Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  166


Автор: Қалижан Бекхожин

Менің момын жеңешем

Қырдан көрдік көп егін...
Көзбен шолып келемін
Көк теңіздей көлбеген
Көз жеткісіз көлемін.
Егін басы толы адам,
Егін толқын — тулаған.
Мотор гуі, қыз шуы,
Толқып келіп тұр маған.
Көрдім алып кемені,
Қырқа жарып келеді.
Қауыз ұшып қардайын,
Дүрілдеген комбайн,
Рулін тура бұраған,
Үстінде тұр бір адам.
Ұстап көріп бидайды,
Мотор күйін тыңдайды.
Машинаша бұралған
Қолы шапшаң ыңғайлы.
Бұл айбынды кім десем?
Менің момын жеңешем.
МТС-те қыруар іс...
Партиялық жиналыс.
— Қайда сертің кешегі?
— Қайда мотор бөлшегі?
Бізден алған астықты?
Қамбада кім өлшеді?
Қамбада жоқ электр,
Тәртіп қайда, директор?—
Деп жалындап бір адам
Директорды сынаған.
Өткір тілді бұл шешен,
Қайдан келді, кім десем? —
Менің момын жеңешем.
Өтсем жасыл жылғадан,
Мал соңында жүр ағам.
Шерттім осы жырымды,
Жеңешемді жырлаған:
— Бұрын тіпті бұйығы,
Көрмеген көп жиынды,
Мотор түгіл арбаны
Жүргізу боп арманы,
Сізге батпай жасқанып,
Жүрген момын жеңешем,
Қандай ғажап! Басқарып,
Комбайнды жүр — десем,—
Қойды баққан ойлы аға
Жымияды жай ғана.
Мейлің, аға, не десең —
Озды сенен жеңешем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу