Өлеңдер ✍️
Сырдария көкпары
(Қазіргі аңыз)
Көктен атқан жасындай,
Аптығы бір басылмай,
Арқыраған дария,
Құм даланы қыдырып,
Желден озған жүгіріп,
Асыққандай жарына,
Үрке қашқан асаудай,
Екпінін бір баса алмай,
Әлденеден үріккен.
Таудан өрген тағыдай,
Төтеп соққан дауылдай,
Келе жатыр бүлікпен.
Алып жартас алдында,
Арқа тосып ағынға,
Жатыр сұлап көлденең.
Бұзып-жарып жартасты,
Талай қырдан әрі асты.
Кек телегей селменен
Қырдың көкше белінде
Ақша қардай көріне
Жатыр шалқып мақта гүл.
Сол мақтаны егілген
Күннің ыстық лебінен
Бір сұлу қыз сақтап жүр.
Он жетіде жасы бар,
Он жеті өрім шашы бар
Өзбек қызы Шырын ғой.
Қара көзі сиқырлы,
Өзі гүлдей сүйкімді,
Өзбектің ол нұры ғой,
Басында бар тақия,
Әлдекімнің атына
Кестелеген алтынмен.
Кімде екен үміті,
Қайда екен сол жігіті
Жұрттан асқан даңқымен.
Арасында ақша гүл
Толықсыған бақта жүр
Мақта бағып сол сұлу.
Моншақ атып алыстан
Сағым қуып жарысқан
Келе жатыр толқын су.
Сылдыр қағып су шалқып,
Моншақтай бір көз тартып
Көрінді өзбек қызына.
Сол толқынды моншақтай
Ұстауға бір құшақтай,
Қыз жүгірді қызыға.
Түсті сұлу толқынға,
Қыз түскен соң толқын да
Акты баяу, тасымай...
Гүл бақшама сұлуым
Тартып жатыр Сыр суын,
Қызығы бір басылмай.
Қыздың мақта гүліне
Жатыр толқын төгіле
Моншақтай бір шашылып
Тағы келді ағынға,
Көк толқынын тартуға,
Өзбек қызы асығып.
Соған бейне долданып,
Өзен өрен толғанып,
Жел шақырып ысқырды.
Жел жүгіріп қасынан
Тақиясын басынан
Суға ұшырып түсірді.
Толқын тулап атыла,
Көкпар болып тақия
Кете берді сумен тез.
Жалындады қыз кегі,
Ызаланып сөйледі
Жарқ ете қап қара көз:
«Ей, дария дүлейім,
Көріп сені күлемін.
Қайда әкетіп барасың?
Барымта алып жолшыбай,
Аптығың бір басылмай,
Қайда тулап ағасың?
Аққаныңмен құтырып,
Кете алмассың құтылып,
Ұсталып бір қаларсың.
Сені жеңген батырға
Арнап едім тақия,
Кім ұстаса, сол алсын!
Жеңілгенде басылып,
Толқын моншақ шашылып
Сол батырдың жеріне
Күндей күліп барамын,
Гүлжазира даланың
Бәйшешегін теруге».
Желмен ойнап жүгіріп,
Ел біткенді қыдырып
Кетті қыздың сәлемі
Су үстінде атыла
Алтын айдай тақия
Дөңгеленіп келеді.
Тақиялы толқынды
Ұстаймын деп ұмтыла
Талай жігіт қырдағы.
Бірақ асау дария
Толқын атып жарына,
Ұстатпады, зымырады.
Көктем дауыл шақырып,
Түйдек-түйдек атылып
Кете барды толқындар.
Дейді: «Мені бөгейтін,
Күшін маған теңейтін
Қандай ғана батыр бар?»
Айтып соны ағындап,
Толқынменен дауылдап
Келе жатыр долдана,
Алыста су сағынған,
Елестеген сағымнан
Жатыр байтақ кең дала.
Шөліркеген сол дүзден
Бетін күнге күйгізген
Өрт ашулы жас жігіт
Сол дария сыйғандай
Жатыр қазып терең сай
Тауды бұзып, тас тіліп.
Көзі түсті тасқынға,
Келіп қалған қасына
Айдаһардай атылып.
Сол тасқынға атылған
Қарсы ұшты жас ұлан
Шөл ашуын шақырып.
Дария да иіріліп,
Шел баласын иіріп
Теңізіне тастауға,
Екі езуі көпіріп,
Кейде таси лепіріп,
Сол телегей тасқынға
Жалғыз шыңдай қасқия
Қарсыласқан жас ұлан.
Таудай тосып тұлғасын,
Тастай ұрып құлашын
Шықты толқын астынан
Көк толқынды шұбатып,
Даласынан су атып
Жігіт кетіп барады.
Құлазыған шөліне
Толқын моншақ төгіле,
Дүбірлетті даланы,
Басылғандай дария,
Жас батырға табына
Мүләйімсіп тіл қатты:
«Өрен едім өрлеген,
Тауыңа ырық бермеген,
Тасқыным бар тым қатты
Сен ұстадың жалымнан,
Бағынамын, жалынам,
Босат мені, батырым,
Арнап сенің атыңа
Алыстан бір тақия
Алып келе жатырмын.
Бола қалып маған кез,
Өзбек қызы қара көз
Беріп еді бір сұлу...»
Соны айтты да басылып,
Бүлік сырын жасырып,
Тым сызылып тұрды су...
Жүйткіген жел сыр ұрлап,
Қыз сәлемін сыбырлап
Жеткізді ол жігітке.
Елестеді сол тұрған
Өзбек қызы толқыннан
Жар басында, биікте.
Естіп желдің сыбырын,
Біліп жігіт су сырын
Көкпар алып тағы сан.
Тақияны алды да,
Кетті сүйреп аулына
Көк толқынды шашынан.
Шөлге бір кез қараса,
Шел де қызық тамаша,
Гүлжазира дала бақ.
Жарқырап су күмісі,
Меруерттей күріші,
Дала қызық, дала шат.
Соны жігіт көрді де,
Шаттық еніп көңіліне,
Сәлем жазды Шырынға:
«Жыр болғандай сырым бар,
Гүлдерім бар, суым бар
Толған ой мен қырымда.
Шел даласы су көрмей,
Жатушы еді көгермей,
Шерін сумен тарқаттым.
Көл бітірген шөліне
Шырын қыздың кегіне
Жаңа туған Фархатпын!
Ақша қардай ақ мамық
Қара жерден мақта алып
Жатырсың ба, сұлуым?!
Жүрегімде сен едің,
Келді маған сәлемің
Толқындатып Сыр суын.
Суды жеңген батырға
Арнап едің тақия,
Сол батырың мен едім,
Толқын ойнап келіңде
Гүл толқысын шөлімде,
Құйған шаттық күн лебін.
Толқынымен жүректің
Саған арнап гүл ектім,
Келіп, сәулем, соны көр!
Аңдып қыздар соны жүр,
Таратқандай мың сыбыр,
Сол бір гүлге соғып жел.
Соны, сәулем, көріп кет,
Көрімдігін беріп кет,
Мен де сені көрейін.
Іздеп келсең ауылыма,
Гүлдер шашып алдыңа,
Күміс толқын төгейін!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter