Әңгімелер ✍️
Күн, шал және қыз
Күн дегеніңіз нағыз ми қайнатар ыстық еді. Жер де, ағаштар да күйіп тұр. Шөп біткен қурап кеткен, аяқ бассаң сытыр-сытыр етеді.
Нақ осындай шақта да, қаусаған кәрі шал ағыны қатты Катуна өзенінің жағасына шығып, әрқашан бір жерге қурап-сынып өзенге құлап жатқан ағаштың жанына келіп, күнге қарап отыратын да қоятын.
Мұнда тек кешке қарай ғана салқын түсе бастайды.
Күн таудан аса құлаған шақта ол қызарып, үлкейіп кеткен.
Шал селт етпестен отыр. Саудыраған, тарамыс, қоңырқай қолын тізесіне қойған. Беті-жүзін әжім басып, жасаураған көзі тұнжырап тұр. Мойыны шидей, аппақ қудай басы шақшадай. Сидиған сүйектері көкшіл шыт көйлектің астында менмұндалап шодырайып тұр.
Осылайша отырған шал бір жолы ту сыртынан:
— Сәлеметсіз бе, ата! — деген дауысты естіді.
Шал басын изеді:
Қолында шағын ғана шамаданы бар бір қыз оның жанына келіп отырды.
— Демалып отырсыз ба? — Шал тағы да басын изеп:
— Иә, — деді.
Қызға бұрылып қараған шал жоқ.
— Мен сізді қағазға түсіріп алайын деген едім, рұқсат па? — деді қыз.
— Ол не үшін? — Шал түсінбеді.
— Суретіңізді саламын.
Шал аз уақыт үнсіз күнге қарады, кірпіксіз қызыл қабағын қағып-қағып қойды.
— Қазір менде не сиық қалды дейсің, шырағым. — деді ол.
— Неге? — Қыз біршама қысылып қалды. — Жоқ, сіз әдемісіз, ата.
— Оның үстіне ауырамын.
Қыз көпке дейін шалдан көз алмады. Сонан соң жұмсақ алақанымен шалдың тарамыс қолын сипап:
— Сіз өте әдемісіз, ата. — деді, — Шын әдемісіз. Шал баяу ғана езу тартты.
— Олай болса суретіңе сала бер. Қыз шамаданын ашты.
Шал қолын аузына тосып, бір жөткірініп алды.
— Қаладансың ба? — деп сұрады ол қыздан.
— Иә
— Бұл жұмысыңа ақы төлейтін болар?
— Әрқалай. Жақсы жасап шығарсам төлейді.
— Соған ұмтылу керек.
— Аянып қалмаймын ғой.
Тым-тырыс.
Шал со беті күнге қарап, қалған. Қыз қырын қарап отырған шалдың бетіне әлсін-әлі қарап, суретін салды.
— Сіз осы жерденсіз ғой, ата?
— Осы жерденмін...
— Осында туып-өскенсіз бе?
— Осында ғой, осында.
— Сіз қазір нешедесіз?
— Жасымды айтасың ба? Сексендемін.
— Еһе-е!
— Иә, аз емес, — деп қостады қария, тағы да сәл ғана езу тартты. — Өзің ше?
— Жиырма бестемін.
Тағы да үнсіздік орнады.
— Күнді көрмейсің бе, қандай! — деді шал сұқтанғандай болып.
— Қандай? — Қыз түсінбеді.
— Үлкен.
— Иә... солай. Бұл өте бір қызықты жер екен.
— Сонау суды көрдің бе, қандай... арғы қабақтағыны айтамын...
— Иә, иә.
— Бейнебір қанталап тұрғандай.
— Солай. — Қыз арғы жағалауға көз жіберді.
— Иә.
Күн Алтайдың шоқтығына ілінген соң, бірте-бірте көз ұшындағы көгілдір мұнар құшағына ене берді.
Күн алыстаған сайын тау да айқын көріне бастады. Ал ойпатта өзен мен тау аралығында қызғылт арай бірте-бірте сөне бастаған. Таудан төнген қоңырқай көлеңке төменге баяу ғана жайылып келе жатты. Күн Бубурханның қыр жотасынан әрі асып көрінбей кеткен еді, сол-ақ екен, көгілдір көк аспан әлеміне ашық-күрең шапақ дестесі шарқ ұрып шыға келді.
Бұл да көп байыздаған жоқ, шым-шымдай барып батты. Ал аспанның сол тұсынан кешкі арай көлбеңдей көрініс бере қалды.
— Күн батты, — деп күрсінді шал. Қыз қағаздарын жәшігіне салды.
Аз уақытқа созылған жай отырыста екеуі жағадағы майда толқынның сыбдырын тыңдады.
Шатқалға будақ-будақ тұман түсіп келеді.
Сол маңайдағы иірім тоғайда әлдебір түнгі құс әлжуаз дыбыс берген еді, бұған арғы беттегі жағалаудың құстары әдемі үн қатты.
— Қандай тамаша! — деді шал баяу ғана.
Ал қыз болса шалғайдағы сүйікті қаласына кешікпей қайтуды, онда көптеген суреттер апаруды ойлайды. Ол суреттерге шалдың суреті де қосылады. Ал мұның ондағы досы, талантты шын суретшінің: "Тағы да қаптаған әжім!.. Бұл неге керек? Сібірдің ауа райының суық екені, ондағылардың жұмысбасты екені кімге де болса белгілі емес пе? Басқа не бар мұнда? Бұл не өзі?"деп реніш білдіруі сөзсіз.
Қыз өзінің дарындылығын бір құдай білмесе, басқа ешкімнің білмейтінін сезеді. Бірақ мына шалдың басынан қандай қиын өмір өткерілгенін ойлады. Қолдары қандай... Оны да әжім басқан! "Дамыл таппай жұмыс істеу керек болған ғой..."
— Сіз мұнда ертең келесіз бе, ата? — деді.
— Келемін ғой, — деп жауап берді шал.
Қыз орнынан тұрды да, деревняға қарай бет алды.
Сәл-пәл отырды да, шал да кетті.
Ол үйіне келіп, пеш түбіндегі өзінің орнына отырды, тырп етпестен баласының жұмыстан келуін, кешкі тамақты ішуге отыру сәтін күтті.
Баласы жұмыстан ылғи шаршап-шалдығып, ренішпен келеді. Келінінің әлде бірдеңеге кейімей жүретін кезі кем де кем. Немерелері ер жеткен, қалада тұрады. Оларсыз үй іші қашанда су сепкендей көңілсіз.
Кешкі тамақты ішуге отырды.
Шалға сүтке нан турап берген еді, үстел шетінде отырып соған алданды. Қасығы мен тәрелкені тақылдатпай, сақтанып ешбір дыбыс шығармауға тырысады. Тым-тырыс.
Бұдан соң бәрі де ұйқыға жатты.
Шал пеш үстіне жайғасып, баласы мен келіні төргі бөлмеге кетті. Бәрі де үн-түнсіз. Сөз етерлік не сөз бар? Бәрі де әлдеқашан айтылып болған.
Келесі күні кешкісін қыз бен шал тағы да өзен жағасында отырды. Қыз апыл-ғұпыл сурет салып, ал шал күнге қарап отырып әңгіме қозғады:
— Тұрмысымыз әрқашанда жақсы болған еді, обалы кәне. Мен балташы едім, жұмыс бастан асатын. Балаларым да шетінен балташы. Соғыста төртеуі опат болып кетті. Екеуі тірі қалды. Солардың бірі Степанмен бірге тұрып жатырмын. Ал Ванька Бийскі қаласында. Жаңа құрылыста прораб болып істейді. Хат жазып тұрады, тұрмысы жаман емес, жақсы. Осында қыдырып келіп те кеткен-ді.
Немерелерім көп. Бүгінде бәрі де әр қалаға тарап кетіп қалған...
Қыз шалдың қолын суретке салып жатқан еді, асып-сасып, кейіп, қайта-қайта өшірумен болды.
— Тұрмыстарыңыз ауыр болған екен ғой, — деп қалды қыз жаза басып.
— Қалайша ауыр болады? — деп шал таңырқады. — Мен саған тұрмысымыз жақсы болған еді — дедім ғой, әлгіде.
— Балаларыңыздың қайтыс болғаны сізге қатты батқан болар?
— Енді қалай? — Шал тағы да таңырқады. — Төрт бірдей боздақ жусап қалса, оңай ма?
Шалды соншалықты қатты аяды ма, оның сабырлылығына, көнбістігіне мейлінше қайран қалды ма, қыздың өзі де осының байыбына бара алмай отыр.
Күн тағы да таудан асып барады. Тағы да қызғылт шапақ жана қалды.
— Ертең күн жауын-шашынды болады. — деді шал. Қыз бұлтсыз ашық аспанға қарады.
— Неліктен олай — дедіңіз?
— Тұла бойым құрысып отыр.
— Аспан шайдай ашық қой.
Шал үндемеді.
— Ертең мұнда келесіз бе, ата?
— Қайдам,шал созалаң жауап берді. — Өне бойым қозғалтпайды.
— Ата, мына сияқты тасты сіздер нендей тас деп атайсыздар? Қыз бешпетінің қалтасынан сарғыш тасты алып көрсетті.
— Кәне, қандай? — деп сұрады шал тау жаққа қарай отырып.
Қыз қолындағы тасты ұсынғанда, шал оған бұрылып қарамастан алақанын жайды.
— Мынау ма? — деп сұрады ол тасқа жүрдім-бардым көз жүгірткендей болып, сөйтті де оны саудыраған саусақтарымен әрлі-берлі аунатып тексере бастады, — бұл оттық тас. Соғыс кезінде сіріңке жоқта жұрт осымен от тұтатқан.
Осы арада қыз мынадай тосын ойға тап болды: шал оған екі көзі жоқ соқыр сияқты болып көрінді. Ол бірден не айтарын білмей, үнсіз ғана қырын отырған шалға қарады. Ал шалдың екі көзі батқан күнде. Сабырлы, ойлы пішінінен таяр емес.
— Мә... мына тасыңды енді өзің ал, — деп ол тасты қызға ұсынды. — бұл тастар әр қилы болып келеді. Ар жағынан күн көрінетін аппағы, ішінде болмашы дақтары бары да кездеседі. Жұмыртқадан ажыратқысыз жұп-жұмырлары да бар. Бүйірлері шұбар кәдімгі сауысқанның жұмыртқасына ұқсастары да, сондай-ақ қара торғайдың жұмыртқасы сияқты көк, шұбар түстілері де кездеседі.
Қыз шалдан көз алар емес. Сіз осы соқыр емессіз бе деп сұрауға батылы бармады.
— Ата, сіз қай тұста тұрасыз?
— Осы арадан онша алыс емес. Анау Иван Колоколниковтың үйі, шал өзен жағасындағы үйді нұсқады,одан соң Бедаровтар, одан соң Волокитиндер, одан соң Зиновьевтер, содан арғы мүйісте біздің үй бар.
Бір нәрсе қажет болса, кел. — Немерелер барда үйіміз базар болып тұрар еді.
— Рақмет.
— Мен кеттім. Тұла бойым қақсап барады.
Шал орнынан тұрып, жалғыз аяқ жолға түсті де, тауға қарай беттеді.
Ол қашан көшенің мүйісіне жетіп бұрылғанша қыз одан көз алмай қарады да тұрды. Шал бірде-бір рет сүрінген де, кідірген де жоқ. Ілби басып, аяғының астына қарап кетіп бара жатты.
"Жоқ, соқыр емес екен, — деп ойлады қыз. Көзі нашар көретін болса керек".
Келесі күні шал өзен жағасына келмеді.
Қыз жападан-жалғыз отырып шалды ойлады. Оның өмірінде кәдімгідей, жай ғана, тіпті жай да емес, әлдебір ерекше үлкен сыр жатқандай көрінді бұған. "Күн де әдеттегідей жайымен атады, батады, — деп ойлады қыз,Ал осы жайдан жай ма екен!" Осыдан соң ол өзінің салған суреттеріне зейін қойып қарады. Көңілі жабырқау тарта бастады.
Шал үшінші күні де, төртінші күні де келмеді.
Қыз шалдың үйін іздеп шықты.
Тапты.
Теміршатырлы, дағарадай ағаш үйдің ауласы ішінде, бұрыштағы жаппа астында жасы елулер шамасындағы біреу қондырғы үстінде тақтай сүргілеп жатыр.
— Сәлеметсіз бе? — деді қыз.
Бейтаныс адам бойын түзеп, қызға қарады, терлеген маңдайын бармағымен сыпыра беріп басын изеді:
— Сәлемет пе.
— Айтыңызшы, атай осында тұра ма?..
Әлгі кісі қызға бажайлап, оның үстіне секем ала қарады. Қыз үндеген жоқ.
— Осында тұрған болатын. — деді үй иесі. — Көріп тұрсың ба, соның табытын жасап жатырмын.
Қыз аңырып тұрып қалды.
— Не дедіңіз, өліп қалды ма?
— Қайтыс болды. — Ол алдындағы тақтайды сүргімен бірер рет жүргізіп алып, сонан соң тағы да қызға қарады. — Нендей шаруаң бар еді?
— Мен ол кісінің суретін салғанмын.
— Солай де... — Ол алдындағы тақтайды сүргімен сырылдата тартып-тартып қалды.
— Ол кісі соқыр ма еді? — деп сұрады қыз біраз уақыттан соң.
— Соқыр болатын.
— Көптен бері ме?
— Он жылдай болған шығар. Неге сұрадың?
— Жай әншейін.
Қыз ауладан шығып жүре берді.
Сыртқа шығысымен шарбаққа сүйеніп тұрып жылап жіберді. Қарияға жаны ашып кетті. Онымен әңгімелесе алмай қалғанына өкінді. Бірақ ол қазір адам өмірінің, оның ерлігінің әлдебір терең мағынасы мен сырын түсіне бастағандай. Сондай-ақ, неліктен екенінің байыбына бара қоймағанымен, өз басының да әлдеқайда естияр тартып қалғанын сезінгендей еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter