Әңгімелер ✍️
Арсыздар
Глухов шал алпыс сегізге келгенде, кемпірі өліп, жетім қалды. Кемпірін жерледі, тоғызын берді. Жылады-сықтады.
— Енді мен қайтпекпін? Жалғыз қалдым? — деді.
Бұл жетім қалған шал біткеннің ежелден келе жатқан сөзі. Рас, ол өте қайғылы еді, бірақ сонда да "бұдан әрі не істемек" екенін ойлаған да жоқ-ты. Қатты қайғырды, сонымен бітті. Алға көз жібермеді.
Ал уақыт өте берді, жыл өтті, шал байғұс әбден жетімсіреп, жапа шеге бастады. Даладай үйде жападан жалғыз жетім лақтай болады да тұрады. Оның кіші ұлы (үлкендері соғыста қайтыс болған) анда-санда келіп, балаларыма деп картоп, тұздаған қырыққабат, қияр, бал (шал алты ұя ара ұстайтын), шошқаның үйде тұздалған майын әкетіп тұрады... Оның бұлайша келіп-кеткеніне шал қуанудың орнына ыза болатын. Одан май да, бал да, қияр да аяған емес. Баласының өзінен туған балаға ұқсамай, тек әлдебір нансоғар болып алғаны күйінді. Баласына ол бәрін беріп бақты. Таңдап берді. Бірақ тіл қатып сыр берген емес, мұңын да шаққан жоқ. Ал мұңын шағып: менің жағдайым нашар, Ванька, көңілімде күй жоқ, не істеймін, деп-ақ көрсінші... Сонда Ванька не тындырмақ? Бар болғаны екеуі бірге күрсіне отырып, бір бөтелкені бөле-жара ішеді де, содан соң Ванька шамаданын көтеріп, қаладағы отбасына кетеді. Істің мәнісі осылай.
Шалдың үйленгісі келеді. Бұл рас. Қалыңдық та қарастырды.
9 мамыр Жеңіс күні. Бұл күні бүкіл село адамдары әдеттегідей зират басына жиналып, соғыста қайтыс болғандарды еске түсірмек болған. Селсовет қызметкері орындыққа шығып тұрып қолындағы тізімді оқи бастады:
Гребцов Николай Митрофанович.
Гуляев Илья Васильевич.
Глухов Василий Емельянович.
Глухов Степан Емельянович.
Глухов Павел Емельянович...
Соңғы үшеу Глухов шалдың балалары. Әрқашан тізімнен балаларының аты аталған сайын қасірет-қайғы шалды алқымнан алып буындырып, тыныс алдырмай қоятын... Ол жерге қарап тұрып қалатын, жыламайтын, бірақ көзі ешнәрсені көрмейтін. Ол көпке дейін солайша тұра береді. Ал селсовет қызметкері тізімді әрі қарай оқи береді, оқи береді:
Опарин Семен Сергеевич.
Попов Иван Сергеевич.
Попов Михаил Сергеевич.
Попов Василий Иванович.
Зират басындағылар дыбыс шығармай жылайды. Солай ету керек те шәлі орамалдың ұшымен, алақанмен ауызды басып тұрып жылайды, осы бір сәтке тән тыныштықты бұзып, аруағына шіркеу келтіріп аламыз ба деп сақтанғандай-ақ жаймен күрсінеді. Шал сәл ғана есін жиғандай боп, айналасына көз жіберді. "Қаншама адам қырылған десеңізші!" Осы бір ғана ой қашан да болса оның басынан кеткен емес.
Сол арада оның көзіне көп ішінен Отавина кемпір шалынды. Ол көптен осында тұрып келе жатқанымен бұл араныкі емес-ті. Глухов оны білетін. Осынау қаралы тізімде Отавина кемпірдің ешкімі жоқ, бірақ сонда да ол көппен бірге жылап-сықтап, шоқынумен болады. Глухов діншіл адамдарды сыйлайтын. Оларды басқалардан қағажу көріп, әжуа естіп жүргені үшін сыйлайды... Адал... көнтерілі, мойымайды деп сыйлайды. Ол Отавинаға көз тікті... Қаруы әлі де қайтпаған, еңгезердей қоңқақ мұрын бұл кемпірдің бақшаны баптап, монша жағуға, қамыр ашытып, нан пісіруге әлі қаптал жетіп жатыр. Шал дүкеннің нанын жемейді. Бір мезет оған: "Бұл да жалғыздықтан жапа шегіп жүрген шығар-ау, а?" деген ой келді.
Үйге келіп, құрбан болған балаларына тие берсін деп жұтып та алды. Осыдан соң ой тізгінін қолға алды: "Үйін сатып жіберіп, ол менің қолыма келіп кіріп алса болмас па. Үйдің ақшасын кассаға салсын. Сонан соң менімен бірге тұра берсе, сонда біздің үй де бүйтіп азынап бос тұрмас еді. Жұрт қатарлы біз де моншаға түсіп, одан соң алаңсыз жата да берер едік... Үстел үстіне тамақ әзірлеп әкеп қоюшы болса, ол "Отыр, Емельян" деп дәмге шақырып тұрса, үй ішінің де ажары кіріп көңірсіп сала бермек! Пеш алдында көсеу ұстап күйбеңдеп біреу жүрсе, ашыған қамыр иісі тұрса аңқып бұған жетер не бар! Немесе түнде, ұйқың келе қоймаған шақта, шүйіркелесіп сөйлесе кетсең... мәселенки, сонда колхоздың бригадирін боқтауға да болар еді. Бірақ Отавинасы түскірдің пірәдарлығы бар, онда басқа сөз табуға да болады, боқтау шарт емес қой. Өзім болсам бір аяғым көрде, бір аяғым жерде, өмір бойы боқтасып-ақ келемін, жетеді ғой енді. Бәрін айт та бірін айт: ол келе қалса, жақсы-ақ болар еді-ау. Қалай десең олай де, ал үй иесі әйелдің жөні бір басқа". Шал осындай ойға келді. Тіпті, көңілі астан-кестең толқып та кетті.
Осыдан соң ол жексенбі күні Ольга Сергеевна Малышеваға келді, бұл да кемпір, бірақ Отавинадан гөрі жас, сана-сезімі ояу адам. Бұл Ольга Сергеевна дегеніңізге Глухов шалдың іштей ынтызар боп жүрген де кезі болған. Онда бұл шал емес, қылшылдаған жас жігіт еді, әдемі де адуын Ольгаға ғашық болды. Құда түсу үшін Малышевтарға адам да жібермек болған еді, бірақ революция басталып кетті. Сол кезде селоға келе қалған бір өжет комиссар көзі ашық Ольганы әп-сәтте қақты да кетті. Әкетуін әкетіп-ақ қалған еді, бірақ кешікпей дүние салды. Ұрыста мерт болса керек. Ольга Сергеевна үйіне қайтып келді, содан бері жалғыз тұрады. Емельян Глухов, жастықтың әсері де, үйленіп қойғанына қарамастан, селсоветтегі Ольга Сергеевнаға (селсоветте хатшы болып істейтін) жетіп келіп, өзінің жүрек сырын ақтарды. Ольга Сергеевна бұлқан-талқан боп жылап, өзінің комиссардай сұңқарынан соң ешуақытта ешкімді де маңына жуытпасқа ант еткенін айтты. Глухов болса оны ешқандай қалтқысыз сүйетінін айтып жеткізуге тырысты (өзі аздап ішіп те алған еді). Сүйеді. Мұның не сөкеттігі бар? Ольга Сергеевна одан бетер ашуланып, тағы да бүкіл еркек біткен өзінің сүйікті комиссарының тырнағына да тұрмайтынын көлденең тартты. Ольга Сергеевна жұрттың бәрін осылайша өзінің комиссарымен шошытты да, содан кейін басқалар да оған бата алмады. Бірақ арада көптеген жылдар өтіп те кетті. Көрген-білген ұмыт боп, басқаша өмір қазандай қайнап, жер бетінде бұлардыкі емес, басқа махаббат шаң беріп жатты. Сонда да Глухов шал мен зейнеттегі Ольга Сергеевна ойда-жоқта табыса қалды. Глухов жалғыз басты кемпірдің үй шаруасына көмектесіп жүрді: қыстыгүні келіп есігінің алдындағы қарын күрейді, отын бұтайды, сыпырғышын саптап, үйінің шатырын бүтіндейді. Екеуі отырып алып әңгіме де соғады. Малышева үстел үстіне ширек бөтелке де әкеп қояды... Глухов одан қаймығатын да, Совет өкіметін мейлінше асыра мақтаумен болатын.
Қандай ықтиятты өкімет десеңізші! Ертеде қандай еді, әбден қартайған шалды ешкім керек қылмайтын. Ал қазір оған зейнетақы береді. Ай сайын маған жиырма сомды не үшін санап береді де отырады десеңізші? Өзімнен туған балам келгенде бір бес сом береді: онысына да рақмет. Кейде тіпті ұмытып та кетеді. Ал өкімет бергенінен жазбайды тек ала бер. Көрдіңіз бе, олар, комиссарларды айтамын, сол уақыттың өзінде-ақ... түсінген. Олар жарқын болашақ үшін жанын пида еткендер. Мен, Ольга Сергеевна, солардың аруағына орнымыздан тұрып құрмет көрсетуді ұсынамын.
Ольга Сергеевна оған:
— Отыра бер. Өйтетін не бар енді? — деп солғын жауап берді. — Ештеңе қалған жоқ.
Ольга комиссарды анда-санда ғана еске алады, ал көбінесе түн баласында өзінің қалай "бастығырылатынын" әңгімелейтін.
— Бастығырылғанда да қандай дейсің, сұрама, ажалым жеткен екен деп ойлаймын...
— Ал сонда қай жерің ауырады? Кеудең қысыла ма?
— Бәрі де. Тұла бойды сірестіріп тырп еткізбей қойғанда, енді біткен екенмін дейсің. Ал соңынан құр сүлдерің ғана қалады, қолың да, аяғың да қыбыр етпейді. Бір жаққа қарай жүзіп кетіп бара жатқан сияқты боламын, жүзе берем, жүзе берем.
— Иә, — дейді Глухов жаны ашығандай боп. — Ол солай бір кезде солайша жүзіп кете барасың. Содан қайта жүзіп келмейсің бе?
Глухов кемпірін жерлегеннен кейін Малышеваға бұрынғысынан да жиі қатынап тұратын болды. Үй шаруасына көмектеседі, көбіне екеуі дәлізде отырып алып, бал қатып шай ішеді. Балды шал әкеледі. Тағы да әңгіме соғады.
— Кемпіріңді сағынамысың? — деп сөз тартады Малышева.
Глухов не деп жауап берерін білмеді, онша емес деуден тартынды, онда Малышева мұнысын бетіне басып ұялтар болмақ. Малышева мұны ұялтып қана қоймайды, жасың жетпіске аяқ басқанымен көбіне мені тыңда, ал өз басың аузыңды бақ дегенді де көбірек аңдататын.
— Сағынасың ғой?..
— Былайша...Глухов былқ еткізді де қоя салды. — Қимайсың, әрине. Не дегенмен, біз... елу жыл бірге өмір сүрдік қой.
— Жүз жыл бірге өмір сүруге де болады... Оның ләззатын айт? Піл екі жүз жыл жасайды, онда не мән бар?
Глухов бұл сөзді көңіліне алып қалды.
— Менің үш ұлым майданда қаза тапты емес пе! Сен маған неге бұлай дейсің?..
— Мен ештеңе демек емеспін. — Малышиха жалтарды. — Олар Отан үшін жан берді.
— Сағынамын, әрине. — Глухов енді батыл кетті. — Менімен бірге ол қаншама қайғы-қасірет тартты! Бәріне де шыдады. Мен жасымнан-ақ періп кетпе әумесерлеу болдым... Бәрін де көтеріп бақты, байғұс. Аянышты...
— Сана жағын айт, сана... — деп күрсінді Малышева. — Сендерді әлі де шыңдау керек! Екі жүз жыл шыңдаса сонда ғана адам бейнесіне келесіңдер. Сен онымен елу жыл тұрған екенсің... Ал? Соныңнан ештеңе айтып та бере алмайсың. Менің бақшамда жусан өседі... ол да өсіп тұр. Ал онымен қатар виктория бүлдіргені тұр. Екеуінде айырмашылық бар емес пе?
— Сен неге ашуланасың? — Глухов түсінбеді.
— Айырма бар ма деп сұрап отырмын ғой мен?
— Тапқан екенсің... Қаспақ пен қаймақты қалай салғастыруды.
— Салғастырамын! Неге десең біреу от боп жанып өмір сүрсе, енді біреу бықсып жатады. Біреудің бүкіл тұла бойы, тұрпаты мән-мағынаға толы, ал біреулер... өз ісін ғана біледі, басқадан ада. Азбандар өңшең.
— Жұрттың бәрі комиссар бола бере ме! "Азбан" дегенді көңіліне алып қалған Глухов шамдана жауап қатты.
— Елу жыл өмір сүрген, — деп кекеді Малышева. — Сонысының жілігі татыр нәрі бір аптаға жетсе екен-ау сонда?
— Басқа болмаса да нәр дегенің жетіп-ақ баққан, құдайға шүкір. Артығымен жеткен.
— Солай екені көрініп-ақ тұр! — Малышева ернін шығарды. — Айғырлар, түге.
Глухов әлденемен Малышеваның қытығына тигенін сезгендей, бірақ не екенін түсіне алмады.
Глухов сонда да Малышеваға келуді тоқтатқан жоқ. Кейде осылайша түрпісіп қалып, кейде тату-тәтті ажырасып жүрді. Кешкілік мезгіл де елеусіз тез өтетін болды.
Бұл жексенбіде Глухов Малышеваныкіне балтасыз, қол арасыз келді. Сөйлесу үшін келді. Ақылдасып көмек сұрамақ болды.
— Сергеевна, мен сенімен ақылдасқалы келдім. Көмектес.
— Не болды? — Малышева құлағын тіге қалды. Ол біреуге ақыл айтуға дайын тұратын.
— Сен Отавина кемпірді білесің ғой?
— Білемін.
— Сонымен сөйлессең қайтеді, ол менің үйіме көшіп алуға келіспес пе екен? Өз үйін сатсын. Немесе былай болсын: әзірше бекітіп қоя тұрсын. Дәм-тұзымыз жараса қалғандай болса, сонан соң сата жатар. Босқа асығыстық жасап не керек. Қалай деп ойлайсың? Оған өздігімнен айтуға батылым бармайды, ал бұл сенің қолыңнан келеді ғой. Мен оны ренжітпеймін... Бас қосып бірімізге-біріміз серік болсақ, аяғымызды нық басып тіршілік етер едік. Не айтасың? Глухов ыңғайсызданып әдеттегісінен тыс үсті-үстіне бастырмалатып көп сөйледі. Әрі ойлап, бері ойлап тапқаным осы болды. Кемпірі түскірді де қоя тұршы, жалғыздық қиын екен. Меніңше, оның да жүгі жеңілдер еді. Не дейсің?
Малышева айран-асыр, таң-тамаша қалды. Таң қалғаны соншалық тұтқиылда не айтарын білмеді.
— Үйленбек екенсің ғой?
— Үйленбексің дейсің-ау... Қайдағы үйлену? Былайша, бас қосып ес жияйық деймін.
— Заң жолымен алып қарағанда бәрібір бұл да үйлену. Неменеге құйрығыңды бұлғаңдатасың? — Глухов сасып қалды.
— Ал тіпті үйлену-ақ болсын. Сонда мұның не сөкеттігі бар?
Малышева шалға түңілгендей, әлдебір әріде жатқан кейісті кейіппен қарады.
— Өз басы келісе ме? Онымен сөйлесіп үлгере алмадым дей тұрсаң да...
— Ол ештеңе білмейді! Сонан соң ғой саған сөйлесіп бер деп жалынып жүргенім. Сөйлесіп те, көндіріп те бер. Ол кемпір пірәдар, бұл күнә деуі де ықтимал... Шынтуайтқа келгенде, мұнда қандай күнә бар? Мен жалғыз бастымын, ол да жалғыз.
— Оның қалада қызы бар ғой.
— Сол да сөз бе екен! Менің де қалада ұлым отыр. Бүгінде олардан не пайда. Ал біз қалған өмірімізді өйтіп-бүйтіп алданышпен өткізер едік. Біріміз өлсек, біріміз көмеміз.
— Балаларың бар емес пе? Малышева тепсініп, дүрсе қоя берді Неменеге соншама мүсәпірси қалдыңдар?
Глухов үндемеді. Бұл да Малышеваға ашумен қадала қарады. Бұл неге ашуланады? Әбден зәр шашып-ақ болды. Неліктен?
— Саған не болған, Сергеевна? — деді ол
— Ештеңе де болған жоқ. Үйленбек болған сен ғой, мен емес. Саған не болды дейсің тағы да. Не болушы еді?
— Әлденеге ашулысың ғой...
— Ешқандай ашуым жоқ! Мен неменеге ашуланбақпын. Үйленемісің? Отавинамен сөйлесу керек қой? Сөйлесемін, — енді Малышева бастырмалата жөнелді. — Шақырып аламын да сөйлесемін, маған ол қиын емес. Ықтияр ма, жоқ па, сұрап білемін. Менің ашуланып нем бар? Күлген жұрт маған емес, сендердей қуыршаққа күледі.
— Бұл не дегенің?
— Енді не керек?
— Күледің қалай?
— Енді қайтпек шашу шашады деп пе едің?
— Ертелі-кеш қарттар бір-бірімен қосылып та жатады емес пе.
— Иә, жатады, жатады. Ертең түсте кел... Мен оны ертерек шақырып аламын, алдымен егжей-тегжейлі сөйлесемін, сен түске таман кешігіңкіреп кел. Шал-шауқандар қосылып жатады. Ондайлар толып жатыр! Мен онымен сөйлесемін, алаң болма. Сөйлесемін.
Глухов шал Малышеваныкінен ешнәрсенің байыбына нақты бара алмай аттанды. Ол Малышиха тарапынан әлдебір опасыздық ой бар екенін сезгендей. Құданың құдіреті, өзі бір түсініксіз кемпір. Бұлқан-талқан боп күйіппісіп-ақ жүргені. Еркіне жіберсең дүниенің бәрін де кесіп-пішіп, қайта жасардай. Жұрттың бәріне де қалай тіршілік етуді үйретіп, бәрін де мінеп-түзеуге әзір. Әрі-беріден соң шал, қайтып барып оған сенің ешқандай көмегіңнің керегі жоқ, не болса өз бақталайымнан көремін десем қайтеді деген де ойға келді. Тоқтап тұра қалды. Содан соң жарайды, не болса, ол болсын, сөйлессінші дегенге тоқтады. Бәрібір өзі ештеңе ұқсата алмайды тігісін жатқызып сөйлеуді де білмейді. Мейлі, туласа тулай берсін, тапсырған істі тындырса болды.
Келесі күні кемпірлер Малышева мен Отавина кездесіп, сөйлесті.
Отавина Малышеваныкіне кіріп келген бойда құдайдың суреті жоқ па екен деп алдыңғы бұрышқа қарай түсіп, масаты диванның шетіне сызыла келіп отыра кетті. Амандасты.
— Сені шақырып алғаным, — деп Малышиха әңгімені бірден бастады. — Глухов шалды білесің ғой?
— Емельян Егорычты ма? Білмегенде ше. Оның үш ұлы бірдей майданда өлді ғой...
— Ендеше, сол саған үйленбекші. — Малышева әрбір сөзін тайға таңба басқандай етіп нақтап айтты. — Сен келісемісің?
— Астағипіралла, астағипіралла! — Отавина шоқына бастады. — Бірдеңе көрінген шығар өзіне?!
— Несі бар? Екеуің де салт басты, сабау қамшылысыңдар. Ойлан, алдымен ойланып ал, жауапқа асықпа. Басқалар сияқты ол да кәдімгі сасай теке, бірақ қалған өміріңді көңілді өткізуіңе көмектеседі. Өзің қалай деп ойлайсың? Үйді әзірше сатпай-ақ бекітіп қоя тұруға да болады дейді, дәм-тұздарың жарасып кете қалған күнде сатып, ақшасын кассаға салуыңа болады. Өзің қалай деп ойлайсың?
— Мен не ойлайтын едім? — Отавина шынымен-ақ не айтарын білмеді. — Менің басымда не ой қалды дейсің. Апай-топай қалайша ғана үйлене кетпексің. — Отавина шын көңілімен езу тартты. — Бүйтіп жүріп ақылдан адасуға да болатын шығар. Тапқан екен қалыңдықты!
— Несі бар, сен қалыңдық болсаң, ол күйеу. Сонымен не айтасың енді?
— Тықпаламай тұра тұршы, Сергеевна, кішкене мұрсат берсейші, есімді жияйын...
— Ол қазір келеді осында. Жауабыңды күтуде.
— Көтек, не дейді! — Отавина кемпір орнынан ұшып түрегеле бере есікке қарады. Одан қайта отырды. — Ал керек болса!
— Байқаймын, сен өзің келісуге бейім екенсің.
Отавина бір мезет кәдімгідей-ақ ойланып қалды.
— Мен айтайын саған, Сергеевна, ол жаман адам емес, ішпейді, асып бара жатқан күнәкарлығын да естіген емен... Тек... Отавина құдағиға қарады. — Былайша алғанда, оның несі бар? Қарттар екі жарты бір бүтін боп жүріп те жатады ғой...
— Әрине.
— Айтпақшы, түн баласында ыңылдап мазаны алып жүрмес пе екен?
Малышева аузын ашып ақырып қалды.
— Қалайша?
— Не қалайы бар? Солай. Олардың қандай екенін білмейтін бе едің! Бәрінен де бұрын мен оның ыңылдамасын біліп, әбден алаңсыз боп алғым келеді. Боқауыз айтпасын. Темекі тартатын-ды... Темекі деген пәлені... Жұрттың бәрі тартады ғой, оған дауа жоқ.
— Сонымен сен енді келістің ғой? — Малышева таң-тамаша.
— Сабыр ет, қамшылай бермей. Айтып отырмын ғой, менің қоятын шарттарым толып жатыр. Анау болмайды, мынау болмайды, делік. Шал да ойға қалып: "сонда болатын не қалды?" деп жүрсе ше. Онда біздің бүкіл құдалығымыз өзінен-өзі ойран болады да Отавина тағы да болар-болмас езу тартты. — Қараңызшы, бұлай болады деген үш ұйықтасам ойымда бар ма екен... Құдая құдіретіңнен. Мұндай да гәп болады екен? Ертеректе өзім тұрып келген Буланихада менің бір сырлас жолдасым да, осындай жағдайға душар болған-ды. Бір шал жетіп келіп, оған: "Кел, Кузьмовна қосылайық" демес пе. Қосылды да. Шал осыдан екі жыл бұрын қайтыс боп кетті. Кузьмовна соның үйінде тұрып жатыр. Өздері жақсы тұрды, білемін. Қанша тұрған еді? Бас-аяғы бес жылдай боп қалар. Кузьмовнаны шалы ренжітіп көрген жоқ. Қартая келе адамның ақылы кіреді. Бүгінгілерге қарап тұрсаң... Құдай басқа бермесін! Қарайсың да қоясың, ештеңе айта алмайсың. Мен де өлгенімше жаным тыныш, жылы ұяда тұрсам екен деймін. Үйім болса тозды, қыстың аяқталғанына қуаныштымын қанша жақсақ да жылымайды. Отты жағасың, жағасың келіп, ал жылудың бәрі далаға кетеді.
— Қызыңа неге кетпейсің?
— Қайдағы! Өздері ұлтарақтай жерде сыймай отыр. Онда тұрып та көргенмін. Немерелерім кішкентай болған соң тұрдым. Бәріміздің де зықымыз шыққан-ды сонда. Қазір балалар мектепке баратын болды мен олардың мына бір баспананы сатып әпергені үшін қуаныштымын. Буланихадағы үйімді қызым күйеуге шығып кеткен соң саттым. Ағаштан қиып салынған еді, әлі де бір жүз жыл тұратын үй. Амалсыздан саттым ғой. Олар ұжымға кірмек болды, оған ақшаны қайдан алмақсың? Күйеу бала армиядан келді, қызым болса тек техникум ғана бітірген. Үйді сатайын, шеше, деді. Егер бізбен бірге тұрғың келмейді екен, онда жата-жастана өзіңе үй сатып берелік. Сонан соң тұрып қалдым емес пе, балаларды тәрбиеледім, біраздан кейін жоқ, бұл болмайды екен, маған баспана алып беріңдер, қалада тұра алмаймын дедім. Ойланды-толғанды, ақырында ақша тауып үй сатып әперді. Буланихада үй қымбат, ал мұнда арзан екен, дәм жазып осында келіп қалдық. Әңгіме солай, әрине... Қартайған шақта... жылы ұяда тұру деген... теріс те емес қой.
Кемпірлердің сөйлесетініне Глуховтың көзі жетті, бірақ оның қандай бағытта боларын біле алмады. Не болса да деп жаңа бешпетін киіп, бір бөтелке шарап пен бір тостаған бал алды да Малышеваныкіне тартты.
Келді... Сәлемдесті. Әлдеқалай қысыла-қымтырыла бөтелке мен тостағанды үстел үстіне қойып... шылымын алмақ болып қалтасына қол салды.
— Сен бөтелкеңді жылтыңдатпай қоя тұр, — деді Малышиха. — Асықпа.
Шалдың жүрегі зырқ ете қалды. Отавинамен отасуға оның көңілі әбден кеткен еді, бәрін де ойластырып, жайғастырып қойған-ды. Енді не қалды?
— Мен екеуіңді де тыңдадым... Әрине, бұл екеуіңнің де жеке бастарыңның ісі, қосылуларыңа да болады... Жұрт ақылынан да адасып жатады, ол да ештеңе емес. Сонда да сендерден мынаны сұрағым келеді: ар-ұят деген қайда? А? — Глухов пен Отавинаға Малышева осылайша дүрсе қоя берді. Мұны ол түсініп болмастай қаталдықпен, әлдебір құпия қасірет жайлаған шын жүректен күйіне айтты. Ар-ұяттан ада болған күйеу мен қалыңдықтың бір қызарып, бір қуарғанына, отырған орындарында тыпыршып жанына сая таппай жапа шеккендеріне де қарамастан, жерден алып, жерден салып сыбады-ай келіп. — Осыдан кейін сендер мынау жарық дүниеге не беттеріңмен қарамақсыңдар? А? Өмір бойы жалғыз жүргендер аз ба? Мына мен де жападан-жалғыз жүрмін ғой, жиырма үш жасымнан бері жалғызбын... Қалай деп ойлайсыңдар, маған ешкім құда түспеп пе? Түскен. Түнде келіп тереземді қақпап па? Қаққан. Сен, Глухов, селсоветте отырғанымда маған келіп, сенсіз өмір сүре алмаймын демеп пе едің? Келдің емес пе? Айтшы, кәне. Глухов кірерге тесік таппады.
— Білместік қой оным... Ішіп алған едім сонда. — Глухов мойындады. — Мен құдалық сөйлескенім жоқ. Мұны қайдан шығардың? Бостан-босқа. Мен сонау бір жылдарда... одан бері қанша уақыт өтпеді...
— Білместікпен дейді! Енді ақылды бола қалған жетпіске келгенде үйленбек боп отырғаны есінде жоқ. Ақылдысын-ай! Ал саған не жоқ!.. "Көрейін, ойланайын, жылы ұяда тұрсам" дейсің. Ант атқан, пірәдар сұм! Сенің орның сол жақта. Басқалардың ісін күнә деп осқырынасыңдар. Ал өздерің ше? Мұнымен жастарға қандай өнеге көрсетпексіңдер. Осыны ойладыңдар ма? Сендер өздеріңнің халық алдындағы жауапкершіліктеріңді түсінесіңдер ме? — Малышева тарамыс саусақтарымен үстелді тоқылдата төпеп отыр. — Осы туралы ойландыңдар ма? Жоқ, ойланған жоқсыңдар. Өзімшілдер. Халық бар күшін салып еңбек етуде, ал бұлар құдалық, той тойлап... Жұртты арақ ішуге, жеңіл-желпі соқпа дертке баулымақ. Арсыздар.
— Қайдағы той?! — деп Глухов дүрсе қоя берді. Отавина жұмған аузын аша алмады. — Жең ішінен жалғасып бітіре қоятын нәрсе еді. Той дегенді қайдан шығарды.
— Іргеден кіретіндердің дәл өзі десең болар бұларды. Тфу. Мақұлықтар!
— Жарайды, жетер енді! — Шал бұлқан-талқан болды. — Кет әрман...Сылқита бір боқтады да, есікті лақтыра тастап үйден шыға жөнелді.
Одан соң іле-шала Отавина да жөнелді. Жөнелгенде де төбелерінен біреу ыстық су құйып жібергендей безе жөнелді. Қақпадан шыға бере біріне бірі қарамастан, жол айрығына дейін бір көшемен баратын бола тұрса да екеуі екі жаққа кетті.
Глухов шал селоны бір айналып шығып, үйіне содан кейін келді. Түкіріп те жүр, боқтап та жүр, барарға жер таба алар емес... Ашу үстінде: "Сен сайқалды өртемей қоймаспын!" деп те ойлады.
Ол, әрине, Малышеваны өртеген жоқ, бірақ оған қатынасуды үзілді-кесілді тоқтатты. Көшеде кездесе қалса, теріс айналып кетеді. Амандаспайды.
Ал Отавина қаладағы шіркеуге барып күнәсін жуып қайтты. Кемпір байғұс мейлінше құса болып, Малышеваның қарасын көрмей кетті.
Малышева мұндай сирек кездесетін құдалық жайында селода бірде-бір жанға жақ ашқан жоқ. Глухов та, Отавина да ол енді жұрттың бәріне жаятын болар деумен жүрді. Атамаңыз, жайған жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter