Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  141


Автор: Қалижан Бекхожин

Мұқанның өліміне

Көтеріп құз қайғыны тастар едім,
Болмаса құздан биік басқан өрің!
Әлемге қазақ даусын таратып сен,
Далама даңқ берген асқар едің.
Бағына, ел-жұртымның талайына,
Сен ұқсап туған едің Абайыма.
Халқымның мақтанышы, ардагері,
Атыңды бүркемекпін қалай мұңға?
Жырлаймын дірілдетіп қаламымды,
Тебірене және мақтан дала күллі,
Көтеріп асыл сөздің мұнарасын,
Дауылдап жазығында дана тыңды...
Сол сұлу мұнарадан сырлар тарап,
Жөнелер ғасырларға жыр арқалап.
Жұлдыздай қатар жанған төбемізде,
Асқардан Абай, Мұхтар тұрар қарап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу