Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  311


Автор: Қалижан Бекхожин

Тұрлаулы тағдыр

(1955-1970)
АРНАУ
(Зейін Шашкинге)

Білемін, өкпелісің өлеңіме,
Түскенде уақыттың сен елегіне,
Шадыман жырмен ғана шалқыдым мен,
Тағдырын тұстасымның еледім бе?
Түссе де теңбіл менің талайыма,
Шырмалсын елең шіркін қалай мұңға?
Қызықтым зор өмірдің бәйгесіне,
Қосылмай дүбіріне қалайын ба?
Жас едік туған бірге таң нұрында.
Ортақпын бақытыңа, тағдырыңа.
Тосыннан құйын сені теңселткенде,
Менің де түспеді ме дақ жырыма?
Дәуірдің кінәлі ме сол бір кезі?
Өсірді еркелетіп өмір өзі.
Ер сенім, өткір ойды берді бізге,
Лениндік комсомолдың өр мінезі.
Баянның биігінде ойнап өстік,
Ертістің тереңіне бойлап өстік.
Албырт жас, дулы топтың арасында
Екеуміз жанған оттай жайнап өстік.
Болмады бізде күдік, нала-қайғы,
Қалайша бізді қауіп жағалайды?
Түнде бір аспан. кенет, шатырласа,
Қол создық қағамыз деп нажағайды.
Заманның ішке тартып жалындарын,
Сүйдік біз не сүйсек те жанып бәрін,
Сонда біз саялаған қыз-қайыңдар,
Жайып түр әлі бізге жапырағын.
Жүргенде махаббаттың назын қалап,
Қыз сүйген бетімізден әжім тарап.
Қалайша түкті қара басымызды,
Басынды ақ қыраулар ажуалан?
Бақытын бұзса кенет аяулымыз,
Қандай зіл жүргенінде баяу, үнсіз?!
Дәуірдің шатқалаңын шарықтамай,
Мәз көрдік бәйшешек пен бояуды біз...
Жаңаша күйді тыңдап кең елімнен,
Жанымды жастық жырға бөледім мен.
Сол кезге кінәлімін, досым, саған,
Тыс қалып өкінішің өлеңімнен,
Жасырсаң көңілдің бір мүгедегін,
Қалайша қайта жайнап түлер едің?
Өзіңдей өткел кешкен өрендерге,
Ақтарған адал сырым — бұл өлеңім.
Партия құдіретімен бастап үнді,
Жаңғыртты менің жастық дастанымды
Сүйелік Лениндік ту шашағынан,
Жайнатқан әуесі кең аспанымды.
Соз қолды сөздің терең асылына,—
Сөзің де — мұратын да, ғашығың да.
Жаңғырып жасарайық жаспен бірге,
Сап құрған коммунизм ғасырына,
Өзім де сындырмаймын сөздің сағын,
Қыз — өлең жайды маған наз құшағын
Қыраулы мұртпен күлігі мүсіркеймін,
Жастықтың сонау өткен жазғы шағын...

БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
Егер сен жұтам десең тау самалын,
Қалың күз шатқалдарға ауса жаның —
Өрле сен, Лениннің кен көшесімен,
Табылар қызық-рақат аңсағаның!
Құмарта қалсаң кейде биік шетке,
Жарыңмен бөленуге бәйшешекке,—
Адымда, Лениннің сол көшесімен,
Күлімдер тау мұнарын жайып көкке.
Бөктерде сарайлар бар еңсесі кең,
Тілдескен көк шатыры кеште шыңмен.
Білімнің биігіне баратын жол,
Зымыра Лениннің зор көшесімен!
Сол көше беткейіне шыққаныңда,
Қаланың тау қоршаған сырт жағында,
Заңғардай зәулім биік көп үйлерге,
Жүреді студенттік жұрт ағыла.
Кеш болса жасыл таудан төнген мұнар,
Сол жаққа болған едім мен де құмар.
Жүріңдер, өлеңіммен солай қарай,
Сендер де сырластарым, толғаныңдар.
Сүт емген сонау қарлы ала шыңнан,
Арқырап көкжал арық аласұрған.
Таратып көшелерге моншақтарын,
Тағынған көк лентаны қала судан.
Арықтың айғай-шулы ағысы ұнар,
Ойымның ағысында жарысы бар.
Сақшыдай суды бойлап жағалаған,
Аңсағай ақ қайыңдар жалы шұбар.
Ежелден қыз-жігітке жылы сырлас,
Өзен мен жапырақта сыбыр тынбас...
Баурында көк торғынды бәйтеректің,
Сөйлесіп оңашада тұр екі жас.
Сыбдырлап мыстай сары жапырағы,
Сыбдырды жел қуалап жаңғыртады.
Ақсайдың адырында, алыста күн,
Батар шақ алдында бір жарқырады.
Сондай-ақ жарқ етті де көз жанары,
Жігітке жаутаң қағып қыз қарады.
Іркілген ойлар сірә, бұлқынды ма? —
Дамылсыз кірпіктері қозғалады...
— Мұнымды бекер айтқан өкпе деме!
Жаз бойы сараңсыдың хатқа неге?
Болайық Ұлытауда деп едім ғой,
Кеттің-ау менен қашып Ақтөбеге...
Ақтөбе құмды қала, алыс әрі,
Ынтығың қалай соған ойысады?
Әлде бір қызықтырған қызың бар ма?
Артық па, әлде бізден ойы, сәні?
Өзім де Ұлытауда зерікпедім,
Кездесті жас күндегі серіктерім.
Жарыстық жүйрік мініп, қия кездік,
Әйтсе де мен ешкімге елікпедім.
Жалғыз-ақ көңілімде туған алаң,
Өзіңсің сол назымды тыңдамаған.
Ұмытып мені қалай таптың сабыр,
Қалайша салқындығың туды маған?
Айтты тез қыз осыны жігітіне,
Сездіріп өкпесін де, үмітін де.
Ал Ақан үнсіз неге абыржыдың,
Сүйгенің болды ма шын, ұмыт мүлде?
Рас, оның кеудесінде кейісі бар,
Айтсын ба? Айтса мүмкін теріс ұғар.
Сұмдық та сыр жасыру сүйіктіден,—
Бұл да бір сақтанудың кері шығар...
Ауырып ажал жетсе қарт әкеңе,
Жылар ұл, бірақ өшпес дерт ете ме?
Ақанның содан ауыр әке шері,
Айтса қыз әлде шошып селк ете ме? —
Сүйікті адал жанды әкем еді,
Құлшынған өз парызын өтегелі.
Отыз жыл баулып балғын түлектерін,
Білімге бөбектерін жетеледі.
Өстім мен соның білім уызымен,
Жан еді жүгірмеген жел ізінен.
Сүйкімді ел ішінде, қызметінде,
Жаққан ол жұртқа жылы лебізімен.
Еңбектің елімізге ерлігі ұнар,
Сол үшін алған сыйға ордені бар,—
Менің сол әкешімді қаралапты,
Елдегі өсек, пәле терген қулар.
Дүрмектен, дулы сөзден алыс әкем,
Ауданда бір бастықпен таныс екен.
Сол адам ұсталыпты жау атанып,—
«Неткен жау? Мұның өзі таң іс екен?»
Депті әкем отырып бір мәжілісте,
Мұндайда «қырағылар» әзір іске.
Сол ғана сөзі үшін айыпталды,
Айыптау басып тұр ғой қазір күшке.
Қуғын мен әкем түсті сергелдеңге,
Арызбен аудан кезіп сенделгенде.
Бөлінді сенен ойым сол іспенен...
Сағынып сәлем күттім сенен мен де.
Сенемін, әкем менің ақталады,
Жоғалмас адал жанның ақ талабы.
Оралар қызметіне, партияға,
Жазықсыз ары қалай тапталады?
Әсия жаутаң қағып, сырын тыңдап,
Ақанның себептерін тұр мақұлдап.
— Ақталса өкініші болмас, — деп қыз...
Қайтадан айтқан назын кетті бұлдап.
Тек қана өзі сүйген сөзге құмар,
Ежелден әйелдердің мінезі бар.
Бүйрегің сыздап келіп бір бәлеге,
Мұңайып айтқан шала сөзіңді ұғар.
Қайтеміз Әсияға біз өкпелеп,
Жан-ерке махаббат қой жөні бөлек.
Ақанға таянып қыз айтты ойын,
Ала жал аққайыңды көлеңкелеп:
— Сағындым... дедің өзің, рас па мұның?
Ойласаң айтар назым басқа бүгін.
Өткіздім төрт жыл достық жылы шақты,
Іркілтіп толқындарын жас жанымның.
Берілдік білімге біз, болдық үздік,
Сабақты, сейілді де бір өткіздік.
Ұнасты мінезіміз туыс жандай,
Жүрекке жастық дәурен сырын тіздік.
Үйрендім сол бірлікке, мінезіңе...
Сырыңнан сусын таптым бір өзіме.
Келер жыл бітпек оқу, ойландың ба,
Таянып айрылысудың тұр кезі де.
Жүрдік пе әлде сыбыр-күбір үшін,
Жаныңның сездірмедің құбылысын.
Білдірші, Ақаш, енді оңашада,
Ойыңның мен туралы жүгірісін?
Қайырды шашын дөңес маңдайынан,
Көз алмай алдындағы нән қайыңнан,
Сөйледі ол көз жіберіп сол ағашқа
Жан-жаққа жапырағы мол жайылған.
— Біз өскен бір ағаштың миуасымыз,
Қожамыз бақыт деген сыйға шын біз,
Кетердей құйын бар ма жұлып бізді,
Теректей құз тамырлы бұл жасымыз.
Жайқалған егіз гүлдей жарасымды,
Достықтан таптық серік жанашырды.
Талай кез тербелдім мен ойлап соны,
Қалайша сезбедің көз қарасымды?
Көзіңнің сездім отты ұшқындарын,
Бірақ та дәтің қатты, күшті арың.
Сол сұсты сипатыңды сыйладым мен,
Ал өзің аяп бір сәт құштырмадың.
Қалжың ғой... Қалжың емес, сырым бұл да,
Тәтті сол, жастың ыстық тұғырында...
Алдымен құшағыма енші кәне,
Сезілсін жүрегім де, тынымым да,—
Деп қызды тартты жігіт жақынырақ,
Кенеттен қыз көзінде жанып шырақ,
Бұтадан ұстап кейін тартынғанда,
Үстіне жауа қалды мол жапырақ.
Мұндайда қасақана қыздар берік,
Қарай көр, тартынады ызғар беріп.
Ант етіп жалын оған... Ал өзі ше?
Лүпілдеп наз жүрегі қызған еріп.
— Сүйемін... Бірақ алда шақтар әлі,
Кездессе тұрмыстың бір шатқалаңы.
Жалт беріп кетпейсің бе, Әсияшім,
Сертіміз сонда қалай ақталады?
— Өмірге, әлде маған бар ма шүбәң,
Немесе бар ма сырың бір жасырған?
Әсия жаутаң қағып жабырқады,
Жалтаң сөз естілгендей сырласынан...
* * *
Дариға, қайран жастық, шыдамсыздық!
Аптығып қыз сүйгенде шындап қызық.
Сол бір сәт сілекейін бал деп жұтып,
Ақыры іштік айғай-шудан тұздық.
Елтіп біз ескердік пе ел өсегін,
Тұрдық па талдап соның келешегін?
Білгір ғой қазіргі жас, сонау аңғырт
Құрбыммен осылай мен кеңесемін.
Ақан да қызу жан ғой, бұл шағында,
Ант беріп қызды қысқан құшағына.
Семья, әке, бақыт елестеді...
Шындық па? Әлде бұлдыр құр сағым ба?
Бұзбай бір табиғаттың әлегі де,
Екі жас тәтті сырға бөленуде.
Бауыры бәйтеректің жылы тартты,
Түн ұқсап күннің жарқын әлеміне.
Осылай жалын атар жастар жаны,
Сүйіссін! Олар неден жасқанады?
Осындай кеште ыстық кездесуден,
Келешек өмір кейде басталады.
Болса сол ақтарысқан сыр-шынымды,
Өмірі ұмытпайсың сол шағыңды.
Қайтер ең кенет біреу қалса тартып,
Жарыңа сол бір жайған құшағыңды?
Қалайша жанық сонда тыныс табар,
Осындай кейбір нышан тұрмыста бар —
Жарыңа гүл ұсынған наз қолыңды,
Шағады арасынан құмырсқалар.
Шақта сол қосылуға қол ұсынған,
Сүйіскен екі жастың дәл тұсынан
Суық қол сыбдырлатып жапырақты:
— Тоқта! — деп, әлде біреу нығызсынған.
Аңырып қыз бен жігіт жалт қарады,
Кім өзі, неге былай оқталады?
Келген бұл өздерінің студенті,
Неліктен екеуіне жат қабағы.
— Ғашықтар, көп іздедім сендерді мен...
Несіне бізді іздеп сенделіп ең?
— Мәселең, Ақан, сенің қаралады,
— Немене, не сұмдықты сен біліп ең?
— Жүріңдер екеуің де жиналысқа,
Сұрама саясат па, жай жұмыс па?..
Осылай үзді жібін махаббаттың,
Сол келген қара жігіт, бойы қысқа.
Екінші тарау
...Сағындым комсомолдың жиылыстарын,
Әсілі қашып содан жылыспадым.
Қызғанда сын көрігі алауына
Бетімді бүркемедім, тік ұстадым.
Бәріміз біліп өстік сын бағасын,
Бөлістік сынның талай сыбағасын.
Қадалса жүрегіңе жала қанжар,
Қалайша сондай сыннан сыр аласың?
Шат, таза жүрегіңді арамдауға
Түкірсе, не дер ең сол адамдарға?
Осындай сын селіне Ақан түсті,
Жазықсыз жала жауып адал жанға.
Жарым түн. Кенет болған бұл жиылыс,
Мәселе мәні терең. Тұтқиыл іс.
— Әкесі Ақтаевтың ұсталыпты!
— Ақан жат енді бізге!
— Жоқ, күйініш...
Жиылыс суық түндей тым көңілсіз,
Қалың жас бас тұқырып отыр үнсіз.
Тек төрт жан тепсінеді, тіксінеді,
Ағылып ауызынан сөз тынымсыз.
Мектеп қой, жақсы жиын, сыны керек.
Өзгеше жиылыс бұл түрі бөлек.
Ол кезде сондай жиын жаныңды жеп,
Талай бас айналатын шыр көбелек.
Манағы тапал қара тұр мінбеде,
Құбылған қатал күңгірт түрі неге?
Әрдайым көлгір күліп, сыр бағатын,
Көзінен енді достық білдіре ме?
Мұндайда озбыр ойға өкім еді.
Мұндайда оның биік көкірегі.
Керіліп тапал бойы, алды сөзбен,
Шампандай шапшаң шапшып көпіреді.
Күншіл ол, дос бағына қарсы жаны,
Қалай сол тар кеудеге ар сияды? —
Ақанның күндеп білім, абыройын,
Ішінен қызғанатын Әсияны.
Сол қуға із аңдыған, түсті де сәт,
Сөйлеп тұр сөз сабалап жарым сағат.
Сондай бір табашылдар аз болды ма?
Сүрінсең масайраған санын сабап.
— Ақанның әкесі жат. Ол түрмеде.
Соны ол мойындамай отыр неге?
Білсе де жау әкесін жасырды бұл,
Бере ме кінәсіз деп кепілдеме?
Сезілген жат мінезі мұның әр кез,
Дарашыл, тәкаппар, паң, кекең, кербез.
Қоғамшыл комсомол қыз Әсияны,
Ескішіл әдетімен арбады тез.
Сондай көп қылмыстары... Сондай бұл сұм,
Мұндайлар арамыздан аулақ жүрсін!—
Деп сөзін тапал қара тауысты да,
Қайқаңдап түсті төмен қайрап тісін.
Өсекті гүлдей терген қолын сыбап,
Шықты бір қалтақ сары, қалқан құлақ.
Боз көзі жыпылықтап сөйлеп кетті,
Шіңкілдеп шындықты бір айтқансып-ақ:
— Ақанның бабалары бай болыпты.
Сібірге нағашысы айдалыпты...
Әкесі жақын екен Жүкеновпен,
Жапонға тыңшылығы байқалыпты.
Сондай көп сұмдықтары... Шын, бәрі шын...
Оқудан, комсомолдан шығарылсын!
Таң болып бұл сөздердің қыңыр лебі,
Қалың топ абыржыды, күбірледі.
Ойлы жас өздеріңдей жаны таза,
Ақан да сыйлы еді, бұрын тегі.
Отырған жастың бірі артта тыныш,
Деп қалды:
— Ойланып бұл айтар тың іс.
Білеміз Ақан адал жолдасымыз...
Аяйық...
— Ах, либерал!
— Оппортунист!
Осылай асау сөздер дүбірледі,
Басылды топтың шалыс күбірлері.
Әсия аяп кетті сүйіктісін,
Шыдамай сөйлеп әрең дірілдеді:
— Ақан — ақ, ары берік, білемін мен...
— Жақтап тұр жатты сүйген жүрегімен.
— Мойында, адастың сен, комсомол қыз,
Құтыл тез Ақанның жат сілемінен!
Киліге сөйлеп қалды тағы да қыз:
— Ақанның жетейік те ағына біз?
Сол екен оқты сөздер жамырады:
— Мына қыз либералдың өзі нағыз.
Басылып үнсіз қалды Әсиямыз...
Мұндайда бәріміз де ашынамыз.
Жан-жақтан бұқпалатса бүлік сөздер,
Білсек те ақихатты басыламыз...
Алайда Ақан бұған шыдамады,
Кеудесін жебір-жала сын қамады.
Ақ, еркін жүрегінен атты жалын,
Қалайша бәлеге бұл шырмалады?
— Ақпын мен, білесіңдер, доссың бәрің.
Алдаудан аулақ жаным, күшті арым.
Бәрі де өсек-жала... Сендіремін!
Жүректің серпіп отты ұшқындарын.
Ақпын мен, бұлтаңы жоқ бұл басымның,
Заманның жаңа туған құрдасымын.
Өстім мен еркін өмір ерені боп,
Болмақшы менде қандай сыр жасырын?
Әкем де момын таза бір жан еді,
Жапқан ғой жалақорлар бұл бәлені.
Жаны шат мұғалімдік еңбегіне,
Жат жырға болған емес бір өлеңі.
Ақталып әкем қайта оралады.
Жанымды мынау өсек жаралады.
Бірақ та жас өмірдей шындық жеңіп,
Масқара болып қулар қалар әлі...
Дегенде тапал қара безілдеді,
Ашуы жарқыл қағып көзіндегі.
— Ақтап тұр жау әкесін, жат қылығын,
Айыпты етпек бізді, өзі тегі.
Бұлтару — жат біткенге мұра қылық,
Бітсін сөз, берілмесін бұған ырық,
Қуылсын комсомолдан Ақан дұшпан, —
Деді ол жиылыс бетін тура бұрып.
Сонымен бітті жиылыс. Жұрт тарады.
Күзгі түн. Түйіліп тұр бұлт қабағы.
Көшеде Ақан жалғыз... Түндей төнген
Қауіптен қалай өзін құтқарады?
Қуылды комсомолдан, оқудан да,
Әлде бұл абыржыған ойы таң ба?
Жазықсыз сөгіс алсаң қандай ауыр
Бақытқа жаңа ғана ұмтылғанда? —
Сонда бір маңдайыңа түссе таңба,
Бағыңды аңдитындай тосып алда,
Кеміріп өз арыңды кетік оймен,
Түспей ме тұтқиылдан басың лаңға?
Сондай кез есімізде, өтті кеше,
Жөн емес, ақын мұның өкпе десе.
Куәші болдық талай тағдырға біз,
Талайлар қуғын көрді текке неше...
* * *
Ал Ақан көніп бұған жасымайды,
Күтеді бұлт астынан тосып айды.
Кенет бір кеудесінде жігер лаулап,
Түн жарып зымырады тосын қайғы.
Сыпырып өсек-жала сөздің селін,
Күлімдеп Әсияға кездесемін, —
Деп жігіт асығыспен күтті таңды,
Жүрегін билеп берік ізгі сенім...
* * *
Жауапты бір мекеме, төргі бөлме,
Бір бастық отыр мұнда түкпір жерде.
Кеудеге қысып келіп жан шағымын,
Міне, Ақан, сол есікті түрткілеуде...
Ақыры әрең кірді бұл бөлмеге.
Арызын айтып кетті бірден келе.
Тұқырып басын төмен отыр бастық,
Білінді жүзінен бір кірбең неге?
Жасқаншақ, жалтаң көзін жауып шүбә,
Ол тура қарамайтын арызшыға.
Өзі тек күдік буған күйбең пенде,
Дәрменсіз даулы іспен қарысуға.
Өз өзін билеушіге табынады,
Рақатты содан ғана тауып жаны.
Дабырлап жиылыс болса көзін жұмып,
Мін көрсе сескенеді, тарылады.
Ақанның ынта қоймай шағымына,
Берілді сол күдікшіл шағымына.
— Әкең жау, өзіңнің жат қылықтарың...
Уақыт жоқ шағым қарап сарылуға.
Бар жөнел, айтарым сол! — деп тұнжырап,
Кейіп тез телефонын кетті бұрап:
«Қайда, — деп, — қырағылық?» — Сөгіп жатыр,
Аузынан әлдекімге сөз бұрқырап.
Ақан тез құбылысын соның байқап,
Бөлмеден шығып кетті басын шайқап.
Талайға сор болды ғой сол бір кезде
Күдікшіл, күйкі жандар осындай тап?
* * *
...Биыл күз ерте түсті, күрт бұзылды,
Аспанда сұр толқындай бұлт тізілді.
Шулатып шұбар жалды теректерді,
Тау жақтан ысқырды жел суық зілді.
Мазасыз алай-түлей сол бір жақтар,
Құйыннан қорғалады қалтырап тал.
Сүт емген бұтасынан сөгілді де,
Судырай түсті жерге жапырақтар.
Осыны Ақан көріп келе жатты,
Кім білсін, не жек көрді, не ұнатты?
Айрылмай тек сенімнен, ол арызбен,
Дамылсыз көшелерді кезіп бақты.
Батса да қайран жастық шағы мұңға,
Ол шүбә келтірмеді шағымына.
Сонда да сонау басшы тіл қатпады,
Өзіне сенген жанның шағымына.
Алдынан үміт күндер жорғалады,
Баспады әлі бірақ өрге бағы.
Кезгенде, кеше сая теректерден,
Мойнына салқын тамшы сорғалады.
Сұрапыл ығыстырған қала халқын,
Жүгірген тасаларды қалап әркім.
Кездессе Ақанға көп таныстары,
Өтеді бас изесіп шала, салқын.
Мұндайды сезбеген жан күйіне ме,
Сар ауру, сондай тағдыр қиын неге?
Масқара қуылғаның қоғамыңнан
Бейне бір кінәлідей дүниеге.
Бірақ ол алабұртты бір үмітті,
Жас албырт жаныменен жанып күтті.
Кеміріп тас көшелер өкшелерін,
Балағын қалың нөсер жауын жыртты.
Кеудесін үміт толған кең бір өлке,
Кеулер ме кесір үрей, күңгірт, келте?
Бірақ та Ақан жүрсе аңдып ізін,
Соңынан қалмай қойды бір көлеңке.
Үмітін қумас қудың ербелеңі,
Бақыттың алда әлі өр белеңі.
Кеудесін кере ашып ақ жаңбырға,
Лениннің көшесімен ол келеді...
Үшінші тарау
Тұқырып қиялдарын бір бұрышқа,
Бөгеліп Ақан тұрды бұрылыста.
Алдынан сол көлеңке ербең етті,
Тап болды қара жігіт бойы қысқа,
Жымиып әлденеге алды күліп,
Қайыстай қара беті сәл құбылып:
— Уа, Ақан, қайда жүрсің? — деп ыржиып
Шапшаң тез қолын берді салқын, суық.
— Жүрмін ғой міне, Ленин көшесінде...
— Сыр айтам қатал сынның есесіне.
Айтып ем комсомолдың қызуымен,
Сонымды ақ сыр айтсам кешесің бе?
Бәлені үйген саған басқа бір сұм,
Мен емес, мен екен деп босқа жүрсің.
Ұнатам сенің жарқын мінезіңді,
Сендей-ақ жолдасыңа дос табылсын.
Жүрші бір ресторанға, сырласайық,
Айтатын ақылым бар шын ғажайып,—
Басыңды ақтар, мүмкін осы тәсіл,
Сен емес, әкеңде ғой сұмдық айып.
— Не дедің? Не деп тағы тұрсың мұқап?
— Жоқ, аяп тұрған сені досыңмын ақ.
«Әкем — жау, сезген едім оны бұрын,
Жасырып келдім — күнә, осыным тап!»
Осылай арыз берсең райкомолға,
Аламыз комсомолға қайтып онда.
Жүр өзің оңашада кеңесейік,
Сенерсің шын сырласым айтылғанда...
— Тұрсың-ау толқытам деп, маған ой сап,
Осы ма шын достығын, келген аңсап?
Әкеңді тірідей кем жан сауғалап,
Дегенді айтар еді қандай найсап?
Бар, қайқай, ақылыңмен әрі зымыра,
Із аңду әлде сенің парызың ба?
Жолама енді маған! —деді Ақан,
Асау бір сөздер тулап ауызында.
Ол кетті. Кім осы бір ол дегенім,
Құпия геройым ба әлде менің?
Теңіздей айқын жүзді өлең шіркін,
Өмірдің жасыра ма сүмелегін?
Ол таныс, тіпті сырлас бәрімізбен,
Сөйлесер шын пейілмен, еріп сізбен.
Көз таса бола қалса көлеңкеңіз,
Жүгірер өсек-жала теріп ізден.
Уа, оның кереметі таңғажайып,
Қазір бар, қазір ғана болар ғайып
Сиқырлы, епті де ол, сайқал әрі,
Құпия сырларын да қояр жайып.
Біледі тәлімсуді, сұстануды,
Біледі достарыңды, дұшпаныңды.
Иіріп ой жігерін тегершіктей,
Тартады сенің ынта-құштарыңды.
Аты кім? Аты Қараш Дүрлібаев,
Атына сиқы және сыры лайық.
Жандай бір көзі бұлдыр жүретін ол,
Жарықты сүзе қарап, сығырайып.
Жайнайтын жиылыс десе, арыз десе,
Әлде бір жел өсектен нәр іздесе.
Ақанды кірлеп жазып, көп арыздың
Жан-жаққа зымыратқан бәрін кеше.
Ақанға кеше бәле таяндырған,
Қалайша туа қалды аяу бұған?
О, тәңір! Сақта бізді осындай дос,
Көлгір көз, күңгірт жаны бояулыдан!
Түспесек сондайлардың торына біз,
Тек селсоқ жырлаймыз ба көріп аңыз?
Жоқ, шаншып қаламменен ондай сұмды,
Көрсетсек жұттан мәңгі арыламыз.
* * *
Құзында Алатаудың күн жорғалап,
Қалаға от кірпігін төнді қадап.
Шықтарын сілкіп сұрғылт жапырақтар,
Мейрімін мәңгі нұрдың тұрды қалап.
Уа, қызық, күздің жарқын таңертеңі!
Кеудеңді жұпар самал кеңейтеді.
Алматы ару күліп күнге қарап,
Бөледі күлкісіне кең өлкені.
Қағылып еңбектің де дабыл әні,
Көшеде күй шертеді тау бұлағы.
Өрлеп сол арықтарды шат күлкімен,
Оқуға өрім жастар ағылады.
Солардың болып едім біреуі мен,
Жастықта сүйе білген, күйе білген.
Қол созып құз білімнің қиясына,
Ұмтылған сыр алуға ұлы өмірден.
Қанатын қағып жырдың ҚазПИ-імнен,
Тербелдім сол бір шақтың наз күйімен.
Осылай сонырқап бір көз тікпей ме,
Аспанның айдынына қаз сүйінген.
Білімнің сарайы сол — ұям едің
Сенде мен шарықтадым қиял өрін.
Сол төрт жыл қайта жайнап оралса бір,
Өмірдің қырық жасын қияр едім.
Айрылып сондай ыстық аясынан,
Ақанның албырт ойы аласұрған.
Алдынан студенттер өтті самсап,
Тұр міне, жалын атып жаны осыған.
Соларға қарап сырттан тұрып ұзақ,
Жаралы жүрегіне сыр алғызбақ.
Тұр әне, институт — жайнап әлі,
Түнерген күз де бүгін бұл жалғыз-ақ.
Тұрды ол Басарықтың жиегінде1,
Жандырып сағынышын жүрегінде.
Тек оны саусағымен сипады күн,
Жарқырап Алатаудың иегінде.
Жылы бір сәуле кіріп кеудесіне,
Әсия түсе қалды енді есіне.
Ауыр ой әуресімен жүрген жігіт,
Күйікпен келіп еді кездесуге.
Әне қыз елең етті, бұл Әсия...
Апыр-ау, қолтықтаған кім қасында?
Ақан тез құштар көзін қадап еді,
Қараш па? — Қараш екен, ол расында.
Сонымен сырласа ма, күбірлей ме,
Әсия құбылғандай күліп бейне.
Жарқ етсе жалынды шоқ жүрегінде,
Мұндайда жаныңды тез күйдірмей ме?
Ұмтылды, тоқтады тез, жалт бұрылды,
(Кең мінез, кектенбейтін жоқ бұрынғы.)
Жағалап кетті шапшаң Басарықты,
Жүрегін түскен әлгі шоқ қуырды.
Төртінші тарау
Тағы да өтті талай күн бұлдырап,
Жауап жоқ арызына әлі бірақ,
Үгілді үміттері ұшқындаған,
Қиялын енді неге бағындырмақ?
Тағы да сұрланды құз, бұлт қыраулы,
Селебе қарлы жаңбыр бүркіп жауды.
Көшеде тітіреніп Ақан тұрды,
Түтек ой енді қайда ұйтқып ауды?
«Жүргенше кеңселерге көзді сүзіп,
Жүргенше аш қалтамен күн өткізіп,
Көргенше сүйген қыздың күйігінде,
Көрінбей бір қияға кеткен қызық...»
Кетейін Жезқазғанға, көндім соған,
Өзім де жан едім ғой кен аңсаған.
Өткен жаз қайтып едім тәлім алып,
Шахтаның қуысы — кең қоныс маған.
Осыған бекіп ойы, бүгін жүрмек,
Ал неге қатты соқты сырлы жүрек!
Әсия... Әсия мен Қараш қатар,
Адымдап көз алдында жүр күлімдеп.
Бармады кінә тағып, тіл қатуға,—
«Әсия, Қарашпенен театрда
Болды» деп айтып еді сумаң сары,—
Жанына сол күбірлер тым батуда...
Өзгерді сүйген қыз да амалы не.
Болды той жігіт басы таба мүлде.
Ақан тез тоқталды да бір бұрышта,
Хат жазды қызға кінә таға міне:
«Әсия! Менің саған сырым мәлім,
Мүсіркеп маған неге бұрылмадың?
Әлде жат көріндім бе саған да мен,
Әлде шын кірленді ме бүгін арым?
Кездейсоқ кінәнің мен қуғынымын,
Масқара шығар мені сүю бүгін?
Көріп ем қолтығынан Қараш қудың.
Сонымен сәтті болсын үйірлігің...
Мейлің, зіл біткенді көтеремін,
Тегінде тіл қатпай да кетер едім.
Тек тұңғыш сүйіп едім сені ғана,
Тұңғыш сен серт беріп ең... Өтемедің.
Баянсыз махаббаттың әуресіне,
Мұң шертіп, наз төгемін мен несіне?
Бақ тайса мұз бүркенер махаббат та,
Қалсын сол тұңғыш сүю тек есімде...
Қош енді, алғашқы жас алданышым,
Пәк еді-ау сен дегенде ар-намысым!
Жанымды түсіндің бе? Жоқ, жөнелдім,
Бойымды тебіренткен арман үшін».
* * *
Қалқашым, неге бірге күйінбедің?
Ақ жүрек ағысымен сүйіп едің.
Әлде шын сескендің бе? Түсінбедім,
Сырыңды ашуым да қиын менің.
Қиын ғой қыз жүрегі жұмбағы көп,
Түсінер түйілгенін бұлдану деп.
Түйінін шешемін деп сондай қыздың
Бір кезде өзіміз де зыр қағып ек.
Иә, сәулем, өтті дәурен құйындатқан,
Менің де қанатымды құйын қаққан.
Түскенде тағдырдың сол әуресіне,
Жанымды байқадың ба күйіп жатқан?
Қапия қапа болып жүргенімде,
Сен менің қиялымды білмедің де
Көрдім мен жүрдің билеп әлдекіммен,
Елігіп думан-қызық дүрмегіне.
Уа, білсең сонда қандай езілдім мен!
Күйіндім, өртелгендей сезім мүлдем.
Алдамшы махаббатқа айтып нәлет,
Алғашқы ғашығымнан безіндім мен.
Әлде сен санадың ба мені жатқа?
Япыр-ау, тежеу бар ма махаббатқа?
Айрылдым талабымнан, ғашығымнан,
Ығыстым Ақан кеткен сонау жаққа.
Ол жылдар кетті жылжып кер белеңге...
Лажың жоқ тағдырыңа көнбегенде.
Өмірдің әміріне бағындық біз
Жарымыз өзінше ғой: тең бе, кем бе?
Енді сен сол күніңе қызығасың,
Көргенде қыз қалпыңдай сызыласың.
Өзім де өкінемін кінәлідей,
Өткен соң оты қалың қызу жасым.
Шын сүйсең махаббатқа жасу қайда?
Қозғалар қай-қайдағым осындайда.
Амал не, алданышым — ғашық жырым,
Сол жырым ғашықтарға болсын пайда...
Сондай-ақ, Әсияжан, сен де кесір,
Ақанның ауыр зілі, сүйсең кешір.
Асыға келе жатыр қыз да міне,
Алдына жүгіргендей көлеңке сыр.
Ақанның хатын алып абыржыған,
Қызды да қалжыратқан ауыр шыдам.
«Жатпенен сырлассың» деп сынаған соң,
Сескенген қыз жүрегі дабыр-шудан.
Жау десе — жақтағаның, айыбың да,
Жетпейтін онда ақтық байыбына.
Сақтанған туысынан, сүйгенінен,
Сол кездің елден ерек жайы бұл да.
«Безіну біржолата жоқ тегінде,
Біраз күн кездеспедім, өкпелі ме?
Әуре боп өз басының әлегімен,
Ақанның өзі бөлек кетпеді ме?
Апыр-ау, мынау хаты неге зілді,
Жаттыққа санадым ба мен өзіңді?
Қарашпен әншейін бір жүргеніме,
Осынша бұздың неге мінезіңді?
Қалайша Қарашқа сол қызығармын,
Құштарым ақтығына ізгі ардың.
Күтіп ем сенің құтты тағдырыңды,
Кенеттен бақытыңды бұзып алдың».
Әсия ойлап солай күйінді де,
Күрсінді, өр қабағы түйілді де.
«Жоқ, Ақан, кездеседі, сырласады,
Кетпейді менен аулақ қиып мүлде...»
Осылай келе жатыр оймен есе,
Кезді қыз көшелерді әлденеше.
Ақан жоқ, кездеспеді, ол асыға,
Асыға поезбенен кеткен кеше.

ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
Ақанның алды құж-құж, сең-сең тастар,
Керемет опырылған сеңгір асқар.
Болсайшы құдірет күш, шыңыраудан
Соларды сонау сыртқа серпіп тастар!
Отыр ол үңгір таудың кең төрінде,
Жөнелтіп тас тырманы кен теруге,
Бүркіттей шеңгелдерін қадап тырма,
Қарпиды кесектерді өңгеруге.
Бірақ та бүркіт емес ұшырғаны.
Аспанды асқар емес тұсындағы,
Теңіздей ой толқытқан кітап емес,
Қолына қалам емес қусырғаны.
Шықты ма аңсарының құзарына,
Үзді ме пәлеқордың дұзағын да?
Түсті ол аңғарына жер астының,
Осыған сүйсіне ме, ызалы ма?
Ақанның жоқ ісіне өкініші,
Келтірген мұнда өзінің өтініші,
Шахтаның кеңсесінде қал дегенде,
Көнбеді, тартты кеннің өкім ісі.
Ашынып әлде мұңын болды жеңбек,
Адамдай алыс жолдан келген шөлдеп.
Маңдайдан тер шыққанда, шер шыққандай,
Сусынын қандырғандай қайран еңбек! —
Жас албырт құмартты сол кен ісіне,
Бастықпен әрең келіп келісімге,
Аяды Ысқақ оны, осы боздақ
Жүрсін деп жердің еркін кеңісінде.
Айтқанда әке жайын Ақан сыр ғып —
«Немене, төне қалған төтен сұмдық?
Неткен жау шегімізден ақтарылған?
Білмеймін, бізден таса неткен шындық?»
Деп Ысқақ басын шайқап тыжырынған,
Қарт кенші ондай іске қыңыр бір жан.
«Кепілмін саған өзім, білем сені,
Былтырғы жұмысыңнан, қылығыңнан» —
Деп Ысқақ мұндар жасқа қанат берген,
Қия ғой ұясындай қалап келген.
Көлеңке болса-дағы мынау түкпір,
Ақанға оттай қызу талап берген.
Сөз ауыр — шыдамайсың зіл кегіне,
Қапа ғой еңбексіз бос жүргенің де.
Ақанға алтын сарай секілді бұл,
Қызықты думан істің дүрмегіне.
Тырманы тасбақадай қозғап әрең,
Толтырды кең шұңқырды құздай терең,
Төменде, қат-қабатта бір өзекте,
Ағылған кен электровоздарменен.
Тиеліп кең бункерге тығырықта,
Өрлейді кең қияға, — биік қырқа.
ГауҺарын жер астының әкетуге
Вагондар тізбектелген күтіп сыртта.
Ақанға елестеді сол бір тізбек.
Қалай ол кен ағысын бөгеп үзбек?
Серт еткен осы шахта заводтарға,
Асыра асылдарын төгеміз деп.
* * *
Қысқы кеш, тыныш бұл шақ, бүгін сенбі
Жатақта бұғып жатқан бұл кім-енді?
Оянса Ақан жалғыз, қайда бәрі?
Ax, Лepa! Көз алдына күліп келді.
Кеп айтып комсорг қыз әңгімені,
Ақанды кеше сөзбен әлдиледі.
Қызық бар бүгін кешке клубқа кел,
Ағылар сонда думан, ән-күй, — деді.
Жан емес Ақан, сірә, жабырқағыш,
Жүрегін езген әлгі, зәбір-запыс.
Сауықшыл жас еді ғой, жаны сері,
Әзілшіл, билегіш те, ән шырқағыш.
Қасірет — жегі құрттай жаныңды жер,
Құр оймен өртелмесін жалын-жігер.
Күл, ойна жастық шақта, өтер дәурен,
Боларсың минутына әлі ділгер.
Басыңнан жас ойнағың асар дүркін,
Бетіңді ақ тікенек басар бір күн.
Күліскен жасты көрсең күрсінерсің,
Болсам деп қайтадан бір жасаң, шіркін!
Күн қайда сондай болар қазір бізге?
Қапымыз аңқау жастық кезімізге.
Мәз болып сүйіскеннің жырын жырлап,
Жүрміз ғой өкінішпен өзіміз де.
Аяғын басты Ақан алшаңырақ,
Мейлі ғой, аяз жалап, тоңса құлақ.
Кепкасын бұра киіп келе жатыр,
Соққандай жүрегі тек аңсап шуақ.
Жетті ол, міне клуб, жастық жиын,
Гулеткен жас өрендер тасқын күйін.
Баянның құйқылжыған нәш әуені,
Қыздырды Ақанның да жас бүйірін.
Клубқа кірді Ақан. Тұрды қарап,
Қыз-жігіт бимен балқып, жүр сырғанап.
Шетте бір тәтті күлкі, ыстық күбір,
Солардың сыбырының сыры ғажап!
Күрсінді Ақан неге? Аңсарында,
Қозғалған күйі ащы, сол сарын ба?
Осылай Әсиямен тербетіліп,
Жүрген ол институт зор залында.
Мінеки түсіп кетті сол есіне,
Кеудесін таяп ыстық кеудесіне.
Оралып қолы жылы қолтығына,
Билейтін демалыстың әр кешінде.
Көзінің жарқыл қаққан елесіне,
Жоқ еді шүбәсі де, сенбесі де.
Қалайша сол махаббат болды ғайып,
Тағдырдың әлде бұл да әуресі ме?
Жоқ, оны ұмытпады әлі мүлде,
Жүргенде жердің қат-қат үңгірінде.
Сәуледей елес беріп, Әсия тез,
Сұр таспен шыңырауға сүңгір бірге.
Толқындай лек-лек ойдың арасынан.
Сол сәуле құбылып көп аласұрған.
Ынтығы, намысы да жанып кейде,
Сонысын сездіртпеген, ол жасырған.
Дәл осы минутта да алабұртып
Мұндар жас болды қалай соған ынтық?
Қай жерде, кіммен отыр сол Әсия,
Ой кетті ұйтқып желдей орағытып.
Отыр ма Қарашпенен театрда,
Сонымен үйренді ме түн қатуға.
Тығылып құшағына әлдекімнің,
Тұр ма екен жүрек сырын тыңдатуға?
Әлде сол сүйгенімен билеп жүр ме,
Серт қайда жалын тисе, күймек бірге.
Шын сүйсе маған неге жазбады хат,
Жалғанда жоқ па, сірә, сүймек мүлде?
Тұрғанда Ақан солай ойға батып,
Гармоншы жатты күйді ойнақтатып.
Петямен билеп жүрді Лера мұнда,
Желкілдеп бәйшешектей жайнаңдатып.
Ақанды сол қыз кенет көре қалып,
Жабысты қыз құшағын кере барып.
Қолтықтап билеп кетті... Тұрып қалды,
Аңырып аңқау Петя Перевалов.

Екінші тарау
«Құпия арыз, шахта бастығына!
Кім соны шығарған бұл тас тұғырға?
Түбінде соған жауап бересің сен,
Тап болса шахта соның қастығына.
Әкесі — халық жауы, ұсталған сұм,
Бастық, сен, саясаттан тыс қалғансың.
Бөрінің бөлтірігін бауырына сап,
Пердесін бейқамдықтың құшқан жансың.
Қастығын сезбедім деп міңгірлеме!
Сынады құрал-сайман күнде неге?
Білеміз, жаудың қолы жебір келер,
Адал жан бар құралды бүлдіре ме?!
Ескі деп құралыңды кеміткен кім,
Тағылды техникаға неліктен мін?
Жаңаны аңсап істі тоқыратқан,
Шахтаңда адамдар бар желіккен тым.
Дұшпанның әрекеті емес пе бұл?
Әншейін білместік деп егеспе құр!
Оқудан, комсомолдан қуылған жау,
Тығылған көзден таса белеске бұл.
Жоқ екен бастық сенде қырағылық,
Мүлде жат партияға мына қылық.
Аласта дұшпан Ақан Ақтаевты,
Құрисың берсең егер бұған ырық!»
Осыны шұбар Шаукен оқығанда,
(Бұл арыз келді тыныш отырғанда)
Селк етіп ұшып тұрды, төбесінен,
Ұқсады зеңбірек шын атылғанға.
Шошыды шағатындай қазір жылан,
Көрінді динамиттей арыз бұған.
Жарылып кететіндей әрең ұстап,
Жөнелді үйден бастық абыржыған.
«Уа, сұмдық, шыққыр көзім, нені көрген?
Қағазы жоқ еді ғой, соңғы жерден.
Айыпты бұған Ысқақ, берсін жауап,
Шахтаға осы сұмды сол жіберген.
Пәлеге шырмалдым ба білінбеген?» —
Деп Шаукен дедектеген, күбірлеген.
Алдынан қызыл жаға шыға келсе,
Жүрегі жарылардай дірілдеген!
* * *
Ол отыр жердің түкпір қойнауында,
Құж-құж тас, жусағандай қой маңында.
Қаттасып жатыр бықып, — айдап соны,
Сықырлап темір тырма айналуда.
Шыңырау, кең шұңқырға алдындағы,
Тоғытып тас тобырын алқымдады.
Кейде ол терін сүртіп маңдайынан,
Ақырын анда-санда алқынады.
Таянды сменасы бітер бұл шақ,
Маңайын қалың кесек жатыр қоршап,
Жұлқынды Ақан соны ысыруға,
Асыра іс бітірсе, соған ол шат.
Ай өтті, ісі міне өрлегелі,
Алдында өзгелердің ол келеді.
Толтырып өнімін де, өлшемін де,
Күнде ол кідіріссіз келген еді.
Білді ол тек құралда істің еркі,
Жетуге жаңалыққа күшті серті.
Қазір жүр сырттан оқып, Орал жақтан,
Ақырғы курстың ол студенті.
Сарылып түнде талай көзін сүзіп,
Кітаптың ойды тартқан сөзін сызып.
Ойланып отыратын чертеждердің,
Үлгісін қағазына сызып тізіп.
Өрнектеп үлгіні де көрді кеше,
Кім білсін, бастыққа ерсі көрінбесе.
Ұнатып алып кеткен соны Петя,
Жігіттің отыр соған көңілі өсе...
Сол ойын оймен тағы сыналады,
Жүзеге асса, шіркін, бұл талабы!
Қуанып қатты басты кнопканы,
Тас тергіш бірақ әрең сырғанады.
Тістесті сең тастармен, қаршылдады,
Басты тез барабаны, тартылмады.
Ауызын тау топырға басқан тырма,
Тырбаңдап қалды, тасты қарпымады.
Қос тісі қалды сынып, омырылып...
— Ах, шіркін, ашылмаған сорым бүлік.
Болдым-ау байлағандай талайымды,
Тағы да тас тұйыққа соғылдырып.
Ұят-ау Лерадан да серттесіп ек,
Тасудың қарқыны тез ептесін деп,
Бөгелді вагондары, кәрі тырма,
Шөккізіп қу түкпірге кеткесін тек...
* * *
Бірақ ол ойлап ұзақ отырмады,
Бұрылып тескен тауға артындағы,
Жүгіріп кете барды тар жылғамен,
Петяны іздеп тағы шақырғалы.
Міне ол бір қатпарға түсті төмен,
Вагондар мұнда зырғып тас тиеген.
Мұнда зор кеңістікте бір топ адам,
Сөйлескен, кеукілдесіп бастықпенен.
Парторг мұнда Сергей Иваныч та,
Әлде бұл төтенше бір жиналыс па?
Тұр Петя шақылдасып Шәукенменен,
Ашумен жүзі түсіп қиналысқа:
— Мұныңыз бас сауғалап бұрылу ма,
Жол бар ма жазықсызға ұрынуға?
Ақанның адал жанын шалдырмаймыз,
Сермелген мынау жала құрығыңа.
Кәдімгі «жансыз жүйрік» жала хат бұл,
Әсілі сезілген жоқ ойы жат бір.
Міне үлгі скребокты өзгертуге,
Сызған ол, ұшқыр ойлы, қандай тапқыр!
* * *
Шәукеннің ала көзі ажырайып,
Сұстанды, шыққандай сол сөзі лайық.
Ақанды атты көзбен, қимайтын не?
Арыз бар алақанда әзір айып.
— Шахтаға түсірген кім осы сұмды?
Тағы да тас тергіштің тісі сынды.
Мінеки, әрекет бұл сескенерлік!
Парторг, бейқам болма, түсін сырды...
Енгіздік мұны қалай ұямызға,
Бұл өзі қалай келді қия-құзға?
Шақырған сен шығарсың сүмелекті,
Сендейдің әрекетін тыямыз да!
Төзбеді, құрыстанды Ысқақ бұған,
Мұндайға жан емес қой тіс қақпаған.
Сондай бір турашылдар аз болды ма,
Тізгінді пәлеқорға ұстатпаған! —
— Сен қалай саясатқа нықсынасың,
Үрлеме жалақордың бықсымасын?
Сақтықты тілеп тұрсың өз басыңа,
Білмейсің бұл жігіттің түк кінәсін.
— Арызын Алматының бекер деме,
Оқудан бұл қуылған екен неге?
— Шәукен сен қырағының шырағы боп,
Кеудеңді кере берме, кекеңдеме!
Ұштары бес бұрғының мұқалыпты,
Тістері тас тергіштің жұқарыпты.
Сондай көп тозған сайман, — десек те сен,
Қарысып өзгертпедің бір қалыпты.
Ақанның айыбы — сол әкесі ме?
Сол үшін бұл да жаза өтесін бе?
Жоқ, Ақан адал жігіт... Тиіспе сен! —
Деп Ысқақ тартты сөздің төтесіне...

Үшінші тарау
«Ақан мәз, забойына қайта барып,
Тұман ой кеткені ме тарқап анық.
Неткен үн ыңыранған тар қуыстан,
Жатқандай тасты біреу арқаланып.
Қараңғы үңгірде сол кім қысылған?
Зор біреу жібермей тұр уысынан,
Шойын қол жатыр оны қылғындырып,
Сорлы жан әлсіреген, ыңырсыған.
Шығады дауысы әрең «құрыдым...» деп,
«Басыма түскен жала құрығы тек.
Адалмын, азабынан құтқар мені,
Қайдасың, қайран менің құлыным...»— деп.
Сол сарын тұла бойын тебірентті,
Түкпірге Ақан жылдам келіп жетті.
Қараса қылғындырған бір дәу екен,
Қасқа бас, көз әйнекті, темір бетті.
Қан тамған қалшылдаған қанжарынан,
Мұң ескен күңіреніп жан-жағынан.
Қарқылдап күледі сол көз әйнекті,
Жыласа, жаңағы жан жалбарынған.
Бейшара: «Ақпын!» — десе дымы құрып,
Әлгі сұм қысты тағы буындырып.
«Уа, сұмдық, әкешім ғой!»—
Ұмтылды Ақан,
Отқа бір түсер жандай қуырылып.
Жағылды электр шам, уа, ғажайып,
Қасқа бас қолын соған қалды жайып.
Әп-сәтте сол жауыз да, әкесі де,
Ақанның көз алдынан болды ғайып...
Сол қуыс бола қалды жылдам жарық,
Алдынан шықты Қараш жылмаң қағып.
Бетінің бірі жылтыр, бірі қара,
Күледі күңгірт көзі тұманданып.
Мұңайып Әсия тұр ар жағында,
Жетпеген жан секілді арманына.
Қол созды аяп Ақан, кезікті ол,
Қараштың қарсы шапқан қанжарына...
Айғайлап қалды Ақан, шын қысылған,
Оянып кетті сұмдық ұйқысынан.
Түс шіркін, тұман ғой бір ой адасқан,
Мең-зең ол, шыққан жандай сол қысымнан.
Шәукеңнің ыза болып шалысына,
От тиді кеше оның намысына.
«Бөлтірік» атанғанша жоғалайын,
Сібірдің әкем кеткен алысына...»
Бейбақтың жері жоқ қой қастық құрған,
Жаланың дерті зәрлі, басым удан.
Басында құйындай ой, ұйықтап еді,
Ашумен қағып алып ащы судан.
Десек те түс деген бір елес қана,
Сол елес күйіндірді есін ала.
Зарына әкесінің үн қосқандай,
Алыстан аңырады жесір ана.
Әлі де әкесінен жоқ хабары,
Жыл болды жетімектей жоқтағалы.
Әділет тілеп жазған арызына,
Жауап жоқ, бірақ үміт тоқтамады.
Қиналды әлдекімнің қыңырына,
Мұндайды ойлады ма ғұмырында? —
Арызға әділетін тілеп жазған,
Тіл қатпау — қателік пе, бұрылу ма?
Заң айқын — секілді бір жанған шырақ,
Күрестен, арпалыстан алған сынап.
Ардақты правомыз — қорғаушы сол,
Кім соның бұзып кілтін тұрған бұрап?
«Әр ханға сұрқылтай бар әр дәуірде...»
Дегендей шын жат бар ма елге мүлде?
Жазықсыз әлгі жанды буындырған,
Ұқсайды сол қасқа бас әлдекімге
Сондай ой Ақан жанын езбеді ме,
Көп болды тағдырына төзгеніне.
Түстен де ана хаты күйіндірді,
Қандай мұң жатыр ана сөздерінде.
«Алыстап қайда кеттің, құлыншағым,
Жалғыздық жапа шеккен мұңлы шағым.
Адасқан үйірінен сыңар қаздай,
Қарысты сағынышпен тұл құшағым.
Менен де, әкеңнен де суыдың ба?
Жүргенше алыстың сол суығында,
Қасымда жарығымдай жарқырап сен,
Болсайшы, өзің туған тұғырыңда.
Болсайшы, түлеп ұшқан өз ұяңа,
Қаңғырмай жер астында, құз-қияда.
Телісін тағдырына әкеңнің де,
Әкесін адал туған ұл қия ма?
Маған да пәлеқордың кесірі көп,
Тілдейді мені жаудың жесірі деп.
Айрылған ботасынан аруанадай,
Боздаймын суретіне тесіліп тек».
Осы хат Ақан ойын абыржытты,
Ананың қандай шері ауыр тіпті!
Қолына қысып хатты кетті үйден,
Сілкуге бойындағы ауырлықты.
* * *
Ақанның аңдап Сергей ой аңысын,
Сезіп тұр қасіретін, қиналысын:
«Қиырда шеше жалғыз, ал әкенің
Тағдыры теңселтіп тұр қиял-күшін.
Дейді ол:
— Өкінішсіз өндір едім,
Елімде өмір жолы — кең, білемін.
Тек күңгірт күйлер мені күйзелткенде,
Аһылап ақ арымды кеміремін,
Шын жау ма, кінәлі ме, әкем осы,
Қасарды неге заңның мекемесі?
Қалайша қас болады еліне ол,
Еңбекпен қайнап өскен етенесі.
Адал... — деп, — әкем менің күрсінеді,
Кезінде кейістіктің тұр сілемі.
Жатсың деп көзге түртті өзімді де,
Шәукеңдер ақтығымды түсінбеді.
Құрыды әкем қудың жаласынан,
Хат келді аңыраған анашымнан.
Сең соғып қайығымды қиратқандай,
Бір жанмын көк толқында аласұрған.
Тасқында жан қала ма тал қармаса,
Ауыр ғой арығаным, арман баса.
Кетейін су түбіне енді мен де,
Жанымда жұрт сенетін ар қалмаса?!
Русаков тыңдап терең түсінгелі,
Мүдіріп, үнсіз ұзақ мүсіркеді.
Білмей ме рентгенсіз-ақ шын дәрігер,
Дүрсілден жүрек демін ішіндегі.
Кездескен қызу істің бір кезінде,
Ақанның ой аударған мінезіне.
Байқаса сөзге жарқын, іске батыл,
Қат-қабат мұң болса да бір өзінде.
Білді ол — еңбекке де құштарын да,
Бейімін күлуге де, сұстануға,
Шақырған өзі қазір сезген кеше,
Бұл жаста буырқанған күш барын да.
Ашулы Ақан берік сабырға да,
Сөз күтті, сілкінсе де қазір ғана.
Русаков әлі үнсіз... Бұрды басын,
Ленин тұр қолын сілтеп қабырғада.
Ұмтылған алға басы, өр маңдайлы,
Теңіздей терең ойды кең толғайды.
Шапақтай қызыл тулар желпіп нұрды,
Қасында шұғыладай толқындайды.
Көзіне көрінгендей кең болашақ,
Нұсқалған саусағымен алдағы шақ.
Еруге ұшқыр ойдың ағысына,
Ормандай көтерілген қолдар самсап.
Лениннің қарап ұлы келбетіне,
Русаков, Ақан ойын тербетуде.
Кеңесін есті бейне кемешідей,
Айдынның аққан жылдам кең бетінде.
* * *
— Иә, жігіт, қынжылу ма, бұл шағым ба,
Түстің бе әлде қайғы құшағына.
Шынымен тасқа тиіп жасыдың ба,
Темірді тепсең үзер ер шағыңда?
Өмірге бар ма шүбәң? — Жоқ, сенесің.
Өткіздім мен өмірдің көп белесін.
Есіңе ал қапастарды, қысымдарды,
Біз өткен күрестердің өрт елесін.
Қарысты ескі зілмен қырыс дүние,
Түскен жоқ еркіменен тыныш күйге.
Жебірлер, жәдігөйлер, бұқпа сұмдар,
Қадалды денемізге шаншып ине.
Төндірмек болды бізге тепкілерін,
Қайырып капиталдың кек түнегін.
Солармен сілкілесіп ашындық біз,
Соларға бұрқап таптың отты кегін.
Әділ бұл, бұлтаңы жоқ өмір заңы,
Болмақшы бұл күреске кім ызалы?
Қас болса қатсын мейлі, кім болса да,
Өштікті өзі соның туғызады.
Ал таза пейілдіге — ел алды кең,
Ұқ соны, ақ жүрекпен, ең алдымен.
Қара сен, Ленин әне, шақырып тұр,
Келуге келешекке кең даңғылмен.
Жарқырап алтын іздер асуларда,
Келеміз сол жолменен басып алға,
Орнады құз гиганттар белестерге,
Жапан дүз төсін бөлеп асылдарға.
Бізде бақ, үстем біздің мерейіміз.
Дауылды көп жылдардың геройымыз
Лениннің нұры қалды кеудемізде,
Сондықтан батыл, берік, ер ойымыз!
Расында, әкең жау ма, түсінбедім,
Емес қой тексеретін ісім менің.
Осынау нөпірге мен таң қаламын,
Қалай жау болды таныс кісілерім?
Солармен қақталып ек отқа бірге,
Шын жаумен жағаласып Октябрьде,
Қалайша қапелімде азды солар,
Білмеймін, құпиясы көп қазір де?
Ұлымыз халықтың біз — өз арың шын,
Ақ болса, пейіліңді бұзба, түсін,
Советтің түлегісің, жарып ет сен,
Жолдағы бөгеттердің құз-қарлысын.
Түсінбей түссең ойға, ар қинала,
Немесе тарықсаң бір тар қияда,—
Ізде сен бақытыңды, арт сенімді,
Лениншіл біздің ұлы Партияға!
— Басқаға ойың әсте бұрылмасын!
(Русаков қойды сипап бурыл шашын
Не бастық, не бір заңшы ағат басса,
Апшысы жас жаныңның құрылмасын.
Әлде бір әурелеген жалашыл ма?
Хақың бар әкеңе де жан ашуға.
Кінәлі болса өзі... өзің бірақ,
Ешкімнің ілінбейсің жаласына.
Аңырма, анашыңды көшір мұнда,
Жүрегін жалғыздықпен шошындырма.
Табамыз пәтерді де, көтер бойды,
Жаныңды езілтпеші осы мұңға.
Ауыр ма шахтадағы әлде жұмыс,
Кеңседен табайын ба не бір тың іс?
Парторг айтып соны тұрды қарап,
Жас жаны тапты ма деп сабыр, тыныс.
Жүрегі жай тыныштық таппай бірақ,
Соғып тұр бұрынғыдан тым қаттырақ.
Кейде бір жан ырғағың шертілгенде,
Жанарың шағылмай ма нұр жарқырап?!
Сергіп ой серпілткендей ыза-мұңын,
Қиялы қонғандай-ақ құзға мығым.
Күлімдеп Русаковқа қарады ол, —
Сездіріп өр сенімін, ырзалығын...

ҮШІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
Қыз десе қызығамыз, асығамыз,
Бәрінен махаббат қой асыл аңыз.
Білемін, бүлкілдеді бүйректерің,
Ақын-ау, қайда жүр деп. Әсиямыз?
Емес қой бөгелгенім текке менің,
Ойымды қыз сырына көп бөледім.
Ақын-ау, қайда жүр деп Әсиямыз?
Ақанмен мен де бірге өкпеледім.
Сүйгені рас еді, ыстық еді,
Сол шыққан қыздың тұңғыш күшті лебі,
Суымай жүрегімде жүріп ұзақ,
Айттырмай асыл ары қысты мені...
Аядым Ақанды да сыр жасырдым.
Қия ма, қиналса да шын ғашығын,—
Сүйкімді Әсияны жазғырып құр,
Қалайша түсіремін сынға сырын?
Жоқ, сен де, түсін терең жыр аңысын,
От жүрек табар еді жұбанышын —
Басымен әуре болып Ақан кетті,
Сезбеді, ескермеді қыз намысын.
Әлде сол суық қыстың ызғарында,
Салқындап сағынышы қызбады ма?
Не ойын бөлеп түгел қызу оқу,
Сол сүю қалғыды ма қыз жанында?
Асыққан жолаушы тез ызғып аса,
Қалса бір маздаған шоқ көзден таса,
Кетпей ме күңгірттеніп, егер бір жан,
Қайтадан үрлемесе, қозғамаса?
Ал бірақ қыз жалыны жүректегі,
Көп жанды, сүю отын үдеткелі
Ақанды ойлап ұзақ, өзге жанға
Қызғанып жүрек шоғын үрлетпеді.
Әсия сезімге де берілмеді,
Әсілі сырына қыз берік еді.
Жай сөйлеп Қарашқа да жымыңдаса,
Елжіреп сез айтқанға ерімеді.
Берілді оқуына, осы тұста
Дипломдық жұмысы да асығыста.
Әсия әуреленді емтиханмен,
Осылай әбігермен өтті қыс та.
* * *
Өтті қыс, жетті міне, жаз жарқырап,
Әсия Алматыдан алшағырақ.
Жүзіп жүр айдынында көкше көлдің,
Аспаны ала түндік, ақ шаңырақ,
Әлде бір сырласы ма, мұңдасы ма,
Әсия жалғыз емес, кім қасында?
Сүюдің қаршығасы қонды ма кеп,
Көңілдің көлеңкелі қиясына?
Оқусыз бүгін ғана күн алғашқы
Білімнің асуынан бүгін асты.
Инженер дипломын алмақ ертең
Сол үшін қыз көңілді, ықыласты.
Өңшең жас қиялдары өсіп ерге,
Сайраңдап келген осы Есік көлге.
Есігін ертең ВУЗ-дың жабатын күн,
Кетер кез енді жаңа көшіп белге.
Бітті оқу, ми ашыған кетті кезең,
Бұлдырап бара жатыр өкпе деген.
Міне жаз, жібігендей ескі көңіл,
Бейне бір ерігендей қатқан өзен.
Қараш пен Әсия жүр көл бетінде.
Көл шіркін қыз қиялын тербетуде.
Себіліп күн сәулесі, су шымырлап,
Құбылған Әсияның келбеті де.
Ақ сағым көлдің алыс өріндегі,
Қарашқа алтын болып көрінеді.
Лебіне телегейдің лебін қосып,
Әсия оқтын-оқтын керіледі.
Қуанып Қараш соған күлімдеген,
Әсия түнергендей тынды неден?
Астында толқындардың Ақан жүзіп,
Секілді — әлдене деп күбірлеген.
Қалың жас, ол ғана жоқ арасында.
Тағдырдың түсті қалай таласына?
Өмір де толқындай ма төңкеріскен,
Тұрлаусыз тағдырдың бұл табасы ма?
Жарқ еткен сол махаббат сөнгені ме,
Әлде мен өрісіне сенбедім бе?
Басқадай жарды неге таппаймын мен
Ақаннан өзгелерді кем дедім бе?
Кездеспей көктемде бұл маған жайнап,
Жүр екен қайғы қуып қайда бейбақ?
Секірген толқындарды қолмен серпіп,
Әсия қазір солай отыр ойлап.
Қарашқа қарай қалып қасындағы,
(Қараса, күлуге ол асығады.
Қияшыл қыз қиялын қайдан білсін?
Өзі мәз үмітіне басындағы).
Болмады-ау арамызда Ақан бүгін,
Айтып ем сол жиынның қаталдығын.
Көнбедің, ол да біздей жас емес пе,
Жүрмей ме жайнап бізбен қатар бүгін?!
Әсия айтып соны суға қарап,
Күрсінді көңілінен толқын тарап.
Ал Қараш, жаңа ғана жымыңдаған,
Сөйлейді жиын бардай түйіп қабақ.
— Әсия, түсінбейсің әлі күнге,
Ақанның берілген соң тәліміне.
Қалайша қорғаймыз біз сондайларды,
Жау болса, сондай сұмдар серігің бе?
Әкесі айдалған жау жер түбіне,
Онымен ұлының да серті бірге.
Қаскүнем болып шықты қазір
Ақан, Шырмалған шығар енді еркі мүлде.
Ондайлар лаң туғызар қиян-кескі,
Шахтадан қуалапты зиянкесті.
Хат алдым Жезқазғаннан, — ол енді жоқ,
Басыңнан кетсін енді қиял ескі.
— Солай ма? Ақан анық ұсталды ма? —
Әсия үнсіз қатты сұстанды да.
Қарады Қараш соған қызғанышпен,
Қызыл шоқ тұтанды да құштарында.
Қалай ол құтылды екен қиналыстан?
Жанында махаббаттан күй бар қысқан.
Жылы сөз сөйлегенсіп Әсияға,
Талай ол алып қайтқан жиналыстан.
Әуелде онысын қыз ұнатпады,
Талай ол телмірсе де тіл қатпады.
Жолдас қой оқитын бір үйреншікті,
Әсия жүрді көңілін жұбатқалы.
Ежелден махаббаттың түлкісі қыз,
Мәз болдық дәме көріп күлкісін біз.
Алданып қалмадық па жымиғанға,
Әуре боп ашылмайтын кілт үшін біз.
Қараш та пенде шіркін, жүрегі бар,
Оның да үміті бар, тілегі бар.
Айып па ғашық болса Әсияға,
Қысылған қыздан талай тілеп іңкәр.
Ол шешен сөйлегенде жиындарда,
Сөйлейтін сең соққандай биік жарға.
Ол әрең айтты сырын Әсияға,
Ғашыққа сөз таппаудан қиын бар ма?
— Әсия, ашып айтар сырым менің,
Айтуға бөгеліп көп жүріп едім.
Бес жылдан бері соққан жүрегіме,
Бір қабат мейріммен үңілмедің.
Жат жанға әурелендің, білемін мен,
Соның мен сақтап қалдым сілемінен.
Барма сен Жезді жаққа, бір болайық,
Мүсіркеп бақытыңды тіледім мен.
Қурайсың қуарған тас қаласында,
Аспирант оқуында қаласың ба?
Мен өзім министрлік мекемеге
Келістім, сен де бірге қал осында.
Кешікпей көтерілер абыройым,
Сен үшін адал менің арым, ойым,
Екеуміз болсақ бірге бақыттымыз, —
Деп Қараш сілкігендей ауыр ойын.
Мұндайда оқыған қыз жалтақтай ма?
— Жоқ, болмас, еркіміз ғой барсақ қайда.
Білімпаз боламын деп қызықпаймын,
Барамын мыс балқытқан Қарсақпайға.
Бейнетпен өлген әкем осы маңда,
Сақтаған солар бізге — асыл онда.
Мен үшін әуре болма, мыстай қайнап,
Табармын бақытты бір тосып алда.
— Осы да, — деді Қараш, — шешімің тек,
Ақанның тиер еді кесірі кеп.
Оқудан қуар еді мен болмасам,
Сені де сонда жаудың жесірі деп.
Айтты ол, жетпей сөздің байыбына:
— Сақтаған осы маған айыбың ба?
Ендеше бұр ойыңды менен, Қараш,
Бұрылсын жиекке тез қайығың да!..
Көңілсіз күй басқандай сырласқанды,
Кенеттен күңгірт бүркеп шың-тастарды.
Шудасын түйе бұлттар сілкіндіріп,
Асыр жел дүрліктіріп жүр аспанды.
Құрымды жамылғандай күміс шыңдар
Тесіне үймелепті түтек-мұнар.
Ашушаң қатындай тез долданатын,
Осындай Алатаудың әдеті бар.
Аспанда бұлт пен дауыл, қызған егес,
Әп-сәтте қыз бен жігіт бұзды кеңес.
Әсия аспандай сол түнерді де,
Алқынған Қарашқа сөз қозғар емес...
Білеміз қыз мінезі — ерке, кекшең,
Тартынар, тіл қадасаң ентелеп сен.
Жігіттер, қапы қалма тіксінем деп,
Тегінде ериді қыз еркелетсең...

Екінші тарау
Үйіне келді Ақан жаңа ғана,
Жүгірді құшағын кең жазып ана,
Бөбектей көріп ұлын сүйіп жатыр,
Сүймесе сорлы көңіл жазыла ма?
Келгелі көшіп мұнда сергіп еді,
Таралып тауқыметтің теңбілдері.
Бұл үйде үш бөлмелі кеуде кеңіп,
Алдында баласының елпілдеді.
Сағынып ұлын шеше қалғаны ма?
Аз күн ғой Орал тауға барғанына.
Бітіріп сырт оқуды диплом алды,
Жеткендей алыстаған арманына.
Қағаз ғой диплом деген... Ол қағаз ба?
Ентелеп әрең жеткен соған аз ба?
Білімі кем бе бірақ Ақандардың,
Еңбектің өзі мектеп өнерпазға.
Білсе де өзі бейнет шеккен кенді,
Қалайша сендіресің Шәукендерді?
Сарыла сырттан оқып, диплом алып,
Инженер болып міне, Ақан келді,
Сол еді қуанышы. Көп сағынған,
Босанды анасының құшағынан.
Қараса қасында тұр күлімдеп қыз,
Балғын жас жанарында нұр шағылған.
— Ақан, бұл Еркежан ғой, танымасаң?
— Еркежан? Сәлемет пе, келдің қашан?
Бойжеткен болыпсың ғой, бала едің,
Бес жыл ғой, көргеніме жаңылмасам?
Сол сөзін жалғастырды қағып ана:
— Бұл жақтан бізге жақын табыла ма?
Шақырттым, жұрағат қой ауылында,
Жүр екен бекер байлап бағын бала.
Қарашы, бүлдіршіндей бұл қарағым,
Қызындай сидаң емес бұл араның.
Жарасып жүрсін бірге өз қасыңда
Бір үйден екеу шықса қуанамын...
Бетіне қан жүгірді қыздың неге,
Шешенің құпиясын қыз біле ме?
Ақанға қарады да, қымсынды қыз,
Қалқажан, қызарды тез жүзің неге?
Ақан тұр аң-таң болып анасына,
Мейрім тұр шешенің көз қарасында.
Тезірек келін көру үміті ме,
Шипа сол жүрегінің жарасына.
Анасын аяп Ақан сөзін бұрды:
(Жігіт қой жөн табатын сегіз қырлы)
— Шахтаның өнеріне үйретемін,
Еркежан болмасын тек өзі мұңды.
Ал, апа, тойың қайда? Инженермін,
Сүңгимін тереңіне енді жердің.
Жинайын достарымды, солар ғана —
Өзегі бойымдағы ер жігердің.
Дәмдерің дайын болсын әзірлеген,
Шақырып достарымды қазір келем.—
Деп Ақан жымиды да шықты үйден,
Еркежан қалды қандай сезімменен?
* * *
Клетпен олар төмен зымырады,
Шахтаның қандай терең шыңырауы?
Қат-қабат шатқалдардың қуысында,
Шайқасып тас пен темір шыңылдады.
Еңбектің қызу мұнда зор майданы,
Екпіні қатты ердің забойдағы.
Шытырман шеп секілді соғыстағы,
Жылғалы жер астының құз қойнауы.
Русаков, Ақанменен келді міне,
Заңғардай камераның кеңдігіне,
Жас жігіт тас тергішті безектетіп,
Жүгірткен тас тобырдың ең түбіне.
Сыпырған қалың тасты қуыстардан,
Жүрісі тас тергіштің дұрысталған.
Осыны жасап берген Ақан, Петя,—
Жүзеге асқан бұл да тұңғыш арман.
Ақан тұр қарап соның жүрісіне,
Қырандай қойтастарды бүрісіне
Қасында Русаков та қарап соны,
Ақанның таңырқанды тың ісіне.
— Дұрыс қой бұл енгізген өзгерісің,
Осындай тапқырлығың тез көрінсін.
Тағы да ұсынысты ойлан, жігіт,
Тыңайтар техниканы өздеріңсің.
Ғаламат құрал керек кен ісіне,
Осыны сақта Ақан сен есіңе.
Жүр қазір учаскеңді аралайық,
Кел кешке, бұл туралы кеңесуге.
...Осылай танылған соң іспен анық,
Шәукеннің өшкен сөзі іште қалып.
Ісімен Ысқақтарға ұнап Ақан,
Қазір ол инженер де сменалық.

Үшінші тарау
Әсия жатыр жалғыз бөлмесінде,
Түрлі ой орағытып келді есіне.
Заводтың азан-қазан арпалысы,
Кетпей тұр жаңғырығып зердесінде.
Тұңғыш іс заводтағы қандай қиын!
Сыпырды талай терін маңдайының
Топалаң тастар сеңдей соғылысып,
Алдында бұрқыраған қардай құйын.
Қыз ырза келгеніне бұл заводқа,
Қызықты дехта жұмыс қызған уақта,
Малталап мыс тастарын үгіткенде,
Алтындай алау атқан қызыл отқа.
Тек оны жабырқатты тетік көне,
Көп бөлшек кемірілген кетіктене.
Үзілді ескі белдік ауық-ауық,
Болмады техникасы жетік неге?
Сол ма тек сілкіндірген ой тереңін,
Сүйгенің еске түссе қайтер едің?
Күлімдеп көз алдына Ақан келді,
Куә қып Алматының бәйтерегін.
Біреуден сұрап өзі білген бүгін,
Ақанның Жез кенінде жүргендігін.
Қазірде қандай күйде сол мұңдары,
Алысқа алып қашқан сыр мен мұңын.
Әлі ол сол сүйкімді пішінде ме,
Наз айтсам жүрегімді түсіне ме?
Әлде ол жалт бере ме жабырқанып,
Солай ол енген еді түсіме де.
Өкпесі өрттей әлі сөнбеді ме,
Құпия қыспады ма шер мені де?!
Кеттің сен талайыңды тұман шалып,
Жетті ме аялауға дәрменім де?
Кінәм жоқ, ұятымнан қорықсам да,
Иіліп өзім барып жолықсам ба?
Көңілі ауып оның басқа жарға,
Сыр берсе өлгенім ғой, анық сонда...
Осылай ойлар ұйтқып өзін қысты,
Көрген жоқ көптен мұндай езілісті.
Дуылдап тұла бойы аунады қыз,
Тұтанды тұнып жатқан сезім күшті.
Керілді, бойы бірақ серпілмеді,
Тамырдың қатты соқты серпіндері.
Ләззатты түпке түйген сырлы жүрек,
Жүр еді сәті түссе шертілгелі.
Күрсініп тұрып кетті төсегінен,
Жабырқап жалғыздықтың кеселінен.
Қарады шар айнаға, ақ жүзіне.
Қалайша қызыл шырай нұр себілген?
Құпия бұлықсыған қайран мүсін!
Қадірін көрмеген жан қайдан білсін?
Әппақ төс, қос анары сәл томпиған,
Сондаймен сері жігіт ойнап-күлсін.
Жап-жалтыр жібек балтыр, аяғы тік,
Жалаңаш ақ қайыңдай ая күтіп,
Жылы жел тербегендей теңселді қыз,
Өзіне өз көңілінде аяу бітіп.
Осылай күнде ерте қызып тұрып,
Денесін шайқайтын қыз шынықтырып.
Әсия аңдамады, қарап біреу
Сұқтанды сырттан көзін қызықтырып.
— Әсия, кез тимесін сымбатыңа,
Керілген аққудайсың суда тура.
— Ах! — деп қыз халатына сүңгіді тез,
Мұршасы келмей соған тіл қатуға.
— Е, Қараш, кім әкелді сені қуып,
Саумысың қайдан жүрсің, ізің суық?
— Қызметім Алматыда, Главкада,
Бақылап кен кәсібін жүрмін суыт.
Бұл жаққа шықтым қызмет бабыменен,
Талай бір мәліметті алып келем.
Әсия, таптым сенің заводыңды,
Алыстап кеткен жоқсың әлі менен...
Әсия бойын түзеп отыр тыңдап,
Сөзімен жақындап ол ақырындап,
Қызыға Әсияға қарайды да,
Тілегін білдірмеді батыл бірақ.
— Әсия, кергеніме қуанамын,
Жүрсең де қырында сен қу даланың.
Талпынған бір ұяның түлегіміз,
Кейісең, не десең де құп аламын.
Мүсіркеп қимаймын ғой сені жатқа,
Мейлің, тежеу жоқ қой махаббатқа.
Жүр екен әзір Ақан біреу бүркеп,
Тығылған жер астына аулақ жақта.
Ашылар ертең сыры, оған саспа,
Айтатын жаңалық бар одан басқа.
Жұрағат қызына бір үйленіпті,
Ақанға дәмеңді қой, қадам баспа?
Құсымыз қатар ұшқан бір ұяның,
Толғайтын өзіңнің де кең қиялың.
Тыңдашы, Әсияжан, — деді Қараш,
Портфельден алып жатып коньягін.

Төртінші тарау
Көрсең сен күркіреген зеңбіректі,
Екпіні тітіренткен зеңгір көкті.
Көрсең сен жауынгерді жанталасқан,
Жаудырған жау шебіне сүргін оқты.
Сондай тап Ақан жатыр арпалысып,
Забойда, сом бұрғыны тарта қысып,
Зіркілдеп перфоратор зеңбіректей,
От қуат тегеуріні арта түсіп,
Соққылап жатыр құз-тас қабырғаны
Бұрғының тұрқы ұзын ауыр тағы.
Тұтып ол болат дүмін сол бұрғының,
Бір сағат иығынан аудармады.
Минутта батпан балға мың соғылып,
Алпауыт таудың төсін төнсе ұрып,
Мұның да сондай қатты әр соққысы,
Кемеңді кетер еді теңселдіріп!
Қарысып Ақан тұрды сол екпінге,
Инженер күндегіден бөлек мүлде,
Басында дулығадай сары каска,
Забойшы тұр иығын кезеп дүмге.
Тер ыршып маңдайынан, тұр тіресіп,
Алдында тас қамалы құз сіресіп,
Жалаңдап көк сүңгісі бұрғысының,
Бүйірін жатты таудың сүңгіп тесіп.
Иесі бұл забойдың Степан да
Тарлан да таңырқатқан іспен алда.
Тас түсіп иығына, сырқат еді,
Сол үшін Ақан бұрғы ұстаған-да.
Маңдайы тершіп Ақан абыржыды, —
Бұрғының қандай сірә, ауыр зілі?
Табылса тәсілі бір жеңілтетін,
Көтерсе автоматпен дәу бұрғыны?
Осыны қазір Ақан ойлап тұрды.
Мың батпан жел екпінді айдап бұрғы.
Дүбірі иығына дүркін тиіп,
Ақанды ауыр зілі ойлаттырды.
Тұрған жоқ өзін аяп, сол себебі:
Мыңдаған бұрғышының еңселері
Езілмей сом темірдің соққысына
Бейнетін техникаға берсе деді.
— Бүтін бе қарың, жігіт оқымысты?
Сырттан кеп Ысқақ оның қолын қысты.
— Шырағым, қалам емес, бұрғы болат,
Шыдайды мұндайға тек дәті күшті...
* * *
Ой басып жатыр еді, ұйқы аралас,
Әсия төсегінен көтерді бас.
Ысырды басындағы суық қолды,
Қараса, төне түсіп отыр Қараш.
Айналып айтылған бос әңгімеге,
Әсия неге бірге қалды деме?
Қараш та көпті білген епті жігіт,
Сөз табар тыңдатарлық әркімге де.
Қыз-жігіт шарап жұтса, шешім әзір,
Сондаймен кірленеді есіл әзіл.
Ери ме шарапқа қыз еркі күшті,
Әсия жинай қойды есін қазір.
Ашуын үнсіз ғана тек білдіріп,
Ызбарды көзбен қарап, кетті тұрып
Әлде бір несиесі бар адамдай,
Қараш та едірейді, етті билік:
— Әсия, отыр, айтар тілегім бар.
— Жоқ, менің уақытым жоқ, тілек ұғар,
Оңаша қалдыр мені, — деді Әсия,
Түксиіп тұрды Қараш, — енді не бар?
Кінә не, еміренсе, мүсіркене?
Жоқ, іштен түтеп ескі кесір дәме,
Ашулы Әсияны жұбатқансып,
Аймалап қол жүгіртті төсіне де.
Көп сақтап, ынтығын сол сөндірмеді
Сәті бір түсті ме деп, сеніп еді.
Әсия, өз үмітін бұлт басса да,
Бұған сәл ерімеді, егілмеді...
— Алдыңда біл, Әсия, қайғы барын! —
Біл енді үмітіңнен айрылғаның —
Деп Қараш қайқаң етіп кетті үйден,
Сездіріп тағы ескі айбындарын...
* * *
Әсия тұрды байқап: — конвейермен,
Ағылып ақша тастар келген өрден.
Жалт етіп жақұттай тас жөнеледі,
Үміттей ұстауға бір көнбей жүрген.
Тізіліп тас тобырдың бұл жасағы,
Көзінен қашып жылдам жылысады.
Сондай-ақ, бейне сеңдей соғылысып,
Жүрегін дамылы жоқ ой қысады.
Алдында тас түйгіш тұр, — сом құрышты,
Иірер кесектерді соғып күшті.
Құдды бір мұз жарғандай күтірлетіп,
Қаршиды темір келі — шойын тісті.
Талыстай ременімен жылжымалы,
Талқан тас жөнеледі жылжып әрі.
Әріде жалақтаған ақ алаулар,
Асайды түйірлерді шыжғырғалы.
Жүр қарап осыларды көз алмастан,
Опа емес, ақша бетін тозаң басқан,
Шақ сілкіп шапшаңдаған кірпіктері,
Ал ойы тулай қашқан озар тастан.
Асыл кен ағылса да дәл аттасып,
Килігер арам тастар қабаттасып,
Сондай-ақ Қараш қалмай жүр соңынан,
Үміт пен өкінішке қанаттасып.
Құратын алдан оның дұзағы не?
Әлі де армандарын бұзады не?
Жалт берсе жалтыр тастай Ақан тағы,
Қайтпекші? Білмей қапа, қыз әлі де...
Бөлді ойын аласапыран тас сырғанал,
Әсия люкке түскен тасты қарап
Тұр еді, сырт сарайға келіп жатыр,
Кен артқан состав тағы бастырмалап.
...Сол жақтан тулай ағып тастар көшкен.
Құрды сол толқын ойдай бастан кешкен.
Әсия кетті шошып, сатыр-күтір,
Люк іші бола қалды астан-кестен.
Түсіпті кесек темір, бұзылды люк,
Сындырды тас түйгіштін, жүзін ұрып.
Тоқталды тасқын ісі цехта айғай,
Сол айғай кетті ойды үзілдіріп.
Төтенше уақиғадай асығыс шақ,
— Бұл қайдан келген состав? —
Қастығын тап!
— Ақтаев бөлімінен! Неткен шатақ!
Әсия тұрып қалды басын ұстап...

Бесінші тарау
Механик Петя міне, жүр жүгіріп,
Тас-тасқа бір сүрініп, бір жығылып.
«Техника шешер бәрін», — деп күбірлеп,
Тың іске асыққаны тұр білініп.
Міне, ол келді топқа забойдағы,
Бұл ара взрывтың құж ойраны.
Шынардай өрлеп шыңға еңселері,
Маздаған кеншілердің мәз ойлары.
— Бір тауды тастадық қой серпіп бірақ.
— Бұл руда жүз тоннадан артығырақ.
— Бұрын бұл естілмеген үздік рекорд,
— Осыдан шегінбесін қарқын бірақ...
Осылай себеледі сөздер дүркін.
— Осылай күнде рекорд болса, шіркін!
Шайқаста жеңіс тапқан Буденныйше,
Ысқақ та қойды сипап қою мұртын.
Дүркіншіл Шәукен соған мәз еді де,
(Басқадай жаңалыққа аз ебі де).
— Бізге тек рекорд керек! — деп өзеуреп,
Соған бір жеткен бүгін кезеңі де.
— Рекордқа арамызда қырсау жоқ па?
Құрал да жетерлік! — деп ұрса, топқа,
Кіжінді Шәукен тағы Ақтаевқа —
Ол ойын айтып жатты Русаковқа.
— Бұрғының дауыл күші қандай қатты!
Кеншінің еңсесіне таудай батты.
Осыны меңгеретін құрал іздеп,
Сарылып, миым менің талай қатты.
Сом бұрғы тасты соғып жатқан шақта,
Ұқсайды минометтен атқан оққа.
Соқтырмай иығына бұрғышының,
Басқартса сол қуатты автоматқа?
Шытынды Шәукен бұған. — Бірақ Ысқақ
Кимелеп кетті, мұртын бұрап ұстап.
— Рекордпен алысқа бір шабамыз ба? —
Жортпасақ жаңаша бір құрал ұстап.
Уа, қандай Жезқазғанның шахталары!
Шақ емес бұған Кавказ шатқалдары.
Мұның кең қойнауында сан машина,
Кемеше дүзер еді шалқардағы.
Зор алаң, мұның екі-үш қабаты бар,
Кең сыяр мұнда экскаваторлар.
Осындай кереметті техникаға,
Беріліп бетті тегіс қаратыңдар!
Ал мұным құр қиял ма, ертегі ме?
Бұл игі қалмай істің ертеңіне
Шахтаға ену керек! — деп толғанды,
Сол топты қиялына ерте мүлде.
Бәрі де күлімдеді шұлғып басын,
Көргендей шаттық еңбек шұғыласын.
Серпіле сөйлеп кетті Русаков та,
Мақұлдап кеншілердің шын ынтасын.
Ақанға сол тар забой ой түтеген,
Алатау аясындай көрінді кең.
Қаққандай жас қанатын шыңыраудан,
Екпінмен келешектің еріне тең.
Қызық қой қиялымен есе білген,
Құздарды алыстағы кесе мүлдем!
Ах, Лера бұзды ойды: сынды жаңа
Заводта тетік темір кесегінен.
Мұны тез хабарлаған Байтасова,
Ал, Ақан, бұған дәлел айтасың ба?
Келіпті металл сенің тастарыңнан,
Тосыннан шырмалдың ба қайта сынға...
— Ақан кім? Дәлелдейді мына қылық,
Сендерде сөнген мүлде қырағылық! —
Деп Шәукен басты кәрі айғайына,
Ысқақ пен Русаковты сынап іліп.
Жүгірді Ақан жылдам, әлдеқайда,
Әлі де сұр қырсығы арылмай ма?
Мін таққан Әсияны, ар-намысты,
Асығыс алабұртып, алып ойға...

Алтыншы тарау
Үңіліп автоматтың үлгісіне,
Сарылған қиналысы тұр түсінде.
Ақанды абыржытты — мән бере ме,
Москва мұндай жастың тың ісіне?
Көп болды үлгісінің кеткеніне,
Әлі де Москваға жетпеді ме?
Әлде сол сызғандары сынға түсіп,
Ұнамсыз болып әлде өтпеді ме?
Мазасын алып өткен таластары,
Кейбір сәт қиялы да толастады.
Намыс қой қалса құлап, қарсы бұған
Өкілі Главканың Қараш тағы.
Арызды беріпті ол министрге:
«Пайдасыз бұл бір әуре жұмыс мүлде.
Шетелдік қиялдардың шырмауы бұл,
Ұнайды мағынасыз бұл іс кімге?»
Қараштың дәлел таппай шүбәсына,
Әлде ол мазағына шыдасын ба?
Қарайды сызығына қайта-қайта,
Ғашығын іздегендей шын асыға.
Осылай үйде Ақан отыр міне,
Тесіліп чертежының тетігіне.
Көзіне елестеді Қараш бірақ,
Тығылып сызықтардың кетігіне.
Тағы да ол арызын түрте жүрді,
Сылтау ғып люкке түскен сом темірді.
Төндіріп жүрді тағы өз күйігін,
Ежелгі күншіл лебі көтерілді.
Ол өзі сол күн байқап көрмеп еді,
Темірдің қалай кетті сом бөлегі?
Шәукеннің шағымына құлақ түріп,
Тергеуші тексеріп жүр сол бәлені.
Қараштың түстім бе деп дабылына,
Ақанның кетті қазір дамылы да,—
Русаков ақыл айтқан: — Абыржыма,
Жетерміз уақиғаның анығына...
* * *
Суретке алдындағы қарады да,
Түйілді қайғы бұлты қабағында.
Ұлына ойлы әке тұрды қарап,
Үмітті әлі оның хабарына.
Шынымен мәңгілікке сүңгіді ме?
Неткен бұл тұйық дүние сыр білуге?
Тағы да арыз жазған жоғарыға,
Жауапты күтіп сағы сынды мүлде.
«Жүр екен қайран әкем әлдеқайда,
Мекені шығар әлде сонау тайга?
Мұз қатып кірпігіне, аяз қарып,
Жүргенде ажал жетіп сорламай ма?
Қала ма құрсауында сұм жаланың,
Білдірмей кеткені ме бір хабарын?
Сенбеймін кінәлі деп әкем сені,
Кінәлі кім деп соған қиналамын.
Ұқсаған адамдар ғой Қараштарға,
Мансап пен абыройдың қулары сол,
Үрлесе өсек желін толас бар ма?
Өздері адал жансып кеуде қағып,
Күйесін талай таза ерге жағып,
Көпірген сондайларға сенді кімдер,
Жаланы қарамады-ау тергеп анық?!
Ақанның ойлар сондай келді есіне,
Қараштың қабақ түйіп елесіне...
Жарқ етті Әсия да қиялында,
Ауды ой өткен күннің белесіне.
Ең ыстық көрінген жан жас шағында,
Жүргенде институт құшағында,
Ұйыған отты лебі жүрегіне, —
Дариға, ұқсады ма сол сағымға?
Безді ме әлде сүйіп ол өзгені?
Ынтығы ләззат тапқан бір кездегі,
Жанның ең түкпірінде қызып шоқтай,
Тығылды, бірақ дәтін күйгізбеді.
Сол күкірт шоғын бір кез кім үрлеген?
Күйдіріп махаббатты түңілмеген?
«Әсия Қарашқа шын қосылды», — деп,
Жат күңкіл құлағына күбірлеген.
Ақанды осы хабар күйіндіріп,
Теңселткен, кеткендей бір құйын ұрып.
Талай түн төсегіне от түскендей
Тарыққан, ыза бұлтын түйілдіріп.
Амалсыз ойламауға көнікті тек,
Естіді — Әсияны келіпті деп.
Мүсіркеп келер ме қыз... Әлде өзі
Барсын ба, аянышын сеніп тілеп?
Маздады сенері де, сенбесі де,
Өкпесі, қызғанышы егесуде.
Орнынан тұрып кетті күрсініп ол,
Наз, ыза қатар тулап кеудесінде.
Есіктен еніп ана күбірледі:
— Ақан-ау мейрімің бір білінбеді.
Еркежан зерікті ғой үйде жалғыз,
Ренішін сезбейсің бе түріндегі?
Ол өскен бағыңдағы гүл емес пе,
Сенімен тілегі де бір емес пе?
Шешені жұбатуға жауап берді:
— Киноға апарармын бүгін кешке...
Телефон безектеді. — Ақанбысың?
Балам-ау, ұмыттың ба атаңды шын?
Кел жылдам, біздің үйге, Анарқұлмен
Байтасты алып еске атау үшін.
Ол кетті, кетуге шын сылтау тапқан,
Солай деп ана шіркін ойға батқан.
Артынан елең етіп қалды қарап,
Еркежан қара көзі жаутаң қаққан.

Жетінші тарау
Ол еркін кіріп еді бұл бөлмеге,
Аңырып тұрып қалды әлденеге?
Ішінен дулы топтың өткір бір кез,
Есіктен енген бетте қалды төне.
Бірақ тез қағылды да кірпіктері,
Жалт берді көз жанары үркіп тегі.
Нажағай жарқ еткенде қараңғыда,
Бүркіт те селк етпей ме биіктегі, —
Сондай-ақ Ақан кенет абыржыды,
Жүректің аударылып ауыр зілі.
Оңаша болса бір сөз айтар еді,
Бөгеді бұлқынысын сабырлығы.
Отырды орындыққа ең шеттегі,
Әсия жан әлегін көрсетпеді.
Шегіндей домбыраның діріл қақты,
Сөз айтпай білдірді де тек пейілді,
Түйіліп тамырлары сыр шерткелі,
Құйды Ысқақ қызыл, мөлдір портвейнді.
Әкесі ер кеншінің Анарқұл қарт,
Еске алды өткен сонау өрттей күнді,
Айтты ол өмірінің өткен жырын, —
Сұр таста маңдай сорын төккендігін.
Алысып ағылшынның үңгірінде,
Азабын талай боздақ шеккен бұрын.
— Жезқазған ағылшынның зынданы да,
Әлі де аянышты тұр жанымда. —
Уа, шіркін, қандай еді біздің Байтас,
Іске де, тартысқа да тұлғалы да.
Өр мінез қорлығына бағынсын ба?
Келетін ылғи қарсы ағылшынға.
Кенеттен забой құлап қаза тапты,
Жетпеді еркіндіктің ағысына.
Тартыпты Әсияжан дәл өзіне,
Жанары әкесінің тұр көзінде? —
Байқадым, бөбегінде көріп едім,
Шырылдап жетім қалған сол кезінде.
Оқыды, өсті шаттық уақытында,
Өскен жоқ әкесіндей батып мұңға.
Арнадым тілегімді, Әсияжан,
Алдағы өміріңе, бақытыңа.
Сол үшін сергі кәне, тост ал, шырақ! —
Қарт сөзін әрең ғана тосқан шыдап,
Әсия қағып қалды кірпіктерін,
Кесеге түсті моңшақ жас тамшылап.
Ақан да қарай қалды: мейрім тілеп,
Баяғы қос жанары тұр мөлдіреп.
Алмадай қызыл жүзі ашаң тартып,
Көрінді бұрынғыдан сүйкімдірек.
Өткен қыс өзгерткен бе қыз келбетін?
Әлдекім әдемілеп сүйген бетін?
Әлде бұл әдеті ме табиғаттың
Қыз өссе сұлулықтан сый беретін?
Ақан тез көз қиығын бұрып алды,
Басында басқа бір ой буырқанды.
Рюмкасын еппен изеп Әсияға,
Жұтты да төмен қарап тұрып қалды...
* * *
Тұңғиық қалдырса да сыр-тілекті,
Сол көру қиялдарын бұрып өтті.
Ақанның кеудесінде содан бері,
Беймаза ой шіркіндер дүбірлетті.
Құлшынды іске, соны ұмытқалы,
Бірақ ол от қызуын суытпады.
Көрінбей ширатылды, үзілмеген
Жүректің сол баяғы суыртпағы.
Сол кеште тартып ойын толқымады,
Тіл қатпай тосты қалың сыр туралы.
Көз тіккен Әсияға оқта-текте,
Өкпесін, өкінішін серпіп әрі.
Сондай-ақ бар ма қатқан зілді кегі?
От еді Әсияның назды лебі.
«Айрылдың асыл жаннан қайтіп қана?»
Деп кеше Лepa тағы әзілдеді.
Ах, Лера! Дәйім өзі мәз көңілді,
Білмейді бір кеюді, өзгеруді.
Өзінің Петясына сүйінішті,
Білмейді сынық, суық сөзге еруді.
Достары қайғырмаса қуанышты,
Сылтау қып бүгін міне демалысты,
Шақырып Қарсақпайдан Әсияны,
Үйінде оңаша бір сыр алысты.
Осыны біліп Ақан асығады,
Қалайша жан күйігін жасырады?
Сол үйге жөнел Ақан жылдамырақ —
Қай сабаз махаббатқа бас ұрмады?
* * *
Куә қып көктің алтын жұлдыздарын,
Өткізді оңашада түн ұзағын.
Қалқалап күншіл айға тал үкісін,
Екеуі тарқатып тұр сыр дұзағын.
Егер шын жалындаса ынтызарың,
Құны не сұр өкпенің, құр ызаның?
Жайдың бір жаңылысын жіпке тізіп,
Оралған бақытыңды туғызғаның!
Дарыттым өздеріне өр ойымды,
Қалайша кінәлайын геройымды?
Мін емес, екеуінің жүрегіне,
Сүюдің тағдыры бұл тең құйылды.
Көзіне Әсияның мөлдіреген,
Ақан да айтып назын төнді төмен.
— Ақ болсаң Қараштан сен, мен өзіңді
Сүйіскен сол алғашқы күндей керем.
Мұндайда түйген сырын жасыра ма?
Күйігін айтып қалды Әсия да:
— Қалаған жекжат қызың бар деп еді,
Шынымен сол сүйгенің қасыңда ма?
— Сендің бе Қараштардың өсегіне,
Сенсіз мен түйінімді шешемін бе?
Көремін қарындастай Еркежанды,
Берілмей мүддесіне шешенің де.
Кінә мен күдіктердің жауып бәрін,
Кіршіксіз махаббатқа шақырамын.
Жалғашы жүрегіме жүрегіңді,
Жайнатшы жас шағымның жапырағын...
Киіктей жаутаңдаған тау ығында,
Серігін таппай күздің дауылында,
Алқынған Әсияны сол ыстық сөз,
Ақанның тартты ыстық бауырына.
Өмірдің қызық жолы, биік арман,
Бақыт қой қиындықты киіп жарған.
Күш қайда қамалайтын құштарыңды,
Ескі бір күдік үшін ұйып қалған?
Әсия тербелді де жан тереңі
Ақанды құшты қатты, — айтар еді:
Күшті деп сонау тұңғыш сүйістен де,
Болса тек Алматының бәйтерегі.
Осыны көріп Лepa тасалана,
(Ұзатқан өзі еді ғой осы араға.)
Күлімдеп кетті кейін тек ай ғана
Екеуін аңдып төнген қасақана...

Сегізінші тарау
Парткомға кеңесуге келді бәрі,
Жиынның ауды соған ой-құмары:
Русаков сөйлеп жатыр серпілдіріп,
Шегінен сол күндердің жортып әрі.
Басталды өрісі кең ұлы жылдар,
Жайнайтын алдымызда алтын күн бар.
Еңбектің аттанысын бастап алға,
Өріне жаңалықтың ұмтылыңдар.
Бесжылдық күйін шерткен өр көңілдер,
Маршын тыңдасын тез келер күндер.
Жайнаған Жезқазғанның ертеңіне,
Жүріңдер, кереметін, кел көріңдер.
Алда тұр құм төбелер, кең бұйраттар,
Тұр жаңа мыс заводтар, комбинаттар.
Кеңгірдің алқабына көл мөлдіреп,
Құлпырған гигант қала, гүлді бақтар.
Көшедей шахталардың кең ішінде,
Жүгірер машиналар кеңісінде.
Қозғалып құдіретті тетік-құрал,
Сай болсын келешектің желісіне.
Ия, солай болмақ бәрі ертең ғана,
Жайнайды асылымен еркін дала.
Сызды бұл кенді қырға Компартия
Керемет келешектің көркін жаңа!
Бірақ та бүгінгінің бұл тынысы,
Болмасын әсте бір күн іркілісі.
Бастайық соған жорық жауынгерше,
Жұмсалсын кен жұртының бүкіл күші!
Русаков көз жіберді жиылғанға,
Бәрі де отыр екен ұйып алда.
Әсия, Ақан, Лера, Петялар бар,
Қадалған қиялымен қиырларға.
Әсия сөз тіледі: мүмкін болса, —
(Деп ескі әдетінше, комсомолша,
Сөйлейді көтеріліп, — болар солай
Көңілге арман құсы келіп қонса...)
— Жезқазған жарқырайтын шұғыламыз,
Кеңгірге мыс ордасын тұрғызамыз.
Қасынан аңғар қазып айдын көлді,
Өзіміз су толқытып туғызамыз!
Сақталған асылдардай адырдағы,
Соғады жанымыздың дәл ырғағы, —
Дегенде бәрі қостап Әсияны,
Үндері қияларда дабылдады.
* * *
Есіктен енді Қараш қайқаң етіп,
Бәрін де сұқ көзімен байқап өтіп.
Сөйледі Русаковқа қарап қана,
Әзінің өкілдігін айта кетіп:
— Не шықты берілгеннен құр қиялға,
Біреудің сандырағы идеал ма?
Бөгеді жаңашылдық кен ағысын,
Ақтаев арандатты бұл зиянға.
Парторг, сеніп жүрсіз осы кімге,
Көндігіп Ақтаевтың кесіріне.
Бұзған ол сом темірмен тас түйгішті,
Жол бар ма мұндай жатты өсіруге? —
Деп Қараш тапал бойы құрыстана,
Сол ескі әдетінше тұр сұстана.
Ақ шашын сипап қойды Русаков тек,
Қарашқа қарап ұзақ тыныш қана.
Ал Қараш сөйлеп тағы екіленді,
Ежелгі пікіріне бекіп енді:
«Ақан тез қуылсын!» — деп Әсияға
Қоқиып құдды қораз секілденді.
Орнынан тұрды Ақан, шыдамады,
Көп болды өсек жала шырмағалы.
— Қалайша қалмай жүрсің қыр соңымнан,
Уа, Қараш, үрлеп ескі сұр жаланы.
Парторг, айтыңызшы, қастығым ба?
Тіленіп талпынғаным тас тұғырда.
Сол кесек темірге де кім айыпты
Өзіңіз жеттіңіз ғой растығына?
Бөгелді ол, Әсияға қалды қарап.
Ашумен түйіліпті қалың қабақ,
Қарашқа отын шашып жанарынан,
Әсия отыр екен көзін қадап.
Русаков мұндай сырды байыптағыш,
Бұрыннан Қараштардың жайы таныс:
— Жігітім, қайдан таптың әдетті бұл,
Біреуге жала жапқыш, айыптағыш.
Танылар адам жанның тереңінен,
Ісімен, бейілімен, өнерімен.
Әке үшін бала жауап бермес болар,
Өз орнын таба білсе кең өмірден.
Ақанның ақау бар ма жүрегінде?
Жалын бар талабында, жігерінде.
Алуға асылын мол жер астының,
Сермеді өнерін де, білгенін де.
Ол озық — еңбегімен, шешімімен,
Өмірдің мұндай жасқа есігі кең.
Кінәсіз Ақан оған, темір кесек
Кетіпті басқа жанның кесірінен.
Қадірлі Ақан кенші қауымында.
— Не дейсіз әкесінің жаулығына,
Қалайша қадірлі ол? — Автоматы
Әншейін шимай сызық, даулы бұл да. —
Деп Қараш көтерілді қолын нұсқап,
Арыншыл арқа-басы тұр құрыстап.
Әлі де айтар еді — бөлді сөзін,
Есіктен қағаз ұстап кірген Ысқақ.
— Сүйінші, Ақан, міне келді хабар,
Тамаша жаңалыққа бұл барабар.
Москва үлгің үшін шақырыпты,
Талабың абыройын енді табар. —
Бәрі де кенет төне қалды хатқа,
Москва мән беріпті автоматқа.
Алдынан жай түскендей Қараш мең-зең...
— Жігітім, сөйле, Ақан — ақ па, жат па? -
Білдірді Петя солай қуанышын,
Тың құрал кен жұртына туған үшін
Ақанды арқасынан қақты бәрі,
Таң етіп тапқырлықпен тынған ісін.
Бәрінің шаттық ойнап жүздерінде,
Көрінді Қараштың тек зіл реңінде.
Жалт берді ол, Әсия тек бір түкірді,
Қараштың жылан иірім іздеріне...
Қызарып көктің алтын дөңгелегі,
Аспанға дөң астынан өрмеледі.
Қасында Әсиясы, жан анасы,
Ұшуға Москваға ол келеді.
«Победа» зымырады кең қырқада,
Жайнады көкке төсін керіп дала.
Алдында қоңыр көлдей қиыр жазық,
Алыста мөлтілдеген Кеңгір ғана.
Әлі де ұшатын жер жатыр қашық,
Қиян қыр, жазықтарын адыр басып,
Балалап жатқандай-ақ төбелері,
Құрылыс қаз тұрыпты жапырласып.
Адырлар ақ сағымға жатты дүзіп,
Не көріп, Ақан содан тапты қызық?
Гауһардай жалтылдайды кен тастары,
Ағылған вагондарда сап тізіліп.
«Менің де сол тастарда сыбағам бар,
Шыңдалды шыңырауында сынбаған ар.
Шіркін, сол автоматым дәуірлесе,
Сүйсінсе кенге қолын сыбанғандар!»
Тербеліп Ақан, міне машинада.
Қарайды қасындағы Әсияға.
Сонау күн сәулесіндей көз жанары,
Әсия күлімдейді қасын қаға.
Көзінің мөлдірінен мұң айыға,
Өзгеше сәулет еген шырайына.
Салқын, бос, жалғыз өткен жетім жылдар,
Жете ме махаббаттың бір айына?
Сарғайып қуанышын көп іздеген,
Ұлындай үмітінен ой үзбеген
Ана мәз екеуіне, тек жұбайын,
Алыстан қарауытқан, ол көздеген.
Әлі де емес кәрі, қырық жаста,
(Қырықта кей әйелдің сыры басқа)
Жоқ, ана қимас мәңгі некелісін,
Басқаға көңілі мәңгі бұрылмас та.
Асқардай болса биік ар-намысың.
Ари ма асыл жанның арманы үшін?
Қуып бір жеткен шақта мұратыңа
Немене, аз күн көрген арпалысың?
Қызық қой, наздану да, қызғану да,
Ғашықтың көн отына, ызғарына.
Теріскей желдей соққан сонау бір жыл,
Әулие махаббатты бұзбады ма?
Айрылып талай бейбақ жұбайынан,
Ағартып алды шашын мұңаюдан.
Болса да аз ғана шақ Әсияны,
Ақандай боздағынан кім айырған?
Талай жар ерін күтіп батты мұңға,
Жүрегін бөлеп соның ақтығына.
Не дейміз жары ғайып болса жаңа
Жар құшқан әйелдердің шаттығына?
Жоқ, Ақан, бақыттысың зайыбыңа,
Жоқ та ғой Әсияның айыбы да.
Тұрлаулы тағдырын, да, сүйгенің де, —
Өзгеше құдірет жоқ айыруға.
Дәуірдің тынысына дағдылымыз,
Ежелден еркіндік қой бақ-жырымыз.
Советтік алтынды заң кітабында,
Жазылған — айнымайтын тағдырымыз.
Емеспіз өткендердей уақыты тар,
Кең жолға жолаушымыз бақыты бар.
Достарым, сендерге мен қосылайын,
Арнасын асқақ әннің ағытыңдар.
Алдымыз алтын басты шыңдарға тең,
Кел, Ақан, шырқа жырды шығаңда кең.
Осынау тура жолдың асуында, —
Алдыңнан, мүмкін, күліп шығар әкең...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу