Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.08.2021
167
Шие мен шырмауық
Шие бар менің бағымда
Өзім бағып өсірген.
Тұр толықсып бабында
Мөлдір шырын несібем.
Суарамын түтікпен,
Сабағын да тараймын.
Жас бөбектей күтіп мен,
Ертелі-кеш қараймын.
Қарасам бір күн шиемді,
Көк шынжырлар тұр жауып.
Собыққа салып шідерді,
Қадалыпты шырмауық.
Көк жыландай шұбалған,
Шырын іздеп, гүл аулап.
Неткен нәле-шырмалған
Жас мәуемді бұғаулап?
Уа, бағбан, әрдайым
Бағыңда да сақ тұршы.
Мәуеңе де мүләйім
Бар екен ғой шапқыншы.
Шырмап менің бағымды,
Шырынымды бүлдірген
Сол шырмауық залымды
Түбірімен жұлдым мен.
Көрмесін деп бүршікті
Мәуелер мен гүл қысым.
Жұлса шіркін қырсықты
Шырмауықтың күллісін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter