Әңгімелер ✍️
Асылды тот баспайды
Біздің Қазақ дербес ел болды. Ешкімге тәуелсіз егемен EЛI! Енді алда тұрған бір ғана мақсат бар: ол - шын мәнінде Қазақ елі атану үшін ата-бабалардан айнымас арна тартып келе жатқан ұлы желіні, ұрпақтар мен ата дәстүр сабақтастығын үзбеу. Бұл үшін халқымыздың халықтық,елдік ерен қасиеттерін бойына терең сіңірген, атам қазақтың баяғы тек бір өзіне ғана тән ерек болмысын жоғалтпай келе жатқан ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің ғажайып адами-имандылық, тектілік қадір-қасиеттерін сақтап қала алсақ, Бүгінмен. Ертеңмен жалғастырсақ, сөз бар ма. Ұлттық менталитетіміздің -діліміздің діні де, діңгегі де сол көнекөз қарияларымыз. Олардың аузынан шыққан әрбір сөзі уәлі әрі көшелі. Көпті көрген, нешебір алмағайып атышулы замандарды, тауқыметтерді бастан өткерген, бірақ оған қажып, мүжілмеген Абыз Ақсақалдар мен Асыл Аналар - ұлтымыздың сарқылмастай қайнар бұлағы. Ардақтасақ, соларды ардақтайық, үйренсек солардан үйренейік. Олар баршылықтың да, жоқшылықтың да, ел басына түсер қауіп-қатер мен одан шығар жолдардың соны сүрлеулерін де нақ болжамдайды. Өйткені, олардың көргені көп, түйгені көп, өмір мектебінің ұланғайыр да асау айдыны бетінде талмай, тайсалмай жүзіп өткендер. Қарттардың алдында тағзым ету, құрмет көрсету - жас ұрпақтың басты парызы. Үлкенге жол беру, иіліп ізет ету, ақылына құлақ асу, өсиетінен өнеге дарыту кім-кімді де тек қана жақсылыққа бастары анық. Сонда ғана уызынан жарыған, өз Анасының емшек сүтін әбден мейірі қанғанынша емген жас сәбидей нәрленеміз, күш жиямыз.
Таяуда редакциямызға талайды көрген тарлан боз, қарт жауынгер, айтулы ақын Есенғали Бөкенбаев келді. Амандық-саулық алысып, ата-тек сұрасты, ел тарихынан неше алуан әңгіме қозғады... Иә, көрмегені жоқ қой ол Буынның! Әлі де аман жүре берсе екен арамызда деп ойлайсың. Әрбір сөзі сом алтын, нағыз тот баспас алтынның сынықтары.
«Ақсақал, қаншаға келдіңіз? - деп сауал қоямын. «1921 жылғымын» дейді Есекең қарт. «Әкеммен түйдей құрдас екенсіз. Әкем боласыз. Ол кісінің де туған жылы сіздікімен бірдей» деймін мен. «Білем, әкеңді білем» дейді тұлғалы қарт қалбалақтап. Бір қарасаң, жер бетінде осы кісілерден ұлы адам жоқтай көрінеді маған. Бір қарасаң, бұлардай бала мінезді, дала мінезді дана да кемеңгер кім бар деп ойлайсың.
Биылғы жылды Біріккен Ұлттар Ассамблеясының «Қоғамның барлық ұрпақтарына» девизімен «Халықаралық қарттар жылы» деп жариялауы, соған сәйкес ҚР Үкіметінің арнайы қаулы қабылдауы, облыс әкімінің тиісінше шешім алып, комиссия құруы көңілге сүйініш ұялатады. Бұл жақсылықтың, ізгіліктің нышаны. Осы бағытта облыс көлемінде неше алуан қайырымдылық, көпшілік шаралары қолға алынуда. Қашанда барға қанағат етіп, «жоққа жүйрік жетпес» деп бас амандығына, ел тыныштығына шүкіршілік ететін ардагерлер жас мемлекетіміздің қаз қадамындағы кейбір қиыншылықтарға түсіністікпен қарайтын сыңайлы. Ең бастысы, ел аман, жер аман, татулық пен бірлік, ынтымақ болса, береке де, мереке де аз болмасына олар зор сеніммен қарайды. Маңдайларын шиырлаған қатпар-қатпар әжімдер табы қандайма қиын кезеңдерде де адаспас жол табуға меңзейтіндей сыр аңғартады.
Мерекелеріңіз мерейлі, шұғылалы жүздеріңіз шырайлы болғай, көнекөз қарияларым!
1.10.1999 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter