Өлеңдер ✍️
Кек
Бірінші көрініс
I
Жасымнан құм ойнағын Керекудің
Жазылған ақ мамықтай көретінмін.
Шиыршық атып құмы құйындаса,
Артынан асыр салып еретінмін.
Іздерім қалған шығар сол қырында,
Жүгірдім ұқсап жаңа жортуылға,
Естідім ес білгенде Ертіс даусын,
Қызық жыр шертілгендей толқынында.
Онда мен жетідегі жүгірмекпін,
Ұқтым ба дүбірлеген сырын көптің?
Зеңбірек күркіресе қызық көріп,
Қызыл ту желпілдесе күлімдеппін.
Білдім бе сол сәуле деп шын өмірге,
Шаттықтың келгенін сол шумен бірге?
Білдім бе бақыт барын өңі сұрғылт,
Солдаттың жұлдызы бар шлемінде.
Соңынан жауынгердің жүгіргенмін,
Сол күннен ұмытылмас сыр білемін.
Шыққан бір шулы батыр Керекуден,—
Естіген бала күннен жырым менің.
Ертегі емес оның өмірі де,
Ол туды көк
Ертістің өңірінде.
Жасынан жалшылықта өскен бір жан,
Қаналып қаланың сұм жебіріне.
Бірақ ол жалын алып Октябрьден,
Зеңбірек атылғанда атқа мінген,
Қорғауға Қызыл тулы Керекуді,
Қасқиып қас батырдай отқа кірген.
Геройым — атышулы ер Балтабай
Бай десе жарқылдайтын ақ балтадай.
Кегіне жарлы жұрттың жанын қайрап,
Ел сүйген ерліктері өткен талай.
Кегі бар кеткен оның дұшпанында,
Сол кегін қайтару бір құштарым да.
Қылыштай қаламымды сермеймін бір,
Соным ғой қолымдағы күш - қару да...
II
Ертісім, шула шапшаң, қақ дабылды!
Балтабай ереуілдеп атқа мінді.
Қасында жиырма шақты жасағы бар,
Шаңдатып кетті күңгірт жатқан қырды.
Алдынан қоңыр салқын жел гуледі,
Жалдары аттарының желкілдеді.
Балтабай жортып міне келе жатыр,
Ашулы жолбарыстай бұл түндегі.
Келеді қай-қайдағы кегі қайнап,
Ызамен тұтанғандай көзі жайнап.
Не үшін жортты түнде Баян тауға,
Келеді қай майданға өзін айдап?
Бұйрық сол, алған кеше штабынан,
«Кегіңді ал құтырынған дұшпаныңнан».
Баянды қанды балақ банда басты,
Қосылған Бағай соған тысқарыдан».
Бағай ма? Ашындырған Бағай еді.
Жанбасын Бағай десе.қалай кегі?
Жас албырт өміріне өткендегі,
Сол Бағай сор - азабын төккен еді.
Езілген есігінде қайран жасы,
Есіне түскен сайын кектенеді.
Салдырған қырға дүкен, ойға сарай,
Қалталы, қазыналы болды Бағай.
Дауды да, сауданы да дуылдатып,
Ұлықпен езген бірге елді талай.
Октябрь отын тастап ордасына,
Ол шыққан қалың өртпен арбасуға.
Бандаға қосылуға қылыш қайрап,
Баянға жеткен екен ол асыға.
Баянның бауырында сап бүлікті,
Атаман атқа мінер сап құрыпты.
Бағай бай атаманға бәйек болып,
Талайды аттырыпты, шаптырыпты.
Балтабай ойлап соны тістенеді,
Жалындап жанған оттай іште кегі.
Басында Баян таудың бұлт түйілсе,
Баурында долы дауыл күш келеді.
III
Тағдыры екі жаққа даулы түнде,
Баян тау бұлт ішінде ауды мүлде.
Түксиген түйелердей құж-құж тастар,
Тығылған түсі суық тау түбіне.
Жөңкілген аңдай жаудың жасағына,
Құпия, көз көрмейтін таса мұнда.
Тұр еді банда тобы тосқауылдап,
Кезеніп қылыштарын бас алуға.
Сезді ме әлде желдің күбірінен?
Банда да Балтабайдың сырын білген.
Тұр еді тау қойнында тілін тістеп,
Сескеніп Балтабайдың дүбірінен,
Дүбірі түн жамылған жарып тауды,
Отряд құйындатып келіп қалды.
Селк етіп көтерілді жау тобыры,
Кеткендей дауыл соғып бұлттарды.
Атаман алабұртып үйірімен,
Артына арқа тастың иірілген.
Аңқылдап Балтабайлар келген шақта,
Оқ жауды Баян таудың бүйірінен.
Теңселген қалың жау ма, тас қана ма?
Балтабай содан қорқып жасқана ма?
Уралап атой берді жау шебіне,
Мейлі жау өрт сала ма, бас сала ма?
Оқ зулап серпігендей тау түнегі,
Даусынан айрылғандай жау жүрегі,
Жарқылдап жау үстіне отын шашты,
Күркіреп нажағайдай зеңбірегі.
Атаман ат үстінде айғайлаған,
Алдында қорқып Бағай маймаңдаған.
Айқасқа айбат шегіп кірді міне,
Балтабай көрсетуге майданды оған.
Банда да өршеленді, жылыспады,
Лап берді, кескілесіп ұрысқалы.
Аспанның жарқ-жұрқ еткен садағындай,
Айқасып жарқылдады қылыштары.
Екі жақ араласып қызды майдан,
Күркіреп от шыққандай нажағайдан.
Бүйірі Баян таудың бұлан-талан,
Өлгендер оқтан құлап аза жайған.
Өшіккен бірін-бірі өлтіруге,—
Болсын деп дүние шіркін кең тіріге.
Кек бұған Балтабайдың көзі жайнап,
Ашулы арыстандай сол түрінде.
Қалшылдап қан сорғалап қылышынан,
Талай бас домалаған ұрысынан.
Шартылдап қылыш, найза кескілесіп,
Талай жан тасты құшып ыңырсыған.
Артынан қашқандарды тау алқалап,
Жарқылдап қылыштары алдын орап,
Жау жүрек Балтабайдың жігіттері,
Жасқады тығырыққа жауды қамап.
Баурында Баян таудың шу қызғалы,
Бұлт қоршап, көк те күнін туғызбады.
Сол түнді жарып, міне жетті таңға,
Шлемнің қызыл түсті жұлдыздары.
Шыдамай Балтабайдың ұрысына,
Қашқандай кетті таудың қуысына.
Балтабай сап тұрғызды жинап міне,
Банданы түсіруге уысына.
Әсілі келмес жаумен келісімге,
Мәз емес батыр әлі жеңісіне.
Қараса атаман жоқ, Бағай да жоқ,
Қашыпты түннің түнек керісінде.
Қып-қызыл оттай көзі шатынады,
Ашуын қай-қайдағы шақырады:
— Бағайды, қайда кетті, табыңдар!—деп
Тұтқынға түскендерге ақырады.
Сол оқтар кеудедегі кекті шертіп,
Есіне түсті Бағай кеткен қорқып.
Бүйірінен Баян таудың дүбірлетіп,
Балтабай іздеп соны кетті жортып.
IV
Астына жасырғандай тасын жайдың,
Жалтылдап жатыр көлі Жасыбайдың.
Көк мөлдір теңселгендей тегенеде,
Түбінен көк көрінген жасыл айдын.
Көл жатыр тау қойнында дөңгеленіп,
Ақбет тұр ақша төсін күнге керіп.
Жартастың тасасына, кел шетіне,
Бағайлар орналасқан түнде келіп.
Қасында екі қызы, атшысы бар,
Баяннан түн бүркеніп қашты бұлар.
Атаман кетті қайда, ол белгісіз,
Сұсынан Балтабайдың састы қулар...
Ашудан алас ұрып өткен еді —
Айналып тауды Бағай кетпек еді.
Ағылған Ақмоладан бандаларға,
Амалын тауып жылдам жетпек еді.
Бөгелді аз ғана шақ тыныс алып,
Бұл жерге жеткен әрең бұрыс барып.
Бағайдың қайғысы бар көлден терең,
Отыр ол тауға қарап құрыстанып.
Алданды екі қызы көл шетінде,
Қос аққу еркін жүзген көл бетінде.
Екі қыз жүзген солай нән балықтай,—
Ойларын толқын сондай тербетуде.
Дариға! Жап-жаңа күн ашық еді,
Көңілдің гүліне нұр шашып еді — Керемет!
Күннің бетін бұлт басты да,
Баянның күңгірт тартты асу белі.
Ақбеттің төбесінде бұлт топырлап,
Кенеттен керней тартты күн шатырлап.
Шайқалып қайнар судай қазандағы,
Көлі де Жасыбайдың шу шақырмақ.
Асудан үш салт атты түсті темен,
Бағайдың зәре-құты ұшты неден?
Балтабай дүбірлетіп келіп қалды,
Қаптаған қой тастардың үстіменен.
— Уа, қосшы, аттар қайда? Қамалдым ба?
Құдая, біткені ме амалдың да?—
Деп Бағай жармасқанда мылтығына
Қасқайып тұрды батыр тап алдында. —
Ал, қашқын, атшы кәне, міне кеудем,
Жауынмын кек алуға қуып келген.
Бәрібір қоштаса бер құдайыңмен,
Дәуренің бітті сенің, күнің сөнген.
Ал, байым, атпадың ба, қалтырайсың,
Білемін, жалынасың, жан сұрайсың.
Сездің бе өзге жанды езгеніңде?
Сүліктей қанды сорған арсыз байсың.
Балтабай айтып соны аттан түсті,
Жарқылдап көз жанары оқтан күшті.
Кебіндей түсі қашып қатты Бағай,
Қалың бұлт төбесіне қаптап түсті.
Айтуға жалынышты еріндері
Илікпей өз бетінше дірілдеді.
Алдында ақ семсерлі Балтабай тұр,
Нажағай кеудесінде дүбірледі.
Басына бұлт бүркенген Баянауыл,
Куә ғой ел қайғысын баяндауға.
Балтабай қарап соған күрсінді де,
Бекінді енді жауын аямауға.
Жауына өрттей жанып өр мінезі,
Сермейтін ақ семсерін келді кезі.
Еңіреп екі қызы құшағында,
Бағайдың аузына әрең келді сөзі: —
Алдында мінәжатты етемін де
Еңкілдеп жас төгемін етегіңе.
Сұраймын алла атынан бір жанымды,
Жүрейін енді сенің жетегіңде.
Қолымда өсіп едің жетіміңнен,
Бағаңды жоқ шығармын жете білген.
Ие бол, енді бүкіл дүниеме,
Кешікпей қу өмірден кетемін мен.
Кешір сен, болса менің айыбымды,
Бұзбайды, пенде болса, баю кімді?
Қанымды арқалама,— қалаулы бол,
Ал таңдап екі қыздан зайыбыңды.
Өскен ем ой мен қырды еркін жайлап,
Біледі дабысымды ауыл, аймақ.
Қолымнан дәмді татқан мұңдар едің,
Алдыңда бұқтым міне, дауыл айдап.
Араға от жағылып осы күнде,
Ажалдың ашып тұрсың есігін де.
Ая сен, еңіреген екі қызды,
Тербетіп өсіріп ен бесігіңде.
Жалынам, жанымды қияр Балтабай,
Саған күн туа қалса екі - талай,
Қалармын туғанымдай сақтап сені,
Қиясың сұм ажалға мені қалай?
Куә қып сертіме бұл атар күнді,
Айтамын алла атынан бар антымды.
Қалдыр, шыбын жанды,—деп, алдына
Сандықтан төкті Бағай сар алтынды.
* * *
Бағайдың ыза болып «құрметіне»
Батырдың ашу жанып тұр бетінде.
Тіктенді тікенектей қара мұрты
Тұрғандай көзінен оқ бұрқ етуге.
Көлгір сөз тиді ердің намысына,
Қалайша сатсын батыр арын сұмға.
Алтынды аяғымен теуіп қалды,
Қайтадан қаһар шашып қарысуға.
Кеуделі кектің ұлы, өр денелі,
Намысын өшпендіктің бермегелі.
Көтерді көк семсерін жалаңдатып,
Басына Бағай байдың сермегелі.
Екі қыз егіз лақтай екі жақтан,
Еңіреп, көздерінен бұлақ аққан.
Асылып иығына Балтабайдың,
Жалынды назды сөзбен жалын атқан.
Қос сұлу үлбіреген балғын бөбек,
Көздері көл суындай тұр мөлдіреп.
Беттерін жел сүймеген перизаттар,
Өскендей күнге күліп, айға еркелеп.
Білетін Балтабайды балғын күннен,
Шадыман бай қыздары шалқып күлген.
Балтабай онда жалшы, еркелетіп
Екеуін арғымақпен алып жүрген.
Енді тұр қара көзін қайғы көміп,
Жайнаған жүзіндегі айы сөніп.
Екеуі жас киіктей қалтырайды,
Балтабай кек дауылдай айбын беріп.
Үлкені екі қыздың Бану еді,
Өткір көз, ер көкірек, жалын лебі.
Байлықтың жұлдызындай жайнап өскен,
Берілген әкесіне балғын еді.
Кенет сол іркіп жасын көзіндегі,
Сөз тастап Балтабайға безілдеді.
Жармасып жалаңдаған семсеріне,
Әке үшін құрбан болам өзім деді.
Ағажан, болса сенде сезім,— деді,—
Аяшы, тұр ғой жаным езілгелі,
Сақташы әке жанын, батыр, сенің
Кірейін құшағыңа өзім,—деді.—
Антым бұл айтқан ару кезімдегі,
Бір жанға айтылмаған сөзім тегі.
Сенікі — жүрегім де, дәулетім де,
Сенікі — жанған шоқтар көзімдегі.
Сол көздің сиқыр бар ма қиығында?
Жылан ба оралған қол иығына?
Балтабай қарап еді Баян тауға,
Нажағай жарқ етті бір қиырында.
— Тарт!—деді,—қолыңды, қыз иығымнан
Баянның айнымаймын бұйрығынан.
Мыңдаған пенделердің кегі жанып,
Жанымды өшпендіктің күйі бұған.—
Деп батыр көкірегін ашу кернеп,
Бағайға ақ семсерін қалды сермеп.
Қан ыршып кеңірдектен түсті құлап,
Жау қаны ақса мейлі, мейлі сел боп.
Кекпенен кездеріне қанталаған,
Екі қыз — жау секілді анталаған.
Сол бір сәт естіп зарын екі қыздың,
Қаһарын батыр әрмен қалқалаған.
Кенеттен зар жылауын тыйды Бану.
Қалайша қыз жанында тынды налу?
— Мені де жарып кет!—деп Балтабайға
Көзінен отын шашып тұрды Бану.
Жоқ, батыр, қан төгуді қалады ма?
Азалы қыздың азар талабы да.
Семсерін қынабына қайта салды,
Таңырқап Бануға бір қарады да...
Осылай уақыт қатал, зор тілекті,
Жасынан жасымайтын болды кекті.
Бүйірін Баян таудың бүлкілдетіп,
Балтабай жолбарыстай жортып кетті.
Екінші көрініс
I
Туған жер бесігі ғой балалықтың,
Құмында Керекудің жаралыппын.
Әркімнің туған жері Мысыр деген,—
Сол жерден суалмайтын нәр алыппын,
Сүйемін туған жерді, өскен құмды,
Өмірден аштым сонда есігімді.
Астыма қызыл құмы төсек болып,
Тербеткен құйындары бесігімді.
Ұлымын атышулы Нұрғожаның,
Әкеме тартып тудым бір ғажабым.
Қонбады дұғалары, қонды сөзі,
Бөленді бесігімде жырға жаным.
Өспедім басқалардай ерке болып,
Үйрендім мехнатқа ерте көніп.
Тегінде тентек етті қала мені,
Өрліктің әуендерін шерте беріп.
Онда жоқ жеміс ағаш жүзім жайған,
Шаң қала, шеткі үйлері мыжырайған,
Кең жатақ мекеніміз құм бүркеген,
Кешінде шырағданы сығырайған.
Өзгеше тебіренткен ер күш мені,
Тек қана еркелеткен Ертіс тегі.
Қалыпты.жүрегіме ұйып сонда,
Ашулы адуынды Ертіс демі...
Көрінген онда сұлу маған бәрі,
Тоғайдың ағаштары, көк орманы.
Ноғайдың жырлары мен гармон күйі,
Күркесі балықшының көгалдағы.
Жас күндер өзінше бір шеру еді.
Әлі де көз алдымда керіледі
Қызықтап түйесіне мінетінбіз
Келгенде Баян таудың керуені.
Сол күнде бәрінен де ойды басқан,—
Қызық қой ұлан-асыр майдандасқан.
Сүюші ем ұшыруды көгершінді,
Орыстың ұлдарымен өрен - шулы.
Жарысып мұз ойнақта асыр салдым,
Сол шулар із қалдырды терең сырлы.
Жақ-жақ боп, жасайтынбыз батыл жорық,
Бәріміз Балтабайша батыр болып.
Әлде жыр басталды ма сол жорадан?—
Кеудемде сондай әуен жатты толып...
II
Әлі де айналасы бұлан-талан,
Аспанын Керекудің бұлт қамаған.
Ертістің екі бетін қанмен жосып,
Жан-жақтан жау жасағы анталаған.
Өшігіп Қызыл тулы Керекуге,
Қарғадай қаптап банда келетін де,
Жарқырап жұлдыздары шлемінде,
Сұңқарлар соған соққы беретін де.
Ерлерін ерткен сонау қыр - қиырға,
Балтабай төтеншенің қырғи да.
Сақшысы қазір мынау қаланың ол,
Кеудесін талай тосқан құм құйынға.
Айғай-шу бұл қаладан іркілмеген,
Зеңбірек күндіз-түні зіркілдеген,
Ойлап ем, жас күнімде соның даусын,
Күн ғой деп көкті жарып күркіреген.
Қарадым жалын атқан түтінге мен,
Аспанның жанды екен бұлты неден?
Қақырап жанса үйлер — ойлап едім,
Ертістің мұзы ғой деп күтірлеген.
Жоқ білдім, майдан екен қиян кескі,
Ояндым оқ даусымен, қиял өсті.
Куә боп айтар еді жатағым да,
Бұл күнде жұрнағы жоқ — ұям ескі...
* * *
Сақ көше бүгін ғана түн тым-тырыс,
Тыйылып аласапыран тынды жүріс.
Бағайдың сарайында — қазір штаб,
Балтабай кезегінде отыр тыныш.
Ол үнсіз отырса да ойы жүрдек,
Көнбеді отыруға жалғыз жүдеп.
Осынау қарапайым, жалшы қазақ,
Қалайша болды қайсар, жалын жүрек?
Білмеймін коммунист пе? Жай бір ер ме?
Қалайша ие болды ер жігерге?—
Мыңдардың мұң - ызасы жандырды да,
Октябрь от берді сол жауынгерге!
Өмірдің барлаған жол келешегін.
Көрген жоқ қуаныштың елестерін.
Сенімі — еңбекшінің еркіндігі,
Үкімет өзінікі, кеңес — сенім.
Сондықтан әзілі қас бай жағына,
Тап кегі — тірегі де, айбары да.
Буы емес батырлықтың, ожарлықтың
Ерлігі — кектің қысқан қайнары да.
* * *
Осынша түнде жүріп, кім кешіккен?
Асығыс албырт жігіт кірді есіктен.
Келді де Балтабайға етті мәлім,
Азабын ауылының бір күн шеккен.
— Қанды топ ауылыма келді кеше,
Өлтірді жігіттерді әлденеше.
Асыр сап, жанды қорлап, үйді тонап,
Жөнелді түнде соққан желмен кеше.
Сібірдің суығынан ауған аңдай,
Асығыс — зәре-құты қалмағандай.
Жаралы аш қасқыр ғой елді талай,
Жолында не болса да жалмағандай.
Солардың бәрінен де ауыр қайғым,
Қалайша қаным қайнап тарылмаймын?
Әкетті байлап менің сүйіктімді,
Жарымды құтқаруға жалындаймын.
Ауылы әрмен еді ащы құмнан,
Қапыда айрылдым сол ғашығымнан.
Асығыс барған едім — жарымды алып,
Бандалар кеткен екен асып қырдан,
Қарасын көріп қайта зымырадым,
Қарусыз — қалың қолға не қыламын?
Құтқар деп асылымды сонау жаудан,
Балтеке, аяғыңа жығыламын...
— Жығылма! Кетер басты!— деп ақырды,
Қағылып қоңыраулар, шу шақырды.
Аз ғана жасақ құрып жігіттерден,
Жорықтың жөнін айтты нұсқап қырды.
— Қашқын жау құтылмайды құрығымнан,
Апшысы талайының қуырылған.
Жігіттер, ат жалына жармасыңдар.
Атойлап жөнелейік қиыр құмнан.
Жігітім, баста бізді Қарағайға,
Банданың бет алысы қара, қайда?—
Балтабай кетті бастап жігіттерін,
Қасқиып бұлттан шыққан қарап айға.
III
Қырдағы қалың біткен қарағайды,
Аңдар мен қашқан банда паналайды.
Сібірдің аты шулы Жарқанаты,
Күйелі қос қанатын соған жайды.
Боялған қызыл қанға басқан жері,
Омбылап Омбы жақтан қашқан бері.
Қызыл ту — оған жанған өрт көрініп,
Жапанды жалмай қашқан сол аш бөрі.
Қосылған соғындылар қай-қайдағы,
Қорғансыз елді шапқан шалғайдағы.
Баянның атаманы бұл тобырда,
Есінде — Балтабайдың қан майданы.
Күн туса — Керекуге кері келмек,
Атаман келе жатты Ертісті өрлеп.
Қасында құбылады бір жас сұлу,
Сол әйел атаманға болған ермек.
Екеуі апиынды қоса тартып,
Келеді ат үстінде тасып, шалқып.
Жас әйел кейде күліп, кейде күйіп,
Сөйледі сөз пернесін басып артық.—
Атаман, жол болмады жорығыңа,
Түстім мен түнде жүріп торығуға.
Несіне кеттім қашып Керекуден,
Дариға, қазыла ма көрім құмда.
Кеудемді у шараптай кернеді кек,
Болды ма босқа саған ергенім тек.
Қызылдың көкжалын сол көгендемей,
Жанымда жанып жатқан шермен көп...
Атаман басын сілкіп күжірейді.
Кегіңді әперем—деп күбірлейді.
Ал өзі есалаңдай есінеп құр,
«Өртейміз қай ауылды бүгін?»— дейді.
Қанды топ жынды аңдай аласұрған,
Айғай-шу, жан, шошиды қарасынан.
Бір кезде қас қарайып от көрінді,
Алдынан, қарағайдың арасынан.
Бұрылды солай қарай банда біткен.
Кезеріп еріндері қанды күткен.
Қорғансыз ауыл сорлы, сорлайды ғой,
Күйзелген,. қансыраған сан бүліктен!
IV
Аттылар шыға келді қалтарыстан,
Аттары ауыздықпен арпалысқан.
Жасағы Балтабайдың келіп қалды,
Айбынды ашуы бар арқа қысқан.
Тарландар талай жаумен төңкеріскен,
Бәйгіге қосылғандай, кең өрістен.
Алдынан дауыл тұрып, шаң бүркеніп,
Бұл маңға буырқанған келді күшпен.
Дүбірлеп келе жатса сонадайдан,
Аспанға жалын ұшты қарағайдан.
Лап қойды соған қарап Балтабайлар,
Әлде өрт, әлде мұнда қанды майдан?
Өрт екен, үйлер мұнда жанып жатты.
От тиіп қарағай да жалын атты.
Айғай-шу, азан-қазан тұрғындары,
Зар жылап талай жандар жатып қапты.
Балтабай ат үстінен айғайлады: —
Қандай жау бұл ауылды ойрандады?
Банданың қорлықтарын естігенде,
Ызасы келіп кетті қай-қайдағы.
Бұл ауыл азап көрген Жарқанаттан,
Тоналып дүние-мүлкі сорға батқан.
Атылып асыл боздақ жігіттері,
Жандар көп жаралы боп зарлап жатқан.
Қашыпты банда жаңа бұл ауылдан,
Төтенше хабар алып қарауылдан.
Сескеніп Балтабайдың айбатынан,
Жөнелген атқа мініп жарау тұрған.
Азғындар, ажал құйып ойқастаған.
Кетерде лашықтарға от тастаған,
Лапылдап жанып жатыр үй төбесі,
Сықырлап қарағайға жалғас баған.
Балтабай көріп соны буырқанып,
Ашуы жанған ерттей тұр тұтанып. —
Кек әпер бізге жаудан!— дейді жұрты,
Көзінің мұң жастарын іркіп алып.
Атына айғай салып алды мініп,
Сол жауды желкелеуге алқындырып,—
Сонау бір жанған, үйден шықты дауыс,
Балтабай атын тартып, қалды тұрып.
* * *
Бір әйел өрт ішінде зарлап - жылап,
Безектеп айғайлаған жәрдем сұрап.
Хабарлап келген жігіт Керекуге
Жүгірді, тұр екен-ау әрең шыдап.
Жүгірді ғашығының естіп зарын,
Аспанға будақтайды ыстық жалын.
Ішінде өрт қамаған қайран жарын,
Ессіз от, күйдірді ғой, қысты - ау жанын!
Уа, нәлет, қандыбалақ, қарақшылар,
Қан көрсе, қасқыр аузын жалап шығар.
Ырқына көнбеген соң жас сұлуды
Қиыпты мынау жауға — ала - шұбар.
Секірді терезеден әлгі жігіт
Өз жаны жары үшін болды ұмыт.
Ол кетті сүңгіп жалын толқынына,
Әлде өлім, әлде оттай жайнар үміт.
Балтабай жанған өртке келді жетіп,
Жығылды қайран боздақ есі кетіп?
Естілді көк түтіннен қыздың зары,
Еңіреп естігенді есіркетіп.
Балтабаң кетті қарғып терезеден...
Мұндайда құдірет қой ыза деген.
Өзенде жүзген жандай өртті жарып,
Үн шыққан жаққа жетті, қызуменен.
Бұрышта отыр көжек, оттан қашып,
Алдынан қызыл көзді шоқтар шашып,
Иірілген әбжыландай ала жалын,
Қыз сорлы безектеген отты басып.
Созса да тілін оттар жалақ-жалақ,
Балтабай жөнеп берді қызды арқалап.
Бір жақтан есі шыққан сорлы жігіт,
Жүгірді, естіп даусын қызға қарап.
Қызды алып терезеден түсті бері,
Қыз талған, шарпып өрттің күшті лебі.
Балтабай өрттей түтеп екі беті,
Шоқтарды сілкіп жатыр үстіндегі.
Жас сұлу дымы құрып жатыр сұлық,
Басында отыр жігіт түсі суып.
Балтабай атқа мінді айбат шегіп,
Жетуге қашқан жауға, жылдам жуық.
Мінеки, бандаға да ауды бүлік,
Барады қыр астында жау дүрлігіп.
Артынан атойлады қызыл өрттей,
Балтабай борандатып, дауыл құрып.
Ашынса батыр оққа қарамайды.
Тасаны қорқақ қана паналайды.
Бандалар оқ жаудырды жата қалып,
Қалқан қып қалың жыныс қарағайды.
Зіркілдеп желді жарып гулеп оты,
Оқ шашты Балтабайдың пулеметі.
Талайлар екі жақтан жатыр құлап,
Катер ғой қан майданның бір минут...
Кенеттен кетті екі жақ алқымдасып
Штык пен қылыштары жарқылдасып,
Соққылап бірін-бірі қансыратып,
Ашынып алабұртып, қарқындасып.
Балтабай ортасыңда айқайлаған,
Ақ боз ат астындағы қайқаңдаған.
Сілтесе қылышынан қан сорғалап
Соқса да жауы өзін шайқалмаған.
Ызамен қар жауғандай қабағынан,
Ақырды қанды қырғын, алабынан.
Қылышы сермегенде тіліп жатты
Талайды тап бергенде тамағынан.
Ойран боп отты күші шебіндегі,
Жау әрең жанталаса шегінеді.
Атаман қайта шапты айғай салып,
Жанында жанып қайта жебір - кегі.
Ұрысты әлде тағы қайталай ма?
Жоқ, оғын көздеп қалды Балтабайға.
Арқасын сызып өтті сол қорғасын,
Балтабай қолымен соны қалқалай ма?—
Ол болат секілді ғой қатайғанда,
Сілтеді алты атарын атаманға,
Дудар бас құлап түсті ыңыранып,
Оқ тиді қапелімде қатал аңға...
Селк етіп теңселгендей жауы бұдан,
Ығысты, ұшпа бұлттай дауыл қуған.
Балтекең жөнеп берді жау соңынан,
Атының қан сорғалап бауырынан...
* * *
Өмірді алды ма екен ол есіне?
Қызған ол дұшпанның сол, егесіне.
Аптығып жөнелгенде ақ боз атпен,
Қадалды бір оқ келіп кеудесіне.
Атынан жерге сабаз ауып түсті,
Қызыл қан көкірегін жауып түсті.
Қарады қасындағы қарағайға,
Білмеді бар деп сонда қауіп күшті.
Әйел тұр қарағайдың панасында,
Ажал түр көзінің сол қарасында.
Жаңағы оқ жұмсаған әйел осы,
Банданың жүрген әлгі арасында.
Жеңсе де жаралының жан әлегі,
Әйелге көз алартып қарап еді.—
Уа, сұмдық Бағай қызы Бану екен...
Өртенді көріп соны жара - кегі.
«Несіне бөлтірікті аядым мен?—
Бұл өмір болсын деп ем саялы,— кең.
Баладым оны әлі күнәсіз,—
Жатырмын енді қанға боялып мен.
Уа, сайқал, сұмның қызы, кектің қызы,
Өмір ғой өшпендіктің өткір жүзі.
Әкеңнің кегін алдың, қуан, бірақ
Табының соғар сені оқ - жұлдызы.
Разымын, қайтты талай ызалы кек,
Сен ғана от тастаған жанымды өртеп.
Көрінген әбжыландай енді сені
Арман жоқ ала кетсем қабырға тек!
Көтерді өршіл басын ойлап соны,
Гүрс етті, қызға жетті зулап оғы.
Дариға, тимей кетті, қапы басты,
Қалтырап қан-қан болған қайран қолы.
Жыландай сиқырланып сұрланған қыз,
Кек үшін банда болып ұрланған қыз,—
Жеткендей тілегіне, ыржиды да,
Жөнелді, Қарағайлы құмнан жалғыз.
* * *
Бұлдырап кеткендей бір жанған шырақ,
Есіл ер кетті міне талмаусырап.
Жаралы жолбарыстай ыңыранып,
Жалындап соққан жүрек, талған тулап.
Бір сәтте көзін ашып қалды бірақ,
Басында біреу отыр зарлап - жылап.
Жігіт бұл, өрттен жарын сақтап қалған,—
Жасағы жауды қуып кеткен жырақ.
Қайран ер әлсін-әлсін алды демін, —
Жігітім, әлім бітті, әлсіредім.
Болайын саған разы, інішегім,
Ақырғы айтар саған бар тілегім:—
Бұл дүние бәрімізден өтер - кетер,
Арқалап кегін көрге кім әкетер.
Кездескен дауылдағы бауырым ең,
Аясаң, сонау қыздан кегімді әпер!
Осылай соңғы сөзін айтты берік.
Көзінен үміт пенен кекті көріп,
Жігіт сол қанды балақ қыз соңынан
Қырандай шүйілетін кетті төніп...
Артында қала берді жаралы жан,
Күн сөнді түсті түнек қаралы маң.
Қарады ол, сол көзінің шарасына,
Өшетін күндей батып барады орман.
Кеткендей аспан жерге төңкеріліп,
Ышқынды тұрамын деп ол керіліп,
Қарады қара бұлтқа үстіндегі,
Бірақ кез жабылды тез көмкеріліп.
Жатқандай секілді бір түстер көріп,
Келеді ұлы дүбір көшпен еріп,—
Әп-сәтте Керекуді кетті жайлап,
Сәулесі осы жерге түскен келіп.
Сол сәуле жайып қырға кең құшақты,
Көзіне көрсеткендей алтын шақты.
Жау біткен жеңіліпті, ел масайрап,
Тап осы жатқан жерде той жасапты.
Билепті құдіретті күш халықты
Бағайдың сұм қызы да ұсталыпты.
Қарашы, сиқырсуын бұл сайқалдың,
Жігітім, тарт шашынан ұста мықты!..
Соңғы рет селт етті де, жүрек тулап,
Бұлқынды,— бірақ дүние болды жұмбақ.
Бітті дем, қиялында сөнді сәуле,
Сол елес өзіменен кетті бірақ...
Енді жел үрей салып гулемеді,
Қарағай қалды қатып, үндемеді.
Басыңды көтер, батыр Балтабайым,
Жақындап жаңа туған күн келеді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter