Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.08.2021
205
Бүркітіңдей шарықтат, Ерейменім!
Алқынбай-ақ адасқан аңшыдайын,
Бүркітсіз-ақ басына мен шығайын.
Бүркітіңе ұқсайын бірақ өзім,
Қияларға қадайын жырдың көзін.
Көрейін бір келбетті кең өлкемді,
Көшірейін кеудеме көлеңкеңді.
Ата таулар маңқисын көз алдымда,
Бұлғаңдасын қайың-тал қыз қалпында.
Көрдім, әне, көлбеген көк даланы,
Қалың қойды, жылқыны көк алалы.
Аюлының алшиған шың басында
Аю емес, өрмелеп жүр машина.
Көл секілді егін ғой сонау сағым,
Жұпары ғой аңқыған балаусаның.
Несібеге кен болған кең бір таусың,
Естіп тұрмын жаңғырған елдің даусын
Сол дауысқа шөлдеген өзегім бар,
Өзеніңдей ағылсын өлең-жырлар.
Көтерейін саңқылдап ер еңбегін,
Бүркітіңдей шарықтат, Ерейменім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter