14.08.2021
  884


Автор: Сайын Мұратбеков

Тәтей

Бізді бірінші кластан бастап оқытып келе жатқан мұғалімді «тәтей» дейміз. Ол кісінің бойы біздің төртінші кластағы Тұрсын деген баладан аз-ақ қалқыңқы. Сондықтан да болу керек, ауылдағы кемпірлер тәтейімізді «кішкентай қыз» — деп атайды. Мейлі, атаса атай берсін, бәрібір біз өз тәтейімізді елдің бәрінен де артық көреміз.



Ойнап жүргенбіз. Бір кезде кластас бала Қанат қасымызға жүгіріп келді.


— Ура! — деді ол, ентіге айқайлап. Бұл оның бірдеңеге қуанғанда айтатын сүйікті сөзі.


Тәтей мені жақсы көреді, — деді аспаннан түскендей-ақ мақтанып. Біз басқа балалар ойынды қойып, аңырап тұрып қалдық.


— Жаңа тәтей біздің үйге келді. Мені велосипед тебуге үйретті... Шашымнан сипады, арқамнан қақты. «Сен өте жақсы жігіт боласың, Қанат» деді, — деп тағы да мақтана түсті. Өзінің екі беті албырап тұр. Біз оның айтқанына сендік. Тәтейдің кластағы балалардың бәрінен де Қанатты жақсы көретіні ап-айқын сияқты. Біз мұңайып қалғандай едік, ешқайсымыздың да ойынға зауқымыз жоқтай...


Әй, біздің кластың балалары-ай, қит етсе: «Тәтей мені жақсы көреді» деп, мақтанып шыға келеді. Бірінші кластан бері талайы қайталады-ау осы сөзді. Тек мен ғана әлі бір рет айтқан емеспін. Айтудың реті келмеді ме, әлде, тәтей мені жақсы көрмкей ме... Білмеймін. Жақсы көрмейтін болар. Әйтпесе бір рет мақтар еді ғой.


Ертеңіне, класта отырғанда да, осы реніш көңілімнен кетпей өқойды. Шынымен-ақ тәтейдің шет қақпай еткені мен болғаным ба? Осы тәтей десе, үзіліп тұрмын ғой. Бірінші рет қатты жабырқадым. Өз-өзімнен біреуге тиісіп, айғай салғым келді. Алдымда отырған Кенженің бұрымынан жұлқып алдым.


— Самат! — деп, ол маған шаңқ ете түсті, бірақ журналға әлденені жазып отырған тәтей байқаған жоқ. Кенженің бұрымын тағы да тарттым.


— Тәтей, Саматты қараңызшы... — деп, Кенже жылап қоя берді. Тәтей қабақ шытып, столды тықылдатты.


— Оның не, Самат? — деді маған тіксіне қарап. Мен орнымнан тұрдым. Ия, дәл солай, тәтей мені ешуақытта жақсы көрмейді екен. Ызадан жылағым келіп кетті. Бірақ намыстандым да, ернімді тістеп, тұрып қалдым.


— Кәне, онда үйге берген тапсырманы айта қойшы, — деді тәтей.


Мен үндегем жоқ.


— Білмейсің бе?


— Білем... айтпаймын, — дедім.


Класс іші тым-тырыс бола қалды. Балалардың барлығы да маған қадалған. Тәтей жайлап орнынан тұрды. Арылы-берілі жүре бас тады.


— Өйтсең, мен саған өкпелеймін, Самат, — деді онан соң.


«Мейлің, ақыр мені жақсы көрмейсің», — дедім іштей.


Мен балалардан бөлініп, неге ұрынарымды білмей, оқшау келемін. Анадай жерде пысылдап, күйіс қайтарып жатқан сүзеген тайыншаны сумкаммен басынан бір қойып жібермек едім... Кенет ұшып түскенімді ғана білемін.


Қанша жатқаным белгісіз. Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Медсестра Қалиқа апай бас жағымда жүр. Дауысы жуан еді, гүр-гүр етеді. Көзімді қайта жұмдым.


— Ақымағым қарай көр мұның, сүзеген тайыншада несі бар екен десеңші, — деп қояды Қалиқа апай.


— Самат ақылды-ақ, жуас бала еді, тіпті білмеймін, — дейді жайдары нәзік үн. Тәтейдің үні. Жүрегім тулап кетті. Сәлден кейін жұмсақ қол маңдайымды сипады, ұзақ сипады.


— Қалиқа апай, мертігі жоқ па? — деп сұрады онан соң.


— Е, жоға... . Жерге қатты жығылған, ештеңе етпейді...


— Осы Самат — сондай бір жақсы көретін балам. Кей кездері сабақ үстінде өзімнің туған інімдей бауырыма қысқым келеді, бірақ оқушылардан ыңғайсыз көрем. Енді бұл сауығып сабаққа келгенше, сағынатын болам да...


Ия, тәтей мен туралы сөйлеп отыр. Мен ұшып тұрып, тәтейдің бауырына кіріп, «Тәтей мені жақсы көреді!» — деп, айқай салғым келді. Бірақ дәл қазір көзімді ашуға ұялдым. Тым-тырыс жата бердім.


— Білсеңіз апай, менің оқушыларымның қандай екенін, тіпті қимаймын... . Бәрін де жақсы көремін...


Мен ақырын ғана көзімді аштым, тәтей маған күлімсірей қарап отыр екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу