Әңгімелер ✍️
Екінші өмірге жолдама
Соңғы кезде Тимофей Худяковтың жаны жай таппай-ақ жүр, дүниеден мүлде түңілгендей. Төрт тағандап тұрып алып бақыруға да, ит болып үруге де, басын шайқауға да бар. Тіпті, жылауға да әзір.
— Саған не болды? Күзетші Ермолай оған аярлықпен жанашырлық білдірді. Ермолайдың аярлығын Тимофей түсінеді, бірақ сонда да мұңын шаға бастады:
— Тағдыр ит... — Бұдан әрі ол одан бетер үдей соқты, — мойын омыртқасы үзілгір. Ішкен-жегені ас болмағыр... — Жаны жай таппай кейіген шақта Тимофей өзінің өшпенді біреуіне арнап бейнебір көптаспалы бишік өріп жатқандай-ақ бабына келтіре, түйдектей қарғап-сілейтін. Тағдырды мейлінше бір қарғап-сілегісі келгені соншалық, бұдан арғы жерде ол "он екі әулие", "дөңге қаққан қазық" "Мүфтидің шешесі" тағысын тағыларды түгел сықпырта боқтады. Бұған, тіпті Ермолай да таңырқады:
— Тым қатты кеттің ғой.
— Кетпегенде ше, ол маған осылайша үнемі қырын қарап келді емес пе.
— Қой, тағдырға сен өкпелейді екенсің, онда... біле алмадым. Сенің жетпей жатқан нең бар? Үйің кірсе шыққысыз, тіреліп тұр.
Тимофей жанының мұншама неліктен қиналатынын күзетшіге айтып түсіндіргісі келмеді. Бәрібір ол мұны түсінбейтін де еді. Мұның өзі де түсінбейді. Ал шынында да оның үйінде бәрі де бар, балаларын институтта оқытып шығарды. Бір кезде тұрмыс құра білемін деп мақтанса, міне, енді өз-өзінен пұшайман боп жанын қоярға жер таппай жүр. Ал ақымақ күзетші өзінше: "Сен сайтанды ар-ұят жегідей жеп барады да, өмір бойы үзіп-жұлып ұрлаумен келген едің... Бірақ сонда да бірде-бір рет құйрығыңды ұстатпадың, албасты!" деп ойлайды.
— Қиюы қашты ғой дүниенің, Ермоха... Жаным жадырамайды. Неліктен екенін өзім де білмеймін.
— Ештеңе етпес, оңаларсың.
Жоқ, оңалмады.
Сол бір сенбі күні (өзі де бір қиюы қашқан сәтсіз күн болған еді) Тимофей қойманы жауып, күзетші екеуі тағы ішті, сонан соң ол үйіне қайтты. Бірақ үйіне барғысы келмеді. Онда да көңіл жұбатар ештеңе жоқ, әйелі ызыңдап құлағының етін жейді.
Жауын-шашынды күздің күні. Баяу жел шалшық су бетін аймалай құбылтып тұр. Аспанның батыс жақ өңірінен бұлт серпіліп күн көзі жарқ етіп көрінді. Үйлердің терезесінде көмескі сарғыш оттар жанды. Ызғырық, көңілсіз. Көз тартар ештеңе жоқ...
Тимофей мынадай ойға келді: "Мінеки, жеткен жерің осы... Енді бір он-он бес жыл қалған шығар, осы да өмір болып па, былайша айтқанда қу сүйек кемірген ит босағада жатады екен, ол кімге керек? Өмір болған сиқы осы, ойланып қарар болсаң, тфу? Өмір бойы тыным таптым ба мен, далбасалап та бақтым, қималы ағаш үй салып алдым, бүкіл өмір бойы алдап-арбап ананы да, мынаны да тышқаншылап тасумен болдым... Ал, Ермоха болса ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрді, өз құлқынын ойлап балық аулады; уайым-қайғы көрген жоқ. Ал екеуміз де құртқа бірдей жем боламыз. Ермоха аз да болса қызық көрді, ал мен цирктің арқан үстімен жүретін акробаты сияқтымын: өтуін өтіп кетсең де, тізең қалтырайды".
Тимофей ой үстінде келеді... Бірден өзіне таныс көшеге қарай бұрылды. Ол көшеде Поля Тепляшина тұрады... Бір кездері Тимофей мен Поля күнәкар сүйіспеншілік "сайранын" салған-ды. Осының төңірегінде жанжалдар шығып, терезелер сынған, сөйтіп екеуі де Жұрт алдында масқара болған. Әйелі Гутя Тимофейді қызғанып Полямен жеті жыл бойы шайқасты. Сонысы үшін Гутяны бүкіл деревня жұрты мақтады. Осыны арқаланған Гутя басына сондай күн туған қатын біткенге ақыл үйретті:
— Ол сүйгеніне кетеді екен, сен бұқпантайлап солардың терезесінің түбіне бар. Айттым ғой, терезесін бақ, терезесін бұқпантайлап...
Деревняда осындай бұқпантайлы махаббат орын алған еді. Қазір жақсы болды — сауықты. Бұдан бұрын, тіпті, етек алып кеткен болатын.
Тимоханың махаббаты сонда өз-өзінен реттелген-ді: жесір әйел Поляның ұлы Колька, Николай Петрович, ер жетіп, Тимофейді шешесіне жуытпай қойды. Тимофей еркексіп Поляға:
— Жүгірмегіңе тыйым сал! — дегенде Поля шап ете қалғанды:
— Аулақ жүр!... Сен үшін баламнан кетпек екенмін ғой? Адыра қал!
Тимофей бір жолы күш көрсетпек болып та байқаған, бірақ Кольканың тегеурінді жұдырығына тап болды да, содан қайтып олай қарай қия баспай қойды. Осыдан соң-ақ барып тұрған қияметті жағдай тап болды: Поля мен Гутя аяқ астынан татуласып дос бола кетті. Екеуі бірігіп алып, енді Тимофейді әжуалайтын болды.
— Менің сүйгенімнің жағдайы қалай? — деп сұрайды Поля дүйім жұрттың көзінше.
Сон да Гутя күліп:
— Пеш үстінде тарақан аулап отыр! — дейді. Мұнысы кек қайтару үшін болса керек. Тимоха өзінің некелі зайыбына шүйіліп-ақ түскен еді, бірақ балалары арашалап алып қалды.
Поляға несіне барасың деп сұрасаң, Тимофей қазір де ештеңе айта алмас еді. Өзі де білмейді.
Поля таң-тамаша болды.
— Жоғал!.. Қонақтың сиқын қара. Мұның не?
— Несі бар? Немене, жұқпалы ауруың бар ма еді, жақындамау керек пе саған? Баяғымызша біраз отырып ішелік... — Тимофейдің қалтасында ала шыққан бір бөтелке арағы бар еді, оны үстел үстіне қойды. — Өткенді еске алалық...
— Сондағысы айтуға тұрарлық бірдеңе болса екен-ау!
Поля қартайып, өңі тайған. Тимофей күйіп-пісіп: "Бұл тумысында сұлу боп көрген емес-ті" деп ойлады. Бір мезет өзін-өзі аяп кеткендей болды.
— Бір анекдот айтайын, тыңдасаң?
— Жоғал!
— Сен немене тоты құсша: "Жоғал!" "Жоғал!" деп қоймайсың. Жабайы адам сияқты ей, осылар. Ал келіп қалған екенмін... Онда не тұр? Оллаһи, қатын біткен мұншама милау боларсыңдар ма!
— Онда милауларға жуып нең бар?
— Сендердің есі түзулерің бар ма? Бізді сабынға айырбастап-ақ жүргендерің.
— Тексеру болған-ау тәрізі теріңе сыймай отырсың?
— Мені тексеретін ревизор туған жоқ.
— Болса болар. Азып туған десейші.
Тимофей бір стақан арақты ішіп салды: жейтін ештеңе сұрамады, Поля да бере қойған жоқ. Оның есесіне Тимофей де оған мә, іше ғой деп мезіреті жасаған жоқ.
— Анекдот тыңда. Қалаға келген бір жігіт көшеде келе жатыпты. Ал өзі қатпаның қатпасы болса керек. Бірақ сонда да бір сылқымды қалай қармасам екен деген ойға келеді? Демек, қала адамдарының жайын есіткен соң, ойы шартарапқа кетпесін бе. Сонша болмай қос анары иттің басындай, сызылған бір сылқым жанына жетіп келіп:
— Біздікіне жүріңіз, осы арадан алыс емес дейді. Өзі келіп жүр деп тұрған соң жігіт қуанып кетеді. Үйіне келеді. Келген соң әйел: Шешініп отыра тұрыңыз, мен қазір келемін, дейді де, өзі басқа бөлмеге кетіп қалады. Жігіт шешініп күтіп отырады. Ал әйел кішкентай балаларын ертіп келіп, оларға: "Көрдіңдер ме, балаларым, тамақты жақсы ішпесеңдер сендер де мына ағаларың сияқты қатпа боласыңдар" дейді.
Бұл айтылған оқиғаға Поля күле қоймады. Тимофейдің өзі де күлген жоқ. Мұны күндіз есіткенде шопырлармен қосыла күлген-ді. Онымен де тұрмай, сабақ боларлық нәрсе екен деп ойлаған.
— Мұны не үшін айттың? — деп сұрады Поля. Тимофей оған былайша түсіндірді.
— Тағдыр ит мені де нақ осындай күйге душар етті. Тірі бол, Тимофей! Иығыңда басың барда тіршілік ет, ешкімнен қорықпа — деді! Сонымен жүріп Тимофейдің де шашы ағарды...
— Адал жүрсең, ешкімнен қорықпас едің ғой. Поля сөзімен шағып алды.
Тимофей де мұның намысына тию амалын ойластыра бастады.
— Тап мына арада, ол төсекті нұсқады, басқаның байымен адал ойнап-күлген кім екенін білмейтін боларсың? Ондайды есіткенің бар ма еді?
— Есіткенмін. Тап мына арада көзі тірі әйелінен безіп, басқаның қатынымен кімнің ойнап-күлгенін сен де есітпеген шығарсың? Мен болсам жалғыз басты жесірмін, ал сенің қатын-балаң бар емес пе. Жексұрын...
Тимофей тағы да ішіп салды. Ол енді бәрін де түсінгендей. Өз басын аяйды, бастан кешкен өмірі үшін өкінеді. Өмір шіркін ойдағыдай болмады.
— Біздікі мән жоқ, мағына жоқ бос әуре ғой, Поля...
Поля күлді.
— Несіне күлесің? — деді Тимофей.
— Күлсе несі бар?
— Күлме. Саған күлкі жараспайды тістерің қиқы-жиқы.
— Бір кезде оны байқамаған да едің ғой.
— Байқағанмын, неге байқамайын, тек... Эһ! Күйемін де әншейін, қымбаттым! Біреулерге құдай білімді де, тегін еңбекақыны да, тістері аппақ маржандай сұлуды да үйіп-төгіп бере салады. Ал Тимохаға шіріген қыңыр-қисық та жарай береді...
— Мұндай әбжылан болармысың! Поля аң-таң. — Сасық теке. Бөтелкеңді ал да жоғал. Батыр қараңды, көзіме көрінбе! Болмайды екен, ана тұрған темір көсеуді аламын да перемін бастан. Ділмәрін мұның!
Тимофей бөтелкесінің темір "телпегін" қайта кигізіп, бешпетінің ішкі қалтасына салды да, орнынан сүйретіле тұрып үйден шықты. Әжептәуір шер тарқатып алғандай. Бірақ сонда да тағы біреудің жанына тигісі бар. Осылайша жайлап отырып оның да ит терісін басына қаптасам дейді.
Ол үйіне келді, келсе ауызғы бөлмеде, үстелге шынтағын таянып Николай әулие отыр екен. Бүкіл пішініне, аңыз-әңгімелерге қарағанда — Николай хазіреттің дәл өзі: аппақ қудай, орта бойлы, қуыршақтай шал отыр. Басын төмен иіп, жылыұшырай қарайды. Үйде басқа ешкім жоқ.
— Аманбысың, Тимофей,дейді әулие. Тимофей айналасына бір қарап алды да... бір мезетте шалдың аяғына құлдық ұра құлады. Бұл да барынша жылы жүзбен әдептілік ықылас білдіруге тырысып:
— Сау-сәлеметсіз бе, Николай әулие. Мен сізді бірден таныдым ғой.
Хазірет селк ете қозғалып, таңырқай қалды, жымия езу тартты да саусағын шошайтып сес көрсетті.
— Mac екенсің ғой!
— Аздап! — деді Тимофей іркілместен, шын ықылас білдіріп. — Құсадан ішемін... айыпқа бұйырма, баба. Құсадан. Шамадан шығып та кетпеймін. Балаларды өсіріп-жеткіздім енді аздап ішсем де болар-ау деп ойлаймын? Сақал-шашыңыз ағарып кетіпті-ау, баба. Мұнда жай келіп пе едіңіз?
Әулие көзін жыпылықтата түсіп, тағы да езу тартты.
— Неліктен құса боласың?
— Құса дейсіз бе? Оны құдай біледі де! Құдайға сенуден қалдық құса деген осыдан. Шіркеулерді жаптық, айтатынымыз боғауыз, істейтініміз күнә... Құса деген осы да.
— Сенің құдайға сенген кезің болған ба еді?
— Баба!.. Құдай куә, жұдырықтай күнімнен-ақ сенгенмін. Айсаның туған күніне шіркеуге барып дұға оқуға да қатысқанмын. Большевиктер келмеген болса, бәлки, қазір де сенген болар едім.
— Сен коммунист емессің ғой!
— Ол қайдан келсін маған! Мен, бәлкім, коммунист те болған болар едім, сіздің алдыңызда несін жасырайын! Менің атам кебініңді жалмағырдың нағыз өзі еді! Отызыншы жылы кулакқа тартылды...
— Сонан соң?
— Содан бері аузымды тұмшалап байлап, жақ ашудан қалдым емес пе.
Хазірет одан бетер қайран қалды. Күйіне таңырқап:
— Сенің мұның не, Тимофей-ay? — деді.
— Адалы осы, баба! Мұнда неге келген едіңіз? Жақсылыққа ма, жаманшылыққа ма қалай деп түсінсем екен?
Хазірет әжімді алақанымен аппақ сақалын сипады,
— Неге келдің дейсің... Айтайын... Сендер сияқты қарғыс атқандармен жүздесейін деп келдім. Сен алдымен тізеңді жазып түрегелші, етпеттемей.
— Отыра тұрайын! Оған нем кетеді? Онымен аяғым семіп қалмас. Анда-мұнда жүріп, абайлап байқасаң: адамдардың азып кеткенін аңдағандай боласың — бұл қалай, әулием?
— Ондай-ондай болады ғой. Әлгіде сен жолыма атам кедергі болды — дедің ғой?
— Дедім. Шынын айтар болсаң, ол ешқашан кулак та болған емес, колхозға қарсы шығып, бір жерде аузына келгенін көкіген. Атам нағыз ауыздықсыз кеткен торт аяқтының өзі еді. Ақымақтың аты ақымақ емес пе. Тебіспей, сүзіспей жүре алмайтын. Ауқатты тұратын, ол рас. Мен орташа едім... Менің большевиктер партиясына кіруіме болатын да еді...
— Сонымен атаң не болды?
— Сазайын тартып қайтып келді. Бірақ содан қайтып мен оны көрген емеспін арамыз алшақтап кетті. Баласының қолында тұрады, кәрі малғұн. Баласы әлдеқайда шалғай кеткен. Адамдарды азды демей не дерсің?
— Иә, мүлде азып кетті. — деді әулие.
— Түкке алғысыз боп кетті, — деп Тимофей қостады. — Ішеді, ұрлайды... Ақыр-аяғы мен де қойманы ұрлаймын. Күнә екенін білемін, бірақ айналаңа қарар болсаң құдай басқа бермесін, небір сұмдықтар болып жатады.
— Ұрлайды екенсің ғой?
— Ұрлаймын, әулие. Балаларды оқытып шығардым ол оңайға түсер ме? Баба, Тимофей жылыстап оған жақындай түсті Сізге айтар арызым бар...
— Айта ғой?
— Сіз, құдайымыз Айсаға... Мария періштеге жақын жердесіз. Бас қосып ақылдассаңыздаршы... сонан... әлгі... Өте өкінішті-ақ өзі, баба! Өкінішті болғанда да өзегің өртеніп кете жаздайды. Мен ақылсыз жан емеспін ғой, әттең, менде білім дейтін білім де жоқ, ал сонда да небір сабаздарды тақырға отырғызумен келемін...
— Түсіне алмадым.
— Өмірге қайта туып, қайта келсем-ау деймін! Қалай дейсіз? Қайта туғызыңдаршы мені...
Хазірет тағы да еріксіз күліп жіберді.
— Біресе ішқұсамын деп зарлайсың, біресе... мұндай да иттің ғана баласы болармысың, Тимоха!
— Дұрыстап тұрмыс құра алмағандықтан зарлаймын да! Тимофей күйініп, жылап жібере жаздады. — Сіз күлесіз, мұнда күлетін не бар, баба-ау, шіп-шикі торығудан басқа дәнеңе жоқ. — Жер бетінде не болып жатқанын көрмейсіз бе... қандай жақсы. Мен соны көрмейді, түсінбейді дейсіз бе, бәрін де түсінемін, сондықтан зарлаймын ғой. Тфу! Менің өмірімді күл қылып ұшырып жіберсе болады.
— Айтпақшы, сен қайта туған соң қандай өмір кешпек едің?
— Ең алдымен мен басқа қатын алар едім. Махаббат жайлы Інжілдің өзінде де жазылған ғой, ал мен үшін махаббатың да, денеңе шыққан шиқаның да құдай өзі кешірсін — бәрібір. Немесе, жастайыңнан қосылған "жарың" қандай болса, менің әйелім де тап сондай: азабын тартып мықшыңдап-ақ жүргенім. Амал қанша, бір оңбаған қатын тап болды. Ақымақ. Әкесіне айнымай тартқан. Құлқынын қағып: әкел, әкел дейді де отырады — басқа білері жоқ. Қатын емес, түбі түскен күбі. Соның кесірінен ұрлыққа салындым. Ынсапсыз жебір қатын. Елде-күнде жоқ жебір. Мен сияқты басы бар адамның бастық санатында жүруі лайық-ақ, әрине, ол да теріс болмас еді ғой... Жақсы прокурор болу да қолымнан келер еді деп ойлаймын. Тимофей хазіреттің иман шалқыған көзіне төменнен ұрлана қарады. — Мәселенки, сол кезде мен атамды келмеске жібергенімде, ол күні бүгін сонда жүрген болар еді... өзінің тілінен тауып...
— Жап аузыңды. — деді шал шиыршық атып. — Сенің атаң мына мен, албасты. Баукеспе неме. Аш көзіңді. Тоя ішкен екенсің атау кереңді.
Тимофей орнынан тұрып, шалбарының шаңын қақты да, баяу да талмау үнмен:
— О, тамаша! Атам екен-ау! Ататай! Келіңізші! Ішіп жіберелік. Кездескеніміз үшін. Көрдіңіз бе, сізді танымай қалғанымды.
— Өлердей ішкенсің ғой иттің баласы.
— Барлық сырымды өзіңе айтып болдым... Ешкімге айтпа, тісіңнен шығарма. Оқасы жоқ біліп алғаның теріс те емес. Мұндай шатасармын ба? Адамды қара басайын десе қиын емес екен ғой. Ай-ай-ай!
Сонан соң ішіп салғаннан кейін өзі де, қызы да қорланып зәбір шеккен атасы екі саусағының арасынан қылтиып шығып тұрған бармағының ұшын Тимофейдің танауына тіреп тұрып:
—Мә, саған екінші өмір! Мә, саған екінші сеансқа билет! — деп бастырмалатты-ай келіп. — Баукеспе неме...
Тимофей не істерін білмей міңгірлеп:
— Мені құдай мұнша қара бастырар ма! Ай-ай-ай! Мұндай да сұмдық болады екен!дей берді.
— Мен сенің өзіңді отырғызамын, баукеспе ит.
— Сен кім едің соншама? Қолыңнан келсе, аяма. Жұрдай боп аласталған саған кім сене қоймақ?
— Міне, саған екінші сеансқа билет! Хе-хе-хе! Екінші рет өмір сүрмексің ғой!..Мә! Атасы күйеу баласының танауына тағы да "сыбағасын" ұсына берген еді, бірақ күйеу баласы оның басына бір стақан арақты құя салды да, оны қорқытпақ болып жалма-жан қалтасындағы сіріңкесіне қол салды:
— Өртеп жіберейін сені.
Атасы орамалымен басын сүртіп, жылап қоя берді.
— Саған не болған, Тимоха-ау? Шал адамды мұнша неге қорладың... Бетсіз неме! Жетесіз сұм... Мен бұған адам деп келіп отырсам...
— Ештеңе де білмеймін, бар пәле сонда. — деді Тимоха, райдан қайтқандай болып Білмеймін, атажан, білмеймін. Сізге барлық шынымды айтып-ақ берер едім, әттең, білмеймін маған не болғанын. Бұлайша өмір сүруден қажысам керек. Әбден тұраладым. Өкінішті-ақ. Шалқыта, әндете өмір сүрген едім, бірақ әнімді ұқсата алмадым. Ән болғанда қандай еді өкінішім сол Осы бір күлкілі оқиға үшін сізден кешірім сұраймын. Ақ пейіліңізбен кешіре көріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter