен өзім шығарамын, — деді Иван, — қолма-қол, табанда. Түні бойы өлең айтуға бармын:
Бетіне де қараман, бүйірінен,
Соған қашан айтшы мен иіліп ем,
Алтын жиек жан-жағы оймышталған...
— Әумесерсің-ау, Ванька, — деді шал. — Шошқа қораға барып бір жыл жұмыс істей тұрмассың ба... Шешеңе жаның ашымайды. Ол байғұс өмір бойы жалғыз тұрып келеді.
Иван гармоньды қаңтарып, көпке дейін үн-түнсіз отырды.
— Онда тұрған ештеңе жоқ, қария. Ызаға шыдай алмаймын. Өзіңіз ойлаңызшы, маған берейін десе, олардың қызметі жоқ па? Басы артық бір слесарь ұстаса, бірдеңелері кете ме? Садағаң кетейін-ау!.. Директор маған өш, оның қызын бір-екі рет клубтан үйіне дейін шығарып салғаным бар-ды, содан бері ол қауіп ойлай бастаған. Қауіптенетін де реті бар: қызы жүрген нағыз ала құстың өзі. Мен деген дөңгелете білемін ғой... Мен оған жақсылап тұрып сыйлық тартқан да болар едім... Әттеген-ай, бекер-ақ солай істемеген екенмін.
— Етегіне орап алып барса дейсің ғой! Сыйлығыңды?
— Иә. Томпитып. Сегізінші наурызға деймін де.
— Бұл сенің қолыңнан келеді де.
— Жабығамын, қария. Неліктен бұлай? Еш нәрсеге зауқым соқпайды... Тек көз алдымдағының... қалай еді, әлгі... куәсі сияқтымын. Бір жолы куәлікке жүргенім де бар: әлдекім екінші біреуді көзден періп кеп жіберген еді, ананың көзі көрмей қалды. Енді, міне, сот алдында отырмын, еш нәрсеге түсінсем бұйырмасын: менің мұнда не шаруам бар деймін. Мұндайда есуастық болады екен! Ал көрген екенмін — болды емес пе сонымен? Сот біткенше әуреге түспесім бар ма. — Иван бақшадағы оттарға көз жібере күрсінді. — Қазір де тап соның кері. Отырғаным мынау: "Бұл арада менің нем бар?" Сот ұзаққа созылғанымен ақыры аяқталды да, мен жайыма кеттім. Ал мұнда қайда бармақсың? Барар жер жоқ.
— Бұл арада бір-ақ жол бар, ол— о дүниеге аттану жолы.
Иван стақанға самогон құйып алды да ішіп салды.
— Бұл өмірдің қызығы жоқ, — деді ол түкіріп қойып. — Саған құяйын ба?
— Жоқ, жетеді.
— Сен қызықты өмір сүрдің бе?
Шал біразға дейін үндемей қалды.
— Сенің жасыңда мен мұндай халге келгенім жоқ, — деді ол жайлап қана. — Бар білгенім үш кісінің жұмысын жалғыз атқардым. Қаншама егін өсірдім. Соның бәрін бір жерге жинаса, бүкіл селоға бір жыл азық болар еді. Сем сияқты ой ойлауға мұршам да келген жоқ.
— Ал мен жұмысты не үшін істейтінімді білмеймін. Түсіндің бе? Жалда жүрген адам сияқтымын. Жұмыс істеймін. Ал менен "не үшін істейсің?" деп сұрашы — білмеймін. Қарын тойғызу үшін бе? Ал айталық, тойынған екенсің. Сонан соң? — Иван шындап сұрады да, шалдан жауап күтті. — Сонан соң. Бәрі бір, сонда да жаныңа азық жоқ...
— Тойынғансыңдар, — деп жауап берді шал.
— Сен де ештеңе білген жоқсың ол кезде. Сендерде ешқандай серпін болған жоқ, сондықтан не бар, соны місе тұттыңдар. Саңылаусыз болдыңдар. Сендер сияқты өмір сүру менің де қолымнан келеді. Бірақ маған онан да гөрі көбірек бірдеңелер керек.
— Құйып жіберші, — деді шал. — Ішіп салып бұл да түкірінді. — Қырқаяқтар, — деді ол ызамен. — Анда-мында дамыл таппай кезіп жүргендерің, ешқандай мән жоқ сендерде . Машина дегенді қаптаттыңдар, а... тфу! Обыр неден пайда болады дейсің? Бензиннен, түтіннен. Кешікпей бала табуды да ұмытасыңдар...
— Олай демеңіз.
— Тұрмыстарыңның пәс екенін біле тұра кеуделеріңді қағасыңдар "серпін, серпін" дейді тағы да. Солай болған соң неменеңе тыраштанасың?
— Неге соншама шабыңа шоқ түскендей болдың? Ұйқыдан оянған жоқсың дегенге ме? Енді қандай едіңдер?
— Жалқаусыңдар. Барып тұрған. He істеп жүргендеріңді білесіңдер ме: сен оңбағанға әрбір қатынағаның үшін — бір сом жиырма тиын есептеледі, мұнымен бір күнде төрт сом табуға болар еді ғой, ал сен екі рет қатынайсың да машинаны доғара қоясың. Өзің тепсе, темір үзгендейсің. Әрбір қатынағаныма жиырма бес сотықтан есептелгенде мен үш, төрт арбамен күніне бес рет қатынайтынмын. Тапқан еңбеккүніме не төлейтінін бір жыл күтетінмін! Сондағы төлейтіндері — бір атым насыбайға да тұрмайды. Сен жұмысты не үшін істейтінімді білмеймін деп қыңсылайсың. Айына бір жарым мың сом тапқың келмейді, ал мен сондай ақша үшін бүкіл жаз бойы тізе бүкпей жұмыс істегенмін.
— Маған оншама ақшаның керегі жоқ, — деді Иван шалды қасақана шамдандырғысы келгендей-ақ. — Сен мұны түсінемісің? Маған басқалар керек.
— Ақшаның керегі жоқ дейсің, ал бас жазуға бір жарым сом ақша таба алмайсың. Жүрген түрің мынау, қайыршыдан бетер емініп. Керегі жоқ бұған! Шешең болса анау, жұмыстан шаршап, сүрініп-жығылып жүр. Сайтансыңдар. Жалқаусыңдар. Егінжайдан күн еңкейместен қайтасыңдар. Онда да машинамен қайтып, әндете келесіңдер. Бүйтіп қызмет істегендерің бар болсын. Білетіндерің тек клубты айнала ысқырып, әкелерге "сый" әзірлеу.
— Жоқ, бұл тіршілік енді қайталанбайды... Былайша алғанда сенікі дұрыс, бірақ ат екеш ат та жұмыс атқарады ғой...
— Шошқа қорада жұмыс істеуге намыстанасың, ал ет жеуге келгенде шімірікпей асайсың?
— Түсінбейсің, қария, — Иван күрсінді.
— Иә, түсіну қайдан келсін бізге!
— Мен айттым ғой саған: қарның тойған екен. Ал сонан соң не керек. Мен оны білмеймін. Білетінім: бұған менің көңілім көншімейді. Мен тек өзімнің бір ғана құлқыным үшін жұмыс істей алмаймын.
Ойлағаным бір ғана қарын қамы,
Аридашым, аридай, аридашым...
Ол әндете жөнелді.
Шал мырс етіп қойды.
— Жексұрын. Әйелің неге кетіп қалды? Ішкенсің ғой, қуым?
— Мен бұралқы емеспін, қария, флоттың маңдайалды маманы болғанмын. Әйелім неге кетті? Білмеймін. Атап айтсам, сол бұралқы болмағанымнан кетті.
— Кім дедің?
— Ол солай... — Иван гармонын орындық үстіне қойды да, шылым шегіп үн-түнсіз көп отырды. Бір мезетте қалжыңбастықпен де емес, көкіректі кернеген әлдебір шерлі күйзеліспен былай деді: — Иә, не үшін тіршілік ететінімді білмеймін.
— Үйленуің керек.
— Таңым бар. Мен ақымақ емеспін ғой. Ал сонда жанымды немен жұбатпақпын? Оның менен тілейтіні не? Осыны түсінбей-ақ қойғаным ба?
— Үйлен, тек сонда ғана сары уайымнан арыласың. Оған мұршаң да келмейді.
— Олай да емес. Мен махаббат отына күйіп-жанып бітуге тиіспін. Ал мұнда қайда ғана барып күйіп-жана қоймақсың? Жалғыз мен ғана ақымақпын ба, жоқ әлде басқалар да сондай ақымақ бола тұра, сонысын сыртқа шығармай ма екен: түсіне алмаймын... Сенер болсаң, түн баласында ойлай-ойлай не істерімді білмей, өліп кете жаздаймын. Не үшін?
— Тфу! — Шал басын шайқады. — Әбден қияли боп біткен екен ғой бұл жұрт дегенің.
Бусанған кешкі жылымық мезгіл жетіп күн баяу ғана батып бара жатты. Бірте-бірте қас қарая бастаған. Бақшалардағы от сәулелері жарқырап көрінеді. Түтін исі күшейе түскен. Жұрт қу жапырақтар мен бояуларды әлі де біразға дейін жағып, өзара сөйлесумен жүреді. Адам дауысы айқын естіліп, ал деревнядағы ызың-шу сейіле бастайды. Бұдан әрі тастай қараңғы түн келеді. Бақшалардағы оттар да сөне бастайды. Осы мезгілде жап-жақын жерден:
— Жарайды енді, кеттік, — деген еркек даусы ап-айқын естіле қалады.
Өткен күн қаншалықты баяу да тыныш, бұйығы аттанса, келер күн соншалықты жарқырай жайнап, дабылын қағып дүрліге келеді. Бүкіл селоны басына көтере қораздар айғайлайды. Сасып-абдырап абыржып жүрген жұрт. Жұмысқа асығады.
Иван бүгін ерте тұрды. Төсек үстінде отырып еденге қарады. Көңілі бейжай. Киіне бастады.
Шешесі пеш жаққан еді, тағы да түтін иісі келді, бірақ бұл басқаша таңертеңгі, құрғақ ағаш түтінінің иісі еді. Шешесі есік ашып тысқа шыққанда, үй ішіне сырттан мөп-мөлдір кәусар ауа лап ете қалды. Шыныдай жып-жылтыр қабыршақ мұз жапқан шалшықтардан, ақ моншақ қырау басқан жер бедерінен, күлі су болып иленіп қалған, кеше ғана бақшаларда жанған жерошақтардан, көктемгі ыза тартып балқыған, бірақ сонда да аяқ астында сыбдырлап қоя беретін жапырақтардан шалқыған жұпар ауа бұл.
— Бәлки, мен директорға барып өтініш жасап көрсем бе екен?.. — Шеше сөз бастады.
Иван сақал-мұртын қырып жатқан.
— Мұны қайдан шығардың! Аяғына барып бас ұрсаң оның жаны кіреді.
— Енді не істемекпіз сонда? — Шеше қиылып та жатпады, баласының көзін жеткізе сөйледі — мұның соңғы әңгіме боларын сезгендей. — Жұрт барып арыз айтып-ақ жатады. Онымен тілі байланып та қалмайды...
— Барғанмын. Сұрағанмын.
— Сен меңіреудің қалай сұранатыныңды білемін! Ұрыс-керістен басқа не білетін едің...
— Қойшы енді, мама.
Шешесінің шыдамы жетпеді, орындыққа отыра кетіп жылап қоя берді де, баяулатып сұңқылдай бастады.
— Қайда ғана кетпексің? Ит арқасы қиянда не бар саған? Өмір бойы азап шегуді шынымен-ақ құдай менің маңдайыма жазып қойғаны ма. Өз басыңнан басқаны неге ойламайсың, балам-ау?
Шешесінің жылайтынын Иван білген-ді. Сол себепті де көңілі толқып, жүрегі сыздап отыр. Сол себепті де қабағы мезгілсіз түйіле қалған.
— Немене, сен мені... соғысқа аттандырғалы отыр ма едің? Директорға барып мен не тындырмақпын?.. Е, қойшы әрі, күл болмаса, бүл болсын бәрі де! Қымс етсе көз жасыңды төгіп-ақ отырғаның! Осы бір жас десе-ақ аза бойым қаза болады.
— Барып өтінсең, тас емес, адам ғой, бірдеңе тауып та бермес пе еді. Болмайды екен, инспекторға жолық... Табан астында кетіп қала қоймағың не? Анау Колька Завьяловтың правосын алып қойған еді, ол да өзі барып сөйлесті ғой... Жұртпен тіл табыса білу керек.
— Право милиция қолына түсіп кетті. Кеш қалдық.
— Милицияға барсаң нең кететін еді...
— Ой-хой! — Иван шоршып түсті. — Түйсік болсайшы өзіңде.
— О, құдай... Өмір бойы көріп келе жатқаным осы. Неліктен мұншама сормаңдай етіп жараттың екен. Не пиғылымнан таптым екенмін...
Жылау таусылды. Иван тысқа шықты да, қолжуғышқа келіп жуынып боп, майкішең қақпа алдына шықты. Селоға көз жіберді. Мұндағының бәрін де бес саусағындай біледі. Осынау көшелердің мүйісінде айлы түндерді сан рет бастан кешкен-ді... Алыс сапар алдында көңілге қуат берердей тәуекел ізін тап баса ал май тұр. Жол жүруден тартынбайды, бірақ тәуекелге белді бекем байлап, көңілді аттануы керек еді ғой.
Сөйтіп тұрғанда мүсінді төбеті Дик жетіп келіп, мұның басына шапшып еркелей кетті.
— Кет! Иван итті қағып жіберіп, үйге қарай беттеді.
Шешесі дастарқан жайып тамақ әзірлеп жатты.
— Шошқа қорада жұмыс істесең нетті...
Шеше деген бір ұстаған сөзінен айырылмайды. Тек дәрмені жоқ.
— Ешбір жағдайда онда жұмыс істей алмаймын. — Иван кесіп айтты. — Бүкіл деревняға күлкі болар жайым жоқ. Мені оның не себептен шошқа қораға апарып тықпақ болғанын білемін... Бірақ онысынан ештеңе шықпақ емес.
— О, жасаған, не айтайын, не ойлайын!
...Екеуі отырып тамақ ішті.
Иванның керек-жарағын шамаданға салып бола бере шеше еденге отыра кетіп тағы жылады. Тек бұл жолы сұңқылдап дауыс шығарған жоқ.
— Бір жылдай жұмыс істеген соң қайтып ораламын. Несіне жылайсың?
— Барып келсем қайтеді, балам? — Баласына телмеңдей қараған шешенің көз жанарынан уайымның, жалыныштың, үміт пен ашыныс оты бірден жылт ете қалғандай. — Жалынып көрейінші. Ол өзі жақсы жігіт деседі.
— Мама-ау... Маған да оңай тиіп жүрген жоқ қой.
— Ал егер милициядағылардың біреуінің қалтасына бірдеңе ырғытып жіберсеші? Қалай деп ойлайсың, алмас па екен? Колька Завьялов ырғытпады ғой деймісің? Ырғытты.
— Кімнің кімге ырғытарын кім білсін: мен оларға ма, олар маған ба... көре жатармыз.
Енді пешпен қоштасу ғана қалды. Иван алыс сапарға шыққан сайын шешесі оған пешті үш рет сүйгізіп: "Пеш ана, мені асырап-сақтап келдіңіз, енді мына алыс сапарға шығарда батаңды бер" дегізетін. Соның бәрінде де Иван айтар сөздерін әлдеқашан жаттап ала тұрса да, шешесі оның не айтатынын қайталап есіне салуды ұмытқан емес.
Иван жып-жылы пешке еріндерін тигізіп:
— Пеш ана, мені асырап-сақтап келдіңіз, енді мына алыс сапарға шығарымда батаңды бер, — деді.
...Шешесі мен баласы, иті үшеуі көшеде келе жатты. Иван шешесінің шығарып салғанын ұнатпады, былайғы жұрт терезеден қарап: "Ваньканы қара... жолға аттанып бара ма, қалай?..Қайда бармақ?" демесе екен дейді ол. Кеше кешкісін өзімен әңгімелескен шал кездесе кетті.
Иван тоқтай қалды. Шешем бұдан әрі бара қоймас, көршісіне ілесіп осы арадан кері қайтар деп ойлады.
— Жүріп бара жатқан бетің бе?
— Иә, жүріп барамын.
Екеуі шылым шекті.
— Балық аулағанбысың?
— Торды жылыстырып көрген едім... Ертерек те болса.
— Иә, ертерек қой.
Алжапқышының шалғайына қолдарын сұғып, Иванның жанында тұрған шешесі әңгімеге де құлақ аса қойған жоқ, әлдебір оймен бе немесе былайша, әйтеуір баласы жол тартар жаққа көз жіберуде.
— Онда барған соң арақ ішпе, — деп ақылын айтты шал. — Қаланың аты қала, ондағының бәрі бейтаныс. Алдымен жаттығып үйреніп ал..
— Соншама немене, мені маскүнем деп пе едіңіз.
Тағы да біраз тұрған соң:
— Ал енді жолың болсын! — деді шал.
— Көріскенше күн жақсы.
Шал өз жөніне кетті. Иван шешесіне қарады... Шешесі бұрынғысынша маңдай алдына қараған бойы сол бет алған бағытпен жүре берді... Иван онымен қатар келе жатты.
Әудем жер барған соң:
—Мам... үйге қайт енді, — деді Иван.
Шешесі тоқтай қалды. Иван оны бауырына тартып құшақтады... Иванның кеудесіне сүйеген басы қалтылдап кетті. Мінеки, өте бір қиын сәт тап осы ара. Енді ананың құшағынан сытылып шыға бере, жалт бұрылып жүріп кету ғана қалды.
— Жарайды, мамасы... Бара ғой. Бара салысымен хат жазамын. Солай. Мені уайымдама! Жолаушы жүрген жалғыз мен дейсіз бе? Қайта ғой.
Шешесі жөн сілтеп батасын берді де, сол беті сілейіп тұрып қалды. Иван кетіп бара жатты. Иті соңынан ілесе жүгірді. Жұмысқа барғанда да ол иесінің соңынан қалмайтын.
— Кет! — деп зекіді Иван.
Дик құйрығын бұлаңдата еркелеп, оның алдын орағыта берді.
— Дик! Дик! — деп шақырды Иван.
Дик жүгіріп жетіп келді. Иван оны аямай теуіп қалған еді, ит қыңсылады бір бүйірге шығып кетті. Дик мұнысы несі дегендей, иесіне дүдәмалдана қарады. Иван артына қарағанда Дик құйрығын бұлғаңдата, орнынан қозғала берген еді, бірақ иесінің соңынан жүгірмеді. Бұрынғысындай иесіне қарап аң-таң тұрып қалды.
Ал одан әріректе шешесі тұрды...
"Жоқ, бұл дүниеде жападан-жалғыз өмір сұру керек екен. Сонда жүгің жеңіл болмақ" деп ойлады Иван тістене қалып. Осыдан соң ол көшеде адымдай басып автобусқа қарай бет алды. Ал шешесі тапжылмастан... оның соңынан қарап тұрып қалды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter