Өлеңдер ✍️
Аллаға сенім
Бастаймын алғаш сөзімді,
Жаратқан Алла атымен.
Сенніммен жалғап төзімді,
Аллаға ғана бас ием.
Тәңірге деген сенніммен,
Жүремін иман жолында.
Құтылмас ешкім өлімнен,
Алланың бәрі қолында.
Өтуде күндер, өтуде
Ол – дағы қайта оралмас.
Қалар ол тарих төсінде,
Ол күнге ешкім бара алмас.
Күн шығар арты, түн болар
Күннің де сөнер шуағы.
Бір кетер бақыт бір қонар,
Мәңгілік болмас тұрағы.
Жұлдыз да, ағып құлайды
Тұрмайды мәңгі, сөнеді.
Аспан да үнсіз жылайды,
Қайтеді, ол да көнеді.
Көктемнің түйір бүршігі
Жайқалып бүрін жарады.
Келгенде күздің тылсымы,
Тұрмайды, ол да солады.
Дүние мәңгі жасар ма?
Бір Алла, білер анығын.
Аллада болар қашанда,
Сенімім менен танымым.
Үмітпен әркез қараймын,
Алланың берер бағына.
Иманды нұр деп санаймын,
Шуағын шашар жаныма.
Тоңдырса тағдыр жанымды,
Оған да мейлі көнемін.
Алладан тілеп бағымды,
Аллаға ғана сенемін.
Мәнсіз де болсын өмірім,
Оны да, сын деп білемін.
Иманды қалап көңілім,
Алла деп соғар жүрегім.
Құранда болар басты ілім,
Ұғынсам соны бір айбын.
Құрығын бұзып нәпсінің,
Тәңірден иман сұраймын.
Тұрмайды мәңгі жанымыз,
Осынау жұмыр ғаламда.
Кетеміз көкке бәріміз,
Мәңгілік өмір болар ма?
Құлшылық етем Аллаға,
Сөндірмей иман шырағын.
Көнемін жоққа барға да,
Амал не, жалған тұрағым.
Қалайда мәңгі жүрегім,
Иманға тұнған бақытты.
Бір Алла, менің тірегім
Сыйлайтын жанға жақұтты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter