15.08.2021
  327


Автор: Нұрмахан Елтай

Осылай да ойнай ма екен?

Асығып- үсігіп, өрістен қайтқан Дедей үйге кірген бойы қара ноқатын «тырс» еткізіп басып қалып, теледидарды қосып кеп жіберді. Қайнауы жақын самаурындай ысылдай- пысылдай жөнелген, бұрышта тұрған қара жәшігі бір кезде «көзін» бағжаң-бағжаң еткізіп, ашып-жұма бергені сол еді, ар жағынан бір қора адам шулап қоя берсін. Бірі алып, бірі сатып жүрген базардың қызған шағындағыдай көп кісінің өлермен даусы бірінен-бірі асып түсіп жанталасып жатыр. Айғай- сүреңі одан да басымдау естіле ме, қайдам.


Қазір  әркім өз шаруасымен әуре.  Біреуге-біреу қарайлап жүруші ме еді? «Дедей сиырын өріске айдап келген соң кірісерміз» деп кім аспанға қарап отырады. Мерзімді уақытында ойынды бастап кеп жіберген ойыншылар қызыл танау болып, аяғымен де, басымен де, тіпті қарнымен де пергілеп, жалғыз доптың «әкесін танытып» еңіретіп қуып жүр. Ана ішіне жел толтырып алған қу домалаққа да «жан» керек сияқты, әркімнің бұтының арасына қашып барып тығылып, ол жерден де байыз таппай, көп төбет қуған қаншықтай арлы-берлі жан-далбасамен домалана безеді дейсің. Соңынан арсалаңдай қуған көп қуғыншы зіркілдете теуіп, әй, қояр емес.


О, тоба! Жалғыз допты аласұра қуған тобырға дем беріп, айналасындағы көп қауым еліріп, түлкі көрген аңшыдай қиқуын салып, бір отырып, бір тұрып өлетін түрі бар. Мына Дедейің де сондай өлерменнің бірі екен. Көзі теледидарға қадала тесірейген күйі көлденең жатқан көрпешені төрт бүктеп, мықшиып отыра кетті. Аяғының шуашы сасып, іште доп теуіп жүргендерге қосыла кететіндей ентелеп қояды. Қозғалақтап онсыз да мақтасы шыққан көрпешені мылжа- мылжа етіп масқарасын шығарды.


Құмарлық дегенді қойсаңызшы! Бір кезде өзінен- өзі:


–О, футбол, футбол!
Ойынның бұл төресі,- деп өлеңдете дауыстап жіберді. Осы кезде ішке енген құрдасы Томпи:


–Үйді көшіріп жатқан бір өзің екенсің ғой, - деп сөйлей кірді де: «Қайқайта теп! Ойбай-ай!» деген Дедейдің оқыс даусына тоқталып қалды да, бұл сөздің өзіне арналмағанын байқап, мыж-мыж көрпешенің екінші шетіне жайғаса берді.


Келдің-ау, кеттің-ау деп отырған Дедей жоқ. Жетекшінің жетегінде жүргендей орнында отырып- ақ, қосыла шауып, барылдап отыр.


–Туу, осылай да ойнай ма екен? Қатты келген допты әуелі кеудемен тосып алып, төмен қарай сырғи бергенде оң аяқтың алқымымен пермейсің бе? Әй, саған айтам, тоғызыншы номер,- деп күйіп-пісіп, қолын шошайтып орнынан қарғып тұрды. – Өзің шашың жалбырап, Роналду боламын деп жүрсің бе? Ондай болу саған қайда?!


Дедей әлгіге «ұрсып-ұрсып» орнына қайта жайғасты. Көзі іштегілерді ішіп-жеп, аузы жыбырлап, иегі шошаң-шошаң етеді. Перісінің буып отырғанын байқаған Томпи әрі қарай аңысын аңдап, бір көзімен доп тепкіштерге, бір көзімен Дедейге қарап отыр. Көп ұзамай-ақ, құрдасының жыны қайта қозып берді.


–Туу, осылай да ойнай ма екен? Әуелеп келген допты төбеңмен «тоқ» еткізгенше, маңдайыңмен жерге қатты ұрсайшы. Ұшу бұрышын есептемейсің бе? Қиып ұрсаң қақпашының бұтының арасынан торға топ ете қалатын еді... Қап! Өзің оныншы нөмірлі мәйкіні киіп алып, болар емессің. Өліп кетсең де Пеле де, Марадона да бола алмайсың. Дедей бұл жолы «заочный» сабағын отырып- ақ айтып тастады.


–Мына қақпашы да оңбайды. Біреудің аяғының астындағы допқа басын тосып құлағанын қарашы! Оп-оңай жарақат алады. Мұндай допты Ордабаев секілді жұдырықпен айып алаңының сыртына, қашыққа ұрмайсың ба? Ондай болу қайда саған!


Томпи да аңғарып отыр. Дедейдің ескертпелері ақ мәйкілі ойыншыларға арналып, зығырданы қайнап жатқан секілді.


–Туу, мына иттің қылығын-ай! Аңыратып келіп, аспанның тесігін дәлдегенін қарашы. Қақпа ана жақта ғой, албасты-ау,- деп санын сарт еткізді. - Өзінің қисық тепкенін біреуден көріп, ақталып жүр,- деп күйіп пісті.


–Қайсысы? - деді үнсіз отыруды жөн санамаған Томпи да кәнігі шабандоздай жанамалап келіп қосылып. Мұны енді аңғарған Дедей таңдана қарап:


–Ассалаумағалейкум! Жақсы келдің,– деп амандасқанын да, қуанғанын да екі ауыз сөзге сиғызып, қысқа қайырды. Өзінің тары қорып, сақпан атқандай борша-боршасы шығыпты. Сөйтті де жүзін әрі аударып: – Пас, пас. Көлденең берме! Шабуылшының алдына таста... Пас. Туу, осылай да ойнай ма екен? Аяқпен тепкенмен, баспен ойнау керек футболды. Басты істету керек. Әлі соны білмейсің бе?


–Күйзеле бермесеңші, ауырып қаларсың..,– деді Томпи құрдасына өзінше «пас» тастап.


–Қалай жаның ауырмайды?! Осылай да ойнай ма екен? – деді Дедей мұның қисық сөзіне мән бермей. Томпи тағы да қарап отырмай: – Ана екі балаң жүрген жоқ па, бәдігін сапырып. Біреуін осы доп тебуге бермейсің бе? Босқа қылышыңмен боқ шаба бергенше...


–Олардан өзім дұрыспын ғой,– деп Дедей кеңк-кеңк күлді.


–Айтпақшы, кіммен-кім ойнап жатыр, өзі?


–Біздің елдің құрамасы мен шетелдің командасы. Ортақол ғана команда.


–Есеп қандай?  Біздікі қайсысы?


–Көк жейде кигендер біздікі. 3:0 есебімен жеңіліп жатыр.


–Ойбай-ау, сен бар біліміңді ана ақ мәйкі киген қарсыластарға айтып қойдың ғой. Обал-ай! «Сенген қойым сен болсаң күйсегеніңе болайын», - деді терісі тарылған Томпи.


–Енді қайтейін. Шетелдің командасына жыным келді. Нақ бір күшті команданы ұтып жатқан сияқтанып алаңда кердең-кердең етеді. Керіліп болар емес. Бұлар «Реал» немесе «Барселона» ма екен? Сосын, өзімше қарымта қайтарайын деп, олардың қатесін шығарып жатқаным ғой,– деп бәсең дауыспен ақтала сөйледі Дедей.


–Ой, сөзің бар болсын. Тесіктің жыртыққа күлгеніндей болды, мұның. Құрамында доп тебетін бірер ғана қандасың бар екен. Оларың да арық қой сияқты жалп-жалп құлағаннан басқа қауқар көрсетпеді. Үйіңде отырып, жер тепкілеп кіжінгенше, өзің шықпайсың ба белсеніп. Отырысың мынау, қобызсыз бақсы құсап, езбенді езіп...


–Менен басқалар да жүр ғой спортты өркендетсе...


–Міне, осы! Жаман қатыныңның жанында жалпиып отырып аласың да, кінәні өзгеге аударып шыға келесіңдер.


Бұл сөзді ауыр алып қалған Дедей:


–Сен не? Менің отаныма келіп, қатын-баламды түкке алғысыз еткенің. Кетші бар- ей,– деді жекіп.


–Тоқсаның жабылып, тоқты жыға алмаған соң, үйіліп отырғаныңды не қылайын, - деген Томпи да ашуланып табалдырықтан атып шықты.


Үйге келген кісіге, «кет» дегенінің ерсі екенін енді ұққан Дедей, Томпидың артынан дауыстап:


–Құрдас, қайт!  Ойын ғой, – деп ыржиды.  Анау артына қайырылмады.


Осылай да ойнай ма екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу