Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  171


Автор: Қалижан Бекхожин

Комбайншы Прокофий Нектов

Ұлы Отан соғысында екі аяғынан бірдей айрылған мүгедек Прокофий Нектов комбайншы болып істеп, жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
(Газеттен)

Көтерілмес
Арыстан да қансырап,
Құласа бір екі аяқтан айрылып.
Мертіккенде,
Ыстық қандар тамшылап,
Басар еді талайларды қайғы нық.
Бірақ оның
Қырқылмады қадамы:
Қуып жауды,
Қайтты туған жеріне.—
Тоқтау білмес ол советтің адамы,
Адымдайтын зор өмірдің өріне.
Бесігіңдей оған ыстық даласы,
Тербеді оның
Кең кеудесін керілген.
Қырға шықты өжет орыс баласы,
Дүбірлетіп,
Тау тұлғалы темірмен.
Жүрегі отты,
Ойы құстай қанатты,
Жатқызбады,
Ер тұлғасын қозғады.
Ол сүйетін егін басқан алапты,
Ол сүйетін,
Жазықтарын жаздағы.
Айдын шолған
Адмиралдай айбарлы,
Теңіз-қырға қадала бір қарады.
Аяқсыз-ақ
Күткендей бір майданай?
Көріп дәнді, жайнады көз жанары.
Ол тағдырға бағынбады қарысып,
Ертті оны еңбек, бақыт үндері.
Аяқсыз-ақ
Жүйріктермен жарысып,
Дән қырында комбайнмен гуледі.
Оның ылғи қуанышы — көлбеген
Қалың егін,
Батыр еңбек қарқыны.
Бақытты ол —
Кемтарлыққа көнбеген,
Бақыты үшін,
Қуаты үшін халқының!
Қорғаса ол
Азаттығын елінің,
Қалса аяғы,
Жүгіргенде ту ұстап,—
Құрыш қолы —
Енді ішінде егіннің
Көтерілді, толқын дәнді уыстап,
Арыстан да құласа бір мертігіп,
Тұрмас мұндай
Көтеріп зор тұлғаны.
Нағыз ердің даңқы қырда шертіліп,
Машиналы адымдары зулады.
Жүрісінен ырыс елге құйылып,
Ер Нектовтың аршындады қадамы.
Білсін әлем өр даңқына сүйініп,
Кереметті біздің совет адамы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу