Әңгімелер ✍️
Жанкештілік рахаты
Алматылық бір кәсіпкердің тіршілік тынысынан түйген ойлар
Көптеген маңғыстаулықтардың құлағына бүгінде оңтүстік астанадағы «Нұрлы әлем» баспасы мен оның бас директоры Жарылқасын Дәулеттің есімі белгілі болып қалды. Біздің жерлестеріміз аталған баспадан кітап және басқа да полиграфиялық өнімдерді шығарудың екі жақ үшін де тиімді қырларын түсінген сыңайлы. Мені осы азаматтың бойына біткен сан қырлы таланты және оның Құдай қосқан қосағы Раушан Молдабекова екеуінің аса күрделі, бәсекелестік өте жоғары кітап бизнесі әлеміндегі жанкештілік тірлігі тәнті қылғасын қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.
Бірінші мысал. Мен бірер жылдықта жолым түсіп Алматыда болғанымда оларға хабарласқанмын. Олар мені өздері тауып алатынын айтты. Мен курстас әрі бес жыл бір бөлмеде бірге жатқан, дарынды прозашы Нұрғали Ораз сынды жазушы досымның үйінде қонақта болдым. Жарылқасын ара-тұра телефон шалып, өздерінің қолдары тимей жатқанын ескертіп қойып отырды. Түнгі сағат 1, 2, 3-терде әдейі телефон шалып, қалайда хабарласатынын қайталай қаперіме берумен болды. Біз Нұрғали екеуміз студент кездегі қызықты әңгімелерді еске алып, уақыт өткізіп отыра бердік. Таңғы төртке қарай тағы да телефон соққан Жарылқасын: «Ғалеке, деді маған, айып етпесең, есіктің алдына шығып тұршы, бүгін сөйлесетін де уақыт болмайтын болды». Нұрғали екеуміз даладан күтіп тұрдық. Нұрғали: «Олар күні-түні дамыл таппайды. Тіпті тамақ ішетін де уақыттары да жоқ-ау, шамасы», - деді. Көп ұзамай олар да келді. Мінгендері - мінсіз қап-қара, сүліктей «Мерседес»! Жарылқасынның бір айтқаны ойыма сап ете түсті. «Өз деңгейіңде жүруің үшін тұлпарың да мықты болуы керек!»- деген еді ол. Адамдармен қарым-қатынас жасағанда да жылы әрі мәдениетті сөйлесу, кім-кімнің де тілін-қыбын тауып, келісімге келе білу, тек ақша қуалап кетпей, жеңілдіктердің түрлерін жасауға мән беру - оның берік ұстанатын саясаты. «Қандайма жағдайда да келісімге келуге болады», дейді кәсіпкер.
Түн ортасы ғой, тек амандық-саулық алысуға ғана мүмкіндік болды бұл жолы. Шынында да әрі баспа, әрі баспаханалары бар бұл кәсіп иелері күні-түні мігірсіз тер төгіп, ұйықтауға, демалуға, мезгілінде тамақтануға да уақыт таппайтыны рас екен. Осындай табанды тірлік арқасында ғана өз бизнестерін жандандырып, баспа мен баспахананы осы заманғы шетелдік озық техникалармен жарақтандырып, тым жақсы ұжым қалыптастырып, өндірісті қалыпты да ырғақты арнаға түсіргені байқалады. Ең бастысы, олар адамның қадірін біледі, өзара ортақ пайда мен табыс түсіруді жете біледі. Ең бастысы, олар алтын уақыттың бағасын біледі. Ең бастысы, олар ақша қаражаттың қадір-қасиетін біледі. Өз өндірістерін тек қана өз күштерімен өрге сүйрей жүріп, адами өзге де құндылықтарды жадынан шығармайды. Қаншама жанталасып тырбанып жатса да, отбасы тірлігін, өздерінен өрбіген 4-5 қарадомалақтың тәлім-тәрбиесін, қауіпсіздігін ойлауға да уақыт табады. Осы мақсат үшін үйлерінде қарындастарын ұстайды. Ағайын-туманың қуанышы мен қайғылы жағдайларын әсте қалт жібермейді. Қолынан келгенінше айнала-туысқа, ел-жұртқа көмек жасауды жадынан шығармайды. Жарылқасын тек өз тумаластарына ғана емес, көптеген елдік шараларға да демеушілік жасап, ел аузында жүрген ұлтжанды азаматтардың бірі.
Ол бір орайы келгенде Ақтауға келіп, Бекет атаның басына арнайы барып түнеп, тәу етіп қайтты. Аздап дімкәстігі бар бір қызына әулие-әнбиелерден шарапат тілеген.
Екінші сапары бас шайқап таңғаларлықтай болды. Өзі Ақтауға таңғы сағат 9-да ұшып келді. Дереу қалалық әкімшілікке аттанды да, түскі асты отырған жерінде қаузап, кешке дейін компьютер құлағында «ойнап», өздеріне берілген тапсырыстың «бұрауын» келтірді де, кешкі рейспен Алматысына аттанып кетті. «Үш мың шақырымдық Маңғыстауға жолың түскенінде бірер күн болмағаның қалай?» деп сұрақ қойғанымызда, жымиып күлген Жарылқасын: «Мен үш күн ұйықтаған жоқпын. Кеше жұмыстан үйіме бес-ақ минутқа кірдім де, әйелім дайындап қойған жол сөмкемді алдым да, өз көлігіммен құстай ұшып (он бес минутта!) әуежайға жетіп, сосын ұшып Ақтауға келдім. Міне, Құдай қаласа қазір Алматыға ұшып барғасын әуежайдағы көлігіме отырамын да, сол жерден Шымкент облысының өзім дүниеге келген ауданына аттанамын. Ол жақта ертесіне ауылдың мерейтойы өтпекші, соған жылда демеушілік жасайтын едім, қалайда қатыспасам болмайды» деп жауап берді. Жанкештілік демей гөр енді!
Осындайда менің ойыма ақын Темірхан Медетбек ағамыздың бір жылдары Алматыға республикалық Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамына қызметке барып, көп ұзамай Маңғыстауға қайтып оралғасын айтқан сөзі оралады. «Әбекеңдердің (Әбіш Кекілбаев) жұмыс істеу стилін көргенде, таң қаласың. Күнбе-күнгі алапат жұмыс, өңшең шәуімбас академиктер пен профессорлар, нешебір сұңғыла ғалымдар түн ауғанша мәселе талқылайды. Кекілбаевтың жұмыс істеу ауқымы, уақытпен мүлде санаспауы, елдік мұрат-мүдде жолындағы табандылығы ғажап! Ілесе жұмыс жасаудың тауқыметінен, сондай жанкештілікті көріп оған шыдас берудің оңай еместігінен денсаулығыма байланысты кері оралдым» деген еді ол.
Мен білетін курстас әрі группаласым, қайраткер азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің он бес жыл Қазақ энциклопедиясында көзінің майын тамызып қызмет жасай жүріп, теледидарда қосымша хабарлар жүргізіп тұрғаны, артынан өз алдына дербес «Атамұра» баспасын ашып, шарқ ұра іздене жүріп оны жан-жақты жетілдіріп, әрі ғылыми-шығармашылық қызметін жанкештілікпен жалғастырғанын жақсы білемін.
Жерлес інім, ҚазГУ-дің филология факультетін бітіргеннен кейін Министрлер кабинетінде нұсқаушы, ҚазГУ-де оқытушы, М.Әуезов театрында әдеби қызметкер бола жүріп, драматургиямен, прозамен зор шығармашылықпен айналысқан, нарықтың алғашқы бастау алған жылдарында өз бизнесін біліктілікпен жолға қоя білген, бүгінде Мәдениет, ақпарат вице-министрі болып абыройлы қызмет жасайтын Ермек Аманшаевтың еңбекқорлығы да тәнті етпей қоймайды.
«Еңбек ер атандырады» деген халықтық қағиданы ескерсек, бүгінгі таңда өз отбасыңнан бастап, ел мүддесі, ел игілігі жолында жанкештілікпен, шынайы беріле еңбек ету -адамзаттық даму көшіне ілесудегі Уақыттың өскелең де өткір талабы болып отыр.
Менің жақында Алматыға жолым түскен. Тағы да курстастарыммен хабарластым, кездестім. Сөйлесіп қарасам, бәрінде де үлкен өзгеріс бар. Өзгерістің ең үлкені - қарбалас та тынымсыз тірлік. Сан қырлы қызмет, шығармашылық... Алматы, Астана сияқты қалаларда өмір сүру бұрыннан да аса күрделі сияқты еді, енді бұрынғыдан он, тіпті жүз есеге дейін күрделене түскен сияқты. Ең бастысы, өмірге деген көзқарас, еңбекке деген шынайы құштарлық, сол еңбегіңнің рахатын көруге, тұрмысты жақсартуға деген ниет ауған. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай, «...бұйығы, бейқам қазақы менталитет енді өзгеріске түспесе болмайтынын» орталықтағылар жете ұғынған... Сол Әбекең айтқан: «ізгілік дегеніміз - елің мен үрім-бұтағыңа игілік болып даритын адал еңбек» екендігін пайымдаған...
Әрине, Маңғыстау атағы дүрілдеген аймақ болғанымен де, әлі де адамдар бойында маңғаздық, марғаулық бар екендігін жасыра алмаймыз. Бірақ, өмір жаңарып келеді. «Елу жылда - ел жаңа» демекші, жаңа заманның, озық ойлы көшбасшыларының, уақыттың қояр талабы да күннен-күнге айқындала түсуде. Жан бағу, жайбарақаттықтан гөрі қай өңірде де жанкештілік, жан аямай еңбек ету дағды-дәстүрге айналғанда ғана әлгі айтқан Уақыттан озып, биік межелерге жетуге, дүние көшінің алдыңғы легіне ілесуге болатындығын айқын аңғарамыз. Ал баяғы бабаларымыздың ел, жер қорғау дәстүрлері, ат үстінде ұйықтамай күні-түні сергек жүруі де сол қатын-баланың ғана емес, егемен елдіктің, тәуелсіз мемлекеттіктің айқын нысанасы екен ғой! Ендеше, заманның өзі бізден, әрбір азаматтан бойыңда бар қабілет-қарымың, күш-жігеріңді аямай, өзіңді толыққанды көрсете білуді талап етіп отыр. Мен жанкештілік бейнетін тартқандар оның рахатын да көріп, жемісін тере білетінін байқадым.
...Мен тағы да бір сәт Жарылқасын досымды ойлап отырмын. Өз бизнесін жоғары биікке өрлетіп, оны сенімді серіктеріне табыс еткен ол қазірде өзінің сатиралық шығармашылығы мен ән өнері, сазгерлік ізденісіндегі жаңа биіктерге өрлеуде. Халықтың рухани қазынасы - өнердегі жанкештілігі өз алдына бір төбе!
Түйін: біз өзімізге жалғыз рет қана берілетін дүние-дәуреннің әрбір күні, сағаты мен минутының бағасын біліп, барынша белсене еңбек етуге, бойдағы барымызды, күш-қуатымызды еліміз, жеріміз үшін, ұлан - ұрпағымыз үшін аямай төгуге тиіс екенбіз, айналайын әлеумет! Сонда ғана ата-бабалар сан ғасырлар бойы арман етіп, сол жолда жанкештілікпен жағаласып, қанды майдан кешкен ата мекеніміздің көсегесін көгертіп, жалпы адамзаттық даму даңғылына ілесе аламыз. Бүгінгі таңда әрбір қазаққа, әрбір қазақстандыққа Уақыт алға тартып отырған басты талап - жаңаша өмір сүру, сана-сезімді түбегейлі өзгертіп, қай салада да мігірсіз ізденіс, зор талапкерлікпен жетістіктерге, жеңіске жету болып отыр. Ендеше, іске сәт, замандас!
5.06.2006 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter