Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.08.2021
351
Тыныштық
Айнала жым-жырт,
Қалғыған тыныш бақ.
Әзім де мүлгіп,
Отырмын тыныстап.
Тамылжып күн ыстық,
Аспан тұр жадырап.
Ызыңсыз тыныштық,
Сыбдырсыз жапырақ.
Қимылсыз қасында
Жатыпты қаламым...
Бәйтерек басына
Кенет бір қарадым.
Қозғалып тұр неге,
Бұтасы тербеліп?
Сипалап жүр әлде,
Жасырын жел келіп?
Биікке, қияға
Есуге жел ғашық.
Сондағы ұяға
Торғай жүр жем тасып.
Әлде сол торғайға
Етті ме жел сыбыр?
Кеттің, жел, сен қайда,
Қасыма кел, жүгір!
Жалықтым жым-жырттан,
Гуле, жел, бері кел.
Әр іске ынтыққан,
Ақын да әбігер.
Қозғал сен қасымда,
Тербелсін балғын бақ.
Бәйтерек басында,
Бозторғай ән шырқап.
Қозға, жел, гүлімді
Жұпары аңқысын,
Толғатып жырымды,
Кеудем бір шалқысын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter