17.08.2021
  169


Автор: Василий Шукшин

Омақасырды

Демалып қайту үшін әйелі мен қызын ертіп Агафья Журавлева кемпірге баласы Константин Иванович келді.


"Новая" шағын ғана деревня, ал Константин Иванович таксимен ызғытып келіп түсе қалғанда-ақ, Агафьяға отбасымен ортаншы баласы, оқымысты ғалым Костя келгенін бүкіл деревня білді.


Кешке қарай қонақ жайында толық мағлұмат алынып болды. Өзі де, әйелі де ғылым кандидаты, қызы мектепте оқиды екен, Агафьяға электр самаурын, гүлді желбегей және ағаш қасықтар әкеліпті.


Кешке таман Глеб Капустиннің есігі алдына бір топ ауылдастары жиналып үй иесін тосумен отырды. Бұлардың есік алдына неліктен жиналып отырғанын түсіну үшін алдымен сол Глеб Капустиннің өзін әңгіме еткен жөн.


Глеб Капустин жасы қырықтар шамасында, түрік ерінді шикіл сары. Осы деревнядағы мағлұматты да сөзшең жігіт. Новая деревнясы кішкентай болғанымен, мұнан бір полковник, екі ұшқыш, дәрігер, тілші, тағы сол сияқты көптеген әйгілі адамдар шыққан. Енді, мінеки, Журавлев болса кандидат. Әйгілілер деревняға келе қалса, көпке белгілі жерлесі отырған үйге ауыл адамдары жинала қалатын әдет бар-ды, онда небір ғажайып әңгімелер тыңдайтын немесе өздері жайында сөз қозғайтын, егер жерлесі қаласа Глеб Капустин келетін де қонақты сөзден тосып омақасырумен болатын. Көп адамдар мұны ұнатпайды, бірақ кейбіреулер Глеб Капустиннің келіп, әйгілі қонақты мұрттай ұшырғанын күтетін. Күтіп қана қоймайды, алдымен Глебке өздері келеді де оны ертіп қонақ түскен үйге барады. Бейнебір спектакльге барардай боп әзірлікпен шығады. Өткен жылы Глеб полковникті омақасырды. Онда 1812 жылғы соғыс туралы сөз болған еді. Москваны өртеуге бұйрық берген кім екенін полковник білмейтін боп шықты. Дәлірек айтқанда, ол бір граф деді де, фамилиясын шатастырып, оны Распутин деп атады. Сол-ақ екен, Глеб полковникке қырандай шүйіліп кеп берді... табанда омақасырды. Мұғалімнің үйіне жүгірісіп одан графтың атын сұрап біліп болғанша Глеб сол бір шешуші сәтті күте отырып тек: "Сабыр, сабыр етіңіз, полковник жолдас, біз Фили деревнясындағы мәслихатта отырған жоқпыз, солай емес пе?" деумен болды. Глеб жеңіп шықты; полковник пұшайман боп өзін-өзі басқа жұдырықтап не істерін білмеді.


Деревня адамдары Глебтің: "Сабыр, сабыр етіңіз, полковник жолдас: біз Филиде отырған жоқпыз" деп қайталағанын көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. "Біз Филиде отырған жоқпыз" деп ол неліктен айтты екен деп шалдар тамсанумен болды.


Глеб мысқылдай күліп, дұшпанын мұқатқандай-ақ көзін сығырайта қарайды. Білікті адамдардың деревнядағы шешелері Глебті жаратпайды. Одан қауіптенеді. Енді, мінеки, бұған кандидат Журавлев тап болды... Глеб жұмыстан (тақтай тілетін жерде істейтін) келе сала жуынып, қайта киінді. Кешкі тамағын да ішкен жоқ. Есік көзінде жиналып отырғандарға келді. Бәрі де шылым тартты. Аз уақыт анау-мынауды айтып отырды. Журавлев жайын қасақана сөз етпеді. Сәлден кейін Глеб Агафья кемпірдің үйі жаққа бір-екі рет қарап қойды да:


— Агафья кемпірдікіне қонақтар келген бе, қалай? — деп сұрады.


— Иә, кандидаттар келіпті!


— Кандидаттар! — Глеб таңырқағандай болып даусын соза түсті. — Еһе-һе!.. Анау-мынауға алдырмайтын жау десейші.


Сол арада отырғандар анау-мынауға алдырмаса, алатын да біреу-міреу табылып қалар деп күлісіп алды. Осыдан соң бәрі де Глебке қарай қалды.


— Кәне, жүріңдер, кандидаттармен жүз көріселік, — деді Глеб.


Глеб басқаларының алдына түсіп келе жатты, екі қолы қалтада, Агафьяның үйі жаққа көзін сықсита қарап қояды. Көлденеңнең қарағанда басқалары Глебті алдына салып айдап келе жатқан сияқты. Қарсы жақтың көшесінде күшті біреу бар екені мәлім болған шақта, сонымен сайыстыру үшін жұдырықпен төбелестің тәжірибелі шеберін алып келе жатқандай.


— Кандидаттар қай саладан екен? — деп сұрады Глеб жол-жөнекей.


— Қандай мамандықтан дейсің бе? Ит білген бе соны... Кандидат деседі ғой, әйтеуір. Өзі де, әйелі де кандидат...


— Техникалық ғылымдардың кандидаты деген болады, жалпы білім кандидаты дегендер бар, бұлар әлгі мылжыңологиямен айналысатындар.


— Костя жалпы математикаға жүйрік еді, — деді Костямен мектепте бірге оқығандардың біреуі. — Үздік жақсы баға алып жүретін.


Глеб көршілес деревняда туып-өскендіктен бұл араның адамдарын жақсы біле бермейтін.


— Көрерміз, көрелік, — деді Глеб ұзын арқан, кең тұсаумен. — Кандидат дегендеріңіз бүгінде жортып жүрген иттен де көп.


— Таксимен келіпті...


— Енді қалай, атақты сақтау керек емес пе! — Глеб мырс етіп күліп қойды. — Ливерпуль боп жазылады, ал Манчестер боп оқылады. Біздің де там-тұмдап оқып, үйреніп көргеніміз бар.


Константин Иванович қонақтарды ықыласпен қарсы алып, қонағасы қамына кірісті. Агафья үстел жасап болғанша қонақтар сыпайыгершілік сақтап отыра берді, кандидатпен әңгімелесіп, балалық шақты бірге өткізгендерін еске алысты...


— Қайран балалық шақ десеңізші! — Күрсіне еске алды кандидат. — Кәнеки, үстел басына келіңіздер, достар!


Бәрі де үстел басына жайғасты. Глебте әзір үн жоқ, бірақ тарпа бас салуға әзір екені көрініп тұр. Ол да балалық шақтың жайын қостаған боп, өзі кандидатты сынай қарап, сайланып отыр.


Үстел басында әңгіме ың-шыңсыз ынтымақты өтіп жатты да. Глеб естен шығып бара жатқандай еді... Осы тұста ол да кандидатқа шабуылды бастады.


— Қай саладан едіңіз? — деп сұрады ол


— Қызметімді айтасыз ба?


— Иә.


— Филфактамын.


— Философия болды ғой.


— Соған жақын.


— Ол да қажет нәрсе ғой, әрине. — Глебтің тілегені философия еді. Ол жәуеттене түсті. — Осы бірінші тұлға дегеніміздің жөні қалай?


— Ол қандай бірінші тұлға? — Кандидат түсінбеді. Глебке ойлана қарады.


— Рух пен заттың қайсысы бірінші болмақ деймін. — Глеб қолғабын шешіп лақтырып тастай салды.


Кандидат қолғапты жерден көтеріп алды.


— Әрқашанда, — деді ол жымия күліп. — Зат бірінші ғой...


— Ал рух ше?


— Рух екінші. Енді қалай?


— Бұл кандидаттық еңбекке кіре ме? Сіз кешірерсіз, біз қоғамдық орталықтардан алыста жатқандықтан әңгімеге құштармыз, әңгімелесе қалғанда да ешқайда ұзай алмаймыз әңгімелесетін де ешкім жоқ мұнда. Салмақсыздық деген ұғымға философия қазір қандай анықтама береді екен?


— Бұрын қандай анықтама берілсе, бүгінгісі де сол болады да. Неліктен қазір дедіңіз?


— Бұл құбылыс жуырда ғана ашылды. Сондықтан ғой қазір деп жатқаным. Айталық, мұны натурфилософия өзінше сипаттаса, стратегиялық философия мүлде басқаша сипаттайды...


— Стратегиялық философия деген философия жоқ қой! — деп мырс етті кандидат.


— Солай-ақ делік, бірақ табиғат диалектикасы деген бар ғой, — деді Глеб көп алдында. — Ал табиғатқа анықтаманы философия береді. Табиғаттың бір элементі ретінде жуырда ғана салмақсыздық жарыққа шықты. Сондықтан да мен философтардың арасында абыржушылық байқалған жоқ па деп сұрап отырмын.


Кандидат қарқылдап күлді. Бірақ өзінен басқа ешкім күлмеді... Мұнысы оның өзіне де оғаштау көрінді.


— Валя, мұнда келші, бізде бір қызықты әңгіме болып жатыр! — деп әйелін шақырды.


Валя үстел басына келді. Константин Иванович сасайын деген еді, неге десеңіз, сұраққа қандай жауап берер екен деп сонда отырғандардың бәрі де одан көз алмай қалған.


— Алдымен келісіп алайықшы, — деді кандидат шынымен. — Әңгімеміз не жайында? Сөзіміздің тақырыбы не болмақ?


— Жарайды. Екінші сұрағым: Солтүстіктің жеке аудандарындағы бақсы-балгерлік мәселесіне өз басыңыз қалай қарайсыз?


Кандидаттар қосыла күлді. Күліп болсын деп Глеб те отыра берді.


— Әрине, ондай мәселе жоқ дегенсіп қоя салуға да болады. Сіздермен бірге күлуге мен де әзірмін... — Глеб мысқылдай езу тартты. — Бірақ оныменен ол өз-өзінен жоқ бола қалмайды ғой. Со лай емес пе?


— Сіз осының бәрін шыныңызбен айтып отырсыз ба? — деп таңырқай сұрады Валя.


— Айыпқа бұйырмаңыз. — Глеб оған тұра беріп басын иді. — Бұл, әрине, аса бір іргелі де мәселе емес, сонда да мұны мына туысқанның қалай түсінетіні тұрғысынан қарап білген теріс те болмас еді...


— Қандай мәселе сондағың? — деп дегбіреп қалды кандидат.


— Бақсылық-балгерлік мәселесіне сенің көзқарасың? — Валя лажсыздан тағы күлді. Бірақ іле-шала Глебке: — Кешіріңіз, — деді.


— Уақа емес, — деді Глеб. — Түсініп отырмын, бәлки, мен бұл сұрақты мамандығына орай бермеген болармын.


— Ондай мәселе атымен жоқ қой! — Кандидат дүрсе қоя берді.


Енді Глеб күлді. Осыдан соң мынадай тұжырым жасады:


— Жарайды, жоққа жүйрік жетпейді! Өгізге өк деген демеу. Ондай мәселе жоқ-ақ болсын, ал әне біреулері... — Глеб қолдарымен әлденені ишараттап көрсетті, — билеп, қоңыраулары шылдырлап жатады емес пе... шын ғой? Бірақ қажет деп тапқан адам, — Глеб қайталап: — қажет деген адам оларды да жоқ дей салуына болады ғой, әрине. Өйткені егер де... Жарайды! Тағы бір сұрақ: Ай да ақыл-ойдан туған дегенге қалай қарайсыз? Ғалымдар Ай жасанды орбитаға орнаған, оның жүзінде жан иелері бар деген жорамал айтқан...


Кандидат таң-тамаша.


— Сіздерде табиғи бағыт жөнінде топшылау бар ма? Бүкіл ғарыштық ғылым қайда бағытталмақ?


Үйдегілердің бәрі де Глебті ұйып тыңдай қалған.


— Біздің ғарыштағы көршімізге адамзат барған сайын жиі қатынайтын болады дер болсақ, сондай-ақ күндерде бір күні естияр жан иелері одан әрі төзе алмай, біздің қарсы алдымыздан шығады деуге де әбден болады. Сонда біз олармен бірімізді-біріміз түсінісуге әзірміз бе?


— Сіз мұны кімнен сұрап отырсыз?


— Сіздерден, данышпандар...


— Ал сіздер әзірсіздер ме?


— Біз данышпан емеспіз, еңбекақымыз аз. Ал егер сіз көңіл қояр болсаңыз, шет аймақта жатқан мына біздің ойымыздың қай бағытта екенін ортаға салуыма болады. Айталық, айдың жүзінен жан иесі шыға келсін... Сонда бізге не істе дер едіңіз? Итше ұлы дер ме едіңіз? Қораз болып шақыр дер ме едіңіз?


Үйде отырған жұрт ду күліп, бір желпінісіп қалды. Олар тағы да Глебтен көз алмай қалған.


— Ал біз олармен қалайда түсінісуіміз керек қой. Рас па? Сонда қалай? — Глеб ойланғандай боп кідіріс жасады. — Менің ұсынарым мынау: біздің аспан дүниеміздің кестесін құмға сызып көрсетіп, оған мен жерден келіп тұрмын дегенді аңғарту керек. Кигенім кебенек болғанымен менің де басым бар, мен де бас білетін жан иесімін дегін. Мұны дәлелдеу үшін кестені көрсет оның өзінің қайдан келгені керек болса: алдымен Айды, сонан соң өзін нұсқа. Қисынды ма? Сонымен біз өзіміздің көрші екенімізді анықтадық. Бар болғаны сол ғана! Бұдан әрі өзімнің қазіргі кезеңдегі қалпыма келгенге дейін қандай жолмен өсіп-өркендегенімді түсіндіруім ләзім.


— Солай, солай-ақ делік... — Кандидат әйеліне сыр түйе қарады.


Онысы бекер-ақ болды, өйткені оның мұнысын аңдай қойған Глеб одан бетер үдей түсті. Деревняның білікті адамдарымен кездесіп, Глеб өзіне-өзі келіп алған шақта әрқашан осылай жасайтын-ды. Оның өзі де осы бір сәтті күтетін де, оған мәз болып қалатын.


— Әйеліңізді күлуге шақырмайсыз ба? — деді Глеб. Сырттай қарағанда мұны ол байсалды түрде айтқанымен, бүйірі бүлк ете қалған-ды. — Табылған ақыл ғой... Біз осы, алдымен, тым болмағанда газет оқуды үйренсек дейміз? Бұған қалай қарайсыз? Мұның кандидаттарға да зияны жоқ деседі ғой?


— Сіз тыңдаңызшы?..


— Тыңдап бақтық қой! Былайша айтқанда, алған баһарымыз да жоқ емес. Сондықтан ғафу етіңіз, есіңізде болсын, кандидат жолдас, кандидаттық дегеніміз костюм емес, сатып алып киіп жүре беретін. Алайда, костюмді де анда-санда тазалау керек болады. Ал кандидаттық, егер мақұл деп тапсаңыз, костюм емес екен, ендеше оның...тізгінін босаңсытпау керек. — Глеб ақылгөйсіп баяу үнмен түйдектей соғып отыр. Әбден бабына келіп алған. Кандидат адам аярлық кейіпке келгендей: біресе әйеліне, біресе Глебке, біресе сондағы отырғандарға жалтақ-алтақ қарайды... Ал олардың бұған тіктеп қарағысы жоқ. — Әрине, мұндағы мына біздерді: таксимен жүйткітіп келіп, оның бөксесінен бес шамаданды тымақша атып, таң-тамаша қалдыру қиын емес...


Алайда, сіз мағлұмат дегеннің қазір барлық жерде бір қалыпты тарап отыратынын ескермейсіз. Мен сізге айтайын, бұл арадағыларды керісінше таңырқатуға да болады. Бұл да ғажап емес. Мұндағылар кандидат дегендердің бет-аузын да көрмеген шығар деп ойлауға да болар. Бірақ олар бәрін де кандидаттарыңды да, профессорларыңды да, полковниктеріңді де көрген. Оларды сүйсіне еске алып та отырады, өйткені олардың бәрі де бір қалыпты өте қарапайым. Демек, кандидат жолдас, менің сізге берер ақыл-кеңесім: ауық-ауық төменгі жерге де қонып кетіп тұрыңыз. Оллаһи деп айтайын, мұнда үлкен мән бар. Бұдан келер қауіп-қатер жоқ: жығылсаң да еш жерің ауырмайды.


— Барып тұрған сандалбай көку деген осы да, — деді кандидат. — Сен өзің күшәла жегеннен саумысың? Мұнымен не айтпақсың?


— Білмедім, білмедім, — деп Глеб оның сөзін бөліп жіберді. — Мұның аты не екенін біле алмадым. Лагерьде отырып көргенім жоқ. Көкек өз атын өз шақырадының кері болып жүрмесін мұның? Бұл арада, — деді Глеб сонда отырғандарға жағалай бір қарап алып,лагерьде болған ешкім жоқ. — Мұныңды түсінбейді. Ал әйелің саған таңырқай қарап қалды. Мұны ана жақта отырған қызың естиді. Естиді де Москваға барып "көкитін" болады. Есіңізде болсын, кандидат жолдас, бұл жетім сөздің ақыры жақсылыққа апарып соқпауы ықтимал. Құрал біткеннің бәрі бірдей күшті емес, шыны сол, бәрі бірдей емес. Кандидаттық қорғағанда профессордың алдында көки қоймаған боларсыз. Солай ғой? Глеб орнынан тұрегелді.Сондай-ақ амал-айламен жаба тастамақ та болған жоқсың. "Соқыртеке" де ойнаған емессің. Өйткені профессорларды сыйлау керек істің тағдыры солардың қолында ғой, ал біздің қолымызда дәнеңе де жоқ: бізбен "соқыртеке" ойнауға да болады. Солай ма? Жоқ, ол бекершілік. Біздің де аздаған "әжік-бүжігіміз" бар. Газетті біз де оқимыз, кейде кітап та оқып қоямыз... Айта берсек, тіпті телевизор да қараймыз. Ол ол ма, нанар болсаңыз, КВН де, "Он үш орындықтың кабачегі де" бізді қуантып, таңырқата алмайды. Неліктен дерсіз? Өйткені оны да баяғы асып-тасушылық жайлаған. Менмендік дегеніңіз бес Чаплинге жүк болардай. Кішіпейілділік керек қой.


— Мынау нағыз өсекшіл, жалақордың дәл өзі ғой! — Кандидат әйеліне күйіне қарады. — Сөз саптауы, бүкіл әрекеті мен тілмарлығы соған саяды.


— Тап баса алмадыңыз. Осынша жасқа келгенше бірде-бір жанға жала жауып немесе үстінен домалақ арыз айдап көрген емен. — Глеб сонда отырған ауылдастарына қарады, олардың бәрі де мұның шындық екенін білетін еді.— Мүлт кеттіңіз, кандидат жолдас. Қаласаңыз, менің мінезімнің қандай екенін айтайын.


— Ал айт.


— Тұмсықтан шерткенді тәуір көремін шамадан шыға шалықтама! Кішіпейілділік керек, қымбатты жолдастар, кішіпейілділік...


— Біздегі оспадарлықты қай мінезімізден таптыңыз? — Валя шыдай алмады. — Оның сипаттары қандай?!


— Қазір оңаша қалғанда жақсылап тұрып ойластырып көріңдер. Ойласаңдар, бәрін де табасыңдар. "Бал" деген сөзді жүз рет қайталағанмен ауызға оның дәмі білінбейді. Мұны түсіну үшін кандидаттық қорғаудың да қажеті жоқ. Рас па? "Халық" деген сөзді әр алуан мақалаларда жүздеген рет жазуға болады, бірақ оныменен білімің артпайды. Мұнымен ол халыққа жақындаса алмайсың. Ендеше сол халықтың арасына келер болғанда сәл де болса етек-жеңдеріңді жинай түсіңдер. Әзірліктерің болсын дегендей. Олай болмаған күнде ұятқа қаларың оп-оңай. Қош-сау боп тұрыңдар. Демалыстарыңды ойдағыдай өткізулеріңе нәсіп болсын... көптің арасында, — Глеб дестене езу тартты да үйден шығып жүре берді. Ол сайыстан соң әрқашан осылай аттанатын.


Ауылдастарының қайтқан бетте өзара айтып бара жатқанын Глеб есіткен де жоқ:


— Бәлемнің екі аяғын көктен келтірді, тапқырын-ай, иттің. Айдың жай-жапсарын қайдан біліп алған десеңші?


— Омақасырды.


— Атама... Қайдағыны қайдан біле берді екен! — Ауылдастар бастарын шайқап, аузын ашып, көзін жұмады.


— Шалдырмайды ит. Константин Ивановичті жүндей түтті. Түткенде қандай! Ал анау, Валяны айтамын, жұмған аузын аша алмады.


— Не айта қоймақ? Бұл арада ештеңе де айта алмайсың. Костя бірдеңелер айтқандай еді, әрине... Бірақ оның бір сөзіне бұл бес сөзбен жауап қайтарып, аяғын қия бастырмай қойды емес пе.


Ауылдастардың үнінде аяушылық сарын бар. Глеб десе баяғысындай таң-тамаша болады. Қайран қалады. Мұнда оған деген сүйіспеншілік болсашы. Атамаңыз, ол да жоқ. Глеб қатал, ал қаталдықты ешқашан, еш жерде, ешкім ұнатқан емес.


Глеб Капустин ертең жұмысқа келген бойда, жымың етіп қояды да сөз арасында ауылдастарынан:


— Иә, кандидат не күйде? — деп сұрайды.


— Омақастырдың ғой оны, — деседі олар Глебке.


— Ештеңе етпейді, — деп мардамси Глеб. — Бұдан келер зиян жоқ оған. Қолы боста ойлансын. Әйтпесе тым дандайсып кетеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу