Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  158


Автор: Қалижан Бекхожин

Теңіз жыры

Ертісте тудым мен өзім,
Туған күні мені анам —
Шомылдырған өзеннің,
Толқынына тулаған.
Содан бері толқынның
Қуаты енген жаныма
Желді күні жармасқам
Көкала толқын жалына
Дауылды күні жас қыран
Аспанын аңсап ұшатын.
Сондай-ақ артық басқадан
Досым толқын құшатын.
Арқырап аққан ақ өзек,
Жүрегіме дауыл сап,
Өрге шауып жөнеген
Жалындаған жастық шақ.
Балалық шақ осы еді
Сонау Ертіс өзені.
Жетті міне жігіттік,
Теңізде ойнар кезеңім!
Жел жүгірсе жете алмас.
Білем теңіз айдыны.
Мейлі теңіз бұрқаса,
Білмеймін мен қайғыны.
Мүмкін мұхит жасырар,
Жағалауы жер - бетін.
Қорқыта алмас бірақта,
Толқынның ол перзентін.
Асыққандай көруге
Өскен бірге бауырын.
Құшақтауға құмармын
Теңіздің өр дауылын.
Жау жүрек жігіт аттанар
Жорықтан күтіп майданды.
Теңіз майдан дүниесі,
Толқытпайды қай жанды?!
Жан толқыны туласа,
Теңізге де барамын.
Аспанға атқан толқынның
Ашуын тартып алармын.
Толқын бейне арыстан
Ашуынан айрылар.
Көкала жалын қолға орап
Тартсам, менен қаймығар.
Сонда маған көрінер
Шабақтай боп жайыны,
Сүңгіп қашқан қасқалдақ,
Сүңгуір жау қайығы.
Қорқытпас құйын дауылы
Күркіреп шықса теңізден.
Мен толқынның бауыры,
Мені дария емізген.
Толқында мені өсірген,
Теңізден күшті өз елім,
Соның сұлу жері үшін
Теңізді мен кеземін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу