Әңгімелер ✍️
Менің күйеу балам бір машина отын ұрлады
Веня Зяблицкий аласа бойлы, жылпың әрі ашушаң жігіт еді, әйелімен, енесімен мықтап жанжалдасып қалды.
Веня сапардан қайта оралса, оның былғары пальто алуға арнап жинап жүрген ақшасына әйелі Соня өзіне жасанды қара елтірі пальто сатып алып қойған. Мұнысын ол Веняға былайша түсіндірді:
— Жаңа ғана келіп түскен пальтоны жұрт таласып-тармасып алып жатыр екен... Ойлана-толғана келе мен де біреуін алып қалдым. Мұным дұрыс қой, Вень?..
— Алдым де? — Веня жақтырмай қабағын шытты. — Алдымен ойланып, сонан кейін барып алғаның дұрыс болған. — Веняның былғары пальтоны желбегей салып, демалыс күні селоны аралап шықсам-ау деген арманы келмеске кетті Рақмет. Еркегіңді ойлаған екенсің... Иттен жаралған.
— Мұның қалай?
— Мұным солай, бәрі де орнында. Рақмет деймін.
— Не деп үріп тұрсың?
— Үрген кім бар? Бәрі де орнында — дедім ғой! Сенің алба-жұлба боп жүрген түрің мынау, әрине, пальто керек... Пальтосыз қалай жүрмексің. Пальтосыз жүру деген өліммен тең емес пе!..
Былқылдаған етжеңді, дөңгелек жүзді Соня шешесіне шағым айтуға кетті.
— Мам, көрдің бе ананың қандай өнер көрсетіп жатқанын. Пальто сатып алдың деп жер-жебіріме жетпесі бар ма! Соняның жасы отыздан асып бара жатса да жас баладан жаман, шешесіне жүгіріп келіп шағым айтатын әдеті. —Арамтамақтар дейді!
Веняның енесі түпкі бөлмеден шыға келді, жасы алпыста, бұл да дөңгелек жүзді келген, қарулы, адуын, өмірге деген көзқарасы мығым қай жағынан болсын өте мықты адам. Кезінде колхоздастыру ісіне де атсалысқан.
— Мұның не сенің, Вениамин-ау? — деді енесі тепсініп.
— Сенен басқа еркек болса бұған қуанбас па еді...
— Мен де қуаныштымын! Қуанғаным соншалық, селоның екі көшесін тыр жалаңаш шыр айналып шығуға әзірмін.
— Егер түсінігің жетпейді екен, онда айтқанға құлақ сал! — Ене даусы өктем шықты. — Жақсы киінген сұлу әйел — ерінің сәні. Сенің осыны ойлауың керек емес пе! Сиықсыз неме-ау.
Веняның сиықсыз екені рас-ты. (Бойы тапал, қатпа, шикіл сары... оның үстіне ақсақ: бала кезінде соқада тіркеуші боп жұмыс істеп жүргенде ұйықтап кетіп аңызға құлап түскенде аяғын соқа жаншып кеткен). Сиықсыз деп осындай кемтарлығын айтқанда Веняның қаны қайнап кетті. Қатты ашуланды.
— Иә, солай, әрине, сіздер еркектің сәнін қалай енгізуді білесіздер. Сіздер олардың екеуін сәніне келтіріп үлгергенсіздер... — Веняның атасы да, Соняның бұрынғы күйеуі де отырып шыққан-ды. Атасы ішіп-жеп қойғаны үшін, Соняның байы мас болып төбелескені үшін сотталған. Ұзын-құлаққа қарағанда, байын да, күйеу баласын да соттатуға Лизавета Васильевнаның өзі себепкер болғанды.
— Өшір үніңді! — деді Лизавета Васильевна ызбармен. — Жағыңды қарыстыра қоярмын. — Шикі өкпе. Маңқа неме.
Не болғанын білмей өзін-өзі ұмытқан Веня жер бетінен шарқ ұра көтеріліп кеткендей болды. Сонан соң енесіне биіктен қаршығаша шүйілді.
— Сен маған қай бетіңмен дауыс көтермексің?! Кәрі салдақы...
Бұл үшін отырғызып қоюға да болатынын Соня ә дегенде білмей қалды. Тек шешесі үшін қатты ызаланды.
— Па, шіркін, жас екен ғой! — деп дүрсе қоя берді. — Жасың жиырма сегізде болса да, әлден-ақ теке сасисың.
Әлгі сөзі үшін Веняны отырғызып қоюға болатынын енесі аңғарды.
— Солай ма... Сен не дедің? Мені салдақы дедің ғой? Жарайды! Салдақы дейді? Куәлердің көзінше. Ол милицияға арыз жазбақ болып түпкі бөлмеге кіріп кетті. — Салдақы дегенің үшін сазайыңды тарттырамын! — деп айғайлады... дауысы дірілдеп естілді. — Көрсетейін мен саған көресіңді!..
— Эйда! Эйда жаз, жазбасаң ішің кебеді ғой Былайша Веня аздап қорықты да. Не деп болады. Ол аудандағы бастық біткенмен түгел таныс. — Саған кісі соттату деген насыбай атқанмен бірдей.
— Мен алғашқы колхоздарды құрғанмын, ал сен мені салдақы дейсің! — Енесі есік көзінде тұра қалып шаптықты.
— Ақсақтығына да қарамай машинада жұмыс істейді деп мен туралы газетке де жазылған! Веня да жұдырығымен көкірегін түйгіштей айғайлады. — Менің он бес жылдық еңбек стажым бар!
— Жарайды. Ол саған анда барғанда керек болады.
"Андаң қай жер сенің?!Андаң не, салдақы-ау?"
— Алдымен отырғызып ал! Сонда мен ойланып көрейін қайда керек, қайда керек емес екенін. Жалмауыз...
— Отырғызамыз, — енесі тағы да қалш-қалш етті. Сөйтті де арызын жазуға кетті. Алайда іле-шала қайтып келіп тағы да айғайға басты:
Сен бір машина отын әкелгеніңді білемісің?! Оны қайдан алдың?! Қайдан деймін?!
— Сені жылытайын деп әкелгенмін...
— Қайдан алдың?! — Лизавета Васильевна екілене айғайлады.
— Сатып алдым!
— Ақшаны қайдан алдың? Алған еңбекақыңды түгелдей үйге тастап кеткенің кәне! Ағашты сен мемлекет орманынан тегін қидың. Сөйтіп бір машина ағашты ұрлап әкелдің!
— Жарайды, солай-ақ болсын, ізін суытпай тиісті жерге сонда неге айта қоймадың? Ол ағашты өз отыңа жаға отырып неге үндемедің?
— Мен бір жаппаның астында кіммен бірге тұрып келгенімді енді ғана білдім.
— Э-э... бұлаң құйрыққа салдым десейші. Егер отырады екенміз, онда абақтыда бірге отыратын болдық: ұрлаған мен, ұрлықты пайдаланған сен. Маған үш жыл саған кем дегенде бір жарым жыл. Солай. Заңды біз де білеміз.
— Жо-оқ, сен оны әлі біле қойған жоқсың!.. Отырғанда білесің.
Енесі айтқандай-ақ ауданға, милицияға арыз апарып қайтты. Бірақ бір машина отын жайында ештеңе айта алмаған сияқты. Ондағылар арызды әзірге отбасы ұрыс-керісінен басқа еш нәрсе жоқ болғандықтан, оны совхоз директорына беріңіз дегенді айтқан. Шынында да, алғашқы келген арыз бойынша адамды бірден қылмысты жауапқа тартуға болмайтын еді. Егер бұл айып қайталанса ол мас күйінде болса... бір сәрі. Лизавета Васильевна салып ұрып совхоз дирекциясына барды.
Веня дирекцияға шақырылды.
Совхоз директорының орынбасары алдында енесінің арызы жатыр. Орынбасар жас жігіт еді, сол жастығы және жөн білетіндігі үшін Веня мұны сыйлайтын-ды.
— Сіздерде қандай оқиға болған еді? Үстіңнен арыз түсті...
— Арыз! Ол өздері мұздай киінген, торт құбыласы түгел... әлгі біреулердің арызы да, — шынын айта бастады. — Ал менде осы үстімдегіден бөтен лыпа жоқ. Өзім өз болғалы 160 сомға былғары пальто алып сатып киейінші деп ақша жинаған едім, сол ақшама әйелім өзіне пальто сатып алып қойыпты. Оның өзінің жақсы, қыстық пальтосы да бар болатын.
— Солай-ақ болсын, ал біреуді балағаттаудың, боқтаудың не керегі бар?
— Мұндай қорлыққа кім шыдап тұрмақ. Тірнектеп жинап-тергенімді жұтып қойса. Моншадан шыққанда бір жұтым арақ алып ішуге қимайтын едім, оған ол өзіне пальто сатып алған. Пальтосы бар бола тұра! Жоқ болса бір сәрі. Пальтосы бар ғой! Сонда не жазбақ арызында!
— Жазып баққан...
Веня енесінің бір машина отынды мұнда сөз етпегенін осы арада аңдағандай болды. Жасырған.
— Ұжымдастыруды қолдан атқардым деп те жазған болар?
— Жазған, әрине... Не дегенмен де... керегі не еді, балағаттап, жасы үлкен адам ғой. Ал пальто сатып алса, алған екен! Ол да жұмыс істейді емес пе, әйеліңді айтамын.
— Ол алпыс сом әкеледі, жылы жерде отырады, ал мен аз дегенде жүз жиырма сом әкелемін. Бұл нормадағыдан да артық. Жарайды, мен одан ақша алмай-ақ қояйын! Апыр-ау, енді жан болып менің де бірдеңе алуым керек қой! Олар алған киімдерін кисе екен-ау! Сатып алады да сандыққа тоғыта береді. Мен болсам жұрт көзіне көрінуге ұялып жүрген түрім мынау. Директордың орынбасары не дерін білмеді. Ол Веняның бар шындықты жайып салғанына сенді.
— Бәрібір керегі жоқ, Венямин. Мұнымен сен ешнәрсені дәлелдей алмайсың. Әйеліңмен сөйлес... Ол не айтар екен? Жас әйел ғой түсінер...
— Ол деген не! Оның қолында тұрған дәнеңе жоқ. Бар пәле мынада, — Веня арызды нұсқап иек қақты.Бәрін де жатқызып өргізетін осы.
Әңгіме осы сияқты сарында өтті, Венямин контордан сәл де болса жаны сергігендей болып шықты. Бірақ енесіне деген өкпесі, ашу-ызасы кеміген жоқ.
"Мұндай да аждаһа болады екен, — деп ойлады Веня, — отырғызу дегенің бұған бұйым емес. Не деген қаскүнем жан десеңші! Өмір бойы істеп келе жатқаны жаманшылық салдақының. Мұндай жанның барынан жоғы жақсы емес пе"
Веняға досы ғана емес, жақсы жолдасы Колька Волобуев кездесе кетті.
— Саған не болған? — Бір тамашасы, Колька әманда аузын ашпай булыға сөйлейді. Кімге де болса көзін сәл сығырайта, жылы қарайды. Жігіттің мінезі солай.
— Нені айтасың?
— Әлдеқалай... Оқ тиген торғайға ұқсап қалыпсың. Қай жақтан келесің секектеп?
— Контордан. — Веня оған бастан-аяқ бәрін айтты. — Былғары пальтомен қош айтысқанын, үй-ішімен қалай жанжалдасқаны, енесінің оны отырғызбақ болғаны ештеңе қалдырған жоқ.
— Екеудің басына су құйған еді, ол аз болған ғой. — деді Колька тісін қайрап. — Жүр кеттік, ішелік.
Веня іркілген жоқ жүріп кетті.
Ішіп болған соң Колька тұнжыраған көкшіл көздерін сығырайта отырып Веняға ақыл үйрете бастады.
— Құйрығына мүсәтір қыстыру керек оның. Тек із қалдырма. Әйтпесе олар сені түтіп жеп қояды. Өзіңе шүйілген шақта кемпірді бірер рет зәресін ұшыра қорқыт... Болмайды екен, олар сені ерттеп мініп алады. Қайда жексе сонда кететін есегі боласың да қоясың.
Веняны ашу қысып, қаны қайнап кетті. Түйенің жарты етіндей Сонядан көрген қорлығы көпке дейін не тимей, не қоймай ит әуреге салып, не "болады", не "болмайды" жоқ, қақпаның алдында "мияулатып" қойғаны бәрі де бірден есіне түсе қалды. Жоқ, шынында да бәрін бір қалыпқа келтіру керек. Өйтпейінше үй иесі болғаны қайсы мұның! Есек деп Колька дұрыс айтты.
— Бара сала біреулерге мүсәтір қыстырамын. — деді ол. Ақсаңдай басып үйіне келді. Ыза, қорлық көкірегіне сыймай барады.
"Тапқан екенсіңдер ақымақты! Иттің күшіктері. Онымен де тұрмай милицияға жүгіреді! Салдақы!" Соня үйде жоқ екен.
— Ол қайда кеткен? — деп сұрады Веня.
— Мен қайдан білейін, — деп енесі шап ете түсті. Бұл екі ортада контордағы үй сыпырушы бұған: милицияда Веняға онша ұрыспапты деген хабар жеткізген-ді. (Бұл қалай: Лизавета жұмыс істемегелі бес жыл, сонда да басқалар онымен есептесетін: ыбыр-сыбырына араласып, тіпті бұдан қаймығатын да.) Ол маған есеп бермейді.
— Қысқарт! — деп ақырды Веня табалдырықта тұрып. — Тым көбірек оттап, былшылдайтын болып барамыз!
Лизавета Васильевна күйеу баласына таңырқай қарады.
— Бұл не? Ішіп алғаннан саумысың?
Веняның басына бір тапқырлық ой келе қалды. Ол аулаға шығып сарайдан балға, оншақты жуан шеге тауып алды. Бәрін де қалтасына салып, қайтадан үйге келді.
— Әне біреу не зат? — деп сұрады ол жаймен.
— Ол қандай зат? Қайда? — деп іліп әкетті енесі.
— Дәретхананың.... жоғарғы жапсарында тығулы тұрған қызыл шүберек не?
Енесі дәретханаға қарай ұмтылды. Веня оның соңынан ерді.
Енесінің дәретханаға кіре бергені сол еді, Веня есікті сыртынан жаба қойды. Содан соң оны шегелей бастады.
Енесі айғай салды.
— Біраз отыра тұр, ойлан, — дейді Веня. — Біреуді отырғызуға өзіңнің де жаның құмар еді. Енді соның не екенін оз басыңнан кешіп көр. — Есікті ашылмастай етіп шегелеп болған соң үйдің есігі алдына келіп отырып, Соняны күтті.
— Аттан! — Лизавета Васильевна айғай салды. — Қайдасыңдар, жараңдар, құтқарыңдар! Ашыңдар есікті!
— Бақыр, бақыра түс... Сенің даусыңды естіп жатқан ешкім жоқ.
— Қайдасыңдар, жұртым-ау, менің күйеу балам бір машина ағаш ұрлаған. Күйеу балам ағаш ұрлады! — деп қақсап тұр енесі.
Веня қоқан-лоқымен:
— Айғайды қоймасаң, қазір сол тұрған жеріңде өртеймін. — деді. Енесі жым болды, тек:
— Жетер енді, Венька!.. — деді.
— Қорқытпақсың ғой?
— Жоқ, қорқытқаным емес, тап осыңның өзі үшін де ешкім маңдайыңнан сипай қоймас.
Веняның көзіне анадай жерде жатқан бір түйір әк түскен еді, соны ала сала дәретхананың есігіне:
"1969 жылдың 25 маусымында пломба соғылды. Ашуға болмайды" деп жазып қойды.
— Венька деймін!
— Қазір енді сенің Соняңды үйтемін... Енді ол кірерге тесік таба алмайды. Қара елтірінің ішінде жүріп, мені қақпақылдауға көне беретін есек дейсіңдер ғой? Үйге мен қаншама ақша әкелдім, сонда да маған жібі түзу бір костюм сатып әпердіңдер ме?
— Сен дайын дүниеге келіп күмп ете қалдың емес пе?
— Мен лыпасыз тыр жалаңаш келген болсам, сол тыр жалаңаш күйімде қалмас па едім. Мені өзіме бір көйлек сатып алатын ақша таппады дегенге кім сенеді. Сен басқаларды кулакка тарттың. Ал барып тұрған кулак мына сенің өзіңсің! Дүние деген сандықтарыңа сыймай кетті.
— Сенің тапқан дүниең емес ол!
— Сен тапқан екенсің ғой? Байың кім үшін ұрлады? Ал ол саған керек болмай қалған еді, соттатып, отырғызып қойдың. Енді өзің отырып көр. Үш тәулік отырасың. Қолыма мылтық алып саған ешкімді де жібермеймін. Бұл сені отырғызғаным. Сойқандығың үшін.
— Болды ғой енді, Венька!
— Солай. Дыбысыңды шығарады екенсің, сорыңды сорпадай қайнатамын.
— Кемпір адамды бұлайша қорлау деген қайда бар?!
— Сен жұртты кәрі демей, жас демей өмір бойы қорлап келесің.
Веня Соняны тағы біраз күтті де, келмеген соң оны селодан өзі іздеп шықты.
— Тырп етуші болма! — деп бұйырды ол енесіне.
Ол күні Веня әйелін таба алмады. Енесін көршілері "абақтыдан" босатып жіберді.
Сот дүрмекті өтті. Клубта жұртқа жария, ашық жүргізілді.
Сотта Лизавета Васильевна жылады, тағы да өзінің алғашқы колхоздарды құрысқанын айтты, сондай-ақ "абақтыда" отырып бастан кешкен азабын баян етті, Веняны қалайда қамауға алуды қалайтынын білдірді. Бірақ ауылдастары бұған қарсы болды. Веняны көрі-жас жұдырықтайынан түгел білетін, жетім боп өскенін айтты, өзі елгезек жуас, ешкімді маңдайынан шерткен емес десті... Жаза беру керек шығар, әрине, бірақ абақтыға отырғызу обал! Көптен бері зейнеткер, көпке сыйлы, байыпты қарт солдат Михайло Кузнецов тебірене сөйледі:
— Азамат судьялар! — деді ол. — Мен Веньканың әкесін білетін едім, ол қан майданда жауға қарсы ерлікпен қаза тапты. Шешесі колхозда жан аямай еңбек етті, ол да қайтыс болды. Веньканың өзі он жасынан еңбекке араласты. Азаматша Киселеваны алар болсақ... ол әнеки жылап отыр, білеміз, қартайғанда дәретханаға қамалу дегенді құдай ешкімнің басына бермесін, ал солай да болса, өз басы өмір бойы маңдайы терлеп жұмыс істеп көрген жан емес. Қазіргісі де сол алатын зейнетақысы менікінен коп, ал мен болсам, үш бірдей соғысты бастан кештім: өне-бойымда сау-тамтық жоқ...
— Мен кедей отбасынан шыққанмын! — деп шаңқ ете қалды Лизавета Васильевна. — Мен алғашқы колхоздарды...
— Мен де кедей отбасынан шыққанмын. — деді Михайло. — Колхозды ұйымдастыруға сен бірінші болып қатыссаң, мен колхозға бірінші болып кіргенмін. Сенің қоғамға сіңірген ерекше еңбегің қандай? Соғыс кезінде ауылдағы кооперативтің председателі едің тамағың тоқ, көйлегің көк болды, біз мұны да білеміз. Ал жұдырықтай Веня өз бетімен күнелтті... Мұны бағалай білу керек. Бағаламасқа болмайды. Отырғызу оңай екен, сонда не деп отырғызады. Ол өзі әрі мүгедек.
— Оның алған алғысының өзі оннан асады! Алдыңғы қатарлы еңбек иесі екені әрбір мереке сайын атап өтіледі! — деген дауыстар естілді залдан.
Осы мезетте үстел басынан үстінде сәнді кәстөмі бар, келбеті келіскен жуан біреу түрегелді. Бәрін де өзі біліп тұрғандай-ақ, залға көз жіберді.
— Қымбатты жолдастар! Бәрі де түсінікті: сіздердің ауылдастарыңыз қойдан қоңыр, жуас, сүйкімді бала екен... — Ол осылайша бастап, бұдан ары көсіле сілтеді! — Қылмысты әрқашанда асқындырмай, жеңіл кезінде жазалаған дұрыс, ал тап мына жағдайда оның пайдасы да бар, — деп бір қойды. Мысалдар келтірді, осы сияқты көрер көзге моп-момақан балалар пышақ жұмсай бастағанда, қоғам үшін сақтық керек дегенді айтты...Қанына қарайған осы жігіттің тағы да мас бола ішіп, қолына балта алмасына көздеріңіз жете ме, кәне, айтыңдаршы? Немесе, тіпті мылтық кезенбесіне кім кепіл? Бір үйде екі ғана әйел екен. Ойлаңыздаршы...
— Ол арақ ішпейді...
— Сонда ол қолына балға алып, енесін дәретханаға қамап қойғанда газды су ішіп барған болғаны ма? Онда да қоғамға еңбегі сіңген қарт адамды! Сондағы жазығы не оның? Әйелі бұған былғары пальто әпермей, өзіне пальто сатып алғаны үшін бе?
Веняның отырған орындығы шайқала сықырлап кетті. Залдағылардың бірсыпырасы Венька енді қамалатын болды десті.
— Жоқ, жолдастар! Сотталушының бұл ісін қазір аяқсыз қалдырсаң — бұл біздің оған жасалған қайырымдылығымыз боп табылмақ. Ең абзалы, қазір соттау. Сонда біз оны үлкен қатерден арашалап алып қалған боламыз. Болмайды екен ол бір пәлеге тағы ұрынады.
Келбетті азамат сөзінің соңында Венькаға үш жыл беруді ұсынды.
Осы сәтте тағы да Михайло Кузнецов орнынан тұрды.
— Жолдас, сіз бәрін де өте дұрыс айттыңыз. Алайда мен Ұлы Отан соғысынан мынадай бір кішкентай шындықты мысалға келтірейін. Бізде жасы жиырмалар шамасында, осы Венька сияқты нәшекі бір солдат болды. Шабуылға шыққанымызда сол солдат қорқып, қолындағы винтовкасын лақтырып жіберген бойы екі қолымен басын ұстап құлай кетті. Саяси жетекшіміз оны табанда атып тастамақ болғанда, біз, егде солдаттар ара түсіп алып қалдық. Орнынан тұрғызып алғаннан кейін, ол да бізбен бірге жүгіріп келе жатты... Кереметті қараңыз! Бәріміздің көзімізше ол екі фашисті түйреп өлтірді. Фашистер — еңгезердей, ал әлгі фамилиясын ұмыттым, осы Венькадай-ақ бала. Оған мұндай күш қайдан келді! Мен мұны айтып тұрған себебім адам аяқ астынан осалдық білдіріп пәлеге тап болса, оны қайтып оңалмастай көреміз. Бұл арада асығыстық жасамау керек, ол әлі де болса өзіне-өзі келіп оңалады. Жолдас, сіз өзіңіз соғыста болған ба едіңіз? — деп сұрады Михайло одан сөз соңында.
Келбетті азамат бұл сияқты қабынды мысалға оншалықты айылын жия қойған жоқ. Түсінгендей боп езу тартты.
— Мен соғыста болдым, жолдас. Бұл сіздің сұрағыңызға жауабым. Енді сіз келтірген мысалға тоқталалық. Бұл.. әрине, елеуге тұрарлық, нақты мысал, бірақ бұл арада өз орнын тауып тұрған жоқ. Мұнда сіз, былайша айтқанда, құдайдың берген сыйын ботқамен шатастырып алдыңыз. — Келбетті азамат мырс етіп күліп қойған еді, сол сәт оның жуан қарны да солқ ете қалды. — Бұл мысалмен сіздің айтайын дегеніңізге қарама-қарсы нәрсені дәлелдеуге болады. Айтпақшы, ол солдатқа сот болды ма?
Михайло бірден жауап бере қойған жоқ. Жұрттың бәрі соның отырған тұсына назар аудара қалысты.
— Болды Михайло созалаң жауап берді. — Бірақ...
— Өте дұрыс. Бірақ...
— Бірақ ескертусіз қалдырды. — деді Михайло даусын көтере. — Басқа бөлімге ауыстырды.
— Онда мәселе басқаша. Ол орнынан түрегеліп, сіздерге ілесе жүгірсе, содан кейін екі фашисті найзаға жықса, бұл өзін-өзі айқын көрсетіп тұрған шындық дәлел, мұны ескеру керек және ескерілгенін көріп те отырмыз. Ал енді материалдық... жағынан ескеруге келмейтін де дәлелдер болады. Солдат қорықты, мылтығын лақтырды, құлады... Ол қорыққан екен түсінікті. Орманда жалғыз келе жатып аюды көріп қорқады екенсің, онда құдайдың жазуына, дәлірек айтқанда, аю сені талай ма, жоқ па соған жүгінесің. Бұл арада әңгіме солдат туралы, ол шабуылға жалғыз шыққан жоқ, ол өзінің сол қорқуымен бүкіл ротада қорқыныш туғызды.
— Олай емес! — деді Михайло. — Ол қорыққан екен деп біз жүгірісімізден танғанымыз жоқ.
— Сіздер басқа оймен жүгіріп келе жаттыңыздар. Бастарыңызда қорқыныш пайда болғанын сезіп-біле қойған жоқсыздар. Қорқақтық жасаған солдат сонысымен сіздерді алда қандай қатер кім біледі, өлім шығар күтіп тұрғанын аңдатты.
— Ол болмаса біз мұны білмей ме екенбіз.
— Ал енді қазіргі сөз болып отырған іске келер болсақ...
Венька келбетті азаматқа қарап, оның не айтқанын онша түсіне алмай отыр. Бар түсінгені — бұл да қалайда мұны отырғызу жағында. Енесі сияқты өшпенді емес, бұрын соңды Веньканы көрмеген адам. Бұған дейін ешуақытта да сот алдын көрмеген Венька мемлекеттік айыптаушы, қоғамдық айыптаушы дегендер болатынын білмейтін... Сот дегеніміз оның ұғымынша судья. Ал мынау адамға қайткен күнде де Веньканы үш жыл абақтыға отырғызу неліктен керек болды екен? Ол осыған түсіне алар емес. Судья үндемейді. Ал мынау орнынан ұшып тұрып неше рет десеңші отырғызу дегеннен басқаны білмейді. Венькада өшігу де, ашу да жоқ. Тек таң-тамаша боп есін жия алмай отыр. Сөзден де қалғандай. Сотқа тағы басқа айтарың бар ма деп сұрағанда ол иығын бір қиқаң еткізіп, асыға-үсіге, үрейлі кейіппен:
— Қажеті не? — деді. Сот құпия кеңеске кетті.
Венька отыр. Не боларын күтуде. Оны үрей қамап алған... Абақтыға барар алдындағы үрей емес: осында келе жатып ойластырған-ды. Жиырма сегізге үшті, тіпті төртті-ақ қосалық. Сонда отыз бір, отыз екі... Дәнеңе де емес деген-ді. Мұның үрейлендіретін әлгі келбетті азаматтың алды. Оған қарай-қарай көзінің үйренгені соншалық, қазіргі үстел басында жоқ кезінің өзінде де, ол мұның көз алдында: салмақты, байыпты, көңілді адам кейпінде тұр. Тағы да дәлелдей-дәлелдей келіп отырғызу керек дейді. Мүлде түсініксіз. Осыдан соң ол.. кешкі тамағын ішіп баласын ойнатып, әйелімен қалай бірге ұйықтамақ екен? Веня бұрын басқаларға жиі ашуланатын, бірақ олардан қорықпайтын.
Ал олардың қаскүнем келетінін енді ғана шошына түсінгендей болды. Бір жолы екі мастың Веняны сабағаны бар. Құшырланғаны ма, немене ышқына дауыстай жүріп сабады. Веня жанына батқан таяқты емес, сондағы ышқына шыққан үнді көпке дейін жиіркене еске алып жүрді. Бірақ олар есінен айырылған мас еді. Ал енді мынау білімді, ашудан аулақ, аспай-саспай жұрттың бәрін отырғызу керек деп иландырады. Құдая тоба десеңші!.. Енем ше!.. Ене әбжылан, ақала, күйеу баласын үш жыл емес, бес жылға кестіруге әзір. Бірақ мұны түсінуге болады. Ол елден шыққан сұрқия. Ал мынаныкі не!.. Бұл қалай?
Веняға екі жылдық шартты жаза қолданылсын деген үкім шығарылды.
Веняның жанашырлары қуанып қалды.
Ал Веня ерекше бір ой үстінде келе жатты. Әлгі келбетті азамат мұның көз алдынан кетер емес. Әлі де болса мұның таңырқаудан арылар түрі жоқ... Ол үнемі осылай істей ме екен?
Веня әзірше Колька Волобуевтікінде тұра тұрмақ болды.
Колька тағы да арақ ішелік деген еді, Веня бас тартты. Төргі бөлмеге ертерек барып жатты да ұзақ ойға кетті.
Өмір деген қызық екен ғой! Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, бәрі де астан-кестең болды. Қараң ғана қалса еді, сол бір былғары пальтосы түскір! Қайдан ғана аяқ астынан пальто сатып алмақ болды екенмін? Онсыз да тіршілік ете беруге болатын еді ғой. Соняны көндіріп шешесінен бөлек тұруымыз керек еді... Бірақ ол да ақымақ қой, шешесінің айтқанынан шыға қоймас-ау. Сол күні түнде Веня не ойласа да, жаны қаншалықты ауырса да келбетті азамат мұның есінен кетпей-ақ қойды жоғары мінбеден ашу-ызасыз, айғай-шусыз Веняға қарады да тұрды. Омырауында теңгедей бірдеңе жарқ-жұрқ етеді онысы галстукты көйлекке қосып ұстайтын қапсырма екен. Қою қара қастары кеңсіріктен сәл жоғары, бірімен-бірі тұтаса біткен. Шашын артқа қайырған, жалтырап тұр. Ал ұйысқан бірнеше тал шаштары маңдайына түсіп, сөйлеген кезінде дірілдеп қозғалып қояды. Жүзі дөңгелек ашық келгенімен байсалды, жымиып күлгенде бетінің ұшында шұңқыр пайда бола кетеді. Қысқасы, бұл келбетті адам Веняның діңкесіне тиіп-ақ бітті. Веня абақтыда емес, жолдасының үйінде жып-жылы қошқар тон жамылып жатқанына қуанған да жоқ.
Аздап ішіп алған жігіттер ауызғы бөлмеде түн ортасы ауғанша дабырласып дырдумен отырды... бұлар Веняға құтты болсын айта келсе де, әрі-беріден соң оны ұмытып, әрқилы ірілі-уақты істер жайын сөз етуге көшкен-ді.
Таңертең Веня ауданға жол тартты.
Күн шығар-шықпастан ерте аттанды. Күн жылы еді, жер түнде онша тоңази қоймаған.
Веня жолға әзірленді. Сапарда жүргенде, көптің арасынан аулақ оңашада, Веняның жаны жай табатын және ол өзі білетін адамдар әлдеқайда алыста қалып, енді қайтып қосылмастай көретін. Оларды тобымен еске алады... Мұның ойынша ондағылардың бәрі де әбден шатасып болған, ұрыс-керіссіз отырмайды, істерінде береке жоқ. Кешегі сот мұның есінде өте жайсыз жаман түс сияқты болып қалды. Веня арақты анда-санда ғана ішеді, ішті-ақ жаман түс көретін: кейде біреулер оны қуып жетіп сабағалы келе жатады, ал мұның жүгіруге мұршасы келмейді. Ақсақтықтан емес (түсінде ол ақсақ болып көрген жоқ), аяғы астынан кедір-бұдыр, шұқыр кездесе береді... Бір жолы белгісіз бір құрылыстың бойымен қашып келе жатып қазылған орға, шашылып жатқан тақтайға, аткөпір темірге кездесті. Түсінде ол бір бейтаныс базаға келіп, машинасына бензин құймақ болғанда бірнеше жасөспірім жігіттер ортаға алып, тәлкектеген: "сен ақсақ екенмін деп білгішсіне беруің керек пе? Солай ғой?". Ал өздері мұны ту сыртынан, бүйірден шығып қыспаққа ала бастаған... "Мен қайда жүріп білгішсініппін?дейді Веня мұңайып. Қорқып та тұр. — Мені білгішсиді дегенді қайдан шығарып тұрсыңдар? Бұларың қалай, жігіттер-ау".
— "Жоқ, сен қазір бізге жөн-жосық айтпақ көрінесің"... Веня: "Колька! Колька!" — деп дауыстап Колька Волобуевті шақырды.
Веня алда, жолдың 27-ші километрінде тұрған Волганы көрді капотын ашып тастап шопыр бірдеңелерін жөндеген болып жатыр. Ал оның жанында кешегі келбетті жігіт тұр Веняның жүрегі су ете қалды. Веня әлдеқалай сасып, тіпті жүрісін де баяулата түсті... Сол мезетте анау бұған қолын көтерді. Веня ойланбастан тоқтай қалды.
Келбетті жігіт кабинаға төне тұрып тіл қатты:
— Мені ала кетші... — Веняны таныды, — О-о. — деді ол, Веняның байқауынша бұл да абыржыңқырап қалғандай, — ескі таныс екенбіз ғой!
— Отыр! — деді Веня. Келбетті азаматтың әлгідей абыржуын байқағаннан кейін бұған да табанда оспадар әзілкештік пайда болды. — Жуандап келеміз бе қалай?
Келбетті азамат лып беріп кабинаға кірді де, Веняға күлімсірей тура қарады. Жолға шығысымен арада бір минут өткен соң Веняға көрген бетте келбетті азамат абыржып қалды деп жаза басып қалған жоқ па екенмін деген екі ұшты ой келді.
— Қалай? — деді азамат.
— Нені айтасыз?
— Көңіл-күйің қандай деймін... Мен сені енді апта бойы... ішетін болар деп ойлаған едім. Шынын айтсам, жігітім, кеше сенің жұлдызың оңыңнан туды деуге болады.
Веня үндемеді. Не айтарын білмеді. Өзін-өзі қалай ұстауды да біле алмай келеді.
— Әйеліңмен, әрине, айырылысатын боларсың? — Құптағандай кейіппен сұрады ол. Тағы да Веняға тура қарады.
— Әлбетте. — Кешегі соттағыдай-ақ, бұл адамның табанды, ақылды, қайсар екеніне оған қоса көңілділігіне Веня тағы да қайран қалды.
— Бе-еу, жігіттер-ай, жігіттер... Сендерге не дауа... Шөп басын сындырмадың деп айта алмаймыз тіршілік ету оңайға түскен жоқ, ал әп-сәттің арасында бәрінің де күлін көкке ұшыру деген не: отбасын бұздың, беделден айырылдың... әйеліңді сүйетін едің ғой?
Веня осы арада кілт ашуланып қалды.
— Онда сенің жұмысың болмасын. — деді.
— Әрине, менің жұмысым емес! — деді анау. — Сенікі. Сенің жұмысың, бауырым. Менікі болса, азабына мен қалар едім ғой. Тек сендей ақымақтарға жаным ашиды, әнеки, гәп қайда жатыр. Бес тиынға арақ ішіп, екі сом сексен тиынның азабын шегесіңдер. Ішіп болмай жатып теңселесіңдер. Мас емес адамның тіл табысуына болар еді ғой? Әйелің қандай әдемі, кеше көрдім. Бірге тұрып дәурен сүруге болмас па еді...
Бір мезет Веняның көзі ешнәрсені көрмей қалғандай болды. — Өзегі өртене Сонядан айырылғаны, біржола айырылғаны есіне түсті! Бейнебір шыңырауға құлап бара жатқандай жаны түршігіп кетті...
— Былғары пальто дегеннің жайы қалай, оны қайдан алмақ едің?
— Сол аймақта біреу тапсырыспен тігетін еді... — Веня алға көз жіберді. Алда Уш өзеніне салынған көпір бар-ды. Арналы да өрелі Уш көктемде Еділ сияқты бұрқана таситын.
— Пальтоға қанша алады? Өз материалынан тіге ме?
— Өз материалынан.
— Сонда ол қанша тұрады?
— Әрқилы. Мен жүз алпысқа алсам ба деген едім. Жақсы болса, одан да қымбатқа алмақпын.
— Жақсы болса дегенді қалай түсінуге болады?
— Айталық, былғарысы бір басқа, ұқсатылуы бір басқа... Ұқсату дегені әр қилы боп келеді.
— Мәселенки, ең жақсысын алғанда? Яғни былғарысы да, ұқсатылуы да жақсы болса, қаншаға түспек?
— Үш жүзге дейін барса керек... Біреуге төрт жүзге тігіп беріпті дегенді де есіттім.
— Ол аймақ қай тұста? Алыс па?
— Жоқ, алыс емес.
— Мекен-жайын білесің бе?
— Білемін.
Уштың жағасында қос тігіп жатқан туристер ГАЗ-69 машинасының кенеттен оңға кілт бұрылып, көпірдің қоршау-жақтауын қиратып барып өзенге құлағанын көрді.
Машинаны судан шығарып алғаннан кейін, апаттың себебін білмек болған еді, механиктер неліктен екенін таба алмады. Актіге "тізгіндеп, жүргізу тетігі шайнасып қалған екен" деп жазылды.
Екеуі де жолаушы мен шопыр өліп кеткен екен. Шопыр машина суға құлап түспес бұрын өлген: жүрегі жарылып кетіпті. Жолаушы есікті аша алмаған, көпірдің жақтауына ұрылған есік жапырыла қабысып қалыпты. Ол машинаның әйнегін де сындырмақ болған екен (екі қолы бірдей жараланыпты), бірақ әйнекті жартылай ғана сындырыпты, түгел сындырып үлгере алмаған. Тұншығып кеткен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter