Әңгімелер ✍️
Қасқыр
Жексенбі күні таңертең ертемен Иван Дегтяревке қайын атасы Наум Кречетов келді. Наум орта жасқа келген, жылпос та айлакер, пысық.
Қайын атасын Иван жек көреді, ал Наум қызын аяп, Иванның анау-мынауына амалсыз шыдайтын.
— Ұйықтап жатырмысың! — деді Наум салған жерден. — Ой-хой! Мұнымен, Ваняжан, бүкіл жарық дүниеден мақрұм кетесің ғой. Саламат па?
— Ол жаққа онша асыға қоятын мен жоқ. Зауқым соқпайды.
— Бекер айтасың. Түрегел... Ағаш алып келе қоялық. Бригадирден екі атшана сұрап алдым. Әрине, тектен-тек бере салған жоқ, бірақ солай болса, оның бір жөні бола жатар да отын керек боп тұр. Иван жатқан бойы ойланып қалды. Сонан соң орнынан тұрды да, киіне бастады.
— Жастар неліктен қалаға қашады, білесіз бе? — деді ол. — Өйткені онда нормасын орындаған соң, өз жөніне кете береді. Қалада адамның демалуына мүмкіндік бар. Мұнда қол-аяғың жерге тимей, жүргенің күндіз-түні салпақтап. Жексенбі де бұйырмайды бізге.
— Немене, сонда отынсыз отыру керек пе? — деді Иванның келіншегі Нюра. — Бұған ат тауып әкеліп тұрсаң да жақпайсың.
— Менің естуім: қалада да жұмыс істеу керек көрінеді, — деді атасы.
— Керек. Мен су құбырын жүргізетін ор қазуға қуана-қуана барар едім: барыңды салып бір-ақ қимылдайсың, оның есесіне кемтарлық көрмейсің су дайын, жылу дайын.
— Бір жағынан, әрине, су құбыры жақсы, ал екінші жағынан шын сор болар еді: онда сен ұйқыдан бас көтермей қояр едің. Жарайды, жүр кеттік.
— Шай ішесің бе? — деп сұрады әйелі.
— Ішпеймін, — деді Иван тәбеті тартпай.
— Жұтқансың ғой? — деді Наум білгісі келіп.
— Дәл солай, мәртебелім!
— Иә... солай де. Ал сен су құбыры дейсің. Айда, кеттік.
Күн шуақты, шайдай ашық еді. Қар жалтырап көзге шағылысады. Орман іші мұндағыдай емес, тып-тыныш, мүлгіп тұр...
Баратын жер алыс еді — жиырма шақырым мұғдары: ағашты жақыннан кесуге рұқсат жоқ-ты.
Наум алда келеді.
— Орманнан шығып, орманға отынға барамыз. — Мұндайда сұмдық болады екен! — деп қынжылады ол.
Иван шана үстінде қалғып келеді. Бір ырғақты жай жүріс тербетсе керек.
Ағашсыз алаңқайдан өтіп, сайға түскен соң бұлар енді тауға өрмелей бастады. Тау басында көкпеңбек болып ит мұрыны өтпес қалың ағаш тұр. Тауға қарай өте бере-ақ бұлар жол жиегіне таяу тұста тұрған бес қасқырды көрді. Орманнан шыға келген бойда осыларды күтіп тұрғанға ұқсайды.
Наум атының басын тежей қалып күбірлеп боқтай бастады:
— Тұқымың тұздай құрығыр... тарғыл-көкжалдардың жаланып тұрысын!
Иванның жеккені үркек жас жылқы еді, қыстығып шегіне-шегіне барып артқы аяғын тәртенің сыртына шығарып алды. Иван оны делбемен бұрмақ болды. Бірақ ат қитығып, сырттағы аяғын тәрте ішіне ала алмады.
Қасқырлар таудан құлап келеді.
Наум атының мойнын кейін қарай бұрып алып:
— Неғып байланып қалдың?! — деп айғай салды Иванға.
Иван шанадан секіріп түсіп, зорға дегенде атты тәртеге түсірді де... өзі шанаға құлай кетті. Ат та өздігінен бұрыла сала ұра жөнелді.
Наум ұзап кеткен еді.
— Талады, талады! — Есі-түсі қалмай атқа қамшыны басып барады.
Таудан құлай ұмтылған қасқырлар бұлардың жолын кесе төтесімен төпеді.
— Талады, талады! — Наум аттандап барады. "Мынау жынданған ба, — деп ойлады Иван. — Кімді-кім талап жатыр соншама!?" Ол қорқайын деді, бірақ бір ғажабы, қорқыныш та, бұл оқиға немен тынбақ деген үміт те, атасының мына мінезіне деген күлкі де бәрі бірден тоқайласа қалған. Алайда, кешікпей үміт азайды. Күлкі де жайына қалды. Қасқырлар жолға түсіп, шана соңында жүз метрдей жерде шұбай жортып келеді. Қуып жетуге айналды. Иван шананың маңдай ағашынан тас қып ұстап алған, екі көзі қасқырда.
Ең алда омырауы есіктей, тұмсығы тып-тықыр, құнан өгіздей арлан келеді. Шанадан бас-аяғы он бес-жиырма метрдей жерде. Иван қасқырдың қасқыр-итке ұқсамайтынын көріп таңырқады. Бұған дейін ол қасқырды жақыннан көрген емес-ті, ол да қасқыр-ит сияқты шығар, тек одан ірірек болар деп шамалайтын. Қасқырдың қасқыр екенін, жыртқыш екенін Иван енді түсінді. Ең қабаған деген итті де жеме-жемге келгенде қорқытып, еркелетіп, кенеттен ақырып тоқтатуға болатын. Мына тақыр тұмсық өлмей тоқтар емес. Арсылдамайды, айбат та шекпейді... Ол шананы қуып жетті. Дөңгелек келген сарғыш көздерінің жанары мөлиіп, жасқанбай қарайды.
Иван алақтап шана үстіне көз жіберген еді керек десе шыбық та табылмады. Екі бірдей балта атасының шанасында кеткен.
Астында бір уыстай шөп қалған, қолында бишігі ғана бар.
— Талады! — деп айғайлап барады Наум. Иванда зәре жоқ.
Алдыңғы көкжал шанадан өтіп атқа жанаса бастады. Арасы екі метрдей ғана жерде келеді... Иван сол қолымен шананың басынан ұстап түрегеле бере көкжалды бишікпен тартып қалды. Көкжал бұлай болады деп ойламаса керек, арс ете қалды да әрі қарай қарғып түсті. Жүгірісінен сәл танып та қалды. Соңынан басқалары да келіп жетті. Олар ағызып келген бойда көкжалдың төңірегіне топтана кетті. Анау шоқиып отыра кеткен бойы басқаларының кейбіреуін арс етіп қауып-қауып тастады... Қайтадан шана соңынан төпеп, айтқанша-ақ оны қуып жетті. Иван көкжалды бишікпен тағы да бір тартудың сәтін аңдыды. Бірақ анау алғашқыдай емес, шанадан бойын аулағырақ сала жортты. Тағы біреуі топтан бөлініп шығып, шананы екінші жағынан келіп қаусырмалай бастады. Иван тыжырынып, тісін қайрады. "Біттік... Өлдік". Алға қарады.
— Тоқта, ата! — деп айғайлады ол. — Балтаны бер.
Наум қамшы үстіне қамшы салып барады тоқтар емес.
Артына қарап, күйеу баласын қасқырлардың қамап алғанын көрген соң тоқтау қайда тарта берді.
— Атыңның басын тарт, ата! Балтаны бер! Сонда құтыламыз.
— Талады!
— Аттың басын теже дедім ғой. Тежесеңші... жексұрын!
— Оларға бірдеңе лақтыр! — деп дауыстады Наум. Көкжал атпен қатарласып, енді болмаса оған тап бере ұмтылудың сәтін аңдып келеді. Соңғы қасқырлар да жетеқабыл келіп қалды: кішкентай кідіріс болды-ақ, ағызған бойы шананың үстіне шығып кетердей одан соң іс бітті дей бер. Иван жандәрмен бір уыс шөп лақтырған еді, қасқырлар оны қаперге де алған жоқ.
— Ата, сәл кідіріп, балтаны маған лақтыр... Төбет!
— Ванька!.. Ал қарап тұр, лақтырамын!
— Бөгел дедім ғой!
— Ал лақтырдым! — Наум балтаны жолдың жиегіне атты.
Иван шамалап келіп, шанадан секіріп түсті де, балтаны алды. Ол секіргенде үш қасқыр шошып кетіп жалт берген еді, жүгірісін баяулатып, енді адамға шабуға оңтайланды. Бірақ көп болған жоқ, табанының мұздаққа тигенін сезе қалған көкжал да атылды. Ат жалт бере омбы қарға күмп ете қалды... Шана аударылып түсті: тәртелер қисайған шақта қамыт бұралып кетіп, ат буына бастады. Ат қырылдап тәрте арасында жанталасып жатқанда көкжал екінші жағынан келіп оны жарып та тастады. Қалған үш қасқыр да жемтікке ұмтылды.
Бес қасқыр тыпырлап жатқан атты тұс-тұсынан жабыла жұлқылап, аппақ қардың үстіне буы бұрқыраған ішек-қарынды ырылдаса сүйреп жатты, ал көкжал өзінің дөп-дөңгелек сарғыш көздерімен Иванға тайсалмастан екі рет қарады...
Осының бәрінің де адам айтқысыз тез жасалғаны соншалық, бір көрген түстей болып өте шықты. Қолында балтасы бар Иван не істерін білмей қасқырларға қарап тұрып қалған. Көкжал да бұған тағы бір қарап қойды... Оның менменсіген осы бір асқақ та залым көзқарасын көріп Иван қатты ыза болды. Ол балтасын көтере ұстап, қасқырларға бар даусымен ақыра ұмтылды. Олар бірнеше қадамдай жерге жылыстап, қан-қан болған ауыздарын жаласып тұра берді, тәрізі, қолында балтасы бар адамнан оншама сескенер емес. Ал көкжал аспай-саспай, ішіп-жей қарайды. Иван оны өзі білетін қайдағы-жайдағы барып тұрған бейпіл сөздермен боқтады. Балтасын сермей көкжалға қарай жүрген еді, ол орнынан қозғалмады. Иван тоқтай қалды.
— Сендер жеңдіңдер, — деді ол. — Жеңдер, көк шолақ иттер. — Осылай деді де деревняға қарай беттеді. Қанталауға түскен атына бұрылып қарағысы да келмеді. Бірақ шыдай алмады, қарады. Іші удай ашып аяп кетті, атасына да зығырданы қайнап келеді. Жолға түсіп тездете басып тартып отырды.
— Тоқтай тұр, бәлем!.. Көрермін сені, әбжылан. Құтылып та кететін едік ат та аман қалатын еді... Көрмейсің бе енді. Тұра тұр, қақбас.
Наум күйеу баласын бұрыла берісте күтіп тұрды. Оның аман-есен, тірі екенін көріп шын қуанды.
— Тірімісің? Құдайға тәубе! — дегенімен көңілі күдіксіз де емес-ті.
— Тірімін! — деді Иван. — Өзің тірісің ғой? Күйеу баласының көңілінде ыза бар екенін Наум даусынан таныды. Сақтықта қорлық жоқ дегендей шанасына қарай жылыстады.
— Аналар не істеп жатыр ана жақта?..
— Саған сәлем айтты. Төбет!..
— Сен өзің не оттап тұрсың?
— Оттағаным жоқ, сені сабамақпын.
Иван шанаға жақындай берді. Наум атын қамшының астына алып қаша жөнелді.
— Тоқта! — Иван айғай салып, шана соңынан жүгірді. — Тоқта! Малғұн!
Наум атқа қамшы басты... Енді екінші қуғын басталды: адамды адам қуып келеді.
— Тоқта деймін! — дейді Иван.
— Есуас неме! — деп дауыстады Наум. — Аузыңа келгенді неге оттайсың? Жындансаң керек! Менің не жазығым бар?
— Жазығың жоқ шығар?! Аман-есен құтылатын жерде мені тастап кеттің!
— Оп-оңай құтыла қалмақ екенсің ғой! Дәмесін!
— Тастап кеттің, әбжылан! Мен сені үйретемін. Құтыла алмайсың менен, одан да тоқта.
Оңашада соямын жұрт алдында абыройың кемімейді. Бұған көнбейді екенсің, онда көптің көз алдында масқара етемін. Бастан-аяқ бәрін де баяндап беремін... Одан да тоқтай қал.
— Қазір тоқтайын деп келемін, дәмесін мұның! — Наум атты үсті-үстіне қамшылап келеді.
— Сайтанның сапалағы... қайдан ғана тап болды екенсің басымызға пәле болып!
— Ақылға құлақ ас, тоқта! — Иван алқынып қалды. — Өзің үшін айтамын: оңашада сабап алайын және оны ешкімге де айтпаймын.
— Пері соққан жетімек. Сені бауырға тартып туысқан еткен едік, енді маған балта ала жүгірдің бе? Өзіңде ұят дегеннен ештеңе бар ма, жоқ па?
— Алдымен сілейте бір сабап алайын, ұят жайын онан соң сөйлесеміз. Тоқта! — Иванның жүгірісі өнбеді, біраз жер кейін қалып қойды. Ақыры жүгіргенді қойып, аяңға көшті.
— Бәрібір қолыма түсесің, ешқайда да қашып құтыла алмайсың! — деп дауыстады атасына соңғы рет.
Иван үйіне келсе, үйде ешкім жоқ екен, есіктің құлыбын ашып ішке кірді. Асадалды ақтарып жүріп кешеден қалған бөтелкедегі арақты тауып алып, бір стақанын құйып ішті де атасыныкіне қарай тартты. Атасының бақшасында аты қаңтарулы тұр.
— Үйінде екен, — деді Иван көңілі орнына түскендей боп.
Есікті итеріп қалған еді — ашыла кетті. Ол жабық шығар деп ойлаған-ды. Иван үйге кірді... Үйде мұны атасы, Иванның әйелі және милиционер күтіп отырған-ды.
— Жай ма, Иван? — Милиционер езу тартты.
— Солай ма... жетіп барған екенсің ғой? — деді Иван атасына қарап.
— Бардым, бардым! Жұтып та үлгергенбісің?
— Аздап тарттым... шешендік үшін. — Иван орындыққа отырды.
— Саған не болған, Иван? Есің дұрыс па өзіңнің. — Нюра желпінді. — Не керек саған?
— Сенің көкеңді үйреткім келеді... Адамгершілік дегеннің не екенін білетін болсын...
— Қой, Иван! — деді милиционер. Пәлеге кез болып, екеуің де қорыққансыңдар ғой... Солай болар деп кім ойлаған дейсің? Қатер ғой ол төтеннен келген.
— Біз оңай-ақ құтылып кететін едік. Мен топтанған қасқырдың ортасында жалғыз қалдым.
— Балтаны саған мен лақтырдым ғой. Сұрадың лақтырдым. Одан бөтен не істе демексің маған?
— Зәредей болса да адамға ұқсасаң нетті деймін. Сен адам емес, азғынсың. Бәрібір мен сені үйретпей тынбаймын.
— Иә, ұстаздық ету ғана қалған еді саған! Боқмұрын неме... Тентіреп жүріп дайын дүниеге келіп күмп ете қалған еді, енді сес көрсететінді шығарған. Сөйте тұрып еш нәрсеге риза да емес, су құбыры жоқ дейді тағы да!
— Әңгіме мұнда емес қой, Наум? — дейді милиционер.Су құбырының бұл арада қажеті қанша?
— Деревня жаман!.. Қала жақсы дейді. — Наум сөз аяғын жалғай түсті. — Сені кім шақырды мұнда? Наразылығыңды білдіргелі келдің бе? Жұртты дүрліктірмек екенсің ғой?
— Қарай гөр, кәрі сайтанды! — деп тамсанды Иван, орнынан тұра бере. Милиционер де түрегелді.
— Қойыңдар! Жүр, Иван...
— Мұндай алагүліктердің барар жерін білесің ғой? — Наум тайсалар емес.
— Білемін! — деді Иван. Басын төмен қаратып ойыққа тоғытады...Осылай деп ол атасына тап берді.
Милиционер Иванды шап беріп ұстап, үйден алып шықты. Тысқа шыққан соң екеуі аялдап шылым шекті.
— Неткен арамза десеңізші, — Иван әлі де ашуын баса алмай тұр. — Сөйте тұрып мені кінәлайды.
— Е, қойшы соны!
— Жоқ, оның шаңын мықтап қағуым керек.
— Онда өзің тұтыласың! Сол жексұрын үшін.
— Сен мені қайда апармақсың?
— Жүр, бізде түнеп шық... Ашуыңды бас. Әйтпеген күнде өз басыңа пәле тілеп аласың. Байланыспа онымен.
— Жоқ, болмайды. Мұның өзі... Неткен адам десеңізші?
— Қой, Иван, жұдырық жұмсаумен ешнәрсе тындыра алмайсың!
Бұлар көшені бойлай, селодағы абақтыға қарай келе жатты.
— Ол жақта ыңғайы келмеді ме? — деп сұрады милиционер.
— Жете алмай қалдым емес пе! — деді Иван өкінішпен. — Жеткізбей кетті.
— Әнеки... Енді болмайды бітсін сонымен.
— Ат аянышты.
— Иә...
Екеуі көпке дейін біріне-бірі тіл қатпастан келе жатты:
— Мені босатсаңшы. — Иван тоқтай қалды. — Жексенбі күні мен онда отырып не бітірмекпін? Оған тимей-ақ қояйын.
— Жоқ, жүр. Жүресің. Кейін пәлеге қаласың... Саған жаным ашып айтып тұрмын. Сонда барып шахмат ойналық... Шахмат білетін бе едің?
Иван шылымының тұқылын түкіріп сөндіре тастап, қалтасынан шылым алып жатып:
— Білемін, — деді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter