14.08.2021
  423


Автор: Ғалым Әріп

Бекет ата, жар бола гөр!


О, әруақ, демей гөр,
О, Бекет, желеп-жебей гөр!
Оғландының басында -
Ордасын тіккен Кемеңгер!


Автор.



I. Оғланды таудың басында.


Бас ие барсаң Асылға, Жаныңа қуат, дем берген, Әулие - Атаң қасыңда! Сиынсаң қолдап, демейді, Зарықсаң желеп-жебейді. Ниеті адал пендеге, Пейілі дархан мерейлі! Ұлылықтың Ол ұстыны, Жылылықтың өшпес ұшқыны! Әрдайым Елі әспеттер - Әруағы үстем Күштіні! Халқының болған Арындай, Халқының болған бағындай, Қаралықтың түріп пердесін, Жарқырап атқан таңындай, Шапағат, Нұры - шамындай!


Иә, жаратушы Алланың ерекше Болмыс Иесі - Бекет ата әруағына зиярат етіп келуші, жалпы да оның қадір-қасиетіне сенуші әрбір жұмыр басты пенденің жүрегінен осындай ізгілікті шумақтар төгілеріне еш шәгім жоқ. Өйткені, Сенім деген Ұлы Күш. Құдайым сенімсіздіктен, ештеңеге сенбеушіліктен сақтасын. Қалың бұқара халық қашанда имандылыққа илігеді, мейірімге шөлдейді, шапағат тілейді. Басына қиын-қыстау іс түсіп, шарасыз әрі шамасыз болғанда арқа сүйер пана, сүйеніш іздейді. Қай пендені алып қарасақ та мұңсыз болмайды. Мұңсыз болғаны - қамсыз болғаны. Қамсыз болғаны - ойсыз болғаны. Ойсыздық - түйсіксіздік, парықсыздық дегенге әкеліп тірейді. Сондықтан да әрдайым иманын серік еткен адам баласы Отан, Ана, Нан, Бекет ата тәрізді киелі ұғымдарға қылау түсірмейді.


Қаншама қиянаты мол қиямпұрыс замандар ел басынан өтсе де, дінсіздік уағыздалып, әулиелік мансұқталса да, терең тамырлы халқымыз тектілігінен тайған жоқ. Елінің атқа мініп, ту ұстаған қолбасшысы, дүниенің тылсым сырын айнытпай дәл болжай білген Көсемі мен Көрегенін құрмет тұтуын қойған жоқ. Бекет ата әлсіздерге - Демеу, қорғансызға - Сүйеу, панасызға - Ұя, шарасызға - Сая, имансызға - Сабақ, дәметкенге -Сауап бола білген. Хан да, қара да оған, оның тылсым әлеміне тәу етпей тұра алмайды. Бүгінгідей өз алдына тәуелсіз ел болған мерзімде халқымыздың жаратылысы бөлек Жақсыларын дәріптей білудің мәнісі үлкен.


Әулие басына тағзым етуші жамағат күн сайын үздіксіз ағылу үстінде. Бәрінің ниеті оң құбыла болар. Әйтпесе...


Әйтеуір, мұндағы қаделік рәсімдер мен адамдардың инабат иірімдеріне, бір-біріне деген сыпайы да ізгі рәуішті ілтипаттарына риза боласың. Дастархан жиналатын емес, шәй де, ас та орын-орнымен, рет-ретімен болып жатыр. Әрбір келген адам Алла тағалаға, Бекет атаға бағыштап дұға оқып, садақа берулі, астан дәм татулы, Қасиет Иесінің мәңгілік мекеніне бас сұғып, тағзым етулі.


Осы арада ұлағатты ұстаздың шәкірттеріне дәріс беру үшін Үстірттің ұшпа шоқысын үңгіп салған мешітінің бүгінгі ахуалы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Ғасырлар иініне төтеп берген ғажайып ғимарат ендігі уақытта осы күнгі ұрпақтың ерекше күтімі мен айрықша қамқорлығына ділгәрлік танытады. Қашанда Уақыт деген шіркінің өз дегенін жасамай қоймайды. Бірнеше ондаған жылдар бойына иен далада көпшіліктің көңілінде болса да, көзінен таса қалған қайталанбас сәулет ескерткішін үздіксіз жел мен күн көзі мүжіп, жаңбыр жібіте түскен секілді. Оның астыңғы беткейі үгітіліп, ал төбесінен су сорғалап, жарылып, қопарылып кету қаупі бар. Не болғанда да, кім-кім үшін де аса киелі саналатын осынау тарихи әрі тағылымы мол тылсым ғимараттың бүтіндей елдің, азаматтардың көмегіне сүйенетін мезгілі келді. Көзінің тірісінде, жаны жәннаттың төріне көшкелі де Еліне, Жұртына Тұғырлы Тұлға бола білген, туған жұртының намысын бермеген артық туған ардақты Азаматтың жұмақ мекен-жылы ұясын мәңгілік ету біздің қолымызда. Мәңгілік ештеңе жоқ емес! Мәңгілік дегеніміз, ол - Әруақты Атаның Өлмес, Өшпес Рухы. Ол өз қолымен салған, салдырған, тәлім-тәрбие берген, таңғажайып қабілетін таныта білген мешіт-мекен әрі ұлттық сәулет өнерінің мінсіз үлгісі, мемлекет тарапынан қорғауға алынған құндылықтарымыздың бірегейлерінің бірі...


17.07.1997 жыл.


2. Елдігімізге сын кезеңде...


Ұқсата алсақ егер біз,
Өркендеп, өсіп, өнерміз.
Ұйқыда жатсақ егер біз,
Жана алмай жатып сөнерміз.
Бақыттың барлық бастауы –
Бабадан қалған көне із.
Білмеймін, достым, басқаны,
Бағымыз жанбас өнерсіз.
Базарлай білмей барыңды,
Бармағың тістеп қалма, елім.
Қатепті қара нарыңды –
Қорғайтын, халқым, бар ма едің?!


Автор.


Үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау топырағы ежелден киелі саналады. Өлке тарихын терең бойлай зерттеген арғы-бергі ғалымдар осынау бағзы мекенде алғашқы адамдар қауымдастығының болғандығын жоққа шығармайды. Өйткені, бұл аймақта тым ертеректегі тіршілік тынысынан сыр аңғартатын таңба, белгілер, тас ескерткіштер, үңгірлер мен кеуектер, апандар мен аңғарлар, арандар мен қорғандар, үйіктер мен обалар, тағы басқа сол секілділері жетіп артылады. Олардың әрбіреуі - тұнып тұрған шежіре, тұнып тұрған тарих, олардың әрбіреуі баға жетпес мұра, алтын қазына. Заманында жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен құйқалы да қасиетті өңір - атам қазақтың, оның атышулы жұртының, әруақты ата-бабалардың Елдігі мен Ерлігі арқасында біздің халқымыздың пешенесіне, маңдайына жазылған бақ, ырыс. Маңғыстау – майлы қиян, өнбойы түгел өлшеусіз байлық болса, олай демеске, мақтана айтпасқа болар ма? Ал сол байлықты, мол байлықты - материалдық және рухани нәрімізді, барымызды барынша бағалап, орынды пайдаланып, аялы алақанда, көздің қарашығыңдай сақтап, күте алып жүрміз бе?


Қай қырынан алып қарасаң да, тектілік пен тарпаңдық тұрпаты танылмай тұрмайтын маңғаз Маңғыстаудың өзіндік өрнек, өзгеше қолтаңбасын бедерлейтін сипаттарының бірі жоғарыда айтып өткен байырғы, бағзы сәулет ескерткіштері. Бүкіл республикадағы мемлекеттік күтімге алынған, ескерілген 50 мыңдай құнды ескерткіштердің жартысынан астамы осында екендігі көп жайдың ұштығын аңғартады. Олардың ішіндегі ең күрделі де көрнекілерінің санатында Шақпақ ата, Шопан Ата, Масат Ата, Шопан Ата, Бекет Ата ғимараттары жатады. Олардың әрбіреуі әр ғасырдың игіліктері. Бұл тектес жерасты ғимараттары республиканың басқа бірде-бір аймағында кездеспейді. Қайсыбір дамыған елдерде де мұндай қайталанбас мұрағаттарға мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасалып, оларды мұқият күте білуге, ескерткіштердің бәз-баяғы қалпын жоймау, жоғалып кетпеуіне мейлінше мән-маңыз беріледі. Бұл арада мемлекеттік күтімге алынды деп тек қана айтып қою, алтын уақытты босқа өткізіп алу абырой әпермесі анық. Мезгілін, уақытын жіберіп алсақ, ертең кеш болады. Алтыннан да қымбат осындай көмбелерді, асылдарды жоғалтып алатын болсақ, аруақты ата-бабалар, болашақ ұрпақ бізді кешірмейді. Бұл ойды, бұл пікірді туған жұртының, айнала аймақтың Пірі атанған Әулие Бекет ата туралы еселей айтамыз. Киелі өлкеміздегі әйгілі әулиелердің қай-қайсысына да қалың ел түнейді, тәу етеді. Солай болса да Бекет атаның орны бөлек. Аруағы үстем, айбары асқан, Жаратылыс болмысын жаңылмай дәл болжай білген Бекет-әулие - Өз Тегіміз, Өз Қанымыз, Өз Бабамыз. Көзі тірісінде де, көз жұмғасын да ол аққу құс болып, періште болып ұшып жүрді, қанатымен су сепкен қарлығаштай ізгі ниетті жанды қолтығынан демеп, жанарына сәуле, жүрегіне нұр құйып жіберіп отырды. Сондықтан да Бекет атам жатқан жер - тек қана Қазақстаннан, немесе қазақтар ғана келетін жер емес, барша әлемнен жанына шипа-дәру іздеген жандардың ғибадат ететін қасиетті мекені.


Маңғыстауды қай кезде де Екінші Мекке атаса, Пір-Атаны ең әуелі ауызға алуы заңды құбылыс. Бүгінгі таңда мұнда келіп, тәу етушілер саны ұлғая түсті. Бұл жақсы, солай болуы керек те. Осында келіп еліміздің көшбасшы тұлғаларының да табан тіреуі, тағзым етуі - жөн-жосықты жақсы ырым. Ата аруағының алыстарға кетіп жатқандығының, Кеше мен Бүгінді әулиелікпен тінін ажыратпай жалғастырып тұрғандығының айғағы. Бәрі де ата қасиетін, төлтума туындының артықшылықтарын мойындамай тұра алмайды.


Бәрі де қолдан келген көмегін жасағысы келеді. Киелі орынның төл қалпын сақтауды, қадір-қасиетін асқақтата түсуді қоштайды. Бүгінгі таңда мұнда жөндеу, өңдеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудің аса қажеттігін мақұл көреді.


Ал бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына он жылдың үстінде уақыт өтті. Алайда, атаның ұрпақтары, көпшілік қауым қасиетті мекенде қандайда бір жұмыстардың атқарылғанын кезінде қолай көрмеді. Бұл - Бекет атаға деген шынайы берілу, құлай сену ниеті, әулие басында ештеңеге де қол тигізуге болмайды деген оңды ұғым. Ол - кіршіксіз, ол - таза. Біздің жан-дүниеміз әрдайым осындай болсын. Міне, ұлағат, міне, ұлылық!


Ал бұл жерде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін ертерек қозғап жүрген жігіттердің де ниеті ақ адал, бұлақтай тұнық. Осынау аса жауапты шаруаға алматылық сәулетші Сәдуақас Ағытаев пен «Маңғыстауреставрация» шеберханасының бастығы Тұрлан Есқуатов секілді білікті азаматтар зор жауапкершілікпен ден қойды. Тау жыныстарымен айналысып, жерасты мешіттеріне реставрация (қалпына келтіру), консервация (құламай тұруы) жасау бұрын-соңды біздің республикамызда болмаған екен. Қараман атада бұрынырақта аздап жүргізіліпті, өкінішке қарай, сапалық жағынан аса жоғары деңгейде болмаса керек.


Ал Сәдуақас пен Тұрлан Бекет ата кесенесін қолға алмас бұрын жері тегістеу Шопан-ата әулиенің жерасты мешітін ойылу, құлау қаупінен шығаруға көп жұмыстанды. Әрине, онда да реставрация осымен бітті деуге болмайды. Ал осындағы төрт жыл бойғы еңбек зая да кеткен жоқ. Қирап қалған үш бөлме қалпына келді, ашылып қалған төбесі жабылды, жаңбыр жауғанда осы жермен ағыс болып келіп өрнегі кетіп, мүжи беретін арна осындағы Әулие ағашқа құятындай етіп реттелді.


Аттары аталған азаматтар өздерінің сәулетші шеберлерінің мінсіз ісіне сүйене отырып, енді Бекет ата кесенесіне де реставрация, консервация жұмыстарын жүргізуді діттей түсті. Олардың бұл ниеті оңынан оралар ыңғай байқатты. Өткен жылы Ата басына келген республика мәдениет министрі Т.Мамашев, одан кейін осында болған вице-премьер И.Тасмағанбетов атқарылмақшы ауқымды шаруалар үшін қаражат бөлуге уәде берді. Осыдан кейін смета, жобалау жұмыстары басталып та кетті. Осы тұрғыдағы облыстық мәдениет басқармасының арнайы тапсырысы бойынша өлкемізге келген республика материалдық мәдени ескерткіштерді ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қызметкерлері Оғланды тау баурайындағы әрбір тастың сыр-сипатына тереңнен үңілді. Зерттеу барысында мешіттің жеті бірдей жерінен жарық пайда болғаны, оның жоғарғы бетінің бір кездегі 1-2 метрден 15-40 сантиметрге дейін жұқарғанын анықтады. Одан кейін осы шаруаға тартылған ҚАЗНИССА сейсмикалық институты жарықтың қай кезде пайда болғаны, егер беркіту, тірек қою шаралары қолға алынғанда осынау мешіт тұрған үстірттің бөлініп қалған ойпаңдағы шоқысы оған шыдас бере ме, қай жерден тіреу жасаған дұрыс, міне, осы жәйттерді реттеді. Келесі кезекте іргелі іске ҚАЗГИИЗ геологиялық ғылыми-зерттеу институты атсалысып, осындағы жалпы алапты, мешіт тұрған жердің топырағы мен тау жынысының құрамын толық зерттеген. Бұл зерттеулер бойынша мешіттің астыңғы қабаты – мергель (бос топырақ) былайынша әжептәуір қатты көрінеді. Оның айналасынан жасанды тау жасау арқылы кеңейтіп, шайылып кету қаупінен толық сақтауға болады. Мамандардың айтуынша, ол екінші кезекте қолға алынатын шаруа. Ал бірінші кезекте жоғарғы төбе беткейін тұғырлы етуді ойластырмай болмайды. Аталған институт та белгілі дәрежеде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өздерінің негізгі ой-түйіндері, тұжырымдарын жасаған. Жобаның да нобайы-нұсқасы дайын. «Алдыңғы зерттеу жұмыстарына бюджет қаржысынан 2,5 млн. теңге жұмсалса, жоба үшін бізге 4 млн. ақша керек», дейді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Н.Мұқанов. Оның айтуынша, Үкімет тарапынан бөлінуге тиісті 40 млн. теңгенің биылғы жылы 5 миллионы бөлінсе де, бір әрекет жасап Бекет-Ата ғимаратын Табиғат пен Уақыт алға тартып отырған қиындықтардан алып шығуға болады. Ең бастысы, Үкімет тарапынан шұғыл шешім алынып, аталған қаржының белгілі бір бөлігі кешеуілдетпей аударылуы керек. Сонда ғана іс жанданады, іс жанданса көпшіліктің де көңілі жайланады. Ата кәсібін, Атаның сәулетшілік өнерін одан әрі жалғастырған шебер жігіттер де мұнда еріккеннен жүрген жоқ. Бар ынта-ықыластарымен, уақытпен санаспай тірлік жасауда. Бекет-Ата қорымының айнала маңы толық қаралды. Олардың әрбіреуі - тарихтың кішкене бөлшегі. Бәрі де күтімге алыңды, тазартылды, суретке түсірілді, сағана тамдар, құлпытастардың қираған, сынғандары қалпына келтірілді. Жаңбыр жауғанда жоғарғы беттен құйылатын ағын судың бағыты сай ішіндегі аңғарларға бұрылды. «Жаңбырдан қорқамыз, - деді Тұрлан, - жуады-жуады, сосын алмас сияқты тасты кесіп түсіп отырады. Тағы бір қауіп, мешіттің алдыңғы бетіндегі, ортан беліндегі бор күмбез тас қозғалып кетуі мүмкін...»


Жігіттердің жаны ауырады, алаңдайды. Көз алдарындағы көне ескерткіш, Ұлысқа Ұран болған Ұлағатты Ұстаздың мәңгілік мекен-жайын аялы алақандарымен барынша баптағысы, бір де қылау түсірмей сақтағысы келеді. Мешіттің алдыңғы бетінде заманында 400-500 адам намазға тұрған алаңқайды кеңейтсек дейді. Көпшілік тәу етуге арнайы ат ізін салуға келетін киелі мекен болғандықтан оның бар айналасын кешенді де тұтас түрде сәулеттендірсек, көріктендірсек дейді. Жоғарыдағыдай қонақ үйді ата дәстүрін жаңғырта отырып, таудың баурайынан үңгісек, ауру-сырқау, ақсақ, дімкәс адамдар осы жерде-ақ дұға оқып, сиынса, жалынып, жалбарынса дейді. Көп жайларды өркениетті Мекке, Медине секілді араб елдеріндегідей жоғары талғамға сай, таза әрі ыңғайлы жасағысы келеді. Қолдарына іліккен қажетті деген материалдарды осында жеткізе беруге бейіл. Қамқорлық болса, қаражат болса, Маңғыстау өлкесінің тарихи-сәулет ескерткіштерінің жұлдызы жана түсер еді. Ол айналып келгенде барлығымыздың абыройымыз ғой. Әттең, әлі де құрғақ уәде, бос сөзділік көп. Қасиетті әулиелер, Бекет-Ата рухы жолында аянатын, іркілетін неміз бар еді біздің?! Оян, елім! Жедел қаржы аудару керек! Болмаса, ізгі ниетті халқымыз болып, жан басына ақша жинап, баршамыз да Ата Мешітінің қадесіне жарауымыз керек!


...Ата аруағына тәу етіп, біз түнеген түні де Үстірт үстінде екпінді жел тұрып, жаңбыр жауыңқырап тұрды. Біздің ойымызда - Данышпан Атаның Дара Тұлғасы мен ол мәңгілік мекен еткен таудың ұшары...


«Бекет ата, өзің жар бола гөр!», - дейміз іштей.


19.07.1997 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу