Әңгімелер ✍️
Фараби
повесть
1
Қатарлап бұйда тартқан қос нардың қыр арқасында солқылдақ найза салып, ортасын жайпуаттап бәдәуи салтымен беті ашық балахана жасаған. Үстінде түйе жүрісінен шайқала түсіп, арыстай денесін созып ақ шалмалы, ақ сақалды, сексенді алқымдап қалған қарт кісі жатыр. Қос нардың алды-арты самсаған қол. Шеру басында қасқа алмауытқа салт мінген қолдай1, жұмыр басын сертке тіккен, түсі суық түнеріңкі қолбасшы Саиф. Соңында аттылы-түйелі шаң жұтып созылған сарбаздары келеді. Арып-ашып жорықтан қайтқан беттері бұл. Әр кезде түйелердің маңқ еткені, сауыт-сайманның сыңғыры, ат тұяғының тықыры... бөгде дыбыс жоқ. Сазарып, сарғайып жатқан сахара бетімен қаһарлы қол күз көлеңкесіндей ақырын жылжып келеді.
Балаханада жатқан қарт осы жорықта дертке шалдықты. Таң бозында сап-сау сергек тұрған. Құқ тауының шатқалдарын таңның сарғыш шымылдығы жапты. Төбесінен сұңқылдап бір үйір құстар өтті. Енді атқа қонған колға бет бұрып, қарт оң жол тілегелі тұрғандай, сол бүйірінен ұшпа ызғырығы қарып өткендей болды. Өткір шаншу қадала кетті. Теңселіп кетіп, анадай жердегі тұмсық тасқа барып отырды. Маңдайын ұстап еді салқын тер табы білінді. Жүрегі алқына соғып тұр екен.
Қара құлдар дүр ете түсіп, емші іздеп, далақтай шауып есі шықты. Қарттың халі сәт сайын қиындай берді.
Өстіп, аласұрып жүргенде тұтқиылдан Жөйіттер шабуыл бастады. Зар-заманнан жер үшін, кек үшін қырқысып келген екі жақ аясқан жоқ. Мұсылмандар қапы қалды, ә дегеннен-ақ тоз-тоз болып бір жерге табан тірей алмай, сырғанап кеткен еді. Осы ұрыс жайлы бәдәуилер не замандар былай деп жыр шертіп жүрген...
«Ит жылы, алтыншы айдың сынығы Құқ тауынан асқанда Ескендірдің жерде қалған тұяғы, қолдай Саиф атқа қонды. Алла жолын оңғармады, қатын мінез кәпірлер ту сыртынан сүңгі салды. Талай жүрек жебе жұтып, талай боздақ боздап қалды. Жөйіттер жылдам, жылпос, шайтанменен шабысқандай болдық біз. Қаһарлы еді қолымыз, неке түнгі қалыңдықтың көйлегіңдей жыртылды. Беу, беу, боздақтар-ай! Ескендірден қалған тұяқ кетілмесін, иә, пірлер!»
Шебі шетінеп, ыдырап бара жатқан қолын көріп әккі Саиф айласын тапты. Өзі де жеті жерден жаралы еді. Әуелі қаша ұрыс салсын деп керней салдырды. Жөйіттерді ілестіріп келіп, қалың құмға кірді. Жау мінген ат тұяғы ыстық құмнан қырқылып тұралап қала берді. Осы сәтте ылғи кейінде ұстап жүретін түйелерге қалған қолды ауыстырып мінгізе қойды. Қайрыла ұрысқан қол жау бетін тойтарып сап, кіл сызба жүйрік желмаямен шөлге сіңіп кете барды,
Мана ұрыс басталған сәтте бас түйемен қарт ғұламаны жөнелтіп жіберген еді...
Міне енді, балахана үстінде түйе жүрісінен шайқала түсіп, көзін жұмып қиналып келеді. Қос нардың бірі аяғын шалыс басып теңселіп кетті. Ол селк етіп көзін ашып алды. Жөңкіліп көшіп жатқан сүр бұлттар, әр жерде жылт ете қалатын аспан жыртығы көрінді. Салмағы ауыр, өкпені қыса келген бұлт болды бұл. Салқын сыз еседі. Әлдеқайдан ұлыған шибөрілердің құлазыңқы үні келеді. «Күзде келіп қалыпты-ау», - деп ойлады қарт ғұлама. «Иә, күздің де келіп қалғаны. Бұл ғұмырымның нешінші күзі еді. Күн қуырып, құйын қаптаған осынау сахараға да, мұсылман елінің ең бір көне көзі - Сирия патшалығына да күздің келгені-ау. Патшасы да жабырқау, көңілсіз, алғаш рет жауынан қатты жеңіліс тауып, еңсесі түсіп желеп-жебер пірлеріне сыйынып келе жатқаны мынау».
Саифпен жорық алдында тілдескені әлі есінде...
— Марқаба, Ескендірдің тұқымы, қан төгуді тоқтатар кез жетті ғой. Жатпен жұлқыса бергенше, ел қақын ойласаң етті!
Қолдай Саиф «Жарықтықтың шыны ма осы», — деген сыңаймен қарады.
— Жат жұртты дініңе кіргіз деп Аллам айтқан! Ұранымыз, рухымыз сол! Эге-е... жарықтық қажы тұрсыз ғой. Қолға ермей-ақ, сарайда қалыңыз.
Heгe екенің кім білсін, патшасы сарайда болуға пұрсат берсе де, кәрі көңіл жорыққа тағы шыққысы келді. Онсыз да ит жылы туғалы түнемесіне ұйқысы қашып, төсегі жамбасына батып жүрген. Жүдеген. Ылғи көңілі құлазып, жаныңа бір нәрсе жетпей тұрғандай болады осы. Мазасыз жебір ойлар басынан бір шықпайды. Кей-кейде күңіреніп тұрып, қапиядан көлеңке іздеп безіп кеткісі келеді. Әйтеуір қамалып отырғаннан жақсы ғой деп ойлаған. «Кәрі сүйек саудырап сыр беріп жүрсе де, тұтқындармен тілдесер, мүмкін олардың ішінде Аплатын елінен келгені де бар болар».
Енді міне, қам көңіл қарт тіпті құлазып жатыр. Сәт сайын дерті меңдеп, тұла бойын түгел жайлап барады. Қалай келген, қандай дерт, өзіне де беймәлім. Тұла бойы бір тоңып, бір ысып тұншығады кеп.
«Құбылаға қарап көз жұмармын осы». Көкке қарап еді, төбесіндегі қаптаған бұлттар күншығыстан келген екен. Өз жұрты, өз өлкесі де сол жақта, бұлттар келген жақта қалған еді-ау. Жанарынан бір тамшы жас ыршып шықты. Кеуіп, тобарсып қалған жүзін бұлттан да бір тамшы тамды. Ішінен ыңылдағандай болып талықсып, көзін қайта жұмды. Әне, туған жердің бейнесі ап-анық болып көз алдыңа келе қалды. Кәрі жүрек езіле соқты білем, маңдайынан салқын тер бұрқ етті.
Жаны қиналып жатыр.
Саиф тізгінін тартып келіп, кідіріп тұрып, түйелерді жанынан өткізді. Шаужайлап барып, нардан асылып пірінің жүзіне үңілді, алғашында, «үзіліп кеткен бе?» деп шошып қалған еді. Маңдай әжімінің жиырылып жазылғаныңа қарап тіршілік белгісін білді. «Ойланып жатыр». Ішінен күбірлеп айтты... «Ойланып жатыр, туған жерін ойлайды, жарықтық».
Туған жерін еске алған сайын естіп қатты киналатыны бар еді. Бұл мінез көкірегіне беріш боп қатқалы қашан. Әсіресе, өмірдің ащы-тұщысын, дүниенің алыс-жақының, пенденің жақсы-жаманын көп көрген кісіге ауыр екен. Қыр астынан кәрілік қылт етіп, уақыт салмағы кеудесін қысқан сайын, жер қойныңа жақындаған сайын, туған жері де соншама ыстық көріне берді. Есіл-дерті «Бір көрсем-ау дидарын»,— деп, аңсайды да тұрады. Сағыныш та дерт секілді, күллі рухын кеміріп-кеміріп жеп қойды. Шет жер, бейтаныс жұрт жаныңа жұбаныш болар емес. Медеуі жоқ, сүйеуі аз бір тіршілік екен. Ыстық сахара жанға салқын тартты. Көзін жұмса болды, тағы да күллісі қаз-қалпында, сол күндер, сол бейнелер бұлдырап-бұлдырап қана елестеп кетеді.
2
Туған жер. Жер болғанда... бетін қарабұйра жусан бүркеген, жап-жазық жұпары аңқыған кәдімгі қыпшақ даласы. Шырқап шығатын жұдырықтай бозторғайы бар. Саңғыраған сұр қышқа оранған қасиетті Отырары бар.
... Әбунасыр Күмбез Сарайға кіргенде бойын ыстық жалын аптап шарпып өткендей болды, шымқай қамқа кілем жақұт жалатқан тіреулер, тарғыл ала киінген кіл қыпшақ қолдай, датқаның, ордасы — жанарын қарып етті. Ең алғаш сәлемін алып, тіл қатқан шаһар датқасы болды.
— Марқаба, марқаба! Төбеңнен күн кетпесін! Төрлет, Әбунасыр. Әкең құсап қолдай бола ма десек, кітап қуып ғұлама атаныпсың. Құба құп. Жеті қат көк, жеті жаһан жер ғылымға тойған ба? Соның құзар-қиясын де тапқан боларсың.
— Әлбетте, әлбетте, тақсыр, — деп тізесіне таман отырған шырақшы шал қостап қойды.
Ылғи өстіп отыратын әдеті оның. Әбунасыр оң қанаттан орын алды. Текпішектеп жасалған тас сөре. Үсті қызыл кілеммен жабылған. Ернеуіне таман ығысып отырды. «Қыпшақтардың әдеті осы», - деп ойлады ішінен. Қаратау қойнын, Сыр қопасын тұтып жүрген жолбарыстың терісі, сирақтары сықырлап өріп келетін саудагерлердің жібегі жетпегендей, сарайын ылғи сараң ұстайды. Қаныңа біткен жаугершілік қасиеті жасана беруге жібермейтін болар-ау, сірә. Болаттай берік жандар ғой бұл.
Датқа әлі сөйлеп отырған.
— Туған жерің сағынып күтіп, сарғайып жатыр. Сары табан болып күншығыстан да, күнбатыстан да саудагерлер ағылып келіп жатады. Не қилы сәуегей, көріпкел, басына бұлт үйірген әулие, қу басын қолтығына қысып, ойын көрсеткен майрампаз келді. Өзің жоқсың ішінде. Ішіміз ұлып ұлымызды аңсадық. Өстіп ел үмітін, ел тілегін іске асырар алпауыт болып келеріңді сезгенбіз. Біз көрмеген Мысыр, Бағдат елін араладың, қанеки, не білдің, не үйрендің, жолыңды күткен жұртыңа айтшы.
Аздап тыныстап алды. Күтуші ұсынған зерен толы қымызды қайтарған жоқ. Бұл ішкісі келгені де емес, жай себеп қылып сөз тосуы еді.
Әбунасырдың іші сезіп отыр, өз жұрты, сол жұртының қара шаңырағы көпті біліп қалған. Бағзы дөрекі, дөкір жаугер жұрт емес. Қонысты, қоңыраулы ел. Жаушы ұстап, төбесіне тақ көтеріп отыр. Көзіне жас үйіріліп, құлағының түбі бүлкілдеп, қатты ұстанып қалды. Жаныңда отырған қайыс белбеулі, қайыс қара жігіт күтуші ұсынған шарапты іліп алып Әбунасырдың қолына бере қойды.
— Жаббар ием, сағындым ел-жұртымды. Әйтпесе, қияндағы қыпшақ даласына мені жол тартып, не тағдыр айдап әкелген жоқ. Кіндік кесіп, кір жуған жерге ештеңе тең келмейді екен.
— Көңілі босап кетті білем.
— Топырақ қой тартқан. Мына дәм бар сосын.
— Ер туған жеріне. Топырағы торқа болғыр Мұхаммед қолдай да не қилы жерді көріп, не қилы елді жаулап жүріп, қайтып келді емес пе өз жұртына. Құлындының даласын да тастап кеткен ең арғысы. «Ыстығы аптап, жусаны күйген тобарсан жерге жата кетіп көз жұмсам», — деуші еді. Арманыңа жетті марқұм.
— Ләббай, сөз ылғи қалай ауды осы? — деді манағы жүзге келген шырақшы шал. Саумал жұтып отырып естімей қалыпты.
— Құба-құп. Басын ұстағаның қай өнер, Әбунасыр?!
Датқаның жұрт қақпайлап әкеткен әңгіме арнасын қайыра
бұрғаны еді.
— Сөзін сатып пұлдаған саудагер, не жұртты таң қалдырған майрампаз, не барды-жоқты болжаған сәуегей емеспін мен. Менің жолым тіпті басқа. Айналадағы дүние сырын ұғу. Сол сырды ел кәдесіне жарату.
Жұрт жұтып отырған шарап-саумалын қоя салып селк етті. Аңтарылып, аңырайып қарасты. Шығыс дәстүрімен жадағай жамылған торсық шекелі, өткір көзді, ақ сұр жігітті енді көргендей болды. Көңілін басып танығысы келді. Мұның бәрін Әбунасыр іштей сезіп отыр.
— Өзіміздің Мұхаммед жарықтықтың тұяғы ма бұл?
— Әліптің артын бағалық. Біз білмеген енер, ғылым көп емес пе? Сосын тақсыр екем не дер екен...
Датқа сабыр сақтап үнсіз отырған. Қолындағы тостақты түбіне дейін көтеріп салды да күтуші жаққа ырғытып жіберді. Жайылып кеткен шалғайын сілкіп жинап алды.
— Дүние, ғұмыр біз білмеген құпия сырға толы. Сол сырды ашуды саналы мақұлық -пенденің басына жазған. Көріп отырсыздар, осы отырған Күмбез Сарайдың өзі сан қилы жұмбақ сырды бойына жасырып тұр. Мына тіреудің өзі қанша салмақ арқалап тұр десеңші.
Егер осы тіреуді алып тастап, Сарайды құлатпай қалуға болар ма еді? Әбден болады. Бұл үшін бабыл ғалымы Апылатын ашқан өлшем заңын білуіміз шарт. Жер мен айдың арасында да дәл осындай бізге белгісіз заңдылық болуы әбден ықтимал...
Бастары салбырап тыңдап қалған көне көз қарияларды, күтуші, күзетшілерді датқаның ауыр үні бұзды. Сарай іші дүр етіп сілкініп қалды.
— Әбунасыр, мен білген бала болсаң, бір жерден шығарсың. Өз ойыңа өзің қожа. Біздің жұртқа бұл өнерің қол емес екен.
— Бұл баланың мұнысы бізге түсініксіз.
— Жаһанның жеті қат сырын Алла ғана білмек.
— Беу, істің осылай насырға шабарын біліп ем-ау!
— Күнделікті әжетке жарамаған ілім не болмақ. Сайтанның ісі де бір.
— Неге болмасын. Ақ мәрмәрден сарай салып, сырдың суын жалпақ жонға жүгіртіп, жұлдыздарға үңіліп, табиғаттың тылсымын асырамыз әжетке.
Осының өзі қалай-қалай бет бұрып барады дегендей бәрі аңғарылып отыр. Бұл жерде де зерек датқа айласын тапты, жұрт айызын қандырған атышулы сайыпкер сары ауыз өнеріне тағы басты.
— Құба-құп, оқыған бала! Сол біліміңді бізге көрсет, әжетке жарат. Әлгі айтқан тірлігіңді жаса. Тек шулаған балаларды жиып мектеп ашып, оларға сарғайған кітап оқытып миын ашытпа. Бұл бір тілек. Екінші тілек — ел-жұртсың ғой, осында үйлен, жапырақ жай, бәдәуи құсап көшіп жүріп, қыпшақ жұртын ұмытып кетерің хақ. Жолыңды күткен жұртыңа жаға бол.
Әңгіме аңысын Әбунасыр анық аңғарып отыр. Дүниенің не ғаламатын оқып, үйреніп келген мұны әккі датқа қолынан шығарғысы жоқ. Жаугершілігі мол, мықтысы мытып, әлсізі күштіге кебіс қойған зар заманда бұл білімдар баланың өзіне керек болатын анық сезген. Әйтсе де бар көңілін бірден жайып салып босаңсығысы келмейді. «Қыпшақ жұртына дүние кезіп, кітап ашу жазбаған. Оған арынды арғымақ, қылпыған қылыш керек. Намыс керек! Сосын тізгінді мықтап ұстар қайратты қол... босансыса шауып түс жаулар көп».
Әңгіме бітіп, жұртты асқа отыруға шақырды.
Қарны коңылтақсып қалған манағы жалпақ бас шырақшы шал лып етіп сәкіден ырғып түсті. Жұрт жағалай жердегі кілемге жайғасып жатыр. Айна дөңгелетіп кеп іші бос сандықтар қойылды. Сандық үсті дастарқанмен жабылды. Жұрт малдасын құрып отыр. Сәлделерінің, шалмаларының ұшын тізелерінің үстіне жайып, жандарынан қылпыған кездіктерін суырып алысты. Алақандарына жанып, жүзін баптап қояды.
Әуелі дастарқанға ағаш астаумен ет тартылды. Әр астауда бір-бір қара мал мүшесі бұзылмай солайым түгел салынған. Теңкиіп-теңкиіп ақсарбас бұзаулар құлындар түріліп жатыр. Мұндайда шалдар малды бұзып, етті жапырақтайтын жігітін жанынан қалдырмайды. Жалпақ бас шырақшы шалдың күтуші жігіті манағы қайыс белбеулі қатқан қара болып шықты. Жұртты жағалай таныстырып өткенде шырақшы шал мұрнының астынан «шәкіртім» деп мыңқ еткен. Бір шәкірттіктен көрі асқа ыңғайы мол секілді. Қос білекті сыбанып жіберіп, теңкиіп жатқан тайдың мол етін боршалап, жәукемдей бастады. Оң қолын қазылығымен қоса сырғытып тіліп кеп Әбунасырдың алдыңа қойды. Сол қолы «ұстазы» жалпақ бас шалға тиді. Төстік алдыңа барып жайғасты. Сосынғысы сауыр, жамбас, қабырға, сүбе, омыртқа, қазы-қарта жік-жік болып сыдырылып, сыпырылып жатты. Астау лезде тау болып үйілген етке толды. Әбунасыр мойның созып, келесі астауға қарап еді. Онда да осындай, қайратты сып-сып етіп бұзып, боршалап жатыр. Бір байқағаны барша астаудағы мүшелі малдың басы жоқ. Тек төрдегі датқаның алдыңда ғана сүңгіге шаншып, қалқанға салған бас көрінді. Ол басты айбалтамен тық еткізіп шақтырып жіберіп миын алып жеді.
Енді әркім алдыңдағы астауға шүйіліп асқа бас қойды. Шетінен асап, жалмап, жайпап жатыр. Кереметі алжуға айналған-ау деп отырған әлгі жалпақ бас шал етке соншама мықты болып шықты. Екі иінінен дем алып, ентігіп бас көтермей әлі соғып отыр. Майлысы ма, қара кесегі ме, талғамай ауызға ата береді. Мына түріне ештеңе шақ келетін емес. Ішінде жыланы бар болар деп ойлап отыр еді, ет те таусылды. Бос қалған астауға шал үңіле қарап алып, «үһ, жан-ай» деп еңсесін көтерді.
— Қарағым, аз алдың-ау! Жас күнімізде тәбетіміз жақсы еді, — деді ол. — Елге келдің, әлі-ақ ішегің кеңейіп араның ашылып кетеді. Гім-м-м... медіресе ашатын түрің бар-ау, сірә?
— Иә, қария, ертеңнен бастап кіріссем деймін.
— Гім-м-м. Шәкірттерді қайдан табасың? Әжетке жарайтын күллі баланы қолдай жиып әкеткелі қашан Шаһар сыртыңда, Жауһарда жаугершілік өнерін үйреніп жатыр.
— Әттегене-ай... әкемнің көзін көрген қолдай ғой, айтсам түсінер. Білімге құштар балаларды босатып берер...
— Пәлі деген, бекер өйтесің. Босқа арам тер боласын, әлі.
Бұлар тілдесіп отырғанда жусан иісті жылқы еті жұртты тойғызып та болыпты. Бәрі еңселерін көтеріп, ықылық атып, көздері бозарып, самайларынан тер ағып отыр. Әбунасыр болса көп жей алған жоқ-ты. Жол соққан денесі сырқырап, сыздап ауырады.
Ет соңынан тостақ-тостақ, теген-теген болып шарап пен қымыз келді. Әркім көңіл сүйгенің алып сіміріп жатыр. Әбунасыр қымыз алған; қауын иісті, кермек, үгітілме қыр қымызы екен. Басын ә дегеннен зеңгітіп әкетті. Алпыс екі тамырын қуалап қызу таратып жөнелді. Тап осы қалыппен, осы қылғытумен тостақ-тостақ ішімдік бұлағы сарқырап құйылып кете берер ме еді. Бәрі де бастарын көтеріп алып, селк етіп, ежірейе қарасып қалды. Датқа ас қайырып қолын жайған екен.
Ac қайыру салты біткен соң жұрт дүр етіп орындарынан көтеріліп кетті.
Әбунасыр келуіне арналған көз көрген қариялар мәслихаты осымен аяқталған еді.
Бағдаттағы «Шайхы мұсылман» медіресесін бітіріп, ғаламға белгілі мол білімді оқып, тамамдап келген беті болатын. Бұл кезде екі мүшел, жиырма алтыға шыққан қылшылдаған жас шағы еді.
Күмбез Сарайдан шыққанда қыш қорғанның басында шоқиып күн отыр екен. Құдды қан сіңген қалқан секілді. Маңай түп-түгел мүлгіп темен қарап қалған.
3
Қарт ғұлама ашық балахна үстінде шайқатылып келе жатыр.
Жаугер бәдәуи мұрнының астынан ыңылдап әндетіп келеді. Ән Әбунасырдың құлағына талып жетеді, «Хга,әйе! Біздің қолдай жеті жерден жаралы, Біз қолдайтын жаныңа жас аруды саламыз. Қыздың демі жара уытын тез қайтарар, Доңыз жылдың жетінші айы толып туған кезінде атқа қайта қонамыз. Жаугер ұрпақ, аруақтарға сыйынамыз. Құқ тауының қойны толған жын-пері, соларды біз шуылдатып қуамыз. Хга, эйе!»
Ән үзіліп кетті. Қарт ғұламаның есіне тағы сол ыстық шақтары, туған жері келді. Көз алдыңа өзінің Отырары елестеді.
4
Әбунасыр шаһар қақпасынан шыға сала ат тізгінің босатып біраз шоқытып алды. Қыпшақтардың: «Әне жерде, иек астыңда», - дегені бір көш жер болады, Жаугер жігіттерді жинаған Жауһар қыстағы әзір көрінер емес. Ту сыртынан әлдекім айқайлағандай болды.
Бұрылып артына, Отырарға қарады. Басына сағым үйірген күмбез мұнарасы көрінді. Бұл баяғы заманғы қарауыл қарап тұратын «аттан мұнара» еді. Қазір шаһардың етек-жеңі кеңейіп, арқа сүйер Сауран, Сайрам, Шаш сынды шаһарлар пайда болғалы мұнараның да қызметі өзгерген. Ылғи қарап тұрып көз ұшынан әлдекім қылт ете қалса, аттан салатын жаугершілік заманы емес. Енді жалпақ бас шырақшы шал сол мұнараны мекендеп ертелі-кеш датқаның аруағына дұға жасайды. Басқа ештеме де емес. Әне соның тарғыл даусы тағы да созылып шықты. Аты елеңдеп қалды.
«Медіресеге дайын үй жоқ. Әзірге сол мұнараны ала тұру керек-ау», — деп ойлады Әбунасыр.
Арыс өзені лайсаң ағып жатыр. Тас төбеде үлкен күн қызған темірдей жерді шыжғырып тұр. Белуардан келетін балауса шалғын ат адымын бөгей береді. Жауһар қыстағына да жақындап қалды білем. Шалғын сиреп енді алаңқай басталды.
Кенет аты қалт тұра қалып, үркіп қиыс атылды. Әуелгіде ештеңе көзіне түспеп еді, дәл аяғының астыңда тайыншаның жас жемтігі жатыр екен. Жолбарыстың тырнағы сауырына,
алқымына баттиып түсіпті. Жемтік жаңа, тойған хайуан ұзамайды, бұғынып жатып тарпа бас салары анық.
Жаман шошынып, ышқынып тұрған атқа қамшы басты. Жануар да осыны күткендей. Атқып безіп берді. Тораңғы, шеңгел шыбықтары бетіне шып-шып тиіп осып қалып жатыр. Қанша шапқаның білмейді. Кісі даусын естігенде барып есін жиды.
Жан шақырып, ентігін басып, абайлап қарап еді. Ер кісіше киінген талдырмаш қыпшақ қызы ат жалын тарап ыңылдап тұр екен.
Маңайда ешкім көрінбейді. Қаз мойын қазан ат дүбірді естіп, елең етіп бұлар жаққа қарады. Состиып қатып тұрған Әбунасырды қыз да енді көрді. Ыңылдап айтып тұрған әнің кілт үзіп, именіп, атты тасалай бергені. Жанары тұп-тұнық жәудіреп тұр.
— Сен асылды адам ба екен жаратқан! Толып туған ай өз қасында қараңғы болып қалар-ау. Таң шығындай мөп-мөлдірсің. Неге ғана еркекше киіндің екен?
Әбунасыр бұл сөзін сыртқа шығара алмады, көзімен айтты.
— Арманым жоқ. Тап өзіңдей жар тапсам!
Бұл сөзін де Әбунасыр айтқан жоқ. Тек жүрегі осылай деп жұлқына соғып тұрды. Жігіт киімді қызға жақындай түсті. Үркек екен. Қашып кете ме деп жаман қорықты.
— Қай мекеннен боласың?!
Тұңғыш рет осылай деп тіл қатты, шамасының жеткені осы болды.
— Жауһардан едім!
Үні жан дүниесін ерітіп жібергендей болды. Бар санасын алай-дүлей етіп жіберді. Жақындай беріп еді, қаз мойын қазан аттың мінезі жаман екен, иесін қорғаштап жолатар емес. Жер тарпып, ойнақшып, көлегейлеп әкетті. Қыз да осыны күткендей арқасына ырғып мініп «шу» деп жөнеле берді. Аты құрғыр томардай тұяғымен бір уыс топырақты жігіт бетіне шашып кетті.
Әбунасыр да қыз соңынан қамшы басты. Іздеп кел жатқан Жауһар қыстағы да тиіп тұр екен.
Бұл бір қыпшақтардың ескі мекені, жаугершілік ордасы еді. Қол жататын айналасы ат шаптырым көк aлa майсаң мекен-жай. Найза лақтырып, ат үстінде қылыш қағысып, жебе тартып жаттығатын жер. Талай заманғы жорықтарды осының ұлтанынан шыққан ұлдар жасаған.
Әбунасыр атынан түсіп, жаяулатып келіп көрмеге тақады. Тұлпарын соған байлады. Енді қара-құры болып, жорықтың не қилы айла-тәсілін үйреніп жатқан жігіттер жаққа беттеді. Кіл он үш пен он алтының арасындағы өрімдей бозбалалар. Анадай жерден мұны осы мекеннің қожасы кәрі қолдай көрді. Алғашында тани алмай түсі бұзылып тұрды-тұрды да ілгері жүрді. Қайдан танысын, әкесімен бірге тіпті кішкентай кезінде бір келгені бар. Сосын көріп тұрғаны осы. Бірінші болы Әбунасыр сәлем берді.
— Марқаба!
— Нұр жаусын! Жол болсын, жігітім? Бір жерде көрген сияқтымын-ау, осы?
— Мұхаммед қолдадың тұяғымын ғой!
— Пәлі, өзіміздің Әбунасыр ма?! Сені дәруіш болып дүние кезіп кетті деп еді. Жорықтан келсек, Мұхаммед жарықтық көз жұмған, топырағы торқа болғыр, нар кескен еді. Міне, енді дұрыс болған, дүниені таяқпен емес, қылышпен кезетін заман осы. Түсінгенсің. Түмен басы етемін өзіңді. Әкеңнің жолын қуасың.
Қатты қуанғаны соншама, Әбунасырды тыңдар болмады. Қылыш осқан тыртық бетінен тарам-тарам жас сорғалады. Мұхаммед, оның арғы атасы, тұқым-тұқым риза боларлықтай ұзақ бата жасады.
— Несін айтасың, наркескен жігіт еді. Қол жаттықтыратын осы мекенді де өзі жасатқан. Он үшімде атқа мінгізіп, қолыма қылыш ұстатқан. Өлсем де сол жақсылығын ұмытпаспын. Ге-ге-ге! Қосқа жүр. Қызылбастардың жаушысын көрсетемін, кісі емес, тұрған жын. Иттер өзі.
Зырқырап ұшып келе жатқан солқылдақ найзаны қағып алды. Енді болмағанда Әбунасырды шаншып кететін еді. Найза соңынан жүгіріп келе жатқан қара сирақ баланы көрді. Қолдай найзаны былай ырғытып жіберді де әлгі балаға дүрсе қоя берді.
— Көзіне қара, жүгірмек! Артыңа лақтырма деп қанша айтамын... Ай, сенен ештеңе шықпас, тұқымың жаман...
Сансыз қос қатар-қатар сап түзеп сонау көкжиекке дейін созылып жатыр. Ортада үлкен көк шатыр, төбесінде қыпшақ туы — тамтығы қалмаған кіреуке сауыт ілулі тұр. Әлгінің тозғаны соншама, тіпті кейбір шынжырлары шіріп, үзіліп түсудің аз-ақ алдыңда қалған. Үй сыртыңда, белдеуде, әлгі жолда кездескен қарақат көз сұлуды алып кеткен қазан ат байлаулы тұр. Үсті-басы ақ көбіктер.
Әбунасырдың жүрегі дүрсілдеп көп аузына тығылғандай болды. Көз алдыңа толған айдай аппақ қыз жүзі елестеді.
— Жауһар деген тұяғым бар. Мыналардың қайсысынан болсын жебені жақсы тартады, — деп қайырылып әлгі бозбалаларды нұсқап қойды. Үніңде кекесін байқалады. — Күндердің күніңде ізімді басары анық.
Бұлар еңкейіп ішке кіргенде, именіп босағада тұрған Жауһарды, оның қарақат көзін көремін ғой деп үміттенген еді. Әбунасырдың үмітінен ештеме шықпады. Үй бос тұр. Төрде жалғыз төсек. Босағада аттың ер-тұрманы жатыр. Малдасын құрып отыра бергені сол еді. Тыстан сып етіп күтуші жігіт кірді.
— Әлгілерді алып кел! — деп бұйырды кәрі қолдай.
Әлгілері қызылбастың елінен емес, Мысырдан келген саудагерлер — жаушылар екен. Бастарына киген қызыл тысты шалмаларын көріп қолдай қызылбас деп ойласа керек. Олар қол қусырып сәлем беріп жағалай жайғасты. Берегірек отырған дөң қарасы басшысы болар. Күңгірлеп сөз бастады. Қолдай таза түсінетін адамша ұйып тыңдап қалған.
Дөң қара араб жігіті күңгірлеп біткен соң, тізесіне таман отырған жарғақ жігіт шіңкілдеп араб сөзін қыпшақ тіліне аудара бастады.
Әбунасыр араб сөзін мана дөң қарадан-ақ түсінісіп қойған.
— Жеті сахарадан, жеті өзеннен өтіп келіп отырмыз. Жолда талай шаһарларды басып өттік. Көп қиыншылық көрдік. Сонда да тоқтағанымыз жоқ. Құдіретті падишамыз әдейі сіздерге жіберген соң жолдан тайғанымыз жоқ. Падишамыз Перғауын Басырдан, одан Асырадан, одан Жамалғаптан, одан Сихтан тараған әулие тұқым болады.
Қолдайдың шыдамы кетті білем, тықырши бастады. Ол қайдағы бір араб падишасының жеті атасын емес, сол елдің жаугершілік жолын естігісі келіп еді. Қолы қайда, кімге шаппақ?.. Неше қолмен...
— Сол Сих бабамыз айтқан екен: «Қолбасшы етуге қыпшақ ұлдарын алыңдар. Күндердің күніңде жаугершілік заманы болса, солардың тұқымы ғана құтқара алады. Қыпшақтар қаныңа біткен жаугер, қайсар, тура келеді. Жігіттерге қолбасшы етуге тек солар жарайды,» - деп. Сих бабамыздың сөзін орындап, сіздерден қыпшақ ұлын сұрай келіп отырмыз.
«Е, тоқ етері осы десеңші», — деп қолдай еңсесін көтерді. Желпініп қалды. Көзі жайнап, бір нәрсені алыстан тесіле ойлады. Алысты ойлады. «Күндердің күніңде арабтарға берген бала ер жеткен соң тегін танымас па? Қияндағы Мысыр падишасын өмір бойы қорғап кетер деймісің? Қолына бас болып алған соң-ақ елі де біздікі емес пе? Құба-құп...» Еңсесін көтеріліп қомданып-комданып алды.
— Әлгілерді алып кел! — деп бұйырды.
Артынша қос қара сирақ қыпшақ баласы: біреуі мана білмей найзаны теріс лақтырған, екіншісі мүлде арық бала алдарына келіп тұрды. Жаутаңдап қожасы — қолдайға қарады.
«Айырбас не?» — деді дүңк етіп қолдай.
Олар өзара ұзақ кеңесіп, бас изесіп, ақырында шешімдерін айтты.
Үш мысыр баласына бір қыпшақ баласы. Мына арығын алмаймыз, күн ыстық, асу көп, жолда өліп, қалады. Мынасы бізге ұнайды. Сих бабамыздың аңсап айтып кеткені де дәл осы секілді бала болатын.
Айырбас аяқталып, қыпшақтың қара сирақ баласына білезік салынды. Түйеде қалған мысырлық балаларға кісі жүгіртті. Үйелмелі-сүйелмелі кіл үрпек бас сәбилер екен. Бір анадан туған-ау, бір-біріне сонша ұқсас, жалтақтап тығыла береді. Үшеуіне де табан астына қыпшақ таңбасы — жылқы қаны жағылды. Іс бітіп қонақтар жүруге айналды.
Осы тірлікті көріп отырған Әбунасыр қатты шошынып қиналды. Араға түсіп аяусыз, озбыр айырбасты бұзғысы келді. Бірақ осы Жауһар қыстағына келген ісі мына тұрған төрт қара баланың қамынан да үлкен еді. Ел қамы, елінің ертеңі айдап келген еді. Қолдайдың көңіліне тиіп ауыр сөз айта алмады. Айтқысы келмеді, тіттеп келген ісінің ұшығына жеткісі келді. Самайынан тер саулап акты.
Тек қана көзіне жас үйіріліп, орнынан ұшып тұрды да, артына қарай-қарай кетіп бара жатқан қара сирақ балаға жетіп барды. «Ныспынды айтып кетші, қарағым, — деді. Ол да ішінен өксіп барады екен, жасын жұтып тұрып: «Саиф»,—деді.
Саиф... құлағында әлі жаңғырып тұр...
Шыңыраудан ай туды.
Жалпақ сахара, білеу-білеу құм жоталары мұнартып, түстегідей буалдыр, бұлдыр күйге енді. Маңай аппақ. Көлеңкелері сұлап-сұлап түйелі, аттылы қол ақырын жылжып келеді. Күндізгі ұрыстан, аптап ыстықтан таңдайлары тобарсып, еріндері шыт-шыт жарылып кеткен. Ыңырсып, ыңылдап айтқан бәдәуи әні естіледі.
«Хга,эйе!Дұшпандарды түйелердің мойныңа асып құртамыз Найзаларын жады ағаш жасаймыз, көшкенде қатындары айға қарап ұлиды, бір заманда балалары әкесінің бас сүйегін тауып алып, құм таситын тостақ етіп ойнайды. Пірлер бізді жебеп келген... Хга, эйе!
Қос нар тағы да шалыс басып шайқатылып кетті. Әбунасыр көзін ашып алды. Балахана жамбасына батып жайсыздана түсті. Мың сан жұлдыз тесіліп қарап тұр. Дүние... таным... шексіз... Ойлай берсең бас сүйегің шытынып жарылып кетердей-ау. Не сыр жатыр жұлдызда. Жер мен жұлдыз арасында кереметтей бір үндестік бар емес пе екен. «Ғылымдардың негізі» деген кітабымда тап осылай жазбап па едім?..
Осылай ойлай берсе, дерті саябырсып, жеңілдеп қалатын сияқты. Кеудесі күмбірлеп соғады. Күтуші көп торсықтан су жұтқызды. Ескіріп, татып кеткен екен. Таңдайы жібіп бір сәт жаны рақат тауып қалды. Манағы миды жегідей жеген жаман ой, ызғырықтай шаншу жоқ. Көзін қайта жұмып,талықсып келе жатты. Құлағына тағы да ызындап созылып ән келді. Бұл пақыр неге ырғағын көтермейді екен деп ойлады. Ылғи бір қалыпты ың... ың... ей, бекер болды-ау тағы төмен түсіріп жіберді. Қалпымен қалқытып айтпай, ықылық аттырады келіп. Әннің көтерілу, қанат қағу, аяқталу сынды қалыптарын зерттеген кітабын еске алды. Онда әуеннің табиғаты, табиғилығы жайлы көп жазғаны бар болатын. Иә, дыбыс дәмі — ән-әуенде.
Сол кітабын қыпшақ даласынан шыққан әйгілі әуенші, қобызшы, өз шәкірті Қорқытқа сыйлаған еді. Тағы да есіне туған жері оралды.
5
Мысырдан келген саудагер, жаушылар бала Саифты алып аттанып кетті.
Көзі талып, енді Әбунасыр жаныңда тұрған қолдайға бұрылды. Отырар шаһарынан осында — Жауһар қыстағына келген ісін баяндап өтті. Алғашында мұның сөзін кәрі қолдай естімегенсіп сұлық тұрды. Әуелі бір қызарды, бір сұрланды. Сонан соң сабасына түсіп жөн сөзге көшті.
— Сонда маған не қолқаң бар? Қолды таратып шаһарға қайт демекпісің? Жарқыным, мені сыйламасаң да әкеңнің аруағын сыйла. Аруақтарды қорлама. Қолы жоқ ел — күл. Мысырдан келген әлгілердей кіл дәруіш болсаң бір сәрі: атасы жаугер қыпшақпыз той!
— Алдияр, қолдай! Қараңғылық пен қан төгіс қыпшақтың маңдайына жазылып па?! Ақылға көш, асылық түсінбе! Көзсіз қайрат ескексіз қайықпен пара-пар.
Қаһарлы қолдай түтіп жеп жіберердей болып қарады. Айтар сөзі қалмаған секілді қайраңдап, қапаланып тұр.
— Қолды тарат деуге қақым жоқ. Мына жүрген балалардың ішінде білімге құштары, зерегі көп. Босатып бер соларды. Медресе ашып оқытамыз. Бос салақтап, итше жұлқысып, дүниеден мақрұм қалмасын...
Екеуі де айтысып болды. Бірі жас жігіт, бірі кәрі тарлан жаугер қолдай жаттығып жатқан өрім жастарға қарап қалған. Оларға бірі қанды қылыш, бірі ғаламның ғылым кілті кітапты ұсынбақ.
— Отырардан неге жиып алмадың? Әлде бәрі ғұлама болып кеткен бе?
— Жидым, бірақ болмашы. Отырардың кәдеге жарар бозбаласы түгел осында көрінеді!
Кәрі қолдай тіпті қарайып, шарасыз күйге түсті. Осы бір отты көз алғыр жас жігітке жекіп жібергісі келіп бір тұрды. Әкесінің аруағынан қаймықты. «Ел-жұрт естісе не демек», — деп ойлады. Тықыршып олай-бұлай кезіп кетті.
— Құба-құп. Үш баланы ал. Соңғы дерім осы. Екінші серт — өзім таңдап беремін. Ен талантты найзагерімді алып кетіп жүрерсің. Ғұмырымды сарп етіп, баулып, баптап мен жүрейін. Бұлар келіп ыстық тамға қамап, қапа қылып, миын ашытпақ. Ох, не заман бұл!
Нығыздап айтып жүріп жастар жаққа қадалып қарап тұрды-тұрды да қасына үш баланы шақырып алды.
Бірі — шот маңдайлы, бүркіт тұмсық жарақаттан сау жері жоқ, арық тырақы бала. Ол: «Ныспым — Қадыр»,— деп дүңк еткізді, «Ай, оқу қонбайтынның нағыз өзісің-ау. Тым тынышсыз екенсің»,—деп ойлады Әбунасыр ішінен. Екіншісі —түз тағысы секілді үркек, көзі отты, ақ құба бала, бір ғажабы, көкірегін түгел түк басқан. Ол: «Ныспым — Ясы», — деп күрмеліңкіреп айтты. Сырт тұлғасынан ішкі сырын ұғу қиын еді. Томаға тұйық тыртысып тұрған бір жан. Үшінші бала жарғақ құлақ, қолы тізесіне жеткен ұзын тұра бір. Көзін жерден алмайды. Жігерсіз, жетесіз секілді. «Ныспым — Қорқыт»,— деді үні дірілдеп.
«Қорқып тұрмысың?» — деді Әбунасыр.
«Несіне қорқайын»,
«Қай жердікі боласың?»
«Яксартының бойынан, Диқан баба ұрпағымыз».
«Оқығың келе ме өзіңнің?»
«Қажет болса оқып көруге де болар. Ол түгілі кетпен де шапқанбыз».
Көкірегінде құрты бар екенің Әбунасыр сезе қойды.
Иә, дәл осы сәтте осы бір икемсіз, ұзын тұра баланың ертеңін ешкім болжаған жоқ. Сол сәтте кәрі қолдай: «Мыналар көлік сұрап пәле болмаса етті. Балалардың да берекесін қашырып бітті», — деп мазасызданып барады. Әбунасыр болса: «Тентек шал айнып қалмай тұрғанда тезірек аттанып кеткен жөн болар»,— деп қаупайлай, көрмеде тұрған атына жөнеле берді.
Осы сәтте Әбунасырды еркінен тыс бір сезім оқыс бұлқытып кеп, көк шатырға қарай жалт қаратты. Жаңа ғана белдеуде тықыршып тұрған қазан ат та, Жауһар да көрінбеді. Іші уілдеп, асыл затын жоғалтқандай болып сәл кідіріп тұрды. Қапа болып енді жүре бергені сол еді, мына тұстан, қолында жүгені бар, Жауһар келеді екен. Атын отқа қойып келе жатқан беті болды.
Үстінде жаугер жігітше киген киімі бар. Ықшам.Жарасымды. Саптама секілді ақ қонышты жорық етігі жырық балақ шалбар, кеудесінде кіреуке астына киетін жеңі шолақ сырмалы кеудеше. Белін қынай буып алған. Басында — жолбарыстың пұшпағынан әдіп салып тіккен дөңгелек бөрік. Бұрымы көрінбейді.
Әбунасырды көрді де алдың кеспей, кібіртіктеп қырын тұрып кідіріп қалды. Ерке, еркін өссе де әйел табиғатын танытып тұр. Кеудеше астыңдағы кеудесі қатты-қатты көтеріліп басылғандай болды. Әбунасыр жақындай түсті.
— Жауһар, келесі айдың жарығында күт. Құбажонда кездесеміз.
— Неге өйтесіз? Мен жаугер жанмын. Жорықты аңсаймын. Жар болуға жазбаған ешкімге.
Бұл сөзді Жауһардың төңкеріліп түскен жанары айтты.
Әбунасыр шыдай алмай еркінен тыс бұрылып кетті. Жаңағы қыз көзінің кейіс қарасы жаның қапаландырып жібергендей болды ма, ана жақтан «не болып қалды, түге» деп кәрі қолдай да келе жатқан еді. Содан қаймықты ма, әйтеуір, жалтақтап, қайырылып кете барды. Әйтсе де осы қызды сол Құбажонда кездестіретініңе нық сенді. «Келесі айдың жарығында», — деп ішінен күбірлеп барады.
Кідірмей барып ойнақшып тұрған атына қонды.
Балалардың еншісіне бақырауық тайлақ тиді. «Өзі тіпті қашаған, бәтшағар. Артыңда аруана анасы қалған ба, екі күннің бірінде Отырарға тартады да тұрады. Әбден ығырымыз шықты. Мал емес, нағыз құдай атқыр», — деп жүріп кәрі қолдай қоштасып, шығарып салды. Нақа бір қыз ұзатқандай көңілі босап толқып кетеді. Жүріп-жүріп, айтып-айтып келіп: «Оқуға жарамаса босқа әуре қылма, миын ашытпа, дереу Жауһарға қайтар!» — деді..»
Бақырауық тайлақтың үстінде үш бала — Қорқыт, Ясы, Қадыр келеді,
Жылдар өтер, бұлар білім үйренер. Әрқайсысы өзінің таңдаған жолымен кетер. Бірақ өз жанының жылуы сіңген кішкене жүректері елін, мына жерін сүйсе болғаны да. Білерін, жігерін туған жеріне бағыштаса болғаны. Әйтеуір азамат атанса. Одан арғысын Әбунасыр тілемес те. Осы үш баланың үш түрлі ғұмыры, үш тағдыр жолы Әбунасыр есінде мәңгі қалыпты-ау.
6
Отырарға келгесін де қиқар қылық аяқтан шалар шәлкес мінез Әбунасырға көп кедергі жасады. Міне айдың жүзі болып қалды. Жинап алған он-он бес шәкіртіне жөндеп сабақ бере алмай келеді. Әбден қажып та бітті.
Бүгін «уһ» деп әзер дегенде Күмбезді мұнараны алды. Ішінен жалпақ бас шалды қуып шығу соншама қиынға түсті. Жұртқа беделі дарып қалған екен. Осы кең мекен-жайдан кетпей қойып, тіпті пәле қылғаны. Не сөз ұғып, не сөз тыңдатып жарымайсың.
Әне, қаныңа қарайып басқыштан темен түсіп кетіп барады.
— Аруақты сыйламадың! Пәлен жыл осы мұнарада көз майымды тауысып, жұртымның тыныштығын қорғап келіп едім. Енді міне өңкей дінсіз жалаң аяқтарды жиып алып мекенімнен қудың. Шырақшы деген әулие атыма кір жақтың. Мен Бұхарға, Әулие аталарға барамын, айтам, тірідей ыстық құмға көмсін! Ия, пірім-ай...
— Бір пәлені тағы бастайтын болды-ау мына жарықтық. Неткен шәлкес жан еді...— десіп, шаң-шұнды естіген былайғы жұрт жағасын ұстады. Өйтетін де жөні бар. Бұл жалпаң бас шалдан бәрі де шығады. Аллаға тәуба етпедің деп (еткені, не етпегені ешкімге белгісіз қалды) жап-жас жігітті ыстық құмға көмдіріп, тірідей майын ерітіп өлтіргенің көрген. Тағы бірде жаудан тұтқын болып келген қызды бір түн қасына ұстап, ертеңіне түсі бұзылып тұрып «діңі бұзық екен, дініме кірмес» деп Арыс өзенінің бойындағы қопаға тастатқан. Ол қопа жолбарыстардың жымы болатын ...— Туу, еске түсіре берсе таусыла ма...— десіп, қыш қалап үй соғып жатқан көне көз зергерлер істеріне қайта кірісті. Осы бір іскер қол, бейнетқор жандар әр кезде жалтақтап, өздерінің балалары оқып жатқан Күмбез мұнараға қарайды. Жүздеріне нұр ойнап, күлім қағады. Көздеріне жас үйіріледі. Балаларын адам ететін Әбунасырдың арғы-бергі аталарын жыр қылып айтады, құлақтарын шулатып бата жасайды... Енді, бас зергер ісін қоя салып, белін жазып, басын көтеріп алды.
— Әу, ағайын, маған бір ой түсті. Осы салып жатқан үйімізді медіресе деп атасақ қайтесің?
— Онысы несі? Датқа естісе не демек?
— Онсыз да датқаның сарайы жеткілікті емес пе? Енді шеттен келетін саудагерлерді күтіп алатын қонақжай қалып па? Тәйірі, екі-үш күнге ештемесі кетпес олардың, түйелерінің қасында-ақ түнер. Балаларымыз оқысын. Бұл үй білім ошағы болсын.
— Жөн сөз, — деп бас зергерді қоштап қалғандары шуылдап жөнелді. — Бұқарға барғанда көргенім бар. Дәл осындай үлкен үйлерден медресе ашқан. Міне бүгін осылай деп, Әбунасыр ғұламаны бас етіп, датқаға барамыз. Арызымызды айтамыз, алдынан өтеміз...
Осыған бекініп зергерлер қайтадан іске кірісіп кетті. Бірі тасты тықылдатып қашап,бірі қыш қалап, келесі бірі оны өлшеп, сығалап жатты. Маңдайлары әжім-әжім, алақандары күс-күс болған өнерпаз жандар. Сәт сайын тіреулерді биіктетіп, нар жасап, күмбірлетіп күмбез көтеріп, өріп әкетіп барады. Қарап тұрып қайран қаларлықтай. Әр тас орын-орнына қиюластырып қаланған. Әр қыш өрнек салып, бедер жасап барады.
Бұл кезде Әбунасыр да сонау жоғарыда өз шәкірттеріне құрылыс ісі жайлы сабақ өткізіп тұрған... «Әрбір қыштың үш түрлі қасиеті болады, — деп сонау күмбез мұнарадағы жайда сөйлеп тұрды. — Иә, әрбір қыштың атқаратын қасиетін жадыларында түйіп алыңдар. Бірінші қасиеті — байланыстырушы, өзін қалған қыштармен біріктіруші міндеті болып табылады. Мұны дәнекерлік қасиет деп атаймыз. Келесісі — салмақтық қасиет, бұл ең бастысы. Әрбір қыш салмақты көтереді әрі салмақ түсіреді. Мұның баршасының өзіндік өлшемі бар. Соңғысы — өрнектік қасиеті. Қышты тек қауқитып қалай салатын зат деп қана түсінсек ұтылғанымыз. Оның ең қиын, үшінші қасиетін ескермегеніміз. Қышты өрнектеуші, әр беруші деп те қарауымыз шарт. Сонда, қазіргі заманғы не қилы қабырғалы құрылыстардың сырын тереңірек ұғамыз. Енді, әлгі айтып өткен үш қасиетті есеп заңымен байланыстыра талдайық. Жеке-жеке жіктеп көрелік»...
Күн сап-сары болып батуға айналғанда барып Әбунасыр сабағын аяқтады. Күмбез мұнара іші күмбірлеп күйге, нұрға толып тұрған. Балаларды таратып жіберді. Иығындағы шалманың ұшымен маңдайының терін сүртті. Қажып, шаршап қалғанға ұқсайды. Әйтсе де көптен бері бір тыншып рақаттанып, дүниені ұмытып өткізген сабағы болды бұл. Мұнара биік, шаһардың шуы келмейді. Жарығы мол, алыстан құртақандай болып тірлік етіп жүрген диқандар, құйғытып асау қуған жылқышылар көрінеді. Көңілге жел беретін ауасын айтсаңшы. Сары даладан үздіксіз самал соғады да тұрады... Рақаттана бір тыныстап алып сонау көкжиекке көз жіберді. Мың бұралып ағып жатқан Арыс өзені, жағасы толы тоғай, жым, қопа. Әріде шаңы бұрқылдап Жауһар қыстағы жатыр. Көзіне қаһарлы қолдай, кіл өрім жаугер жігіттер келді. Қарақат көзі жәудіреп нәзік денелі, жігітше киінген Жауһар елестеді... Селт етіп Қаратау жаққа қарады, айдың да толып тауар шағы болыпты-ау. Сонау Құбажонның беліне Жауһарды іздеп баратын шақ жеткен екен. Көп кідірмей, дәл бүгін атқа қонып, тартып кеткені жөн.
Жылдамдата мәрмәр басқышпен темен түсіп келеді. Бойы сергіп, жүрегі дүрсілдей соғып алқымына тығылып алып-ұшып барады. Зарығып күткен сағынышымен бүгін кездеспек.
Көшеге шыққанда қарсы алдынан сарай соғып атқан зергерлер жолыға кетті. Кіл шаң-шаң, үстеріне бояу жұққан жүдеу киімді жандар. Ортасында басшы зергері бар. Сәлемнен соң бас зергер сөз бастады. Үзіліп шыққан үнінен қатты толқып тұрғаны байқалады.
— Әбунасыр ғұлама, қазір біз мынау алаңнан үлкен сарай тұрғызып жатыр едік. Датқа оны келім-кетім саудагерлердің қонақжайы етпек. Біз бәріміз ақылдасып бір тоқтамға келдік. Айтарымыз, бұл сарай медресе болсын. Датқадан пұрсат сұралық. Өзің баста бізді...
Бас зергердің мына сөзін естігенде Әбунасыр қуанғаннан елжірей тебіреніп кетті. Осы тұрған бейнетқор, қарапайым жандардың түп-түгел қолын қысып, құшқысы келді. Көзіне нұр үйіріліп; «Жарандарым-ай, медеуім болдыңдар-ау», — деп разы қалпымен алғыс айтты. «Датқа да көп тілегін итке тастар деймісің? Түні бойы айтысса да барын салып көреді». Не де болса қатайып, қаныңа қарайып жеңіп шықпақ.
Бұрылып, зергерге қосылып, Күмбез Сарайға қарай беттеді. Осы кезде күн де батқан еді. Оң иықтан аппақ толып туған ай көрінді. Қыз күтетін айы осы. Сүттей жарық нұрын төгіп көтеріле берді. Құдды жаңа саумал секілді.
7
«Хга, әйе! Біздің қоныс Өлі теңіз жағасында. Отын сөндірмей күтіп отыр жарымыз. Құшағын ашып қарсы алады. Жылынамыз отына. Жарамыз да жазылар. Аунап-қунап әл жиярмыз. Көп ұзамай от басына тағы бір бала қосылар. Содан қайтып аттанамыз. Жөйітке қарс сүңгі сілтеп, қылыш қағып көреміз. Пірлер бізді жебе келген. Хга, эйе!»
Қыздың төсіндей аппақ ай тас төбеде тұр.
Құбажонға Жауһар тұлпарымен шауып шықты. Атжалынан жүзін көтеріп, тізгін тартып,. айналаға қарады. Сүттей аппақ түн. Тыныштық басқан. Дала шегірткелері ғана шыр-шыр етіп әлдеқайдан әндетіп жатыр. Алыста бірдеме елпектеп, қараңдап, жорғалап барады. Аттың демігіп қатты алған тынысы, тыпыршыған дүбірі ғана маңайды селк-селк еткізеді.
Жауһар атынан түсті. Тізгінді сүйретіп олай-бұлай жетелеп көп жүрді. Ақырында тұлпарға шідер салды да отқа қойып өзі жеке кетті. Құбажонның төсін сенделіп әлі жүр. Әлден уақытта алыстан қасқыр ұлуына ұқсас құлазыңқы дыбыс келді. Қыз жерге жата қалып тың тыңдады, дүбір жоқ... Тынысы жиілеп, жүрегі аузына тығылып, шарадай көзіне жас толды. Кебір топыраққа бір тамшы тамды.
Бір кезде қалың ойдан серпілгендей болып селт етті. Кеудесін қысып тұрған кеудешесін шешіп алып аулаққа лақтырып жіберді. Көйлегінің омырауын ашып, жусан үстінде отырды да, енді көсіліп жата кетті. Көзін жұмып ауық-ауық терең-терең тыныс алды. Алыстан тұлпар кісінеді, басын көтерген жоқ. Иесін іздеп тұрған өз тұлпарының даусы. Арқасына жусан батып, денесі тоңазып ұзақ жатты.
Ай да тас төбеден ауған жоқ.
8
Әбунасыр датқамен айтыста жеңіп шықты. Жаңа салынып жатқан кең сарай болашақ медресе болатын болды. Бірақ Күмбез Сарайдан қиналып, күйзеліп кеткен. Еш жері ауырмаса да мына сарай еңсесін басып жаншып жібергендей.
Отырарға алғаш келгендегідей қарсы алмады; ақылшы, кеңесші, дау-дамай қариялар мұны түтіп жоқ қылып жіберетіндей болды.
Датқа да суық қабақ, әр кезде жауар бұлттай түнеріп салқын сыз беріп қояды. Оның үстіне шырақшы жалпақ бас шалды Күмбез мұнарадан қуғаны бұларға қатты батқан секілді.
— Дұрыс істемедің, Әбунасыр. Ол жарықтық енді Бұхарға айтып барар. Айтқанда да өштесіп, жауласып кетер. Ондағылар қалай ұғып, қалай шешерін кім білген тағы. Іргелі ел болсақ та бір тізгін, дің тізгіні солардың қолында емес пе? Дұрыс істемедің. Елімізден тыныштық кететін болды, — деп датқа нығыздап қойды.
— Тентектің ісіне күйеміз бе?..
— Өзімен-өзі кетсін!..
Дескендер де болып қалды. Мұны естіген Әбунасыр ойдан жүдеп, тіпті, қапаланып кетті. Айтар сөзі тамағына тығылып тұрған. «Елім, жерім деп келгенде... Дұшпанға табалап кете бермек пе? Бұлар түсінсе қайтер еді? Нақа бір елдіктің орныңа жаулық жасағалы жүргендей». Датқа да терең ойда отырған. «Бұл бала айтқанынан қайтпайтын бір бет болды. Үйренген білімі ересен. Ана қолдайға жалғыз барып, оқытуға бала алып келгенінен-ақ шошынғанмын. Бүгін міне, мына қара тірсек зергерлердің құлағын көтеріп, шулатып соңына ертіп сарайыма әкеліп отыр. Қарап отырсам жұрт арасында да күн санап беделі өсіп барады. Халық мұның айтқанынан шықпайтын секілді. Иә, күндердің күніңде мына кіл шуылдақ зергерлерді, ана оқып жатқан қара борбай найсаптарды «датқамыз Әбунасыр болсын, сіз енді алжуға айналдыңыз» дегізбесіне кім кепіл? Тіпті жаман айтпай жақсы жоқ «сөйлесіп, сөз сатып жүреміз бе? Құдыққа тастап көзін құртайық» десе ше? Қой болмас. Бұл пәле тамыр жаймай тұрғанда құтылған жөн болар. Ғұламасы да бар болсын. Басыма пәле тілеп нем бар осы? Қараңғы болсақ құдайдан, мейлі, жан тыныш, мал аман. Қалғаның уақытысында көре жатармыз».
Ауыр ойдан сергіген датқа басын көтеріп алып, сілтідей тынып отырған жұртына былай деді. Ойлап, болжап айтты.
— Құба-құп, Әбунасыр, дегенің болсын. Жаңадан салынып жатқан сарайды медіресе ет. Бірақ сенің отыңа мына біз күйгіміз келмейді. Бұхар жақтан жаманшылық алып жаушы келсе арашалар қауқар жоқ. Өз дегенің, өз тұтатқаның, енді өзің өшір...
Сөз бітіп, жұрт тарасты. Әбунасыр ауыр ойда кетті.
Қыпшақтардың кең даласы кеудесіне тарылғандай сезілді. «Еркін өмір, кең өлке, жайбарақат жұрт, айтарың осы болды ма? Тіпті қай жерге барса да дәл осындай медіресе ұстап, ғұламалық етері айдан анық еді ғой. Несіне пұшайман, шетпұшпақ болады. Жек көрініштілік қой. Жауһарды алып кең дүниені кезіп кетсе ғой; қой болмас... жүрегіндегі елге, жерге, мына тағлым ұрпаққа деген махаббатты қайда сыйдырмақ? Қайтып әкелмес пе? Елім, жерім деген еңіреген ер емес пе? Тәуекел ғып, күресіп көреді, күресе бермекші».
Медреседе сабағы жүріп жатқан. Кішкентай Ясы, кәдімгі кәрі қолдайдың қасынан өлердегі сөзін айтып алып келген Ясы жүгіріп келіп қолына қағаз ұстатты. Танданып тұрып ширатпасын жазып қарап еді. Іші толы шимай-шатпақ жер бедері, белгілер. «Ясы-ау, мұның не?» «Бұл жер бедері, өзім сыздым. Мынасы Арыс өзені, Бұл ма?— Отырар...» Ясының көзінде ұшқыны бар. Көкірегі сайрап тұр. Арқасынан қағып, зеректігін мақтап, қағазын қайтып берді де сабағын әрі жалғай берді. Жағрафияны оқытып жатқан. Бүгін Орта үстірт, Мәуереннахрды үйретіп жатқаны еді. Кереметі мен құпиясы көп қызық сабақ болды.
Ертеңіне де кішкентай Ясы шалғайынан тартып өзіне қаратып алды. Бұл жолғы қағазында өзен, шаһар, тау белгілері емес, өзінше қосқан, сызған бірдемелері бар. Әр жеріне иректеп жазыпты. Түсіндіріп жатыр. «Мынасы Сайрам шаһары. Иә, Қаратаудың түстік тұмсығында жатыр. Ал мынасы Шаш шаһары, көрдіңіз бе, арасында үлкен қырат жатыр. Хош деңіз. Енді осыдан түстікте, Отырардың күншығысында, Қаратаудың етегінде, міне, мына жерде Шабғар атты қыстақ жатыр». «Е, естігенім бар». «Бұл Шабғар қыста сауда, соғыс орталығы болуға лайық. Қиын-қыстау күндерде Отырардың арқа сүйері, қыпшақтардың табан тірері сол болмақ. Мына сызық осы айтқан үш шаһарды қосатын жер асты жолы болмақ». «Жер асты жолы несі?» «Сайрам, Шаш, Шабғар шаһарларының арасында ма?» «Қарағым-ау, бұл неге керек, кім салдырмақ?! «Керегі көп мұның, оны өзіңізге оңаша кезде айтамын. Кім салдыратының да кейін айтамын». Сөзі нық сенімді. Кесіп-пішіп айтып тұр. Әр сөзінде ертеңнің лебі еседі.
Қатпа, арық Қадыр болса ойлағаныңдай-ақ оқуға қырсыз болып шықты. Айтқанды ұғып алмайды. Ұмыта береді. Атақты қолбасшы — қолдайлар туралы айтса таңданғанынан аузы ашылып қалады. Ескендір жорығы жайлы күні-түні тыңдауға бар. Атыс-шабыс, қырып-жою жайлы әңгімені құлағы салбырап ұйып тыңдайды да отырады. Енді құрылыс ғылымы, зергерлік, жұлдыз санау, жағырафия, фәлсафа, таным сынды сабақтарда қалғып-мүлгіп есінеп, есі кетеді. Ұрып, ұрсуға тағы да болар еді. Бірақ оқудан тіпті жеріп, қолдайға қашып кете ме деп қаупайлайды. Жекіп, шәкірттерге ығыр мінез көрсету Әбунасырдың табиғатыңда жоқ-ты. Бірбет, берік, жібектей есілген мінезі біреуге жағып, біреуге жеңіл соғып жүруі әбден ықтимал-ау...
Ақыры болмады білем, Қадырды бақырауық тайлаққа қайта мінгізіп, кәрі қолдайға қайтарып жіберуге тура келді. Алақайлап қуанып, секіріп кетіп барады: «Жаугер болып шығамын», — деп мақтанып қояды. «Болсаң бол, көкірегің көр болмасын, әйтеуір»,—деді шығарып салып жатып.
Баланы бір сәт кідіртіп тұрып, қолына айдың суреті салынған жібек орамал берді. «Жауһарға бер»,— деп тапсырды.
Өткен жолы Құбажонда қызды күтуге бара алмай қалып өкініште еді. Енді сәті түссе қайта кездеспек, тілдеспек бір. Мына орамал соның жоралғы белгісі болатын.
«Қолына берем»,— деп Қадыр бала орамалды қойныңа тығып алды...
Қорқытта... қобызын қолынан тастамай әлдеқандай құпия әуенді ыңылдатады да отырады. Мінезі сол дөрекі, икемсіз,жат. Жұртқа жуыспай ылғи бір бұрышта отырып әлденені ойлай ма, тыңдай ма, түсіну қиын, өзімен-өзі. Сабаққа да ықыласы зор. Естігенің қағып алады. Жадынан шығармайды. Жүре бара Әбунасыр бұл баланың асқан дарын иесі екенің таныды. Дүниедегі дыбыстың бәрін құлағы еститіндей көрінеді. Құлағы қалқиып, екі иығы едірейіп әлденеге ыңылдап, қобызына күй іздеп жүргені. Жұрт оны: «Баксы болғалы тұр. Арқасы бар екен»,— деп біраз жерге апарып тастады. Оның табиғатына, жүріс-тұрысына қарап жағаларын ұстап, таңдай қағысты. «Бұл балаға қобыз үйреткені несі? Енді арқасы ұстап кетеді-ау, бәтшағардың. Ұстазының да бір пәлесі бар, өстіп ылғи жын шайтанды шақырып жүреді!», «Е, е, қойшы, қария». «Қойың не, жын-шайтанмен жолдас болмаса, ай туғанда атқа мініп Құбажонға жортып кете ме?» «Е, е, беу, қария-ай, қойыңызшы енді». «Апырмай, мынаның миғүласын... нанбасаң өз көзіңмен көр. Бүгін кешке, ай туар сәтте шаһар сыртына шық. Содан андып жат. Құбажонға баратын сүрлеумен жортып өткен осы Әбунасырды көресің. Мен де қапияда отын әкеле жатып көріп қалдым...» «Қойыңызшы, не болған сізге, ақ сақалыңызбен»... «Әні, өстіп әкеңдей кісіні өтірікші қыласың енді. Қорқып тұрсың ғой шаһардан шығуға. Жарайды, өзім ертіп барайын. Бүгінше базар аңдымасам да болар. Күн бата үйіңе соғам, киініп дайындалып тұрғайсың».
Отыншы шалдың айтқаны келді. Шыңыраудан құлақтанып толық ай туған сәтте шаһар жақтан ат дүбірі шықты, Артынша салт атты кісі көрінді. Андып отырғандар ай сәулесі кісі бетіне түскенде білді — Әбунасыр...
Әбунасыр сол шапқаннан шауып отырып Құбажонға бір-ақ шықты. Жусаны бітік, қиыры көрінбейтін, кең алап. Ай сүттей жарық болып тұрған кезде әсемденіп, құлпырып кетеді екен. Барлығы да алақандағыдай айқын көрініп тұр. Көрінгенде, түнгі тышқан аулап жортақтаған түлкі, қалқып өткен құс, иісі бұрқыраған бітік жусан бәрі-бәрі ап-айқын. Әлден уақытта астыңдағы аты елең еткендей болды. Құлағын салып тыңдап көріп еді, жұлдыздың астыңда бір түйір болып аттылы келеді екен. Жүрегі өрекпіп қарсы жүрді. Дүбір де жақындай түсті. Жауһардың келбетін, жанарын көз алдыңа елестетіп, ішінен елітіп ғашықтық оты шарпып келеді. Енді аттан түсіп жаяулатып жүрді. Алғашында... тіпті бөтен, басқа кісідей көрінді, жүдеп-жадап, мүлде өзгеріп кеткен Жауһар екен.
Қаз мойын қазан аттың үстінен қызды көтеріп алды. Аяғын қатты жусан тырнамасын дегендей біраз жерге дейін қолынан түсірмей алып барды. Қыздың ыстық демі мойның шарпып, мас етіп тәлтіректетіп жіберді, сонда да Жауһарды жібергісі жоқ-ты. Қары талып ақырын ғана босатты. Аяғы жерге тиген сәтте қыз мүлде өзгеріп кетті. Сағыныштан әлсіреген, қыстыққан қауқарсыз нәзік жанның орныңда енді жаугер жігіт тұрғандай болды. Бойын жинап алып үркектеп шегініп барады.
Айдың аппақ жарығы қыз жанарын айқын көрсетіп тұр.
— Сенен артық жар таба алман өмірде,— деді Әбунасыр күбірлеп.
— Маған сендік болу жазбаған, — деді қыздың жанары.
— Үрікпеші, алып соғып жемтік етер арлан емеспін ғой. Көрген сәттен ғашық болғам.
— Сезгем. Бірақ менің жолым мүлде басқа. Кәрі әкемнің жалғыз перзентімін. Ұл баласы болмаған соң, мені ұл деп атандырып, жастайымнан жаугердің киімін кигізген. Сәби күннен еркекше киініп, еркекше жүріп-тұрдым, мінезім де еркекке ұсап кетті. Жан дүнием, бар тәрбием әйелдік қасиетті білмейді... Мені ал, падишам,— деді қыздың жанары.
— Қиянға алып кетемін. Онда әкең сенің қалай киініп, қалай жүргеніңді білмейді. Жаныма жар боласың!
— Болмайды. Кетіп қалсам, әкем лағнет айтады. Найза сабымен теріс бата береді,— деді қыз жанары,
— Ендеше алдынан өтіп, батасын сұралық.
— О несі, менің қызша киінгенімді көрген соң екеуміздің бірімізді мерт етеді. «Менің Жауһарым — жігіт, жігіт өліммен кетеді» деп күн сайын сан мәртебе айтып отыратын, — деді қыз жанары жыларман боп.
— Шарам таусылды. Үрікпеші енді,— деді Әбунасырдың жүрегі.
Жақындай түсіп дірілдеп тұрған қыз білегінен ұстап құшып сүймекші еді. Ол бұлқынып шығып анадай жерде жайылып жүрген атына жетіп барды. Енді бір сөз айтса асау, тағы қыз атына мініп ғайып болардай. Ішінен қатты шошынып қорыққан Әбунасыр сол орныңда қалт тұра қалды. Қыз шегіншектеп барып сәл кідірді. Жанары жәудіреп қимай, амалсыз кетіп барады. Дөрекі, тағы әдет-ғұрып еріксіз әкетті. Қыздың табиғатын қор етіп: «Сен — еркексің, атыңа мін, қолға қайт, әкеңді ренжітпе!» — деп бұйырып тұр. Соның құрбаны болып қарай-қарай кетіп барады.
— Жауһар, жаңа айдың толып туған шағында қайта келем! — деп қалды Әбунасыр.
Өз-өзінен булығып, қапа болып қыстығып айтты.
Қаз мойын қазан ат еркекше киінген қыпшақ қызын алып, көз ұшында ағып кетіп барады. Дәл ай астына барды да, көзден ғайып болды.
Әбунасыр түстегідей күйге түсіп, айналшықтап Құбажонда көп жүрді. Әбден аяғы ауырғанда барып атына келді, сүйретіліп мініп, кейін қайтты. Жас жігіт сенделіп келеді. Пыр етіп торғай ұшып көкке көтеріліп әнге басты. Аяқ астынан тағы біреуі көтерілді. Нақа біреу жусан арасында бұғынып алып, жұдырықтай сайрауық тастарды бірінен соң бірін көкке ыршытып жатқандай. Күншығыс жақ бозарып, таң рауаны біліне бастады. Қарсы алдынан Отырардың зор тұлғасы, көкті тіреген қыш мұнаралар, сұсты қорғандар көрінді. Осы сәтте ол жаңа айда Жауһармен тағы көрісем деп үміттенді.
Жас жігіт енді мәңгі-бақи түз тағысын, жүрегі сүйген жұлдызы Жауһарды көре алмайтының, өзіне де бұл даладан қатер төніп келе жатқаның сезген жоқ-ты.
9
Таң алдыңда қатты нөсер болды.
Жер-көкті ел-сел етіп, маңайды бұрқыратып, түтіп жіберді. Тобарсып жатқан сахараның беті жіпсиін деді. Қолды дереу тоқтатып, түйелерді шегеруге бұйырды. Саифтың өзі де жаны қалмай жүгіріп жүріп балаханада келе жатқан қарт ғұламаға бүркеме шатыр жасап берді. Сол арада жауынға мес қойдырып, жаралыларды ыққа жасырып әлек болды. Аспан жарылып түсердей шарт-шұрт етіп сынып найзағай атты. Қиналып жатқан Әбунасыр көзін ашып алды. Қарсы алдыңда жүзіне үңіліп Саиф қолдай тұр екен. Түсі суық, қабағында терең кейіс, күйзелушілік бар.
Көзін қайта жұмды, ойланып жатыр... Мына Саиф өзінің қыпшақ атасын тани ма екен? Жүрегімен сезе ме, әйтеуір пір санап жанынан айналшықтап шықпай қойды. Өзін әулие тұтады. Мінеки, он жылдан асыпты, осы Саифтың қолында тұрып келеді. Баласындай жақсы көріп бауыр басып кетті. Саиф та қартты жанынан тастамай қайда барса да өзімен алып жүретін. Әйтсе де неше жылдан бері шешілмеген бір сыр барды. Ол — Саифтың — өз жерлесі, баяғы бір заманда мысырлық саудагерлер алып кеткен отырарлық қара бала екенің айта алған жоқ-ты. Айтқысы да келмеді. Жастық шағын ұмытып, өзінің тегін араб халифатынан деп ұғып жүрген осы қыпшақ тұяғы сол сырды сезген емес. Осыны ойлап жатып қарт ғұлама тағы қиналады.
«Демім бітіп, көз жұма қалсам, сол құпия сыр мәңгіге жұмбақ кетеді ме. Жасырып кеткенім күнә емес пе? Жаныңа соншалықты жақын, адал, ұлындай жақсы көретін қолбасшы жігітке шындықты айтпай қалай шыдар...» Жауын да басылған сияқты. Жұпар иіс кеудені кернеп барады. Керуенші, сарбаз, күтуші біткеннің күйбеңі басталды.
Қос нар қайта тұрып, балахананы, оның үстіндегі қарт ғұламаны шайқай түсіп тартып берді. Соңынан қол ерді. Қолдай Саиф түнере түсіп қос нардың қабатыңда келеді. Қолдың арт жағынан бәдәуи заржақтың әні естіледі. «Хга, эйе!».
10
Ие, есіне сол бір еміс-еміс ыстығы мол шақтары қайта оралды. Жатса-тұрса есінен шықпай мазалап бітті...
Отырар шаһарында атам заманнан бері келе жатқан көне кітапхана болатын. Бүгін әдейілеп барып көріп еді, көп жазбалар дымданып, көгеріп, шіруге айналған. Қоймасы да шоңқиып шегіп құлауға қалған. Іші қара көлеңке, күн сәулесі төбедегі тесіктен ғана сығалап қарайды.
Қайтсе құтқарып қалады... ойлай-ойлай басы қатты.
Өз сарайына көшіріп ақ алар еді, жақында шәкірттерге арнап расытхана салдырмақ болып, зергерлермен келісіп қойған. Артық-ауыс орын қалар емес. Осында өзінен бұрын шәкірт ұстап, шамалы ұстаздық қылған шал бар еді. Соған жүгініп ақыл сұрамақ болды. Алқынып келгенде әлгі шал шамалы-ақ болып шықты. Кәріліктен бе, әлде бұрыннан болымы сол ма айтып ақылға жарытпады. Ақырында айтар сөзінен жаңылып айдалаға қаңғып кетті.
— Бабыл елін көрсем деп армандаушы ем. Сәті түспеді бір. Қылшылдаған жас кезде сәуріктей шіңкілдеп жүре беріппіз. Отасқан соң тіпті отырып қалдым. Кешегі Әбунасыр енді міне Бабылға да барыпты. Ұстаздан шәкірт озған заман-ау!
— Ұмытпасам, сізде көне бір шежіре болушы еді. Соны берсеңіз, шәкірттерге оқытар едім.
— О несі? Өзіме де қажет. Осы маңайдың бар шалы келіп маған жығылады. Қай атадан қай рудың тарағаның қарап жіберем де тақ еткізіп айта қоямын. Әр айтқаным бір теңге тұрады. Мал табар кітап болды өзі.
— Япырмай, тағылым жері бар секілді еді. Ең болмаса шәкіртімді жіберіп көзбе-көз отырып көшіртіп алайын.
— О несі? Киелі кітапты балаға ұстатып жын қағып па? Әбунасыр бұл әңгімеден түк өнбейтінің енді түсінді. Сөз ығытын алғашқы арнаға қайта бұрды.
— Кітапхананы қалай құтқарып қаламыз енді?
— Қайбір кітаптар дейсің сол. Өңшең жын қуған ақындардың жыры ма? Саудагерлердің сандырағы ма? Жатсын солай. Қасиетті кітап болса шіруші ме еді? Әнеки, Көкмардан мешітінің көк кітабы өмірі шірімей-ақ келеді. Қасиетті деп соны айт. Пай-пай!
Әбунасырдың басына бір ой лып ете қалды. Көкмардан мешіті жайлы бұрын да естіген. Биік дөңнің басына салынған, өте ежелгі орын. Іргесі жеті көз келетін Қаратаудың тасынан өрілген деседі.
Гулеп, күмбірлеп тұратын. Атам заманғы қышы да мұрты кетілмей пышақ қырындай болған. Иә, ең құрығанда соның бір бұрышын ала алса асыл мұра қор болмас еді-ау.
— Мешіттің күзетшісі кім болды екен?
— О несі? Сарай деп пе ең — күзететін. Әулиелі жерде шырақшы жүреді. Ол мына алдыңда отырған ақылшы атаң. Қартайғасын біраз мінажат қып өтейін деп...
Аузындағы сөзін айттырмастан шалға жатты да жармасты. Бар айласын салып бақты. Кітаптардың қадірін айтып, жоқ жердегі қиссалардан үзінді оқып, әбден есін кетірді. Көнбес те еді, әр кітап басына жарты теңгеден төлемек болып уәде етті. Теңгені естіген сәтте шалдың көзінен үміт ұшқыны жылт етіп көне қалды. «Уһ» деп уәде етіп, сөз байласып, енді шәкірттеріне жөнелді.
Жаңа байқады, қатты шаршап, құлауға айналып келеді. Жағын сипап еді, қалың сақал қаптап қауқиып кетіпті. Алаулаған жүзі, оты мол жанары болмаса көрген кісі жас жігіт дей қоймайтын. Маңайынан көлікті, жаяулы, тысыр-тысыр етіп жұрт өтіп жатыр. Отырардың араб шаһарынан бір айырмасы, базар андып, көше кезгенді сүйетін саудагер, делдалдары аз. Оның есесіне жаугер жігіттер, ісмер зергерлер көп кездеседі. Әйелдер де жарқанат құсап тығылып жатпай көшеде еркін жүреді. Ерлерімен бірдей іс қылады. Шаһардың бұл мінезін Әбунасыр жасынан сүйіп өскен.
Түс ауа соңынан шәкірттерін шұбатып көне кітапханаға келді. Күзетші өте кәрі, қаншаға келгенің өзі де ұмытып қалған саңырау шал болатын. Есікті аштырып бұлар ішке енді. Лақ етіп төгілген күн сәулесі қыртыс-қыртыс, мыж-мыж болып жатқан ескі қолжазбаларды көрсетті. Сіресіп шаң басқан. Кейбірі қол тисе үгітіліп кетердей іріп тұр. Ептеп ашып қарай бастады. Көне қыпшақ жазуымен жазылған екен. Тілі түсінікті...
«Атым — Қара шор, құрметті атым — Қара азбан. Төменгі Урусты басып өтіп, бетіме қызыл, көк таңбалар түсірдім. Әйелімнің аты — Тошайын, ұлымның аты — Өгіз. Елімде ер атандым. Ту ұстаған жаушы болдым. Мешін жылы он жетінші жұлдызда әйелімнің, Өгіз ұлдың рақатынан айрылдым. Қапы кеттім. Әйелім ауыр қайғыда тұл қалды».
Әрі қарай оқи беруге қараңғылық көзін суырып жеп шыдатпады. Бұл да бір болып өткен бабасының өмір жолы еді. Жазып қалдырып кеткен аманаты бұл.
Шәкірттері кітаптарды күні бойы тасыды. Көкмардан мешітіне мыж-мыж болған қолжазба, сарғайған кітап, қой терісіне ораған ширатпа жазба үздіксіз тоғытылып жатты. Әбунасыр басында өзі тұрып, ұстаз шалмен шақылдасып ұрсысып жүріп, кітаптарды жайып, кептіріп шаңын қағып, сүртіп, жайғастыра берді. Күн батып, қас қарайғанда барып қыруар істі бітіріп те болды. Әбунасыр есік алдыңа шықты. Терін сүртіп, тас басқышқа отырды. Жүзінен нұры ойнап, рақат ләззатты ойға шомды.
Осы Көкмардан мешіті жылдар өте өзінің мешіт атын жойып, аса бай кітапханаға айналатының анық сезгендей еді. Жер жүзінде Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орын алатын бай білім ошағына айналарын білгендей еді.
11
Қорқыт ұзақ бір күй ойнаған. Іші толы өксік, ызың-ызың, әр кезде ашыну, айтуы бар ғаламат күй. Тыңдап отырғандар бара-бара толқи бастады. Біреулері қобыз үніңе қосыла жылап, енді біреулері «мынау тәңірі жіберген Әжімәждің өзі» деп қорқа бастады. Сәт сайын күйдің де үні қатайып ашына түсті. Жұрт орнынан қозғалып, ентелеп-ентелеп еңіреп келеді. Мұны байқап тұрған Әбунасыр осы сәтте шәкіртінің иығынан қағып, ойнауын тоқтата қойды. Маңайды тыныштық басты.
Жұрттың көбі әлі есін жия алмай, аңтарылып қалды. Бір кезде әлдекім қышқырып жіберді: «Жарандар, мынау бала емес, бәле! Әжімәждің қошықшысы», — деп айқай салғаны. Сол сол-ақ екен жұрт қаптай түрегеліп: «Мұны шыңырауға тастап, үстінен от қою керек»,— десті. Шулап, күңіреніп есер топ епетейсіз отырған Қорқытты жұлып, жұлмалап әкетті. Түтіп жеп өлтіріп тастайтындай. Әбунасыр ашына айқайлап арашаға түсті.
— Алдияр, халайық! Сабыр етіңдер. Қайдағы Әжімәж, қаңғып жүрген. Бұл өзіміздің Диқан бабаның баласы — Қорқыт емес пе? Қараңдаршы, өзі де қауқиып қорқып тұр.
Жұрт сескеніп, үрпиіп ежірейе қалған.
— Әжімәж болмаса әлгіндей күйді қалай біледі? Бір кереметі бар мұның!
— Ұстазы да, шәкірті де жын шақырған бақсы. Бәрімізге бәле әкеледі әлі.
— Түнемесіне ұйқы көрмей, Құбажонға шығып перінің қызымен кездесіп жүргенің көргем. Шаһарымызға жын-перісін толтырады әлі.
— Япырмай десеңші, өзіміздің Әбунасыр емес пе бұл?
— Болса болған шығар, жеті ғаламның білімін үйреніп келгеннен бері ол емес, әйтеуір бұзылып біткен де.
— Алдияр, халайық! Ақылға келсеңдерші. Менің үйренген білімім көздеріңді ашады, өмірге пайда береді емес пе?
— Міне, көріңдер мына Ясы қазір кереметтей зергер, сынықшы. Мына бала асықойнағаннаң өзгені білмеуші еді, қазір жұлдыз санап, бағдарын біліп, алдың ала күн райын болжайды. Мынасы кітап көшіруге ынталы. Ал Қорқыт болса күйші. Маңайдағы тіршіліктен не дыбысты естіп, біліп, соны қыл ішекке түсіріп сөйлете біледі. Бар кереметі сонда жатыр...
Көп айтты, әлінше ұқтырды. Жұрт та ақылға келіп, ғафу өтініп тарқай бастады. «Бәрін бүлдірген сен қақбассың! Перінің қызымен жүргенің көрдім деп зарлап болмадың. Үйінде омалып отырсайшы онан да», — деп, қасындағы шалға қапсағай кісі ұрсып жекіп барады. «Сыйласты кісіні өстіп ренжітетініміз бар. Қараңғылық-ай!»
Жұртты тарқатып, Әбунасыр енді Қорқытты жетелеп Күмбез Сарайға беттеді. Ойы — шаһар датқасына баланы, оның өнерін көрсетіп, аманат сұрап алмақшы еді. Шәкірттердің бәрі жүдеу киінген, кітап-саймандары жетіспейді. Жарата-жарата өзінің де әкесінен қалған біраз дүниесі таусылуға айналған. Салақтап, ел шауып жүріп, ол марқұм жарытымды мал жия да алмапты. Топырағы торқа болғыр... Ең болмаса, датқа разы болып, бала Қорқытты жақсылап бүтіндеп жіберер. Көңілін, меселін жықпас...
Күмбез Сарайға жақындап келгенде алдынан тасырлатып шауып жаушы шықты. «Осылардың таяқ тастам жерге де шауып жүретіні несі екен? Жұртты қағып кете жаздайды», — деп ойлап кележатқан.
— Сізді датқа шақырып жатыр. Тез жеткейсіз,— деп дүңк ете қалды әлгі.
— Ие, не болып қалыпты?! — деді еріксіз. Жаушының ештеме білмейтінің сезіп тұрса да.
— Тез жүріңіз енді, жарлық солай...
«Япырмай, мынаның жұлмытын-ай. Жерден шыққан көк желке ғой өзі». Ұстазына бұлай дөрекі сөйлеген мына әкірең жігітті Қорқыт үйретіп жібергісі кеп бір тұрды. Денесі қалш-қалш етіп атылып түспек еді, Әбунасыр жіберген жоқ.
«Не қыласың, қарағым, онсыз да осылардың бізге жамауы аз болған жоқ. Енді шәкіртіне жаушымды сабатыпты» деген атқа қалармыз. «Қобызыңды берегірек ұста, ана неме қағып кетер», — деп ақыл айтты. Қолынан қысып, өзінің ізбасары, атын, ісін кейінгі ұрпаққа жалғайтын жан тапқанға жүрегімен тәубе айтып келеді.
Күмбез Сарай бұларды салқын қарсы алды.
Датқаның ақылшы-кеңесшілері жоқ жалғыз өзі отырған. Бұлардың сәлемін ернінің ұшымен ғана алды. Қасындағы балаға жаман көзімен қарады. Күтушісіне: «Қымыз әкел», — деп жарлық айтты. «Жақынырақ отыр, Әбунасыр. Бір-бірімізден жасыратын сыр жоқ», — деді. Онысы, қасындағы бала артық дегені еді. «Тақсыр, бұл ең сүйікті шәкіртім еді. Ныспысы — Қорқыт, Сізбен тілдестіргім келді. Бұл шәкіртімнен жасыратын менің де ештемем жоқ», — деді бұл.
— Құба-құп. Құлағыңды сал онда. Бүгін Бұхардан жаушы келген. Айтары қысқа болды: «Әбунасырдің гекіріп, Отырардың сопысы болсын, не қанды қылыш ұстасын. Біз оның жолына, жолын ұстаған жұртына ту көтереміз. Ат құйрығын түйеміз» депті, — деді.
Біразға дейін сарай ішіне меңіреу тыныштық орнады. Иә, екінің бірі. Ие, басына сәлде орап, шырақ ұстап, ғұмыр бойы қараңғы қапаста өту, өзіңді қор етіп жоққа сену. Ел-жұртын қанды жолға бастау. Екеуі де ауыр. Ойламаған жазасы болды. Қаныңа қарайып, қатты түйлігіп отырып қалды.
— Екеуін де ұстарым жоқ. Жерім, елім, соның ертеңі деп келген едім... Өзіңнің не сөзің бар?! Қайраңға сала бермей қайырыларыңды айтшы.
Мына сөз датқаның өңменінен өтіп кетті. Енді жұта берген қымызына шашалып қалды. Көзіне қан толып, түсі күреңітіп шыға келді.
— Шынымды айтсам, маған елімнің тыныштығы керек. Сенің басыңды да отқа тастағым жоқ. Ағам ғой, ақылы ғой деп ұқсаң сопы бол. Сені мешітке, мүрдеге қамап қоймаспыз. Шәкірттеріңді оқыта берерсің. Бірақ бәрін жасырын істейсің. Медресеге берген сарайды әзірге мешіт деп атай тұрамыз... Ел аман, жұрт тыныш болса ақыры жылнама шырақшы етіп аламын.
— Алдияр, датқа! Осы отырған күрзіңді менің әкем емес пе еді қорғап қан төккен? Аруағыңды арттырам деп шейіт болды ақырында. Ұмытсаң оны айт. Ұмытпасаң — шырықты бұзған шырақшы шалды ұстап қалар шаман болмады ма? Енді келіп, жаушы келді, өйдепті, бүй депті деп қорқатындай, қалтырайтындай не күн туды? Қыпшақ деген қаһарымыз, атағымыз қайда?!
Қауқиып отырған қаһарлы датқа өзінен-өзі жаман жер болып сасып, жасып қалды. Әңгіменің тап бұлай насырға шабарын білген жоқ-ты. Әбунасырдан нақ мұндай ауыр сөз шығар деп ойламаған. Мына жас жігіттің күтуші, күзетші, шәкірт баланың көзінше өзін жер қылып кеткені батты. Тасырқап, кібіртіктеп сөйледі.
— Қалай болғаны, Әбунасыр? Әкеңдей кісіге... таусылғаным емес — қанатыма жасырғаным, қорыққаным емес жұртымның шырқын сақтағаным еді ғой. Не дегенің бұл? Білімдар, білгір дегендегім осы ма?...
Әбунасыр райдан қайтып, қабырға қағыстырар күйде емес-ті. Бір қисайса құлап түсетін, бір түңілсе қарайып кететін жан еді. Түнеріп, түйлігіп отырған. Күтуші ұсынған қымызды да алған жоқ. Қорқыт баланың қабағына қарап отырып соңғы сөзін айтты. Ішінен қатты толқып, күйзеліп айтты.
— Баланың жұрттан асқан дарыны бар. Құдіреттей күйші, жан-дүниені жылатып ойнайды. Аузына бак түкіріп, болайын деп тұрған жан. Тапсырарым, тіршіліктен пұшайман болмасын, көз қырынды сала жүр. Пенденің кұны — істеген рақымында. Мен де бейне — бала ұстап тасқа шапқан кетілген қылыш болдым...
Қымыз ұсынған күтушінің қолы дір-дір етіп жылап тұр екен.
— Өй, тәңір алғыр, мұнысы несі! — деп шошынды датқа.
...Қайрылмай кетіп бара жатқан Әбунасырды айқайлап тоқтатқысы келді. Ақырғы рет арызын айтып, өз басының да қайғы-шерін ақтарғысы келді. Бірақ орнынан тұра алмады, тас тұғырдай отырып қалды. Көзінде батар күннің қызылы. Бара-бара түйлігіп, қатты күйініп айтты. «Жер ғып кетті-ау, жау алғыр! Қайратым мен қаһарым сияр кеуде қалмады ғой».
Күрзісін сықыр еткізіп көтеріліп кетті. Тәлтіректеп, теңселіп келіп тіреуден ұстады. Батар күннің бояуы тіреуге түсіп тұр екен. Есіне әлдебір ызың, әлдебір қиқу аралас Мұхаммед қолдайдың кескіні келгендей болды. Отырарды жат жаудан қорғап шайқасып өткен есіл ер еді. Сен тұр, мен атайыңның нақ өзі болды. Шаңы бұрқырап, түте-түте болған Құбажонда Мұхаммедпен ең ақырғы арыздасқаны әлі есінде... «Алдияр, датқа, жауға шабар қылышың мен емес пе ем. Қарайламай қайта бер. Жауынды мен тойтарамын!» — деген. Арғы жағында жерді түтіп жеп жау келе жатқан. Жел ұрған құрақтай болып бұлар тұр. «Не арызың бар, Мұхаммед?!» — деді бұл. «Арыздасып тұратын не бар? Артымда қалған қосағымның қойныңда бес жасар ұлым бар-ды. Олай-бұлай болып кетсем көз қырыңа аларсың». Екі арыс осылай айырылысқан. Содан Мұхаммед қайтып оралған жоқ. Жау да Отырарды шаба алмай, беті қайтып, тоз-тоз болып кейін тайқыды.
Кейін ұрыс жүрген Құбажонға жаушы жіберіп еді. Ердің сүйегін таба алмай қайтып келді.Жіберген жігіттер Мұхаммедтің бос қалған қорамсағын алып сылпылдап кері қайтқан.
Бақса, содан бері талай жылдар өтіпті-ау. Алдыңа адам да, адамның хайуаны да келді. Бәрін бір тізгінде ұстап отыру оңай болды ма? Ақырында айбатынан жауы шошып, досы рухтанатын беделге ие болды. Сол күндер-ай...
Күтушісі келіп: «Алдияр, тақсыр! Шырақшы шал келіп тұр!» — деп күбір етті. Бұл селк етіп, тітіркеніп шегініп кетті. Ернінің ұшымен ғана күбірлеп: «Жібер», — деді. Артынша ауыр қақпа ашылды да кешкі көлеңкемен бірге ілбіп шырақшы шал ішке кірді. Бұғынып, бір уыс болып жермен жорғалап келеді. Келді де датқаның шалғайының етегінен сүйді. Жалпақ басынан теуіп жібергісі кеп бір тұрды. Өзін-өзі ұстап, қолын сілкіп қалды. Анау еңсесін жиып жөнге келіп, тізерлеп отырды.
— Әулие деп әлпештегеніміз сен болсаң, адыра қал! Жұртымның шырқын бұздың!
— Алдияр, тақсыр, мүлде олай емес. Ойлағаным тек сіздің мәртебеңіз, абыройыңыз еді.
— Омай деген...
— Сабыр етіп тыңдаңызшы, Әбунасырдың осында келгеннен бергі ойы арам, пиғылы жат. Оның бар ой-арманы медресе ашып, бала оқыту емес, мүлде...
— Не дейді? Жөндеп айтшы аптықпай.
— Айтсам, Отырарға келген күні ертеңіне Жауһар қыстағына барып қайтты емес пе? Сонда кәрі қолдаймен келіскен көрінеді: «Шаһар жұртын өз аузыма қаратып алам. Сәті түсер күнді күт. Қарауыл мұнараға қара. Мұнарадан жарық жанған түні күллі қолыңды ертіп шаһарға жет. Шырт ұйқыда Күмбез Сарайға шабамыз. Содан датқаның тағын аламыз, оның көзін жоямыз...»
— Не дейді?! Тәңір алғыр! Әбунасыр ондайды ойлайтын бала емес.
— «Әкемді датқа өлтіріпті. Соның құнын алам» дегенің менің бір шәкіртім естіген...
— Иә, жаратқан! Бұл дүние не болып барады?!
— Содан менің мұнарамды тартып алған жоқ па?
— Иә, Перғауын пірім, бір сөзің жалған болса сақалыңнан асам, қақпас. Қолдайды да, Әбунасырды да өзіңе беттестіріп отырып, жауап алам!
— Оу, падишам, жазығым не? Олар өлсе де естіп ек дей ме? Оның үстіне кәрі қолдай алжып, өзінің жалғыз қызын, әне бір жігітше киінген қызын Әбунасырға бергелі жүрген көрінеді...
Датқа сасып абдырап қалды. Жалпақ бас шал айтқан жаман сөздер санасына желімдей жабысып кетпей қойды. Әлсін-әлсін ойына қайдағы бір жаман тірліктер түсе береді. «Таң даулайтын, қан құндайтын жан емес еді. Әкесімен қан шығарып, төс қағысқан дос екенімді естімеген бе, әлде? Қазіргі жанның пиғылын білуде қиындап барады. Бұрынғылардың ішкі сыры көзінде тұрады екен...» Мына датқаның ақысын аңдып тұрған жалпақ бас шал шегіншектеп кетуге айналды.
Ақырында жылыстап шығып кетті.
Қараңғы тартқан Күмбез Сарай ішінде жалғыз датқа қалды. Жарық жағуға келген қызметшіні шам жақтырмай-ақ қайтарып жіберді. Қиналғанда, қапа болғанда қараңғыда, бармағын шайнап жатып ойланатын әдеті еді. Қалы кілемнің, құс жастықтың үстінде арыстай болып ыңырсып жатыр. Өткен-кеткенді, қиын-қыстау заматтарды саралап, салмақтап бір ойлап шықты. Көз алдыңа не қилы жанның бейнесін әкелді. Жанарына үңіліп қарады.
Өстіп жатып таң алдыңда талықсып, титықтап ұйықтап кетті. Түс көрді.
«Алыстан, мұнар арасынан жан досы Мұхаммед көрінді. Сол жайдары, арамдығы жоқ, аңқылдақ қалпы. Қарқылдап күліп кеп қол беріп сәлемдесті. «Қабағың қатыңқы ғой», — деп сұрады. — «Жауың көп болып жүр ме, әлде?» Бұл бар көрген бейнетін, қиналған халін айтқысы келеді. Неге екені белгісіз, айта алмайды. Тек тілі күрмеліп күбірлеп, досының жүзіне жаутаңдап қарай береді. Енді байқады, Мұхаммедтің қара саныңда қадалған айбалта салбырап тұр екен. Бұл барып, ырғап-ырғап жұлып алып лақтырып жіберді. «Ох, ұмытып кетіппін ғой, бұл сонау бір жылдары Құбажондағы ұрыста шабылған балта болды. Өзіңмен ақтық рет тілдескенім ше, сонда болған...» «Кім шапты?» — деп сұрағысы келді. Неге екені белгісіз бұл жолы да тілі күрмеліп ештеме айта алмады. «Менің тұяғым қайда қазір?» - деп сұрады ол. «Әбунасыр ма... қолымда. Өзіңе тартып ер көңілді жігіт болып өскен», деп айтқысы келіп еді. Тағы да сөйлей алмады. Өзінен-өзі қапа болды. Мұхаммед атына мініп кетуге айналған. «Алып кет мені де. Өзіңмен бірге болам», дегісі келді, бірақ тағы да айта алмасын біліп, жаутаңдап қарай береді. Досы: «Хайыр», — деп тұлпарына қамшы басты... Жапанда, меңіреу бұлдыр арасында жалғыз өзі қалып қойды...»
Оянып кеткенде, жылап жатқаның білді. Басын көтеріп маңайына қарады. Жаныңда әйелі жоқ екен. Болмағаны да дұрыс еді. Әйел ер кісінің жылағаның көрмеуге тиіс.
12
Әбунасыр Отырардағы көне зергерлер тұрғызған Күмбез Сарайды әбден зерттеп шықты, оның сәулет құрылысын,салыну жүйесін, сыр нақышын үңіле ұқты. Өзінің туған қаласының тарихын білу, оны шәкірттерге айту қашанда қызықтыратын, көп толғандыратын. Бір күні кешкілік ойға түйген зерттеуін қағазға түсіруге отырды: «...Қыпшақ зергерлерінің үй салу жүйесі шығыс, соның ішінде араб әдісіне ұқсас. Солардан мол тәжірибе жинақтаған Бұл, әрине, соқыр еліктеу емес, дамыту, жетілдіре түсу еді. Мысалға, қыпшақтар орталық күмбезді көбіне маңдайшаға симметрия етіп өреді, оның өзінде қабырғалардан қашықтығы тепе-тең жатады. Сонда бұл бейне қарбыздың қос тілігін шығар қақпа етіп, қалған бөлегін қабырға, жақтау, қалпақ, күмбезге құрады.
Қышты көбіне жергілікті саздан жасайды: үлкен ор қазып, соған саз төгеді, су мен жылқы сүтін араластырып бетіне бүркеді!, жарылмайтын болу үшін ешкінің қылын қосады, сонан соң үйір-үйір жылқыны әлгі кең орға сап айдайды кеп. Шиыр тұяқ шымыр балшық жасайды. Онан шыққан қол басындай қыштарды сексеуіл шоғына күйдіреді. Ұзақ күн астына қойып кептіреді. Осылайша, мәңгіге мұрты кетілмес қызыл күрең қыш дүниеге келеді.
Оны өру өз алдыңа бір ғылым.
Сонан соң сыр жағады. Бұл сырлардың құпиясы оның түсін бермес жылтыр, өмірі өшпес беріктігінде. Бір ғажабы сыр құпиясын зергерлер сертке балайды. Оны ешкімге айтуға, үйретуге болмайды. Ол сыр құпиясы тек тұқым қуалап, өте жасырын түрде ұрпақтан-ұрпаққа көшеді. Жас зергерге әкесі дүние салар сәтінде серт етіп айтып кетеді. Енді жас зергер оны үйренеді, құрылысқа қолданады, жаңартады. Әбден қартайып, көз жұмар кезде ол да өз ісін әріге жалғастырар баласына ғана айтып кетеді. Осылайша, бояу сыры өзге жанға өмір бойы құпия болып қала бермек. Кереметі, бұл құпияны еш зергер қағазға түсірмейді, серт секілді көкейде, көкіректе ғана ұстайды.
...Күндер өтер, не қилы заман болар. Әлгі зергерлердің тұқымы қырқылып қалуы ғажап емес. Не бояғаны. Хатқа түспеген бұл қасиетті құпия көкірекпен бірге жер қойныңа мәңгіге көмілмек пе? Сонда қалай?.. Келер ұрпаққа мұра етіп қалдырарымыз құпия сыр ғана ма!»
Осы ой жаның жеген Әбунасыр аз да болса бұл өшпес, өлмес бояу құпиясын шертпек болды, зергерлерден сыр тартып ұққаның, қорытқаның жазбақ боп бекінді. Бұл, әрине, қауіпті де қастерлі ниет еді.
Қасына шәкірт Ясыны алды. Күмбез Сарайға беттеді. Соның бір қырық қатпар қыртысында тұратын көне зергер бар деп еститін. Ол байғұстың артыңда қалып ісін жалғар баласы жоқ көрінеді. Бар білетін мағлұматы осы... қалғаның бара көрмек.
Күмбез Сарайдың сауыт-сайманға оранып, ыстық күн астыңда пысынап, терлеп қашан да қарсы алдынан шыға келетін күзетшісіне жолыққысы келмеп еді. Бірақ ойындағысы болмады, қарсы алдынан шойын қара жігіт көрінді, соңында соның күрзі-мүрзісін көтерген таусоғар баласы бар. Әлгі қарсы алдыңа кеп міз бақпай қатып тұра қалды.
— Жарқыным, датқамен жүздесер, мәслихаттасар жай бар, жібере көр, — деді Әбунасыр.
Анада үн жоқ, әлі қасқиып қатып тұр. Самайына кеп қонған үлкен сонаны да елер емес.
— Жарқыным, датқа жоқ болса, оның бәйбішесі бар емес пе, — деді Әбунасыр айла іздеп.
Анау әлі тайсалар емес. Безерген жүзіне титтей де болса белгі түспеді. Нағыздың өзі білем. «Тілін кесіп тастаған кәззәп болмасын».
— Жарқыным, біз датқа бәйбішесінің туысы боламыз. Аспараның жұртынан едік. Мен ағасы, мынау жаман інісі.
Әдейі айтты; осы сарайдың бар қызығы, сылқым сұлу келіншекті сол қамалдан әкелгенің естігені бар. Қас қылғанда есімі есінен тарс шығып кетіпті құрғырдың.
— Жарқыным, бауырымыз да жоқ болса — сарайға жібер. Күте тұралық. Күн астыңда шыжып өлеміз бе?
Әлгі қара дәу енді ғана орнынан қозғалды, ығысып берді, өзі де нағыз сабаз екен, мыңқ етіп тіл қатпады-ау.
Былай шыға Әбунасыр Ясыға қулана қарап, мән-жайды баян етті.
— Сен білемісің... Сарай күзетшілері құпия кілтті пайдаланады. Ол кілттің аты — ой жұмбағы. Әлгіде мен әуелі датқаны сұрадым, күзетші үндемеді, онысы жолығар кісіңіз жоқ дегені. Бәйбішесін сұрадым, онда да солай болды. Көлеңкеде күте тұралық дегенде барып жол берді... келіскені. Жартылай болса да жұмбақты шешкеніміз. Ал, өтірік сылтауымыз өрге баспай, айдалаға лағып кетсек, өлсек те жібермес еді. Бұл шығыс күзетшілерінің ежелгі салты, құпиясы. Көрерің көп, түсініп қой.
Сарайдың сырт қақпасынан өтіп алаңқайға шықты. Алаңқайдың айналасы хауыз, тал өскен, салқын-сая. Осының бір бұрышында жүз жасаған зергер тұрады-мыс дейтін. Қызметші күңнен сұрап еді... ол есіне түсіре алмай ұзақ ойланды. Ақырында: «Қандай еді шалыңыз?» — деді. Бұлар бұрын көрмеген. «Өткен жылы, қара күзде, әлі есімде, бір қаусаған кәрі шалды рабадаға апарып тастаған. Сол болмасын...» Әбунасырдың іші уілдеп жүре берді, аяныш па, ыза ма, әлде бір ащы сезім өзегін жарып өтті. Түр-түсі бұзылып, сенделіп, шығар қақпадан адасып қалды. Қолтығынан сүйеген Ясы ұстазының ауыр жан қиналысынан әлдебір жаманшылықты сезді... Мүмкін ол емес шығар... рабада дегені не пәле тағы?!
Рабад қала сыртыңда датқаның жазда серуен құрып, аң аулап айлап жатыр мекені. Аңырайған үлкен қонақ бөлмелер, жазда ығы-жығы боп, қыста қаңырап қалады, жан тұрмайды. Әбунасырдың қаупі басқа еді. Өмірінің барлығын, жігерінің ең жалындаған шағын осынау Күмбез Сарайға бағыштаған бейкүнә жан қуаты тайған шағында баспанасыз, жападан-жалғыз қалғаны ма? Қолы шебер, көкірегі алтын жанның халі нешік, көзінің майы, қолының бедері, ойының жемісі қалған қисапсыз кең Сарайдан бір бұрыш табылмағаны ма?.. Рабадаға жеткенше жаның жеген ой осы болды.
Расында, зергер шалды осында әкеліп тастаған боп шықты. Әбунасыр мен Ясы жүгіре басып жеткенде... көргені... қараңғы қуыс, қой терісінің үстінде ақтық демін тауысып алмайын дегендей азғантайлап қана жұтып жатқан кәрі шалды көрді. Басында жалпақ бас шырақшы шал отыр. Кең дүниеде тар қуысты серік қып қараңғы жылусыз өмір өткізген зергер шалға азаланса, басында жапалақ құсап қонжиып отырған шырақшыға қатты назаланды. Атағы дүйім жұртқа жайылған әйгілі зергерді соңғы сәтте болса да дүниеқоңыздарға қор еткісі келмеді. Тыныш аттандырғысы келді.
Ясыны қалаға қайта жүгіртті: «Сусын, мейіз, жылы киім әкел», — деп жіберді. Зергердің басын көтеріп, қарақұсының астына сәлдесін жастады. Аяқ жағындағы әлдебір қоқыстарды ысырып жіберді. Үстіне жадағай шапаның жапты. Кәрі зергердің бойы жылып, есі түзеле бастады, тамағы бүлкілдеп көзін ашты. Әжім көмкерген көне жанар бір сәт бетіне төніп отырған Әбунасырға қадалып тұрды. Жүзінен «кімсің?» деген сауалды оқыды.
— Ата, мен осы Отырардікімін, ныспым — Әбунасыр, кешегі қолдай Мұхаммедтің тұяғы боламын.
Қарт жүзіне аздап жылу енді. Бірақ әлі шешіліп жадырап кеткен жоқ, жанарында өлі сауал жұрнағы тұр.
— Ата, таныдыңыз ба?Мұхаммедтің тұяғымын.Өзім жақында Бағдаттан оқып келдім. Қазір шәкірт ұстап жатырмын.
Қарт көмейі жыбырлап, тірлік белгі білдіре бастады.
— Таныдым, таныдым, балам. Тұлпар тұяғына ұқсайды емес пе, Мұхаммедтің тап өзі ме деп қалғаным, жазған.
Көзін жұмып аз-маз жатты да қайта ашты. Шарасында жасқа ұқсас бір мөлдірлік пайда болды.
— Балам, зергер атаң көп қиналды. Із қалдырам деп тірлікте бір қиналсам, о дүниеге аттанар шақта екі қиналдым.
Жанары «саған айтар ақтық сырым бар» дегендей болды.
— Арманым, өз ісімді әрі жалғастырар шәкірт табу еді, таба алмадым: қолда қайрат, бойда қуат бар кезде сарай салудан өзгені ойламаппын. Енді міне көкірегім көрге айналып арманда кетіп барамын...
Осы кезде зергер жанары мына жақта қарайып отырған шырақшы шалға түсті, қатты тіксінгендей болып, айтар сөзін ұмытып жатты да қалды. Өліктей боп сұрланды. Әбунасыр жалпақ бас шалға жаман көзімен қарап, иегімен есікті нұсқады. Ол да тықыр таянғаның сезді білем, қипыжықтап қозғалып көтеріле берді. Шапанының астынан әлдебір қара түйіншек, сосын сала құлаш тәспісін көтеріп алды. Етегін қолына ұстап сытылып шыға жөнелді.
Тастай қатып жатқан шалға қайта тіл бітті.
— Әлгінде келіп мені жаман қинады. Бүкіл қаңтар бойы, күллі жазғытұры естіп қинаумен келеді. Не пәлемен қорқыта ма-ау, алтын бермек болды ма-ау. Қайтем қорқынышын, алтының қайтемін. О дүниеге арқалап кетпеймін. Тыныш жатып өлуге пұрсат бермеді, пендешілік деген.
Демігіп шаршап қалды. Бірақ жаны жай тауып бой жасап жатыр.
— Аз қалған ғұмырым таңдайыма татып, қасиетсіз жандарға бар құпияны актарсам, не болғаны? Онан да тыныш елейін. Осы көрген рақатым да жетер әлгілерден.
Тағы да тұттығып кідіре берді. Жүзіне аздап қызғылт рең жүгіргендей болды ма.
— Саған айтайын, балам.
Тағы кідірді. Деміге бастады...
— Сертті бұздым, мәңгі кетпес, көшпес бояу сырын қағазға түсірген ем...
Әбунасырдың құлағы шуылдап, көзі жасаурап, жағдайсыз күйге түскен.
— Ол қағазды борсық терісіне орап, қыш құмыраға сап, сыртынан су, сыз етпейтін етіп сыр жақтым.
Тыстан әлдекімнің асыға басқан аяқ тасыры естілді.
— Ол Күмбез Сарайдан зынданға түсірер қуыс құбырда...
Есік ашылып ішке қауға, шелегі қолында, үстінде бір үйлі жанға жетерлік киім-кешек, тағы да салпыншақ, ұзынша бірдемелері бар Ясы кіріп келді. Артынып-тартынып жеткені осы еді. Келе әуелі қыш құмыра ұсынды, ішінде Отырар шыңырауының мұздай салқын суы, тамаққа бал боп сіңер сусыны бар.
Осы кезде кәрі зергер — көкірегі шер, өмір бақи көргені бейнет... үзіліп кете барды. Әбунасырдың созған қолынан мөлдір су тамшысы тырсылдап тамып тұрды...
Қайғы, қатты қапа Әбунасырдың қабырғасын қайыстырып жіберді, қалаға қайтып келгенде де өзінің күнделікті тіршілік қаракетіне кіріскенде де бұл оқиға жадынан шықпады. Үлкен жанның өшпес еңбегі, ашып қалдырып кеткен құпиясы, күмбез Сарайдағы өзіне беймәлім құбыр... тоғыз басқыш... Күллісі ойын бөліп қинап бітті. Бұрынғысынан бетер күйгелек күйге түскен. Ендігі ойы қайтсе де сол құпия қағаз тығылған қыш құмыраны қолға түсіру... қалай, қайтіп, әзірге белгісіз, амалы құрып ойы таусылады.
Әбунасыр бүгінгі сабағын соншалықты құныға, қызыға өткізді.
Тіпті шәкірттерін түскі демалысқа жібергенде де өзі медіреседе отырды. Келесі — әуен сабағына әзірленіп қалды. Айтар сөзін саралап, салмақтап ойланды. Қимас сәттерімен қоштасар шақтай, жаутаңдап кітабына қарай береді. Тап осы жерде жазғалы жүрген «Әуен құдіреті» деп аталатын кітабының алғашқы тараулары туды. Шәкірттері жиналып жағалай жайғасып отырған соң да әлгі ойының әсерінде болатын.
Шәкірті Қорқытқа қобыз беріп күй тартуын өтінді. Қорқыт өзінің ең сүйікті «Жап та қымта» деп аталатын күйін орындады. Күй әсерін бұзбастан Әбунасыр шәкірттерге енді әуен табиғаты жайлы әңгіме шертті. Осы күйдегі жоғары-төмен, жуан-жіңішке дыбыстарды екшеді, әр кезде өзі де қобызда ойнап көрсетті. Ең соңында ішек пен перненің кызметіне тоқталды. Оның дыбысты ұстап, елеп, бағыштап тұратын сырларын баяндады. Ұзақ толғап түсіндірді.
Елігіп, маңындағы дүниені ұмытып, біраз әңгімеледі. Кейбіреудің көзіне қиял тола бастаған. Өзге дүниеден бөлініп, осы бір жанның аузынан шыққан кереметтей кеңесті әңгімені жалықпай тыңдауға бар. Күннің қызыл сәулесі үй ішіне толып кеткенде барып Әбунасыр сөзін доғарды, сабағын аяқтады...енді шәкірттері қимай тарасып барады. Бәрі де сол әсерлі әуеннің жетегінде кетті. Ең соңында орнынан тұрып, желең жадағайын жамылып жүре беріп еді ту сыртынан біреудің тықыры естілді. Бұрылған жоқ. «Бұл кім?» — деп сұрады.
Тіреуге жабысып, жасырынып тұрған бала Ясы екен. Сұсты жүзі түнеріп күреңітіп кеткендей. Кібіртіктеп келіп ғұламаның қарсы алдыңа шықты. «Сен мұнда не істеп жүрсің?» «Сізге айтар әңгімем бар.» «Тағы немене, жер асты жолдарын жайы ма?» «Жоқ ә, бүгін түскі тамақты Пышақшы гүртханасынан ішіп едім. Сонда әлгі шырақшы шалды көрдім...» «Иә, көргенде не тұр?» «Әлдекіммен күбірлесіп сөйлесіп отыр екен. Датқа бүгін сізді өлтіртпекші болыпты.Әлгілер у жылан салған қобдишасын көрсетті. Соны нұсқап бір-біріне әлденені нығыздап тапсырып жатты. Тек естігенім — бүгін түнде ай қараңғы болады десті».
Иә, бүгін түн қараңғы болмақ. Толып туар ай енді дүйсенбіден кейін туады. Жауһарман кездесер күн де жақындап қалған екен. Жаңа ай толып туғанда Құбажонда кездеспек еді ғой.
Алғашында Әбунасырдың ойына ештеме кіріп-шықпаған да еді. Шәкірт бала қорықпасын деді ме, әлде келе жатқан қатерді ойлағысы келмеді ме, әйтеуір үнсіз тұрып баланы басынан сипап шығарып салды. Ту сыртынан төніп келе жатқан қап-қара түнді сезді. Есіне енді түскендей болып... көз алдыңа қобдиша елестеп, денесі тітіркеніп кетті. Жүзі бір сұрланып, бір қызарды, үлкен тана көздерінде мағынасыздық, сосын ыза, сосын тағы да мағынасыздық кезек ойнап тұр.
Қайтпек керек? Күресіп көрер қауқары бар ма? Түсінген жұрты мұны қолдар еді. Түсінбегені қаншама. Ел жағасы датқаның істеп отырғаны мынау, шәкірттерімді шулатып қай қазының алдынан әділет табам. Қолтығымнан сүйеп, ақылын қосар кімім бар?..
Қатты торығып, күйзеліп едәуір тұрып қалды.
Анасының қабіріне барып аят оқып қайтпақ болды. Шаһардың күнбатыс бетінде Құйрықтөбеге қойылған еді... Шаһарды аралап өтіп сол маңға келді. Мұнда қым-қиғаш қойылған мың сан қабір жатыр.
Шеткеріректегі төмпешік — сол анасы. Топырағы торқа болып бетіне шөп өсіп кетіпті. Үстіне шыққан алаботаны жұлып тастады. Тізерлеп отырып топырағын қолмен үйіп күйбеңдеп көп жүрді. Алыстан Пышақшы ұсталары шың-шың еткізіп балға ұрып жатыр. Әлдекімнің дабырласып сөйлескен даусы келеді.
Есіне еміс-еміс бұлдырап сол жастық шағы, сол бір қимас күндері келді.
Иә, әке қадірін, әке қасиетін білмей өсті. Ол кісі жайлы әйтеуір көз көрген қариялардан естіп қанықты. Бір кетсе морт сынатын бірбеткей жан, ер көңілді жігіт болды деседі, айтқаның орындамай тынбайтын, сері мінез. «Ту, пәленшелер ме, Мұхаммедтің қасында бұларын қатын секілді. Пыш-пыштап сөз тасиды. Екінің бірін шағыстырып және тынбайды, ең жаманы қазіргілер қорыққаның ғана сыйлайды. Жігіт деп тап мына Әбунасырдың әкесін айт. Сабаз-ай, нардың жүгін артсаң да мыңқ етпейтін. Ақ алмастың жүзіндей намысын айтсаңшы. Намыс қой, ерді көгертетін де, көр ететін де. Намысы аздар жүр емес пе, қазір де шуылдап, не сөзінің қадірі жоқ, не өзінің қадірі жоқ...»
Көз көрген қарияларды тыңдай берсе нелер қилы хикаялар шертеді емес пе? Елдің елдігін, ердің ерлігін айтып төбе құйқаңды шымырлатады кеп. Зар заманғы ғұрыптарды жыр етеді. Осы әңгімелердің бәрін кішкентай Әбунасыр жасынан тыңдап өсті.
Ұйқыдан тұра салып күнде шалдар жиналып әңгіме шертетін кеше жиегіндегі күн шуаққа жүгіретін. Артынан анасы айқайлайды: «Әбужан, базарға барып сексеуіл сатып әкелсеңші?» — дегеніңе де қарар емес. «Әй, сол немені кешкісін-ақ әкелермін». Жүгіріп діттеген өзінің күн шуағына жетеді. Бұл өзі бір мұнара соғамыз деп тастап кеткен үлкен нар төбешік. Әлі-ақ күн жылытып, самал желпіп үстін жадыратып жібереді. Әлі шалдар келе қоймапты. Анадай жерде маужырап ұйықтап отырған ала көз күшікті тұрғызып жіберіп соның орныңа жайғасады. Жып-жылы екен. Малдасын құрып, шалдарды күтіп отырған еді. Тұсынан шуылдап бір топ бала өтті.
«Әй, Әбунасыр, жас басыңмен шалдарды тыңдап алжиын деп жүрмісің? Одан да бізге ер. Базарға барып қауын ұрлайық!»— деседі. Бұл үндемейді. Тағы біреуі килікті. «Кеше, көкем айтқан: шалдарға жолама деп, олардың айтқаны кіл өтірік, сөзін тыңдасаң қияли ғып жібереді. Тыңдамасаң — негізі жаман деп жұртқа жаяды». «Мынаның білгені не сонда, ең болмаса дұрыстап асықта ойнай алмайды». «Қой, жүріңдер, сөз ұғатын түрі жоқ мұның, келмеске кеткен бала болды бұл». Дүр етіп жосып жөнеледі. Шуылдап жүгіріп бара жатқан құрбыларының соңынан Әбунасыр үнсіз қарап қадады.
Не десін. Жастығы қор болып бара жатқаны шамалы. Дедек қағып көше кезгенде не қызық тұр дейсің. Онан да ана келе жатқан ұзын мойын шалды тыңдап көр. Қилы-қилы елдер, күні аптап сахара, сол сахарада үдеріп көшкен бәдәуилер, олардың ыңылдап айтатын зарлы әні... бәрі-бәрі көз алдыңа елестеп, қиялын қозғап, еліктіріп әкетеді. Өз әкесінің жорықтары жайлы да шалдар не қилы тарихты қозғап отырады.
Кешкісін барып қарны ашып, көзі аларып әлсіреп үйіне келеді. Күні бойғы уақыты шалдардың әңгімесін тыңдауға кеткен. Анасы мұның көйлегін жамап отырады. Қабағында кейіс білінбейді, «Тентегім-ай осыншама кешіккенің не? Қайда қаңғисың осы? Тағы шалдарға бардың ба? Баламысың деген. Оларға не, ермек керек. Ораза ұстап, ауыз бекітіп жүрген шалдар ғой. Ауыз ашарға дейін уақытын әңгімемен өткізбек те. Сен соған елігіп, ораза ұстағандай кілмиіп кетіпсің. Мә, мынаны іше ғой...» Қайран анасы... жанындағы барша ізгілік сол анасынікі емес пе? Мейірбандық, жан ашырлық, ұялу, шыдау, бәрі-бәрі сол анасының мінезі.
Көзін жұмса болды — қара киінген ақшыл жүзді, жып-жылы құшақты, жұп-жұмсақ алақанды қайран анасы елестейді. Үні де жібектей майда еді. Содан ба, ол жүрген жердің бәрі ықылас пен ырзалыққа кенеліп кететін. Маңайдың бәрі жадырап, жылып жүре беретін.
Ару ана науқас еді. Көзге көрініп, көңілге сезілген ештемесі жоқ. Әйтеуір іштей күйректеніп, күйіп өшіп барады, науқасты көре келген тәуіп шал ұзақ отырған... Тамырын ұстап көрді. Әлден уақытта басын көтеріп, көзі құлазып, үй ішін бір шолып, тіреуге сүйеніп тұрған кішкентай Әбунасырға тоқталды. Енді байқады, әлгі тәуіптің көзінде ештеме жоқ, бос кеңістік қана. Әбунасырдың бойы тітіркеніп кеткендей болды. Күтуші әйел де жаманшылық шақырып анасының аяғында сыңсып отырған. Тәуіп енді кідірген жоқ. Орнынан тұрып: «Мал болудан қалған», — деп, тық-тық жөтелді де кебісін киіп сыртқа беттеді. Тастай болып қатып тұрған Әбунасыр осы сәтте барып есін жиды білем. Жүгіріп барып тал қармағандай тәуіп шалдың шалғайына жармасты. «Ататай, апам өлмесінші-і-і!» — деп еңіреп жіберді. Шал да сасып қалды. «Мұнысы несі, мына күшіктің? Жалған айтып күнәһар болар жайым жоқ». «Емін неге айтпайсыз?!» «Күшік-ай, оқжыланның сорпасы... сол бір қайрат қылмаса... қайдам...»
Оқ жыланды әкелуге кетті. Әбунасыр қапаланып, қаныңа қарайып, осы жолда қайтсе де жыланды тауып қайтпақ. Шалдардан естігені бар. Он жыланның ордасы болады, одан жалғыз-жарым кісі ештеме ала алмайды. Талай кісі мерт болған. Тек таң алдыңда ұйықтап жатқан шағында, сыбдырсыз барып шетінен біреуін алып қашу керек. Сезіп қалса қапы кеткенің... бәрі жадыңда.
Жауһар қыстағының төменгі жағында, Молалы тоғайында оқ жыланның ордасы бар деп еститін. Күні бойы, тағы да түні бойы жүріп әзер жетті. Атынан түсіп жаяулатып жүріп жақындап келді. Әлгі төбенің маңайы қап-қара, түте-түте, әуелгіде төбе басында тұман тұр ма деп ойлап еді, құжынаған жылан болып шықты. Қыбыр-қыбыр жылжыған орасан көп. Енді бірде бергі беткейден аппақ шаң көтерілді. Бұл бір үйір жыландардың етектегі суға түсіп келе жатқаны. Бір тасаға отырып кідіре тұрғаны жөн. Тас түбіне енді жайғаса беріп еді, бірдеме тап жанынан ысылдағандай болды. Дәл оң бүйірінен ақбас жылан жылжып келеді екен... денесі мүздап бір шетке ыршып шықты. Аяғы тиген жерде тағы ақ бас біреуі кезікті...
Байқамай жүріп жайылып жатқан ордалы жылан үйіріне килігіп қалғаның енді сезді.
Қаршадай Әбунасыр ту сонау Сыр бойына, жыландар ордасына барып, айласын асырып, ажалға басын тігіп жүріп, мақұлықтардың арасынан әзер деп біреуін ұстап әкелгенде... өз үйінің алдынан аң таяққа сүйенген қаралы жандар қарсы алды...
Бойын жазып, әлгі ойдан серпілгендей болып, көтеріліп кетті. Анасының қабірімен соңғы рет қоштасқандай болып қарады. Енді манаты келген соқпағына қайта түсті. Жүріп отырып Отырардың орталық көшелеріне де жетті.
Шаһар күнделікті күйбелең өмірде екен. Ұсталар төмпештеп балға соғып жатыр. Қыш қалаушы зергерлер ғұламаны көріп жапырласып сәлемдесіп қалды. Қолтықтарына жоқтан өзгені қыстырған делдалдар тұсынан жосып өтеді. Күні бойы базар басында арам тер болып тапқаны осы. Жан бағу кәсібі де. Тасырлатып бірер сарбаз шауып барады. Өзі де, түйесі де мәң болып сексеуіл артып отыншы келеді. Бала көтерген бір әйел алдынан өтпей именіп тұр.
13
Әбунасыр өз сарайына келгенде күн де батып, қас қараюға айналған. Күмбірлеген кең сарай кісінің аяқ дыбысынан дамылсыз жаңғырады. Белбеуінде қыстырулы кітабын әкеліп үлкен әбдіреге салды. Арғы қуыстан сызылып, созылған қобыз үні келеді. Бұл — бала Қорқыт еді. Мекені болмағандықтан қасына алған. Күнде кешке тап осылай күңірентіп күй тартып отырғаны. Жаныңа келіп еді, құлағы батар күнмен тіпті үлкейіп, қалқиып кетіпті. Иығынан ұстағанда барып селт етіп басын кетерді, ұстазына үрейлі көзбен қарады. Бұрын ғұлама күй бітпей тұрып бұлай бұзбаушы еді ғой.
— Қарағым, Қорқыт! Атымды ерттеші... Жоқ, ол ерді емес, әкемнің ерін салғайсың. Сонан соң шаптауын тартпай-ақ қой...
Қорқыт: «Жарықтықтың мұнысы несі?» деп қалды Шаптаусыз атпен шаһарда қалай жүрмек. Алыс жолға шықса ғана тұлпарға шаптау салмайды емес пе? Ол аттың бауырын жаздырмай қажап тастайды онда». Өстіп жүріп, аулада тықыршып тұрған атқа да ер салды. Қолдау тартпаны бекітіп қаңтарып тастап сарайға қайта кірді.
Өз көзіне өзі сенбегендей болып алақтап тұрып қалды.
Үй ішіне шырақ жағылған. Тер алдыңда жол киімді түнеріңкі ұстазы отыр. Ыммен жаныңа шақырып алды. Арқасынан қағып еркелетіп бірауық отырды. Сосын тілге келді.
— Қарағым, Қорқыт! Мен жүргелі тұрмын. Бағдарым — Бағдат. Онан арғысын, дәм бұйырса, көре жатармын. Сендерді, елімді, туған жерімді тастап кетем деген ойымда жоқ-ты... бірақ басыма қатер төнгелі тұр. Ол қатер қараңғылық. Одан өзгені кінәлай алмаймын. Егілгені несі... қарағым, бала болдың ба, жетер, доғар! Есінде сақтап алшы... мен кетермін, ұстаздарың жалпақ бас шырақшы шал болар. Не айтса да енерді қадірле, қобызыңды тастама. Шәкірттерге айт, білімге құштарлығын жоймасын. Бір-бір өнердің басын ұстап өссін. Екінші айтарым — бала Ясының көптен ойлап жүрген жер асты жолын салу сызығы дұрыс. Ер жетсін, есейсін ел басына келсе сол арманың орындар. Тек жер асты жолы Арыс өзенінің астынан өткенде екі жақтауды Қаратаудың тасымен өрсін. Өйткені өзеннің асты құмшауыт. Төбесіне сыр жидесін салсын. Қалғаның өзі білер. Талабы зор еді, қолынан қыш өргізіп зергер болғаның көре алмай барамын.
...Енді осы үйге өзің қожалық ет. Мына қағаз соның кепілдігі. Күндердің күніңде қол сұғушы табылатын болса, қағазды көрсетерсің, жөніңді айтарсың.
... Ең соңғы дерім, ішімде беріш бол ып қатқан сырым еді: нақ сүйерімді тапқан да едім! Құша алмай кетіп барамын. Жаңа ай толып туғанда Құбажонға жеткейсің. Сонда ер жігітше киінген өрім қыз келеді. Аты — Жауһар. Соған соңғы арызымды айт. Арманда кетті дегейсің. Қапаланбасын, қайрат жисын...
Енді Әбунасыр орнынан тұрып, белін буып жүруге беттеді. Қорқыт бала әлі еңіреп соңынан ілесіп келеді. Жан дүниесімен өксіп, солқ-солқ етіп ештеме айта алатын емес. Тыңдай береді... «Қызылқұмды көктеп «Жау жолы» арқылы Мысырдан керуен келсе алдынан шық. Сол керуенмен көп қылып кітаптар жіберемін...»
Тыпыршып тұрған атына мінді. Еңкейіп Қорқыттың маңдайынан сүйді. Осы сәтте ол бар күшін жинап алып ақтық сөзін айтты. Қорқыт бала булығып айтты.
— Аға, мәңгіге кеткеніңіз бе?! Қашан оралмақсыз?!
Әбунасыр ат басын тартып тұрып тіл қатты.
— Мекенім жат қой, ат басын қашан бұрарымды тағдыр біледі. Әйтеуір күндердің күніңде қайтып бір ораларым хақ!
«Шу» деп тұлпарын тебініп қап жөнеле берді. Әуелі көшелермен жүріп отырып, Отырардың үлкен қақпасына жетті. Мұнда шұрқырасып сәлемдескен сарбаздарға да аялдамай сырғытып өте шықты.
Қыпшақтың кең даласы салт атты кісіні құшағына алып, лезде қараңғыға сіңіріп жоқ етіп жіберді. Кең жазира өзі деп соққан үлкен жүректен айрылды. Енді шерменде болып сарғайып, келер жолын күтіп қала берді, жата береді.
14
«Хга, эйе! Пірлер бізді жебеген!»
Кешегі жорықтан қайтқан Саиф қолдайдың қолы сахара бетімен әлі жылжып келе жатқан. Хан мекені Халабаға дейін әлі бірқыдыру жол бар.
Әбунасырдың есі тағы бұлдыр тартқандай болды. Ойлап к еле жатқаның ұмытты. Шежіредей ұзақ ғұмырын көз алдынан бір-бір өткізіп шығуға шамасы жетпеді. Ішіндегі ең жүрекке ыстық жерлерін ғана ойлап өтті. Өстіп, ғұлама ойы орта жолда үзіліп қалды. Үлкен өмірдің қисапсыз күресі айтылмай қалды. Қарттың халі төмендеп кеткенің сезген Саиф енді қолды кідіруге бұйырды. Қос нар қайраңдап кеп, маңқ етіп шөкті.
Қарт ғұламаның бетіне үңіліп тұрып, торсықтан аузына су тамызды. Басын көтеріп, жауырынының астына өз сәлдесін қойып жайластырды. Бірде қарт көзін ашты. Көмекейі жыбырлап әлденені айтқандай болды. Бірақ үні естілген жоқ. Үңіліп тұрған Саиф ештеме ұға алмады. Қарттың жүзіне, шоғы жылтырап өшіп бара жатқан жанарына үңілді. Дертін ұққысы келді. Әбунасырдың тағы да қинала бастаған түрін көріп шыдай алмай, сырт айналып кетті.
«Осы жан жүрегіне неліктен ыстық, өзіне де беймәлім. Ең болмаса, екі туып бір қалғаны, не қанаттасы, не Халифа тұқымынан да емес, Шаштан ба, Шамнан ба, әйтеуір шеттен келген ғұлама бір. Иә, қалай кездескені... қалай танысқаны әлі есінде... осыдан аттай он жыл бұрын Әбунасырдың күншығыстан келген беті екен. Жер дүние дүңк-дүңк етеді. «Ақылы дана, көреген келіпті-міс»,—деп шулап барады. Талай жерде, араб елінің көзі ашық әйгілі ғұламаларымен айтысып қалып, оларды әп-сәтте жүндеп бетін қайтарып, жеңіп шыққан. Жазған кітаптары да қыруар көрінеді. Міне осындай атақты бір айтысқа Саифтың өзі де қатысқан, сонда осы «күншығыс ғұламасы» жұртты аузына қаратып, тағы да басқадан Темірқазық жұлдызындай бөлініп, оқшау шықты. Ғаламға белгілі білімнің бәрін саралап айтты. Сол жерде осы қартпен танысқан еді... ақыры бұның қолында тұрып қалған.
Алғашында ол қолдайдың ата-тегін қуалап, тәптіштеп, ежіктеп сұрап жүрді. Бірақ сыр ашып ештеме деген емес. Енді міне, дәл сол жұмбақ күйі кетіп барады.
15
Жалт бұрылып, шөгіп жатқан қос нарға қайта жетіп келді. Есіне еміс-еміс бірдеме түскендей болды ма-ау. Саифтың ойын жаншып, есін шығарып еңсеріп барады. Бұл бір удай ащы ой болды. Қайдағы бір құм дауылы... туған өлке... жат жандар... тағы да кұм дауылы... «Бұл не болды?» деп есіне түсіргісі келді.
Саифтың санасында сансыз қасқыр ұлып тұрғандай еді.
Әбунасыр қатты талықсып кеткен. Өстіп жатып, кең дүниеге дүлей болып келген ұзақ ғұмыры, өзінің сүйікті Отырары, бәрі-бәрі тарс есінен шығып кетті.
Ибн Мұхаммед әл Тархани Әбунасыр әл-Фараби 950 жылы, ескіше ит жұлдызында жапанда, жорықтан қайтқан бетінде, Халабаға жетпей орта жолда үзілді.
1965 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter