14.08.2021
  1188


Автор: Сайын Мұратбеков

Телі өскен ұл

Киноповесть


Қара жолдың шалшық суы мен балшығы шашыраған жолаушылар автобусы аудандық шағын қаланың орталық алаңына шыға келді де, зулап өтіп екі қабатты үлкен дүкеннің алдына кеп тоқтай қалды. Автобустан жапырлай түскен жолаушылар сол жұптарын жазбаған күйлерімен топырлай басып дүкенге қарай беттеді. Бұлар қалаға базар аралай келген осы төңіректегі деревня тұрғындары еді. Әйелдердің үстеріне кигендері негізінен пүліш кеудешелер мен болониялар да, еркектердің көпшілігінің аяқтарында етік пен жылы ботинкалар.


Дүкен ішіне кіре бере әрқайсысы өзі қалаған бөлімдерге қарай екіден-үштен тарап-тарап кетті.


Түкпір шеттегі телевизор, радиолалар сатылатын бөлімде жаңа келген пластинка ойналуда. «Лос-Аломас» ансамблінің орындауында ұйытқыған би әуені. Осы әуеннің ырғағына қарай бүкіл дүкен ішіндегі сатушы қыздар теңселе билеп тұр. Пластинка ойналып біткен кезде сатушы қыздардың бірі келіп оны басынан бастап қайта қояды, дүкен ішін ұйытқыған би ырғағы қайта кеулейді.


Әлгінде автобустан кеп түскен жолаушылардың ішінен бөлініп шыққан егде жастағы екі әйел Евдокия Филипповна мен Ефросинья Тихомировна еркектердің жейдесі сатылатын бөлімнің алдына кеп тоқтаған.


— Нейлон жейде бар ма? — деп сұраған Евдокия.


— Бар, — деді сатушы қыз.


— Көрсетші, кәне?


— Қай размері керек еді?


— Қандай размерлері бар сонда?


— Барлық размер бар, — деді сатушы қыз қолымен нұсқап көрсетіп. — Тек бәрі де өзіміздің елде тігілген.


— Немене, сонда өзіміздің тіккеніміз нашар ма? — деген Евдокия.


Сатушы қыз оған бастан-аяқ сүзіле қарап өтті де, оның бұл сұрағына жауап беруді лайықсыз көргендей мырс етіп күлді де қойды.


— Өз еліміздің тіккенін-ақ әкел, — деді Евдокия.


— Қай размері керек еді? — деп сатушы қыз қайталай сұрады.


Евдокия мен Ефросинья сұрақты кескінмен бір-біріне қараған.


— Сенің Васькаң кішірек адам болатын, — деп қойды Ефросинья.


— Онда былай болсын, — деп Евдокия дүкен ішін аралап жүрген еркектерге жағалай көз салған. Бірақ іздегендей адамы көріне қоймады. Шеттерінен соқталдай-соқталдай ылғи бір бойшаң ірі жігіттер жүрген. Амалы таусылғандай болған Евдокия енді сатушы қызға жалбарына сөйлеген. — Бізге бірдеңе деп өзің ақыл-кеңес берші, сыйлыққа алайық деп ек.


— Сыйлық жасауға осы күнгі нейлон мода емес. Мұны негізінен күнделікті жұмысқа киюге алады, — деді сатушы қыз немқұрайлы.


— Е, ол да жұмыс істейді, — деген Евдокия.


— Бойы қандай сонда оның, семіз бе, арық па? — деп сатушы қыз қитыға бастаған.


Екі әйел тағы да бір-біріне қарады. Дәл осы кезде бұлар тұрған тұсқа арықтау бір еркек келе қалған.


— Міне, міне, дәл осындай, — деді қуанып кеткен Евдокия соны көрсетіп.


— Асып кеткенде отыз тоғызыншы размер, — деді сатушы қыз кесіп-пішіп сөйлеп, сөйтті де ораулы жейдені алдарына тастай салды, — Ақшаны кассаға төлеңіз. Он сегіз сом.


— Түу, Москваға барып қайту жолы бұдан арзан шығар, — деді Евдокия күрсініп. — Осыны мұнайдан жасайды демеуші ме еді, ал мұнай дегенің бізде жетерлік емес пе...


Саудаларын жасап болған соң екі әйел тамақтанып алуды ойластырған. Осы дүкеннің ішінде түрегеп тұрып тамақ ішетін, бетін мәрмәр таспен жапқан бірнеше биік столдар қойылған кафетерий бар екен. Екеуі осы араға кеп бір-бір стаканнан сүт қатылған кофе мен жұмсақ нан алып, столдардың біріне кеп жайғасты.


— Сөйтіп, барып қайтуға бел байладың ба? — деп сұраған Ефросинья.


— Барып қайтам, — деді Евдокия, онан соң көңілдегі дығын жасыра алмай: — Әлгі сатушы қыз нейлон жейде модада емес деді ме?! Он да мұны неге сатады? Өзі осынша қымбат... Алдыңғы жылы менің үйіме аудандық финанс бөлімінің бір адамы пәтерге тұрғанда, ылғи осы нейлон жейдені-ақ киетін. Өзі оқыған, мәдениетті адам еді ғой. Кешкісін жұмыстан қайтысымен жағасын сабынмен сүйкеп-сүйкеп сумен шайқай салатын, ертеңгісін кигенінде тіпті үтіктеудің керегі жоқ, жағасы аппақ боп жаңа алғандай боп тұрушы еді...


Ефросинья болса оның нейлон жейде жайындағы сөздеріне еш мән берер емес, естімеген адамша жауапсыз қалдырды. Тек сәлден кейін өз ойындағы сұрағын айтты.


— Балаңның ақша салып жүргені рас па? Жоқ, әлде жай жұртқа айта салған сөзің бе?


— Рас, жүз сом салыпты. Почтадағылардың бәрі біледі.


— Ол жақта ұзақ боласың ба?


— Бара көрем ғой. Сен менің тауықтарыма көз қырыңды сала жүр. Егер көбірек жатып қалғандай болсам, саған дереу хабарлап жазып жіберем ғой.


— Бақытың ашылайын деді ғой, байғұс.


— Расында да солай. Тек күпірлік болмаса екен де, — деді Евдокия көзі жасаурай күліп.


Евдокия Москва аэропортында самолетке отыруға беттеген жолаушылардың ішінде келеді. Басқалармен бірге траппен көтеріліп ол да ішке енді де стюардессаға билетін көрсетіп, сол нұсқаған орынға барып отырды.


Оның орны ортадағы кресло екен, екі жағында екі еркек отыр, иллюминатор жақта аса ұқыппен жаңа модалы костюм киген, егде тартса да жасаң көрінген тарамыстау адам да, бергі жағында денесі толысып, шашы сұйылып түсе бастаған жуан адам.


Арғы шеттегі тарамыстанған адамға Евдокияның қылығы кіргеннен-ақ ұнамаған. Өйткені, ол қайта-қайта мойнын созып иллюминаторға үңіліп, сырттағы құбылыстың бірде-бірін қалт жібермейін дегендей ары қарай еңкейе берген, — әне, самолет жайлап қозғалып ұшатын тұсқа қарай жылжи бастады.


Тарамыс арық, айтпай-ақ ұғар деген оймен бір жақ иығын баса отырған Евдокияға бірнеше рет тіксіне қараған, бірақ Евдокия оның неге бүйтіп шытынап отырғанын ұға қоймады. Ақыры бүйтіп отырып мәнісі болмасын сезген тарамыс арық орнынан өзі көтеріліп:


— Сіз менің орныма ауысып отырыңыз, — деген.


— Жақсылығыңа көп рахмет, — деп Евдокия да орнынан тұрған. Тар аралықта орын ауыстырып отырудың әбігерімен боп тұрғанда, репродуктордан стюардессаның темірдей даусы естілді.


— Орындарыңыздан тұрмауларыңызды өтінем. Белбеуді байлаңыздар!


Евдокия сасқанынан өз орнына қайта отыра қалған.


— Ауысып отырыңыз, — деп тарамыс арық әлі өз орнын нұсқап тұр екен.


— Тұруға болмайды деді ғой...


— Ештеңе етпейді. Тұрыңыз.


— Орындарыңызға отырып, белбеуді байлауларыңызды өтінем, — деп репродуктордан тақылдаған дауыс қайта естілген. Тарамыс арық сонда да қайтып отырар емес, ақыры Евдокия батылдана тұрды. Сасып-салбырап иллюминатор жақтағы креслоға әзер деп ауысып отырды да, дәл осы орында бұрыннан отырған адамның кейіпінде тастай боп қата қалды.


Тарамыс арық та ортаға жайғаса отырып, белбеуді байланды.


— Қорықпайды екенсің, — деді оған Евдокия.


— Кімнен? — деген тарамыс таңырқап.


— Аналардан... — деп Евдокия репродуктор жақты меңзеген.


— Қорықпаймын, — деді тарамыс.


— Олармен байланыспағанның өзі жақсы, — деп қойды Евдокия. — Бір рет бізді тоғызыншы фермадан үсті адам отыруға жабдықталмаған машинаға отырғызып алып қайтқан шоферіміз бірде-бірің бастарыңды көтеруші болмаңдар деп ескертіп қойды. Былай шыға бере әйелдердің бірі тұштаңдап басын қылтыңдатып сыртқа қараған. Сол үшін бәрімізді орта жолда машинадан түсіріп кетті. Әрине, оларды да түсінуге болады. Қолға түсіп қалса правосын теседі де жібереді. Ал өзі біздің колхозға көмекке келген машина болса... Мен өзім колхозданмын...


— Біліп отырмын, — деді журнал қарап отырған тарамыс арық басын көтерместен.


— Ал өзің қайдан боласың? — деп сұраған одан Евдокия.


— Мен Ауыр машина жасау ғылыми-зерттеу институтынанмын, — деді тарамыс.


— Жоғарғы білімді екенсің ғой онда?


— Иә, — деп тарамыс журналдан басын көтерді. — Ғылым докторымын.


— Ақ халат киіп жүрген саған жарасатын болар, — деді Евдокия оған сынай қарап. — Өзі жасың нешеде, сонда?


— Оны неге сұрадыңыз? — деп тарамыс журналын тастай бере бұған тіктей көз салған. — Күйеуге шығайын деп пе едіңіз?


Евдокия мүлде тосылып, қысылып қалды.


— Жоға, жәй сұрағаным да. Егер жасыңды айтуға болмайтын болса, айтпай-ақ қой.


— Айтайын... Биыл елу беске толдым.


— Ал керек болса, — деді Евдокия қайран қала таңырқап. — Осынша жап-жас көрінесің, қалай сақталғансың? Жұмыс істемегенсің бе сонда?


— Істегем, — деп қитыққан тарамыс журналын көтеріп қайта үңіліп кетті.


— Сенің құрбыластарың соғысқа қатысты...


— Мен де соғыста болдым, — деді тарамыс тістене сөйлеп.


— Ал сен нешедесің? — деп Евдокия енді жуанға қараған.


— Жиырма сегіздемін, — деді анау.


— Мәссаған, — деді Евдокия абдырап. — Ал өзің тіпті дәусің ғой... Менің де балам бар, қазір отыз бесте.


— Ол қандай? Мен сияқты дәу ме?


— Білмеймін, — деді Евдокия ойлы күйге ауысып. — Өз баламды өзім көрген емеспін...


Самолет көлкіген қалың ақ бұлттың үстінде ұшып барады. Жолаушылар тамақтанып отыр. Жуан жігіт тауықтың бөксесін бөлек-бөлек етіп боршалап оп-оңай турап алған, ал Евдокия болса әлде пышағы түскір өтпей ме, әлде подносының тұрған орны орнықсыз ба, әйтеуір, тамағын дұрыстап жей алмай әуреге түскен. Онан көз қиығын салып қасындағы тарамыс арыққа қарап еді, анау пышағы мен шанышқысын былай қойып, тауық етін асықпай қолымен айырып жеп отыр екен, енді Евдокия да сонан көргенін істей бастады.


Тамақтан кейін екі еркек Евдокиядан рұқсат сұрап, бұрқыратып темекі тартуға кірісті. Тарамыс арық бұл кезде Евдокияға бұртиюын қойып, оған іштей бір кешіріммен қарап отырған. Әлден уақытта:


— Балаңыздан қалай айырылып қап жүрсіз, осы уақытқа дейін көрмейтіндей? — деп сұрады.


Евдокия еш бәлденген жоқ. Бар әңгімесін бастан-аяқ тілінің жеткенінше бүкпелемей айтып шықты.


— Соғыстың лаңы да... Немістер өрт қаптатып таяп қалған кез болатын. Колхоз бастығына: бірде-бір мал жау қолында қалушы болмасын, әйтпесе басыңмен жауап бересің деген бұйрық келіпті. Біз малдарды тегіс қуып отырып станцияға апарғанбыз, ол жерде қабылдамады, кідіртпестен келесі станцияға айдап әкеттік. Кішкентай Сережамды сіңлімнің қолына тастап кеткем. Осы кезде немістер жетсе керек, ал сіңлім өзі партия мүшесі, әрі озаттардың бірі болатын, өзінің қызы мен Сережамды алып эвакуацияға кетіп отырыпты. Содан суға батқандай із-түзсіз жоғалды. Жолда олар отырған эшелонды бомбалапты деп естідім...


— Бұрын іздемеп пе едіңіз балаңызды?


— Іздедім ғой. Таба алмадым. Енді үйсіз-күйсіздер азайды-ау, милицияның да арқа-басы кеңіді-ау деген кезде, басқалардың іздегендері табылып жатыр ғой, деп тағы да жазғам... Тауып берді. Бір-бірімізге суреттерімізді салдық. Мінекей, — деп Евдокия төс қалтасынан ұқыптап оралған суретті шығарды. Суретте жасы он екілер шамасындағы мойны қылқиған арық бала тұр. — Тек маған бала кезінде түскен суретін жіберіпті. Егер шын менің анам болса әуелі осы суретімнен таныр дегені болу керек. Ал қазір ол еңгезердей азамат қой. Қалай танимын, тіпті білмеймін. — Евдокия кенет іркілген жасты білдіргісі келмегендей көзін жыпылықтата бастады. — Өзіне арнап жейде сатып алып ем. Ал егер мына сен сияқты дәу болса ғой, — деп жуанға қараған. — Онда мүлде сыймай қалатын болды.


— Мен сияқты дәулер көп емес, — деді жуан жігіт оны жұбата сөйлеп.


— Иә, қуаныш та болса ауыр екен, — деп қойды тарамыс арық.


Самолет Алматы аэропортына кеп қонған. Трап әкелініп, жолаушылар сыртқа шыға бастады.


Евдокия да солардың ішінде. Аэровокзал қоршауының сыртында тұрған көптеген қарсы алушыларға көзі түскен. Бәрі де осы жаққа қарап жүздері жайраңдап, қолдарындағы гүлдерін бұлғайды. Евдокия да күлімсірей қарап, қолын бұлғап қойды.


Көк түсті аэрофлот формасын киген қыз темір шарбақты есікті ашып, жолаушылар сыртқа қарай шыққан. Жуан жігітті бір ап-арық әйел жүгіріп кеп асыла құшақтады. Басқа жолаушыларды құшақтап сүйіп қарсы алушылар ығы-жығы. Тарамыс арықты да екі адам қарсы алыпты. Тек Евдокияны ғана қарсы алған жан болмады.


— Кешіріңіздер, — деді тарамыс арық өзін қарсы алған екеуге. — Мен анау кісіге жөн көрсетіп жіберуім керек... — Сөйтті де өзі Евдокияның қасына келді. — Қамықпаңыз, балаңызды қазір табамыз, — деп жұбата сөйледі. Алайда көңіліне сыймай тұрған кірбіңді де жасыра алмады. — Әрине, қарсы алуды дұрыстап ұйымдастыруларына болатын еді ғой...


Осы мезетте репродуктордан самбырлаған ащы дауыс естілген.


— Филиппова Евдокия Филипповна, сізді балаңыз аэровокзалдан шыға беріс есікте күтіп тұр. Қайталаймын...


— Маған айтқан сияқты ма мынаны, — деді дегбірсізденген Евдокия. — Ол шығатын есігі қай жақта?


— Жүріңіз, мен сізді ертіп апарайын, — деді тарамыс арық.


Бұлар аэровокзалды қақ жарып өтіп, шығар есікке таяған.


Дәл шыға берісте Евдокия:


— Сәл кішкене аялдайықшы, — деп өтінген. — Жүрегім орнықсын, — өзі кідірістеп біраз тұрды да, жүрегі орныққандай болған соң, шығуға беттеді.


Есіктің шыға берісіндегі баспалдақтарда гүл ұстаған көп адамдар тұр екен, орысы да, қазағы да бар, бәрі аралас. Евдокия олардың бәрін тез ғана бір шолып қарап өтті де, өзіне күлімсірей қарап тұрған аласа бойлы, арықтау сары жігітке қарай жүрді, бірақ қарсы алдынан ұзын бойлы, кең иықты басқа бір жігіт кес-кестеп шыға берді. Евдокия оған жалт қараған, екеуінің көздері бір-бірімен ұшырасқан сәтте, ана жүрегі дір ете түсіп, өзінен туған, өзінен нәр алған жанарды қалтқысыз таныды, уақыт жеп солғаны болмаса, бір кезде өзінің жанары да дәл осындай болатын.


Ана мен бала құшағы айқасқан... тілшілер жан-жақтан фотоаппараттарын сыртылдатып суретке түсіріп ап жатыр.


Айнала тұрған әйелдердің көздерінде жас мөлдірейді. Евдокия өзі де жылап тұр. Самолетпен бірге келген тарамыс арық көзі жыпылықтап жасаурап бір шетке ығыса берді, онан соң өзін-өзі тез жөнге келтіріп анадай жерде әлгіндегі қарсы алушылар әзірлеп тұрған «Волгаға» қарай тез-тез басып жүріп кетті.


Евдокияға енді қарсы алушылар бірінен кейін бірі кеп сәлемдесіп жатыр. Сергей оларды таныстырып тұр:


— Ең үлкен бауырым, — деген.


— Айташ, — деп жасы қырық бестер шамасындағы еңгезердей қара қазақ сәлемдесті.


Сергей басқа да бірнеше адамдардың атын атап таныстырған, бірақ Евдокия қазақ аттарының бірде-бірін есіне сақтай алмай дал болды. Чемоданын алу керек екендігі есіне түсіп, баласына биркасын ұсынған. Сергей оны жастау бір жігітке тапсырып қазақша сөйлеп тұр.


— Сен барып мына кісінің заттарын алып кел!


Анау тез басып аэровокзалға кіріп кетті.


— Менің чемоданымды таба алар ма екен ол. Өзім барып алсам қайтеді, — деген Евдокия мазасызданып.


— Қыңқ демеңіз. Бәрін де жөндестіреміз, — деді Айташ оның көңілін орнына түсірер нық үнмен. Евдокияның байқағаны: басқалардың бәріне күңк етіп қана бір ауыз тіл қатып, айтқанын істетіп, бәріне бас болып қалт жібермей тұрған осынау еңгезердей қара қазақ, сірә, өзі үлкен бір бастық болар деп түйді: бойы да ұзын, қарны да үлкен, басына кигені шляпа. Сондықтан енді өзі де осы Айташқа жуықтау тұрып, осының айтқандарына құлақ түруді жөн көрді.


Сәлден соң Айташ бастап бәрі машиналарға қарай жүрді. Бұлардың машиналары: екі «Волга», «Жигули» және «Москвич» екен.


Евдокияны бірінші «Волгаға» алдыңғы орынға отырғызған, артқы орынға Сергей мен Айташ жайғасты. Тағы бір адам отырғалы есікті ашты да, Айташтың бір өзі екі адамның орнын алып отырғанын көріп, кейінгі машинаға кетті.


Осы «Волга» бастаған машиналар легі аэровокзал алдынан тізіле шығып, кең проспектіге түскен. Евдокия төңірекке таңырқай қарайды. Артта отырған ұлы мен Айташ қазақша сөйлесіп келеді.


— Самолет екі сағаттай кешікті ме? — дейді Айташ жүрер жолдарын ойша есептей отырып.


— Иә. Ауылдағылар әне, кеп қалды, міне, кеп қалды деп қызу әбігерге түсіп жатыр ғой. Кешіккенімізге әсіресе апам қатты мазасызданатын болды. Соңғы кездері өзі бір түрлі түрі бозарып ауырған адамдай жүдеп барады, — деген Сергей.


— Е, қайтер дейсің. Сабасына түсе келе қояды ғой. Шешеміздің мінезін білмеуші ме ең, ренжісе бір күннің ішінде жадап-жүдеп қалатын да, көңілі орнына түссе бір күннің ішінде шалқып шыға келетін, — осы сәт өздерінің сөзіне құлақ түре, кейін қарай сәл бұрыла отырған Евдокияға көзі түсіп кеткен еді, қатты қысылып қалды. — Извините, Евдокия Филипповна, — деді Кулагина дейін күреңіте қызарып. — Мы говорим рейс задержался, мы приедем позже, чем предполагали, мать будет беспокоиться...


— А как она... мать-то? — деп сұраған Евдокия өзі де қызарып кетті де, ұлына қарай бұрылды.


— Она ждет вас, — деп жауап қатты Сергей.


Бұл кезде ауылда қонақты қарсы алудың әзірліктері жасалып жатты. Үлкен, кең ауланың төріндегі еңселі үйге төңіректегі басқа үйлерден столдар, орындықтарды тасып зыр жүгірген ересек балалар мен қыздар, жас әйелдер.


Үйден шыға беріс сол жақ түкпірде қазан-ошақтар орныққан лапас. Қалишаның келіндері мен көрші-қолаңның жас әйелдері бір қазанға былқытып ет асып жатыр да, екінші кішірек қазанға бауырсақ пісіріп жүр. Сәл шеткерірек үш самаурын буы бұрқылдап деміге қайнап тұр. Бір жас келіншек олардың үшеуіне де үстелеп тағы да су құйып, оттықтыра көмір салып кетеді.


Аула іші толы бала, келе жатқан қонақтың салтанатына осылар ерекше қуанышты сияқты. Ыстық бауырсақтан уыстап іліп әкетіп, қарбыта асайды, мәз-мейрам боп, сықылықтай күлісіп ойнақ салады, бірі әткеншек тепсе, бірі жіптен секіреді, ал сәл ересектері екіге жарылып доп қуып жүр. Доптары кейде қазанға түсіп кете жаздаса, кейде шелекте тұрған суға түсіп кете жаздайды. Әйелдердің: «Өй, аулақ ойнасаңдаршы» — деп зілсіз ұрысқандары болмаса, шүйліге кеп қуғыштап жүрген ешқайсысы жоқ.


Сергейдің әйелі Сәлима екінші рет, әлде үшінші рет таза киімдер алып шығып екі ұлының былғанған киімдерін ауыстырып кигізді.


— Балапандарым-ау, ең болмаса бір сағаттай үстеріңді былғамай ойнасаңдаршы, әйтпесе әжелерің келгенде кір-кір түрлеріңді көріп шошып кетеді ғой, — деп қояды Сәлима.


Үйден Қалиша шықты. Бұл — жасы жетпіске таяп қалған, кескін-келбеті қартайса да кесектігімен көрікті, мінезі де түріне сай кесек адам. Бірақ дәл қазіргі күйі оның қатты толқу, абыржу үстінде екенін танытады. Өзі сыр бермеймін дегенімен даусы жарықшақтанып дірілдей шығады.


— Көрінбей ме? — деп сұраған ол үй төбесінде қарауылда тұрған немересі Сапардан.


— Көрінбейді, — деді Сапар.


— Не боп қалды екен, мұнша кешігетіндей? Әлде шешеңмін дегені басқа бөтен бір әйел боп шығып, соның әлегімен әбігер боп жүр ме екен бәрі де?! Ондай да болады ғой, — деген Қалиша өзін-өзі жұбатқандай.


— Әй, әже-ай, неге бүйтіп күдіктене бересіз. Жазған хатында да, телеграммасында да біздің Сергейдің шешесі екенін ап-анық етіп айтқан ғой, — дейді Сапар.


Сапар — Қалишаның немерелерінің үлкені, жасы он алтылар шамасында, өзі әжесінің бауырында өскен, еркелігі басылмаған, шолжаңдығы бар жасөспірім бозбала. Әжесіне басқалардан гөрі өктемдеу сөйлейді.


— Сергейдің шешесі дейді ғой,. әй боқмұрын, сен де білгішсіне қалдың-ау, ә! — деп тістене сөйлеген Қалиша, немересінің сөзіне өкпелегендей үйге қайта кетеді.


Үй ішінде көзінің жасын ірке алмай өзінен өзі күңкілдей сөйлеп жүр: «Әдіре қалғыр, ер жетіп, азамат болған балаға дап-дайын шеше бола қалуын»... — Ескі кебеже сандықты көп ашып, ішін ақтарыстыра бастайды. Кішкене баланың бір сыңар кішкентай бәтеңкесін және сарғайған бір суретті тауып алады. Бұл — самолет үстінде Евдокия көрсететін бала суретінің түп нұсқасы еді. — «Әй, Серке, Серке, қалай ғана көзім қиып мен сені бөтен бір әйелге жетектетіп жіберем... Соның саған тіпті еш туыстығы да жоқ шығар, ә?! Іздеп тапса баяғыдан бері қайда жүрді ол?»


Суретке қарап отырған Қалишаның көзі жасқа толған. Ерте көктемнің бұлыңғыр, сызды, суық күндерінің бірі. Аспанда тұтасқан күңгірт бұлт, әлде қар, әлде жаңбыр жауар түрі бар. Айнала тегіс жартылай еріп, жартылай қатқақтанған мұздақ дала. Жасы отыз бес-қырықтар шамасындағы, ашаң өңді, соған қарамастан қажыр қайраты сыртқа тепкен Қалиша үлкен арқа тобылғы арқалап келеді. Қалжыраса да, алға қарай қайсарлана адымдап, тістене түседі. Оның соңын ала жасөспірім Айташ келеді, оның арқасында да тобылғы, ал сонау кейінде артта, арқаларында шағын-шағын ғана буған тобылғылары бар, мүлдем жас Леонид пен Байтас қалт-құлт көрінеді. Екеуі де әбден титықтап шаршаған, қарындары аш.


Қалиша тобылғысын жерге қойып, екі кішкене қасына жеткенше күтіп отырады. Айташ болса алға жылжып кетіп барады. Міне, Леонид пен Байтас та жеткен тобылғыларын тастай бере екеуі де соның үстіне гүрс-гүрс отыра кетті. Қалиша қойнына тыққан бір жапырақ нанды алып екеуіне бөліп берді де, олардың ашқарақтана жегендеріне күледі.


— Айттым екеуіңе де үйде отырыңдар деп, бой бермей ерген өздерің, енді шыдаңдар,-кенет Қалишаның көзі екі баланың шарықтарынан жылт-жылт еткен бармақтарына түскен. Не істерін білмей жан-жағына қарайды, ең болмаса, шарықтардың тесіктеріне тыға салатын селеу шөп те жоқ екен. Ақыры Қалиша ескі көйлегінің кең етегін дар еткізіп айырып алды да, төртке бөліп екеуіне шұлғау жасап береді. Өзі көйлегінің шолтиып қалған етегін шалбарға ышқырланып алады.


— Қазір үйге жетісімен пешті өртеп жағып, қыздырынамыз әлі, — деп қояды өзі екі баланы кезек бауырына қысып...


Сырттан өзінің атын атап шақырған ащы дауыс оны селк еткізді, ой дүниесінен бөліп жібереді. Шақырып тұрған Сәлиманың әкесі — Есберген шал еді:


— Қалиша!.. Уа, Қалиша, қайдасың?! Ойбай, шық бері құдағи!


Есберген ат үстінде тұр, түрі қатулы.


Қалиша көзінің жасын сүрте сап, түк болмаған адамша күле сөйлеп шығады.


— Есбергенбісің? Ау, не боп қалды ойбайлап?! Мынадай қуанышты күнде неден түтігіп жүрсің өрт сөндіргендей боп. Түссеңші шіренбей атыңнан. Қадырлы мейман келе жатыр, осы үйде бірге қарсы алайық.


— Қуансаң өзің қуан. Қадырлы болса, саған қадырлы шығар, — деді Есберген міз бақпаған күйі. Онан соң даусын нығарлап зілмен сөйледі: — Әй, Қалиша, осы мен қызымды кімге бердім?! Маған кеп құда түсіп, құйрық-бауыр жескен құдағиым кім деймін?!


— Менмін.


— Сен болсаң, онда менің сенен өзгені таныр жайым жоқ. Біліп қойсын, айт аналардың біріне, мен қызымды ешқайда жібермеймін. Бес емес, он баласы болса да алып қалам. Осыны біліп қойыңдар...


Қастарына алқына басып Сәлима келген.


— Көке, саған не болған?! Ел-жұрттан ұят емес пе, мұныңыз не?! Қойсаңызшы.


— Қоймаймын. Сен де осыны біліп қой. Ешқайда да бармайсың. Сөз бітті! — деп Есберген атын борбайлата салып қап жүріп кетеді.


— Енді қайтсін, жазған-ай, — деп күрсінген Қалиша аяушылық білдіріп тұр. Жасырары жоқ. Есбергеннің мына қылығы ұнап-ақ тұр.


Ауылға кіре бере машиналар жүрісін баяулатқан. Тізбектеле кеп әлгіндегі қақпасының алдына тоқтады бәрі де.


Машинадан түскен Евдокия, әуелі, сәл абдырап тұрып қалды да, өзіне Қалиша таяп келген кезде, екеуі де көздері жасқа толып бір-біріне құшақтарын аша берді. Бірі орысша, бірі қазақша сөйлеген күйі екі ана біріне-бірі мұңдарын шаққандай, біріне-бірі өкпе-наздарын айтқандай, бірінің көңіліндегі кірбіңді бірі тарқатқысы келгендей көздерінің жастарына ерік берген еді.


— Милая... милая... родная... родная... Что ты... что ты...


— Сен де қайбір жетіскеніңнен айрылдым дейсің... Сенде не жазық... Менде не жазық...


Екі ана мауықтарын жазып, көз жастарын сүрткеннен кейін, Сергей енді өз анасының алдына әйелін, балаларын әкелді.


— Сәлима осы. Ал мыналар балаларым: Айгүл, Бибігүл, Павел, Василий, Нұргүл.


Евдокия немерелерінің бәрін де беттерінен сүйіп, құшағына қыса тұрып түрлеріне үңіле қарайды бірі орыс сияқты көрінсе, бірі қазақ сияқты, енді бірі орысқа да, қазаққа да ұқсайды... шетінен мөлдіреген сүйкімді балалар еді. Ұлдардың аттарын есіне сақтап үлгерген, ал қыздардың аттары қазақша болған соң ба мүлде ұға алмай дал болды.


Мұнан кейін ананың алдына ылғи бір ығай мен сығай ер адамдар кеп сәлемдесті.


— Бұлар менің бауырларым, — деп таныстырған Сергей.


— Байтас, Көкеш, Төкеш...


Евдокия еріндері жыбырлап қайталап, есінде сақтағысы келсе де, бәрібір тез ұмытып қалды.


Ағайын-туғандармен амандасып болғаннан кейін Қалиша өзі бастап Евдокияны үйге алып кірді. Төрт бөлмелі, еңселі, үлкен үйдің іші қонақ құрметіне құлпырта жиналған.


— Өзіңнің жеке меншік үйің бе? — деп сұраған ана Сергейден сыбырлап қана.


— Колхоздікі, — деді ұлы.


— Сен сонда үлкен бастықпысың?


— Жоқ, бастық емеспін, мал дәрігерімін, — деп күлді Сергей. Біздің колхозда жұрттың бәрі де осындай үлкен үйлерде тұрады. Балаларымыз көп қой.


— Ал біз жақта осы күні баланы көп таппайтын болды ғой, — деп күрсінді Евдокия.


Ауыл адамдары сәлемдесуге үсті-үстіне келіп жатыр. Сергей олардың бәрін де таныстырып тұр. Тағы да қазақ есімдері, Евдокия бірде-бірін есінде сақтай алар емес. Бір қалт еткен сәтте ол Сергейді шетке шақырып ап:


— Сенің бауырларыңның аттарын тағы да ұмытып қалдым, қайталап бір айтшы, — деп өтінген.


— Ең үлкеніміз Айташ, онан кейінгі анау менімен жасты Байтас, мынау Көкеш, одан бергі отырған Төкеш.


— Ал қыздарыңның есімдері қалай еді?


— Айгүл, Бибігүл, Нұргүл.


Евдокия күбірлеп қайталай бастаған. Осы кезде арт жағынан келген үлкен немересі Нұргүл оған күле қарап, ірі әріптермен өздерінің есімдері жазылған дәптердің бір парағын ұсынады.


Стол үстіне дастарқан әзірленіп, төр төбесіне Евдокия мен Қалиша қатарласа, онан төмен қарай жастары мен жолдарына қарай басқа ағайын-туғандар да тегіс жапырлап отырды. Дастарқан басы боп орнынан тұрған Айташ, алғашқы тосты көтерді:


— Бұл тосты мен бауырым Сергейдің анасы, ендігі жерде біздің де анамыз Евдокия Филипповнаның денсаулығы үшін көтеруді ұсынам. Дені сау, жасы ұзақ болсын!


Дастарқан басындағылар бір ауыздан қостау айтып дүр етіп орындарынан көтерілген көзі жасқа толған. Евдокия орыс халқының ізетті әдетімен тұрғандарға иіліп сәлем етті. Дастарқан думаны басталды да кетті... Келіндері екі ананың тарелкаларына түрлеп-түрлеп тағамдар салып, сый-құрмет көрсетіп жүр. Евдокияның байқағаны стол басында орыстар да көп екен: әйелі, еркегі аралас, қазақша да, орысша да бірдей сөйлейді. Біріне-бірі әзіл сөздер айтып қарқ-қарқ күліседі. Және бір қызығы қазақ сөздерінің жартысына жуығы орыс сөздері сияқты. «Бәлкім, ондай сөздер орысқа да; қазаққа да ортақ сөздер болар», — деп түйді ана.


— Слушай, Валя, маған балықтан әперші, — дейді сампылдаған қазақ әйелі. Оған ақ сары орыс келіншегі.


— Пожалуйста, қазір әперем, — деп жауап қайырады.


Ана енді өз баласы — Сергейге көз салған. Ол қасындағы Байтаспен қызу бір әңгімеге кірісіп, сөйлесіп отыр. Оның қазақша сөйлегеніне анасы таңырқай да, бір түрлі ерсі, оғаш көріп қарайды. Осынау өңін дала желі тотықтырған иықты әдемі жігіт шынымен-ақ өзінің Сережасы болғаны ма, көзіне қараса, кескініне қараса — сол, ал қазақ тілінде сөйлегенін тыңдаса ол емес, бөтен біреу сияқты көрініп кетеді.


Өстіп отырғанда әлгі ақ сары орыс келіншегі қазақша шырқап ән бастап кеткен. Оның әніне стол басында отырғандар тегіс қосылды. Мұнан соң «Катюша» айтылған, тіпті айна-қатесі жоқ, өздерінің деревняларындағы жіңішке дауыспен бар ықылас тарымен беріле шырқайды. Қасындағы Қалишаға көз қиығын тастаған, ол да аузы жыбырлап қосылып отыр екен. Енді бірде өзінің ән ырғағына қосылып кеткенін Евдокия тіпті аңғармай да қалған.


Ән айтылып боп, жұрт жаңа тостарын толтырған кезде, Евдокия Қалишаның қабағы түйіліп, томсырая қалғанын аңғарды.


— Не боп қалды? — деп сұраған Евдокия.


— Анау Көкешті қарашы, көп ішіп қойыпты, — деді Қалиша ренжіп.


Енді Евдокия да анық байқады, ағайынды бауырлардың бірі — Көкеш қолын жан-жағына сермеп, ерекше қызына сөйлеп отыр екен.


— Жақсы емес, — деді Қалиша күйзеле түсіп.


— Қуаныш үстінде ішкені ғой. Әйтпесе өзі жүзі жылы жақсы бала екен. Мен бағана көргенде-ақ өзін басқалардан гөрі іш тартып ұнатып ем,- деп Евдокия жұбата сөйлеген.


— Оның мейірімді, ақ көңіл екені рас, — деді Қалиша қостап. — Тек әттең не керек, ішетіні жаман. Шамасын білмейді. Балаларымның ішіндегі жолы ауыры осы болды. Түрмеге де отырып шықты, шофер еді правосынын да айрылды. Қазір трактор айдап жүр. Не әйелі, не баласы жоқ... У — Уһ! бәрінен де жаныма осының тағдыры батады.


Қызып алған Көкеш ешкімді тыңдамастан өзінің сүйікті әніне басты:


«Бежал бродяга с Сахалина...»


Бірақ оның әніне ешкім қосылып, қостаған жоқ.


Екі ана өзара әңгімелерін жалғастыра түскен.


— Үлкен Айташың бастық болу керек, сірә? — деген Евдокия.


— Трактор бригадасының бригадирі, — деді Қалиша мақтанышпен. — Өте жақсы бригадир. Байтас — шопан. Облыс пен ауданда өтетін жиналыстардан қалдырмайды. Ылғи президиумға отырғызады. Төкеш — архитектор. Бірақ оның қандай архитектор екенін білмеймін. Әзірге салған үйлерін көргем жоқ. Сергей — мал дәрігері. Жақсы дәрігер. Амандық болса күзге өзіміздің совхозға директор етіп қойсақ дейміз.


— Немене, аудан басшылары солай деп келісіп қойып па еді? — деп сұрады Евдокия абайлап қана.


— Ол басшылармен сөйлесеміз ғой, — деді Қалиша кеудесін көтере отырып. — Бірінші секретарьдың өзіне барам әлі.


— Өз балаң үшін барғаның ыңғайсыз боп жүрмесе.


— Не ыңғайсыздығы бар. Жұмыстың жайын білетін, жұртпен істесе алатын қабілетті адам — өз балам болса оған неге ыңғайсызданам, қайта мақтан етпеймін бе. Және Серкемді елдің бәрі мақтайды, директор қойсақ деу бәрінің тілегі. Қазіргі директорымыз қарт адам демалысқа шыққысы келеді...


Стол басындағылар тағы да барлығы қосылып ән айта бастады. Осы сәтті пайдаланып Евдокия орнынан тұра берген, немересі — қасы-көзі мойылдай қап-қара кішкентай Павел кеп оны қолынан ұстай алды.


— Жүр бері, — деп әжесін өз бөлмелеріне қарай сүйрей жөнелді.


Мұнда Павелден үлкен бидай өңді, сары шашты Василий тәтті ұйқының құшағында жатыр екен.


— Сен менің нені жақсы көретінімді білесің бе? — деп сұрады немересі бірден.


Ана ойланып қалды да, онан соң есіне түскендей күле тұрып немересінің кекілінен сипады.


— Шоколад конфетті жақсы көресің.


— Жоқ. Шоколад конфетті көп жеуге болмайды, зиянды, — деді немересі басын шайқап. — Мен ертегі тыңдағанды жақсы көрем. Сен маған ертегі айт.


Немересі төсегіне жайғасып жатты да ертегі тыңдауға дайын екенін білдірді. Ана ойланып отыр.


— Саған қандай ертегі айтсам екем, ә?


Ол өмірінде ешқашан айтып көрмеген, сондықтан бірден ойына жөнді ертегі де орала қойған жоқ. Ақыры, өзінің бала кезіндегі естіген бір ертегі есіне түскендей болды да, аузына қадала қарап, күтіп жатқан немересін басынан сипап қойып бастап кетті.


— Былай болыпты. Ерте-ерте ертеде ағайынды үш жігіт өмір сүріпті. Екеуі ақылды екен де, үшіншісі Иван ақымақ екен...


— Жоқ, жоқ, әже, — деп Павел қолын созып алақанымен Евдокияның аузын басты. — Мен ақымақ туралы ертегі тыңдамаймын. Маған басқаша ертегі айт.


— Апырай, ә, — деді тосылып қалған ана қапелімде не дерін білмей. Қысылғаны сонша маңдайы терлеп кетті. — Сонда қандай ертегі айт дейсің?..


— Космос туралы айт.


— Космос туралы?


— Иә.


Евдокия мүлде саса бастаған, абырой болғанда келіні Сәлима келіп құтқарды бұл қыспақтан.


— Сізді Сережа келсін деп жатыр, мұны қазір мен өзім ұйқтатам, — деді.


Қонақтар отырған бөлмеге шықпас бұрын, Евдокия енді қыздар жатқан бөлмеге басын сұққан. Үлкен немересі жалғыз жатыр екен де, екі кішкене қыз бір төсекте құшақтасып ұйқтап жатыр екен, үстеріндегі одеялдарын теуіп тастапты. Ана кеп олардың одеялдарын жапты, қара торысынан гөрі, онан кішілеу ақ сарысын басынан сипап қойды, сәл бөгеліп тұрды да, қайырылып кеп қара торысының да басынан сипады. Екеуіне кезек қарап көз алмастан үнсіз тұрып қалған. Бөлмеге сәл теңселе басып Сергей кірді. Анасының қасына кеп қатарласа отырды да, оның бетіне жымия қарады. Ана басын баласының кеудесіне басып, солқылдап жылап жібереді. Баласы болса оны құшақтай түсіп:


— Жылама, жылама, — деген. Бұл оның кездескеннен бергі алғаш рет «мама» деп айтуы еді. Евдокия онан бетер өкси жылады, енді Сергейдің көзіне жас толып, анасының ақ басқан шашына тұмсығын тығып булыға берді...


Келесі күні таңертең тәтті ұйқыда жатқан ананы Сәлима ақырын ғана кеп оятқан. Евдокия көзін ашып, басын көтерген, едәуір уақыт боп қалыпты.


— Қалайша бүйтіп көп ұйықтап қалғам. Үйде тіпті ерте оянушы едім, — деді Евдокия қысылғандай.


— Бұл төрт сағаттық уақыттың айырмасынан ғой. Сіздерде қазір таңғы сағат бес, нағыз тәтті ұйқының кезі, — деді Сәлима түсіндіре тұрып күліп.


Балалардың ересектері мектепке кетті, ал кішілері тамақтарын ішіп, киініп алған, сыртқа кетуге сақадай сай тұр екен.


— Сіз дем ала беріңіз. Мен мектепке бара жатқан соң, ескертіп қана кетейін деп оятып ем. Екі сабақтан кейін бір сағаттай үзілісім бар, сол кезде қайтып келем, — деген Салима.


— Алаң болма, балаларды өзім қарай тұрам.


— Бұлар. күндегі әдеттерімен үлкен әжесінің үйіне барады.


— Онда мен де барайын сол үйге. Қалишаға. Ұйқым әбден қанып, жақсы демалыппын, — деп Евдокия тез тұрып киініп, жинала бастады.


Сәлден кейін бұлар үлкен үйге қарай бет алған. Қақпадан кіре бере Евдокияның немерелері аула ішінде шуылдасып жүрген өздеріндей көп балаға қосылды да араласып кетті. Кішігірім балабақша дерлік еді. Евдокияның әуелде көзі бажырайып, есі шыққан.


— Менің, балабақшам осы, — деді Қалиша қалың шуды басқан өктем үнмен. — Келіннің бәрі жұмыс істейді, балаларын қарайтын мен. Өзің есептей бер, Дуся, менің еңбегімнің қандай екенін. Айташтың жеті ұл, екі қызы бар. Байтастың төрт қыз, үш ұлы бар. Сергейдің қанша баласы барын өзің білесің және Алматыдағы Төкештің үш баласы бар, ал солардың бәрінің тауқыметі маған кеп түседі. Бәрін емшектен өзім айырып, өзім бауырма салып өсірдім ғой.


— Аз еңбек емес екен, — деді Евдокия.


Үйден қолында бірнеше географиялық карталары бар Сапар шығып:


— Сәлеметсіз бе, Евдокия Филипповна, — деді.


— Сәлемет пе, Сапар, — Евдокия бұл баланың есімін кеше танысқан кезде-ақ ұғып алған.


— Қай жерде тұратыныңызды картадан көрсетіңізші, — деп өтінген Сапар.


— Әй, со біздің деревня картада бола қоймас, — деген Евдокия күліп.


— Неге? Мінекей,Опочка, міне,Невель...


— Онда сол төңіректен Синяя Николаны іздеп тап.


— Қалайша Синяя Никола аталған?


— Бізде: жазғы Никола, қысқы Никола деген діни мейрамдар бар, ал біздің деревня Синяя деген өзеннің бойында, содан барып деревнямыз Синяя Никола аталған.


— Әй, Сағын, сабағыңнан қалдың ғой, — деді Сәлима қатқыл үнмен.


— Қазір, — деп Сапар үйге жүгіріп кіріп портфелін алып қайтпақшы. — Синяя Николаны картадан таппай қоймаймын.


Сәскеге таяп қалған көктем күні сәулелі шуағын барынша жомарт төгіп тұр. Сыз тартқан жер иін-иіні босап, үстінен көрінер-көрінбес буы бұрқырап бусанып жатыр... Алыстағы қыраттар мен жоталар үстінен жөңкіле тулаған тау суындай боп сағымдар ағады.


Қалиша мен Евдокия үлкен үйдің алдындағы орындықта отыр, бұлар отырған жер сәл биіктеу де төменіректегі аула ішінде апыр-топыр боп ойнаған балалар, ойыншық үй, тербетпе орындықтар, ағаш ат, пластмасса машиналар мен трактор .. қысқасы аула ішін балалар бақшасы деуге әбден болатын.


— Жалғыз өзің бес баланы қалай өсіріп, жеткіздің? — деп сұрайды Евдокия сөз ретіне қарай. — Әй, қиын-ақ болған шығар.


— Қиын болды ғой, — дейді Қалиша қостап. — Бірақ ол кез кімге шын болмады дейсің.


— Иә-ә, — деді Евдокия күрсініп. — Байқауымша Көкеш пен Төкеш соғыстан кейін туған балалар сияқты. Соған қарағанда күйеуің соғыстан қайтып келіп мерт болған-ау...


— Қырық төртінші жылы жараланып қайтқан. Келген соң бес жылдай өмір сүрді. Бірақ ұзақ тұра алмады, сол жарақатынан кетті ғой, марқұм... Өз күйеуің соғыста қайтыс болды ма?


— Жоқ, соғыстан бұрын ағаш қиып жүрген кезінде үстіне бөрене құлап өлген. — Екеуі де әрқайсысы қасіреттерін естеріне түсіргендей жүздерін көлеңкелі әжімдер басып, біраз үнсіз отырып қалған.


— Сережаны қалай алдың, соны айтшы? — деді әлден уақытта Евдокия.


— Соғыс кезінде біздің осы ауылға жиырма жеті сәби келген. Ойланып-толғанып тұратын уақыт па? Өзіміз жетім-жесір болсақ та сәбилерді жаудыратып тағы қайда жібереміз. Аш болсақ бірге ашығар, тоқ болсақ тағы бірге көрерміз деп әр үй бір баладан бөліп алдық. Сергей маған сөйтіп бала болды.


— Ал сол балалардың барлығының да туған-туысқандары табылды ма қазір?


— Біразынікі табылды, біразынікі әлі табылған жоқ. Сергей де сені көп іздеді-ау.


— Сен алғанда қандай еді өзі?


— Тіпті кішкентай, арық болатын. Өзінің атының Сергей екенін ғана біледі, басқа ештеңені білмейді. Үш жасқа толар-толмас бала басқа не білуші еді?!


— Мінезі қандай болды?


— Мінезі өте жағымды болатын, тек балапан әтешше ұрыншақ, төбелесқор еді.


— Таяқты да көп жеген шығар?


— Жоға, о не дегенің ол кезде Айташ дардай боп өсіп қалған, қанша ұрыншақтанып жүрсе де Серкені ешкімге ұрғызбайтын. Әуелі бірде бұлар бәрі жабылып, соқталдай бір жігітті сабапты.


Оларын кейін естідім ғой. Анау да бір бар болғыр, үп-үлкен боп,аяғына орала берген Серкені теуіп жіберген бе, бірдеңесі бар.-.. Серке жылап Айташқа барады. Сөйтсе Айташ, Байтас, Серке үшеуі боп кеп, әлгі дардай жігітті бас салып алып ұрып, сабайды... Ой, несін сұрайсың, Евдокия, бұлардың істемегені жоқ қой. Ол қазір ғой, олардың шеттерінен әлдеқандай боп шіреніп жүргендері. Оқу оқымай, мектептен қашып, қаншама қорлық көрсетті десеңші...


— Апа, апа! — деп айқайлай дауыстап көше жақтан бойжеткен қыз кірген.


— Иә, не боп қалды?


— Әлгі Көкеш ішіп алған мас екен, тракторы біздің үйдің қасында тоқтап тұр. Жас қоздаған қойларға жем жеткізіп беруі керек еді, енді не істерімді білмей тұрмын.


Қалиша қыздың сөзін өңі бұзыла тұра үнсіз тыңдады, дереу орнынан тұрды.


— Бара бер, мен қазір келем.


Өзі үйге кіріп кетіп, сәлден кейін үстіне қалыңдау күрте киіп қайта шықты.


— Жүр, менімен бірге, қойлы ауылға барып қайталық, — деді Евдокияға, — Серкенің жұмысын көріп қайтасың.


Ауылдың тастақ көшесімен асыға басып Қалиша келеді. Соңында Евдокия. Кекеш тракторын тоқтатып қойып, көше шетіндегі көгалда аяғын шешіп жалаңаяқ отырған, түйіліп келе жатқан шешесін көріп, етігін кие бастады. Онан соң орнынан тәлтіректей тұрып, тракторына барған, бірақ аяғын көтеріп отыра алмайды. Кейін шегіншектей түсіп, ұмтылып кеп қайта тырбанған, бәрібір отыра алар емес, аяғын көтере алмады. Алқына басып жеткен Қалиша оны ту сыртынан кеп қапсыра құшақтап трактордан аулақтау алып шыққан.


— Апа, мен ішіп қойдым... осы соңғы рет... соңғы рет... Кішкене демалайыншы, сонан кейін апарам, — деді тілі күрмелген Көкеш шешесінің алдында ақталғысы келгендей.


— Жарайд... Жарайд... бар үйге!


Екі иіні салбыраған Көкеш тәлтіректей басып үйге қарай кетті.


Қалиша тракторға отырып от алдырды да, сцеплениені, жылдамдықты байқап көріп алға сәл жылжыта жүргізді де, бәрінің дұрыс екеніне көзі жеткен соң, төменде аңыра қарап тұрған Евдокияға дауыстап:


— Кел, отыр бері. Серкеге алып барам, — деді.


— Жүргізе аласың ба? Қиын емес пе? — деген Евдокия бірден тракторға отырарын да, отырмасын да білмей қипалақтап.


— Кел, соз қолыңды!


Қорқақтаған Евдокияны Қалиша қолынан іле тартып көтеріп қасына отырғызды. Трактор көшенің ортасына шығып жүріп кетті.


— Сен енді мұны қалай тоқтатуын білуші ме ең? — деген әлі де үрейі ұшып отырған. Евдокия.


— Қорықпа, — деді Калиша. — Мен отыз алтыншы жылдан бастап трактор айдағам. Соғыс жылдары күндіз-түні трактордан түспейтінбіз. Алған ордендерім де бар...


Ауылдан шыға бере Қалиша трактордың жылдамдығын арттыра түсті де, Евдокияға бұрыла қарап жымиды.


— Жастық шағымызды еске аламыз ба, а... — деп күле отырып, кенет шырқай жөнелді.


Мы с железным конем


Все поля обойдем


Соберем и посеем и вспашем.


Евдокияның есіне де екпіндеткен отызыншы жылдар, өзінің жастық шағы, бақытты жарқын шағы түскен, енді ол да әжімді жүзінде сәулелі күлкі ойнап Қалиша бастаған әнді іліп әкеткенін өзі де андамай қалды.


Наша поступь тверда


И врагу никогда


Не гулять по республикам нашим...


Кедір-бұдыр қара жолмен соңында тіркеме арбасы бар «Беларусь» зырлап келеді, үстінде екі ана — өмірдің небір қиын-қыстау кезеңдерін, тіпті шамадан тыс ауыртпалықтарын иықтарымен қайыспай көтерген орыс және қазақ әйелі — өздерінің жастық әндерін еске түсіріп шырқап келеді...


Трактор қыр астындағы бұқпа ықтасында тұрған шопан аулына кеп тірелген. Бір топ жас сақпаншылар екі ананы дүркірей күлісіп қарсы алды.


Жерге түскен соң Евдокия төңірекке қараған: ұшы-қиыры жоқ кең дала, сол даланың мынау ықтасындау тұсында жұмыртқадай аппақ каркас үй тұр, әудем жерде ұзын қамыс қора, қораның алды кең аула боп қоршалыпты, қырат үсті шашырай жайылған қой, мұнша кеп болар ма, — Евдокияның мұнша қойды бірінші көруі еді, қайран боп, қызықтай қарап тұр. Маңыраған қозылардың дауысы құлақ тұндырғандай.


Қоршалған аула ішінде ақ халат киген Сергей қозылардың құрығын кесіп жүрген, қос ананы көріп скальпелін күнге шағылыстыра қолын бұлғады да ісіне қайта кірісті. Бұлардың қасына Байтас келген. Евдокияға қол беріп амандасты.


— Әлгі ит тағы да ішкен бе? — деді шешесіне.


— Иә, — дей салды Қалиша.


Байтас басын шайқап қойды да, басқа бір ауыз сөз айтпастан қораға қарай жүрді. Евдокияны ертіп қораны, жас төлдеп жатқан қозыларды көрсетпек боп Қалиша да солай қарай беттеген.


Қоршау ішінде сабалақ ұзын шашы иығына дейін түскен бала жігіт, осыдан бірер сағаттай бұрын туған жас қозыны көтеріп ап бір қойдан екінші қойға апарып теліп жүр. Тәлтіректеген қозы емшекке тұмсығын тигізе бергенде-ақ саулық қой оны аямастан нұқып сүзіп тастайды. Демек, анасы бұл емес, келесі саулыққа апарып иіскетіп телімек болады, бірақ ол да сүзіп жолатпайды қозыны.


— Белгілеп қой енесін, — деп бағана ескертіп ем ғой, — деді таяп келген Байтас, оған ренжіп. — Бүйтіп қарасаң мал өсе ме?!


— Әй, өспесе қойсыншы, — деді ызалы жігіт.


Мұндай тосын жауапқа Байтастың көзі шарасынан шыға тосылып қалды.


— Апырай, ә?! Онда неге келдің мұнда, шырағым.


— Өзім келдім дейсіз бе, практикаға жіберген соң келдім.


Қалиша мен Евдокия анадай жерде бұлардың сөзін тыңдап тұрған. Қазақшаға түсінбеген Евдокия:


— Не боп қалды?  — деп сұраған.


— Мынау бала, қозының қай енеден туғанын ұмытып қапты, — деді Қалиша жағдайды түсіндіріп. — Енді әне, басқа саулықтар сүзіп емізбей жүр.


— Қиын жағдай, — деді Евдокия аяушылық білдіріп. — Байғұс, бұл әлі шөп те жей алмайды, емшек ембесе аштан өледі ғой.


Қозыны тағы бір саулықтың бауырына апарып теліп көрген бала жігіт, ол саулық та қозыны алмаған соң, амалы таусылғандай көшек шөп үстіне барып аяғы төрт жаққа кетіп қиралаңдай құлап, аянышты маңырайды.


— Түу, байғұс-ай... — деген Евдокия.


Енді қозыны кеп Байтастың өзі көтеріп алды да, енесін іздестіре бастады.


— Байтас қазір табады, — деді Қалиша сенімді үнмен.


Шынында да Байтас шарбақтың шөп тастаған жағында ұйлығыса тұрған көп саулықтарды жағалай қарап келе жатып, орта тұсында күрт-күрт шөп жеп тұрған саулыққа тоқталды. Қозыны әкеп соған иіскетіп бауырына салған, саулық тыпыр еткен жоқ, қайта қомағайлана емген қозының құйрығынан қайыра иіскелеп қойды.


Сақпаншы практикант-студенттер: біразы қойға су беретін астауды төңкеріп соның үстінде, біразы қоршау тақтайдың жақтауларына шығып отыр. Бәрі де орталарында тұрған Сергейге қарай қалған. Сергей болса ұзақ сөзін түйіндей келе, соңғы жағын зілмен аяқтайды.


...— Солай жігіттер, балалықты қойыңдар. Сендердің атүсті, салдыр-салақ қарағандарың жас төлдердің ажалы. Көз алдарыңда дүниеге жаңа келген, еш жазығы жоқ жас төлдің аштан бұралып өліп жатқаны жандарыңа батпай ма?! Ал сен, інішегім, — деді ол енді әлгіндегі сабалақ ұзын шашты жігітке бұрылып, — мал қарауды ұнатпайтын болсаң осы бастан басқа бір оқуға ауысып кет. Мал баққанға бітеді, дейді емес пе, ал сенің оған икемің де, ықыласың да жоқ сияқты...


Қазақша түсінбеген Евдокия:


— Не айтып тұр? — деп сыбырлай сұраған Қалишадан.


— Мына жастарға ақыл айтып тұр. Анау балаға мал қарауды ұнатпасаң басқа мамандық алатын оқуға ауыс дейді. Айтам ғой, біздің Серкеден жақсы директор шығады деп.


Қалишаның сөзінде де, үнінде де, кескін-келбетінде де елжіреген аналық мейірім, мақтаныш бар еді. Кенет Евдокияның көкірегі сыздап кеткендей болды.


Студент-практиканттармен әңгімесін аяқтаған Сергей халатын шешіп қоршау тақтайдың біріне іле салды да, ұмтылып кеп анасын иығынан құшақтап, Байтастың үйіне қарай алып жүрді.


— Қазір түстік ішеміз. Қалай, біздің шаруашылығымыз ұнай ма? — деп сұраған.


— Бай шаруашылық. Қойларың көп екен.


— Бұл біздің бір ғана отарымыз ғой. Ал совхозда мұндай жүзге жуық отар бар.


— Соның әрқайсысында осыншадан қой бар ма?


— Иә. Және әлі де көбейте бермекпіз.


— Жоқ, мұнша қой бізде жоқ, — деп күлді Евдокия. — Біз сиыр өсіреміз...


Байтастың әйелі дастарқан жайып, стол үстін әзірлегенше Қалиша Евдокияны ас бөлмеге ертіп кірген.


— Жүр, мен саған бұлардың құпияларын көрсетейін, — деген қулана күліп, Қалиша. — Мына қуыс бөлме Сергей мен Байтастың лабораториясы. Әзірге ешкімге айтпайды.


— Мұнда олар не істейді?!


Қалиша шағын полка үстінде жатқан альбомды алып аша бастайды. Әр парақтың бетіне бір шымшымнан қой жүні жапсырылған.


— Олардың ісі міне. Екеуінің бұл іспен шұғылданғандарына төрт жыл болды. Жүні жібектей созылатын қой тұқымын өсіріп шығарамыз, дейді. Өздері ашып айтпаса да байқаймын. Серке осы тәжірибелері жайлы кітап жазып жүрген сияқты.


Кенет Евдокия сол жақ кеудесін қолымен басып, өңі сұрланып тұрып қалды.


— Не болды? — деді Қалиша үрейленіп.


— Ештеңе емес... жүрегімнің өстетіні бар... қояды өзі...


Қалиша оны сүйемелдей демеп қуыс бөлмеден алып шығып төргі бөлмедегі диванға апарып жатқызған. Сырттан естері қалмай ұмтылып Сергей мен Байтас кіреді. Сергей анасының қолын алып, тамырын ұстап көреді.


— Аптечканы әкел, — дейді Байтасқа.


Байтас әкелген кішкене қораптан дәрі-дәрмектерді шығарып жатыр, бірақ қажет дәрі табылмайды.


— Валерьянка жоқ па еді?


— Жоқ. Жүрегіміз ауырмаған соң, қайдан болсын.


Сергей еңкейіп құлағын анасының кеудесіне төсеп тыңдайды.


— Ауылға шабу керек. Тез дәрігер жетсін.


— Жә, әлек болмаңдар, біраз тыныш жатсам өзі-ақ қояды, — деді Евдокия баласын тыныштандырмақ болып. Бірақ оған тоқтар Сергей жоқ, киімін жүре түзеп сыртқа кеткен, сәлден кейін есік алдындағы газиктың гүр етіп от алғаны естіледі.


Аурухананың қабылдау бөлмесінде Сергей мен Сәлима іш жақтан шыққан әрбір дыбысқа елеңдей құлақ түріп отыр. Ақыры дәрігер шыққан, орта жастағы, сақал-шашын ақ шалған адам.


— Стенокардия, — деді ол Сергей мен Сәлимаға кезек қарап, — Анаңыздың жүрегі ауырады екен. Және асқынған түрі. Сондықтан оны еш толқытуға болмайды. Оның үстіне мына таулы жердің ауасы да ол кісіге жарамайды. Өте зиянды. Осы жасқа келгенде бір қиыр шеттен екінші қиыр шетке сапар шегіп табиғатты күрт өзгертуге болмайды ғой.


— Бәлкім, тұра келе үйреніп кетер? — деп сұраған Сергей.


— Қартайған кезде жаңа қонысқа үйренеді деп әуре етпегендеріңіз жөн болар.


— Қашан шығарасыңдар?


— Екі жетідей жатады. Қазір біреуіңізге ғана кіруге рұқсат, — деп дәрігер ішке кетті.


Сәлден соң сестра алып шыққан халатты иығына жамылып Сергей анасы жатқан палатаға кірген. Евдокия өңі бозарып жүдеп қалыпты. Ұлын көріп жүзінде қуаныш ойнап қозғалақтай бастаған. Сергей оған қолымен қозғалма дегендей белгі жасап, өзі қасына кеп отырды.


— Біраз жатуыңа тура келеді, — деді ол анасының қолынан сипап. — Қамықпа, біз ішіңді пыстырмай күнде келіп тұрамыз.


— Күнде келіп әуре болмаңдар, екі-үш күнде бір келсеңдер де жетеді ғой, — деді ана баласына елжірей қарап. — Мен ауруханада жатқанды ұнатам. Дәрігерлер жандары қалмай қарап, үнемі қадағалап тұрады. Мұнда ең қиыны бір үйде бір өзің ауырып жатып қалған ғой. Аузыңа су тамызатын адам болмай қиналасың-ау.


— Енді ешқашан жалғыз болмайсың. Мен де, Сәлима да, немерелерің де ылғи қасыңда бірге боламыз.


— Рахмет, — деді ана көзіне жас үйіріліп, — мен бақыттымын. Сережа...


Түннің бір уақыты. Елдің бәрі ұйқыда. Тек Сергей мен Сәлиманың қимыл-қозғалысына қарай тұрып ұнатқан киімдерін: «сал» — деп басын изейді де, ұнатпағандарын: — «қажет емес», — деп қайтара ілгізеді. Сәлима бір буда галстуктерді шығарып:


— Екеуін салсам жетер, — деген.


— Жоқ, галстуктердің бәрін сал, — деді Сергей.


Сәлима ұнатпағандай басын шайқап қойды.


— Бір жылға кетіп бара жатқандай жиналдың ғой.


— Бара көреміз де, қанша болатынымды онда.


Сәлима күйеуіне сүзіле бір қарап, басқа бөлмеге кетті де, ол жақтан үлкен конвертке салынған бір нәрсені алып шығып чемоданның үстіңгі жағына салды.


— Ол не тағы? — деген Сергей.


— Сурет қой, — деп Сәлима конвертті ашқан: екеуінің балаларымен түскен семьялық суреті екен. — Салмай-ақ қояйын ба?


Сергей әйелінің бетіне қараған, оның іштей бір толқу, арпалыс үстінде екенін аңғарып, езу тартты да:


— Сал.. Дұрыстап орап сал, — деді.


Онан соң Сергей чемоданын өзі жауып бекітті де, әйелінің белінен құшақтады.


— Мені сағынасың ба? — деген.


— Кезінде көреміз, — деді Сәлима әлгіндегі Сергейдің сөзін қайталағандай. — Ерте тұруың керек қой, қазір жатып демал.


Евдокия, Сергей және Сапар үшеуі аудан орталығы шағын қалашыққа кеп поездан түскен. Енді деревняға дейін машинамен бару керек. Өзіне таныс, үйреншікті ортаға жеткен соң Евдокия да бұрынғысынан гөрі жалдана бастаған.


Орталықтағы алаңда автобус тұр, соған жолаушылар отырып жатыр. Евдокия жеңілдеу чемоданның бірін көтеріп ап солай қарай асыққан, бірақ Сергей мен Сапар асыға қоймады.


— Жүріңдер, тез барып орын алмасақ, жеткенше түрегеп барамыз, — деген.


— Сол автобуспен селкілдеп жүреміз бе, такси тұрғанда, — деді Сапар өзінше маңғазданып.


— Біздің деревняға дейін жиырма шақырым.


— Екі сомдай төлейміз.


— Сен өзің ақша табатындай-ақ сөйлейсің ғой.


— Өткен жылы орақ кезінде жүз жетпіс сом тапқам, — деді Сапар бұрынғысынан да шіреніп. — Ал биыл одан да көп табам, әлі.


— Жарайды, есептесіп тұратын уақыт емес, жүріңдер, — деп Евдокия қайырыла қараған.


Сергей мен Сапар чемодандарын көтеріп такси тоқтайтын жерге қарай кетіп барады екен. Амал жоқ, ана да солай қарай жүрді. Таксиге жеткен соң, әй-шәй жоқ алдыңғы орынға өзі отырды да, есікті бар салмағымен тарс жауып алды да, жол басшы өзі екенін білдіргісі келгендей шоферге:


— Бодренкиге тарт — деді.


...Такси дала жолымен зулап келеді. Орталық Россияның тамаша сұлу табиғаты: ойдым-ойдым орманды дала, әредік-әредікте жалғыз-жарым тұрған алып самырсындар, кей тұстарда топтаса өскен ақ қайыңдар, анда-санда жол жиегінен аққан-ақпағаны белгісіз мөлдірей көрінген өзен: жол бұлт етіп қырқаға көтерілген сәтте аяқ асты қапталдай жатқан оншақты үйлі деревнялар, — бәр-бәрі Сергей мен Сапар үшін таңсық та, ғажап көріністер еді.


Кенет шофер үлкен жолдан шығып, кілт солға қарай бұрылған.


— Қайда барасың? Тура жүр! — деді Евдокия жұлып алғандай.


— Алдағы Криулинода көпірді жөндеп жатыр, сондықтан Дуловка арқылы айналып жүреміз, — деді таксист.


— Әй, сонда жеті шақырым айналып жүрмекпіз бе?! Жоқ. Токта. Түсеміз.


Шофер машинаны тоқтатқан.


— Тоқталма, жүре бер, — деген Сергей.


— Жүресіздер ме, жоқ түсесіздер ме? — деді шофер.


— Әрине, жүреміз, — деді Сапар.


— Жоқ, түселік, — деді Евдокия мойнын бұрмастан. — Жеті шақырым айналып жүру деген сұмдық қой. Онан да түсіп қап, осы арадан автобусты күтейік.


— Түк те сұмдығы жоқ, қайта біраз жер көріп барамыз. Қандай сұлу табиғат! — деп тамсанып қойды Сапар.


— Мақұл, онда кеттік, — деді Евдокия лажсыз келіскендей.


Такси тағы да шалғынды далаға шықты, онан жайқалған егінді жарып өтіп, орманды алқапқа енді, тағы да бір шағын деревняны жанай жүрді...


— Тамаша!.. Сераға, қарашы, қандай тамаша! — деп қояды Сапар.


— Сұлу екен!..


Евдокия болса бұлардың сөзіне құлақ асар емес, екі көзі такси счетчигінде, тиындар үстін-үстіне жамала түсуде, әне екі сом қырық бес тиын болды. Евдокия еріксіз күрсініп қап, теріс қарап отырды.


Такси деревня көшесіне кірген. Сергей төңірекке қаншама үңіле қараса да, ештеңені есіне түсіре алмады.


— Мынаның бірде-бірі есімде жоқ, — деді.


— Ол кезде мұның бірі де жоқ болатын, — деді Евдокия да.


— Бәрі соғыстан кейін салынған жаңа үйлер.


Көшенің екі жақ бойында да еңселі биік ағаш үйлер: бірі шифермен, бірі қаңылтырмен жабылған, есік-терезелері әдемілеп өрнектеліп боялған, төбелерінде телеантенналар.


— Тоқта! — деді Евдокия шоферге. — Осы жерден түсіп жаяу барайық, жұрт көрсін кімді әкелгенімді.


Бұлар колхоз басқармасының алдында түсіп қалған. Евдокия жаулығын жөндеп байлап, әлгіндегі чемоданын қолына алып алға түскен, Сергей мен Сапар соңынан ерді.


Жолай қарсы кездескендер Сапар мен Сергейге таңырқай қарап өтеді, Сергей де оларға тесіле қарайды. Трактор айдап балаң жігіт өткен қастарынан, түр-тұрпатында, қасы-көзі, қабақ бітімінде Сергейге ұқсас сипаттары байқалды.


Тіпті қақпасының алдында алақанымен көзін күннен көлегейлеп қарап, бұларға иіле сәлемдескен кемпірдің кескінінде де Сергейге алыстан болса да бір ұқсастығы бар сияқты көрінеді.


Бұларға қарсы ұшырасқан бір топ жас өспірім қыздар жамырай сәлемдескен, бәрінің де қолдарында аша-тырма, шабындықтан қайтқан беттері болса керек, кеуделері көзді арбағандай көтеріңкі, толық тұңғиық көк көздері мен ақсары нұрлы кескіндері — болашақ орыс сұлуларын танытқандай, енді бір-екі жылда шеттерінен айтулы сұлу болатындарына шек жоқ. Сапар өтіп кетсе де, еріксіз қайта бұрылып қараған, қыздар да мұның соңынан қайырыла қарапты, сықылықтаса күлісіп, өзара бұл туралы бірдеңе деп сөз етіп барады.


— Осы деревнядағылардың бәрі саған ұқсайтын сияқты, — деді Сапар Сергейге.


Алда келе жатса да Евдокияның құлағы түрік, сөзді қалт жібермей естіп келе жатқан. Сапардың мына сөзін ол да естіді.


— Әрине, ұқсас, — деді қостап, — Өйткені жарты деревня біздің туыстарымыз ғой. Әлгінде иіліп сәлемдескен кемпір саған әкең жағынан апа боп келеді, әкеңнің немере әпкесі.


— Жаңағы қыздар да туыс па? — деп сұраған Сапар.


— Туыс, — деді Евдокия. — Анау тырма арқалаған қыз Тонька шөбере туыс боп келеді.


— Жасы нешеде өзінің?


— Жасы ма? — Евдокия ойланып қалды. — Қазір айтам... Ол Кирилдің Манькасынан бір жыл кейін, Филя әскерден қайтқан кезде, дәл Спас қарсаңында туды ғой, со жылы алма қалың өсіп еді, менің бір мегежінім алмаға қақалып өлген... Демек, Тонька қазір он алтыда.


— Менімен жасты екен ғой, — деді Сапар.


— Әлі әскерге барып қайтуың керек, асықпа, — деп қойды Евдокия оған. — Міне, біз де үйге келдік.


Сапар бақтың түкпір жағында тұрған, терезелерінің жақтаулары көк сырмен боялған үлкен ақ үйге қарай бұрылған.


— Жоқ, ол үй емес, менің үйім мынау, — деді Евдокия, әлгі үйдің алдыңғы жағында тұрған кішкентай ғана жермен жексен қоңыр үйді нұсқап. Төңірегіндегі қоршау тақтайлары қисық-қыңыр аласа үй, еңселі ақ үйдің қасында мүлде сұрықсызданып, аса аянышты көрінеді.


Сергей бір кездегі әкесінен қалған үйдің алдына кеп тоқтаған.


— Сарайың сәулетті-ақ екен, мама, — деді күрсініп.


— Еркегі бар, бала-шағасы бар үйлер соғыстан кейінгі уақыттың ішінде екі реттен үйлерін қайта жаңғыртып салды. Ал менің жалғыз басыма ондай үйдің керегі қанша. Күйеуім салып берген, маған, осы да жарайды деп тура бердім, — деді есігін ашып жатып.


Шағын бір бөлмелі үйдің үштен бірін ескі орыс пеші алып тұр екен. Үй іші өте жұпыны ғана жиналған: кереует, стол, екі ұзын орындық, үлкен сандық және киім ілетін ескі шкаф.


— Дәл осындай шкафты мен облыстық музейден көріп едім, — деді Сапар.


— Бұл Сережаның атасынан қалған бұйым, — деп қойды Евдокия. — Маған жылтыраған гарнитурының керегі жоқ, осы да жарайды... Қазір мен тамақ дайындап жіберейін. Пеш жағам.


Евдокия сыртқа кетіп, құшақтап отын алып кірді.


Үшеуі тамақ ішуге отырған. Евдокия тарелкаларға ботқа салып, үстіне бір-бір қасықтан май салды. Тұздалған капуста, саңырауқұлақ және бір консерві «Ставрида» ашылып стол үстіне қойылды. Сапар ботқадан қарбыта асап жей бастады. Сергейге бас бармағын көрсетіп «во!» дегендей мақтап қойды.


— Тек бір кесек еті болса тіпті тамаша болар еді, — дейді. Евдокия елең етіп:


— Егер жейтін болсаң шошқаның тұздалған майын әкелейін, арасында қара кесек еті де бар, — деген.


— Қара кесек еті болса жеуге болады, — деді Сапар жымың етіп. — Тек кейін үйге барғанда үлкен әжеме айтып қоймасаңыз болды.


— Айтпаймын, — деді Евдокия, өзі тұрып барып сенектен тұздалған шошқа майын алып келді.


Сергей мен Сапар бәрін араластыра асап соғып отыр. Ол екеуінің тамақ жестеріне қарап Евдокия тағы бір шешімін айтқан.


— Маған бұрын ботқа пісіріп жесем де бола беретін, сендер еркексіңдер ғой, енді етсіз тамақ болмас. Кешке тауықтардың бірін сойып сорпа жасау керек шығар.


— Айналдырған үш-ақ тауығың бар екен, оларды сойып қайтесің. Ертең аудан орталығына барып біраз ет, басқа да азық-түліктер алып қайтамыз, — деді Сергей.


— Бүгін осыдан артық ештеңе ішпеймін, — деп қойды Сапар да.


Тамақтан кейін бұлар көшеге шығып біраз қыдырыстаған. Деревняны айналып аққан өзеннің жағасына шыққан. Евдокия ұлын сол өзеннің бойымен біраз алып жүрді.


— Осы бір тұста биік жарқабақ бар сияқты еді, төмен қарай ұзын баспалдақтармен түсетін, — деді Сергей көрген түстей болымсыз елестерді есіне түсіре тұрып.


— Сол биік жарқабақ міне, ол баспалдақтар мынау, — деп Евдокия кішкене жарлауыт пен баспалдақтарды көрсеткен. Бәрі де кіп-кішкентай, шағын еді...


Үшеуі жардың жағасына отырған. Сергей баяу аққан өзенге тесіле қарайды. Анадай жерде теңкиіп жатқан қой тастар көрінеді. Кенет оның көз алдына монша келді, қып-қызыл боп парға шабынған жалаңаш әйелдер атыла шығып, өзенге барып қойып-қойып кетті. Өзен суы мол да арналы. Алтындай сары шашы иығын жапқан жас әйел шетте қорқақтап тұрған сәбиді өзіне шақырды. Сәби тәлтіректей басып суға түскен. Әйел оны көтеріп алды, бала оны мойнынан тас қып құшақтап, аяғымен суды шалпылдатты...


— Мына жерде монша бар еді ғой? — деп сұрады Сергей.


— Монша бар болатын. Соғыс кезінде өртеніп кетті, — деді анасы.


Селолық магазинде Евдокия азық-түлік алып тұр. Сергей сыртта есік көзінде оның шығуын күтіп шылым шегіп тұр. Сатушы жасы — отыз бестер шамасындағы, үстіне жылтырақ гүлді халат киген, еркек атаулының көзін бірден арбап әкететін толық бөкселі келіншек. Вероника макарон өлшеп бере тұра жалтақтап сыртта тұрған Сергейге қарай берді. Ақыры ұялу, қысылудың бәрін жиып тастап өзін мазалаған сұрақты қойып қалды.


— Дуня апай, балаңыз үйленген бе?


— Үйленген. Сен оған көз салып текке әуре болма, оның бес баласы бар, — деді Евдокия оның сұрағын жақтырмай.


— Заң жүзінде екі бала үшін де, он бала үшін де төленетін алимент бірдей. Маған салса, оның бір ұл, бір қызын өзім-ақ сұрап алар едім, ал үш баласын әйеліне қалдырар едік, — деді Вероника әзілдесе де ойындағысын білдіре сөйлеп. — Қалай, Дуня апай, осыған келісеміз бе?


Евдокия шынымен-ақ тістеніп қолын сермей берді:


— Жә, жә, ондай сөзіңді айтпа да, естіртпе де. Аулақ жүр.


— Бәлкім, біз бір-бірімізді ұнатып қалармыз.


Осы кезде Сергей ішке кірген.


Алған заттарын сөмкесіне салар-салмас Евдокия:


— Жүр, кеттік. Жүр, жүр, — деп асықтыра бастады.


— Келіңіз, келіңіз, — деді Вероника қылымси күліп сыңғырлаған үнмен.


— Келеміз, — деді Сергей де оған қарап.


Евдокия мұнан әрі баласын қақпайлағандай боп сыртқа алып шыққан.


— Сен онымен абай бол, — деді шыға бере ұлына қатты ескерте сөйлеп. — Ол қазір ештеңеден де тайынатын әйел емес, басыңды айналдырып, өзіне қаратып алу үшін неге болса да дайын. Оның бар мақсаты күйеуге тию.


— Ол мақсаты жаман емес, — деген Сергей.


Бірақ Евдокия оның әзіл сөзін шындай көріп, мүлде бәйек қағып келеді.


— Сережа, сен ол әйелден аулақ жүр. Қырыққа таяп қалған қатында енді қанша дәурен қалды дейсің. Болса болар, болмаса қояр, деп ол басыңды пәлеге шатудан да тайсалмайды.


— Жә, мен ол жағынан қорықпаймын, — деген Сергей күліп.


— Астам сөйлеме. Тек аулақ бол, — деді Евдокия әлі де азар-безер боп.


Кешкісін Сергей мен Сапар отырарға орын таппай іштері пыса бастады. Не істеп, не қоярларын білмей үйге бір кіріп, бір шығып әбден ширыққан. Әсіресе Сапар екі-үш рет көшеге шығып қайтты.


— Бабушка, телевизорсыз ішің пыспай қалай тұрасың? — деді ақырында.


— Мен үйренгем. Кейде мына көршілердікіне барып көріп жүрем. Егер көргің кеп тұрса жүр, ертіп барайын.


— Жоқ, келмей жатып кіргеніміз ұят болар.


Сапар енді үй ішіндегі заттарды түртпектеп ерсілі-қарсылы жүре бастады.


— Әлде клубқа биге барсам ба екен, — деді бір кезде.


— Барып қайт, — деді Евдокия да іле қостап. — Тек, әлгі Тонькаға қырындаушы болма. Осындағы Мишка Тихомиров соның соңынан түсіп жүрген көрінеді, бұқаша күжірейген неме, сабап жүрер. Көктемде көрші деревнядан келген бір жігітті сол Тонька үшін оңдырмай сабап жіберген.


— Мәссаған, — деді Сапар ыза боп. — Мен Европаға келдім десем, ескіліктің қалдығын айтасыз ғой.


— Қайтесің енді, ондай-ондайымыз бар әлі де.


— Жарайды, оны да көріп қайталық, — деп Сапар биге жиналды.


Жүрегі шаншып кеткендей болған Евдокия үйге кіріп, кішкентай қобдишасын қолы дірілдей тұрып ақтарып, дәрісін тауып алды да кесек қантқа тамызды. Сөйтті де қантты аузына салып сорған күйі орындыққа сылқ етіп отыра кетті.


— Бабушка! — деген Сапар қорқып кетіп.


— Қазір, қазір... қояды...


Ол өзінің осынша әлсіз кезін сездіргісі келмегендей.


Сапар кеткен соң Сергей мен анасы екеуі есік алдына шығып отырды, Сергей асықпай шылым шегуге кірісті. Евдокия болса ауық-ауық баласына көз қырын тастап қойып, көрген түстей осы күйіне, осы отырыстарына елжірей қуанып, көзі жасаурай мәз болады. Мынау еңгезердей жігіттің өз құрсағынан шыққанын іштей мақтаныш етеді, алайда араларында көзге көрінбес биік бір дуал бардай, сол дуалдан біріне-бірі әлі де секіріп өте алмағандай күйге түсіп жүрегі құрғыр суылдай береді.


Әлден уақытта қақпаның есігі сықырлап ашылып, ішке қарай ақсаңдай басып егде тартқан ер адам енді, басындағы кепкісін алып:


— Сәлемет боларсыздар! — деп даңғырлай амандасты.


— Сәлеметсіз бе, Иван Петрович, — деді орнынан ұшып тұрған Евдокия жаны қалмай ебелек қағып, — Үйге кіріңіз, шәй ішіңіз.


— Рақмет, — деп кеп ол Сергейдің қасына баспалдаққа қатарласа отырды да қолын созып.— Ал танысып қоялық, Филиппов Иван Петрович — колхоз председателімін, — деді.


— Мейрамов Сергей Мейрамович!


— Ым, — деді Филиппов бұған бастан-аяқ қарап қойып. — Өз фамилияңды сақтамаған екенсің ғой.


— Өмірімді сақтады, — деді Сергей сабырлы.


— Дұрыс айтасың, өміріңді сақтады,— деп Филиппов іле қостады. — Тек мұның сенің дұрыс емес... туған жеріңе қайтып оралдың, демек колхоз басқармасына кіріп, бізбен танысып, жөн-жосығыңды айтуың керек еді. Міне, мен аяғымның ақсақтығына қарамастан өзім іздеп кеп сәлемдесуге мәжбүр болдым. Ертең кеңсеге кел, кең отырып әңгімелесейік.


— Қажеті қанша, — деген Сергей немқұрайды.


— Қой, неге олай дейсің? — деді Филиппов оның мына қылығына қайран қап. — Біз екеуміз алыстан қосылсақ та аталас туыспыз... Және мен осы колхоздың басшысымын, ендеше басшы деп кіріп жөн-жосығыңды айтуың керек.


— Мен мұнда колхоздың басшысына емес, анама келдім, — деді Сергей түйіле сөйлеп. — Ал анамның тұрмысы қуанарлықтай емес екен. Міне, үйі құлауға жақын тұр. Колхоз тарапынан ең болмаса дұрыстап пенсия да бермепсіңдер. Ендеше, мен колхоз басшыларына немене деп барам, осыларың үшін рақмет дейін бе. Жоқ, аулақ жүріңдер, сендерсіз де бірдеңе істермін.


— Солай де.


— Солай.


Столға дастарқан әзірлеп есі шыға бәйек қаққан Евдокия сыртқа қайта шыққан.


— Иван Петрович, үйге кіріп менің қуанышым үшін бір рюмке ішсең етті. Рақым етіп кір енді, — деген Евдокия қиыла өтініп. Оның бұл мінезі ұлына ұнаған жоқ.


— Мама, сен бұған бола епелектеме, — деді қатқыл үнмен.


— Кәне, Евдокия, сен үйге кіре тұршы, — деген Филиппов бұйыра сөйлеп. — Бұл екеуміз еркектерше бір қақтығысып алайық.


— Балам, оның не, — деді үрейі ұшқан Евдокия. — Иван Петрович жұрт қадірлейтін үлкен адам. Өйтіп сөйлескенің жарамайды ғой.


— Мен де жұрт қадірлейтін үлкен адаммын, — деді Сергей тәкаппарлана.


— Бар, үйіңе кір! — деген кенет Филиппов Евдокияға ақырып.


— Дауысыңызды көтермеңіз, — деді Сергей оған қатал ескертіп.


— Сен де сөзіңді қоя тұр, — деді Филиппов оны бөліп. — Әуелі мен сөйлеуім керек.


Клубта би басталған. Бұрыннан келе жатқан деревня дәстүрі бойынша жігіттер бір жақ қабырғаға, қыздар қарама қарсы жақ қабырғаға тізіле тұрған. Сапар екі жақ топтан да оқшау есік жақта тұр. Оған жұрттың бәрі таңырқай қарайды, әсіресе қыздар бірін-бірі түртпектеп, сыбырласа күліп қызық көргендей жалтақтай береді. Сапар мұндағы ақсары шашты, күрең шашты, ақсары өңді, көгілдір көзді деревня жігіттеріне мүлде ұқсамайды, қыздарға сол оқшаулығымен қызық.


Динамикке жалғастырылған шағын магнитофонға кассета салынған. Клуб ішін ойнақшып алып ұшқан «Казачок» әуені дөңгелете жөнелді. Лезде табыса кеткен қыздар мен жігіттер үйіріле секіріп қос-қостан ортаға шыққан. Сапар ұмтылып барып Антонинаны биге шақырып үлгірген еді.


— Біз екеуміз туысқан боп шықтық, — деген би ырғағына қарай секіректеген Сапар сәлден кейін.


— Жер бетіндегі адамдардың бәрі де туысқан, — деп қойды Антонина өзінше білгірсіп. — Сіз сонда Сергейдің баласымысыз?


— Жоқ, мен оның інісімін.


— Қалайша?.. — деген Антонина таңданып. — Ол ғой...


— Орыс демексіз ғой, — деп Сапар іліп әкетті. — Ал мен қазақпын. Жаңа ғана өзіңіз жер бетіндегі адамдардың бәрі де туысқан дедіңіз емес пе? Демек еркек атаулының бәрі біріне-бірі аға, іні боп келеді.


— Мен шынымен сұрап тұрмын.


— Мен де шынымен айтып тұрмын, — деді Сапар қызды үйіре түсіп. — Соғыс кезінде менің әжем Сергейді бала етіп алған, ал мен болсам әжемнің немересімін, сондықтан оған іні боп келем.


— Біз, ендеше, сені баласы болар деп ойлап едік... Оның балалары бар шығар?


— Бар. Үш қыз, екі ұлы бар.


— Ой, қандай тамаша, — деді Антонина шын көңілден.


Сапардың Антонинамен билеп, екеуінің шүйіркелесе сөйлескендері назардан тыс қалған жоқ еді. Михаил Тихомиров, жасы он алтыда болса да қазірдің өзінде жөпшенді жігіттермен тең түсер зор тұлғалы бозбала болатын. Соған достарының бірі Виктор Тихомиров келіп (тегінде бүкіл деревня екі фамилиядан ғана: Филипповтар мен Тихомировтардан тарайтын) құлағына сыбыр етіп қана:


— Миш, қазір сабап жіберейік пе, әлде биден кейін бе? — деп сұраған.


— Қой, не деп тұрсың өзің? — деген Михаил оған. — Ол біздің қонағымыз емес пе. Қайдағы бір агрессорлар сияқты болмайық. Әуелі, өзіне бейбіт жолмен жайлап қана ескертіп қойыңдар. Сен қазір барып ескертсең де болады.


— Құп болады, шеф, — деп Виктор Сапарға қарай беттеді. Михаил оларды бақылап қарап отыр. Бірінші Виктор бірдеңе деп сөйледі, онан соң Сапар оған бірдеңе деп сөйледі, онан соң Сапар оған бірдеңе деп жауап қайтарды, тағы да Сапар салған жерден Антонинаға барып тағы да екеуі билеп кетті. Виктор қайтып оралған.


— Иә, не дейді? — деп сұрады Михаил.


— Ол: төбелесу деген ескіліктің қалдығы. Ал ескінің қалдығымен күресу керек деп ақыл айтады. Дұрыс идеялы біреу сияқты.


— Мақұл. Онда сабаймыз, — деді Михаил шешімді түрде.


— Қазір шақырайын ба, әлде биден кейін бе?


— Биден кейін болсын.


— Тоньканы да жөндеп алған теріс болмас еді, кім көрінгенге ыржаңдағанын қояр еді, — деген Виктор.


— Онымен мен өзім сөйлесем, — деді Михаил қабағын түйіп.


Сергей мен Иван Петрович сол есік көзіндегі баспалдақта отыр. Екеуі де көп нәрсені айтысып, енді түсініскен саябыр әңгімеге көшкен. Қақпа алдынан көлеңдеп Вероника өткен, бірақ оған назар аударған бұлар болған жоқ.


— Кінә тақпас бұрын алдымен істің егжей-тегжейін біліп алу керек, — деді Филиппов тұқылына дейін сорған папиросын сөндіріп, лақтырып тастап, қайтадан жаңа папиросты тұтата отырып.


— Жұмыртқаның дәмін анықтау үшін тауық болу шарт емес шығар, — деген Сергей.
— Тіл дегенде сүйек жоқ, небір ащы сөздерді тауып айтуға болады, — деді ызалана тістенген Филиппов. — Соғыстан кейінгі жылдарда бұл жерде не қиыншылықтың бастан кешкенін білсең сен. Шаруашылықты қалпына келтіргенше талай жылдар бойы сіңіріміз созылып аш-жалаңаш еңбек еттік. Қазір ғой, міне, жұрттың байлыққа кенелгені. Рас, бірлі-жарым жетім-жесірлердің әлі де жетімсіз тұратынын мойындаймын. Бірақ соны түзеуге бірден шама кеп жатыр ма. Соғыстан кейінгі Россияның жесірлері аз дейсің бе? Миллиондаған әйел жесір қалды ғой.


— Өзіңіз ғой байлыққа кенелдік дейсіз, — деді Сергей қарсы дау айтып. — Ендеше жесірлер қамын да ойлауға болатын еді. Соған кедей боп қалмас едік.


— Оның да рас, — деді председатель келісіп. — Мақұл, сен мені жеңдің. Анаңның қамын ойлағаның әбден дұрыс. Мына үйді жөндеу керек. Мен саған құрылыстық ағаш берейін, тек көмекке беретін ағаш ұсталарым жоқ. Оны өзің іздеп тап.


Сергей басын изеді.


— Онан соң, — деп Филиппов көзін сығырайта қарап, көңілінің түкпіріндегі ойын айтты: — Естуімше мал дәрігері көрінесің. Нағыз бізге қажет мамандық. Бізде де мал шаруашылығы бар ғой... Бәлкім, туған жеріңе көшіп келерсің. Өзіңе арнап жаңа үй салып береміз. Әйеліңнің мамандығы қандай еді?


— Мұғалім. Қазақ тілі мен әдебиетінен.


— Қазақ тілі жоқ бізде енді. Бізге ағылшын тілінен мұғалім керек. Мүмкін дайындау курсына жіберіп оқытып алармыз. Ағылшын тіліне маманданып шыға келеді. Тілден-тілдің айырмасы бар дейсің бе, а?! Осы жағын ойланшы.


— Ойланайын, — дей салды Сергей оның көңілін бірден жыққысы келмей.


— Бізге мал дәрігері боп келсең тамаша боп кетер еді... Ал жақсы, ертең кеңсеге кел, ағаш жазып беремін, — деп Филиппов орнынан көтерілген.


— Үйге кіріп, шәй ішіп кетпейсіз бе?


— Әй, — деп Филиппов қолын бір сілтеді де ақсаңдай басып сыртқа беттеді. — Сен менің ескі жарамның аузын аштың емес пе. Онан да сен біздікіне кел, бөтен емеспіз ғой...


Осы сәтте председательді қағып кете жаздап, қақпадан Антонина жүгіріп кірген.


— Тез жүгіріңіздер, анау жерде Сапарды ұрғалы жатыр жабылып. Құтқарыңыздар!


Сергей баспалдақтан секіріп түсіп көшеге шыққан. Антонина екеуі қатарласа жүгіріп келеді.


— Сен оны неге жалғыз қалдырып кеттің? — деп сұраған Сергей.


— Мен шамамның келгенінше оны біраз қорғадым...


— Жабылғандар сонша көп пе?


— Көп. Тихомировтар түгел дерлік...


Бұлар жеткенде қалың екі топ біріне-бірі қарама-қарсы кеп тіресіп тұр екен. Бір бетте Тихомировтар, қолдарында айыл мен оңтайлап орап алған әскери белдіктер, әкелері мен ағаларынан ауысқан мұра. Оларға қарсы тұрған Филипповтар да қаруланып алыпты. Әзірге өзара келіссөздер жүріп жатыр еді.


— Сендер неменеге оны қорғайсыңдар? — дейді Михаил Тихомиров.


— Өйткені ол біздің туыс, — дейді оған қарсы тұрған екінші Михаил, тек мұның фамилиясы Филиппов, бұл да ірі денелі, тұлғалы бозбала.


— Қайдағы сендердің туыс, — деп Тихомиров қолымен көзінің қиығын жыртита сығырайтып көрсетіп Сапарды нұсқап қойған.


— Енді неғыл дейсің, — деді Филиппов оның бұл мазағына беріспей. — Ол біздің Сергейдің інісі, ендеше бізге туыс боп келеді. Және өзі бәрімізге келген қонақ.


— Жарайды, — деді Тихомиров келіссөзді түйіндеп. — Олай болса екі жақ боп бәріміз де төбелесеміз.


— Мақұл, — деп Филиппов та келісті.


Жастардың мына кикілжіңі жайлы хабар деревняға жетіп, енді жан-жақтан осылай қарай жүгіре басып үлкендер келген. Олар балаларды бықпырт тигендей ғып желкелеп, үйді-үйлеріне қуа бастаған.


— Кәне, тараңдар тегіс! Қара, төбелескіштерін бұлардың!


Дәл осы тұста алға Сапар шығып сөйлеп берсін.


— Бір адамға топ болып жабылу деген ескіліктің қалдығы. Нағыз жігіт болса жекпе-жекке шығады. Сондықтан мен Михаилды жекпе-жекке шақырамын.


— Әй, қой әрі, тілмарсымай, — деді үлкендердің бірі оны сөйлетпей. — Әуелі өсіп ал, сонан кейін күш салыстырарсың. Өзіңе қара да, Мишкаға қарасаңшы. Әне ол зіңгіттей, онымен үлкен жігіттердің өзі күш сынасса да болады.


Сергей көп ішінде, үнсіз тыңдап тұрған.


— Кәне, тараңдар! — десті үлкендер.


— Мен жекпе-жекке шыққанды әділдік деп ойлаймын, — деді кенет Сергей дауысын көтеріп. — Кімде-кім қиянат жасаған болса жазасын алуы керек қой.


— Жә, сөз боп па, — деді үлкендер жамыраса сөйлеп. — Сен де кішкентай баланың қолтығына су бүрікпей қой енді, бір шалымға да келмейді ғой, мына түрімен.


— Егер осыдан Сапар жеңілсе бір жәшік сыра қоям, — деді Сергей де беріспей.


— Болсын, егер менің балам жығылса, бір жәшік сыраны мен қоям, — деді Тихомировтың әкесі де қызынып.


Аяқ асты қызық бәсеке туған еді. Үлкендер орталарын ашып, айнала тұра қалған, ортаға жыларман боп Антонина шыға келді.


— Ұялмайсыздар ма?! — деді айқайлап. — Жоқ, бұл жекпе-жекке мен рұқсат етпеймін, — деп Сапардың қасына барып тұра қалған.


— Қыстырылмай былай тұр, — деп әкесі оны шетке тартқан, Антонина бұлқына қарсыласып бой берер емес.


Осы екі арада Сапар пиджагын шешіп, галстугін ағытып, ортаға шыққан.


Михаил белдігін қыса буынып, иықтарын қомдап Сапарға қарай жүрді. Сапар болса оның әр қимылын қалт жібермей аңди қарап тапжылар емес. Михаил өзінің темірдей тегеурінді құшағына қармап қыса бермек болған, осы сәтте Сапар бұлт етіп бір жағына қарай қисая берді де, өзіне екпіндеп төніп келген Михаилды тартып қалды. Анау өз екпінімен ұшып түскен. Алайда ол лып етіп қайта атып тұрған, бірақ үлкендер жан-жақтан Михаилдың әкесін кеу-кеулеп кетті:


— Әкел, қой сыраңды, Михаил жығылып қалды, — десіп.


Бірақ Михаил алғашқы жығылғанын місе тұтпай, Сапарға қайыра тап берген, бұл жолы да жерге өзі домалап түсті.


— Ол неге айла қолданады. Онысы дұрыс емес, — деді ызадан жарылардай боп тұрып жатып Михаил.


— Бұл ешқандай да айла емес, біз осылай күресеміз, — деп Сапар енді Михаилға қарай өзі жүре бастаған.


Бірақ үлкендер жекпе-жекті осымен тоқтатты да, Михаилдың әкесі ақшасын шығарды.


— Сапар ұтты, енді Тоньканы шығарып салсын, — дескен үлкендер.


— Қалайша шығарып салады, — деп енді Антонинаның әкесі күйіп-пісті. — Кәне, қайт үйге!


Алайда бүкіл Филипповтар соңдарынан ерген Антонина мен Сапар деревня көшесін бойлап ұзай берді.


Келесі күні ертеңгісін Сергей мен көршідегі Михалыч қарт екеуі Евдокияның үйін айнала қарап жүрген. Михалыч бөренелері ескірген үй қабырғасын әр тұстан бір тоқылдатып тыңдап көреді. Бір жағына қарай қисайған бұрыштың қиюы шығып кеткен екен.


— Иә, — деп қойып Михалыч сөзін салмақтай түсейін дегендей біраз үнсіз тұрды. Сергей мен анасы оның не айтарын тағатсыздана күтіп аузына қарап қалған.


— Қайта жөндейміз деулерің бос әурешілік, — деді Михалыч ақыры. — Онан да жаңа үй салу арзанға түседі.


— Маған жаңа үйдің қажеті қанша, — деді келісе қоймаған Евдокия.


— Неге қажет емес, — деді Михалыч оған бірден қарсы дау айтып. — Енді сен жалғыз басты адам емессің. Немерелерің бар көрінеді және біреу-екеу емес, бесеу көрінеді, олар келгенде қайтесің. Жоқ, Евдокия, олай деуің ендігі жерде жарамайды. Ал сен Сергей ақыр анаңның үйін дұрыстағың келген екен, онда жаңадан салып бер. Председательдің өзі ағаш беріп отырса тіпті жақсы, арзанға түседі.


— Оныңыз да дұрыс екен. Жаңа үй саламыз, — деді Сергей де.


— Қой, балам, — деді Евдокия үрейленіп. — Жаңа үй салу үшін кемінде екі мың сомдай қаржы керек болады. Оны қайдан аламыз?


— Үй салу деген басты мәселе, Евдокия, — деп төндіре сөйлеп қойды Михалыч. — Әйел мен үй адамға өмірде бір-ақ рет сәтімен оралады.


Бағанадан бері үлкендер сөзін тыңдап қана жүрген Сапар осы тұста өз ойын қыстыра салуды жөн көріп:


— Осы күні әйел мәселесі басқаша ғой, — деді білгірсініп.


— Ажырасушылар көбейіп кетті емес пе.


Михалыч оған көзін аларта бір қарады да, жауап қатуды жөн деп таппады. Ал Евдокия болса оны: қыстырылма үлкендер сөзіне, дегендей жеңінен тартып қалған.


Күннің ыстықтығына қарамастан Сапар қоңыр костюмін киіп, галстугін тағып Антонинаның үйінің тұсында қақпа алдынан әрі бір өтіп, бері бір өтіп теңселіп жүр. Дүкенге дейін барып, одан жәй қыдырыстаған адамдай кері қайтқан.


Антонинаның шешесі орта жасқа келген толық әйел терезенің пердесін көлегейлеп қойып, оны сыртынан бақылай қарап тұр. Екінші терезенің алдында әбден мүжіліп қартайған кемпір — Антонинаның әжесі отыр.


— Бар, шығып айтсаңшы, Антонина үйде жоқ деп, байғұс бала бекерге сенделе бермесін, — деген әжесі.


— Сенделе түссін, — деп қойды Антонинаның шешесі. — Еркектерді өстіп біраз сенделтіп қойсаң бағаң арта түседі.


— Сөз бопты, — деді кемпір ернін сылп еткізіп. — Сен ғой өзің кезінде анау Федяны өстіп сенделтіп қоямын деп, ақыры айырылып қалдың. Ол Катькаға үйленді де кете барды.


— Ол кетсе мен жерде қалғам жоқ қой, мен де күйеуге шықтым емес пе.


— Шықтың. Тек отызға келгенше кәрі қыз атанып отырып барып әзер шықтың, — деді кемпір күңкілдеп. — Енді Антонинаға кесе-көлденең тұрма. Егер ұнататын болса, мейлі, осы бір қара балаға-ақ күйеуге шықсын.


— Алжиын деген шығарсың, — деді Антонинаның шешесі ыза болып ашуланып. — Қыздың жасы әлі он алтыда ғана ғой.


— Мен сол он алтымда-ақ күйеуге тигем, құдайға шүкір, жаман тұрмыс құрғамыз жоқ, — деді кемпір міз бақпастан.


— Ол баяғы патша заманында болатын. Ал қазіргі уақытта он сегізге толмаса тұрмыс құруға рұқсат етпейтін заң бар.


— Егер қыздың өзінің тұрмысқа шыққысы кеп тұрса, заң деген ондайға қарсы тұрмауы керек деп білем. Әлгінде Фроська айтып кетті маған, кеше мына қара бала Антонина үшін Миша Тихомировпен төбелескен көрінеді.


— Иә, сөйтіпті, — деді енді Антонинаның шешесі әлдеқандай бір іштей мақтаныш үнмен.


— Демек, бұл бала да үйге ие болуға жарап қалған еркек деген сөз...


Сергей колхоз кеңсесінде Иван Петровичтің қарсы алдында отыр.


— Дұрыс, — деді Филиппов, өзара әңгімелерін түйіндеп. — Жаңа үй салам десең оныңды да қостаймыз. Құрылыс материалдары үшін қам жеме, бәрін тауып береміз. Бәлкім, бала-шағаң келсе ұнатқандай боп тұрып қаларсыңдар. Солай емес пе?


Сергей күліп жіберді.


Бөлмеге жас бухгалтер келіншек кірген. Филипповтың алдына қол қойылатын қағаздарды жайып қоя тұрып екі көзі Сергейде болатын. Сергей де оған қараған, келіншек жымың ете қалды.


— Ал сен бұған қарап жымыңдама, — деді қағаздан басын көтерген Филиппов. — Мұның бес баласы бар, білдің бе?!


Колхоздың товарлы-сүт фермасында сауын жүріп жатқан кез. Әлгіндегі Сапар енді осы төңіректі жағалап қыдырыстап жүр. Ферма меңгерушісі егде жастағы ер адам қол бұлғап, оны қасына шақырған. Сапар жақын келді.


— Әй, жігітім, сен ана қыздарды алаңдатпай жасырын отыра тұршы, — деді ферма меңгерушісі өтініш етіп. — Әйтпесе олар сиырларын жөндеп саумай қоюлары мүмкін.


— Сіз маған Тоняны шақырып жіберсеңіз болды, басқаларында шаруам жоқ.


— Сауындарын аяқтасын, сонан соң шақырып берем. Ал әзірше мына жерде көлеңкеде отыр, басыңнан күн өтпесін.


— Мен күннен қорықпаймын, үйренгем, — деп қойды Сапар, алайда өзі көлеңкеге кеп отырды.


— Тоняны ұнатып қалғансың-ау шамасы? — деген ферма меңгерушісі.


— Иә, — деді Сапар бүкпесіз мойындап.


— Ғашық болу деген жақсы ғой, шіркін, — деді ферма меңгерушісі армандай сөйлеп. — Жас кезімде мен де бір рет ғашық болғам.


— Қазіргі әйеліңізге ме?


— Жо-оқ. Одан айырылып қалдым. Ұялшақтап сөз айта алмай жүргенімде басқа біреу қағып кетті. Бауырым, махаббат жолында қолма-қол айқасқа түскендей ештеңеден тайсалып, жалтақтаушы болма... Антонина! — деді кенет ферма меңгерушісі дауыстап.


— Шық бері, сені күтіп... Бол тез енді, сені өмір бойы күтер деп пе ең!..


Аудандық құрылыс басқармасының кеңсесінде топырлаған жұрт: колхоз председательдері, прорабтар, студенттер құрылыс отрядтарының командирлері.


Басқарма бастығы — пенсия жасындағы, үстіне жағасы айқара ашық шолақ жең жейде киген мосқал адам селектор алдында отыр. Кішкентай шамдар бірінен кейін бірі лыпылдай жанады, әр жақтан әр түрлі дауыс иелері басқарма бастығынан самосвал, грейдер, цемент сұрап мазалайды. Бастық олардың бәріне де:


— Жоқ, ештеңе жоқ. Жуық арада бола да қоймас, — деп жаттап алғандай біркелкі жауап қайырып отыр.


— Иван Ефимович, — деген қатқылдау дауыс.


— Жоқ, ештеңе жоқ, — деді бастық іле жауап беріп.


— Сіз менің не сұрағалы отырғанымды білмейсіз ғой, — деді әлгі дауыс ренжігендей.


— Мен бәрін де білем. Сенің сұрайтының да менде жоқ. Саған керегі кран ғой?


— Кран, — деді қатқыл дауыс күрсініп.


— Айналып кетейін, ешқандай жәрдем ете алмаймын.


Сергей өз кезегін төзімділікпен күткен, ақыры бастыққа таяп келген, анау бірден:


— Ештеңе жоқ және жуық арада бола да қоймайды, — деді жаттанды сөзін қайталап.


— Ал егер жігіттермен өзім келіссем ше? —  деп сұраған Сергей студент отрядының формасын киген жас жігітті мезгеп. Анау арифмометрде әлдеқандай бір есептерін тексеріп отырған.


— Бос әурешілік, — деді бастық қолын сілтеп. — Олар шет жұмысқа аттап баспайды. Және үстерінен қадағалап тұратын... комиссар, кеңес дегендері бар... Сөйлеспей-ақ та қой олармен. Сен онан да осында шалдардан құралған бригада бар, соларды тауып ап, солармен келіс. Бригадирі Степанов Степа ағай деген шал, ата-бабасынан бермен ағаш ұстасы өзі. Бір көнсе солар көнеді. Тек қымбат сұраулары мүмкін.


Жә, өзің саудаласып көресің ғой. Ал кешір, — селектордың шамы жыпылықтаған. Бастық дауысын кенет арғы жақтағы сұраушының сөзін күтпестен-ақ:


— Жоқ, және жуық арада болмайды да, — деді кесіп.


Ананың жүрегі тағы да шаншып ауыра бастаған. Ол үй қабырғаларына сүйеніп, сүйретіле іліп барып терезені ашты да ауа жетпегендей ауыр тыныстап төсегіне қисайды. Бірақ көп жатқан жоқ, сағатқа қарап еді түс болып қалыпты, ақырындап бір қолымен жүрегін баса тұрып демалып-демалып пеш алдына жетті. Ақырындап тықырлата қырнап шөгенді тазалады, онан соң картошка тазалауға кірісті. Есіл-дерті ұлы оралғанша тамақ пісіріп қою.


Магнитофонды автомобиль аккумуляторына жалғап қойған екен. Ойнақы музыка төгіліп тұр. Үстеріне джинси, бастарына техас мәнерімей екі жақ жиегін қабыстыра шляпа киген жас жігіттер музыка ырғағына қарай қимылдап жұмыс істеп жүр. Сергей олардың бригадирімен сөйлескен.


— Айтпағыңызды толық түсіндім, — деді бригадир. — Ғылым кандидаты Кузовлев сағатына қарай тұрып. — Өкінішке қарай біз мынау объектінің өзін белгіленген уақытында әзер аяқтағалы отырмыз.


— Мүмкін жұмыстан кейінгі кешкі уақыттарыңызда келерсіздер, — деген Сергей.


— Жоқ, — деді бригадир. — Кешкісін дем алуымыз керек, әйтпесе келесі күнгі жұмыстың сапасын төмендетіп аламыз. Олай болған күнде келесі жылы бізді құрылыс салуға қайтып шақырмай қояды. Ренжімеңіз, біз сізге жәрдем бере алмаймыз.


Осы кезде магнитофондағы кассета біткен, құрылысшылар да дереу жұмыстарын доғарды. Алайда бригадир барып магнитофонға жаңа кассета салып, одан баяу әуенді музыка ойнай бастаған, құрылысшылар құрал-саймандарын қолдарына қайта алды, біртіндеп музыка да жылдамырақ ойнап, жұмыс та қыза түсті...


Сергей олардың мына қылықтарына қарап біраз тұрды да, кілт бұрылып өзін күтіп тұрған таксиге барып отырды.


Бұл осы бетте кіл пенсионерлерден құралған шалдар бригадасына тартқан. Алдарына ұзын алжапқыш байлаған, бөзден жейде киген шалдар жаңа мал қораның бөренелерін қырналап жонып жатыр екен.


Бригадир жасы алпыстан асса да әлі қайраты қайтпаған Степанов деген шал Сергейдің . айтқандарын жанашырлықпен тыңдады.


— Аянышты оқиға екен. Өте аянышты. Осынша жылдан кейін анаңды табуың ет жүректі елжірететін жәй екен. Саған көмектесуге тиіспіз. Ағаш ұсталарымыз бар. Аз күннің ішінде-ақ сыңғырлаған ағаш үй жасаймыз да береміз. Тек, артығы жоқ, кемі жоқ, мың сомға. Келісесің бе? — деген Степанов бұған сынай қарап.


— Жақсы, — деді Сергей. — Енді үш күннен кейін ағаштар тегіс түсіріледі. Алдын ала қанша төлеуім керек?


— Бітірген соң, бір-ақ есептесеміз. Алдын ала ештеңе төлемей-ақ қоя тұр. Ал әзірге төрт сомдай қарыз бере тұрсаң болады.


Сергей қалтасынан қапшығын алған.


— Олай емес, — деді Степанов күңкілдеп... —  Әне, менің шалдарым қарап тұр. Ал олар мұндайды ұнатпайды. Өздерінің денсаулықтарына жақпаған соң, менің ішкеніме де қарсы. Алақаныңа бүгіп қой да қоштасқан кезімізде ешкімге білдірмей бере сал.


Сергей дәл солай істеді. Бригадир екеуі келісіп қол соғысқан кезде төрт сом Степановтың алақанына ауысып үлгірген.


— Шалдар, — деді Степанов жадырай дауыстап. — Мен председательге барып келейін, бір келісетін шаруа бар еді... Менсіз ештеңені бүлдіріп ап жүрмеңдер, — деп қойып, бір үйді айналып өтті де, анадай дүкенге қарай жылыстай тартып отырды.


Фермадан шыққан қыздар өзенге беттеп барады. Сапар осылармен бірге, Антонина екеуі қатарласа жүріп келеді. Қыздар шуылдаса күліп жамырай сөйлейді.


— Сапар, біздің деревня ұнай ма саған?


— Ұнайды.


— Онда осында қал. Бізбен бірге боласың.


— Ойлану керек, — дейді Сапар.


— Ойланатын несі бар. Өзің Антонинаны сүйесің бе?


— Сүйем.


Қыздар сықылықтай күліп мәз болды. Сапардың тура жауабы, бүкпесіз ашық жарқындығы оларға өте ұнайтын сияқты. Алдыдан өзеннің бұралаң тұсы жалтырай көрінген. Қыздар бірін бірі кимелеп дүркірей жүгірді, көйлектерін жүре шешкен бойларында жарқабақтан кеп суға күмп-күмп қойып кеткен.


Жағада тек Сапар қалды.


— Кел, секір бері, суға түс, — деп шуылдасқан қыздар, Сапар басын шайқады.


— Сол суға секіруден қорқатын шығар, — деген малтып жүрген қыздардың бірі естірте.


Сапар, әрине, бұл қорлыққа шыдай алмады, үстіндегі киімдерін ызалана тұрып жұлқылай шешінді де анадай жерге шегіншектеп барып, онан бар екпінімен жүгіріп кеп секіріп түскен суға. Әуелі гүрс етіп түскен бойы тереңдеп сүңгіп кетті де сәлден кейін төбесі көрінді, қолын шалпылдатып біраз далбаса жасаған болды да одан суға қайта батты.


— Малти білмейді екен ғой, — деп қыздардың бірі үрейлене дауыстаған. Қыздар күлкілерінен пышақ кесті тыйылып, бәрі зәре-құттары қалмай шыңғыра аттандап жағаға шықты. Жақын маңайда көмек берер ешкім жоқ еді, тек жеті-сегіз жасар балалар ғана ойнап жүрген Сапар жан-дәрмен суды шалпылдатып тағы да көрінді.


— Сапар... мен қазір... — деп жан дауысы шыққан Антонина оған қарай ұмтыла малтып келеді. Екі-үш бала да суға секіре түсіп ұмтылған. Балалар бұрын жетіп, Сапарды екі жақтап тарта бастады. Бірақ есі шыққан Сапар аяқ-қолын тыпырлата шалпылдатып олардың өзін суға батыра жаздаған. Осы мезетте Антонина да жетіп екі балаға көмектесіп, үшеулеп Сапарды жағаға қарай сүйрей бастады. Құм жағаға бұлар шыққан кезде қыздар да кеп қол ұштарын берген. Енді олар қайта дуылдасып кетті.


— Аяқ-қолын қозғау керек, — деді бірі.


— Жоқ, қажет емес, тыныс алып жатыр ғой, — деді екіншісі.


— Су жұтқан болса суға еңкейтіп қойып құстыру керек, — деді үшіншісі.


Сапар шашала жөтеліп барып көзін ашты, боп-боз өңіне күлкі жүгірді:


— Су жақсы екен...


Тек осы сәтте ғана Антонина солқылдап жылап жіберген. Енді қыздар соны қоршалай қалған.


— Жә, неге жылайсың.


— Тірі қалды ғой, әне сөйлеп жатыр.


— Ал егер батып кеткенде не болатын еді, — деп Антонина өзі айтқан сөзден өзінің зәресі ұшып, дір-дір етіп онан әрмен еңіреп жіберді.


Евдокия огородын суғарған. Сергей ағаштардың түбіне шелекпен су тасып құйып жүр. Қақпа алдынан тізесінен жоғары қысқа гүлді жаңа көйлек киген Вероника өтіп бара жатты.


— Сәлеметсіздер ме, — деп ол дауысын әндете созып амандасты да, қылымси күлімсіреп тұра қалды.


— Бар, бар, жолыңнан қалма, — деген Евдокия оны тістене қуып, онан ұлының осылай қарай келе жатқанын көріп: — Әнеу шеткі алма ағашқа су құйшы, — деп әрірек жұмсап жіберген. Ұлы ол алма ағаштың түбіне де су құйған соң, анасы:


— Енді деміңді ал, — деді.


Сергей анасының аяқ асты оқыс мінезіне таңырқап тұрған, көзі қақпа алдындағы Вероникаға түскенде барып мән-жайды ұға қойды.


— Шаршағам жоқ, қайта қан таратып бойымды жазып қалдым, — деген.


— Ендеше осының өзі бізге ауыр жұмыс, балам, — деді Евдокия алқына тұрып. — Әлгі Сағын қайда жүр екен? Бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді.


Сергей сағатына қараған.


Қайтатын мезгілі болыпты.


Ана мен бала есік алдына тағы қатарласа отырған.


Балам, — деген Евдокия жұмсақ үнмен, — жаңа үй салу дегенді қойсақ қайтеді. Маған осы ескі үйді жөндеп берсең де жетіп жатыр емес пе? Менің енді қанша өмірім қалды дейсің. Өзіңді де, өзгені әуре қылма. Егер тіпті болмайды десең, — ананың даусы дірілдеп, көзі жасқа толып кеткен, — онда мен сенің үйіңе барып, сендермен бірге тұрайын. Мейлі, аз өмір сүрсем де немерелерімнің қасында болам ғой.


— Қой, мама, олай деме, — деді Сергей қабағын түйіп. — Сен ұзақ жасауға тиіссің. Қызық өміріміз енді басталғанда өлемін дегенді айтпашы. Көңілің қалаған уақытта бізге барып, немерелеріңнің ортасында тұратын боласың. Ал бұл жердегі жаңа үй сенің үйің атанып тұруы тиіс. Менің саған деген балалық парызымды өтеуімнің белгісі болсын да. Мен саған деп арнап үй салып беру міндетім.


— Сен маған ештеңе де міндетті емессің, — деді ана күрсіне отырып. — Өзіңді текке қинама. Аяқ асты үй салатын ақшаны қайдан аласың, кәне? Менің бар жиған-тергенім бес жүз сом ғана, ол неге жетеді.


— Ештеңеден қам жеме, мама, — деді Сергей анасын көңілдендірмек боп күле сөйлеп. — Менің бауырларым осындайда көмектеспегенде қашан көмектеседі?!


— Олардың да әрқайсысының бала-шағасы бар. Және бере қойса жақсы, ал бермесе ше?


— Береді. Ауылмен бүгін телефонмен сөйлесем, — деді Сергей нық үнмен.


Ол тағы да бірдеңе айтуға оқталып анасына бұрыла қараған, анасы ақырын ғана жантая жығылып барады екен. Сергей оны жерге түсірмей сүйеп қалды.


— Жүрегің бе, тағы да?


Ол анасын жатқан күйінде жайлап көтеріп ап, үйге алып кіріп, төсегіне жатқызды, тамырын ұстап көрді. Онан соң:


— Мен қазір келем, — деп жүгіре басып шығып кетті.


Ана ұйықтап қалған, Сергей мен жас дәрігер әйел екеуі сөйлесіп отыр. Дәрігер рецепті жазып береді.


— Өткен жылы осы кісіге мені бес рет шақыртты, екі рет ауруханада жатты, — деді дәрігер.


— Қалай ойлайсыз, науқасы өте ауыр ма? — деп сұраған Сергей.


— Бұл кісінің жүрегі ғой ауыратын. Ал жүрек деген, — деп дәрігер күрсініп қойды. — Кейде осы қалпымен-ақ он бес-жиырма жылға төтеп береді, ал кейде... — дәрігер сөзін аяқтамастан тұрып, кетуге ыңғайланды.


Сапар мен Антонина өзеннің тайыздау жеріне кеп тоқтады.


— Осы ара тайыз, — деді Антонина, — Теріс қара.


Сапар теріс айналған, Антонина көйлегін шешіп тастап сып етіп секіріп түсті де әйелдерше жүрелей отыра қап, басымен сүңгіп алды.


— Кел бері, — деді Сапарға.


Сапар да суға түскен.


— Жылысын-ай, — деді ол да отыра қалып.


— Ал енді былай істе, — деп Антонина оған малтудың әдістерін түсіндіруге кірісті. — Қолыңды былай құлаштай сермеп отыр да, аяғыңмен былай суды итер.


Антонина өзі айтқандай малтып көрсеткен. Сапар да соның істегендерін істемек болған, бірақ бірден судың түбіне батып кетті. Енді Антонина қолымен Сапардың кеудесінен көтере ұстап:


— Кәне, енді малтып көрші, — деген.


Сапар қыздарша аяғымен суды шалпылдата, екі қолымен кезек қимылдап ақырындап малти бастаған. Ол Антонинаның қолын тартып алғанын да аңғарған жоқ, қол-аяғымен бірдей қимылдап тепкілене берді.


— Малтып барам! Малтуды үйрендім, — деді қуана дауыстап.


— Арғы жағаға дейін малти берейін бе?


— Бірден арғы жағаға жете алмассың? — деген Антонина соңынан.


— Жетем, — деді Сапар суды өршелене шалпылдатып. Аяқ-қолы талаусырағандай болса да тоқталған жоқ, малти берді. Антонина қуып күліп, мүлде құтырына қимылдаған. Сол бойда арғы жағаға шыққан кезде бойын кернеген қуаныштан жарылардай боп созыла керіліп, көк шөпке аунай кетті. Антонина кеп қасына құлады. Екеуі де қуанышты еді, екеуі де алқына тыныстайды, екеуі де шаршаған.


Ымырт үйіріле бастаған шақ. Қалың орман қарауытып деревняға таяп кеп қоршап алған тәрізді.


Сергей есік алдында баспалдақта жалғыз отыр, қолында Сапардың кішкентай транзисторы, әр толқынға ауыстырып, өзіне қажет толқынды іздейді. Джаз естіледі, іле-шала украин әуендері естіледі. Кенет алыстан талып қазақ әні жеткен. Сергей жас балаша қуанып транзисторды құлағына тосты. Иә, кәдімгі өзіне бала күнінен таныс қазақтың халық әні еді бұл... Сергейдің көз алдына ұшы-қиыры жоқ кең дала келді. Жусан мен бетегелі бұйра қыраттан көк аспанмен астасып көсіліп жатыр. Қос жорғаға мінген Сергей мен әйелі Сәлима сүрлеу жолда қатарласа ағызып келеді. Сәлима бұған, бұл Сәлимаға күте қарап қойып аттарын сипай қамшылап, ауыздықты кере тартады...


Евдокия стол шетінде шынтақтай қолымен бір шекесін таянып Сапардың тамақ ішкеніне қарап отыр. Сапар картошка, пияз, редиска, нанды бұралай асап, қуырылған еттен қасықпен және тықпалайды аузына. Оның бүйтіп ашқарақтана тамақ жесіне Евдокия риза. Сырттан Сергей кірген, өңінде ерекше бір қуаныш бар. Сапардан сүйінші сұрағандай жаңалығын қазақша айтып жатыр:


— Айтекем келетін болды осында. Москваға көрмеге жүргелі отыр екен, қайтар жолда соға кетемін дейді.


Сапар қуанғанынан екі алақанын шапақтап жіберген, алақайлап айқай салар еді, аузы бос емес.


Евдокия бұлардың қазақша сөйлескендеріне мән бермеген адамша тұрып кетіп, терезе перденің баулықтарын қайта тартып байлаған боп түртінектей берген. Сергей өзінен кеткен қателікті енді сезіп қысылғанынан күліп жіберді де:


— Кешір, мама, — деп келіп анасының иығынан құшақтады. — Жаңа ғана телефон арқылы қазақша сөйлесіп кеп едім, тіпті байқамай қалыппын. Былай болды: ертең бізге телеграфпен ақша салып жібереді және Айташ Москвадағы ауыл шаруашылығы көрмесіне жүреді екен, қайтарында осында келетін болды.


Бұл хабарға Евдокия да ерекше қуанды.


— Бәрінен де Айташтың келетіні жақсы болды. Таңертеңгісін Москвадан поезға отырса, кешке қарай осында жетіп келеді, мына тұрған жер, түу, көңілім орнына түсті ғой. Қанша дегенмен Айташпен ақылдасқанымыз дұрыс болар еді. Ол өзі бір не істесе де ойланып істейтін орнықты адам...


Келесі күні таңертең Евдокияның есігінің алдына ағаш тиеген машина кеп тоқтап, жуан-жуан бөренелер түсіріп кеткен. Соның артынша іле-шала тақтай тиелген машина келді. Кабинадан секіріп түскен жас шофер жігіт нарядын Евдокияға ұсына тұрып:


— Мына тақтайларды алдым деп қолыңды қой, апатай, — деді.


Евдокия көзілдірігін киіп, ежіктеп оқи бастаған.


— Бәрі орнында, апатай, бір тақтайың да шетінеген жоқ, — деді шофер жігіт.


— Оны қазір тексерем. Айтшы, кәне, қанша тақтай әкелдің? Санын айт?


— Қанша тақтай екенін, санын мен қайдан білейін. Маған кубометрлеп өлшеп тиеген.


Үйден шыққан Сергей қаламын алып нарядқа қол қойды да, шоферге үш сом қоса берді.


— Мама, бәрі орнында, — деді.


Шофер тақтайды аударып түсіріп жүріп кеткен соң, Евдокия Сергейге білдірмей ғана тақтайларды күбірлеп жүріп санауға кіріскен, бірақ үштен біріне жете бере шатасып қалды да онан қайта санай бастады, жартысына жеткенде тағы жаңылысты... ақыры қолын бір сілтеді.


Мал қора салып жатқан пенсионер шалдардың бригадасы еткен жолғыдай бұл жолы да жұмыстарын асықпай атқарып жатыр. Қораның шатырын көтеруге таяу қапты.


Сергей басында нейлон шляпасы бар, сақалы мамықтай аппақ шалмен сөйлесіп тұр.


— Өткен жолы мен бригадирлеріңізбен келісіп кеткем, — дейді Сергей дәлелдей түскісі келгендей, — Бүгін біздің үйді салуға келеміз деген еді.


— Білмеймін, — оңдай ештеңе естігеміз жоқ.


— Бригадирлеріңіз қайда өзі?


— Жоқ, оны іздемей-ақ қой енді.


— Неге? Әнеу күні ғана ол кісімен адамша келісіп кетіп ем ғой. Өзімен сөйлесейсінші, қайда жүр, — деп Сергей шалды тақымдап кете қоймаған.


— Қоймадың ғой, олай болса оның қайда екенін айтайын, — деді қитыға ашуланған шал. — Ол оңбаған кәрі төбет дүкенде арақ ішіп, шатақ шығарған соң милиция апарып он тәулікке қамап қойыпты. Әне, сонда барып тауып ал. Енді бізге кедергі келтірмей, тайып тұр...


Әлгі шалдың жөндеп сөйлеспей, менменсіп, қуғандай болғанына ызаланған Сергей аудан орталығын аралай өтіп, милиция бөліміне қарай тартқан. Степановты ол сонадай жерден таныды. Милиция ауласының сыртқы қоршауына жаңа штакетниктер шегелеп жүр екен. Жалпы милиция үйіне жөндеу жүргізіліп, сыртқы қабырғалары ағартылып, қорасының ішіне қыстық отындарын жинап, есік-терезелері, қақпалары сырланып жатыр екен. Соның бәрін істеп жүргендер негізінен ұсақ бұзақылықтары үшін он-он бес күнге қамауға түскендер. Олардың бәрін бір жас милиционер сырттай бақылап қарап тұр. Сергей соған келіп өзінің жәй-жапсарын айтқан.


— Степанов, — деді милиционер дауыстап. — Бері кел! Саған кісі кеп тұр.


Бригадир қолындағы балғасын жерге қойып, қақпаға қарай бұрылған, Сергейді көріп, ол да мұны бірден таныды. Мойнына су кеткендей екі иіні салбырап кеп, лажсыздық білдірген түрмен екі қолын жайды.


— Осылай боп қалды, жігітім, — деді кінәлі үнмен.


— Енді қанша отырасыз мұнда?


— Екі-ақ тәулік өтті, әлі сегіз тәулік бар алдымда.


— Амал қанша, сіздің шығуыңызды күтемін енді, — деген Сергей.


— Әй, енді мені күткеннен пайда болар ма екен, жігітім, — деді бригадир өкінішін білдіре тұрып. — Әлгі шалдар маған ашуланып, осында отырғанымда төңкеріс жасаған көрінеді, мені бригадирліктен түсіріп тастапты. Ендігі жерде шыққаннан кейін де олар менің тілімді алмайды ғой.


— Сонда қалай болады, мен сізбен келістім деп сеніп қалып ем, сөзіңізде тұра алмағаныңыз ба? — деген Сергей ренжіп.


— Жоқ, мен өз басым саған берген уәдемде тұрам, — деді Степанов оны жұбатып. — Мына жерден шығысымен тартып отырып саған барам. Ал ана шалдар бригадасынан енді күдеріңді үз, олар бармайды. Солай, жігітім.


Милиция бөлімшесінен кейін Сергей базарға соғып, сауда жасап тұрғандармен әр жақтан, колхоздардан келген шоферлармен сөйлесіп, жалданып құрылыс салатындар жайлы сұрастырған. Бірақ бірде-бірінен пәлен жерде пәлен құрылысшылар бар дегенді ести алмай дал болды. Қайта білетін құрылысшыларың болса өзің айт, бізге де керек еді десті. Сергейдің түйгені аудан бойынша әр шаруашылықта кезек күттірмес өз құрылыстары бар екен де, қолынан іс келетіндер сол өз құрылыстарынан-ақ артылмайды екен.


Евдокияның үйіне құрылыс материалдары үсті-үстіне келіп жатыр: күйдірілген қызыл кірпіш, терезе әйнектері, еденге төселетін, үйдің төбесіне қағылатын тақтайлар. Евдокия мен Сапар екеуі екі жақтан ол материалдарды қабылдап алып жүр: тақтайларды санастырады, әйнектердің сынған-сынбағанын тексереді, самосвал түсіріп кеткен кірпіштерді реттеп қалап жинастырады. Кешке дейін екеуінде де тыным жоқ.


Кешкісін Сергей келді. Ол да әбден шаршаған, құрылысшылар іздеп титықтап табанынан таусылған түрі бар. Сапар мазасызданып киінер-киінбесін білмей қипықтап Сергейге қарай берген. Оның қыдырғысы кеп тұрғанын түсінген Сергей қол сағатына қарап алды да:


— Бар, біраз жүріп қайт, — деп рұхсат етті. — Тек көп кешікпе. Ертең ерте тұруымыз керек, сен маған қажетсің.


— Мақұл. Ерте қайтам, — деді Сапар қуанышын жасыра алмай. Сергей енді анасына бұрылып:


— Сол Антонина дегендерің қандай қыз өзі? Тәртібі жақсы ма? — деп сұраған.


— Тонька ма?! О-о, Тонька өте жақсы қыз. Жұмыс дегенде жанын салады. Үлкендерден қалыспай істейді, — деп Евдокия мақтай жөнелді. — Үй шаруасына да тап-тұйнақтай. Ал тәртіп жағынан біздің деревняның жастары қашаннан басқа елге үлгі боп келеді ғой...


Евдокияның Антонина туралы мақтауы Сапарға қатты ұнаған. Ол киініп болса да бірден кете қоймай тағы да не дер екен дегендей әр нәрсені бір түртінектеп құлағын түріп тұрған.


— Тек оқуға орташа, — деді Евдокия ол естісін дегендей сөзін түйіндеп. — Үштері көп көрінеді.


— Жұрттың бәрінің төрт пен беске оқуы шарт емес қой, — деп осы тұста шыдай алмай кеткен Сапар. — Кейбір кітаптан жаттап соғатын озаттардан да өз түсінігімен оқитын орташалардың білімі орнықты болады.


Сапардың қызына сөйлеген түріне қарап Сергей күліп жіберді.


— Сен енді,кешігесің ғой, кетпейсің бе?! — деді.


— Ал кеттім... — деп Сапар жүгіре басып, есік алдындағы баспалдақтардан секіріп өтіп, сыртқы қақпаны сарт еткізгені естілді.


— Жақсы жігіт боп өсіп келеді, — деді Евдокия оның соңынан сүйсіне қарап.


— Әзірге жаман емес, — деп қойды Сергей онан соң ол да орнынан тұрды. — Мен Иван Петровичқа кіріп шығайын. Сонымен ақылдасып бір амалын таппасақ болатын емес.


Би кештері аптасына екі рет қана болатын да, ал қалған күндері деревня жастары клуб маңына жәй қыдырыстау үшін жиналатын. Бұл күндері клубта кино көрсетіледі.


Бүгінде киномеханик кіре беріс есік көзінде өзі билет сатып тұр. Бірақ киноға кіріп жатқан адам шамалы: он шақты төменгі класс оқушылары және бір-екі кемпір ғана кірген ішке. Мұнан кейін клуб алдына таяу келген жан болмады. Белгіленген уақыттан тағы бір жарты сағаттай кешіктіріп, ақыры киномеханик басқа ешкімнің келмесіне көзі жеткен соң, киносын бастады.


Клубтың баққа қараған жағында ұзын орындыққа бірі отырып, бірі транзисторын қойып, өзі түрегеп тұрған деревня жастары. Он-он бес адамның кемінде жеті-сегізінің транзисторы бар: музыка, шырқалған ән, соңғы хабарлар, тіпті ешқайсысы түсінбесе де шет тілдерде былдырлаған сөздер — бәрі бір сәтте естіледі. Сапар мен Антонина джаз музыка тыңдап шеткерек тұр.


— Жүр, киноға кірейік, — деген Сапар.


— Кіргім келмейді. Бұл кино қызық емес, — деді Антонина.


Осы мезетте бұлардың қасынан көлденеңдей Михаил Тихомиров еткен, — қолтығына бөтен бір қыз ұстап апты, бұларға тұмсықтарын шүйіре тәкаппарлана қарайды тіпті.


— Бірін-бірі тапқан екен-ау, — деп Антонина мырс етіп күліп жіберді. — Мишканың маған ренжіп кеткен сайын барып табатын көңіл жұбатар сүйеніші. Сенен басқа қыз жоқ дейсің бе, дегендей маған көрсеткен қыры ғой. Жүр біз де қыдырайық былай шығып, — деді енді ол Сапарды қолтығынан өзі ұстап.


Екеуі клубтан шеттеп, деревняның қалтарыстау бір көшесіне түскен. Әр үйдің тұсынан еткендерінде байлауда жатқан иттердің мыңқ-мыңқ етіп үргені болмаса көше бойы тым-тырыс, маужыраған тымық кеш.


— Бүгін көп жүрмейік, ертерек қайтайық, — деді Антонина.


— Әйтпесе мамам мазасызданады.


— Жарайды, — деді Сапар өзінің де Сергейге берген уәдесін есіне алып. Онан соң: — менің әжем сияқты сенің маман да қатал кісі-ау деймін, ә? — деген.


— Жоқ, қатал емес. Тек, мына сен келгелі мазасызданатын болып жүр. Мені алып қашып кетеді деп қорқады. — Антонина сықылықтап күлген. — Сендердің әдет-ғұрыптарыңда ұнаған қызды алып қашып кететін көрінесіңдер ғой.


Сапар мына сөзге намыстанғандай сәл тосылып қалды да, артынша дереу өзі де қосыла күліп, ойнақы әзілге айналдырып қақпақылдап әкетті.


— Тоня, ол рас, мен сені алып қашып әкетем, — деді.


— Шынымен бе?


— Шынымен. Москваға дейін поезбен барамыз, онан әрі самолетке отырамыз, ал Алматыдан біздің ауылға дейін автобус жүреді. Қаншама жер көресің... — Сапар қиялдай бастаған.


— Ал ауылыңа апарған соң мен қайтем?


— Сен қайтушы ең, менімен бірге бір класта оқисың. Тұрғың келсе біздің үйде тұрасың, әйтпесе, Сережа ағамның үйінде тұрып оқисың. Сен оның туыстас қарындасысың ғой. Екеуміз сабаққа бірге дайындаламыз.


— Ой, Сапар, қандай жақсы болар еді. Олай болса алып қашшы мені, — деген енді Антонина да тәтті қиялға елтіп.


— Тоқтай тұр, мынау үйді салып болайық. Сонан кейін екеулеп отырып сені алып қашудың жоспарын жасаймыз.


— Ой, тамаша! Ал мен әуелі Сережа ағайдың үйінде емес, сендердікінде тұрып көрер ем.


— Біздікінде тұрсаң, тіпті жақсы болар еді. Тек бірақ сен менің әжемнің қатал мінезіне шыдай алмайсың ғой.


— Немене, сонша ұрысқақ па?


— Жоқ, ұрысқақ емес, бірақ бүйтіп емін-еркін, ертелі-кеш жүруіңе ерік бермейді. Әсіресе қыздарға дегенде қатал.


— Ал мен сен қасымда болсаң неменеге ертелі-кеш жүре берем, — деді Антонина бұған бұрыла қарап.


— Әрине, — деп қойды Сапар да. — Тек мен балалармен ойнап кеткен кездерде ғана ішің пысуы мүмкін.


— Мен жібермеймін сені ойынға.


— Сенің жібермегеніңе қараймын ба, қашып кетем ғой...


Екеуі осылайша орындалмас қиял әңгімеге беріліп, бір сөзден бір сөз туындап деревня көшесінде даурыға сөйлесіп ұзақ жүрді.


Сергей колхоз председателінің қабылдау бөлмесіне кірген. Кабинеттің есігі ашық екен. Іштен ызалана шаптыға сөйлеген әйел дауысын естіп, сәл тоса тұрмақ оймен орындыққа отырған. Әйел дауысы ызақорлана шаңқылдай шығады.


— Сонда бұл қалай болады, Иван Петрович, а, біз ғой Семен екеуміз өмір бойы тырбанып еңбек етумен келеміз.


— Сенің артықшылығың сол Семеннің барлығы ғой, — деген председатель әйелдің сөзін бөліп.


— Байымның тірі қалғаны үшін кінәлі емес шығармын. Жақсы істеген жұмысым үшін менің де алған медальдарым бар. Жаңа монша салуға ағаш сұрағаныма қанша болды осы?!


— Береміз дедім ғой, береміз, — деді председатель оны жұбатқандай. — Тек күзге дейін шыдашы. Ал Евдокияның жағдайын өзің біліп отырсың...


— Білгім де келмейді. Кім еді ол сонша, қайта-қайта кесе көлденең тарта беретіндей. Оның күйеуі де соғыстан бұрын, ағаш басып қап өлген. Әрі-беріден кейін ол әскер семьясына да жатпайды.


— Сонда сеніңше қалай, әскер семьясына жатпаса көмек көрсетпеуіміз керек пе екен, — деді дауысын енді көтерген председатель столын ұрып қап. — Әлде Евдокия сен құрлы жұмыс істей алмады ма, колхозға?!


— Жұрттың бәрі істеген жұмыс.


— Ал қазіргі уақытта үйі ең нашар колхозшы сол боп отыр. Сен жаңа монша салсам дейсің, ал оған баспана үй керек. Ендігі жерде о байғұстың қанша өмірі қалды? Өткен жылы екі рет ауруханада жатып шыққанын өзің білесің. Бәлкім бұл оның ең соңғы көрер қуанышы болар, әне баласын іздеп тапты.


— Оны құдай білсін, баласы ма, әлде бөтен біреу ме? — деген әйел.


— Баласы! — деді председатель кенет ақырып қап. — Баласы! Егер баласы болмаса айдаладағы біреу кеп үй салып берем деп сонша әуреге түсер ме еді?!


Сергей мұнан әрі отыра беруді ретсіз көріп, әуелі жөткірініп дыбыс беріп ішке кірген. Председательге төне кеп тағы да бірдеңе дегелі тұрған көк бет әйел мұны көріп, аузын алақанымен баса қойды.


— Сәлеметсіз бе, Иван Петрович, сәлеметсіз бе, Александра Васильевна, — деді Сергей.


— Сәлеметсіз бе, Сергей Васильич, — деп әйел енді кейін шегіншектеген. Председатель оған:


— Сенің өтінішіңді келесі басқарма мәжілісінде шешеміз, — деді.


— Жә, менің шаруам онша асығыс емес қой, Иван Петрович, — деп әйел сол шегіншектеген бойы шығып кеткен.


Председатель енді әлгіндегі бетіне тепкен ашуын сездіргісі келмей, қолы сәл діріл қаға отырып, папирос алып тұтатты.


— Ал, қалай, Сергей Васильич, ойландың ба? — деді жадырай сөйлеп. — Біржола көшіп келесің бе, сөйтіп? Тек алдаусыратпай шыныңды айтшы.


— Шынымды айтсам, әзірге, бір-екі жылдың ішінде келе алмаймын, — деді Сергей оған бүкпесіз тура қарай отырып. — Бастаған бір ғылыми жұмысым бар еді, соны аяқтауым керек.


— Е, ол жұмысыңды осында кеп аяқта, жағдай жасаймыз. Мал бізде де бар, тек ірі қара.


— Жоқ, Иван Петрович, ол жұмысым тікелей қой шаруашылығына байланысты еді.


— Ә, ол жағынан ештеңе дей алмаймыз онда. Тек шешеңді мұнда қалай жалғыз қалдырып кетесің, сол жағына түсінбеймін.


— Иә, өзімді де қинап отырған осы жағы. Әйеліммен, бауырларыммен ақылдасып көрмекпін, бәріміз болып бір шешім табармыз деп ойлаймын. Әзірге, дұрыстап үй салып беру ойым, онан соң бәлкім, немерелерінің ересектері кеп, осында тұрып, осында оқыр.


— Үлкенің нешеде еді?


— Он төртке толып, он беске кетті.


— Ұл ма?


— Қыз.


— Қыз болса тіпті тамаша. Қыз бала деген әжесіне жуықтау келеді.


— Иә, ол жағын бірдеңе етіп шешерміз-ау, Иван Петрович. Бәрінен де қазіргі жағдай қалай, деп сұрасаңызшы. Мен құрылысшы таба алмадым.


— Айтып ем ғой, құрылысшы табу қиын деп. Ал бұл жағынан менің көмегім жоқ. Әр адам есепте. Қазір пішен шабу жүріп жатыр, ал енді бірер аптадан кейін егін орағын бастамақпыз, тіпті еш мүмкіндік жоқ бізде. Егер күзге дейін шыдасаң...


— Енді он күннен кейін менің демаласым бітеді, қайтуым керек, — деді Сергей.


— Әрине, қызмет адамысың. Апырай, ә, қалай етсек екен? — деп председатель де ойланып қалды. — Әлде, ағайын-туғандарды асарға шақырсақ па екен?! Осы төңіректегі Филипповтардың өзі екі жүздей бар-ау, соларды бір күнге шақырсақ болып жатыр емес пе?


— Мынауыңыз ақыл екен...


Сергей мен анасы екеуі пішені сарғыш тарта бастаған жазық далада сүрлеу жолмен қатарласа жүріп келеді.


— Ертеде бұл жерлердің пішенін шалғымен шабатынбыз, — дейді анасы, қолымен кең жазықты көлбей нұсқап. — Сенің ата-бабаларыңның бұл жерде шалғы ұстамағаны кем де кем шығар. Ал әкеңе дәл осы араға, артынан талай рет тамақ әкеліп беріп, өзім гүл теріп қайтушы едім. Онда жас кезім ғой... Кейде мейрам күндері осы екеуміз келе жатқан сүрлеумен Лыковаға қонаққа баратынбыз. Лыковада туыстарымыз көп еді. Қазір де көп, барған соң көресің, ылғи Филипповтар.


Осылайша әңгімелесе жүріп отырып бұлар қырат үстіне көтерілген, дәл иектерінің астынан үлкен деревня шыға келді. Үйлерінің шатырлары күнге шағылысқан, қора-қопсылары мол Лыкова осы еді.


Бұлар арнайы іздеп шыққан Филиппов шалдың үйі шетте болатын. Аналы-балалы екеуі кеп қақпадан кіргенде, орта бойлы, мығым денелі қарт аралап жарған отындарын реттеп қалап жинап жүр екен. Құшақтаған отынын тастай бере қарт келгендерге тесірейе қарап қалған. Әсіресе өзіне таяп келген Сергейге шұқшия қарайды. Сергей де шалға жақындап кеп көз тоқтатып қарап тұр. Кенет оның есіне алыстан жеткен бір бұлдыр елес келді... Дәл осы шалға ұқсаған, бірақ өте жас ер адам екі жасар баланы қолтығынан көтеріп ап аспандата лақтырып, одан қағып алып мәз болып келеді. Екі жасар бала біресе жерден алыстап, қалықтап көтеріледі де, одан жерге қарай құйыла жақындайды, қайта көтеріледі, қайта құлайды, жер де, айнала-төңірек, аспан да тегіс теңселіп тұрғандай... Шал мен Сергей бірінен-бірі көздерін айырмаған күйлері қарсы жүріп кеп құшақтасып керісті. Шал ұзын жеңімен жасаураған көзін сүртті.


— Өзім.де бүгін сендерге барып қайтқалы отыр едім, — деді жыламсыраған дауыспен. Онан соң Сергейге тағы да қадала қарап: — Бет-әлпетің, қас-қабағың өзіміздікі, тек серейген бойың кімге тартқан? — деп қойды.


— Менің тұқымдарыма, нағашыларына тартқан ғой, — деген Евдокия осы тұстан.


— Солай- болар, — деді шал да оны құптап. — Сенің бауырларың, шеттерінен сырықтай-сырықтай қапсағай бойлылар еді-ау... Жүріңдер, үйге кіріңдер...


Филиппов шалдың үйіндегі үлкен столдың басында: Сергей анасымен және шалдың қырықтарға кеп қалған біріне-бірі тете екі баласы — барлығы бас қосып ақылдасып отыр.


— Сен қағаз әкеліп жазшы кәне, — деді әлден соң шал балаларының біріне. Анау тұрып барып дәптер мен қалам әкеп берді.


Шал қаламды алып жазуға кірісті:


— Екі машина керек, — деді жазғанын дауыстай айтып. — Бірі адам тасуға лайықтап жабдықталуы тиіс.


Балалары құптап бастарын изеді.


— Бульдозер, — деп жазған шал екінші жолға.


— Мишка табады, — деді балаларының бірі.


— Филиппов Михаил, — деп жазды ол тұсқа шал. — Ал кранда кім істеуші еді бізден?


— Костя ағай.


— Константин Филиппов — кран, — деп жазды шал. — Экскаватор болса теріс болмас еді...


Балалары ойланып қалды.


— Ленканың күйеуі табады.


— Қай Ленканың? — деген шал анықтағысы кеп.


— Егор ағайдың Ленкасының күйеуі ше.


— Иә, иә, Филиппова Елена — экскаватор, — деп жалғастырды шал жазуын.


Шал мен балаларының мына әрекеттеріне бағанадан іштей риза боп сүйсіне қарап отырған Сергей жымия күліп:


— Егер танк қажет болса табар ма едіңіздер? — деп сұраған әзілдеп.. Бірақ шал әзілдеп емес, балаларынан шындап сұрады:


— Кәне, танк айдайтын кім бар бізден?


Балалары шынымен-ақ ойланып қалған.


— Вася ағайдың Митясы танкист, — деді балаларының бірі.


— Степанның Лешкасы да танкист, — деді екінші баласы да...


Евдокия, Сергей және Сапар үшеуі вокзал перронында тұр.


Поездан кеп түсіп жатқан жолаушылар, оларды қарсы алып құшақтасып, сүйісіп жатқан жұрт апыр-топыр. Бір кезде вагон есігінен қолында чемоданы бар, басына шляпа, үстіне жаңа костюм киген еңгезердей Айташ көрінеді. Өзге жұрт оның киім киісіне, өзгеше түріне қарап, ығысып жол берген. Айташ әуелі Сергей екеуі құшақтасып амандасқан. Сағын өзі кеп оның мойнына асыла кетті. Ол екеуінің құшағынан шыққаннан кейін кеп Айташ екі қолын кеудесіне басып, әуелі тағзым етіп кеп Евдокиямен қос қолдап амандасты.


Вокзал қақпасынан шыққан кезде такси тоқтайтын жерге қарай енді Евдокия өзі бастап алып жүрді. Ал Сапар болса әкесінің біресе алдына түсіп, біресе артына шығып, аузы-аузына жұқпай мұндағы жағдайды баяндауда.


— Үй салатын құрылысшылар іздеп табанымыздан тозатын болдық, — деп қояды дәл өзі қиналып шаршағандай. — Әзірге табылмай жатыр.


Айташ Сергейге бұрылып:


— Жөндеріңді айтып колхоздан көмек сұрап көрмедің бе? — деген.


— Сұрадық қой. Колхозда өз жұмыстарына да жұмысшы қолы жетіспейді екен, — деді Сергей мән-жайды түсіндіріп. — Енді осындағы туыстарды жинап асар саламыз ба деп отырмыз.


— Ол да жөн екен, — деп қойды Айташ.


Евдокия бұлардың өзара қазақша сөздерінен тек «колхоз» дегеннен өзгесін ұққан жоқ. Неше күннен бері баласына бауыр басып, енді етене боп үйрендім бе деп жүргенде, баласының тағы да бұған түсініксіз тілде сөйлеп беруі көңіліне қайтадан сызат түсіргендей халде келеді. Сөйте тұра анда-санда Айташқа бұрыла қарап қуанышын жасыра алмай күлімсіреп қояды.


— Осы әуренің керегі жоқ деп Сережаға талай айттым, бой бермейді, — дейді шағынғандай.


— Неге керегі жоқ. Олай демеңіз, Евдокия Филипповна, бұл жерде жаңа үйдің болғаны бізге де керек, — деп Айташ қарсы дау айтты.


Таксиге отырып, аудан орталығынан ұзап шыққан кезде Айташ:


— Почтаға кіріп Төкешке телефон соққанымыз дұрыс болар, — деді Сергеймен ақылдаса сөйлеп. — Анау кезде өзі өткен жылдан алмай жүрген он күндей демалысым бар, соны алып, осы жаққа келіп көріп қайтсам деп отыр еді. Соны шақырып алайық. — Айташ кенет шоферге: — жігітім, машинаңды кейін қарай бұршы, — деп өтініш етті.


Такси кейін қарай қайтқан.


— Немене, бір нәрсе ұмыт қалып па? — деген Евдокия ұлына бұрылып.


— Жоқ. Почтаға барып, телефон соғып, Төкешті шақырмақпыз. Қанша айтқанмен архитектор ғой, көмегі тиер, — деді Сергей Айташ екеуінің арасында болған қазақша сөздерінің мазмұнын түсіндіріп.


— Осынша алыс жолға шақырмақсыңдар ма? — деген Евдокия көзі шарасынан шыға. — Қойыңдар, ұят болар. Жұмысынан қалай кетпек?


— Демалысы бар көрінеді...


Бұлар осы бойда кеп қалааралық телефон пунктінің ішінде отыр. Айташ кабина ішінде Қазақстанмен сөйлесіп тұр. Сөйлескеніне бірталай уақыт өткен. Ақыры телефонистка шыдамы таусылғандай түрегеп кеп Евдокиядан:


— Ана кісіні сіз танисыз ба? — деп сұрады.


— Танимын.


— Ендеше ескертіңізші, қазір тура тоғыз сомға сөйлесті.


— Жарайды. Ол өзі де біледі, — деді ана телефонистканың мына мінезін жақтырмай.


— Менікі жәй ескерту ғой, ақшасы жетпей қап жүрмесін деймін де.


— Біздің ақшамыз жетеді, — деді ана кесімді нық үнмен, сөйтті де өзі басын көтеріп паңдана отырды.


Орыс деревнясының көшесінде ағайынды төртеу: Айташ, Сергей, Төкеш және Сапар — үйлерге қарап келеді. Жаңа үй қай үлгіде, қалай салынбақ, соның жобасын сызбас бұрын Төкеш жергілікті жердің үй-жайларымен таныспақ. Аса үлкен емес, бірақ сырт көрінісі көз тартатын ақ үйдің тұсына келгенде Төкеш:


— Мына үйдің ішкі құрылысы қалай екенін көрер ме еді, — деген. Ол аузын жиғанша болған жоқ. Айташ барып үйдің қақпасын қақты.


— Кіре бер, — деген дауыс естілді ішкі жақтан.


Бұлар қақпадан кірген. Табалдырықта отырған кеудесіне дейін жалаңаш, жалаң аяқ, қолында құшақтай ұстаған күбі ыдысы бар үй иесі жас жігіт, күтпеген бейтаныс адамдарды көріп қысылып қалды.


— Рұқсат етсеңіз үйіңіздің ішкі құрылысын көрсек деп едік, — деді Төкеш жақындап кеп. — Біз Евдокия Филиппованың үйін қалай етіп салуды ойластырып жүр ек.


Үй иесі асығыс жейдесін киіп, ышқырлана тұрып.


— Кіріңіздер ішке, көріңіздер, — деді хош алған ашық көңіл білдіріп.


Үй сыртынан үлкен боп қауқиып көрінгенмен іші екі-ақ бөлмеден тұрады екен және ұзыннан-ұзақ салынған жапсырма ауыз бөлмесі бар.


— Жазда осының ішінде ұйықтаймыз, қоңыр салқын, жақсы, — деп түсінік берді үй иесі.


— Балаларыңыз нешеу? — деп сұраған Төкеш.


— Үшеу, — деді үй иесі насаттанып.


— Ал олар қай жерде жатады? Сабақтарын қай жерде оқиды? Сіз әйеліңіз екеуіңіз қай жерде жатасыздар?


— Мына түпкі бөлмеде жатамыз бәріміз де. Ал жаздың күні әркім қалаған жеріне: мынау ауыз бөлмеге де, шөп қораға да, үйдің шатырына шығып та жата береді.


— Сонда жаңадан салған үйді ескі жобамен қалдырған екенсіз ғой?


— Әрине. Ата-бабамыздан үйді өстіп салып келе жатыр емес пе... Өзімізге ұнайды, — деді үй иесі. Онан соң қонақтардың кетуге ыңғайланғанын байқап: — жігіттер, самаурын қайнап тұр, әне. Келіңдер, әңгімелесіп отырып шай ішелік. Қазір мен жұмыртқа қуырып жіберем. Айтпақшы, танысып қоялық. Мен сендерге туысқан боп келем, Евдокияға шөбере жиенмін...


Сапар мен Антонина өзен жағасындағы өздерінің дәстүрлі орындарында кездескен.


Екеуі өзенді жағалап, шілік бұталарының арасымен жүрді.


— Айтпақшы, сенің ағаларың тегіс келген-ау деймін? — деп сұрады Антонина.


— Жоқ, әлі түгел келген жоқ, — деді Сапар. — Келгендер менің әкем мен архитектор ағайым ғана. Үйді жаңа бір жобамен салсақ дейміз.


— Өздеріңде архитектор болса салуға болады ғой. Асарға мен де кеп көмектесем әлі. Тек ыңғайсыздау ептеп.


— Неге?


— Жұрт екеуміз жайлы не ойлап қалады деп қорқам...


— Мейлі ойлай берсін. Біз екеуміз ең жақын достар екеніміз өтірік пе?


— Бір ойдан оның да дұрыс, — деді Антонина келісіп, — Тек кейде қыздар үшін ыңғайсыз жағы да бар... Осында Катька Филиппова аудандық тұтынушылар қоғамынан келген бір шофер жігітпен достасып жүрді, анау жігіт те келген-кеткен сайын ғашық екенін жасырмай жұрт көзіне теріс айналып шыға келді ғой. Байғұс Катька сол қорлыққа шыдай алмай деревнядан кетуге мәжбүр болды ақыры.


— Сен сонда мені саған үйленбейді деп қорқасың ба? — деді Сапар өзі де тоқтап қап, Антонинаны да тоқтатып. — Шынымды айтсам менің саған қазір-ақ үйленгім келеді, тек болмайды ғой әзірге.


— Рақмет, мен саған сенем, — деді толқыған Антонина дірілдеген үнмен.


Төкеш ватман қағазды жайып тастап салынатын үйдің жобасын, қажетті құрылыс материалдарын есептеп отырған, Сапар мен Айташ еден мен төбе тақтайларды аралап қиып тұрған. Қақпа сыртынан көше жақтан:


— Ассалаумағалейкүмдер! — деген дауыс естілді.


— Әлікісалам, — деп іле жауап қайырған Айташ басын көтеріп солай қарай бұрылған, қақпа сыртында ыржия күліп Көкеш тұр.


— Әй, сен қайдан жүрсің? — деді Айташ қуанарын да, ашуланарын да білмей.


— Ауылдан жүрмін.


— Немене, бірдеңеден құр қалдым деп келің бе, мұнда?


— Келгім келді, келдім, — деді Көкеш күңкілдеп.


— Жұмыс қайда?


— Жұмыс жоқ. Колхоз тракторын алып қойды.


— Жетістірген екенсің.


Осы мезетте үйден Евдокия шыққан. Көкешті көріп мүлде есі кете ұмтылды.


— Кокешка, Кокешка... сен де келдің бе?! Ой, қандай қуаныш!.. — Жүгіріп кеп, қақпадан батылсыздау еніп тұрған Көкешті бас салып құшақтай алды. — Қашан келдің? Үйлерің аман ба? Қалиша қалай? — деп бастырмалата сұрап үйге қарай жетелей жөнелді, — Жүр, жүр, шаршап келдің ғой. Қарның да аш шығар?


Енді басқалары да жұмыстарын доғарып Евдокияның соңынан үйге кірген. Ауыл хабарын, ауыл жаңалықтарын естігенше бәрінің де шыдамы таусылғандай.


Құрылысқа дайындық жұмысы енді бұрынғыдан да гөрі қыза түскен. Көкештің қолындағы балта ұстараша қылпып, нені істесе де дөңгелетіп жібереді.


— Оу, сен нағыз құрылысшының өзі екенсің ғой Мұның бәрін қайдан үйреніп жүрсің? — деген Төкеш таңырқап.


— Лагердегі үйренгендерім ғой, — деді Көкеш. — Онда үйренгің келмесе де үйретеді. — Өзі басын көтеріп көше жаққа қараған күйде сілейіп қатты да қалды. Қақпа тұсынан етегі келтелеу көйлек киген Вероника қалықтай басып етіп бара жатты.


— Сәлеметсіздер ме, — деді әндеткен үнмен. — Сіздің келуіңізбен, ал Дуня апай сіздің жаңа кеп қосылған тағы бір мейманыңызбен құттықтаймын.


— Рақмет, — деді барлығы үшін Төкеш.


— Ешқандай көмек қажет емес пе? — деген Вероника аялдап.


— Жолыңнан қалма, бар, бар, — деді Евдокия оны жақындатқысы келмей безектеп. — Ешқандай көмек қажет емес.


— Неге қажет емес? Қажет, — деді Төкеш киліге сөйлеп. — Сіз шифер табуға көмектесе аласыз ба?


— Көмектесе алам, — деді Вероника сенімді түрде. — Сауда төңірегінде таныстарым көп.


— Қашан табасыз? — деген Төкеш тақымдап.


— Тіпті қазір алсаңыз да табам. Тек менімен бірге біреуіңіз жүріңіз.


Есі кете аңқиып тұрған Көкеш Айташқа жалбарынғандай қиыла қараған.


— Мен барайын, — деген өтініп.


— Бар, — деді Айташ басын изеп.


Көкеш балтасын лақтырып тастап Верониканың соңынан жүгіре шықты. Евдокия болса мына жағдайға ренжірін де, ренжімесін де білмей, басын шайқап тұрып қалған.


— Қап, Көкештің басы шырмалды-ау, — деді бәріне естірте.


— Еркін өмірім қош дейтін болды енді.


Аула ортасында Көкеш әкеп түсірген шифер жатыр. Қақпа ашылып ішке жөкеге орап алған балтасы бар Степанов кірді.


— Сәлеметсіңдер ме, қайырымды жандар! — деді дауыстай амандасып. — Іске сәт айтам. Ал әлгі иесі қайда?


— Ә, Степан Иванович, сәлеметсіз бе, — деді Сергей оны қуана қарсы алып. — Мен сізді келеді деп ойламап ем.


— Жоқ, жігітім, өтірік айтар адамың мен емеспін, — деді Степанов балтасының сыртындағы орауын жаза тұрып. — Мен сөздің адамымын. Уәде берген екем, орындаймын. Мен туралы кез келген адамнан сұрауыңа болады, Степан маскүнем деп айтуы мүмкін, ал өтірікші деп ешкім айтпайды. Оның үстіне сенің тарихыңның өзі сонша аянышты ғой. Қалай келмессің...


Аула ішіне жиналған халық құжынай бастады. Асарға бүкіл деревня келген еді. Евдокия сасайын деді. Айташқа келіп:


— Енді не істеймін? Әзірлеген тамақ жиналған жұртқа жетпейді ғой, — деген.


Айташ сыр бермей сабырлы басып председательге таяп кеп әлдене деген, анау төс қалтасынан блокнотын алып тез-тез бірдеңелер жазды да Айташқа берді.


Жұмыс істегендер көп болғандықтан үйдің іргесі де тез көтеріле бастады. Антонина біресе балшық айдайды, біресе су тасиды. Сапардың ағалары оған жылы ұшырай сүйсіне қарайды. Ақыры шыдай алмай кетіп, бір қалт еткенде Сапардың қасына кеп сыбырлап қана:


— Қалай, ағаларыңа ұнадым ба? — деп сұраған.


— Ұнағанда қандай, — деді Сапар да сыбырлап.


Өңі гүл-гүл жайнап алабұртқан Антонина жұмысқа онан әрмен құлшына түсіп кірісті.


Михалыч өзіндей бір шал екеуі үйдің төбе тақтайын төсеп тұрған.


— Діні бөлек болса да жақсы жандар екен, — деді шал қазақтар жаққа қарап қойып. — Соншама алыс жерден келіп көмектесіп жатқандарын қарашы.


— Қазіргі уақытта неғылған бөлек дін болушы еді, — деді Михалыч оның сөзін жақтырмай. — Бәрімізге ортақ бір-ақ дін бар, ол совет діні.


Үйдің ішкі жағындағы еден төсеушілер арасында бұл кезде тарихи тақырыпта әңгіме қозғалып жатты. Тихомировтың әкесі мен Антонинаның әкесі қазақтар жайлы қайсысы көп естіп, қайсысы көп білетіндерін байқастап, сөз таластыруда еді.


— Бұлар ертеде малмен айналысқан көшпелі тайпалар екен, — дейді Тихомировтың әкесі.


— Жоқ, бұлардың әсем қалалары да болған көрінеді, тек ол қалаларды Шыңғыс хан жермен-жексен етіп қиратқан соң, бұлар бытырай көшіп көшпелі жұртқа айналыпты, — деп Антонинаның әкесі өзі естігенін айтады.


— Әй, қала салуды білмеген шығар?


— Білген.


Үйдің сылағында жүрген Антонинаның шешесі мен біраз әйелдің әңгімесі бұлардан гөрі өзгеше.


— Бұлардың еркектері екіден-үштен әйел алған көрінеді ертеде, — дейді әйелдердің бірі.


— Иә, кейбір ауқаттылары төрт әйелден де алыпты, — деп үстемелей қостайды екінші әйел.


— Е, несі бар. Егер төрт әйелді тең ұстауға шамасы келсе, оған кім қарсы болмақ, — дейді Вероника қызына сөйлеп. — Бірі үй шаруасына қараса, бірі малға қараса, енді бірі күйеуімен бірге қыдырыстап жүрсе жаман болмас еді.


— Сен өзің қай әйелі болар ең сонда.


— Әрине, күйеуіммен бірге қыдырыстап жүрер ем.


— Ә, сен өзіңе пайдалы жағынан кеп тұр екенсің ғой.


— Жә, сөз еместі айтасыңдар. Қазір заң барлық жерде бірдей, — деді Антонинаның шешесі білгішсіп.


— Бірдей екенін білеміз. Бірақ күйеуге шығу әр республикада өз ерекшелігіне қарай белгіленген. Мысалы, Украинада он жеті жастан күйеуге тиюге болады, бізде РСФСР-да он сегіз жастан...


—Во! Сенің Тонькаң Қазақстанға қонаққа барса күйеуге шығып қалар.


— Қой әрі, — деді Антонинаның шешесі тіксініп. — Тонькам әлі он алтыда ғана ғой.


— Бәлкім, ол жақта он алты жастан рұқсат ететін шығар.


— Жә, тіліңе теріскен шықсын!..


Кешке қарай жаңа үй дайын болған. Дуылдасқан жұрт бірі жуынып-шайынып, енді бірі стол, орындықтар тасып, аула ішіне дастарқан әзірлеуге көмектесіп жүр. Қашаның үстіне жаңа ғана сойылған қойдың терісін жайып қойған Айташ, енді қамыр илеп жатқан әйелдердің қасына барып оларға нанды қалай жаю керектігі жайлы ақыл-кеңестер айтып тұр. Үлкен кострюльдерде бүлк-бүлк етіп ет пісіп жатыр.


Біртіндеп дастарқан әзірленіп, жуынып-шайынған жұрт стол басына отыра бастаған. Евдокияны қарсыласқанына қарамастан қоярда-қоймай столдың ең басына — нақ төріне апарып, ұлымен екеуін қатар отырғызды. Онан кейін Сергейдің қазақ бауырлары, колхоз председатели, бригадир Степановтар орналасты. Сапардың қасына отырған Антонинаны шешесі кеп столдың өздері жақ басына әкетпек болған, бірақ қызы: «қазір өзім келем, мама, қазір...» деп бой бермей қойды.


Жұрт гуілі бір сәтке басылып, стол басы тым-тырыс боп тына қалды. Бәрінің көзі Евдокия мен Сергейде. Анасы ұлына еңкейе түсіп сен сөйле дегендей күңк еткен. Сергей орнынан тұрып, отырғандарға жағалай бір қарап өтті де тамағын кенеп дірілдеген үнмен:


— Барлықтарыңызға да шын жүректен алғыс айтамыз. Бұл көмектеріңізді ешуақытта ұмытпаспыз, — деп иіле тұрып тағзым етті.


Біреу қол соға бастап еді, басқалар оны бірден тыйып тастады.


— Мен мына сіздерге, — менің ең жақын, ең ардақты туыс-туғандарыма денсаулық тілеймін, — деген Сергей сөзін аяқтап.


Жұрт мына сөзден кейін бір-біріне тіл қатысып дабыр-дұбыр сөз қайта басталып асқа бас қойған. Сапар қасындағы Антонинаға қарай берген.


— Жұрттың көзінше маған өйтіп қарамасаңшы, — деді Антонина ұялшақтап. Председатель Филиппов:


— Мен бірер ауыз сөз айтсам бола ма? — деген Сергейге қарап, — басшысы сізсіз ғой.


Председатель көтерілген кезде стол басында тағы да тыныштық орнады.


— Жолдастар, менің жерлестерім! — деп бастады сөзін жиналыстарда жұртты бірден аузына қарататын әдетіне басып саңқылдай сөйлеп.- Ендігі тілекті мен бізге алыстан кеп отырған жаңа туыстарымыз қазақ бауырларымыз үшін айтсақ деймін. Ел басына күн туған соғыс жылдарында бұлар біздің ұлымызды бауырларына басып аман алып қалды және жәй ғана аман алып қана қоймай мынадай азамат етіп тәрбиелеп өсірді. Достық деген не? Достық деген досың сенен жәрдем тілемей тұрғанда, өзің біліп кеп қол ұшын беріп жәрдем жасасаң, оның иығына түскен ауыртпалықты өз иығыңа сап көтеріссең — міне, осынысымен қымбат. Өз басым қазақ бауырларыма иіліп тағзым етіп, барлығына бақыт тілеймін.


Әйелдер жағы көздеріне іркілген жастарын сүртіп, еркектер болса екінші тосты да әдеппен ғана соғыстырып, стакандарын түбіне дейін тазартып көтеріп салды. Жұрттың соңын ала ішкен председатель орнына отырып, көзіне толған жасты басқаға көрсетпеу үшін орамалын іздей бастады. Вероникамен қатар отырған Көкеш стаканды төңкере көтеріп, сарайы енді ғана ашылғандай: «Уһ» — деп рақаттана тыныстап, тершіген маңдайын сүрткен.


— Сен немене, стакандап көтеріп? — деген Вероника құлағына тістене сыбырлап.


— Мынадай сөздер үшін түбіне дейін ішпеу ұят болады, деді Көкеш ақтала сөйлеп.


— Әркім сөйлеген сайын ұят болады деп түбіне дейін іше бересің бе, сонда?


— Ал сен мен ішкен әрбір стаканды санап отырасың ба, сонда? — деген Көкеш те беріспей.


— Әрине, санап отырам...


Әйелдер стол үстіндегі босаған ыдыс-аяқтарды жинастырып әкетіп, кезекті ыстық тамақтарды әкеп қойып жүр. Евдокия стол басында отырса да өзі ештеңе ішіп, ештеңе жеместен бүкіл дастарқан үстін жіті бақылап, ойсырай бастаған тұстарға дереу жаңалап тағам қойғызып, бәріне өзі басшылық жасауда. Ананың бар есі-дерті меймандар көңілін тауып, соларды риза қылу, солардың ішіп-жегеніне есі кете қуанып, мәз боп отыр.


Айташ орнынан көтерілген.


— Мен мына... — деп қолындағы эмальды кружкаға қарап, атын есіне түсіре алмай тұрып қалған.


— Кружканы, — деді бірнеше дауыс жарыса.


— Иә, кружканы, — деп іліп әкетті Айташ. — Осы отырған сіздер үшін, өзіміздің жаңа туыстар үшін көтерем. Қазақстанда біздің туыстарымыз көп, ал бүгін сол туыстарымыз мына сіздермен тағы да толығып көбейе түсті, демек біз тағы да байи түстік. Бүгін мынау отырған ұлы, мынау отырған анасына үй салып берді, қазақша айтқанда ескірген шаңырағын жаңартты, өлгені қайта тіріліп, сөнгені қайта жанды. Ал бұл деген бақыт. Кәдімгі өзіміз күнделікті көріп жүргенде аңдамайтын, бірақ тіршілікке өзек болған бақыт. Қысқасы мен мына...


— Кружканы, — деді тағы бірнеше дауыс...


— Иә, кружканы осы отырған орыс бауырларым үшін көтерем.


Көкеш стаканға қолын соза берген, бірақ стакан орнына Вероника қойған лимонад ілікті қолына...


Магнитофон ойнаған, бірақ дік-дік еткен шетелдік әуен ешқайсысына ұнай қоймады. Магнитофонды өшіріп тастап, баян әкелінді. Баянист жігіт орыстың созыла шырқалатын бір әнін ойнай бастаған...


Осы мезетте Сергей ас әзірлеп жүрген әйелдердің абыр-сабыр үйге қарай кезек-кезек жүгірісе бастағанын аңғарды. Енді байқады, анасы қасында жоқ екен, ол басқа жұртты дүрліктірмейін дегендей байқатпай ғана столдан сытылып шығып үйге кірген. Анасы боп-боз болып төсекте жатыр екен, қасында біраз кемпірлер, Антонина стаканға дәрі тамызып тұр.


— Тез дәрігер шақыру керек, — деді Сергей.


— Дәрігерге адам кетті, — деді бір кемпір.


Есік алдындағы машинаның бірі гүр етіп от алып жүріп кетті. Әлден соң Евдокия көзін ашқан.


— Балам, — деді ерні кеберси қыбырлап. — Маған алаңдама, қонақтарыңды атқар. Риза боп кетсін. Мен біраз жатсам тәуір боп кетем...


Сергей анасының қолын алып тамырын ұстаған, зәресі ұшып тастай берді де, стерилдеп оралған шприцті жыртып ашып, ампуланың ұшын қағып жіберді де, анасының жеңін қайырып укол жасады.


Аула ішіндегі ештеңеден бейхабар жұрттың думан-күлкісі көбейіп, енді бірде бәрі қосылып ән айта бастады. Бір күннің ішінде осынша әдемі үйді тұрғызғандарына бәрі де қуанышты.


Ана көзін қайта жұмды. Сергей оның кеудесіне құлағын төсеп, жүрегінің соғуын тыңдамақ болған.


— Дәрігер! Дәрігер.... — деп ол үрейлене айқайлап жіберді...


Келесі күні Сергей мен председатель екеуі аңғал-саңғал бос үйдің ішінде отырды.


— Сонымен қуаныш ұзаққа созылмады, — деді Сергей күрсіне түсіп. — Анама көп ештеңе көрсете алмадым.


— Жоқ, сен көп нәрсе көрсетіп үлгердің анаңа, — деді председатель қарсы сөйлеп.-Қолыңнан келгенді аянған жоқсың. Жаңа үйде, баласының алдында көңілі өсіп, болып-толып отырған қуаныш үстінде көз жұмды.


— Бәрінен де өкініштісі бірімізді-біріміз сонша жыл іздеп табысқанымызда, ең болмаса, екі-үш жыл өмір сүрмеді-ау, — деп Сергей көзіне толған жасты сүртті. — Кеше бар еді; бүгін міне, жоқ болды. Енді кімге келем бұл жаққа?


— Бұл айтқаныңа да қосылмаймын, — деді председатель сол сабырлы күйінен аумастан. — Ендігі жерде бұл жақта анаңның бейіті бар, соған келіп тұруың керек. Қаншама туған-туысқандарың барын көрдің, оларды да ұмытуыңа болмайды. Ұмытар болсаң ренжиміз. Және мұнда өзің салып берген анаңның үйі бар, оған қалай келмей тұрасың...


Сергей басын төмен салбыратып мұңайған күйде үндеген жоқ.


— Дәл қазір айту ыңғайсыз да, — деді әлден соң председатель ақталғандай. — Бірақ сәтті кезді күтіп отыратын уақыт және жоқ. Бүгін маған Көкеш келген осында қалғысы ойы бар, тек сен бауырларыңмен қалай қарайсыңдар соны білгісі келеді.


Сергей басын көтеріп ап, председательге түйіле қараған.


— Оны азғырып отырған мен емес, — деді председатель сасқалақтап. — Әлгі Вероника екеуінің арасында бірдеңе бар сияқты.


— Ішіп кетеді ғой.


— Жо, мен ішіп кетеді деп қорықпаймын. Өйткені Верониканы білем ғой, ...оны бұл жағынан тырп еткізбей ұстайды әлі. Байқауымша өзі жұмысты беріліп істейтін жігіт сияқты. Маған бәрінен де ұнағаны сонысы. Правосын әперіп, жаңа машина берер едім. Қайда тұрады дейтін емес, мына үйге кіріп алар еді екеуі.


— Өзі де ойлансын, біз де ойланайық, — деді Сергей.


Сапар мен Антонина өзен жағасында қыдырыстап жүр.


— Шынымен-ақ ертең кететін болдың ба? — дейді Антонина.


— Енді он сағаттан кейін, — деді Сапар сағатына қарап қойып. — Мен қысқы каникулда қайтсем де келем.


— Мен саған күнде бір хат жазып отырам, — деп қойды Антонина.


— Әкем анау күні бес сом берген, соған жүз конверт сатып алып қойдым.


— Мен де саған күн сайын жазып тұрам...


Таңертеңгісін колхоз басқармасының алдында Айташ бастаған ағайынды жігіттер өздерін станцияға апарып салатын машина қасында тұрды. Оларды шығарып салуға деревняның неше күннен бері таныс боп қалған көп адамы жиналған. Қазақ ағайындар жаңа туыс, жаңа таныстардың кейбірімен құшақтасып, кейбірімен қолдасып қош айтысты.


— Ал жүрелік, — деді Айташ.


Бұлар машинаға отырды да, қозғалып жүріп кетті. Біртіндеп шығарып салушылар кейіндеп алыстай берді. Тек екі әйел адамның: Вероника мен Антонинаның ашық түсті көйлектері анық көрінді, ал ол екеуінің қасында қолын көтере бұлғап Көкеш тұрды.


Машина үстінде бірінен-бірі ұстап ағайынды төрт жігіт: үш қазақ, бір орыс елдеріне қайтып бара жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу