17.08.2021
  157


Автор: Василий Шукшин

Степка

Бой түзей бастаған қыздай-ақ өзінің қылтың-сылтыңымен жайдары көктем де келіп жетті.


Селоның көшелері тізеден батпақ. Қадалардан ұстап, шарбақ дуалдың бойын қуалай қатынап жатқан жұрт. Ал егер мал дайындау кеңсесінен келген біреу-міреу қадаға жармасады екен, онда ол соның қолында кетті дей бер, өйткені ондағы адамдар екі беті шиқандай қып-қызыл, тығыршықтай келетін. Бақша иелері ондай жүрген-тұрғандардың жер-жебіріне жетумен болады:


— Оңбаған, сен етігіңді аяйсың, ал көктем келген сайын мен шарбақ жөндеумен жүруім керек пе?


— Шарбақты аяйды екенсің, табан жолға неге тас төсемейсің?


— Сенің қолыңа көкше шыққан жоқ шығар. Неге төсей салмайсың оңай болса...


— Ондай ақылды екенсің, онда үрме беталды.


Түн баласында далада күрсіне түсіп, көксоқта сұр қар жатыр сіресіп.


Ал өзен бойында, бәйтеректердің арасында, әлдене сырт етіп сынып: пи-у деп сызылған дыбыс естіледі.


Өзенде мұз жүре бастаған. Бірақ әлі де болса жекелеген сеңдер ғана, күн көзіне шағылыса жып-жылтыр төсімен құм-қайырды ысыра түседі, ал өзен иірімдерінде жағаға ытқып шыға келген сең көкпеңбек тұмсығын малта тастарға ұрып жалт береді де, одан әрі жүзіп өтуге бет алып кете барады.


Ызғырықты, тентек жел құйындай ұйтқып басыңның әңкі-тәңкісін шығарады. Көң иісі мұрын жарардай.


Кешкілікте, ұйқы алдында, жұрттың пейілі кеңи бастайды.


Аула ішінде, әр үйдің ошағында бақыр тершіп, көже бүлкілдейді. Дымқыл шөпшек шытырлай жанып, оттар маздайды. Жылы ауа маужырап бөгіп тұр... Күн атқарылды. Баяу да болса кездейсоқ, жаяу-жалпы әңгімелер өтіп жатыр, тағы да күн қайта айналып келеді, тағы да әр қилы жұмыстар істеледі. Ал әзірге тыныға тұруға, шылым тартуға, тағдыр жазуына кейіп, әлденелерді өмір дегеніміз — сол әлгі тағдыр — ғой әлдеқандай басқа бір түрде, бұдан гөрі тәуірірек болып кездессеші деп ой толғауға да болады. Ал айналып-үйіріліп келгенде осының өзіне де шүкіршілік еткен жөн.


Осындайын бұйығы да жайлы бір кеште Степан Воеводин кер жолды тастай бере бұрылып, өзінің туған селосына келді.


Ол селоның үйлері шашыраңқы, ашық алаң жағынан келді де, күн қақтаған дөң басына отыра кетіп, емін-еркін тыныс алды. Сол арадан деревняға көз жіберді. Ол күні бойы ұзақ жүріп, мейлінше шаршаған еді.


Сол қалпында ұзақ отырды.


Сонан соң, орнынан тұрып деревняға тартты.


Ермолай Воеводин өзінің жаппасында күйбең қағып, арбаға жетек жонумен жүрген-ді. Жаппа ішінде қарағай жаңқасының, шаң-тозаң, оған қоса тозығы жеткен салдау қабырғалардың күлімсі исі мұрынға келеді. Жаппа іші қара көлеңке. Ермолай сықсия, сығалай қарайды, ал сүргісі ағаштың безіне тие қалса, өзінің әдетінше зілсіз боқтап та алады.


...Сол екі ортада есіктің кіреберіс аузына өзінің ұлы Степан сап ете қалды.


— Сәлеметсіз бе, көке!


Ермолай басын көтеріп алған бойы баласына ұзақ қарады.


...Сонан соң бір сіңбіріп, әйелдерше үстіндегі сәтен көйлегінің етегімен мұрнын сүртті де, баласына тағы да бажайлай қарады.


— Степамысың?


— Иә... Немене, танымай қалдыңыз ба?


— Қарай гөр!.. Албасты басып көзіме елес көрінді ме деп қалдым емес пе?


Степан арқасындағы дорбасын есік көзіне тастай бере әкесіне жетіп келді... құшақтасып көрісті.


— Келдің бе?


— Келдім ғой.


— Ерте қайттың, білем? Біз күзде келер деп күткен едік.


— Кесігімді еңбекпен өтеген соң ертерек босатты.


— Қарай гөр! — Әке баласын көріп қуанып қалды. Тек енді не айтарын білмей сасып тұр, — Борзяң да аман, шапқылап жүр, — деді.


— Солай ма? Степан таң қалды.бұлда не айтарын білмеді. Әкесін көргеніне қуанышты екені көрініп тұр. Борзя қайда?


— Жүр де бір жерде қаңғып. Өткен сенбіде қатындардың жайып қойған кірін түк қалдырмай ту-талақай еткен... Есіріп ойнап, иттің баласы, көкпарлап сүйреп баққан.


— Жын-құс, тентек.


— Атып тастайын-ақ деп едім, бірақ сен келген соң ренжиді екен деп тимедім...


Тағаның үстінде отырып әкелі-балалы екеуі шылым тартты.


— Мұндағы жақын-жуықтар аман ғой? — деді Степан.


— Сау-саламат! Қалай отырып қайттың?


— Ештеңесі де жоқ, жақсы. Жұмыс істедік.


— Шахтада ғой?


— Жоқ, ағаш кестік.


— Солай де. — Ермолай басын изеді. — Жын-шайтаның қағылған болар?


— Қа-а... — Степан тыжырынды. — Он да тұрған не бар дейсің, көке.


— Степка, сен... — Ермолай темекі түтінінен сарғайған саусағын бүгіп кіжініп қойды. — Енді түсінген боларсың. Орынсыз жерде жұдырық жұмсауды доғар. Сайтанның сапалақтары төбелесетін уақытты тапқан екен... Онсыз да мұнда...


— Онда тұрған ештеңе жоқ, — деді Степан тағы да.


Жаппа іші кешікпей қараңғы тартты. Бәз баяғысындай жаңқаның, шаң-тозаңның иісі аңқып тұр.


Степан орнынан тұрып, шылымының тұқылын тапап сөндірді... Бүйірі қусырылған жүдеу дорбасын қолына алды.


— Жүріңіз үйге, жүз көрсетелік.


— Біздің әлгі мылқау, — деді әкесі орнынан тұра бере, — күйеуге шығуға сәл ғана қалды. — Әлдеқалай елеулі бір жаңалық айтқысы келген еді, бірақ аузына еш нәрсе түспей қойды.


— Қалайша? — деді Степан таңырқап.


— Мейлің күл, мейлің жыла...


Жаппадан шығып келе жатқан бойда әкесі мынаны айтты:


— Бір жолы клубтан келе сала күйеу ертіп келемін дейді әлгі мені төңіректеп. Қазір мен саған күйеу ертіп келгенді көрсетейін, сонан соң апта бойы тізе бүгіп көр, — дедім ыза болып.


— Бәлки, оныңыз бекер болған?


— Қайдағы бекер? Бекер дейді ғой... Осында біреу алдамақ болған, оңай ғана. Мұның кімге керегі бар. Сонан соң мен оған күйеудің көкесін көрсетем дедім.


— Күйеуді көру керек еді ғой. Бәлки, ол шынында да...


Осы кезде жасы жиырма үштер шамасында, еңгезердей "қалыңдықтың" өзі де есіктен сыртқа шыға келді.


Бауырын көріп қуанған бойжеткен екі алақанын шапалақтап ыңылдап қоя берді. Екі көзі тұздай көкпеңбек, қалтқысыз жайнай қалған.


— Ма-э-ми-мм...мекіреніп, бауырым қасыма өзі келетін шығар деп, оны жоғарыда баспалдақ үстінде күтіп тұр... Осы бір сәттегі оның соншалық қуанғанын көріп еркектер көзіне жас алды.


— Ал саған "мэ" керек болса,деді әкесі кейіп, сөйтті де алақанымен көзін сипады.Өне бойы сені күтумен, неше күн қалғанын қабырғаға крест тартып есептеумен келді бейбақ, — деп түсіндірді ол Степанға. Есалаң адамдай қарайған Жұрттың бәрін жақсы көреді.


Степан қабағын шытып, басқышпен жоғары көтеріліп келді де қарындасын ебедейсіз құшақтап, арқасынан қақты... Ал анау бұған жабысып айырылар емес, бетінен, маңдайынан, ернінен түк қоймай сүйе берді.


— Жарайды енді, — Степан қашқалақтап, тегеурінді құшақтан сытылып шықпақ болды. Ол өзін ерсілі-қарсылы былшылдатып сүйе бергенді ұнатқан жоқ, алайда өзі де қуанышын баса алмағандықтан қарындасын көкірегінен итермеді.


— Тоқташы, — деп ол әдейі күбірледі. — Жетеді енді, жетеді! — Болды ғой...


— Мейлі, бетінен қақпа, — деп әкесі тағы да көзінің жасын сүртті. — Көрмейсің бе, сағынып қалған ғой.


Қарындасының құшағынан зорға дегенде құтылған Степан оның бас-аяғына қуана көз жүгіртіп шықты.


— Халің қалай? — деп сұрады одан. ...Қарындасы саусағымен ишараттап "жақсы" деген жауап қайырды.


— Мұның халі әрқашанда жақсы, — деді әкесі басқышпен көтеріле бере. — Жүр, енді шешеңді қуанталық.


Шешесі жылап көрісті:


— О, тәңір нем, көк пен жердің иесі, менің жалбарынғаным құлағына шалынған екен-ау, құстай ұшып жеткен екен ғой саған да...


Бәрінің де есі-түсі қалмады.


— Шешесі, сенің қуанғаныңды да, кейігеніңді де адам түсініп болмайды, — деді Ермолай.


— Неге жылайсың? Аман-есен келген соң қуанбассың ба.


— Қуанғаным солдағы, қалайша ғана қуанбайын...


— Олай болса боздама.


— Баланың дені-қары сау ма екен? — деп сұрады шешесі. — Сырқатқа байланысты ерте босатпады ма екен?


— Жоқ, сау-саламат. Кесігін еңбекпен өтеген екен, сонан соң босатып қоя беріпті.


Көршілер, туыстар келе бастады.


Ең алдымен келіп жеткен көршісі, дөңгелек жүзді толықша келген жас әйел — Нюра Агапова болды. Ол өзінің шексіз қуанышын сенекте келе жатып-ақ жар сала хабарлады.


— Терезеден қарап тұрып: құдайым-ау, мынау Степан ба, келіп-ақ қалғаны ма деппін... Сөйтсем, расында да, Степан екен...


Степан жымиып күлді:


— Сәлемет пе, Нюра.


Нюра сүйкімді көршісін ыстық құшағына алып, жесірліктің кесірінен тобарсып қалған ернін Степанның жел қағып жарылған, оның үстіне темекі иісі бұрқыраған еріндеріне тигізді...


— Сенің қызуың пештен шалқыған жалындай ғой, — деді Степан. — Күйеуге шыққан ба едің?


— Ондай күйеу қайдан болсын мұнда? Бүкіл деревняда екі жарым-ақ еркек бар.


— Немене, саған бесеуі керек пе еді?


— Бәлки, мен сені күткен шығармын қайдан білдің? — деп Нюра күлді.


— Бар ары, Нюра! — деді Степанның шешесі қызғанғандай боп құйрығыңды бұлаңдатпа, басқаларға да сөз бер. — Қалай, онда саған қиын болған жоқ па, балам?


— Жоқ, — деп Степан әңгімесін бастады. — Ол ара жаман емес. Мәселен, мен мұнда бір рет кино көретін едім, рас па? Ал онда аптасына екі рет кино болып тұрды. Қалайды екенсің қызыл мүйіске бар, онда саған "Совет адамының ар-абыройы туралы" немесе "Капитал елдеріндегі жұмысшы табының хал-жағдайы туралы" лекция оқылып тұрады.


— Сонда сендерді, онда кино көрсін деп жинаған болды ғой, — деп әзілдеді Нюра.


— Неге?.. Онда, әрине, кинодан басқа да алданыштар бар...


— Онда тәрбие береді, — әңгімеге әкесі араласты.


— Ақымақтарды тәубеге келтіреді.


— Онда әр қилы адамдар көп, — деп Степан әңгімесін жалғастырды. —Небір қырандар бар!.. Зиялылар қаншама. Біздің бригадамызда екі инженер болды...


— Олардың айыбы не?


— Біреуі фабрикада авария жасағаны үшін, ал екіншісі төбелескені үшін айыпталған. Ол да біреуді бөтелкемен бастан персе керек...


— Инженермін деп олар өтірік те айта салатын шығар? — деді әкесі.


— Онда өтірік айта алмайсың. Кімнің кім екені бес саусақтай белгілі.


— Тамақтарың қалай болды? — деп сұрады шешесі.


— Жақсы, тарығып көргеніміз жоқ.


Үйге тағы біреулер, Степанның жолдастары келді. Воеводиндердің аядай үйі кісіге лық толды. Степан көрген-білгенін қайталап айтумен болды.


— Не айтары бар, онда, жалпы алғанда, жаман емес! Сіздер мұнда киноны жиі көріп тұрасыздар ма? Ал біз аптасына екі рет көреміз. Сіздерге әртістер келіп тұратын болар. Ал он да әрқашан келіп-кетіп жатады. Тамақ та жеткілікті... Бір жолы сиқыршы келді. Бір стақан суды былайша қолына алды да...


Степанды жұрт ықыласпен тыңдады, таңырқасып кейде "ім, қарай гөр!" десіп қалып отыр, өздерінің де бірдеңелер айтқысы келеді, бірақ басқа біреулері сұрақ беріп қалады да, Степан тағы да баяндай бастайды. Көптен күткен осынау кездесуден, сұрасып-білісуден, өз әңгімесінен әсер алған Степанның көңілі таси түскен еді. Кейде тіпті білдірмей, әңгімесіне бөгде бірдеңелерді қосып та жібереді.


— Күзет жағы қатаң болды ма?


— Түк те емес! Соңғы кезде бізді совхозға жұмыс істеуге апаратын болған еді, біз онда ешқандай күзетсіз өзіміз ғана қалып жүрдік.


— Қашатындар да бар шығар?


— Аз. Қашқаннан не пайда?


— Егер біреу-міреу жазықты бола қалса, онда тас қамалға отырғызады екен деседі ғой...


— Карцерге отырғызады. Оның өзі де өте сирек, тек айыбы ауыр болған жағдайда ғана жасалады. Бізге емес, көбіне бұзықтарға қолданылады.


— Онда ұры-қары дегендер де жетіп-артылады ғой,деп қалды аңғалдау бір жас жігіт. — Досы достарын тонайтын болар?..


Степан күлді. Сонда отырғандардың бәрі де күліп, бірақ не айтар екен дегендей Степанның аузын бақты.


— Онда бұл жағына қатты қарайды, — деп түсіндірді Степан. — Кімде-кім қолға түседі екен, оны табанда апарып қамап қояды.


Бұл екі ортада Степанның шешесі мен мылқау қарындасы тездетіп монша жақты, әкесі жүгіріп дүкенге барып келді: біреулер шүберекке орап май, біреулер қалған-құтқан самса, енді біреулері қолдан ашытқан сыра әкеліп жатыр. Үй иелері әзірленіп үлгірмей-ақ мереке өзінен-өзі басталып жүре берді. Қас қарая жұрт үстел басына отырысты.


Бей-берекет, көңілді серпін бірте-бірте бел ала бастады. Бәрі бірдей жамырай сөйлеп, бірін-бірі қақпайлап, күлумен отыр... Степан төрде, оң мен солына кезек қаранып, тағы да бірдеңелерді айтқысы келгендей болады. Бірақ оны тыңдай қояр ешкім жоқ тәрізді. Тыңдатуға ол да онша құштарлана қойған жоқ. Жиналған жұрттың осылайша жақсы отырғанына, олардың көңілді жағдайда бас қосып әңгімелесіп, күліп-ойнағанына өзінің себепкер болғаны үшін қуанады... Осылардың көңілін аулай түсейінші дегендей, өзінің барып-қайтқан жерінде туған мынадай бір мұңды өлеңді айтты:


Кешір, анам, кешіргін1,


Өтті-ау бастан не сүргін...


Тіліңді алмай мен сорлы...


Бір сәт тыныштық орнаған. Степанды адамға деген жақсылық, сүйіспеншілік сезімі бүтіндей билеп алған. Әжептәуір мас.


От басыппын ойнақтап,


Торға түсіп қор болдым!


Өлең ұнамады, мұндағы опық жеген күнәлі әйел сезімін жұрт бағаламады, ол ешкімге әсер етпеді...


— Жалғаншы да! — деп даурықты әлгінде ғана түрмедегінің бәрі шетінен бұзық деген аңғал жігіт.


— Тынышталыңдар!


— Қалай, балам, түрмеде қатындар көп пе? — деп сұрады шешесі үстелдің екінші жақ басында отырып.


— Жетерлік.


Ондағы қатындардың соры сорпадай қайнайтыны жайлы гу-гу әңгіме басталып кетті.


— О не дегеніңіз, артында балалары қалды емес пе олардың.


— Панасыздар үйіне беріледі...


— Мен болсам қатындарды абақтыға отырғызбас едім! — деді мықтап ішіп алған біреу. — Етегін басына түріп қойып дүре соғар едім.


— Одан келер пайда жоқ, — деп Ермолай онымен сөз таластырды. — Сен оны дүрелейсің екен, солай ма? Онда ол бұрынғыдан да бетер көкайылдана түседі. Мен келіншегімді екі рет шықпырта сабаған едім, ол маған ерегесіп, қасақана мылқау қыз туып берді.


Көп ішінен біреу өзінің жанына жақын әніне басты:


Әкем менің диқан еді кәнігі,


Еңбекпенен етене өскен жаны бір...


Жұрттың бәрі қосыла кетті. Ә дегенде әркім бетімен лағып кеткен еді, тек сәлден соң ғана дауыс бірте-бірте сәл түзеле бастағандай болды.


Үш күн, үш түн қарауылды шықты арбап,


Қарындасын тұтқынжайдан құтқармақ.


Бәрі де өлеңнің қызығына түсіп алған қабақтарын түйіп, қарсы алдарындағы үстелден көз алмастан екілене шырқайды:


...Әлгі жауыз ажал оғын сайлапты,


Мұның жалғыз қарындасын жайратты.


Бір жотаға шығып алып аласа


Өзіміздің село жаққа қарасам:


О, жасаған, біздің туған мекен-жай.


Жанып жатыр қалың өртте орасан!


Степан үстелді жұдырықпен періп қалды.


— Сендер мені ұнатпайсыңдар, аямайсыңдар! — деп дауыстады ол. — Мен сендердің бәріңді де сыйлаймын, алба-жұлба сайтандар. Сендерді мен өлердей сағындым.


Кіреберісте, будақтаған көкпеңбек темекі түтінінің ішінен гармонь бық еткен еді сол-ақ екен, сезімтал біреуі іліп әкетті. Гармонь да қосарлана дарылдап қоя берді. Ән жайына қалды. Үстел басындағылар ду көтеріліп бірден гармонь ырғағын баға, жаппай қимылға басты. Бәрінің де еденді неғұрлым қаттырақ тепкілегісі келеді.


Қатындар алқақотан тұра қала қиқулап билей жөнелді. Орамалын басынан жоғары шиыра ойнатып мылқау қыз да биге басты. Кейбіреулер оны саусағымен нұсқап күліп те қояды. Ол да күледі қуанышты.


— Верка! Верка! — деп дауыстайды әбден ішіп алған бір жігіт. — Сен енді өлең айт, айтсайшы, солай жүресің де қоясың ба?


Мұның не айтып тұрғанын ешкім есіткен жоқ, тек ол өзінің осы әзіліне өзінен-өзі ішек-сілесі қатқанша күлді.


Степанның шешесі бір тоқтасқан, сарықарын әйелге:


— Марқұм анаң үстіме келіп құлап түскенде, бәйбіше-ау, кеудем қысылып өліп кете жаздамаспын ба. Басымды әрең көтеріп: "Мұның не, жақсылыққа ма, жамандыққа ма?" — десем. Ол құлағыма аузын тақап "Жақсылыққа!" дейді.


Әйел басын шайқады.


— Жақсылыққа деді ме?


— Иә, жақсылыққа деді, жақсылыққа, ап-айқын жақсылыққа деді.


— Аян берген екен ғой.


— Бергенде қандай. Ал мен кешкісін, "көршімнің маған болжап айтқаны қандай жақсылық болды екен?" деп тағы ойладым. Көп болған жоқ, есік ашыла кеткен еді, табалдырық алдында Степаным тұр...


— Құдая құдіретіңмен, — жасамыс әйел күбірлей түсіп, орамалының шетімен шыланған көзін сүртті — Қарай гөр!


Қатындар Ермолайды биге сүйреп шығарды. Ермолай көп ойланып жатпай, бір аяғын бұлғаңдатып, екіншісінің өкшесімен еденді тақылдата айдай жөнелді. Билей жүре: "Оп-па, ат-та, оп-па, ат-та" деп қояды. "Аяқтарының дүмпуінің күші соншалық асадалдағы ыдыс-аяқ сыңғыр қақты.


— Бас, Ермол! — деседі жұрт Ермолайға. — Бүгінгі қуаныш сенікі басып қал!


— Ат-та, оп-па! — Ермолайдың қырық жыл бойы тұғырда жұмыс істеп бүкірейген белі жазылмады, сол еңкіш күйімен билей берді, буылтық қолын төмен салбыратып жіберген. Ермолай өте қуанышты еді, өз басындағы ауыртпалықты ұмытып та кетті. Осы күнді ол бес жылға тарта сарғая күткен-ді.


Бір мезетте Степан оған жанаса келе, ұзақ сонар, бейберекет майда дүрсілге басты-ай келіп.


— Кеттік, көке...


— Басыңдар, әкесі мен баласы. Қимылдаңдар!


— Степка тың екен, секіре билейді.


— Ана жақта жақсы, тамағымыз тоқ болған еді дейді ғой ол


— Атасының басы қайдағы тоқ.


— Ата-та, оп-па! — деп қояды Ермолай баласының әуеніне ілесе жүріп.


Екеуі де би білмейтін еді, әйтсе де аянып қалған жоқ, барын салып-ақ бақты. Бірақ сонда да мұнысы басқаларға ұнады: көпшілік бұларға көз алмастан қарап қалған.


Сайран осылайша жүріп жатты.


Үйге учаскелік милиционердің қашан, қалай келгені де ешкімнің есінде жоқ. Тек Степанның жанына келіп, оның бірдеңе айтып тұрғанын жұрт бір-ақ көрді. Степан оған ілесіп тысқа шықты. Ал үйдегілер сауық-сайранды жүргізе берді. Степанға селсоветке барып анау-мынау қағаздарын реттеу керек болған екен ғой десті. Тек мылқау қыз ғана жаны жай таппай, міңгірлеп әкесін келе жұлмалай бастады. Mac әкесі оны итеріп тастап:


— Аулақ жүр! Бар, биле, — деді.


Милиционер қақпадан шыға бере тоқтап:


— Сен немене, жігітім, денің сау ма өзіңнің? — деді Степанның бетіне қадала қарап.


Степан қақпаның діңгегіне арқасын сүйей тұрып күлді...


— Тамаша ғой? Жаман емес...


— Сенің енді үш ай отыруың керек еді ғой.


— Сенсіз де білемін оны... Шылымың бар ма?


Милиционер оған шылым берді. Өзі де тартты.


— Жүр.


— Кеттік.


— Үйіңе айтсаң қайтеді? Іздейді ғой...


— Бүгін айтып керегі жоқ, көңілдерін көтере берсін. Ертең өзің айтарсың.


— Үш айды өтеместен тұра қашқаның не сұмдық...Милиционер тағы да таңырқай қарады, — Кешірерсің, талай ақымақты көрген едім, тап сендейді көрген емеспін. Мұның не?


Степан қолын шалбарының қалтасына салып адымдай басып, кешкі қара көлеңкеде бұрынғы өзі білетін үйлерді, қақпалар мен қоймаларды танып келеді. Бала жасынан өзіне таныс көктемгі ызғырық ауамен тыныстап, әлдене есіне түсіп кеткендей жымиып күліп қояды.


— А?


— Немене?


— Оның не деймін?


— Қашқанымды айтасың ба? Сәл-пәл бой сергітіп алайыншы дедім... зарықтым.


— Үш ай ғана қалды емес пе!Милиционердің даусы қатты шықты, — Енді бұрынғының үстіне екі жыл қосып алатын болдың.


— Оқасы жоқ... Мен қазір әлденіп алдым. Енді отыруға әбден болады. Осы бір түс деген-ақ мазамды алып бітті, түн баласында деревня түсімнен шықпайды... Біздегі көктем қандай жақсы, солай емес пе?


— И-иә...деді милиционер ойланғандай боп. Осыдан соң селеоветке жеткенше екеуі біріне-бірі тіл қатпастан барды.


— Қашып қолға түспей кеткеніңе таңым бар. Жалғыз қаштың ба?


— Үшеу қаштық.


— Олар қайда?


— Білмеймін. Бірден-ақ үшеуміз үш жаққа кеттік.


— Мұнда қанша жүріп келдің?


— Екі апта.


— Тфу!.. Не болсаң о бол, отыр енді... Селсоветке келген соң милиционер хаттама жазуға кірісті. Степан қараңғы терезеге қарап қояды. Мастық тарқаған.


— Мылтығың жоқ па? — деп сұрады милиционер жазуын тоқтата тұрып.


— Жан болып жаралғалы ешқандай жиіркенішті көсеуді бойыма жуытқан емеспін.


— Жол-жөнекей немен күнелттің?


— Анау екеуінің алып шыққан азығын талғажау еттік...


— Ол екеуінің өтелмеген мерзімі көп пе еді?


— Көп болатын.


— Олардың қашуының мәні бар делік, ал сені айдаған қандай сайтан?


— Жарайды, көп мазалама! — Степан ашуланды, — Өз жұмысыңды біл, мен саған бөгет жасап тұрған жоқпын.


Милиционер басын шайқап, қағазға қайта төнді.


Бұдан соң ол тағы да былай деді:


— Шынымды айтсам, маған телефон соққанда нанбадым. Жаңсақ бірдеңе шығар, дүниеде ондай есалаңдардың болуы мүмкін емес деп ойладым. Мінеки, ақыры шын болып шықты.


Степан терезеге қараған бойы ойға кеткен.


— Дәу де болса анау екеуі сені тәлкек еткен ғой? — Сөзуар милиционер шыдап отыра алмай тағы сұрады.


Степан оны тыңдаған жоқ.


Милиционер оған таң-тамаша болып ұзақ қарады.


— Түр-әлпетіңе қарағанда, сені ақымақ дей қоюға болмастай, — деді де хаттамасын жаза берді.


Осы сәтте селсоветке мылқау қыз жетіп келді. Табалдырық алдына тоқтай қалып, милиционерге, ағасына үрейлене қарады...


— Мэ-мм? — деді ағасына. Степан сасып қалды.


— Сен мұнда неге келдің?


— Мэ-мм?! — деп міңгірледі қыз милиционерді нұсқап.


— Бұл қарындасың ба? — деп сұрады анау.


— Иә...


Мылқау үстел жанына келіп, милиционерді иығынан түртті де ағасын нұсқай қолдарын ербеңдетіп, өзінің: "Сен мұны неге алып кеттің?!" деген сұрағын түсіндіре бастады.


Милиционер түсінді.


— Бұл..бұл өзі,— деп Степанды көрсетті, — абақтыдан қашып кеткен! Қашқан! Әне, солай! — Милиционер терезені көрсетті де қашу дегеннің не екенін түсіндірді. — Дені сау адам есіктен шығады, есіктен, ал бұл терезеден шыққан да қаша жөнелген. — бұл енді сазайын тартатын болады, — Милиционер саусақтарын айқастырып шарбақты бейнеледі де, Степанды нұсқап мылқауға ым қақты. — Енді бұған тағы да мынау беріледі! Екі! Екі саусағын шошайтып оны сестене безеп қойды.Тағы да екі жыл арқалайды!


Мылқау түсіне бастады. Ал әбден түсініп болған шақта оның үрейлі, көкпеңбек көздерінен мұң тебіренткен жаралы жанның қайғы оты ұшқындай қалған еді, милиционер не істерін білмеді. Мылқау қыз ағасына қарады. Ағасының өңі қашып, сілейіп тұрып қалған — бұл да қарындасына қарады.


— Ал енді ағаңа өзінің ақымақ екенін, мұнысы дені сау адамның істер ісі емес екенін айтып түсіндіре бер...


Мылқау ышқына дауыстап, бара сала Степанның мойнына асыла кетті...


— Әкетші мынаны, — деп өтінді Степан... — Әкет.


— Қайда әкетемін?..


— Әкет, оңбаған! — Степан екілене айғай салды. — Алып кет, болмайды екен, орындықпен басыңды екі айырамын!


Милиционер орнынан атып тұрып мылқауды ағасынан айырып алды... Қарындасы басын шайқап, міңгірлеп Степанға қарай ұмтылады.


— Мен мұны ойнап, алдаған едім демейсің бе... Әкетші әрі!


— Күл болмасаң бүл бол!.. Жүрсем сол сендермен итшілесіп, — милиционер кейіп, мылқауды есікке қарай сүйреді. — Қазір мен мұны қоя беремін, сендермен қоштасуға барады, — деп ол мылқауға түсіндірумен жүр. — Қазір барады!.. — Ақыры ол өлдім-талдым дегенде мылқауды есікке дейін апарып, итеріп шығарып жіберді. — Не деген дәу еді! — деді де, есіктің тиегін салып қойды. — Ту-у.. Бәрі сенің кесірің — көр енді қызығын.


Степан басын қос қолдай қысып, көз алмастан алдына тура қарап отырып қалған.


Милиционер жазылып бітпеген хаттаманы сөмкесіне салып, телефонға келді:


— Маған машина жіберіңдер, ауданға барамыз, қойсаңдаршы қылжақты... Жын-құс біреулер...


Деревняның кең көшесінде ағыл-тегіл жылап, мылқау қыз сүріне-қабына кетіп бара жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу