Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.08.2021
191
Украин жігіті
Ол асығып келді майданнан туған жерге,
Көрейін деп өз үйін, өз қақпасын.
Бес жыл болды елінен кеткеніне,
Оның қайтып жүрегі құмартпасын.
Ол құмар еді сүюге босағасын,
Ескі үйінің, өзі туған, ата мирас.
Неткен сұмдық қайтып ол қайғырмасын,
Үй орнында күл көмір, күйген ағаш...
Көп отырды сол ойран ортасында
Қолына ұстап ағашын күйіп қалған.
Қарайды жаутаң қағып әр тасына,
Қарғыс айтып жауға үйін талқандаған.
Бірақ не бар қайғырар, қайтқан кегі,
Қайтарып алған өзі қан соғыста.
Орнатамын қайтадан жаңа үй деді
Жасаймын жаңалықты мен тұрмысқа.
Соны айтып қайрап алын айбалтасын
Қайта алды суымаған ол қолына.
Жаңадан әкелуге үй ағашын
Жөнелді қасындағы орманына...
Украин жігіт майдан туған жер Қалижан Бекхожин Қалижан Бекхожин шығармашылығы Қалижан Бекхожин өлеңдері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter