15.08.2021
  237


Автор: Қалижан Бекхожин

Мариям Жагорқызы

Махаббат пен достықтың бұл дастанына қаламымды қозғаушы Қазақ ССР-і өнеріне еңбегі сіңген қайраткер — Мария Егоровна Рекинаға.

АРНАУ
Өзіңнің өрен жырың бұл тағы да,
Ыршыған бұлт астында бұрқануға,
Бұл жырым жүрегіңдей таза сенің,
Ешкімнің бұрылмаған бұлтаңына.
Бұл сенен қызықты боп қалған аңыз,
Сазына сол жырыңның тақ қаламыз.
Тебіренсе даламызда «Дударайың»,
Бар қазақ тербелеміз, толғанамыз.
Жырлаймын сен сақтаған махаббатты,
(Ежелден ғашық жыры маған тәтті.)
Достықтың таңда соққан самалыңдай,
Жырла деп «Дударайың» дабыл қақты.
Жүруші ем, жастан сол бір қалап үнді,
Қозғадым құштарланып қаламымды.
Сүйікті сенің атың, наз дауысыңа,
Мүлгиді тербетіліп дала күллі!
Осы жыр жалындаған жас жаныңнан,
Орыстың жұлдыз болып аспанынан,
Шек бар ма достық пенен махаббатқа,
Кім соны іздеп жүрген дастанымнан?
Әніңе түнді жарып бізге жеткен
Қосылдым сырыңды ұққан қыз, жігітпен.
Мұң сазы жалындатқан жас қазақты,
Кем бе екен Марияшым Қыз Жібектен?
Мәңгі жас махаббаттың жыр лебінде,
Құмар ем, қалды даусың жүрегімде.
Жыршыңның кім ауызын қақпалаған,
Ғашықтың қажетсіз деп жыры өмірге?
Жырлап ем, дос жүректің сырын аңсап,
Жазылса жырларымның жолы жаңсақ,
Өзің кеш, Марияшым, өзің түзе,
Ақ ниет бұл жырымды көтер ән сап!
Жырымның сенікі ғой шын атағы,
Елеме бос күбірді, шырқа тағы,
Сыншым да сырлас болды саған бүгін,
Өзің «Дударайды» шырқатады.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті - он сегізге келген кезі,
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі...
Дударари - дудым,
Сенің үшін тудым,
Шіркін-ай,
Дударари - дудым?..»

ОРЫС ӘНІ
I
Үн-түнсіз таң сәріде жасыл Нұра,
Аққандай, толқындары жасырына,
Жағада шық бүркеген шілік - шоқы,
Иіліп құмартқандай жаз сырына.
Ежелден нөсері жоқ айқай-сүрен,
Шалқысын күз таңында қандай сырмен
Жөнелген жыршы құсы, жапырағы,
Сып-сида ағашында. жоқ қой сүрең.
Үстінде таң аспаны тұр бұлттана,
Жұтаң қыр, айналасы сұрғылт дала.
Ағады баяу өзен баяғыдан
Сол қырдың көштерінде жылжып қана.
Әлі де, дел-сал меңіреу, дала сұлық.
Бұлттарды таң қанаты алға сырып
Жайылды. Түн қуғандай сол елеңде,
Салт атты қырда неге жүр асығып?
Әлде бұл жарға асыққан бір жолаушы,
Немесе жел - құйын боп жүрген аңшы?
Нұраға тыныш жатқан дүбір беріп,
Бұл жортқан түн ішінде қандай жаршы?
Келеді әлдененің әлегімен,
Асқанда қырдың талай белеңінен,
Түн жарып жасыл Нұра көзге түсті,
Сонда ашу тарағандай ер өңінен.
Өзенге сақтағандай сағынышты,
Жүрегі жүргіншінің алып ұшты,
Ұмытты ызасын ол, таң да, әне,
Аспанға жайды нұрын алтын түсті.
Нұрадан өзен бар ма ыстық өзге?
Бесігі болған еді жастық кезде,
Ауды екен әке сорлы неге бұдан,
Көштерге еріп ылғи босқын кез бе?..

II
Аралап жөнелгендей жазықтарды.
Сол бір ән аңқып желдей таңертеңгі,
Қозғалып ұйқысынан тал тербелді,
Шымырлап шусыз аққан өзен беті.
Толқыннан туған ән бұл, терең шерлі.
Күн емес, осы дауыс жерді оятқан,
Керілді таңғы дала ойға батқан.
Жабырқап тұрған жаға жаңғырығып.
Бұл әнді естілмеген қалай тапқан?
Өзенге жақындады жас жолаушы,—
Естілді қыздың үні — орыс даусы,
Сазында мұң да, сыр да,терең еді,
Кім екен, тебірентіп ән шырқаушы?..
Алыс қыр, айнала қыр, құйын қарлы,
Жалғыз жан күңіренткен күйік әнді.
Борандай бұрқап көкке көтеріліп,
Сыңсыған жер сипалап, кейде зарлы.
Көтерген арман даусы құйындарды,
Өле алмай жатыр ма әлде қиып жарды?
Сорғалап кейде көктем жаңбырыңдай,
Ыстық жас қар үстіне ұйып қалды.
Үзіліп махаббаттың соңғы даусы,
Боранға көмілді ме сол жолаушы?
Ән жүйрік аттан және ажалдың да,
Күштірек бораннан да соқ, жаушы!
Жарына ақтық үнді алып баршы,
Ежелден махаббатқа өлең жаршы —
Көзіңе жас келсе де қыр түлегі,
Жүрекке сол бір әнді, құйып алшы!
«Япыр-ау, неткен дауыс, қандай ән бұл,
Толғанып кетті ме екен таңғы бұлбұл?
Таңсық үн Нұраны алып, таң сәріден,
Қалайша мұңды дала жаңғырып тұр?»

III
Бүгін де аққан Нұра күндегідей,
Ауылдай баяу көшкен сыр білдірмей.
Тұңғиық өзен түсі, тек тал ғана
Сыбырлап тұрды бөбек күбіріңдей.
Мұнартып тұрған тыныш жағасына,
Келіпті таң сәріден шал асыға.
Өзенге ауды тастап, суды сүзіп,
Жас қызы жаутаң қағып жүр қасында.
Ақ сазан, алтын шабақ асырын сап,
Әдейі ойнағандай жасырынбақ,—
Көрініп шал мен қызға жоқ болады,
Сүңгиді, су астында қашып, зырлап.
Жабырқап балықшы шал тұрды осыған,
Жүзінде бар секілді сыр ашынған.
Сарғыш шаш қырауытып, көз суалып,
Өткендей өзен қайғы шал басынан.
Ілінбей сүзекіге жалғыз балық,
Күрсініп қажыған қарт қалды налып.
Өзеннің желді күнгі толқынындай,
Басында бұрқанып ой жөнелді ағып.
Кеткенде ойға батып, шал жабырқап,
Жас қызы жұбататын әнін шырқап,
Қазір де ағындайды қыздың сазы,
Тыңдап тұр соны жігіт әрең шыдап.
Өзеннен толқындап үн, өрлеп селдей,
Жағаны кетті сол ән кернеп желдей.
Жағалай сұп-сұр дала... сол бір әуен
Шалдың да шерлі жанын тербеткендей..
Мінеки келді жігіт, қалды танып,—
Кәдімгі балықшы шал, Жагор, анық.
Жас жігіт көрінгенде қыз қымсынып,
Қайран ән қалды үзіліп...Жігіт барып,
Жагорға сәлем беріп, жатты шұлғып,
(Әнші қыз, кенет ойға батты мүлгіп
Жігітті бала кезде көрген сірә,
Қиялы жас шағына ақты зырғып.)
— Япыр-ау, біздің Жагор, ағаймысыз?
Бұл жақта адасқандай қалай жүрсіз?
Қалайша кеп қалдыңыз поселкадан,
Тұруды біздің жақты қалайсыз ба?
Алексей қайда?
— Шырақ, кім едің сен?
— Үкеннің баласымын, атым — Дүйсен
— Сенбісің! Көгершінім, бұл сен бе едің.
Жылы жүз жөн сұраған бұл кім десем.
Жагор қарт жас қазақты сүйді қысып,
Есіне еткен сонау күндер түсіп.
Үкеннің сұрап кетті халін Жагор,
Ежелден өскен жандай бір туысып...
Тілінде еркін шығар еңбек - кәсіп.
Болмады ойлағаны... жүдеу дала,
Мұнда еркін ойнақтаған тек жел ғана.
Қаңбақтай елбең етіп, көшкен қазақ,
Ен дала аясынан таппай пана.
Жатса да жомарт дала жазылып жай,
Жалғыз-ақ көреді екен қызығын бай.
Қырында бүрсең қаққан жарлы қазақ,
Орыстың бейнет шеккен мұжығындай.
Ауған жан шет өлкенің қиырынан,
Көп кезді көрмей рақат қиын қырдан.
Байлары жаны қас боп Жагорларға,
Жыландай жерді сабап жиырылған.
Осылай жоқшылықпен жүрген тұста,
Келіпті Нұра жаққа, Жагор қыста.
Үйіне Үкен сонда паналатып,
Табысқан бейтаныспен тар қуыста.
Ақ пейіл, жарқын мінез, кеудесі кең,
Ізгілік сезілгендей өр түсінен.
Үкенге ұнап кетті осы Жагор,
Сүйкімді мінезімен, әр ісімен.
Жатсынбай, аулында ала қылмай,
Сыйлады ол, өзінің дос қонағында.
Тілін де, әдетін де біліп Жагор,
Үкеннің болды туған адамыңдай.
Біреуге үй, біреулерге орнатып пеш,
Көмегі жұртқа тиді ертелі-кеш.
Өзі тек балық аулап, ал ауылға
Егіннің қасиетін етті кеңес.
Келгендей өзін біреу айдап бейне,
Налитын туған жерін ойлап кейде,
Осылай жүрген шақта сол ауылда
Туды ұлы, сүйіктісі Алексей де.
«Сақтасын орыс тілін, орыс рухын,
Бағыма бұл кезеңде дұрыс тудың,
Сәті боп оқи қалса бір қалада,
Болмасын ұрпақтарым мендей қуғын...»
Деп Жагор жүрген кезде ой үдетіп,
Кетіпті алты жылдай өмір өтіп.
Бір күні село даусы жетті Есілден,
Егінші жер сауырын дүбірлетіп.
Тартты ма егіншілік кәсіп ескі,
Әйтеуір, село жаққа Жагор көшті,
Алайда, Үкен досы кейде келіп,
Шертетін екеулері сыр - кеңесті.

V
— Е балам қалай әкең, әлі тың ба?
Алдына мал көбейтіп алатын ба?
— Әлі де шаруасы қиыр-шиыр,
Бар малы — көбеймейтін екі-үш сиыр.
Амалсыз көндіккендей шал бәріне...
Айтыңыз... Алексейдің хабары не?—
Өзі де қайғылы еді, Жагор тегі,
Жүр еді жанып іште жігер - кегі.
Жыл болды, жауыз патша әлегімен,
Баласын қан майданға жібергелі.
Хабарсыз сол ұлынан айрылғалы,
Соны ойлап Жагор байғұс қайғырады.
Кім үшін?— Германы кім? Патшасы кім?
Баласы кімнің кегін қайырады?
Күрсініп осы шермен жанды өзегі.
Үйінің сүйеніші жалғыз өзі.
Өзіне ұнап еді Алексейдің
Жасынан қайсар және ер мінезі.
Селода, ойлы бала жүрген кезде
Хат танып қалып еді, оқып лезде.
Оқитын кітап көрсе мүлгіп төніп,
Жас еді жұмыс десе, жаны төзбе.
Тартты ма жас жалыны бетіндегі,
Селоға сүйкімді боп кетіп еді.
Көргенде шаруалардың сор азабын,
Қайнайтын кеудесінде кек тілегі.
Дос еді Дүйсенмен де бала күннен,
Баурап ол ақылымен, талабымен,
Кеңесін шертуші еді сыры ғажап,
Оқыған адамдай бір саналы кең.
Шырмалып жүрген бала кезіндегі,
Шірік дін оқуынан езілме,
Ақылын Алексейдің ұғып Дүйсен,
Үш-төрт жыл бұдан бұрын безіп еді.
Айтып ол елдің өткен ерліктерін,
Болатын жандырғандай ерлік лебін
Үйреніп қалып еді сол досынан,
Орыстың әсем өрнек әріптерін.
Сағынып сол бір досын өр талапты,
Кенеттен Дүйсен міне ойға батты.
Баласын алып еске, Жагор шалдың
Тағы да ызалары қайнап жатты:
— Көп болды қатал құдай басынғалы,
Мұжықтан берекені қашырғалы.
Егін де шықпай қалды биылғы жыл,
Өмірі сорымыз бір ашылмады.
Көлігім — жалғыз атым, ол көтерем,
Кемпірдің ескі ауруы басым әлі...
Кеттім мен поселкадан, бұл Нұраға,
Белгілі кәсібіме жасындағы...
Жас жігіт тыңдап шалдың қайғы сырын,
Жанында шертілген күй жасырын.
Мұңайып қалды - дағы, кетті сөйлеп,
Сездіріп жүректегі зіл - ашуын,
Жазықсыз даламызда жүреміз деп,
Қырсықты, қиянатты көреміз көп.
Біреудің атын мініп, бес күн болды,
Жоғалтып жалғыз атты келем іздеп,
Жүргенде саяқтармен сонау қырда,
Ықтапты әнеугі бір сел жаңбырда.
Көріпті біреуі: сіздің село адамы,
Жүр дейді мініп қазір Сары адырда.
Келемін сол селоға асығып тым,
Атымды ұстады екен басынып кім?
Көріп ем мұндай талай бүліктерді,
Соларды ойлап қазір ашыныппын.

VI
Білетін озбырлықты осындай тап,
Жагор қарт тыңдап турды басын шайқап,
Жігіттің ынта қадап сөзіне де,
Өзін де Мария қыз қойды байқап.
Сүйкімді күрең жүзді, әсем сымбат,
Өр кеуде, жалпақ иық, бойы сұңғақ.
Бөрігінен шашыраған бұйра шашы
Түсіп тұр кең маңдайға келісіп-ақ.
Өткір көз, қарақаттай қарашығы,
Қабағы әрі ойнақы,әрі ашулы,
Жіңішке қара мұрты — келбетіне
Әдейі біткендей бір жарасымды.
Қараса көзінен сыр қозғалғандай,
Мейрімді айтылатын сөздер бардай.
Өзенге тастап торды орыс қызы
Жігітке қарап тұрды көз аудармай.
Су беті шымырлады, ыршып міне,
Аңырып балықшы қыз тұрсың неге?
Селт етіп, ауыр торды тартты Мариям,
Ілікті қыздың қолы несібеге!
Мариям торды жұлқып жатқан кезде
Дүйсенде түсіп суға кетті лезде.
Жас жігіт балық толы торды сүйреп,
Қарады қасындағы отты көзге,
Кейбір сәт жүзі күліп жас балаша,
Көзінен жалын атқан жалт қараса.
Бояу жоқ бетінде де, үстінде де,
Табиғат еркесінде тап-тамаша.
Көз нұры сол өзендей жасылдана,
Қылықты қасиет бар қасында да.
Жұп-жұмыр ақ сазандай ақ мүсінді
Жұпыны көйлек бүркеп жасыра ма?
Қыз дене қызықты ез қалпыменен,
Артық қой әсірелеп айту деген.
Тек аузы әсем күйдің аспабыңдай,
Бұғағы бүлкілдеген, ән тілеген.
Ана жыл көргенде бір бөбек еді,
Ол кезде анық байқап, елемеді.
Есінде сергек сыры бала қыздың
Күлгені еркін - ерке, билегені.
Жас жігіт таңырқады Мариямды,
Есінде айтылған ән қалып әлгі,
Тағы да әншіл жастың аңсап жаны,
Телмірді қызға қарап сүйіп әнді.—
Қарындас, неткен ғажап әнші едіңіз!
— Ән емес, шыққан ол бір жан шеріміз.
— Шер ме еді?
Жүрегімді алды шырмап,
Тағы да сол бір әнді сап беріңіз!
— Масайрап ән шырқайтын мұнда жоқтай.
— Жастықтың қайда жүрсе тойы кеп қой...
Жөтелді Жагор тұрып жар басында,
Белгісіз — қайғыру ма, жоқ ашу ма?
Қыз, жігіт сөзді қойып, ауыр торды
Сүйрелеп шықты судың жағасына.
Міне ырыс! Лық толыпты торға балық,
Осыған Жагор аға тұр қуанып,
Бұлқынып ақ шортандар жұлқып ауды,
Шопылдап шабақ ыршып, торды қағып.
Сүйсініп Жагор мына табысына
Сөйледі қарап судың ағысына —
Қуырылған балық жейсің біздің үйден,
Мария, бұл Дүйсен ғой, танисың ба?

VII
Тып-тыныш Сары адырда шаң молайта
Құйғытты село жақтан бір тройка.
Алыстан күңгірлеген дулы-шулы,
Гулеткен гармон тартып, жырын да айта.
Қай мырза думандатып келе жатқан?
Мезгілсіз сейіл құрып село жақтан?
Мариям көзін қадап, тыңдай қалды,
Жасынан гармон даусын ол ұнатқан.
Үш жігіт пауескеде, қызу жырлап,
Келеді, жұтса керек бір азырақ.
Тартса да күйші гармон, сескендірді
Даурыққан дауыстары қыздың бірақ.
Шегір көз әне біреу едірейді,—
Мариям тани кетті Андрейді.
Мақтаншақ, селодағы бай баласы,
Сыртынан қыздар оны «әңгі» дейді.
Не қылсын, жерге, малға бай әке бар,
Озбыр жан жегі - жебір пейілі тар,
Есілдің жазықтарын жүндей түтіп,
Нұраға ауды құлқы, болды құмар.
Жан-жаққа, йен жазыққа егіп егін.
Төстеген емін-еркін төңірегін,
Шаруаны езіп ылғи, қазақ көрсе,
Көтерген тәкаппар ол көкірегін.
Қадалса кімнен болсын, қан алады,
Қашады керсе оны дала адамы.
Пәлеқор пейіліне берген ұйтқы
Парақор ұлықтары қаладағы.
Андрей масайраған, қызып, шалқып,
Гармонды дірілдетіп, үзіп тартып,
Көрді де Марияны арбасынан,
Әзеуреп сөйлей түсті бұзық - тантық.
«Сұлу қыз, неғып жүрсің оңашада,
Жүр бізбен серуенге, тамашаға...
Безініп жастық сайран қызығынан
Жүргенін, балық аулап жараса ма?!»
Ал Дүйсен қарай қалды атқа төніп,
Үш аттың жөн - жауыры аппақ көбік.
Күміс қыл кекілінен тани кетті,
Өзінің ақсұр атын кенет көріп,
«Шырмалдың қандай сұмға, жануарым,
Мойыныңнан күзеліпті қалың жалың!»—
Деп Дүйсен басын сипап өз атының,
Налыды жүрегінде жанып жалын.

VIII
Барса да Марияға екіленіп,
Андрей тұра қалды зеку көріп.
Өз атын ұстап жатқан сол жігітке,
Бұрқырап сөйлеп кетті жетіп келіп:
— Әй, қазақ, жөнел әрі, аттан аулақ!
— Бұл атты ұстап алдың қайдан аулап?
— Саған мен жауап беріп жата алмаймын.
Танысаң, бар, ала бер, сотпен даулап.
— Көпіріп зорлық айтпа, менің атым!
Бар еді жегуге оны қандай ақың?
— Жеп қойды егісімді шығындатты,
Сол үшін бір: жаз бойы жегем атты.
Бетінше өріп жүрген малдарыңның
Осындай кеп қырсығы маған батты.
— Мынауың жапқан жала, қулық мүлде,
Егін жоқ ол маңайда, қу өңірде.
— Бәрібір сенің атың еркін жайлап,
Жүр екен көкорайлы тың жерімде.
— Көрінді шатақ құмар екеніңіз,
Бұл ара атақоныс мекеніміз,
Бабаңнан мұнда қалған жерің жоқ қой,
Мал жаймай енді қайда кетеміз біз.
Мынауың озбырлық қой нағыз тіпті,
Көргенбіз мұндай талай жауыздықты.
Мұныңды әкімдерге жеткіземін,
Өзің болып тұрсың жалғыз мықты.
— Әкімдік бәрі бізде, яки менде,
Менімен тіресетін тегің тең бе?
Егессек жеткіземін жандаралға
Ауылыңды айдатамын Бетпақ шөлге.
— Байқа, сен тегімізге тіл тигізбе,
Белгілі Россияның жұрты біз де.
Қуа алмас ешкім бізді туған жерден,
Далама көшіп-қону еркімізде.
Қарыспа, қайсарлықпен қайтар атты!—
Деп Дүйсен өршеленді айта қатты.
Балығын тасып жүрген Жагор ағай,
Бұлардың керістерін байқамапты.
Келді де араласты сол ұрысқа:
— Көкисің күштімін деп, бұл дұрыс па?
Қой, бала, қыңырлықты, босат атын.
Әйтпесе...ашулымын, сөзім қысқа...
— Бұл іске балықшы шал сен кіріспе,
Қайдағы қырғыз үшін ара түспе!
— Атымды босат деймін!
— Сал жұдырық!
— Әрі кет, үйір неме арам іске!
Күлімдеп шырай берді әлгі шіркін.
Әдемі өткір көзді, ойнақы қыз,
Күлімдеп сол жігіттің қоймады ырқы.
— Би билеп жатыр ма деп келіп едім...
— Я, бикеш, солай... болсын көңілдегі
Мына бір кезбе қырғыз болды бөгет,—
Сауықтың жасар едік кең дүрмегін.
— Ендеше соның атын жіберіңіз,
Гармонды гулетіңіз, жүр келіңіз!
Билейік, билеп мен де ән шырқайын,
Жадырап қалсын бір жүрегіміз...
Андрей қыса қалып көзін қылмаң,
Гулетті гармонын да өзі жылдам.
— Ал, шырқа, қыз, ал шырқа, биле!
Кең көшеде, тау баурында,
Шырқалатын жыр қайда?
Андрей тартып билеп жорғалады,
Гармонда созылып үн ырғалады.
Кенеттен қыз аузынан ән ұшқанда,
Жөнелді желдей кезіп жыр даланы.
Аңырып аузын ашты Андрей де.
Елшісі махаббаттың ән демей ме —
Соғылды шапалағы сары жігіттің
Өзіне айтылғандай сол ән бейне.
Дүйсен де ат үстінде елеңдеді,
Кетпей тұр, шырмағандай өлең тегі.
Жагор қарт, қолын сермеп, күлімсіреп:
— Жігітім, атың олжа жөнел!—деді.
Құйылды жүрегіне сүңгіп ән де,
Шертті ме махаббаттың жырын әлде?
Тізгінін Ақсұр аттың тарта берді,
Тартып қыз жырымен де, сырымен де.
Сол бір ән артта қалып өршіп жатты,
Мейлі бір өзен жыр боп ақсын қатты.
Па, шіркін, орыс әні қандай жақсы,
Құтқарған қыл бұғаудан Ақсұр атты!

КӨЛДЕП КҮЙ
I
Күмістей жарқыраған қоғалы көл,
Қоныпты осы көлді жағалап ел.
Аққу, қаз су сабалап қаңқылдаса,
Қамысын дабылдатып қағады жел!
Көлдегі жалғыз ғана қызық думан,
Мал даусы жамырасқан, қызықтырған,
Жиекте, әлдеқайда бүгін кеште,
Шырқаған қандай қыздар сызылтып ән?
Жағалап осы көлді келе жатты,
Белгілі біздің жігіт, Ақсұр атты.
Келеді осы ауылға өз үйінен,
Түнеріп түйген неге қас-қабақты?
Құтқарып Ақсұр атты келген күннен.
Әкеге шерткен сырын көрген - білген.
Ақ пейіл Жагор аға, жасыл Нұра
Жағасы бұл арадан кең көрінген.
Айтса да әкесіне — тыңдамады,
Сүйеді бесігіңдей қыр - даланы.
Бес қара алдындағы бес жүз малдай
Көрініп, ойы соған шырмалады.
Көндіккен тұрмысына әке мүлгіп,
Түйедей шөлде жүрген ептеп жылжып,
Азығы — айран, сүті аз қараның
Сондықтан малға,ғана еткен құлдық.
Жігітке бұл далада кәсіп қайда?
Бес малды бағып-күту несі пайда?
Жалданса әлде байға — жас жігері
Құм болып, жанбай жатып басылмай ма?
Осылай қалар ма екен Дүйсен әлде,
Бұрқаған дала бұлты бүрсең елде?
Бас имей кедейлікке. байлыққа да,
Өзімше емін-еркін жүрсем мен де —
Жасынан жасымаған жас жігерді,
Өрлігі, өткірлігі басым еді.
Жаныңа үміт күткен бар талабы,
Өзгеше даланың бұл жас түлегі.
Оқыды әліп-биді, білді нені?
Тәйірі, дін оқуы білім бе еді?
Әйтеуір, хат таныды, бірақ содан.
Не пайда, елге, өзіне білінбеді,
Тигізіп еңбегімен үйге себін,
Шабатын біреулердің кейде шебін.
Күрсініп бала жігіт, батып ойға,
Іздейтін көңіл күткен келешегін.

II
Шақырып болыс мырза, ол келеді.
Көп болды соның түрін көрмегелі, Ыдырыс...
Қара шұбар, көзі қызыл,
Жыландай көз алдында өрмеледі.
«Шақырды неге мені, менде ісі, не?
Жазығым жоқ еді ғой, бұл кісіге?»—
Деп ойлап, тепеңдетіп Ақсұр атты,
Ауылдың келіп қалды іргесіне.
Қараша киіз үйлер кел жағалай,
Үнсіз тұр, аулақтағы бір моладай.
Естілген мал. мен иттің даусы ғана,
Әйтпесе жапан дүздей қу жадағай.
Ортада ақсұр үй тұр кебін түсті,
Ішінде көп үйлердің сол бір сұсты
Қабағы қату жігіт жортып келіп,
Қасына сол орданың келіп түсті.
Кім екен, үй ішінде гүжілдеген?
Тап өзі,—бұл Ыдырыс кіжіңдеген.
Сыртынан жерлеп жатыр әлдекімді,—
Бәрі бір, кірді жігіт сыр білмеген
Сәлемін берді Дүйсен. Болыс көріп,
Қарады кірпік қағып, бас көтеріп,
— Есен бе? Әкең тың ба?— деп қырылдап.
Құбылтты сұрғылт түсін тастай берік,
Көрмеген көптен бері Ыдырысты,
Әлі де баяғыдай еді сұсты.
Бірақ та өзгеріпті қияпаты,
Бурадай қырау басқан бурыл түсті.
Селеу мұрт тікірейіп ұзарыпты,
Шаян көз жыпылықтап қызарыпты.
Қатпарлы ажымында шұбар беттің,
Алапат ашулардан із қалыпты.
Айбатпен қасын қақты бәйбішеге,
Отырған әлденеге қайғы шеге.
Сабаны күмпілдетіп құйды қойып,
Көпірген сары қымызды бір тегене
Дүйсенге тостағанды ұсынды да,
Ыдырыс сөйлеп кетті тосын, тура.
Ұйпалақ қасын қағып, келгір көзбен,
Тұрғандай айланы бір тосып, сірә!

III
— Әкеңді бала жастан білемін мен,
Бұйығы байғұс шал ғой, тілегі кең.
Аталас;адамбыз ғой... Рас бұл өңір,—
Тегінде, төл - әулетім түгелімен.
Әкеңнің білем халін, малы азайды.
Бұл күнде басқан шығар ыза - қайғы
Ойым бар қарасатын кейін бірақ...
Болайын қызметімде өзім жайлы.
Бұл кезде, қызметі тым ауыр, тегі,
Көбейді ұлықтардың әмірлері.
Алдияр ақ патшаға құрмет үшін —
Игі бір бұл ісім ғой өмірдегі.
Бірақ та қызмет тіпті ауырлады,
Қазақтың лаңы кеп: қой ауылдағы.
Бағынып жай жүрмеді, шағым - шатақ...
Басымды қатырды ылғи дауы тағы.
Қолым да хат білмейді... мол әбігер,
Тұрмын бір жәрдемшіге болып ділгер.
Деп,сөйлеп ол Дүйсенге қарады тез.
(Ішінен бұл ойымды деді білер.)
Қымызын жұтып Дүйсен, тіл қатпады,
Болыстың ойын күтті тыңдап тағы.
— Білесің жазу-сызу, сенсің аздап,
Білетін орысшаны бұл жақтағы.
Боласың.маған хатшы, бұл саған бақ,
Өзің де өсіп қапсын, тұрсам аңдап.
Ақылға айла қоссаң — дүниең түгел.
Берік бол тек өзіңе,— менде салмақ.
Маған сен — жақсы қызмет тұр, қолайлы,
Қатал бол, тек түңілтіп жүрме байды.
Былайғы, жарлы - жақпай сонда сенің
Алдыңда бала қаздай жорғалайды.
Деп болыс күтті жауап кезін қадап.
— Болысеке, емес бұның ізгі талап,
Шен тағып,|іздемеймін қадірді мен,
Табамын талабыммен өзіме бак,
Өзіме қымбат жастық еркіндігім,
Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін
Әкімге қошамет —
құлдықпен тең.
Қалайша арқалайын қорлық жүгін?
Бақыт па, жазықсызды жорғалату?
Бұл жұртта онсыз да кеп сорға бату?
Жоқ !
Сізге қызметші бола алмаймын,
Шен үшін — сұмырайлық — арды сату!—
Дегенде болыс түсі түнере қап,
Орнынан ұшып тұрды, төне қарап,
Дүйсенге қолын сілтеп безілдеді,
Жиырылып шұбар бет пен түнек қабақ .
— Не дейсің? Не деп, тұрсың?
Сөзің тантық!
Болды ма бұл құрметім — өзіңе артық?
Әкімге мін тағатын сен кім едің?
Қалмайсың қарасам бір көз алартып!
Үйрендің сұмдық сөзді әлдекімнен?
Қарашы! Ақбіл айтпақ дәлелімен...
Шен тағу — сұмырайлық па?! Билік сірә,
Кем бе екен кедейліктің әлегінен!
Тентіреп әкең келер есігіме.
Келтірем, ерегіссем кесіріңе —
Сені де етем жалшы,— тоқта бейбақ.
Жөнел! Сол шешімім де, кесімім де!
— Жоқ , болмас!
Тағдырымды шештім деме!
— Көрерміз оныңды біз, «күшті неме» .
— Өзіме өзім ие!
Еркім барда,
Жалынып күн көрмеспін. ешкімге де!—
Деп жігіт, жалындады сертке сеніп,
Болыс түр, бойын ашу — өрт еңсеріп.
Есігің қатты жауып кеткен кезде,
Ақсұр үй селт еткендей бір теңселіп.

IV
«Өзіме қымбат жастық еркіндігім
Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін.
Әкімге қошамет— құлдықпен тең,
Арқалап,жүре алмаймын қорлық жүгін.
Қарашы, жасытпақшы, сөйлеп өктем.
Жауыз ғой, билеп жүрген елді әлекпен.
Кіріптар болмаспын мен саған мәңгі!..
Дұзағын құрса құрсын мейлі кекпен...»
Осылай көл жағалап келе жатса,
Бір топ қыз бұраңдаған жас құрақ,
Жігітке қандай қызық осындайда
Алдынан күлім көздер қасын қақса!
Сыланған перизат па ертегіде?
.Қай жақтан. биші қыздар жүр тегінде?
Орғиды, жорғалайды, тербеледі,
Күй гулеп, естігенді еріте мүлде.
Безілдеп жатыр гармонь толқын күймен,
Тербелген он екі қыз шалқып бимен.
Ақырып қалды тұрып аңқау жігіт,
Қорғанып бұл қызықтан жаны сүйген.
Жігіттің ерсі болып аңырғаны,
Мазақтап қыз біткеннің күлді бәрі.
Жаудырды жамырасып әзілдерін
Ежелгі қалжың сөздің құмарлары.
— Мынау кім, жалғыз жүрген дуана ма?
Кім айдап келді өзін бұл араға?
— Қыздар - ау, үндемеңдер, бұл болыстың
Әкімі, ақбоз үйге кірген мана.
Әкім бе? Онда бізден жүрсін әрі.
— Молда, әкім, жігіт емес,— әрі-сәрі,—
— Түсір деп аттан өзін тұрған шығар —
Деді де жүгірісті тағы бәрі.
Ат үркіп, жақындатпай қарғып көкке.
Есесі сол әзілдің қалды-ау текке.
Бәрінен ойды бұрын тартты бірақ,
Гармонды гулеткен қыз сонау шетте.
Уа ғажап, Мариям ғой, сол.емес пе?
Әнеугі айтқан әні түсіп еске,
Әбігер, қайғы - қамның арасынан
Қиялы ауған талай осы елеске.
Сол көзі жаутаңдаған жас балаша
Дүйсенге қарағандай назбен таса...
Асығыс қарғып түсті аттан жігіт.
(Тегінде тықыршимыз қыз қараса.)
Беріліп наз жүрегі, әр қиялға
Бұл жаққа келіп еді Мариям да,
Бар еді сырлас қызы Өрік деген,
Ән күйге ол да құмар ару жан да
Селода тұрған көрші Өрікпенен,
Әнші қыз, дауысы бар еркін, өрен.
Сүйікті болған еді Мариямға.
Наз, жылы.. мінезімен, көркіменен,
Әкесі бай орыстың малын бақты,
Жыл болды, түтек боран соғып қатты,
Шел тасып айдалада жүрген кезде,
Сорлы әке үсіп жолда өліп.қапты.
Кәрі ана, қайғы түсті қыз басына,
Сондағы тек Мариям наздана да.
Ыдырыс келіп бір күн, жақыным деп,
Көшірген Өріктерді өз қасына...
Өрік қыз әлі бала, әлі еркінде,
Құлпырған жаңа ғана гүл көркі де,
Ыдырыс жетім қызды еркін ұстап,
Сыртынан күлімдейтін көріп күнде.
Күй мен.би алушы еді қыздың дәтін.
Көкейін қытықшыл күй қоздыратын.
Кездессе Мариямға Өрік кейде,
Біздерге би үйрет деп наз қылатын.
Сәті бен Мариям да келген еді,
Оңаша, көзден таса көл жиегі,
Мариям гармон тартып, өзі бастап,
Қыздардың қызып еді сол билері.

V
Осыған сүйсініп тұр Дүйсен біздің...
Бірақ та ар.асынан көп сол қыздың
Кезіне Мариям, қыз жарқырады,
Шолпандай ішіндегі топ жұлдыздың.
Табиғат қалай асыл нұрын құйған?
Кетіпті сұлуланып бұрынғыдан.
Шоқтанып көз жанары, жүзіне қан
Жайылып, бәйшешектей қыз құбылған
Дүйсенмен сәлемдесіп жылы леппен,
Жүзіне қарап қана қойды әдеппен,
— Қыздарды қуантуға келдім деңіз,
— Сіз - дағы құр қалмаңыз, кел билеңіз!
— Билесін,— деді Өрік,— гармоныңмен,
Мариям, бұл жігітті әлдилеңіз.
Осылай,қоршап қыздар бастырмалап,
Мариям гармонын да басты қалап.
Жігітім, шыныменен қиналдың - ау,
Қиын ғой білмегенге, рас, бұл талап.
Мереке, не бір;тойда, не;бір кеште,
Сол қызды көрмесек те бұрын әсте
Шақырса бізді биге білмеймін деп
Жігіттер, тұрғанымыз мін емес пе?
Ұялып солай Дүйсен қалған шақта,
Көп жылқы қаптай шықты кең алқапқа.
Келеді жылқышылар дүбірлетіп,
Осы бір құйқылжыған гармонь жаққа.
Жігіттер келді. Ол кім түсіп аттан,
Әзілдеп сақ-сақ күліп,сөйлеп жатқан?
— Апырау, Базарсың ба?—
Барып Дүйсен,
Құшақтап алып келді сол бір топтан.
Жігіттің аты —
Базар, өзі кедей,
Бірақ та жүрген жері жәрмеңкедей.
Жалғыз бас, Ыдырыстың жылқышысы,
Сонда да жалшылығын жүрді елемей.
Досы еді Дүйсеннің де сырға берік,
Қыздардан.сүйіктісі — сұлу Өрік.
Өріктің тілегімен Мариям да
Нұрадан келіп еді соған еріп.
Көңілдің күйін серпіп жастық албырт,
Сол Базар сөйлеп кетті тасып - шалқып,
— Ал кәне, Мариямжан, бас гармонды,
Билесін мұндағы бар жас құмартып.
— Жігіттер аяқтарын баса ала ма?
— Билейміз қарғи басып қасақана.
— Өркенін. ессін, Мариям, шырқа, шырқа
Қызық қ а батайық бір осы арада...
Жандарын қытықтайтын безек күй кеп,
Ырғалып он екі қыз, кезек билеп,
Киіктей орғып кейде, кейде ұршықтай
Иірілді, шыр дөңгелеп, желпіп көйлек.
Топ қыздың арасында әсем, сергек.
Мариям күйді тартып, өзін тербеп,
Айналған кейде кербез, кейде оқыс,
Аққудың қанатындай қолын сермеп.
Етегін көйлегінің жел әлдилеп,
Денесі суда қалқып жүргендей тек.
Теңселіп толқындары, су шымырлап,
Тұрғандай тіпті қазір кел де билеп.
Сызылып келісіммен, сырлы нәшпен,
От беріп жүректерге, күй тілдескен
Билеуді білмесе де қыр,түлегі,
Сол күйдің ырғағына оймен көшкен,
Етеді кейі арбаң, кейі бұраң,
Қалбаңдап жатыр күліп, кейі бұған,
Мейлі! Жаңалықтың бәрі қиын,
Басталады ауылымда би думан...

VI
Қаздай күн сүңгіп көкке жоғалды тез,—
Керілді жер үстінде көкше күмбез.
Жер жасыл, аспан ашық, жас көңілге,
Осындай сүйікті ғой кешкі бір кез!
Құрылды алтыбақан! Бәрін шақыр!
Талай жас көл басына келе жатыр.
Сұрықсыз, салтанатсыз сидаң қырда
Сарғайған жас қауымға бұл театр...
Қозғалды алтыбақан.
— Тербе, тербе!
Наз қыздар дауыстайды жігіттерге:
— Қаттырақ бас аяқты шырқа, шырқа!
Жөнелсін дауысымыз жүйткіп өрге...
Ішінен сол үндердің шалқып - аққан,
Бір дауыс әсем әнмен қанат қақ қан.
Тербетіп үміт күткен жүректерді,
Жабырқау жандарына жалын атқан.
Өзгеше осы бір үн өзекті өртеп,
Тына қап, құмарлы жас тұнып түр тек.
Аңырып қалды Дүйсен, орыс қызы,
Кенеттен, әнмен жұртты кетті| тербеп.
Көтеріп сыршыл Базар сол бір әнді,
Қостап тұр қошаметтеп Мариямды.
Уа тәңірі, орыс қызы, қазақша айтып,
Қалайша тебірентеді тыңдағанды!
Қоқырау көмекейден сызылып ән,
Шық қанда шырқап көкке жүз құбылған.
Қадалып құштар көзі жігіттердің
Берілген, жұтып әнді бұлбұл қыздан.
«Амал жоқ қайттым білдірмей,
Апырау, қайтып айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей.
Не, салсаң да; тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан
Қорлық қ а көндім бұл құрлы.
Байқалар халым бұл хаттан...
Шыныңды айт, кімсің тербеткен —
Иембісің сақтаушы?
Әлде азғырып әуре еткен —
Жаусың ба теуіп тастаушы?
Шеш, көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыс?
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс...»
Сыңсып қыз естілмеген сырлы жырмен,
Құпия көңілден бір ой білдірген.
Қандай наз? Қалай шықты осы бір саз,
Мұңайып Мариямның жүрегінен?
Шыңғыстың шыңдарында шертілген жыр,
Ғашықтың жүрегіне төккен бе нұр?
Естіп бір Татьяна шерлі күйін,
Ыстық жас, көздерінде мөлтілдеп түр.
Расында бізге тосын аты ғана,
Сүйкімді орыс қызы Татьяна.—
Назыңдай махаббаттың ұйып тыңдап,
Дүйсен тұр жүрегінің оты жана.
Осы бір жаңа келген әнмен тәтті,
Мариям әлдекімге мұңын шақты?
Сұлу ән, Татьяна, жас Мәриям...
Шалқу сап, Дүйсен біздің ойға батты.
Қиялы қанат қағып тәтті жырмен,
Ұмытып айналасын кетті мүлдем, .
Қол артып иығына Мариямның
Жымиып жалындаған от көңілмен.
Жас біткен жаңа айтылған сүйіп әнді,
Сүйсініп, қалды ұнатып Мариямды.
Айтсын!— деп, орыс әнін тілеп бәрі,
Телміріп. әнші қызға тұрып қалды.
Орыстың өрен әні жетіп көкке,
Құйылды толқындай бір көкірекке.
Саңқылдап кетті даусы Мариямның
Таратып тың әуенді төңірекке.
Өзгеше ән шалқып түнде шыққан шақта,
Таңданып. түрді құлақ жұрт аулақта.
Ағылды қойшы, жалшы сол маңдағы
Осы өлең жаңғырығып жатқан жаққа:
Тіл өзге, сыры терең сезілмеген,
Құдай-ау, түсінбедік сөзін неден?—
Десе де, тамылжып ән тамсандырып,
Ұйытқан жүректерді сұлу өлең.
Керексіз әнге тілмаш — сыршыл наз ән.
Сүйсінсең балқымай ма сазына жан?
Тыңдаймыз таңдай қағып
Поль Робсонды
Негрдің айтып мұңын, сыр қозғаған.
Сондай-ақ, сезгір жандар елтіп үнге —
Қосылып әнге бәрі кетті бірге.
Ән десе алып ұшқан халықпыз ғой
Өлеңмен әлдилейтін өлімді де...

VII
Үстіне түйе жүнді шекпен киген,
Аптығып шықты біреу ақсұр үйден.
Жас,қауым жатыр еді думандатып,
Қызықтың маздап оты әнмен, күймен,
Ашулы, ақ шоқпарлы, тұман түсті,
(Осындай пәлеқор жан келер сұсты.)
Ақырып ақ аюдай қалған кезде,
Жас біткен тани кетті Ыдырысты.
Селт ете қалды тоқтап ән үзіліп,
Сөнгендей лапылдаған думан - қызық.
Іркіліп әнге еріген қыз-бозбала,
Сәулетін жас ойнақтың кетті бұзып,
Көтерді ақ шоқпарын сермеп көкке,
Дүйсенді ұрмақ та еді тұрған шетте,
Қолымен қалды қағып жылпос Базар,
(Сірә епті болушы еді мұндай кепке.)
Ыдырыс жас біткенді,атып көзбен,
Бажылдап жұртты қуды бейпіл сөзбен.
«Сайтан қыз, жоғал әрмен көз алдымнан,
Жоғал, тез азғын сұмдар, діннен безген.
Құрыңдар, жын - ойнақтар, жоғалыңдар,
Өңшең қу, азып туған, бәле құмар!..»
Ыдырыс осылайша тұр барқырап,
Жылысып үрейлі жас кетті ыдырап.
Мариям сол айқайдан сескенді де,
Сол жерден - оқшау барып тұр қалтырап.
Есітіп Ыдырыстың сойқан сөзін,
Үн-түнсіз кетті қадап Дүйсен көзін.
Ызалы жас біткенді сол бір сәтте
Билеген толқынымен қандай сезім?
Жандары, жаңа естіген сол әнді аңсап,
Жөнелді жас өрендер қолдай самсап.
Үніндей ереуілдің осы бір ән
Тербеліп түнгі ауылға жаңа жар сап,
Мариям есін жиып, бастап әнді,
Жәрмеңке жас өмірмен ән аттанды.
Ыдырыс бұлт бүркеніп кел басында,
Тепсініп жалғыз езі тұрып қалды.

ЖҰТ
I
Қыс келді бұлың қырға басын сілкіп,
Қыраулы қабағынан ашу бүркіп,
Даланың келді ежелгі шапқыншысы,
Ақ боран апыр-топыр аң шұбыртып.
Бұл қырды қиырсыз бір ұлан-байтақ,
Кеткендей анталаған боран жайпап,
Қар ұйтқып, шудасынан қалың бұлттың
Қаптаған буралардай басын шайқап.
Бейбіт қыр белеңіне түсті бүлік,
Жалаңдап айдаһардай қыс құтырып,
Сабалап обаларды, молаларды,
Далада тентек боран жүр ысқырып.
Жәндік те, жануар да, жортқан аң да,
Жай тауып тұра алмаған бұл жапанда.
Асыр сап алапат қар, долы құйын,
Билеген жер төпелеп жоталарда!
Сұрапыл соққан сондай бұрқасында,
Бір шал жүр Тұщы көлдің қырқасында.
Мұз қаңбақ секілді бұл қалтаң қарттың,
Бүрсеңдеп үш-төрт қара жүр қасында.
Боз қырау бетін бүркеп, қарлы кірпік.
Кигені шидем - шекпен — бәрі жыртық.
Мұз қатып,қабағына бүкшиген шал,
Қазып жүр қалбалаңдап қарды күртік.
Қазады, қардың тоңы мүлде қатты,
Ақ құйын толастамай бұрқап атты,
Тәлтіреп төрт сиыры бұғып төмен,
Іздейді қар астынан қылтанақты.
Апыр-ау. бұл неткен қыс, сұм селебе!
Соғып түр өршеленіп мұнша неге?
Болса да наурыз айы әлі боран,
Мал шіркін қырыла ма, малшы өле ме?
Қыс ерте қырға жапқан мұз қанатын,
Таусылған мал азығы — аз ғана тым,
Ежелден жарлы малшы — сорлы ,малшы,
Қырдың да қау, түктерін аз алатын.
Үкен де шөптен ерте болып жұрдай,
Жүр міне, шырматылып сорға мұндай.
«Малсыздың күні қаран»деген сорлы,
Жұлқынды жаны малда тұратындай.
Қарды ашып, жегізгелі жердің түгін,
Талай күн аласұрып, көрмей тыным,
Бүгжеңдеп жапанда жүр күйгелек шал,
Боран да құтырынып тұрды бүгін.
Боран да соқты бүгін құтырынып,
Қар басқан төбелерді түтіп ұрып.
Ысқырып өрен құйын ойнақтайды,
Еркіндеп ен далада өкім құрып.
Жалаңдап, қар саусағын.жаза жылжи,
Шертеді айдалада азалы күй,
Үскірік сұрапылды сол асыр
Далаға таратқандай азап ылғи.
Бір жақта бота боздап түйе шөгіп,
Қалды ма боран көміп, иесі өліп?
Бір жақта шұрқыраған жылқы даусы,
Қамаған әлдеқайда қасқыр төніп.
Ұлиды, маңырайды, мөңірейді,
Айнала ақ перделі — көрінбейді.
Үкен жүр кеш түссе де, тек малдары
Сау болса — өзі өлсе де көнді мейлі.
Айнала әр төбеде әркім әлек,
Алысқан асау қыспен бәрі бөлек. ,
Мал бақ қан талай жанды илеп боран,
Осылай кемген талай қарға бөлеп.
Ежелден кедей сорлы малы аз ғана,
Сол малы күн көрісі жалғыз ғана.
Кәсіп жоқ, егін де жоқ, жарлы қазақ,
Жанындай малын жауға алғыза ма?
Ышқынып долы боран тағы үдейді,
Басқандай бар даланы жау үрейлі,
Мүскін шал төрт, сиырын тағы иіріп,
Өзі де қалтырайды, дірілдейді.
Іздейді кімнен көмек?— Жауыз бәрі,
Нәріңді тартып алар ауыздағы.
Көлгір көп әншейінде, ал қырсықта
Сорлының қиналады жалғыз жаны.
Осы, бір мал күйреген құрғыр қыста,
Үкен де барып еді Ыдырысқа,
Сұрады содан көмек — бес байлам шөп...
(Жүретін санап оны бір туысқа)
Бораннан төңірек бұрқырады.
«Сор кедей бұзылды ма шырқың тағы?
Бұзық бір ұлың бар ғой, құр есіріп,
Орыстың жүрген шырмап шытырмағы.
Құтқарам, бұл пәледен, соны көндір,
Бетімен келмей кетіп, не ғып ол жүр?
Жылқымды бақсын ұлың, өзің мал бақ.
Малыма қос малыңды!»— деді келгір.
Кетсе де изеп басын, ол көнбеді,
«Қалай бұл, қыңыр бала өр кеуделі?»
— Жалынба қу болысқа, өлсе де мал,
Сен үшін сол азапқа кенем!— деді.
«Шыдаңыз, өлсе де мал, кеніңіз!»—деп,
Кеткен-ді село жақ қ а қорек іздеп.
Кеп болды, тіпті бүгін шапқын боран
Лап қойды қалың жаудай тізбек - тізбек.
Жапанның бұлан-талан қиырлары.
Ақ топан толқындады, құйындады.
Шіліктей иілді шал, шыр айналып,
Сілкініп, сүмеңдеді сиырлары.
Сыйынып тәңірісіне енді Үкен:
«Уа құдай рақымыңды күтем, күтем.
Сақта бұл сиырымды — несібемді,
Мені ая, боранды бас, мынау төтен!»
Жауабын тыңдамады қыңыр құдай.
Қаһарлы төкті боран бұрынғыдай.
Бір сиыр құлап түсті,— сол боранның
Өшіккен Үкенге қас бұйрығыңдай.
Сиырды бүркеп боран иірілді.
Кебінге орағандай құйын қырды,
Алдында қалтаң қарттың ширық атып,
Ақ басты жыландарша жиырылды.
Көріп шал дене мүздап дірілдеді,
Жас парлап, ерітіп мұзын түріндегі,
Құшақтап сол сиырды сұлап жатқан,
Кемсеңдеп еріндері күбірлеп:
«Бейбақпын, құдіретіңді танымаған.
Сақта сен, ая мені, талып барам.
Сақта сен, сиырымды әулие езің,
Табындым енді саған тәңір боран!»

II
Жатса да азап зары араласып,
Бытырап әр еңіске қонған лашық,
Астында ақ боранның шайқалып тұр,
Түндігін, туырлығын тау қар басып.
Малшының құрым киіз баспанасы,
Құрысын сыры көрген бес қарасы.
Бебеуін қағып кемпір, аяз қысқан,
Әр үйдің шырылдаған жас баласы.
Құрсаған киіз үйді аяз, мұз, қар,
Ішінде алты ай қысты азынап зар,
Сол үйде қалтырайды малшы жұрты,
Бойларын буып ылғи азап ызғар.
Мінеки, қараша үйде шеткерек бір,
Бүкшиіп от басында отыр кемпір.
Күн-түні қи - тезекті тұмандатып,
Алысқан сорлы кемпір отпенен құр,
Бықсиды улап көзді, жүректі жеп,
Жанбайды үрлесе де дымқыл тезек.
Ал сырттан аяз боран үйді сабап,
Ышқынып ысқырады қағып безек.
Үйдің де үзіктері құрым - жырым,
Қап-қара күйе басқан туырлығын!
Қырау көз керегенің сағанағы,
Түндіктен қылаңдатқан қар құйрығын.
Сол бір үй, секілді.бір сірі тулақ,
Сабайды сабау құйын секіріп-ақ.
Майысып тал қабырға уықтары,
Шаңырақ шеру шертіп тұр сықырлап.
Келгендей қалың бір жау қырдан шұбап,
Анталап тұрғандай бір аңдар[шулап.
Сол үйдің жығылғандай іргесіне,
Алыстан.үсіп келген адам жылап,
Осылай ыңырсиды, өкіреді...
Кемпірдің айрылғандай көкірегі,
Күрсініп Дүйсені мен байғұс шалды
Ойлап бір сүмірейіп отыр еді.
Малдарын жел алды ма, жын алды ма?
Өзін де көміп боран жоғалды ма?
Сәріден бермен әлі шалы да жоқ ,
Әлегі асып кетті боранның да.
Соны ойлап кемпір байғұс отыр еді,
Ойласа, айрылғандай көкірегі.
Сорасын көзіндегі сүртіп қойды,
Ошаққа төніп тағы от үрледі.
Есіктен кірді міне, аппақ қарлы
Арқалап алып келді ақсақалды.
Бұл келген Дүйсен еді, үсінген сол
Әкесін. жылытуға отқа апарды.
Сорлы шал үскірікте ісініпті,
Домбығып, бұзылыпты түсі тіпті.
Мұз қатқан бет - аузына, қол қимылсыз.
Аяқ та жансыз, дене ісініпті.
— Шешетай, отты қыздыр жылдамырақ ,
Адасып кетіпті әкем үйден жырақ .
Қырқадан түссем бері бір сиырға
Сүйеніп, малшы байғұс, түр қалтырап.
Ұшыпты сұрапылда бір сиыры, .
Құрбаны құдіреттің бұл биылғы.
Әкелдім өзін әрең мінгестіріп,
Құрысын, малшы күні қилы-қилы!
Көнерміз қырылса да қалған қара,
Тірлігің екеуіңнің арман ғана.
Сау болса аяқ-қолым, Ақсұр атым,
Шешетай, қор болам деп қорғалама,
Достығы жақсы адамның жоғала ма,—
Жарты қап тары берді Жагор аға.
Қимастан берді бізге, өзі жарлы,
Құдай да мұндай бізге жар бола ма?!
Аз;шөпті танысымнан алдым сұрап,
Басқа мал қырылса да атым, бірақ
Сау қалсын! Көктем келе көшеміз біз,
Барамыз село жақ қ а жақынырақ...

III
Сезілді бүгін ғана көктем лебі,
Тықыр жер жатыр жаңа көктегелі.
Арқаға аузын ашқан ақ борандар
Аңдай бір қырды жайпап еткен еді.
Созылды жылдағыдан қыс биылғы,
Ысқаяқ, үскірік қар, жер құйынды.
Көп заман шұбатылып соғып ылғи,
Жалмаған жалан, қырды, кең қиырлы.
Даланы аш бораны тістей тонап,
Ашпаған ашулы аспан қыстай қабақ.
Көктемде көктен қарлы нөсер бұрқан,
Жағалай қырды басты мұз тайғанақ.
Ілінбей ауызына жердің түгі,
Апатқа ұшыраған қыр түлігі.
Ежелден табиғаттың даламызда
Жасайтын малшы жұртқа бұл бүлігі.
Қайрат жоқ, амалда жоқ қорғануға,
Қорғансыз қыры жалаң сорларына,
Қыс қамын ойламаған онда малшы,
Тебіннен талшық тілей сол малына.
Қырылды қыруар мал осы жұттан,
Талайдың малы түгіл, басын жұтқан
Қазақты құтқармаған қатал тағдыр,
Ол кезде табиғатқа — масылдықтан.
Мәз болып қыбырлаған тай-тулаққа,
Талшығын таба алмаған талма - уақта.
Осылай ата-баба өткен екен,
Тапсырып мал тағдырын табиғатқа!
Мінеки,ағылған көш қыр белеңі,
Айдаған бәрін, жұттың,дүрбелеңі.
Ыдырап ойға бірі, қырға бірі,
Әр жаққа ауды ауылдың іргелері.
Алдымен алды шырма жұт кедейді,
Байларға жұт даланы жұтса мейлі.
Жүз малы өлсе, мың мал төлдеп қайта
Өрбиді, өсіп тағы еселейді.
Кедейдің кештері бұл құрым - құрақ,
Алдында айдағаны арық - тұрақ.
Жүздері жұтаң құрттың жүдеу, сылбыр,
Келеді әрең басып, арып - құрап.
Боз інген бүрсең қағып, бота боздап,
Қойлары жолда құлап жата жаздап,
Көтерем сиырлары сирақтарын
Иіліп келеді әрең, сылти қозғап.
Осылай жылжып жадау көш келеді,
Шұбырып бұл Дүйсеннің көшкен елі.
Қырсықтан қыстан сорлап, қорек іздеп,
Ығысып Нұра жаққа көшкен еді,
Келеді бір түйеде Үкен міне,
Қасында кемпірі де отыр бірге.
Айрылған төрт сиырдан боран жалмап,
Өршіген қайғысының оты мүлде.
Түйенің үстінде қарт теңселеді,
Бәрінің түскен бірдей еңселері.
Дүйсен де ат үстінде ойға батқан,
Көрем деп алдан қандай әуселені.
Тек қана қырғын жұттың кесірінен,
Әкесі'келе жатыр көшіп әрең.
Нұраның жағасынан жай таба ма,
Ұнасып Жагорлардың кәсібімен?

IV
Жел шымшып секіреді жасыл Нұра,
Ау салған балық шыңы ашындыра.
Көктемде еркелейді ойнап солай,
Құпия сырласқандай ғашығына.
Кешіп жүр сол өзенді бір топ адам,
Құрық сап ағын суға толқындаған.
Құрығы — торлы сүзбе түспей соған
Балықтар су ішінде топырлаған.
Бұлардың бірі орыс, бірі қазақ ,
Бұл жерге айдап келген бәрін азап.
Қосылды Жагорларға бұл жағада
Ауылдан, ауған кедей арып ұзақ.
Бірнеше лашық орнап жар басына,
Киіз үй, шым құжыра жалғасуда.
Ырысы бәрінің де бұл көктемде,
Өзеннің қылдырықтай арнасында.
Үкен де жүр осында сүзіп балық,
Шулары балықшының қызық анық.
Гулесіп сөйлеседі, күліседі,
Тор тастап, тереңінен жүзіп барып.
Жағадан табылғандай жақын аулы,
Ұмытқан жүдеулікті, жабырқауды.
Жагор, қарт болып риза бұл жұртына,
Күлімдеп тастап суға жатыр ауды.
Сөйледі Үкенге де күлімсіреп:
— Ал Үкен, ауға шортан ілінсе тек —
Бір қойым қоздады деп қуана бер, .
Ойлама,шалда ғой деп ырыс - тілек...
Жымиды езу тартып оған Үкен,
«Суда да ырзық - кәсіп болады екен!»
Келгенде түйесінен түспеп еді,
«Малы жоқ қоныс па,— деп, бұл мекен»
Әйтсе де Жагор досы жайып құшақ,
Қабылдап мінезбенен жайдары - шат,
Көтерген қам көңілін қарт Үкеннің,
Тар үйі кең жайлауға жайнап ұқсап:
Түсініп, бір-бірінің наз мұңын да,
Аз ғана бөліп берді азығын да,
Үкен қарт - қайғырса да төрт - қара үшін,
Көндігіп қалып еді қазір мұнда...
Ал ұлы өзеннің шет жағасынан,
Там үйді салып жатты қалап шымнан.
«Құрысын қыстыгүні киіз лашық!»
Деп талай бұдан бұрын ол ашынған.
Көктем шат, ән шырқаған құс шуылдап,
Бұл жаға болды оған гүл шырын бақ.
Көнді әке тұрақтауға осы жерде,
Кірісті Дүйсен іске құлшынып-ақ...
Жазғыз - ақ ішінде бір үміт тәтті,
Бір кетпей жүрегінен ұйып қапты.
Сүйемін... Бірақ қайтіп... Бар-ау бөгет...
Деген ой қиялында құйындатты.
Былтыр күз қайтқан түнде Ащы көлден
Құшағын Мариямға ашып келген,
Қымсынып. әлденеге қыз тартынып.
Лүпілін жүрегінің басып келген.
Жігіттің арманы да ауыр еді,
Шырмады жұттың биыл әбігері,
Көргенде Мариямды мұңға батып.
Жүр еді ойы толқып әрі-бері.
Сақтап бір жас үмітін күн көзіне
Жиектен.келе жатыр қыз өзі де.
Дүйсеннің ұйып қалды жүрегіне,
Қыз көркі, наз дауысы, мінезі де...
Жарқылдап қыз сәулесі көзіндегі,
Жігіттің ұшқындады сезімдері,
Үмітін сақтап Дүйсен тұрды қызға,
Сүюдің сәтіне де әзір еді...

ШЫРМАУ
I
Аулақта, ар жағына Ащы көлдің,
Бір сарын,тұр еңсесін басып елдің,
Шу шығып сегіз қанат сұрғылт үйден
Сүреңін кетіргендей жасыл белдің.
Жат сөздер түсініксіз, сарнау шулар,
Кеудесін зіл басқандай зорға шығар.
Шаншылып отыр сонда көк өрімдер,
Торланған түнек түсті молдасы бар.
Түнеріп қара бұлттай отыр молда,
Түксиіп қарап қойып Оң мен солға.
Құдайдың өзі ұстатып кеткендей - ақ,
Әсілі ақ таяғы түспей қолда.
Шәкірттер;жамырасып үн шығарған,
Айтылып жатыр міңгір ағуз - әлхам,
Қадалып құмырсқа із иректерге,
Қозыдай көгенделіп көздер талған.
Оқыса, ежелері бас қатырған,
Қиын бір құпия ма осы құран?
Арабқа сатылған ба жұмбақ құдай.
Қазаққа түсініксіз, сыры тұман.
Көрінбей білмегенге бүркеніші,
Жайылған елімізге дерт өрісі.
Асылы, құралы не, құраны не?—
Арабтың ескі мылжың ертегісі.
Халқымның қамау болы төрлеуіне,
Орауға дүлей діннің өрмегіне,
Қырықаяқ қыбырыңдай құж әріптің,
Бір кезде елім сорын көрмеді ме?
Уыз ми, ұшқыр қиял, жас кезімде
Азабы;осы әріптің түсті өзіме
«Әліптен» «биге» дейін бір ай жүріп,
Күндерім жас балалық етті езіле.
Айтылмай тіл бұралып әлхам - аят,
Үстіме төніп талай қалған таяқ.
Сол шағым өткен зая еске түссе,
Өкшем, ойға батам өзімді аяп...
Әріпті алдындағы әрең көріп,
Осы үйде сорға батып отыр Өрік.
Торға бір түскен құстай жаутаңдайды,
Басынан қызық думан кетіп ерік.
Былтырғы Ащы көлдің басындағы
Күй мен би, орыс әні, жас жырлары
Көрінді Ыдырысқа зор бәле боп,
Қатулы қас-қабағы ашылмады.
Тұтанды ежелгі сұм ашулары, «Немене,
жын ойнақтың басынғаны,
Сәпелек орыс қызы ауылымда,
Сайтанның сабақтарын тасығаны?!
Үкеннің азғын ұлы,
Базар құлым.
Тұсымнан даурықтырды дозақ үнін.
Билепті, Өрік қыз да, бұзылыпты
Бетінше жіберіппін, жазам — мұным!
Соны айтып әдетінше күні бұрын,
Кіжініп түйді сойқан жұдырығын.
Зығыры қайнап сол бір жас біткенге,
Төндірді Өрікке де зіл құрығын.
Осыны кеңескенде қазіретпен:
«Сұмдарға орысшылап азып кеткен,
Үйрету керек дінді!—деген соң ол,
Аулында медресені әзір еткен.
Алыстан молданы әкеп бір сүмелек,
Қорқытып құдайменен салып әлек,
Көк өрім гүлдей жасты көгендеп ол,
Қамаған сол бір үйге сыры бөлек.

II
Айрылып, еркіндіктен, мәз күлкіден,
Ада боп ән мен биден, наз үміттен,
Сарғайып отыр Өрік бұл қапаста,
Қайғырып тағдырына өзін күткен,
Бақыты, еркіндігі болды аз-ақ,
Басына енді міне теңді дұзақ.
Ыдырыс сұқты көзбен қараушы еді,
Қыз өтсе үй алдынан, тұрып ұзақ,
Ісі жоқ жастықпен де, қызықпен де,
Ойлаған қу құлқынды бұзық пенде.
Айтыпты анасына; «Қызыңды бақ,
Қожа — мен жемісіңді үзіп жеуге!»
Жасырды ана сырды жалғызынан,
Осылай жас киікке ор қазылған,
Шалынып кезбе күбір құлағына,
Жүзінен қашты қыздың алқызыл қан.
Көнсе де дүниенің азабына,
Көнеді қайтып сұмның мазағына?
Басында сорлы қыздың қилы қиял,
Қайда жүр мұңдасатын Базары да?
Кең жер жоқ, жырлайтын бір мұңын шырқап.
Бәрі отыр, мағынасыз үнмен шулап.
«Қорықса діннен, маған тез көнер!»—деп,
Ыдырыс қойды мұнда, қызды - шырмап.
Биыл жұт — ниетіне болғандай тап,
Байыды ол, жегідей бір жұртты жайлап.
Құлқыны ауды енді жас тоқалға,
Мекеге баруды да жүрген ойлап...
Ал Базар сол бір кешкі сауық үшін,
Қатыгез қожасынан тауып қысым,
Қашып бір кетіп еді, білді ме екен,
Өрікке төнген мынау қауіпті шын?
Әлхамға қарамады ынтасын сап,
Жүрегі еркін шақты отыр аңсап,
Бұлдырап қара көзі, басы меңзіп,
Әріптер құмырсқадай өрді самсап.
Мыңғырлап айтты молда ағузыны,
Өрмегі қыз.қиялдың тағы үзілді,
Ал.бір үн жете қалды құлағына
Қай жақтан, толғады кім нәзік үнді?
Құпия сырмен ғана баяулатқан
Шықты екен сызылып ән қ а қ аулақтан?
Көретін жасынан қыз ән-күйді артық,
Аятын молдекесі айтып шұлғып,
Көңілсіз әлхамдардан, аяттардан.
Жығылды жайнамазға етіп құлдық.
Мұндайда қыз епті ғой еленбеуге,
Ақырын үйден шығып кетті жылжып.

III
Оятып ұйқысынан кең даланы,
Аспанның арай берді алтын таңы.
Үстінен түнек зіл сырып тастап,
Ғашық жер күн жарына жаутаңдады.
Жасырын жүгіріп жел қағып сыбыр,
Тамаша тақ лебінен тасыды сыр.
Керіліп буырыл бел, боз бетеге,—
Шық қонған ақша гүлін сілікті қыр.
Күн құмар бозша торғай алақайлап,
Шыр - шырлап аспанына дүзді сайрап,
Қызыл күн сәукелелі келіншектей,
Жарқ етті боз отаудан көзі жайнап.
Адырдан үш салтанаты түсті төмен.
Күн жақтан көтеріліп ескен әуен,
Екі қыз, екі жігіт келе жатыр,
Сол күндей жалын атып түстерінен.
Үреймен түнде жортқан,.қазір бірақ,
Шаттық нұр кездерінде тұр жарқырап.
Дүйсеннің өр дауысы даланы алып,
Келеді жаны сүйген әнді шырқап:
«Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай,
Қыз үшін түнде жорттым сөзін қимай»,—
Дегенде, көтереді шырқап бәрі,
Жар сүйген, жандарының қызығыңдай:
«Ахау - айдай,
Қызыл бидай,
Бұралып тал шыбықтай,
Жолда тұрғай...»
Жастықтың аңсары еркін, ізгі,
Қыздырған бұл ән талай ертіп бізді,
Мариям, Дүйсен,
Базар айтып соны,
Келеді алып қашып Өрік қызды...
Ауылдан шеттеп Базар жүрген жақта,
Шалынған Өрік жайлы сыр құлаққа.
Қайғырып сорға батқан сүйікті үшін,
Шыдамай мінді Базар сол күн атқа.
Асығыс Дүйсендерге келіп жеткен;
Шерткенде ғашық мұңын, ол жүректен,
Мариям торға түскен Өрікті аяп,
Жүрегін Дүйсеннің де елжіреткен:
— Көн, Базар, бейнетке де, қуғынға да,
Жігітке ғашық зары — қайғы ғана.
Құтқар тез, сорлы қызды сол бұғаудан,
Қорғайды құшағы кең айдын дала!..
Осыған ұйып бәрі, буып белді,
Ащы көл жағасына суыт келді.
Сызылып Мариямның жеткен әні —
Жаршы боп сөлі сұр үйге суық реңді,
Жапқанда Ащы көлге түн қанатын,
Өрікке тосып Базар тұрған атын,
Тіл қатпай мінгесті де кетті қашып,
Ежелден қыз осылай ұрланатын.
Білдірмей бейуақытта басқан ізді,
Аялап тек құшағын ашқан түзді.
Келеді қуанысып төрт сырлас жан.
Ыдырыс білмей қалды қашқан қызды.

IV
Келеді екеу-екеу өзді-өзімен,
Құпия, үміт жайнап кездерінен.
Жылысып Базар, Өрік озып алға,
Дүйсенге оңашада сөз берілген:
«Қарашы, екеуінің жарасуын,
Бақытты - ау, тапқан солай жар ғашығын.
Айтайын, Марияшым оңашада,
Сырымның жүректегі бар асылын.
Айтуға әлденеше оқталып ем,
Жанымда сәулең жанып жатқанымен
Көзіңнен, әндеріңнен от алсам да
Айта алмай ащы мұңды - тоқталып ем.
Даланың дарқан өскен түлегімін,
Өзіңе аян менің бұл өмірім,
Таба алмай шын бақытты, армандарым
Түбінде тулап жатыр жүрегімнің.
Расында арманым көп сыры терең,
Өзіме оты лаулап көрінбеген,
Күйігім өршіп кетті — жұтап елім,
Ежелгі сүр қырсықтың сорыменен.
Тар жолда тоғыстырған тағдыр өзі,
Өнеге — әкелердің ақ мінезі,
Ұнап ең бұрын жылы жүрегіңмен,
Әніңнің әнеугі бір; тартты сөзі.
Жаныма әнмен тәтті ұяладың,
Арналған әлдекімге қиял әнің?
Бірақ та ойлап сені, Марияжан,
Түндерде ұйқы көрмей оянамын.
Қызысың өзге жұрттың биік кеуде
Асылсың әніңмен де, көркіңмен де,
Бір бейбақ бақташының баласымын,
Шексіз тек сүйем десем, ерітем бе?—
Деп Дүйсен, мөлдір қара көзін қадап,
Күткендей лебінен бір өзіне бақ,
Телмірді Мариямға жауап тілеп,-
Жалындап жүрегінде сезім талап.
Жаутаңдап қыз да сол кез қарап еді,
Жігіттің қандай'күшті жан әлегі?
Қуарып, тез қызарып қоңыр жүзі,
Алқынып шыққан шапшаң және демі.
Күрсініп сөйлеп кетті Мариям да:
— Оңаша, аулақтағы бұл қиянда.
Тұрмыстың әуресімен, қапылықпен,
Өзім де түстім талай әр қиялға.
Көңілсіз жағадағы жетім бұлбұл
Секілді шырқағаным менің мұң жыр.
Сергітіп жаны жүдеу ата-ананы,
Ән айтып көтерілген көңіл құрғыр.
Солардың жалғыз қалған серігімін,
Аулақпын желігінен жырдың.
Әнімнің сыры терең ағындарын,
Қиядан тап болдың да сен ұғындың.
Байқадым,, табындың сен, ән сазына,
Сол еді бойымдағы бар қазына,
Қостың үн менің жұмбақ әуеніме,
Баладың естілмеген жар назына.
Ұнады маған ұшқыр дауысың да,
Қосылған қырдың сонау алысында.
Менің де көңіл құсым құштар еді,
Ән сүйген сол жүрекпен табысуға.
Аулақпын жұрты өзге деп жатсынудан,
Естіп мен қырдан талай шат, сұлу ән,
Таң қалғам құдіретіне қыр даусының,
Шалқыған адамының ақ сырынан.
Сүйемін сені, бірақ көнеміз бе?...
Түскенде өңшең залым күндеп ізге,
Сұм тілдер сумаң қағып, бізді азғын деп.
Таянса тағдыр зіл төне бізге.
Желдей бір есек қырда гуілдесе,
Атадан азып бізді туды десе,
Қосылып көрген жоқ деп орыс, қазақ
Жан-жақтан дүлей күштер дүбірлесе.
Ата-ана,риза болмай, салып әлек,
Біздерден безіп бір-ақ кетсе бөлек.
Дұғамен күңіреніп мешіт, шіркеу,
Біздерге мәңгі қарғыс айтса нәлет,
Сонда біз болмаймыз ба қуғын, бейбақ,
Осыған кенесің бе, көрдің бе ойлап?—
Дегенде жігіт жаны тебіреніп,
Сөзін де бастап еді толқындай қап.
— Соны ойлап бөгеліп ем, шынын айтсам.
Кенеттен Қарадырдан құйындап шаң.
Қуғыншы келіп қалды...
Қол ұстасып,
Екеуі бір қопаға кірді шапшаң...

V
Батты күн, алтын сәуле сүңгіп тарап,
Құрымдай бұлттарды жамылды алап.
Жабығып жар басында Үкен тұрды,
Кешіккен баласының жолын қарап.
Шаңдатып бейбіт, бұлдыр кең алапты,
Салт атты суыт жүріп. келе жатты.
Ұлына ұқсамайды, бұл кім екен?
Бейуақта келеді бұл неге қатты?
Тұлғасы қорқынышты, түрі сұсты,
Жаушыдай жүрісінің сыры күшті.
Арбиған ат үстінде алпамсадай,
Үкен тез тани кетті Ыдырысты.
Келді де сәлемдеспей сөйлеп кетті:
— Сені кім осы жаққа сүмеңдетті?
Жат жұртқа қоныс болған қазақ бар ма,
Кім көрген сендей сорлы сүмелекті?
Атаның жолын аттап, келдің мұнда?
Орыспен бірге тұру дінге күнә.
Ұлыңа әпермексің Жагор қызын,
Болмақсың шоқынды мен енді құда.
— Уа тәңірі, сақта мені, бұл тек ғайбат,
Бұл жерге келді бізді жоқтық айдап.
— Жоқ, жалған, крестьян болмақсың сен,
Жанымда соның қаупі жатыр қайнап!
Қайда ұлың? Көрсет азғын, сұм шірікті,
Еліме салды бүгін сол іріткі.
Ауылымда орысшалап дырду құрып,
Шошытты аруақты, дінді, жұртты.
Бұл жақ қ а босты тыныш жатқан елім,
Сол азғын жүрегіне сапты әлегін.
Базармен қашып кеше кетті Өрік,
Өсіріп өзім үшін сақтап едім.
Қайда екен, қаңғыбас құл?
Оларды сайтан желік оңдырмас бұл!
Бәрін де желіктірген сенің ұлың,
Орысқа ентелеген есуас бір...
Уа, тәңір, сүйегіме түсті таңба,
Не істеймін мынау азғын туысқанға!
Болмаспын жұртқа таба!—деп зілденіп,
Түйсінді алдындағы мүскін жанға:
— Азба сен, өз еліңді тезінен тап!
Қаңғырма, қасыма қон, сөзіме бақ.
Алдыңа мал саламын,— ал ұлыңа
Әперем қазақтың бір қызын қалап.
Кешірім сұрасын ол: менен, діннен,
Безсін ол, Мариямнан енді мүлдем!
Базарды ұстап берсін, жесірімді,
Әкетіп, атағымды кірлеп жүрген.
Білемін, азғындардың сыры бірге,
Өршіді зілді өсек сыбыр күнде,
Барамын кетіп міне ұлықтарға,
Ашынсам айдатамын Сібіріне!
Ұлыңды кендір жылдам, бар еліңе,
Түспе сен ашуымның әлегіне!—
Сілтеп бір сары қамшысын кетті жүріп,
Сүңгіп тез қап-қара түн әлеміне.
Бұндайды естімеген бұрын тегі,
Үкен шал қалтырады, дірілдеді.
«Қайдасың, қарғыс атқан қу жалғыз!» деп,
Бейуақта безектеді, күбірледі...

VI
Ал Базар келіп қырдың алысынан,
Жай тапқан хуторда бір танысынан.
Қапада көзге түспей қалып еді,
Өтсе де Ыдырыстар дәл тұсынан.
Содан соң тарап еді әр тарапқа,
Серттесіп махаббатқа, ер талапқа.
Сырларын ата-анаға айту үшін,
Мария, Дүйсен кеткен Нұра жаққа.
Танысы Тимофей шал, келіп жеткен,
Базар да білуші еді оны көптен.
Жоқ іздеп жүрген кезде бұрын талай
Үйіне осы қарттың қонып өткен.
Ақ жарқын сол кісінің пейілін! біліп,
Өрігін алып Базар келген кіріп,
Қабылдап қария шал қуғындарды,
Білдірген жылы жүзбен мейрімділік!
Күндерін айтып Базар көріп өткен,
Шалдың да қарт жүрегін тебіренткен,
Арманды албырт шағы өзінің де,
Осылай арпалысып өтті кекпен.
Күреспен қуғыншылық көрген бейнет,
Кезінде отын сақтап жүргендей тек,
Өріктің халін естіп өрши қалды,
Ежелгі жүректегі сол зілдей кек:
«Менің де жауыздарға кетті кегім,
Алыспен өтті жастық отты лебім.
Көргенде Ыдырыстай сойқандарды,
Ызамен көтерілер көкірегім.
Жүзіндей жарқылдаған ақ алмастың,
Сүйсінем ерлігіне сендей жастың.
Шырағым қайсар бол да, қайрала бер,
Күреске аяғыңды жаңа бастың.
Сақта сең махаббаттың көркін, гүлін!
Сақта сен, жүрегіңнің еркіндігін.
Жасыма не көрсең де, бақытың сол,
Заманның күреспенен көр тірлігін!»
Тыңдады қарттың Базар бұл кеңесін,
Өткізді бір талай күн бірге кешін.
Сөздері қарияның беріп сабақ,
Көргендей бақытының шын елесін.
Ондайды естімеген өмірінде,
Сырына Базар ылғи берілуде.
Жайраңдап өз үйіндей жайнап жүзі,
Тілегін айтып жатыр Өрігі де:
Базаш - ау, әлгі біздің Дүйсен қайда?
Еркін бір масайрайтын осындайда.
Жасқанып әлденеден жүргенше құр,
Сүйікті Марияшқа қосылмай ма?!

VII
Келеді Дүйсен міне, кетіп шыдам,
Амалсыз жасырынып қуғыншыдан.
Күйініп Мариямы қалды үйінде,—
Адырда құлазыған күңгірт шыған.
Қопадан айрылысып әр тарапқа,
Үйіне қайтып Дүйсен барған шақта,
Үркітіп үміттерін ұялаған,
Әкесі айқай салды жар қабақта:
— Желігіп қаңғыбас ұл, не істеп келдің?
Сұмдықты сумаң қақ қан ескермеппін.
Қыз алған діні жаттан қазақ бар ма?
Торына қалай түстің осы өрмектің?
Жагорды дос көрсем де, болма құда,
Қыз алу діні жаттан болар күнә:
Ыдырыс кетті сөгіп, уа жасаған,
Масқара болғаным - ау, ел алдында!...
Мариям дегенді қой, өшір үнді!
Сұра бар, Ыдырыстан кешірімді,
Ұстап бер, қашқын анау Базар қуды,
Тигізбе, маған мұндар, кесіріңді.
Әйтпесе, қарғыс айтып мен зілденем,
Кетемін Ыдырысқа өзім!—деген.
Айтса да Дүйсен шағым жүрегімен,
Тыңдамай әке байғұс безілдеген.
Амалсыз үйден Дүйсен безіп аулақ,
Қиналды әкесінің сөзін ойлап.
«Қисайды қисық әке, қыңыр құдай,
Болыс түр, қара қаны қызып, қайнап».
Келеді жортып жігіт Ақсұр атпен,
Базарын іздеп сонау — алыс кеткен.
Сонымен сырласып бір шешпек еді,
Жолдарын құтылудың, қасіреттен.
Мінеки асты белден, алды сағым,
Алыстан жайнайды қыр, шағылса күн.
Көкжиек көлдерінен қылаңдады,
Аз ғана қора-қопсы, малы шағын.
Ежелден ел қонбаған бұл бір шыған,
Болатын аулақ жолдан, жолаушыдан.
Бірі бұл құлазыған көп белдердің,
Таныс жер Дүйсенге де бұл жасынан.
«Кімдер бұл, қоныстаған айдаланы?»
Немене алдына сап айдағаны?
Бір-екі түйе жеккен, сиыр жеккен,
Ақырын бетегені айналады.
Сағымнан соқа Дүзі жалтылдай қап,
Шаң ұшқан жерден туған жалындай тап.
Таянса — жерді жыртып топ қазақ жүр,
Қиқулап көліктерін жылдам айдап.
Көрді де жер сауырлап жатқан жұртты,
Қуанып түсті шапшаң аттан тіпті.
Күлімдеп сәлем берді бәріне де,
— Береке болсын өнім, сәтті, құтты!—
Деп Дүйсен жөн сұрады налып көбі,
Күрсініп әлденеге қалып еді.
Қапсағай бойлы қарт бір қатты жауап,
Оның да әрең шықты ауыр лебі.
Жарлы бір ауыл едік, алыстағы,
Тұрмыстың қысқан бізді тар қыспағы,
Аз ғана - малды бағып азаппенен.
Тәңірдің түскен бізге қарғыс кәрі.
Құдайдың бізге ашылды тек араны,
Жалмады малымызды жұт бораны.
Қасқырдай қалды қауып Ыдырыс та,
Жұттан да жаман тиіп жұртқа лаңы.
Қырылды аз ғана мал біз өсірген,
Қағылды «қызыл бұзау» өңешінен.
Сол үшін қалған біраз тұяқтарды,
Біздерден тартып алды сол есірген.
Содан: соң тентіредік бөтен жаққа,
Кедейді түсірмей ме жоқтық отқа,
Жұттан соң жалаңдаған жарлы жақпай,
Шұбырып қала жақ қ а жатқан жоқ па?
Бар еді ақылды орыс тамырымыз,
Талайғы таныс оған тағдырымыз,
Кеңесін айтушы еді мүсіркеп ол,
Тұйыққа тірелгенде тарығып біз.
Сол аяп халымызды, ақыл берді:
(Кезген ғой өзі талай адыр - белді.)
«Қойыңдар бұл бұйратқа, қорек мұнда,
Сүйіңдер пейілі кең — асыл жерді!»—
Деп бізді тартты егін кәсібіне,
Үйретті дән егудің тәсілін де.
Құрасып қалған-құтқан күш-көлікпен,
Жатырмыз жер тырнала осы күнде.
— Қария, құтты болсын талабыңыз,
Білмеппіз қасиетін даланың біз.
Мәз болып мал тістеген түктеріне,
Қалдық қой қырсығына қамалып біз.
Іске сәт! Бастамасы игіліктің —
Ынтасын тартсын біздің қилы жұрттық.
Өзім де қосыламын бұл кәсіпке,
Құтылсам шырмауынан қайғы - үміттің...
Деді ол. Жайнап күнмен тұр мәз дала,
Қызығып қарады, да біраз ғана,
Соқаның сабын ұстап, жүріп кетті,
Күлімдеп қарап қойып бороздаға,
Сұрады келе жатып: ол кім деген,
Сіздерге қамқор болған, көрмей бөтен?
— Аты оның — Тимофей қарт, Кертөбеде
Қоныстап, көптен бері еткен мекен.
«Тимофей!»—деп Дүйсен де жымың қақты,
Естіген Базарынан бұл тың атты.
Қуанып қалып еді, сол сезімін
Кенеттен ызаның, бір бұлты жапты.
Қапсағай бойлы шал бір шертті шерін,
— Шырағым, заманға бұл кетті сенім,
Тегінде тентірейміз тағы да біз,
Ұлықтар төндіріп тұр ерт кеселін.
Дуаннан шелтиген бір келді төре,—
Бұйрығын өктем айтып, кеуде кере,
«Көшіңдер бұл Бұйраттан, жер біздікі,
Бұл жерге қаңғып қазақ келдің неге?
Төлейсің биыл салық бұл егіннен,
Содан соң, аулақ әрі жүр жерімнен.
«Көшесің күзден қалмай!»— деп бұйырды,
Дәлелдеп, шағым айтып тіленіп ем.
Қылышын жарқылдатып безілдеді,
«Қожамын қазақтарға өзім!»— деді.
«Андрей Шишков деген біл, әкіммін!»—
Деп біздің жанымызды зәбірледі...
Осылай шал күрсініп, шақты мұңын,
Естіп сол Андрейдің жат бүлігін.
Түнеріп тұрып қалды, міне Дүйсен
Сол сұмға кеудесінен атты зіл...

VIII
Сабылтып Ақсұр атты Дүйсен мүлде,
Базарын іздеп әрең тапты міне.
Өрікпен бір өткізіп шат күндерді,
Жатқан ол, қызық тауып сәтті күнде.
Ал Дүйсен ашу жинап қабағына,
Келіпті, кек - ызаны ала мұнда,
Базарға сырын кенет айтпақ еді,
Бөгелді қарияға қарады да.
Сөйледі, сезіп Базар, шалға қарап:
— Әкеме бұл кісіні қойдым балап.
Өмірі, сыры өзінің ертегідей,
Ақылы — оқытқандай маған сабақ.
Тыңда өзің, таңғажайып хикаясын,
Тыңдасаң ерліктерін тыңаясың.
Талай жыл күресте өткен күндері көп,
Патшаның әміріне имей басын!
Осыны естіп Дүйсен, құмарланып,
Байқады шал сипатын қарай қалып:
Өткір көз, қаба сақал, дөң мұрынды,
Кетіпті сарғыш шашы қырауланып.
Қатпарлы қалың маңдай, күрең бетті,
Әлі де бойы шалқақ ,— көкіректі.
Көрді де жылы жүзін, ойлы кезін,
Дүйсен де сырын жылдам шертіп кетті:
— Естуге сөзіңізді ынтық едім,
Жатсынбай, жақын тартып қыр түлегін.
Көңілсіз өміріне көзді тігіп,
Білесіз жаны жүдеу жұрт тілегін.
Қуандым, көріп қамқор ісіңізді,
Жаңа бір тапқандаймыз досымызды.
Ақ бұйрат бұйраланып жатыр түлеп,
Бұл келген даламызға кәсіп ізгі.
Мұңайтып бір оқиға мені тұр тек,—
Таянып, сол бейнетке қуғын дүрмек,
Осылай әкім - ұлық жұртымызға
Келеді зорлықтарын төндіріп кеп.—
Деп Дүйсен Тимофейге шағып бәрін,
Қапсағай бойлы қарттың шағым - зарын.
Айтты да, түйіліп ол Андрейге:
— Қалайша әкім болды шалың залым?
Қазақта бардай-ақ бір мұның кегі,
Бұрыннан жүрген жері бүлік еді.
Қалайша өз жерінен ауады жұрт,
Қалайша қуғын көріп бүлінеді?!
Қазақты жаратты ма тәңір кем ғып?
Әйтпесе қайда әділдік, қайда теңдік?
Құри ма құлазыған құмға барып,
Қожа емес өз жеріне — қандай елдік?
Осыны айтып Дүйсен шалға қарап,
Сұрау сап тура көзін қалды қадап.
Күрсініп ойға батты Тимофей қарт,
Сақалын қыса сипап, түйіп қабақ .
Өзім де жөнсіздікті жүрмін көріп,
Көкіген әкімсіп, кеуде керіп.
Шілтиген чиновниктер, пәлеқорлар,
Ауылды аш қасқырдай жүр ғой торып.
Бірақ та орыс халқы емес бұлар,
Құлқыншыл қай-қайдағы азғын қулар
Орыстың ақ пейілін арамдап жүр,
Әділдік жоқ оларда — бұзық құмар,
Кінәнің басы сонау патшамызда,
Түнекті төндірген сол баршамызға.
Үргізіп ұлықтарын қойған да сол,
Берген сол еркіндікті бар жауызға,
Бір кезде жастық отпен жасап ерлік.
Патшаға қарсы болып бас көтердік,
Сұмдығын айтып жұртқа, ашып сырын,
Күреске буырқанып тасып көрдік,
Бірақ та тұтанбады ұранымыз.
Жеңістің білмедің құралын біз?—
Торына түстік те біз кете бардық,
Сықырлап аяқ-қолда бұғауымыз.
Содан соң бейнетпенен өтті күн де,
Сібірдің сонау шалғай түкпірінде,
Талай жыл, тартып азап, титықтадық,
Қайттық - ау қартайып та тіпті міне.
Амал не? Қаптаған сол жауыздармен
Жетпейді алысуға жалғыз дәрмен!
Тұтанса сендей жастың жалындары,
Бар халық толқындаса — тау бұзар ең!..
Бар еді агрономдық қабілетім,
Байқадым кезіп жүріп қырдың бетін,
Толқитын әрбір дәні тор топырақ,
Дариға жатыр жұтып желдің өтін.
Жапанда жарлы жұртың жатыр сорлап,
Халыққа қырғын соғыс ауыр салмақ .
Қайтпек, ойлан шырақ, ертең патша,
Еліңді еңіретсе, алып солдат?—
Қарттың бұл тыңдап Дүйсен әңгімесін,
Көңілдің таратқандай көлеңкесін.
Сібірдің сырлас қағып дабыл,
Алысқа әкеткендей көңіл көшін.
Тербеліп естімеген жат сырменен,
Толқып сөз — күрес деген, теңдік деген
Базарға сөйлеп кетті Дүйсен міне,
Ыршыған жүректегі толқынменен.
«Өнеге естігеннің маған бәрі,
Орыстың қандай ғажап адамдары.
Күреске туғандай тап елі үшін,
Күрессе табылғандай жан құмары!
Күрестен қашқандаймыз көшіп жүріп,
Қалайша ел боламыз қашып, бұғып?
Қалайша; басынбасын Андрейлер,
Өзіміз үндемесек басындырып?»
Осы ойын Базарына білдіргенде,
Деді ол: «Қырсық біткен біздің елде,
Өмірдің өріне біз ұмтылмаймыз
Орыстың ұлдарыңдай керіп кеуде.
Қарашы, көзді тартқан қаласына,
Ну орман, жасыл гүлді ағашына.
Гулетіп гармондарын кешке жақын,
Жастары жайнар гүлдің арасында.
Еркін жас, тіпті мұнда, еркін қыздар,
Жастары еңбек сүйгіш, әзіл құмар.
Қайтейін, мұңайттың - ау Мариямды,
Орыстың күндей жарқын мінезі бар...»
Осыны айтып Базар, ойын күтіп,
Дүйсенді күлімсіреп қойды түртіп,
Қабағын қалың қара түйіп Дүйсен,
Отырды тағдырына ой жүгіртіп...

IX
«Беріліп жалындаған өр қиялға,
Мазасыз ойға батты Мариям да.
Бір ғана Дүйсенді ойлап сол бір кеште,
Ғашықтың тәтті мұңын құйды жанға.
Есінде ләззат үні — «сүйем!»— деген,
Ендеше пайда болды үрей неден?
Алқынып ойланды қыз, уа жасаған,
Жараттың жат қып бізді қай ойменен?
Тегінде дін деген не? Құдай қандай?
Көрінбес жасырынбақ ойнағандай...
Қараса, бұрышта тұр сұп-сұр құдай,
Мөлиіп, мәңгі нұры сөнген жандай,
Жалған рух, елі бейне... Мәлім пейілің...
Несіне Мариямға едірейдің?
Желігі қу нәпсінің өзі емес пе,
Жас қызын арбап алған еврейдің?!
Гүлімін өскен жаңа махаббаттың,
Үрейлі - кірпігіңді неге қақтың?
Қара көз қазақ ұлы шақырып тұр,
Нұрына достық пенен жастық шақтың.
Көңілге қобалжу сап жүрген шүбә —
Расында құдай әзір жоқ па, шын ба?—
Білмейтін осыны қыз, бірақ шүбә
Жүректе жүруші еді жасырына.
Білгені Алексейден көп те бұрын,
Айтқан ол, елі алдағыш поптың сұмын.
Күлкіге батушы еді жас өрендер,
Алексей поптың қулық айтып сырын.
Болса да сол есінде, ана бірақ,
Жан еді діншілдігі басымырақ.
Қорқытқан сәби қызға құдайды айтып,
Сайтан деп, періште деп, зәресін ап.
Есінде сонау шіркеу қаладағы
(Бұған да алып барған ана тағы).
Сүреңсіз аруақтай өңшең сурет,
Өліктей жиылған жұрт моладағы.
Алдында тұрды біреу жалбыр шашты,
Түксиген түсі түкті, бейне албасты.
Құбыжық — ойыншық, деп қалды Мария,
Еріксіз күлкісін де әрең басты.
Сарнап тұр сол жалбыр шаш мұң таратып,
Кресін сілтеп, сермеп, жарқылдатып.
Азаның ордасындай көнілсіз үй,
Күңіренген ішінде жұрт ойға батып.
Жарқылдап сары крест, жанып шырақ,
Жатқандай азан-қазан аңдай шулап.
Осылар жек көрініп Мариямға,
Амалсыз әрең сонда тұрған шыдап,
Шіркеудің қоңырауын гей - гей тартқан,
Естіп қыз түсіне алмай ойға батқан...
Көрмеуге қорқынышты қудан түрін,
Көз жұмып томсарған қыз, бетін жапқан..
Шешесі естіп, міне сұм өсекті,
Мұңайған Марияны сілеп - сөкті:
«Қалайша діннен бездің, елден бездің,
Өмірде естімедім мұндай кепті!
Болдың ба жеңіл ойлы, арың қайда?
Орыстан саған күйеу табылмай ма?
Өзіңді, нәсіліңді мұнша қорлап,
Намыстың оты жоқ па тұла бойда?»
Мариям ана зіл ойлап кеште,
Өзінін қиялымен түсті егеске.
Жагор шал өз бетінше жатыр ойда,
Ежелден ыза басқан жан емес пе?!
Бірақ та шошытпады махаббатты,
Сыр айтпай не бір қатты, не бір тәтті.
Еске алып Алексейін майдандағы,
Қызына берді оқы деп келген хатты.
«Соғыстың жолы күңгірт, ойран тегіс,
Келеді Россияға қайдан жеңіс?
Арсыз ғой әміршіміз, ақылсыз ғой,
Қырсық қой халқымызға бұл; қан төгіс.
Сезбейді солдатты ол, үнсіз, керен,
Тұтанбай ерлік оты жүрміз әрең.
Апатты бұл ойранға бізді айдаған,
Кім?—соған жүрміз үрлеп ызаны өрен
Оқытты қайта-қайта сөздерді бұл...
Баласы қандай ыза сездіріп тұр?
Осыны ойлап Жагор үйден шықты,
Сол хаттан сезілгендей ізгілік бір.
Ойланды Мария да оқып хатты,
Сол шақта шапшаң біреу есік қақты.
Дүйсеннің сағынышты хатын алып,
Күлімдеп жылпос Базар келіп қапты.

ДҮЙСЕННІҢ МАРИЯМҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
Адал сөзін — махаббаттың
Ар ғып саған айтамын наз.
Жүрегіме сен от жақтың,
Болдым сенің лебіңе мәз.
Күн сипатты ақ дидарын
Алды ма нұр әлде көктен?
Жүрегіңнің ұқтым зарын,
Әуезіңнен тебіренткен.
Ай боп туып өзге жұрттан,
Үмітіме болдың жұлдыз,
Аттай алмай жат ғұрыптан.
Әурелікпен неге жүрміз?
Желпілдейді ел түндігі,
Тасиды өсек жел сыбырлап,
Азғын жан деп мен сорлыны,
Сумаң қағып жатыр шулап.
Көндім жұрттың мазағына,
Ықтырмайды мені күшпен.
Көтеремін азабын да,
Өтсе өмірім ерегіспен.
Тәңіріде емес қорқынышты,
Үрейі емес я құранның.
Өр әкенің сөзі күшті —
Қожасыңдай ар-иманның.
Бұл назымды әрең шыққан,
Айтар едім құшып тұрып,
Аңдып жүрген бізді дұшпан,
Екеумізге жасар бүлік.
Мұңлы хатқа жауап күттім,
Айт расыңды асық жарым
Қуанышпен жанды үмітім,
Қосылуға асығамын.

ДУДАР – АЙ
I
Шексіз бір көк теңіздей шымқай дала,
Әндерін шығандатып шырқай сала,
Жүр еді жылқышылар, жылқыларын
Айдап салып бетеге, көк майсаға.
Көп жылқы көл құсындай, көк алады,
Көркейтіп көлбеп ерген кең даланы.
Кісінеп күмбір-күмбір күреңдері,
Малжанды көңілге бір күй салады.
Осы мал өзінікі емес, әттең!
Күндері жалшылықпен қор боп өткен.
Даланың жортуылы — жылқышылар
Осылай ән салатын кейде кекпен.
Болса да өзі жалшы, жаны сері,
Жылқышы — жігіт өрі, жастың өрі.
Кеудесін баса алмаған бай бажылы,
Не боран, не дауылды кек? нөсері.
Өткізіп ұры түнді сақ көзімен,
Даланы оятады әуезімен.
Құлындай шұрқырасып таң сәріде
Масайрап мәз болады өзді-өзімен.
Көңілді күндегіден бүгін тіпті,
Әндеткен ортаға алып бір жігітті.
Сөйлеп тұр көтеріліп осы жігіт,
Кім өзі, қалың қабақ , қара мұртты?
Кеңесін Тимофейдің көріп қызық,
Аз уақыт хуторында күн өткізіп,
Ел жақ қ а қайтты Дүйсені
Сол бір қарттың,
Тілегін, ақылдарын ойға тізіп.
Ал Базар Мариямға алып хатты,
Кеткелі бес-алты күн болып қапты
Жүр ме екен серуендеп Өрігімен,
Әлдилеп әлде сәби махаббатты?
Ойына ереуіл сап бастағы мұң,
Ішіне келді Дүйсен достарының.
Ауылға бара алмады, сескендірді
Сездері сумаңдаған дұшпанының.
Достары жет түнде жылқы бақ қан,
Дүйсен де қиқулатқан түнді ұнатқан
Мәз болып жатыр бәрі ол келгенге,
Кез еді таң самалда тыным тапқан.
Мадақтап, орыс қызын, ғашық сырын,
Дүйсенге айтты бәрі қалжың сынын.
Бірақ та сезіп шерін екі жастың
Түсінген тақсырет қайғысының.
Осылай қуанысып тынық таңда,
Басылды шырқалған ән күн шыққанда.
Сөз бастап достарына кетті Дүйсен,
Түсіп бір аттарынан тыныққанда.
— Осынша неткен дала, ұлан жазық,
Осылай жатқаны ма құр құлазып?
Қу шөптен басқа нәр жоқ үстінде бір,
Түртініп тапқан әрең мал ғана азық.
Орыстың таң қаламын өнеріне,
Толықсып бәйшешектер түр жерінде.
Кешегі құла түзге қала қонып,
Теңіздей айналасы толды егінге.
Бау-бақша, жасыл мәуе... толған нәсіп.
Судан да, ағаштан да тапқан кәсіп.
Осының бірін тағдыр білдірмеді,
Қазаққа өші бардай ерегесіп.
Меңіреу даламызда мүлгіп тұрған,
Еліміз оянған жоқ әлі ұйқыдан.
Ойласақ білімі де жоқ бәрімізде,
Не білдік дүмше молда оқуынан?
Осылай аңды қуып, малды бағып.
Далада жүреміз бе қаңғып, лағып?
Орыстан оқып неге үйренбеді,
Өнеге істерінен тәлім алып?
Кім біздің қолымызды қойған байлап,
Осыны білдіңдер ме, тегінде ойлап?
Қырдағы қытымыр бай, болыс бізді
Қалайша тұншықтырып, қор қып қоймақ?
Бәрі де тұрып қалды батып ойға,
«Дариға, оқу қайда?
Өнер қайда?
Көрінді жер құртыңдай бай жылқысы,
Шұбырып бара жатқан терең сайға.

II
Тұрғанда қарап жолға кетіп шыдам,
Сәлем ап жетті Базар ғашығынан.
Асығыс жардың сөзін тыңдады ол,
Жауапты іздеп сырға жасырынған.
«Түсін сен, мұңы терең Марияның
Арманы толқынындай дарияның.
Сен үшін, достық, еркін өмір үшін,
Дінді де, ғұрыпты да мен қиямын!»—
Дегені жылы тиіп жүрегіне,
Ойнақтап тұрды шалқып нұр реңіне.
Сүйсінді Мариямның бұл сертіне,
Ойының өрлігіне, өреніне.
Қуанып қыз сырына жылқышылар,
«Дүйсен - ау, дәтің бар ма енді шыдар
Адалын айтыпты ғой...» деген кезде
Сөздерін бөліп сөйлеп кетті Базар:
— Нұрадан кетіпті әкең көшіп елге,
Барыпты Ыдырысқа, Ащы көлге,
Сөзіне сол көлгірдің наныпты қарт,
Арбаға даумен де, ашумен де.
Ұрланып үйіңе де қайттым барып,
Сорлы әкең іздеп сені, отыр налып.
Түйіліп ақсақалдар, хазіреттер,
Кетіпті кеше ғана әлек салып:
«Ұлыңды, дінді бұзып, жүрген жазып,
Тыймаған надан әке — сенде жазық .
Орыстың қызын алса — ұлың сенің,
Кетеді әулетіміз түгел азып...
Күнәсін өзі келіп, тәңір атқан,
Сұрасын хазіреттен, шариғаттан.
Келмесе, орыс қызық алып кетсе,
Үкен, сен кінәлісің, сірә, сақтан!
Мал-мүлік онда өзіңе болар харам,
Шариғат — дін қарғысын төгер саған.
Болмасын десең егер осы жаза
Мешітке мойынсұнып келсін балаң!...
Осылай әлек сапты сұмдар өңшең...
Амалын осы кептің ойлап, біл сен,
«Әкелік.әмірім сол,—деді қартың,—
Өзіммен кеңесуге келсін Дүйсен...»
Қабағын, қара бұлттай ыза бүркеп,
Дүйсен тез сөйлеп кетті қолын сілтеп:
— Әкемде жұмысы не жендеттердің,
Күнәлі құдайына өзім ғой тек.
Айтыңдар, ел алдында бар ма күнәм?
Құтылам діннің қалай арбауынан *
Берейін еркіндікті жүрегіме,
Ғұрыптың құтқарайын қармағынан.
Езілген ескілікпен қайран әкем,
Сорлатып сен байғұсты қайда кетем?
Барайын мешітіне, айтысайын,
Шариғат шын ғашық қ а не айтар екен?
Осыны айтып
Дүйсен зілді кекпен,
Жөнелді әкесіне өзін күткен.
Қоштасты достарына сертін беріп,
Дәлелдеп сөйлесуге хазіретпен.

III
Меңіреу мешітіне түнге жақын,
Міңгірлеп айтты молда мінәжатын,
Мүскіндер қойдай сұлап, домаланып,
Күбірлеп айтып жатыр құдай атын.
Бүгжеңдеп тақуалар белді бүгіп,
Өліктей түсі қашып жатыр мүлгіп.
Сәлдесі дағарадай сұп-сұр имам,
Әлхамын айтып сарнап тұрды шұлғып.
Ішінде сәжде қылған топырлардың,
Тізесін әрең бүккен тәкаппар кім?
Алла емес, ауызында — ашулы сөз,
Тұрысы көрсетіп тұр бұзық қалпын.
Бұл тұрған сұм Ыдырыс келіп бұрын,
Дүйсеннің хазіретке айтқан сырын.
Түнеріп хазірет түр осыны естіп,
Ішінде түнек ойлар түр жасырын.
Кешегі өткен, жұма намазында,
Жиналып өңшең — қайнап ыза,
Дүйсенге айтқан шулап, қарғыстарын.
«Азғын»— деп ғашық болған кәпір қызға,
Хазірет дір-дір етіп айтқан уағыз:
«Қосылды діні жатқа азғын нағыз,
Ондайға шариғаттың жазасы бар,
Күнәсін алла атынан бұйырамыз!»
Табылмай Дүйсен бірақ содан бері,
Жалындап Ыдырыстың жанған кегі.
Өзіне бағынбаған қайсар жастың,
Ызасы жүрегінде қайнап еді.
Меңіреу мешіт іші батып мұңға,
Ыңырсып аят әрең айтылуда.
Көңілсіз бейуақытың бұлдыр да
Мезі, ғып үнсіз маңды тұрды дұға.
Бастарын қалтаңдатып, шұлғып изеп,
Алдамшы нысананы оймен меңзеп,
Табынып түнек жандар тәжім еткен
Ғайыпқа құлдық ұрып, рақым іздеп.
Достарым, жандарымыз қандай азат,
Құдайсыз, табынусыз — өмір ғажап!
Еркінбіз, әміршіміз жанымызға,
Біздерді шошытпайды құдай, дозақ,
Ғайыпқа құлдық ұрып болған пенде,
Не дейміз жаны езіліп өткендерге?
Еркіндік таппай жанға, махаббатқа,
Талайлар батпады ма сөйтіп шерге?!
Мешітке Дүйсен міне келді кіріп,
Қабағын түйіп қатты, қалды тұрып.
Түскендей қой қораға көкжал бөрі,
Бастарын қалтылдатып қалды бұрып.
Бұзылып кетті намаз, үзілді аят,
Мешіттің мұнарасы сынғандай - ақ.
Түксиіп тұрды бәрі, тәубені айтып,
Алдында әзірейіл тұрғандай тап.
Хазірет сұрлана қап айтып дұға,
Күбірлеп сөйлеп кетті мехрабында.
Сұстанып кетті Ыдырыс сілтеп қолын,
«Уа, тақсыр жаза бер деп бұ малғұнға
Хазірет әмір етті:
— Бас ілгері,
Азғын жан, дініміздің сенде кегі.
Тәңірдің үйі мынау, айт күнәңді,
Сөйлеймін алла атынан қарғап сені!
Дүйсен:
Тағдыр деп қарайсыздар пенде ісіне,
Айтыңыз, ғашықтықтың күнәсі не?
Xазірет:
Құранда — күнә деген бұл махаббат,
Кәпірді сүю сұмдық, дініме жат.
Дүйсен:
Орыстың елі ізгі, ал қызын да
Жаратқан құдай сұлу қызығуға.
Xазірет:
Азғын жан, сол қызды айтып мұнда мақтап,
Сайтан да сұлулықты жүрер сақтап.
Ыдырыс:
Малғұн!
Мұнда сірә, иман бар ма?
Ақ жүрек әзәзілге алданар ма?!
Дүйсен:
Әмірші құдай болса, қайда күнәм?
Сүйдірді орыс қызын өзі маған!
Xазірет:
Уә, бұзық!
Құдай ма екен сені аздырған,
Тәңірге тізеңді бүк — жат, азғын жан!
Тізесін бүкпей қалды тәкаппар жас,
Махаббат мехрабқа имеді бас.
Асасын қалды сілтеп сұм хазірет,
Жүгірді өңшең жайып құлаш.
Мешітке тұтқын болған жас жігітті,
Жабылып дін біткен жерге жықты.
Хазірет әмір етті, байлаңдар деп,
Ыдырыс салып жатыр жұдырықты.
Еркін жан, қасиеттеп махаббатты,
Сұмдармен жағаласып, сөйлеп,жатты.
Қамшысын Ыдырыс жүр баса соғып,
Хазірет айтып тұрды лағынатты...

IV
Аулында Ыдырыстың құрып штаб,
Әкімдер жасап жұртқа қуғын қыспақ:
«Қашырған ұлдарыңды табыңдар»—деп,
Әмірін айтты болыс, қатал нұсқап.
Ал бір топ, үй сыртында көк майсада,
Масайрап мәжіліспен тапқан сая,
Хазірет уағыз айтқан: «Қызмет парыз —
Иеміз, әміршіміз — ақ патшаға.
Солдатқа ұлдарыңды жіберіңдер,
Осыны, құдай айтар — құран тілер.
Бұл істен кім бас тартса — ол күпірлік!
Патшаға қилап істен дін түңілер...»
Қамшысын сермеп қатты кепке үйіріп,
Ыдырыс хазіретті кетті киіп:
— Жандар ал келе жатыр, жақын жерде —
Ояздан жетті бізге қатал бұйрық.
Беріңдер, ұстап анау қашқындарды,
Қалайша өңшең бұзық тасқындады?
Келмесе ертең бәрі өз еркімен,
Ашуым өрттей менің асқынады».—
Түнерген шұбар беттің зәрі шалқып,
Ыдырыс тепсініп түр беріп жарлық .
Тұрғандай тәңір байқап, патша шайқап,
Бұл жерде құты қашқан жұрттың барлық.
Айқаймен жұрт мазасын алып кейде,
Қылышын жарқылдатқан Андрей де.
Жасырын бай ұлдарын, жасы кем деп,
Жыл қосқан жасын деп ғып әр кедейге.
Осылай әбігер боп бәрі бірдей,
Қараңғы түн басқанын қалды білмей,
Даурығып дулы сөзбен жүрді Ыдырыс,
Жүрегін басың ыза ауыр зілдей.
Ал сол кез — нөсердей бір дүбірлетіп,
Жасағы жігіттердің келді жетіп.
Жарқылдап ат үстінде қылыш, найза,
Дүбірі ақбоз үйді дірілдетіп.
Жарқ етіп, түнді жарып оқтар зулап,
Кеткендей көк шатырлай, бұлты бұрқап.
Жалаңдап ақ сойылдар, көк сүңгілер,
Ақ үйді, алқа топты алды шырмап.
У-шу боп осынау топ жамырасып,
Жан-жақ қ а жанталаса жатыр қашып.
Шатырлап шаңыраққа көк сойылдар,
Қаһар мен қорқыныш үн жатты ұласып
Алласын айтып құр тек дір-дір еткен,
Кездесіп қалды Дүйсен хазіретпен.
Сойылмен қағып өтті, қалды құлап...
Ыдырыс көрінбейді қайда кеткен?
Дүйсен жүр сол ауылды шыр айналып,
«Болысты табыңдар!» деп айқай салып.
Ал Базар үйге жылдам еніп кетіп,
Әкелді Андрейді байлап алып.
Тізімін қолындағы өртеп отқа,
Тастады Андрейді таңып атқа.
Ойрандап болыс үйін ашулы жұрт,
Айбынды үндер кетіп тұр жан-жаққа.
Бірақ та Ыдырыс жоқ, қайда кеткен?
Таба алмай соны Дүйсен жанды кекпен.
«Қоршаңдар көлді жылдам!»—деді де өзі,
Сөйлесіп қала берді қалың көппен.
Лап қойды қалың жасақ көлге қарай.
Көк құрақ біткен екен көл жағалай.
Айна су түнде көздей жарқыраған,
Жатқандай ортасында тығылып ай:
Жігіттер шыр айналып көл жағалап,
Арасын жас құрақтың жүрді қарап.
Қиқулап үркіп қызғыш, көлде — әупілдек.
Күрсініп жатқандай бір көлді арқалап
Шайқалған қалың құрақ арасында,
Қасқырдай Ыдырыс тұр аласұра,
Дүйсендер келген шақта зытып еді,
Ұрланып мылтығын да ала шыға.
Жасырып жауызды түр жансыз құрақ,
Сыбдырын естіртпеді жел шуылдап.
Еңбектеп, жылжып қана жүрді Ыдырыс,
Үстінен зу-зу етіп, оқ зымырап...

V
Ішінде абыржыған қалың кептің,
Дүйсен тұр айтып сырын жас жүректің,
«Ағалар, атқа міндік атой бердік,
Ел үшін, отын үрлеп ескі кектің.
Ғұрпына ескіліктің айтып нәлет,
Жалын жас жүрегімде қайнады кек.
Азды деп айта берсін, мейлі, сұмдар,
Сендердің қымбат маған ойларың тек.
Араңа келіп тұрмын қағып дабыл,
Балалық сәлемімді алып қабыл,
Сенсеңдер маған, жұртым,— тұр, атқа мін,
Түнекте тұншықпасын туған ауыл!
Тегінде кінәлі емес бұған орыс,
Қырсығы патшаның бұл қырғын соғыс.
Сұрқия соның ғана тілегі үшін,
Сендерді сорға.жықпақ әкім, болыс.
Соғатын сойылың, ұлдарыңыз,
Жалындап қазір кекпен тұр жанымыз.
Азаттық алдымызда шақырып тұр,
Жетейік соған жылдам, кел бәріміз!»
Осылай айтып сырын шын жүректен,
Тұр Дүйсен ынтымақты тілеп көптен.
Қалың жұрт ортаға алып өз түлегін,
Алғысын айтып жатты ақ ниетпен:
— Қадамың құтты болсын, жалынды жас!
— Ғашықтың жолы таза, тілегі рас!
— Мариям өз қызымыз, өз гүліміз.
— Ежелден өзімізбен Жагор мұңдас.
— Орыстың жазығы жоқ тегі бізге.
— Әкімі әлек салған елімізге.
— Ұлыққа ылғи құл боп жүре алмаспыз,
Тиетін шығар сірә теңдік бізге?
— Ия, күт, берер саған патша теңдік!
— Дүйсенжан, өзін баста, соңыңа ердік,
Езіліп жатамыз ба енді тағы,
Елміз ғой, шығайық та жасап ерлік!—
Осылай гуілдесіп тұрған халық
Тағы да шулай қалды түнде жатып.
Дүйсен - ау, қайда біздің әнші келін,
Айтсын да «Дударайын», бір тыңдалық!
Дегенде кетті Дүйсен шын қуанып,
(Сезілмей түндей төніп тұрған қауіп.)
Жөнелді Ақсұр атпен жалғыз өзі,
Келем деп Мариямды қазір тауып.

VI
Үрейлі Өтебайдың қырқасында
Мариям Алексейдің тұр қасында.
Неліктен тулады екен, қыз жүрегі,
Қасында Дудары жоқ сырласуға?
Алексей қалып мұнда көп жігітпен,
Келетін отрядтың жолын күткен.
Жандар ал аттандырып солдаттарын,
Жолдағы, тыныш жатқан елді үркіткен.
Бүлік сап момын елге сұм ниетпен,
От шашып зеңбірегін күркіреткен.
Солдатқа бермедің деп жастарыңды,
Жандарал жан алғыштай жүрді әлекпен.
Алексей естіп соны, қырда қалып,
Түр еді жандаралдың жолын бағып,
Қалдырған сонда Дүйсен Мариямын,
Қатерін шабуылдың ойына алып.
Қайран жас.жалындаған от жүрекпен,
Жарына жортып кетті Ақсұр атпен.
Шуылдап қалың қамыс қобыз тартып,
Сумаң жел, сыбырласқан жас құрақпен.
Қиқулап көлдің құсы шықты көкке —
Күрсінді үрей салып әупілдек те.
Ер Дудар көл жағалап келе жатты,
Сақтап бір Мариямын ақ жүректе.
Естілмей желден басқа бір де сыбыс,
Қоғаның.арасында тұр Ыдырыс.
Ақсұр ат қылаң етіп шыға келді.
Жүрегін билеп .кетті бір сұмдық іс.
Ежелгі аңдыған жау ,өр көкірек,
Мылтығын кеудесіне қойды тіреп.
Албырт ер келді жақын, басып қалды...
Дір етіп толқын ыршып, көл тітіреп.
Ақсұр ат жөнелгенде жалын бүркеп,
Жарқ етті кек түтінмен жалғасып от.
Қыршын жас құлап түсті, қан сорғалап,
Ұялап кеудесінде қорғасын оқ.
Шайқалып жас құрақтар қамыс шулап,
Шаңқылдап шағалалар, торғай шырлап.
Күрсініп көл күңіреніп, түн түршігіп,
Селк ете қалды айнала талмаусырап.
Үрейлі оқ даусымен түнді оятқан,
Ауылдан шықты дауыс:
— Аттан - аттан!
«Жігіттер, қайдасыңдар, өлтір сұмды,
Аяулы сабазыңа оғын атқан!»
Жөнелді жас өрендер, кетті асыға,
Күрсіну, күңірену көл басында.
Жас боздақ жатыр сұлап ыңыранып,
Көре алмай Мариямын мұңдасуға.
Ер досын көріп Базар жатқан сұлап,
Үстіне құшақ жайып түсті құлап.
Көзінен ыршып жасы: «Бауырым!»—деп,
Елжіреп жаны жанып, жүрек жылап.
Құрбан жас қолын созып достарына,
Арманды көз қиығын тастады да:
«Мариям! Мариям!»— деп ұмтылды тез,
Дем беріп осы бір сөз жас жанына.
Көтеріп қан ыршыған көкіректі,
Орнынан ерен күшпен тұрып кетті.
Дірілдеп даусы шықты... Дауыл тұрып,
Сол дауыс алып кетті жарып көкті.
«Достарым, ұмтыл жауға, алыңдар кек,
Шақырды әне дауыл, күркіреп көк.
Атты таң... Қайда менің ақсұр атым?
Жанымды, жауды, кегі барады өртеп.
Қайдасың, Марияшым, үнің қайда?
Келші тез қосылайық «Дударайға...»
Көтер мені назды дауысыңмен,
Басталды әне майдан,,терең сайда!»
Ұмтылды айтып соны — тағы, бірақ ,
Жығылды қайран сабаз талмаусырап.
Естіп бір соңғы даусын Мариям да,
Үстіне жан жарының түсті құлап...
* * *
Оққа ұшты, өліп міне, жатты боздақ,
Мұңдарын махаббаттың кетті қозғап.
Аңырап азалы түн, күні көк,
Сол жасты жоқтағандай дала боздап.
Жарының кеудесінен басын алмай,
Мариям еңіреген жас маралдай.
Ес-түссіз жаны езіліп жатыр ғашық,
Жүрегін біреу жұлып тастағандай.
Жалғыз-ақ еріндері кемсең қағып,
Бебеу сап баяу үнмен кетті налып.
Сол көлдің тебіренді толқындары,
Қайғысы Мариямның көкпен ағып;
Ыршып жас жаңбыр дайын бетін жуып,
Зар илеп, толқын шашын жатты жайып.
Азасы аяулы ердің аспанды алып,
Далаға шалқып шері кетті ұлғайып.
Жүгірмей тына қалдың жел де ыршып,
Құс біткен үн қосқандай көлде сыңсып.
Тұқырып басын төмен теңселіп жұрт,
Тамшылап ыстық жастар көзден ыршып.
Мариям күңіреніп, күйіп налып,
Әлсіреп сол бір шақта қалды талып.
Үрейлі жан ұйқыда, жүрек іздеп,
Жоғалтқан сол ғашығын алды тауып
Құшақтап жан Дударың сүйіп қатты,
Наз айтып ғашығына мұнын шақты;
«Кешіктің мұнша неге Дудар жаным,
Сарғайттың мұнша неге махаббатты?...
Сүйді де Мариямын көп сағынған:
«Қалмайын жібер, сәулем, жасағымнан,
Шақырды, ереуілге жібер мені!» —
Деп жары шығып кетті құшағынан...
Селк етті, талған Мариям шошып.кетті.
Қараса жаңғыртып жұрт жер мен көкті.
Келеді «Дударайды» дауылдатып,
Оятып қайғы басқан қан жүректі.
«Мариям Дагор, деген орыс қызы,
Он жеті, он сегізге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі.
Дударари - дудым!»...
Зар етіп осы жырды жас, кәрі де,
Иіліп Марияға тұр бәрі де.
Осы өлең бұрынғыдан шалқып қатты,
Үстінде Дударының тербелуде...
Жүр Базар тұтандырып қайта кекті,
Меңіреу сол қамысқа тастап отты.
Өртелсін Ыдырыс та, сұмдық іс те,
«Өртеңдер! Тезірек!»— деп әмір етті.
Күркіреп кеткен ыза, желдеп жалын,
Алқызыл алау басты көлдің, маңын.
Қамыс та, Ыдырыс та жатты жанып,
Түн сырғып, күтті дала жаңа таңын...
Ал Базар, қайта қарғып мініп атқа,
Дабылын тағы қағып тұр жасаққа.
— Жігіттер, аттаныңдар, тез жүріңдер,
Ойранды жауыздарға жасамаққа!
Қайғысы ер Дудардың бізге батты,
Мариям, көтер басты, түр, таң атты.
Алысқа Дударайың шақырып тұр,
Шырқа деп, ерлік пенен махаббатты...—
Соны айтып, шеру тартып кетті жүріп.
Жандарал шық қан жаққа бетті бұрын.
Жөнелді «Дударайды» айтып бәрі,
Сол әнді жандарына ту ғып тігіп.
Жаны оның жайнағандай туларында,
Көтеріп алып кетті Дударың да.
Мариям есін жиып көтерілсе,
Жаутаңдап Ақсұр аты тұр жанында.
Атының жалын сипап Мариям да,
Тыңдаса шалқып әні тұр, шығанға.
Шақырған жорыққа кім «Дударайлап»,
Жүр ме екен Дудар жаны әлде сонда?
Алыста өрттей қызыл туды таң да...
Басталды әне майдан жауыздарға.
Алексей айқай салды: «Дударым!»—ден,
Әлде ол, кетті ме екен озып алға?
Майданда атой беріп шырқап әнді
Шақырған Дудары ма Мариямды?
Ақсұр ат алып ұшып әндей осы,
Сол шепке Мариям да барып қалды.
Шаңқылдап тұяғы да шапқан аттың,
Даусы да шыққан оқтың, жарқылдап тым —
Бәрі де жаңғыртқандай «Дударайын»,
Үніндей жастық шақтың, махаббаттың.
Жас қазақ ұмтылғанда атой беріп,
Кеткендей күңіреніп үн көтеріп,
Шырқап бір «Дударайды» тиіп жауға,
Қылышын жарқылдатқан кеуде керіп.
Сақтап бір сарбаздары өр көңілге,
Жар жанын жеткендей өлеңінде.
Жаңғыртып жас даусымен.
«Дударайды»,
Өзін де шақырғандай ереуілге.
Тұрғандай шеру тартып достарына,
Дудары сол майданның аспанында.
Елестеп айбынды ер рухыменен,
Енгенде Мариямның жас жанына.
Кіргендей, кеудесіне шалқып жалын,
Жүректің кетті қозғап толқындарын,
Мариям еніп кетті сол майданға.
Дабыл ғып «Дударайын — айтып жарын...

ЭПИЛОГ
Бірталай өтті жылдар.
Октябрьдің
Керемет күркіреген оқ дабылын
Даламыз естіп ескі заман зіл,
Лақтырды, азат күнді тапты ауылым.
Толастап түнек желі азынаған,
Еліміз айықты да қайғы - ызадан.
Шырқалып шаттық жыры шығандарда,
Орнады таң-тамаша тойлы заман.
Сырылып тұман - сынды қара лашық,
Нұраның жағалауын қала басып
Жайнаған орыс, қазақ өрісі бір
Өмірде қаны, жаны араласып.
Теріне тойлы өмірдің толы өлең,
Еркін жас ән шырқаған теңіменен.
Қосылып «Дударайға»,бәріміз де
Ғашықтың шертіп жүрдік мұнын терең.
Мариям еріп әнмен ереуілге,
Жүргендей жан Дудары ере бірге.
Жеңісін махаббаттың сақтап қалған,
Өлмейтін мәңгілікті елеңінде.
Ән ғана болды оның жан серігі,
Ән ғана жүрегінің бар сенімі.
Достықты, махаббатты жыр ғып жұртқа,
Ағылған ауызынан нөсер үні.
Осылай әнмен шалқып, жырмен жайнап,
Мариям ауыл кезіп жүрді сайрап.
Әлпештеп аруындай Мариямды,
Таңырқап тыңдай берген жұрт масайрап.
Талай жыл өтті солай өлең-жырмен,
Алғысын орыс қызы алды өмірден.
Ақ шалып Мариямның алтын шашын,
Ай түсті жүзінде де әжім кірген.
Алайда, жас қауымға жалын беріп,
Жүр еді ауызынан ән тербеліп.
Самолет самғап бір күн Алатаудан.
Қырына Қорғалжынның қонды келіп.
Жөнелді Мариямды алып көкке,
Бұл өзі әлде түс пе, керемет пе?
Ақ шашты Мариямды қайда әкетті,
От беріп қайта кәрі көкірекке?
Самолет ұшып келіп бұлттан; шыға,
Кеп қонды астанаға — Алматыға.
Аспаннан жерге түсті, аң-таң Мариям,
Жиналған мұнда қалыңға.
Мариям қосылғандай ғашығына,
Үстіне құрмет гүлі шашылуда...
Масайрап орыс, қазақ.думанды жас,
Шырқады «Дударайын» қосылды да.
Әкелді сәулетті үйге Мариямды,
Сол үйге салтанатпен жұрт жиналды.
Жүзінен кәрілердің күлкі жүзіп,
Гулетіп жатты жастар айтып әнді.
Мариям той төрінде тұр таңырқап.
Қалайша келе қалды тосын бұл бақ?
Бәрі де қошаметтеп Мариямды,
Жас біткен «Дударайын» жатты шырқап.
Жас қазақ, орыс қызы бәрі бірге,
Сол сарай тұрғандай бір толып гүлге
Мыңдаған Мариямдар, жас Дүйсендер
Қосылып тапқан бақыт бұл өмірде.
Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де,
Құмартып әсем әнге, сән лебізге.
Мүсіркеп махаббатты тұрды мұнда,
Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де...
Қуаныш қанат беріп ән мен күйге,
Бір жиын болып жатты сол бір үйде.
Ардақтап әншіл қауым «Дударайды»,
Бұлбұлдай Мариямға сүйінуде,
Достықтың, махаббаттың сәулесінде —
Сақталған осы ән еді ел есінде.
Атынан үкіметтің ақ шашты қарт,
Тақты орден Мариямның кеудесіне.
Құбылып кәрі жүзі шаттықпенен,
Тәжім ғып жұртқа басын иді төмен
Мариям құйқылжытып гармонын тез,
Толғанып кетті тағы оймен терең.
Жүректің толқын сырын ағытқандай.
Жырлады бұрынғыдай қағып таңдай.
Жырлады өшпес мәңгі махаббатты,
Бұғауды бұзып шық қан алыптардай.
Тербетіп алдындағы гүл жастарын,
Шақырды «Дударайдың» сырласы
Шақырды қосылуға, бастады өзі
Достықтың шертілмеген бір дастанын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу